Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
билеттері каз тарих.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
293.16 Кб
Скачать

Билет №1

1.Қазақстан аумағындағы тас дәуірі

Адамзат қоғамындағы ең ұзақ тас дәуірі (палеолит) ерте және кейінгі тас ғасыры болып екі кезеңге бөлінеді. Ерте тас ғасыры б.з.б. 2 млн 500 мың – б.з.б. 40-35 мың жыл аралығын қамтыған (2011 жылғы баспада б.з.б. 2 млн 600 мың – б.з.б. 40 мың жыл аралығы деп көрсетілген). Кейінгі тас ғасыры б.з.б. 40-12 мың жыл аралығын қамтиды. Ерте және кейінгі палеолит аралығындағы орта тас ғасырының мерзімі – б.з.б. 100-40 мың жыл аралығы.

Ерте палеолит 3 кезеңнен тұрады.

1) Олдувай – б.з.б. 2,6 млн – 800 мың жылдар.

2) Ашель – б.з.б. 800-140 мың жылдар.

3) Мустье – б.з.б. 140-40 мың жылдар.

Шығыс Қазақстанның Шульбинка, Оңтүстік Қазақстандағы Арыстанды өзенінің бойынан кейінгі тас ғасырының тұрақтары табылды. Бұл тұрақтардан өте жақсы өңделген қырғыштар қазып алынды. Қырғыштар шамамен бұдан 25 мың жыл бұрын жасалынған.

Адамдар тобы біртіндеп туысқандар ұжымына – рулық қауымға айналды. Бұл саналы адамның пайда бола бастаған кезіне сәйкес келеді. Әр руда бірнеше ондаған рулас адам болды. Алғашында барлық жұмысты аналар атқарып, ұжымдағы аналар беделі артты. Рулық бөлініс аналардың үстемдігімен анықталды. Жер, баспана, еңбек құралдарына ортақ меншік болды.

Ру ішіндегі мәселелер жалпы жиналыста шешілді. Оған ерлермен бірге әйелдер де қатысты. Жалпы жиналыста сайланған ақсақалдар даулы мәселелерді шешті, аң аулайтын, мал жаятын жерлерді бөліп берді. Рулық бірлестіктерді көсемдер басқарды.

Шақпақата (Маңғыстау) және Арыстанды (Қаратау) тұрақтары ерте тас ғасырының ең көне ескерткіштері болып есептеледі. Cебебі бұл тұрақтардан табылған құралдар Олдувай (Шығыс Африка) cайынан табылған ең көне құралдармен замандас. Бұл тас құралдар – жарғыш сынатас, бифас, пышақ, қырғыш, үшкіртастар.

Орталық Қазақстандағы кейінгі палеолиттік ескерткіштердің ең көрнектісінің бірі – Батпақ тұрағы. Оның мәдени қабаты жер бетінен 6 метр тереңдіктен табылған. 300-ге таяу тас қырғыштар қазып алынды. Тұрақтың жасы – б.з.б. 30-25 мыңыншы жыл. Орталық Қазақстандағы Семізбұғы тұрағынан жүзі түзу, кейде қайқы тас пышақ түріндегі қырғыштар табылған.

Ретушь әдісі – бір қабат өңделген тас құралдың жүзін ұсақ кертік ойықтар жасау арқылы өткірлеу. Үшкіртастарды тас жарықшақтарынан жасап, ұштарын ретушь әдісімен өңдеп өткірлеген. Қырғыштардың жүзін де ретушьпен өңдеген.

Адамдардың тас құралдарды өндірген және пайдаланған уақыты тас дәуірі деп аталады. Бұл дәуірдегі екі жағынан да өңделген қарапайым шапқыш тас құрал – бифас. Тас дәуіріне жататын Жамбыл облысындағы Бөріқазған және Шабақты тұрақтарынан 5000-ға жуық тас құрал табылды.

2. 18 Ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайы

Орыс мемлекеті ортаазиялық хандықтармен сауда-экономикалық, дипломатиялық қатынастарын кеңейткеннен кейін, 16-ғасырдың соңы – 17-ғасырдың басында Қазақстанға қызығушылығы арта түсті. 16-ғасырдың соңы мен 17-ғасырда орыс мемлекетінен қазақ даласы арқылы Бұхар мен Хиуаға 44 елшілік пен орыстың 9 дипломатиялық желісі өткен. 1613 жылы 300 адамнан тұратын Ходжа Наурыз елшілігінің сауда керуені қазақ даласы арқылы Орта Азиядан Астраханға, Еділ өзенімен Саратовқа, Самараға, Қазанға барған.

Орыс үкіметі Қазақстанмен шекарада қорғаныс бекіністерін салуға кірісті. Омск қалашығы (1585 ж), Түмен (1586 ж), Тобыл (1587 ж), Тара (1594 ж), Томск (1604 ж) әскери-бақылау қоныстары Қазақ хандығының солтүстік-шығысын отарлауда тірек болды. Жоғарғы Ертіс бойына салынған Жәміш (1716 ж), Омбы (1716 ж), Железинск (1717 ж), Семипалатинск (1718 ж), Павлодар, Өскемен (1720 ж) әскери бекіністері қазақ жеріне Ресей әскерінің ішкерілеп енуін жеңілдетті. Қазақ-жоңғар қайшылықтарының шиеленісуі, И.Д.Бухгольц, В.Чередов, П.Ступин, И.Н.Лихаревтің қазақ өлкесіне әскери жорықтары Ресейдің Қазақстандағы ықпалын күшейте түсті. Ресей Қазақ хандарының ойрат жаулаушыларымен күресін өз мақсатына шебер пайдаланды.

Қазақ жерін біріктірушілердің бірі Тәуке хан Ресеймен қарым-қатынасты ушықтырмай, шыдамдылық көрсетіп, елдің басты күшін жоңғарларға қарсы жорыққа бағыттады. Тәуке хан билеген кезде қазақ хандығын уақытша болса да қалыпқа келтіріп, бір орталыққа бағындырды. Ол 1715 жылы (кейбір деректерде 1718 жылы) қайтыс болды. Тәуке ханның орнын басқан Қайып сұлтан хандықты әлсіретіп алды. Кіші жүзді Әбілқайыр, Орта жүзді Сәмеке, Күшік, Ұлы жүзді Жолбарыс басқарып, үш жүздің бірлігі әлсіреді. Ішкі саяси жағдайға Нұралы мен Ералы, Орта жүзде Барақ сұлтан, шақшақ руынан Жәнібек Қошқарұлы, қанжығалы Бөгенбай, Ұлы жүзде Төле би мен Бөлек, Хангелді батырлар айтарлықтай ықпал етті. Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресін ұйымдастыруда белгілі қолбасшы және мемлекет қайраткері Әбілқайыр ерекше көзге түсті. 18-ғасырдың басында қазақ феодалдық мемлекетінің ішкі және сыртқы саяси ахуалы күрделі жағдайда қала берді.