Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
пародонт аурулары.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
351.23 Кб
Скачать

Гингивотомиялау әдісі.

Бұл әдіс біржақты және тар пародонталдық қалталар және пародонталдық абсцестер кезінде қолданылады. Ол үшін қызылиек жиегінен 2-3 мм шегіне отырып, қалтаны тік немесе көлденең тілік жасай отырып ашады және осы тілік арқылы өтіп, қызылиек асты шөгінділерді, грануляциялық тінді, өскен эпителийді қырып тазалайды. Жарақат ошағын антисептиктермен жуып тілікті тігіспен жабады. Кейде тілікті қызылиек жиегінен бастап қалта түбіне дейін жасауға болады. Бір қабылдауда 1-3 тістер аймағындағы ғана қалталарды тазалауға болады.

Гингивэктомиялау әдісі пародонталдық және «жалған» пародонталдық қалталарды жойып, ауыз гигиенасын жақсарту үшін қызылиектің бөлігін кесіп алып тастауды қарастырады. Бұл әдіс қызылиектің өсе қабынуы, қызылиек фиброматозы, қызылиектің ұлғаюымен қатар пайда болған пародонталдық қалталар кезінде қолданылады.

Гингивэктомиялау (қызылиекті кесіп алып тастау) әдісі екі түрге бөлінеді: жартылай гингивэктомиялау (частичная гингивэктомия) және толық гингивэктомиялау (тотальная гингивэктомия).

Жартылай немесе қарапайым гингивэктомиялау әдісі көбінесе қызылиектің өсе қабынуы кезінде және пародонталдық қалталарды толық жою мүмкіндігі болмаған кезде, тек олардың тереңдігін азайту үшін қолданылады.

Операцияны орындау тәсілі. Пародонт тіндерін уақытша жансыздандырып алғаннан кейін, қызылиектің жиек бөлігінен қалтаның 3 мм тереңдігіне дейін кесіп алады да оның қалған бөлігінде кюретаждау әдісін жүргізіп, жара бетін антисептиктер ертіндісімен өңдеп, бетіне емдік таңба қояды. Бұл әдіс көбінесе кіші және үлкен азу тістер аймағында қолданылады, ал алдыңғы тістер аймағында сирек қолданылады (тістердің түбірі ашылып, косметикалық ыңғайсыздық туындататын болғандықтан). Толық немесе радикалды гингивэктомиялау әдісі соңғы кезде қолданыс таба қойған жоқ.

Жабық кюретаждау әдісі тереңдігі 3,5-4,0 мм пародонталдық қалталарда жүргізіледі. Оның негізгі мақсаты – пародонталдық қалтаны жою. Ол үшін қызылиек асты тіс тасын, грануляциялық тінді және қалтаның қызылиек жақ қабырғасының бетін қуалай өскен эпителийді алып тастап сорылуға ұшыраған цемент бетін тазалау керек. Осының нәтижесінде аққан қан ұйып, ірі талшықты тыртық тінге айналады, қалтаны жиырып, тазаланған қызылиектің беткей қабатының жаңадан құрылған түбір цементіне жақсы бекуін қамтамасыз етеді.

Кюретаждау әдісін жүргізген кезде төмендегі шарттарды сақтау қажет: операция жүргізілетін аймақты (бір қабылдауда 3-4 біртүбірлі тістер немесе 2 көптүбірлі тістер пародонтын) тиімділікпен уақытша жансыздандыру, өңделетін тіндерге аса көп зиян келтірмеу, асептика қағидаларын және ұйыған қанды сақтау, операциядан кейін ауызды дұрыс күтуді қамтамасыз ету.

Кюретаждау үшін зарарсыздандырылған және өткір аспаптар: иілген әртүрлі ілмек аспаптар, аршығыштар (эксковаторлар) кюреткалар, рашпилдер пайдаланылады.

Кюретаждау тәсілі. Уақытша жансыздандырудан кейін қызылиек асты тіс тасын және түбір бетіндегі өзгеріске ұшыраған цементті алып тастайды және бұл шараны ультрадыбыстық скалердің көмегімен аяқтайды. Тіс түбірлерінің беттерін белгілі реттілікпен (ерін-ұрт, жанасу және тіл-таңдай беттері) тазалайды. Қалтаға түскен қатты тіндер қалдықтарын антисептиктер ертіндісімен шприцпен жуып кетіреді. Осыдан кейін кюреткалардың немесе аршығыштың көмегімен грануляциялық тінді қырып алады. Ең соңғы және жауапты кезең – қалтаның қызылиек жақ қабырғасын өскен эпителийден тазалау (деэпителизация кармана). Ол үшін сол қолдың басбармағымен қызылиекті тіске жабыстырып және қатты қыса отырып, аршығышпен немесе кюреткамен оның тіске қараған бетін эпителий қабатынан қырып тазартады. Ол үшін аспаптың (кюретканың, аршығыштың) ойық бетін қызылиекке қаратып қалта түбіне дйін енгізеді де, өткір жиегін қалтаның қызылиек жақ қабырғасына тығыз жанастырып, онда өскен эпителий қабатын қырып шығарып отырады. Қырушы аспаптың қозғалысы содқол баспармағының астында үнемі бақылауда болады. Қалта толық тазартылғаннан кейін қызылиек тіске қайта жабыстырылып, бетіне қатаятын емдік таңба қойылады. Емдік таңба 5-7 күнге дейін күнара ауыстырылып тұруы қажет. Осы уақыт ішінде науқас жұмсақ және сұйық тағамдарды ғана қабылдап, тістерді мәсуекпен тазаламай, ауызды антисептиктер, ас тұзы немесе ас содасының 1-2% ертінділерімен шайып тұруы (ас қабылдағаннан кейін) керек. Қатаятын таңбалар қояр алдында қызылиек қалталарын сүңгілемейді және жуып-шаймайды. Себебі, мұндай әрекет қалта қабырғасындатыртық тінінің құрылуына кедергі келтіреді.

Жабық кюретаждау әдісінің бірден-бір кемшілігі – операция жүргізіліп жатқан аймақты анық көре алмау, осыған байланысты жыртылған жаралы беттердің пайда болуы. Бұл кемшіліктерді жою үшін Т.И.Лемецкая және б. (1981) ашық кюретаждау әдісін ұсынған .

Бұл әдіс тереңдігі 5мм-ден аспайтын пародонталдық қалталарда жүргізіледі.

Ашық кюретаждау әдісін орындау тәсілі.

Ауызды антисептиктер ертіндісімен өңдеп, операция жүргізілетін аймақты уақытша жансыздандырғаннан кейін тісаралық қызылиек бүртіктерінің ұшы арқылы көлденең тілік жасалады, ұрт және тіл жақтан қызылиек қиығы өтпейтін аспаппен қалта түбне дейін сыдырылады. Ашылған тіс түбірлері беттерінен қызылиек асты шөгінділер, өзгеріске ұшыраған түбір цементі және грануляциялық тін алынған соң, қалтаға өскен эпителийді өткір қайшының көмегімен қырқып тазалайды. Алынбай қалған тіс шөгінділерінің қалдықтарын ультрадыбыстық скалермен алып, түбір беттерін финирлер, полирлер және рәзіңке тегістегіштердің көмегімен тегістейді. Қажет болса сүйек құрылуын қамтамасыз ететін заттар енгіп, қиықтарды орнына қайтарады, бөлінген қызылиек бүртіктерінің қиықтарын біріктіріп, тігіс салады. Жаралы аймақты қатаятын емдік таңбалармен 1-2 сөткеге жабады. Тігістік материалды 5-6 сөткеден кейін алып тастайды. Бұл операцияны бір қабылдауда 4-7 тістер аймағында жүргізуге болады. Кюретаждау әдісін қолдануға болатын пародонталдық қалтаның көрінісі суретте көрсетілген.

Операция жасалған науқасқа ауыз гигиенасын сақтау, жұмсақ және сұйық тағамдар қабылдау туралы (5-7 тәулік) ақыл-кеңес береді және антигистаминдік дәрілер қажет болса бактерияларға қарсы дәрілік заттарды тағайындайды. Қызылиек сайы 7-10 күннен кейін ғана эпителий қабатымен жабылып, қалпына келе бастайды, ал коллаген талшықтарының жетілуі 20-21 күнге созылады (В.С.Иванов, 1989).

Пародонталдық қалталарға кюретаждау жүргізгеннен кейін туындауы мүмкін асқынулар:

а) Операция жүргізілген аймақта қатты қабыну және домбығу белгілері, кейде аймақтық лимфа түйіндерінің қабынуы (лимфаденит) байқалуы мүмкін. Бұлардың себептері – асептика және кюретаждау ережелерінің бұзылуы. Мұндай жағдайда ауырсыздандыратын, қабынуды, домбығуды тоқтататын дәрілер, ауызды шаюға немесе бұлауға арналған антисептиктер ертінділерін, , шөптер тұнбаларын тағайындайды.

б) Тіс шөгінділерін, патологиялық өзгеріске ұшыраған цемент пен дентиннің жоғарғы қабатын алғаннан кейін тістерде аса сезімталдық (гиперестезия) пайда болуы мүмкін. Бұл кезде құрамында фтор бар препараттармен тіс беттеріне бастырма (аппликация) қояды (натрий фторидінің 1-2% ертіндісі, фторлы гель) немесе арнаулы лактармен (сырлармен) жабады және науқасқа тістерін құрамында фтор бар, кальций препараттары бар қойыртпақтармен тазалауға кеңес береді. Аса сезімталдығы бар тістерді композиттік материалдың құрамындағы адгезивтермен де жабуға болады.

Жабық және ашық кюретаждау әдістерін қолдануға қарсы көрсетілімдер: пародонталдық қалталардың қабырғаларының тым жұқалығы және сүйек қалталарының болуы.