Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1178_osh_1179_ar_diplom.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
405.64 Кб
Скачать

1.2 Қызанақтың агротехникасы.

Қызанақты көшетпен өсіру. Егер алғы дақылдардың – орамжапырақтың және қиярдың – танабына органикалық тыңайтқыш енгізілген болса, онда сүдігер көтергенде тек 4-4,5 ц спуерфосфат және 1 ц хлорлы калий енгізіледі. Қызанақ 100 ц өніммен топырақтан 32 кг азот, 10 кг фосфор және 43 кг калий алып шығады. Егер өткен жылы көң енгізілмесе, онда құнары кемдеу топыраққа, күзде жыртқанда гектарына шіріген көңнің 20-30 тоннасы енгізілгені дұрыс болады. Шірімеген көң өсінді мүшелердің – сабақтардың және жапырақтардың тым өсіп кетуіне әсер етеді де, жемісінің өніміне зиян келтіреді. Ерте көктемде ылғал жабу үшін тырмалауды екі ізбен жүргізеді, сосын қопсытады. Бұл арамшөптердің өсуін жеделдетеді. Пайда болған арамшөптерді жою үшін екінші культивацияны және тырмалауды көшет отырғызар алдында, 10-12 см тереңдікке жүргізеді. Осы кезде гектарына 1-1,5 ц аммиак селирасын қоса енгізеді.

Ертерек отырғызу – жоғары өнімнің кепілі. Көшеттерді танапқа 27 мамырда отырғызғанда гектарынан 332 ц өнім жиналған, ал 15 маусымнан кейін отырғызғанда гектарынан 228 ц өнім жиналған. Қызанақтың көшеттерін әдетте 140х20 см сұлбасымен отырғызады [6].

Отырғызуға құмырасыз өсірілген 40-45 тәуліктік көшеттерді пайдаланады. Бұл құмырада өсірілген ірі көшеттерді отырғызып өсірген қызанақтың гектарын өңдеуге кеткен шығынмен салыстырғанда біршама төменірек болады.

Көшеттерді көшетотырғызғыш машиналармен отырғызады. Кішігірім алаңдарға, сондай-ақ бойлап өсіп кеткен көшеттерді әдетте қолмен отырғызады.

Көшеттерді булыжайда және жылыжайда өскенмен салыстырғанда 4-5 см тереңірек, ал ірілеп көлбейтіп, сабақтың төменгі жағын, 2-3 буын аралықтарын ала, культивация кезінде олар топырақ бетіне шығып қалмас үшін қатар бойымен бағыттап отырғызады.

Көлбеулетіп тереңірек отырғызу, өсімдіктің қоректенуін жақсартатын, қосалқы тамырлардың пайда болуына мүмкіндік жасайды. Жаңа ғана отырғызылған көшеттерді, әсіресе құмырасыздарды, суландыруға болмайды, себебі олар жапырылады (жапырақтары және сабақтың ұшы жерге иіледі), суландырғанда лай басады. Міне, сондықтан телімді дұрысы көшет отырғызу алдында суландыру. Өсімдік көндіккенде және көтерілгенде, 3-4 тәуліктен соң, отырғызғаннан кейінгі бірінші суландыруды қолданады да, ізінше түсіп қалған өсімдіктердің орнына жаңа көшет отырғызады. Осы мақсатқа булыжайда немесе 2-3 % құмырада және 5-7 % құмырасыз өсірілген көшеттер қалдырылады. Отырғызумен бірге лай басқан өсімдіктерді тазартып (босатып) алады және қатараралықтарды қопсытқыш табандармен 7-8 см өңдейді. Одан әрі, телімді арамшөптердің пайда болуына қарай 1-2 рет қолмен отайды. Барлығы өсінді кезеңде, әдетте суландырғаннан кейін телімге 4-5 рет культивация жасайды.

Өсімдікті жеміс байлағанша 200-300 м3/га су беріп әрбір 7-10 тәулік сайын суарады. Жеміс байланғаннан бастап, топырақ 60-70 см тереңдікке дейін сулануы үшін суландыру суының мөлшерін 340-400 м3/га арттырады. Өсінді кезеңі бойы 7-8 рет суландырады.

Өсімдіктерді екі рет үстеп қоректендіреді: бірініші рет – отырғызғаннан 12-16 тәулік өткен соң (1 га 1-1,5 ц суперфосфат және 1 ц аммиак селитрасы немесе 0,5 ц аммофос) және 2-рет – бірінші үстеп қоректендіруден 18-20 тәулік өткен соң, 2-3 шашақгүлінде түйнек пайда болғанда (1,2-2,0ц суперфосфат және 0,5 ц хлоры калий) жүргізеді. Екінші рет үстеп қоректендіргенде азотты тыңайтқыштарды, қажеттігі байқалғанда ғана енгізеді - өсімдіктің баяу өсуі, жапырақтардың сарғаюы және түсуі көрсетеді. Топырақта азот тым көп болса өркендердің жаппай өсуі және жемісінің нашар байлануы, әрі оның ұзақ пісуі байқалады. Тыңайтқыштарды өсімдік қоректендіргіш – культиваторлардың көмегімен, суландыру алдында енгізеді.

Гүлдердің тозаңдануын және түйнектердің сақталуын жақсарту үшін тамырдан тыс бор қышқылымен (г/л) үстеп қоректендіреді. Өсімдіктерді гүлдеу алдында бүркеді [7].

Бірінші гүл шоғырында бүршіктердің жартысы ашылғанда бір рет бүркеді, үлкен аумақта бұл мақсат үшін арқаға асатын бау-бақ бүрккішін пайдалануға болады. Жемістердің пісуін жеделдету үшін «дестелеуді» қолданады. Тамыз айының басында екі қатардағы өсімдіктерді, кең қатараралығын жинаушылар өтетін жол ретінде қалдырып, тар қатараралығына дестелейді. Дестеге салғанда жемістерінің сабақтарының үстіне келуін қарастырады. Күн кзінде олар тез жетіледі және шірімейді.

Жинау және сақтау. Сұрыпты дұрыс таңдап алғанда, толық піскен жемістерін 20-25 шілдеде жинай бастайды, ал жаппай пісуі тамыздың екінші онкүндігінде жүреді. Бозқырауға дейін жинауды әрбір 3-4 тәулікте, ал бозқырау түсерде, барлық құбалана, ағара бастағандарын және жасылдарының ірісін жинап алады.

Еңбек өнімділігін арттыру үшін жинауға жинағыш платформаларды пайдаланады: Т-16М тракторына ілінетін, 10-15 адам қызмет жасайтын ПНСШ-12; 16 жұмыскер қызмет жасайтын ПОУ -2 тіркеме платформасы. Машинамен бір рет жинағанда машиналар кешені пайдаланылады: өзі жүретін СКТ-2 комбайыны; контейнерлі жүкті өз түсіретін ПТ-3,5 тіркемесі, КОН- 3,5 контейнер қотарғыш пен АВН -0,5 контейнер тиегіші және СПТ -15 сұрыптағыш нысаны. Нысанда 20 жұмыскер қызмет жасайды. 1 сағат таза жұмыстағы еңбек өнімділігі 12 т.

Жемістерді көлемі мен пісу деңгейіне қарай сұрыптайды және пісіп – жетілуі үшін жылы құрғақ жайда сөрелерге 2-3 қабат етіп орналастырады немесе жәшіктерге салады. Жеміс жәшіктерін қолданғанда, желдетуді жақсарта түсуі үшін әр қабаттың астына жұқа тақтайшалар келтіреді. Пісіп-жетілдіру үшін булыжайды дайындауға болады. Оны топырақтан және қара шіріндіден тазалайды, ордың түбіне таза сабан төсейді де, оның үстіне жемістерді орналастырады. Бір кәсек астына 40-60 кг жеміс сияды. Булыжайды кәсекпен жауып, әйнегін іш жағынан әктейді.

Пісіп – жетілу 23-25оС және ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 80-85% болғанда тезірек жүреді. Мұндай жағдайда қызғылт қызанақ 2-3 тәулікте, ақшылы – 4-6, жасылы – 7-10 тәулікте қызарады. Температура төмендегенде пісіп-жетілу үдерісі күрт баяулайды және жемістің басым бөлігі шіриді.

Жемістерді арнаулы камераларда жасанды түрде этиленмен өңдеп, пісіп-жетілдіруге болады. Этилен, әсіресе жасыл жемістерге белсенді ықпал жасайды (ақшылы қалыпты жағдайда да пісіп-жетіледі). Жемістердің жеміс сағағын алып тастайды, себебі газ жемістің ішіне сағақ бекіген жердің борпаң ұлпасы арқылы өтеді. Жеміс салынған жәшіктерді камерада шахмат ретімен орналастырады. Қызыл жемістерді әрбір 2-3 тәулікте алады да орнына жасылын салады. Камераның әрбір шаршы метріне 0,5 л этилен жібереді, температураны 20-22оС, салыстырмалы ауа ылғалдылығы 85% деңгейінде ұстайды. Камераны күнде желдетеді және қайтадан этиленмен толтырады.

Ақшыл және қызғылт жемістерді тоңазытқыштарда 1,5-2 ай сақтауға болады, сақтауға қояр алдында жәшіктер мен жемістерді формалиннің ерітіндісімен (1:300) зарарсыздандырады немесе 45-50о 4 сағат бойы қыздырады. Тоңазытқыштарда 1-2оС жылылықты және 90 % ауа ылғалдылығын қамтамасыз етеді [7].

Шаруашылық жағдайында, әдетте қызанақты жеміс сағағын үстіне келтіріп, кішірек кереге көз ағаш жәшіктерде 10-12оС сақтайды. Жәшіктің түбіне және жемістердің арасына ағаш үгіндісін салады.

Қызанақты көшетсіз өсіру. Қызанақтың тұқымын топыраққа сеуіп өсіру өте тиімді. Қарабалық ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының (В. Р. Гюнтер, 1987) деректері бойынша оның гектарлық орташа өнімі 200-370 ц болған. Технологиядан көшетті өсіруді шығарып есептегенде, өнімнің өзіндік құны 1,5-1,9 есеге кеміген.

Көшетсіз өсіргенде өсіп-даму кезеңі 12-15 тәулікке азаяды. Тұқымдардың шынығуы топырақта өтіп, өскіндері қысқа мерзімдік – 3оС суыққа шыдайды. Тұқымды топыраққа сепкенде өсімдік терең бойлайтын, қуатты тамыр жүйесін қалыптастырады, соның есебінен суландыруды азырақ талап етеді және ауруға азырақ шалдығады.

Көшетсіз өсіруге ең тез пісетін сұрыптарды (Сибирский скороспелый, Доходный және т.б.) пайдалану керек. Жел өтінен қорғалған, топырағы жеңіл, жақсы жылынатын және арамшөптерден таза танапты таңдап алады. Алғы дақыл-гектарына суперфосфаттың 90 кг ә.ә.з енгізілген сүрі жер. Ол өнімділікті арттырады және жемістің пісіп – жетілуін жеделдетеді Тұқымды 10-15 мамырда себеді. Арашөптермен күресті қызанақ өскіні көрінбей-ақ тұрып жүргізу үшін, оның тұқымымен бірге шалғамның тұқымын себеді. Шалғамның тұқымы қызанақтікіне қарағанда көп ерте көктеп шығады. Шалғам тауарлық күйге жеткенде оны жинап алып, іске асырады.

Бір гектарға 2,5-3,0 кг қызанақ тұқымын, және толықтырғыш ретінде қуырылған 3-4 кг тары қосылып (оларды мұқият араластырады) себіледі. Себу жұмыстарын СОН-2, 8А, СКОСШ-2,8 немесе СКОН-4,2 тұқым сепкіштерімен қатараралығынан 70 см қойып жүргізеді. Тұқымның сіңіру тереңдігі 3-4 см. Себуге дейін және себуден кейін топырақты тығыздағыштармен тығыздайды.

Өскін пайда болғаннан 8-10 тәулік өткен соң, егістікті жеңіл тырмалармен себу қатарларына көлденең тырмалайды. Бұл кезде арамшөптермен қатар қызанақ өскіндерінің 20% жуығы жойылады. Егер қызанақ тұқымына шалғам қоса себілсе, онда егістікте тырмалау жүргізілмейді, қолмен отап, өсімдіктің гектардағы санын 40 мыңға жеткізеді. Ақтық қоректену алаңы 70х40 см болады. Өскіндер пайда болғаннан соң бірінші қопсыту жүргізіледі. Өскіндерді жарақаттап алмау үшін культиваторға ұстара-табан қояды. Сиреген жерлерге қолмен қосымша көшеттер отырызғады және суландырады. Одан кейінгі күтіп-баптау жұмыстары көшетпен отырғызған қызанаққа ұқсас.

Грунттық қызанақтың жеміс салуы көшеттерден кешірек, бірақ қолайлы күзде өнімділігі көшеттік қызанақтікіндей, сонымен бірге пісіп-жетілген жемістерінің пайызы азырақ болады.

Қызанақтың тұқым шаруашылығы. Басқа топырақ-климат аймақтардан әкелген тұқымдар жергілікті жағдайда, осы табиғи-климат жағдайда өсірілгенге қарағанда қашанда икемділігі баршама төмен болады. Сондықтан әр облыста қызанақтың тұқым шаруашылығын өзіне сай ұйымдастыру керек.

Қызанақ өздігінен тозаңданатын өсімдік болғандықтан сұрыптардың оқшаулануы шамалы – 20 м. Тұқым телімінде сұрыптау белгілері байқалғанда, сұрыптық сұрыптау жүргізе отырып, тазалау жұмысын жүргізеді – басқа сұрыптардың барлық өсімдіктерін, негізгі сұрыптың типтес емес, ауру және жетілмеген нашар өсімдіктерін аластайды. Жемістер тұтынуға жарайтындай, піскен кезеңде егістікте мақұлдау (апробация) жүргізеді – тұқымдық егістіктің сұрыптық сапасын анықтайды. Тұқымға бірінші жиналған жемістерді таңдап алады, ең дұрысы бүйірлік өркендегі, екінші және үшінші шашақгүлдің жемістерін алу, себебі бұл жемістердің тұқымдары өнімдірек болады және тез пісетін ұрпақ береді. Дұрысы толық піскен жемістерді алу, әрине бозғылтын да (ондайларына толық пісуіне мүмкіндік беріп, содан кейін ғана олардан тұқым алу керек) алуға болады. Бозғылт жемістердің тұқымдары да жоғары өнгіштікке ие – тіпті жүз пайызға жетуі мүмкін.

Тұқымды тұқым айырғыш (бөлгіш) ВСТ-1,5 машинасының көмегімен айрып алады да, ағаш ыдысқа салып, онда 3-4 тәулік өз шырынында ашытады (су құюға болмайды). Ашыту үдерісінде сүт қышқылы бөлінеді де тұқымды бактериялы ісіктен (рактан) зарарсыздандырады. Ашытылудың аяқталуын көбіктің пайда болуынан және шырынның мөлдірленуінен байқайды. Осыдан кейін тұқымды МОС-300-де немесе жуғышта жуады, олар біріне-бірі жабысып, кесек болып қалмас үшін жиі-жиі араластырып отырып кептіреді, үйкелейді және тұқым тазалағыш машиналарда тазалайды.

Аз мөлшердегі тұқымды қолмен бөліп алады және шырышымен эмальды немесе шыны ыдысқа салады да, ашытады, сосын оларды елеуіш немесе дәке арқылы жуып, кептіреді [6].

Бір жемісте 250-300 тұқым болады. Тұқымы аз жемістердің бір тоннасынан 2-3 кг тұқым алынады, көп тұқымдыдан – 4,5 кг. Бір гектардан орташа есеппен 0,8-1,2 ц тұқым жиналады. Бірінші санаты үшін сұрыптық тазалық 99 %-дан, ал өнгіштігі – 85%-дан кем болмауы керек. Тұқымдар өнгіштігін 6-8 және одан да көп жыл бойы сақтайды. Оларды жылы және құрғақ жерде сақтайды.

Қорғаулы грунтта ауа қозғалысының баяулығына және оның ылғалдылығының біршама жоғарылығына байланысты қызанақты тозаңдандыру қиынға түседі. Сондықтан қызанақты азыққа, сондай-ақ тұқымға өсіргенде тозаңдатуға ерекше көңіл бөлген жөн.

Толығырақ тоңаздануына, жемісінің көлемі, оның сапасы және жемісіндегі тұқым саны, ең соңында өнімділігі бойынша жақсы нәтижені, гүлдерді тозаңдатуға электромагнитті дірілдеткішті, сондай-ақ тозаңдатқыштың ауа ағысын қолдану берген. Тозаңдатуды жақсарту үшін аспаларды автоматты түрде сілкіндірудің тиімділігі шамалы екені анықталды.

Қызанақ өсімдігінің өсуіне, жеміс салуына, тұқымдық өнімділігіне және тұқымының сапасына температураның әсері өте зор. Жемістің байлануына оңтайлы температура күндіз – 22оС, түнде – 18оС. Қызанақты СО2-мен үстеп қоректендіру де тиімді. Жылыжай ауасында СО2 шоғырлануын 0,1-0,2 % көтеру жеміс өнімділігін 15-30 % арттырады. Тұқым шаруашылығында микроэлементтерді қолданудың маңызы өте зор, әсіресе олардың ішінде ерекше рөлді бор атқарады, себебі, ол өнім беретін мүшелердің қалыптасуына қатысады, тозаңдардың өнгіштігін жоғарлатуға, жемістердің пішінін жақсартуға (сүйкімдендіреді) және олардың тезірек пісуіне ықпал жасайды. Микротыңайтқыштарды қолданудың ең жақсы тәсілі – тұқымдарды кешенді ерітіндіге малып алу.

Қорғаулы жерде тіршілік қуаты мол және қолайсыз жағдайларға төзімді, қуатты өсімдікті өсірудің маңызы өте зор. Мұндай өсімдіктер ірі тұқымдардан қалыптасады. Сондықтан тұқым шаруашылығы ірі тұқымдар алуға бағытталуы керек. Ал, ол өсімдіктің белгілі бір қоректік алаңымен және оны қалыптастырумен анықталады. Тұқымдық мақсатқа қызанақты азықтыққа қарағанда біршама жиірек отырғызады. Ірі тұқым алу үшін өсімдікті азырақ гүл шоғырымен қалыптастырады. Жылыжайда салмақтырақ тұқымды алғашқы гүл шоғырынан алады [4,5].

Зиянкестермен және аурулармен күрес. Қызанақ, әртүрлі зиянкестермен зақымданады және түрлі ауруларға шалдығады. Олар өнімді, оның дәмдік және тауарлық сапасын төмендетеді. Жиі кездесетін аурулары – шимай ауруы, жеміс шірігі, фитофтороз. Қорғаулы жерде олардан басқа көп зиянды оңтүстік фитофторозы, бурыл теңбіл, мозаика, жылыжай мен булы жайда – гүлзар (шабдалы) және алқа биті, аққанат келтіреді. Агротехникалық шаралармен бірге химиялық күрес шаралары қолданылады.