Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
novy_shpor_kaz_tarikh.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
986.62 Кб
Скачать
  1. Арал өңірі қазақтарының хіх ғ. Ұлт-азаттық күресі.

XIX ғасырдың 40-жылдары патша үкіметінің отарлық езгісімен Хиуа, Қоқан билеушілерінің озбыр шапқыншылықтары күшейе түсті. Осылайша Кіші жүздің оңтүстік аудандарындағы, Арал мен Сырдың төменгі ағысындағы қазақтар екі жақты қысымның ортасында қалды. Қоқан, Хиуа бектері де Сырдариядағы бекіністерге жақын маңда көшіп жүрген қазақтарға дүркін-дүркін шапқыншылықтар жасап, ауылдарды тонап, үйлерін өртеп, малдарын айдап әкетті.

Жанғожа Нұрмұхамедұлы Хиуа, Қоқан хандықтарына байланысты бітіспейтін жаугершілік бағытты ұстанды. Ал кейбір Кіші жүз сұлтандары Хиуа хандарымен тату байланыс орнатты. Есет Көтібарұлы болса Ресеймен де, Хиуамен де дипломатиялық жолмен қатынас жасауға тырысты. Себебі олармен тығыз сауда байланыс орнатылған еді. Кіші жүз қазақтары XIX ғасырдың 20—30-жылдары шекара шебінің салынуына байланысты табын руы мекендеген жайылымға, өзендерге, тұзды жерге бай Жаңа Елек ауданынан бір рет айырылды. 40-жылдардың ортасында Жем өзенінің ар жағына өтуге тыйым салынды. Ал бұл ауданда үлкен шектілердің жайлауы орналасқан болатын. Ембі посты мен Арал бекінісі салынған кезде шектілер ол жерді де тастап шықты.

Арынғазы Әбілғазыұлы мен Жанғожа Нұрмұхамедұлының Хиуа мен Қоқан хандықтарына және Ресей отаршылдығына қарсы күресі

XIX ғасырдың басынан басталған Азия құрлығы үшін Англиямен бақталастық, Ресей үшін Қазақстанның Шығыс елдеріне апаратын «қақпа және кілт» факторының күшеюі дамып келе жатқан Ресей капитализміне жаңа шикізат көздерінің қажеттігінен туындады.

Міне, осылардың бәрі XIX ғасырдың ортасында үлкен маңызға ие болып, Ресейдің Орталық Азияны жаулап алу саясатында Қазақстанның оңтүстік өңірінің стратегиялық маңызын арттыра түсті. Сыр бойында алғашқы орыс бекінісі — Арал (Райым) Арал теңізінен 60 шақырым жерде орналасты.

Орыс бекіністерінің салына бастауы хиуалықтардың табанды қарсылығына кезікті. Хиуалықтар орыс билігіне мойынсұнған қазақтарды жазалау үшін сусыз қалдыруды көздеді. Қожанияз бекінісінің тұсынан Қуаңдарияның суын төмен жібермей бөгеп, Арал теңізіне дейінгі жерді сусыз қалдырды. Судан тапшылық көрген қазақтар — төртқара, кішкене шекті, тілеу рулары Райым бекінісінің маңайына көшіп келіп, хиуалықтарға зекет төлеуден бас тартады. Жалпы, бұған дейін Сырдың төменгі ағысы, Арал өңірінде бұрынғы Хиуа ханы Қайыптың немересі Арынғазы Әбілғазыұлы билік жүргізді. Ол 1815—1821 жылға дейін қазақтардың саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірген Хиуа ханы Мұхаммед Рахыммен үздіксіз қарсыласты. Хиуа басқыншылығына қарсы күрес Арынғазының беделін өсірді. Оның билігін Орта жүздің батыс бөлігіндегі қазақтар да мойындады. Көптеген қазақтар Арынғазы шетел басқыншылары мен өз билеушілерінің озбырлығынан құтқарады деп үміттенді. Жайықтан Сырға дейінгі далада билігі жүруге тиісті Шерғазы Айшуақұлының орнына халық Арынғазыны бекітуді сұрайды. Арынғазының қол астына қарулы жасақтар топтаса бастайды.

Арынғазының күшеюінен сескенген патша үкіметі Арынғазыдан құтылу үшін сылтауратып 1821 жылы оны Петербургке шақырды. Ол жолда ұсталып, Калугаға жер аударылды. Өз халқынан осылайша қол үзген Арынғазы 1833 жылы сол жақта қайтыс болды. Сыр бойын иеленуге ұмтылған патшалық Ресей өз жолындағы кедергіден осындай жолмен құтылды.

1853 жылы Перовскийдің басшылығымен Аралдан Ақмешітке дейінгі аралықта бекіністер салынды. Қоқандықтар үшін саяси стратегиялық және экономикалық үлкен маңызы бар Ақмешіт 20 күн қоршаудан кейін аса зор әскери күштің арқасында орыс әскерлерінің қол астына өтті. Ақмешіт Ресейдің қол астына өткеннен кейін Перовск форты салынып, Сырдария шебі құрылды. Райым (Қазалы) мен Ақмешітке дейінгі аймақта отаршылдық тәртіп орнады. 1 сом 50 тиын түтін салығы енгізіліп, толып жатқан еңбек міндеткерліктері: әскери бекіністер құрылысы, бекіністер арасында жол, көпір салу, егіске керек су жүйелерін қазу, жүк тасу үшін көлікпен (түйемен), адам күшімен қамтамасыз ету жүктелді.

Жаңа тәртіпке наразылар Жем бойында көшіп жүрген Есет батыр мен Сыр маңындағы Жанғожа бастаған отаршылдыққа қарсы күреске қосылды. Көтерілістің ошағы Қызылқұм, Жаңақалада орналасты. Көтерілісшілердің қарулану дәрежесі төмен, астындағы аттарының күйі болмаса да, тіпті кейбіреуі өгізге мініп, кейбіреулері жаяу-жалпы болса да, олардың күрескерлік рухы жоғары еді. Көтеріліске Сыр бойындағы алты ата әлімұлынан кішкене және үлкен шектілер, қарасақал, шөмекей, кете, төртқара сияқты т.б. үш мыңға жуық жергілікті халық қатысты.

1857 жылы қаңтарда Ақмешіттен Перовскийдің бұйрығымен «Ритингофтың әскері 1 зеңбірек, 2 зымыран станогы, 300 аттылы казак әскері, Елекей Қасымұлы бастаған 320 жаяу башқұрт жасағы шықты. Оған Арал флотилиясының бастығы Бутаков жасағы да көмекке жетті. Міне, осыдан-ақ көтерілістің патша әкімшілігін қатты әбігерге салғандығын аңғарамыз.

Жанғожа бастаған көтерілісшілер Фитингоф әскерімен 1857 жылы 9 қаңтарда Арықбалық деген жерде бетпе-бет кездеседі. Жараланған Жанғожа қолы біртіндеп шегініп, Бұхар жеріне өтіп кетеді. Көтеріліс жеңіліс тапты. Көтерілісшілерді өкшелей қуған жасақтар оларды таба алмады, есесіне жолда кездескен ауылдарды айуандықпен талан-таражға салды. Ашыққан ел балықты талшық етіп қана аман қалды. Көтерілісшілердің көп бөлігі Хиуа жеріне өтіп кетті. Азып-тозған халықты бастап Жанғожа тек 1860 жылы ғана кайта елге оралады.

Жанғожа мен Есет бастаған көтерілістің жеңілу себептері. Біріншіден, көтерілісшілердің қарулану дәрежесінің төмендігі, патша үкіметі әскерімен теңдесе алмауы.

Екіншіден, жергілікті сұлтандардың, рубасыларының сатқындығы. Патша үкіметіне қызметке өткен би-сұлтандар олардың жергілікті жерлердегі қолшоқпарына айналды.

Көтеріліс сипаты жағынан ұлт-азаттық мазмұнға ие болды. Себебі көтерілісте азаттықты аңсаған, отаршылдық қысымнан зардап шегіп тығырыққа тірелген халық өз көсемдерінің бастауымен отаршылдық бұғауға қарсы күресті. Ел басына төнген ауыртпалық кезде Жанғожа, Есет сияқты батырлар ел бастар қорғандарына айналды. Есет батыр да, Жанғожа батыр да Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы көрнекті мемлекеттік тұлғалар қатарына жатады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]