Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
адебиет адистеме МЕ.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
954.39 Кб
Скачать

Дәріс № 11 Абайдың поэмалары Сабақтың мақсаты: Абайдың поэмаларының толық мазмұнын түсіндіріп, идеясын ұғындыру. Тірек сөздер: поэма, шығыс, Ескендір, дастан, Аристотель т.б. Сабақтың жоспары: 1.Абай поэмалары 2.Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмаларының орны. Абайдан қалған үш поэма бар.Олар : «Масғұт» , «Ескендір», «Әзім әңгімесі». Соңғысы аяқталмаған.  Бұлардың бәрі де ақынның бұрынғы шығармаларындай қазақ өмірінің шындығын суреттеуге құрылмаған, Шығыс халықтарының аңыз, ертегілері сюжетіне дастан үлгісінде жазылған. Уақиғалары шағын, көлемдері аз келеді.Аңыздарды ақын, көбінесе, өзіне қажет ұстаздық , тәрбиелік ой – мақсаттарға бейімдеп, көпке үлгі етеді. Поэманың идеясында әйелді қоғамның ерлерге тең мүшесі деп тану, оның әлеуметтік өмірдегі орнын бағалау жағына көбірек көңіл бөлінеді.Мұны Масғұттың көзқарасынан айқын танимыз. Ұры тонап жатқан шалды айырып алған ол шалдан базарлық алуға барғанда өзіне қызыл жемісті таңдайды.  Ағын жесең, ақылың жаннан асар, Сары жесең, дәулетің судай тасар. Егерде қызыл жеміс алып жесең, Ұрғашыда жан болмас сенен қашар, - дейді шал.Масғұт ақылды да, байлықты да таңдамайды, оларды сынайды. Көп наданның арасындағы жалғыз ақылды адамның күйіне де, байлық пен малқұмарлық аздырған байдың жайына да талғампаздықпен қарайды. Қызылды жесем, мені әйел сүйер, Арамдыққа жүрмесем, не жан күйер. Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса, Деп едім бір пайдасы маған тиер. Еркектің еркек адам болса қасы, Қатын, шеше, қызы жоқ кімнің басы. Хан қаһар, қара кісі қастық қылса, Сонда ұрғашы болмай ма арашашы? Тегінде адам басы сау бола ма? Үйінде тексерілмес дау бола ма? Ері ашу айтса, әйелі басу айтып Отырса, бұрынғыдай жау бола ма? – дейді Масғұт өз таңдауын түсіндіргенде. Ол әйелмен достықты қадыр тұтады. Ер мен әйел теңдігін жақтайды. Поэма ақынның осы идеясына әкелетін уақиғаны баяндауға құрылады.Онда суреткерлік емес, ой, ақыл басым. Уақиға мен тартыс өмірлік тартыстан емес, ақынның ақылынан , айтайын деген ой – үлгісінен туады. Оның жаңа үлгідегі поэма түрінде емес, шығыс дастандары түрінде жазылуы да осыны байқатады.  «Әзім әңгімесі» - «Мың бір түн» ертегісінен алынған бір уақиғаның өлеңмен жазылған түрі. Мұнда көпті алдап жүрген адамдардың аярлық мінезі сыналады. Поэма аяқталмаған. Абай поэмаларының ішіндегі елеулісі де, ақынның гуманистік ой – пікірін тереңірек танытатыны да – «ЕСКЕНДІР».  «ЕСКЕНДІР » поэмасы Шығыс елдерінде «Ескендір Зұлқарнайын» деген атпен тараған, Еуропаға Александр Македонский деген атпен белгілі қолбасшының өмірі жайлы аңыздар негізінде жазылған. Ескендір тақырыбын Еуропа ақындарына қоса, Шығыстың Фирдоуси, Низами , Науаи , Жәми сияқты ақындары да жыр еткен. Абай бұл тақырыпты өзінен бұрынғы ақындар үлгісінің ешқайсысына бұрмай , өзінше жырлаған. Ақын Ескендірдің өмірбаяндық деректерін дәл келтіреді де, оның дүние жүзін күшпен жаулап алмақ болған қанқұяр саясатын сынауға ауысады.Соған орай поэмаға жас кезінде Ескендірдің тәрбиешісі болған ұлы ғалым, гуманист Аристотельді кіргізеді.  Поэма әділдік пен жауыздықтың тартысына құрылады.Жауыздыққа жетелейтін қызғаншақтық пен тойымсыздық екенін көрсете келіп, ақын әділдік, даналықты соған қарсы ұсынады. Қақпа мен адамның көз сүйген символ ретінде алады да , ол жұмбақтарды ақылға шештіреді. Бұл – адам көз сүйегі, - деді ханға. Тоя ма адам көзі мың – мың санға? Жеміт көз жер жүзіне тоймаса да, Өлсе тояр, көзге құм құйылғанда. Кәпір көздің дүниеде араны үлкен, Алған сайын дүниеге тоя ма екен? Қанша тірі жүрсе де, өлген күні Өзге көзбен бірден – ақ болады екен. Аристотельдің даналық сөзі қанағатсыз Ескендірге ой салады, ол алған жолынан қайтады. Сөйтіп, ақын Аристотельге Ескендірді бағындырып, жауыздықты әділдікке жеңгізеді. Поэма аңыз сюжетін сақтағанмен, ақын оны өмір шындығына жақындатып, реалистік негізде суреттейді. Уақиға бір түйінге - әділдік пен жауыздықтың бетпе – бет кездесуіне топталады да, кейіпкердің мінез – құлқы , іс - әрекеті арқылы біртіндеп ашылады. Поэманың бас кейіпкері Ескендір шығармадағы уақиға арқауы болып, оның өне бойында көрініп отырады. Ең соңында ғана Абай оны Аристотельге кездестіреді.Ақынның дидактикалық , өсиет –үлгілік қорытындысы осы арада шығарылады. Поэмада жарқын суреттер мен қажетті баяндаулар , диалог пен лирикалық шегініс орынды пайдаланылады. Бұл – Абайдың шағын поэма жасауға шеберлігін танытады.  Бекіту сұрақтары.

  1. Абайдың поэмаларының сюжеті қай ақыннан алынған?

  2. Неліктен Абай Ескендірге адамның бас сүйегін берді?

  3. Низами нұсқасымен Абай нұсқасын салыстырып, қорытынды жасаңдар?

  4. Абайдың аяқалмай қалған поэмасы?

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. «Абай» энциклопедиясы.

  2. \\ Абай журналы - № 7-9 

\\ Қазақ тілі мен әдебиеті журналы «Абайдың поэмалары»№ 12 -2001жыл.

Абайдың ақын шәкірттері

   Қазақтың ұлы ақыны Абайдың қазақ әдебиетіне ХІХ ғасырда және ХХ ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісіне әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасына арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен» – дейді Мұхтар Әуезов. Және 1909 жылы ұлы ақынның өлеңдер жинағы басылып шыққан соң, «Абайға еліктеп өлең жазушы ақындар Қазақстанның қай жерінде болса да кездесетін болады». «Бұл жағынан қарасақ, – дейді Мұхтар Әуезов, «ХХ ғасырда Абайдың әсері көпке жайылып, кең өріс таба береді. Ақын мұрасының өзінен соңғы қазақ әдебиетіне былайша қатынасуы, оның жалпы қазақ әдебиет тарихына көрсеткен үлгісі, әсері деп түсінеміз». Бұл мәселені зерттеу тексерулер ХХ ғасыр әдебиет тарихының міндетіне қарай ауысатынын айта келіп, Абайдың өз айналасында үнемі бірге болып, ұлы ақынның анық жақын шәкірті болған ақындардың шығармаларын зерттеу мәселесіне көңіл аударды. Абайдың ақындық өнердегі тарихи еңбегі қазақ халқының мәдени даму, өркендеп өсу жолындағы ерекше елеулі кезеңдерінің бірі болды.

Мұхтар Әуезов «Абай шәкірттері туралы» атты мақаласында:

«Абайдың өзі тірісінде, оның айналасына жинаған талапкер, өнерлі жастардың саны көп болған. Бұлардың ішінде әншілер, композиторлар, халық фольклорын жинаушылар, әнші ақындар емес, орыс мәдениетін білуге талпынған жай көзі ашық жастар аз емес еді. Бұлар әр буыннан шыққан болатын. Іштерінде жас шағынан Абайға тетелес: Көкбай, Мұқа сияқтылардан бастап, Абайдың балалары: Ақылбай, Мағауия және інісі Кәкітай сияқты көп адамдар болды.

Ақылбай, Мағауия, Көкбай сияқты ақындар туралы айта келіп, М.Әуезов: «Бұлардың еңбектерін шолуда, алдын-ала есте тұтатын бір жайды ескерте кету керек. Ол – осы шәкірт ақындардың еңбек үлгілерінен айқындап көріне түсетін, Абайдың өзіндік ерекшелігі болады. Өзге ақындар «шәкірт» деп аталған соң, Абай әрине олардың басшысы – ұстаз ақын болмаққа керек. Әрбір әдебиеттік мектеп осындай аға мен іні ақындарының екі буынынан құралатын болса, ең алдымен сол әдебеиттік мектепте басшы ақынның бағыты, өзгеше идеялары, өз халқының әдебиет тарихына кіргізген анық тарихтық, көркемдік жаңалықтары – қысқасын айтқанда, барлық қасиеттері, әралуан түрде бой көрсететін болады» – дейді. Мұхтар Әуезов осы айтқандарын ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, 1950 жылы «Абай шәкірттері туралы» атты әдеби зерттеу мақаласын жазып, онда Ақылбай, Мағауия, Көкбай ақындардың шығармаларына талдау жасап, өмір тарихтары жөнінде мағлұмат берген болатын. Қайым Мұхамедханов Абайдың ақын-шәкірттері тақырыбын 1940 жылдардан бастап зерттеп, ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абайдың ақын шәкірттері» деп аталатын 4 кітаптан тұратын зерттеу еңбегін жазды.

Ақылбай Абайұлы Құнанбаев (1861 – 1904)

   Ақылбай – Абайдың Ділдә атты бәйбішесінен 1861 жылы туған тұңғыш баласы. Ділдәдан Ақылбайдан басқа Әбдірахим (Әбіш), Мағауия деген балалары болған.

Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным, өзінен бала болмағандықтан, Ақылбайды кішкене күнінен өз бауырына басады. Ақылбай туғанда Абайдың өзі де жас, жаңа отау иесі еді. Сөйтіп, Ақылбай жас күнінен Нұрғаным тәрбиесінде болып, Құнанбай баласы Құнанбайдың кенже тоқалының еркесі атанып өседі. Ақылбайды Нұрғаным жас басынан бетімен жіберіп, аса шолжың ерке бала етіп өсіреді. Ақылбайды тек 9-10 жас шамасында, Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханға оқуға береді. Ақылбай 4-5 жылдай молдадан оқу оқиды. Одан әрі оқымайды. Ақылбай бір жасынан бастап, Нұрғаным қолында өскендіктен және Абайдың 16 жасында туған баласы сияқты емес, ағайындас Ырғызбайдың бір мырзасы сияқты көрінеді. Құнанбай өзімен тең жерден қыз айттырып, Ақылбайды үйлендіреді.

«Өзімен тең жер» деген сөзімізді түсіндіре кетейік. «Біржан-Сара» айтысында Сараның аузынан айтылған:

…Құдайдан қорыққан Арғын осал демес, Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді, – деген сөз бар. Қисық Тезекұлы Найман ішінде Мұрын руының басшы адамы. 1844 жылы құрылған Көкпекті (Семей облысы) округінен аға сұлтан болыпсайланған. Сондықтан Қисықты: «Қара қазақтан шығып, хан болған» деп дәріптейді. Найман руының шежіресін өлеңмен жазған Қырықмылтық Сүлеймен би, Қисық шежіресін былай тартады:

…Көшкімбайдың баласы Тезек дейді, Тезек ұлы Қисық хан найман білген. Ұмақан, Қасен, Әлсейт, Нүрпейістер – Төртеуі хан баласы үлгі көрген.

Құнанбай, өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы Ізіқанға құда түсіп Ақылбайды үйлендірген. Үйленген Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл баласын да жеке бір ауыл етеді. Бұл кездердегі біраз жыл, Ақылбай сияқты Құнанбайдың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай атағына, нағашыларының ата аруағына масаттанатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны:

Нағашым ер Қазыбек әулие өткен, Фаниден уақыт жетіп о да кеткен. Сасқан жан жер шетінен бабам десем, Аруағы көз ашқанша келіп жеткен, – деген сияқты болатын.

Әсет Найманбайұлы (1867-1923)

   Әсет Найманбаев бұрынғы Қарқаралы уезі, Темірші болысы, 8-ауылда (қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы) 1867 жылы туған. Руы Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Майлық деп аталатын аз атадан. Әкесі Найманбай кедей шаруа болыпты. Ауыр тұрмыстың айдауымен 1875 жылы Семей қаласына көшіп келген. Кейіннен қала тұрмысына тұрақтала алмай Мақаншы ауданындағы Бақты ауылына көшіп барады. Осында Әсетті медресеге оқуға береді. Он бір жасында бірінші рет мектеп есігін ашқан зерделі бала төрт-бес жылда медресенің білімін жақсы меңгеріп алады. Медреседе жүргенде-ақ ақындық таланты ашыла бастайды. Жасы ұлғайған шағындағы бір өлеңінде ақындық өнер сапарының он үш жасында басталғанын айтады:

Елуден жасым менің белең асқан, Өлеңге он үш жастан араласқам. Қызыл тіл қимылдаса қызуымен, Текпінді терең сөзден жаза баспан…-дейді ақын

Әсеттің алғашқы ақындық қаламындағы айтатын, жазатын өлеңдерінің тақырыбы көбінесе жастық, махаббат туралы және суырып салма айтыс өлеңдер болды.

Әсет – ақындық өнерді өзгеше жоғары бағалап, табиғаттың тартқан ерекше қасиетті сыйы деп біліп, ардақтаған адам. Ақындық өнерін халқына арнаған Әсетті туған елі қадірлеп, құрметтеген.

Үйрек пен қаздай қалқып жүрмін жүзіп, Көп елде – көл жұртымда қыдыр шалған- дейді ақын.

Әсеттің ақындығы ең алдымен айтыс өнерінде танылады. «Айтыс – майдан, айтысқан ақындар майданының жекпе-жектегі батыры»- деп М.Әуезов айтқандай Әсет ақын да осы жекпе-жектен жеңіп шыққандардың бірі. Әсеттің алғашқы түскен ең үлкен айтысы – Рысжан қызбен айтысы.

Абайдың алдын көріп, ұлы ұстаз ақыннан ақындық, әншілік өнер жолында үлкен тағылым алған талантты шәкірттердің бірі – Әсет.

Қазақ даласын әнмен тербеген Әсеттің өзі өмір кешкен тұста – халқының ақберен ақыны ретінде танылғаны анық еді. Айтыс бәйгесіне түсіп жүлде алып, елге атағы шыға бастаған жалынды, албырт жас ақын, асқақ әнші Әсет ұлы ақынның, кемеңгер ақынның алдына келгенде 20 жаста болатын. Абай ауылы қазақ сахарасындағы өнер-білімнің, мәдениеттің өнегелі ордасындай еді. Сол кездегі Абайдың қасында ұдайы болған адамдары: Шаһкерім, Көкбай, Ақылбай, Мағауия, Тұрағүл, Кәкітай, Ахметбектер тобына Мұқа, Әсет келіп қосылған екен.

Әсет – Абай ағасының алдында мол тағылым алып, үлгі алады, Пушкин шығармаларымен танысады. Әсеттің «Евгений Онегин» романының оқиғасын алып, еркін аударма жасауы Абай әсері екені сөзсіз.

Көкбай Жанатайұлы (1861-1925)

Көкбай — Абайдың ең талантты ақын шәкірттерінің бірі. Ол Абаймен 1880 жылдардан бастап, жиырма бес жыл жолдас, дос болған адам. Көкбай өзінің естелігінде, Абаймен ең алғашқы рет жақындасып кетуін былай баяндайды: «Ел ішінің ақы алысып, ақы берісіп жатқан сиезі еді. Мұны өткізуге Семейден Лосовский деген ояз келіп еді. Сол бір ісімді жақтырмай, мені ел кісілерінің ортасында тұрғанымда, стражниктерін (атарман) жіберіп жазаламақшы болды. Әлгілер ерікке қоймай, әкетіп бара жатқан соң, қасымда еріп жүретін өлеңші жігіттерім бар еді, солардың біреуінен Абайға бір ауыз өлеңмен сәлем айтып жібердім. Ол кезде ән салып, өлең айтатұғым, қасымдағы жолдастарым да сондайды әдет қылатын. Оязға әкелген соң, Абай да келді де: «Жазығы не?» деп істің жөнін сұрады. Содан кейін Лосовский: «Бұған біреу басшылық етіп, тәрбиесіне алмаса, мына елдің ортасында арызқой, пәлеқұмар болып, бұзылғалы жүрген адам. Сен тәрбиеге алып, міндетті болып, түзетемін десең, берем. Әйтпесе жазаға ұшырайтын ісі бар», — деді. Абай маған кепіл болып алып шықты. Осыдан кейін Абайдың жолдасы болдым. Жолдастығым 25 жылға созылды. Жаңағы оқиға 1880-жылдардың шамасында болып еді. Содан кейін қыс болсын, жаз болсын, Абай ел араласа, қасында жүріп, ауылына келсе, үйінде бірге жатып, айырылыспайтын болдық. Абайдың қасында ай жүріп, ай жарым жүріп келіп, бір әредік толас болғанда ғана өз үйіме бір жұма, көп болса, он күнге рұқсат алып келіп, артынан қайта барамын», — дейді (Абай. Толық жинақ,. 1933, 387-бет). 1880 жылы Көкбай жиырмаға жаңа аяқ басқан жас жігіт еді. Оның табиғи талантын сол кезде-ақ таныған Абай, ел ішінің лаулап тұрған дау-шарының ортасынан алып шығып, Көкбайға қамқор аға болған. Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы, қазіргі Семей облысы, Абай ауданында туған. Тобықты ішінде Көкше руынан. Көкбайдың үшінші атасы — Есбай, Көкше ішіндегі жуан ата саналады. Есбайдың бес баласы: Сарымсақ, Сапақ, Жамантай, Көбентай, Бәйтен. Бұлардың бесеуі де, шетінен ділмар, шешен әрі пысық болып, «Есбайдың бес жүйрігі» атанған. Сапақтың баласы — Қаратай шешен, Құнанбаймен тізелес, Көкшенің ру басы адамы. Жамантайдың баласы — Жанатай. Жанатайдан — Көкбай. Жанатай да сөзге шешен, орта дәулетті, пысық адам болады. Ел басқару ісіне араласпайды. Қаратай сияқты Көкшенің ру басылары Құнанбаймен бірде дос, бірде жау болып жүрсе де, Жанатай Құнанбаймен тату болып, оған арқа сүйеп, өмір бойы одан қол үзбеген деседі. Көкбай он жасынан бастап, он бес жасына шейін, Төлетай деген молладан оқиды. Он бес жасында оқуды тастап, бозбалалық құрып, ойын-сауық, той-думан қуып кетеді. Ән-күйге, өлең-жырға құштар, талапты жас Көкбай, домбыра тартып, ән салып, өлең айтып, ауыл арасының ойын-сауығынан қалмайтын болады. Жас кезінен ширақ, пысық, өткір тілді, өжет әрі тентектеу де болыпты. Кісінің мінез-құлқын, жағымсыз қылығын, ұнамсыз жүріс-тұрысын әзіл-қалжың етіп, қолма-қол суырып салып өлең шығаруға жас күнінен бейім болады. Көкше ішінде Балтай, Қаракүшік дейтін руының биі, атқамінер ақсақалы Төребай деген адамды ажуа етіп шығарған Көкбайдың бір ауыз өлеңі елге тарап кетеді:

Көкекте күн ұзайды жазға бастап, Болады сонда Төкең үйден қашқақ. Үйінде жалғыз турам дәм болмайды, Барғанда кісі үйіне сондай асқақ.

Мағауия Абайұлы Құнанбаев (1870-1904)

    Мағауия Абайұлы – ұлы ақынның Ділдәдан туған кенже баласы. Жасында молдадан оқығаннан кейін, Семейдегі Городское училище деген орысша мектепке оқуға түседі. Онда екі-үш жыл оқығаннан кейін науқасқа шалдығып, оқи алмай ауылға қайтады. Қаладағы дәрігерге қаратқан Абай баласының осыдан кейін қалада қалуына болмайтынын білген соң ауылына алып қайтады да өз тәрбиесіне алады. Әкесінің касында жүріп, ол да өздігінен ізденіп білімін толықтыра береді. 1886-1887 жылдары өз ауылындағы мектеп-медреседе оқып, білім алды.

Әкесінің ақындық қасиетін қадірлеп, өзі де ақындыққа беріледі. Дәл осы кездегі Абай жайын жазушы М.Әуезов былай сипаттайды: «Бұл кездегі Абайға – ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар, әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек болып танылады. Ол надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты халық үстіндегі атқамінерлер мінезімен мықтап тұрып алысуға кіріседі. Абайды кейінгі тарихқа және сол кездегі еңбек еліне, көпшілікке, саналы жастарға нағыз қадірлі Абай етіп көрсететін еңбегі өркендейді. Өлең сөзін, поэзияны, әлеуметтік тартыстың құралы етеді, оны сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Зұлымдық, надандықпен кектене алысады», – дейді.

Жасы он жетіге келген, қалада оқып, орыс мектебінің тәлім-тәрбиесін көрген, зерделі, алғыр ойлы, табиғи талантты Мағауия Абайдай ұлы ұстаздың саналы шәкірті болып көп тағылым алған. Ол өз бетімен білімін онан әрі дамытып, орыстың ұлы жазушыларының, ғалымдарының еңбектерін зер сала оқиды. 1889 жылы Түмен қаласындағы реальное училищесін бітірген соң, Петербургте оқып жүрген Әбдірахманның да Мағауияға көрсеткен көмегі көп еді.

Осы жылдар Абайдың ақындық атағы кең жайылып, айналасына талапты жастар жиналып, Абай ауылы өз тұсында мәдениет ордасына айналған кез болатын.

Сексенінші жылдардың аяқ кезінде ақын, ойшыл, музыкант Абай халық жақсы білетін әрі аса қадір тұтатын кісі болды. Оған тіпті алыс жерлерден ақындар, музыканттар, жыршылар келетін.

«…Мұқа, Ақылбай, Кәкітай, Мағауия сияқты жас талантттар, ақындар, жыршылар Абайдың төңірегіне топталады. Олардың кейбіреулері Абайдан үлгі алып, өздігінен білімін көтереді, орыс әдебиетін оқып үйренеді, – дейді М.Әуезов.

Мағауия әкесінен үлгі-өнеге, мол тағылым алған, ұлы ақынның жолын қуған, білімді, мәдениетті, саналы шәкірті, талантты ақын. Он алты-он жеті жасынан қолына қалам алып, өлең жаза бастаған. Оның жазғандарынан Абай өнегесі айқын танылады. Айтпақ ойын, сезім-сырын ақын тілімен суреттеп жеткізу, тақырыптан ауа жайылмау, «бөтен сөзбен сөз арасын былғамау» деген Абайдың ақынға қоятын шартын, Мағауия әуелден берік ұстаған ақын.

Мұқа Әділханұлы (1857-1927)

Мұқа — Абайдың сегіз қырлы өнерпаз, талантты шәкірттерінің бірі. Ол – асқан домбырашы, шебер скрипкашы әрі әнші, әрі ақын. Мұқаның өнерін Абай калай бағалап, оған қалай қамқорлық еткенін Мұхтар Әуезов былайша сипаттайды: ”Абай жалғыз өсиетін қанағат қылмай, жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, көбіне музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны қолында ұстайды.

Мұқа Абай еліне кеңшілік жай емес, қысылшаң хал үстінде пана тілеп барған еді. Өз ағайынының біреуінен қалған жесір әйелге ғашық болып, соны әмеңгеріне тигізбей алып қашады да, Абай ауылына барады. Бұл кеткен соң, жуан ағайыны артындағы үйін шауып алып пәле басталады. Абай сондайлық ауыртпалығына қарамай, Мұқа мен келіншекке ара түсіп, бастарына азаттық әперіп, артын өзі жайғастырып, өнер иесі Мұқаны өзіне дос етіп, туыс етіп алады”, — дейді. Ал, енді қысқаша болса да, Мұқаның нақты өмірбаянына тоқталайық.

Мұқа Семей облысы қазіргі Жаңасемей ауданында, Уақ ішінде Жарқын, Жарқыннан Төрехан, Әділхан, Өзбехан, Қарахан деген төрт ұл болған. Біз Мұқаның өмірбаянына қатысы бар Жарқынның екі баласының ғана ұрпағын баян етеміз. Олар Әділхан, Қарахан; Әділханнан Қайырхан Мұқа (шын аты Мұхаметқанафия) және Мәлімғаждар, Қараханнан Әлімхан, Қасымхан; Қасымханнан Қайсахан, Қожахан, Алшынбай.

Мұқа ауыл молдасынан оқып сауатын ашқан соң табиғатынан талантты, ән-күй, өлең-жырға құштар жастың бар ынта-жігері өнерге ауады. Әкесі Әділхан немере ағасы Үрістемнен (Өзбекханның баласы) екеуі де ірі домбырашы екен. Солардан үйренген домбыра өнерін місе тұтпаған талапты, талантты жас биікке қол сермеп, өнер-білім іздеуді көксейді. Әкесі оны алысқа жібергісі келмейді.

Бұл ауылдар жаз шыға Семейден 25-30 шақырым Балта-тарақ дейтін жерге көшіп келіп, егін салады екен. Әкесі Мұқаны соқа атына мінгізбек болады. Бар ынтасы музыка өнеріне ауған Мұқа, ауылының калаға жақын жерге көшіп келуін пайдаланып, бір-ақ күнде Семейге кашып кетеді. Қаланы тұңғыш көрген ол көшені аралап жүргенде, бір үйде тартылып жатқан әсерлі күй естиді де, күй тартушыны көруге құмарланып үйге кіріп барса, ол — қонақ үйі екен. Күй тартып жатқан сол қонақ үйдің музыканты, скрипкашы – Ғарифолла деген татар болады.

Мұқа Ғарифоллаға жабысып, айрылмай скрипка ойнауды үйретуін өтінеді. Сөйтіп, әркімнің үйіне қонақтай жүріп, Ғарифолладан скрипка үйренеді. Әкесі баласының музыкаға әбден ауып кеткенін білген соң, оған қаладан пәтер үй алып береді. Ғарифолладан бастап, сол замандағы Семей қаласының музыканттарымен танысып, әсіресе, скрипка ойнау өнерін меңгеріп алады. Осы кезде Мұқа Абайдың өлеңдерін қолжазбалар арқылы оқып танысып, Абай әндерін домбыра, скрипкаға қосып айтып жүреді. Енді сол Абайдың өзін көріп, жүздесіп, лебізін естісем-ау деп ынтығып, арман етеді.

Тайыр Жомартбаев (1884-1937)

Абай мектебінен тәлім, өнеге алып өскен талапты жастардың бірі – Тайыр Жомартбаев. Тайыр Жомартбаев – жазушы, драматург 1884 жылы Семей облысы, Абай ауданы, Мұқыр ауылында дүниеге келген. Әкесі Жомартбай: ескіше сауатты, көңіл көзі ашық, абыройлы адам еді. Жомартбайдың бәйбішесінен жеті ұлы болған. Балаларын жас ретімен атасақ, тұңғыш баласы Сәрсенбай, одан кейінгілері: Ибраһим, Хасен, Ғабдолла, Шамали, Тайыр және Төлеубай. Сөйтіп, Тайыр – Жомартбайдың алтыншы баласы.

Болашақ педагог-ақын Тайыр Жомартбаевтың алғашқы тәлім алған ұстазы – Абайдың ақын шәкірті, адал досы Көкбай Жанатаев болды. Алғашқы білімді Көкбай медресесінен алған Тайыр араб, түркі және орыс тілдерін үйрене бастайды. Тайырдың ағасы Хасен, жақсы көретін інісін Семей қаласына әкеліп, қалада тұратын жақын туыстарының үйіне орналастырып, медресеге оқуға түсіреді.

Тайыр Семей медресесіндегі оқуын тәмамдағаннан кейін, одан әрі оқуды ойлайды. Сол кездегі әйгілі оқу орны – «Медресе-Ғалияға» түсіп оқуды армандайды.

«Медресе Ғалия» – Еділ бойында, Орта Азия, Қазақстанда жоғары білімді оқытушы мамандар даярлаған прогрестік бағыттағы оқу орны. Өйткені, «Медресе-Ғалияда» – шығыстану пәндері, логика, философия, тарих, география, математикамен қатар орыс тілі, орыс әдебиеті оқытылған.

Талапты жас Тайыр өнер-білім қуып, Уфа қаласына барып, «Ғалия» медресесіне оқуға түседі. 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басында «Медресе-Ғалияда» көптеген талапкер қазақ жастары оқыды.

Тайыр Жомартбаев 1911 жылы Медресе Ғалияны бітіріп, сол медреседе өзімен бірге оқып шыққан Адығия Фахирисламқызына үйленіп, Семей қаласына келеді.

Семейде бұрын Заречная слободка деп аталған, қазіргі Жаңасемей бөлігінде 1910 жылы ашылған мұсылман мектебі болатын. Тайыр сол мектепте ер балаларға, әйелі қыз балаларға сабақ береді.

Тайыр жаңашыл мұғалім ғана емес, мәдени-ағарту ісіне белсене ат салысқан, сол кездегі белгілі мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің қатарында болған адам.

Тайыр Жомартбаевтың өлеңмен жазылған «Балаларға жеміс» атты кітабы Семей қаласында 1912 жылы «Жәрдем» («Ярдам») деп аталатын баспаханадан басылып шықты.

Ұстаз ақын жас ұрпақты оқуға шақырып, өнер-білімнің пайдасын, қадір-қасиетін баланың құлағына жағымды, көңіліне қонымды етіп әсерлі көркем суреттеп берді. Ақын өлеңдері: жас буынның сана-сезімін оятып, көңіл көзін ашып, адамгершілікке, ізгілікке, мейірімді, бауырмал болуға, адалдыққа, еңбекке баулып, тәлім-тәрбие жемісін беруге арналған.

Тұрағұл Ибрагимов (1876-1934)

    Тұрағұл – Абайдың екінші әйелі Әйгерімнен туған баласы. Ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. Кейіннен өзі ізденіп орысша, арабша білімін жетілдірген. Ауылында болыс болған. 1917-20 жылдары Семей өңіріндегі алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі жауапты қызметтер атқарған. Тұрағұл жасынан әкесінің қолында тәрбиеленген. Сондықтан Абай өлеңі қай кезде жазылып, кімге арналғанын жақсы білген. Ол Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петербургте басып шығарған. Тұрағұл Абай мұрасын жинастыруда, аса құнды мағлұматтар жазып, қалпына келтіруде көп еңбек сіңірді. Ол М.Әуезовке «Әкем туралы» деген көлемді еңбек жазып берген. Тұрағұлдың осы еңбегін жазушы М.Әуезов жоғары бағалап: «ғұлама ақынның өмірбаянына қатысты мол мағлұматтарды осы кісіден артық ешкім берген жоқ, оларды керекті жеріне кірістіріп, түгел пайдаландық» деп, жазып кеткен еді. Тұрағұл ақын болумен қатар, домбыра, скрипкада шебер ойнаған. Оның қызы, әнші Мәкен әкесінен үйренген Абайдың 17 әнін нотаға жаздырған. Ол А.М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып бастырды. А.Неверовтың «Мен өмірге жерікпін» (1927), Д.Лондонның «Балалық туралы ертегі» (1927) және «Балалы әйел нені білу керек» (1927) деген ғылыми-медициналық кітапшаны аударып, бастырып шығарған. Тұрағұлдың өз ағасы Әбдірахманға арнаған тағы басқа өлеңдері Абайдың қорық-музейі қорында сақтаулы. Белгілі ғалым Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» атты үш томдық кітабында 1917 жылы Тұрағұл Абайұлы Алаш партиясының Семей облыстық комитетіне мүше болғанын, алайда оның Алашорда үкіметіне қызметіне байланысты мәселенің түбегейлі зерттелмегенін ескертеді. Тұрағұл Абайұлының Алаш тілегінде болып, оны ашықтан-ашық қолдап шығуы 1916-1917 жылдардағы Ресейдегі саяси оқиғалар кезінде айқын байқалады. Ұлт тағдыры үшін Тұрағұл да шет қалмаған. Ол Алаш партиясының басшылары Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасовтармен бірге Семей облысының уездері мен аудандарында Алаш партиясының ұйымдарын құруға белсене араласқан. Тұрағұл Абайұлы Алашорда үкіметіндегі саяси маңызы зор істерге үнемі араласып отырғанына оның Алаш атты әскерін құрудағы қызметіне қатысы дәлел болады. 1918-1919 жылдары ел іші ақ пен қызылға бөлініп, азамат соғысы жүріп жатқан кезде Алашорда үкіметінің атты әскері мен милициясы қара халықты көптеген қантөгістерден қорғап қалуға көмек болғанын қазіргі алаштанушы ғалымдар ашық айтады. Сонымен бірге, Семейде Алашорда үні болған «Сарыарқа» газетінде Алаш атты әскерінің алғашқы жеңістері туралы: 1918 жылы Алтай губерниясы бағытында бльшевиктерді өкшелей қуған Алаш әскерінің жеңіспен оралғаны, бұл әскерге Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Қаражан Үкібаев тағы басқалары қатысқанын айтады. Алаш қайраткерлерінің бірі Тұрағұл Абайұлы 1934 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында қайтыс болды.

Әдебиеттер тізімі:

Тұрағұл Абайұлы // Абай. Энциклопедия.-Алматы: «Атамұра»,1995.-555 б. Әс-Сем Тұрағұл Абайұлы айыптау құжаттары // Абай.-2007.-№ 1.-86-88 б. Ерсәлімұлы Б. Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары туралы.-Семей.-Ғалам-Шар,2005.-416 б. Кенемолдин М. Тұрағұл және Алашорда үкіметі // Семей таңы.-2008.-24 сәуір.-3 б.

3. Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат

... Жалпы айтқанда, сөздің  мағыналы, яки мағынасыз болмағы  шарт. Алғашқысының ішінде кейі  қарапайым, басқалары күрделі келмекші. Күрделі сөздің жай айтылуы да, тұспалмен жеткізілуі де мүмкін, әуелгісінің кейбірі көкейден шығады да, кейбірі олай емес. Ой көрігінен сомдалып шыққан сөздің шынайысы да, жалғаны да болады. Жалған айтылғанның ішіндегі кейбірі сөз барысында тындаушының зердесінде бейнеленіп, сонымен тікелей тұспалданса, басқалары бейнеленетін затка байланысты ойда еліктеу туғызады, соңғысы жай поэтикалық қуаттың әсері. Еліктеудің кейбірі жетілген, кейбірі түбегейлі жетілген. Екеуінің жігін ажыратып зерттеу акындар мен поэзия білімпаздарының міндеті, көптеген тіл мен диалектіде бұл хақында әр түрлі шығармалар жазылған.

Бүдан әрі ешкім "софистика" мен "еліктеу" екеуін теркіндес  санамауы тиіс. Керісінше, олар кейбір арақатыста ерекшеленсді. Ең алдымен олардың мүддесі әртүрлі: софист тындаушы санасында болмыстан тыс, оған қайшы қайдағы бір елес туғызады; сондықтан ол бар нәрсе жоқ, жоқ  нәрсе бар деп ойлайды; ал оған қарама-қарсы еліктеуші тындаушысына үйлесімге орай ой түюге жетелейді. Оған сезім шарапатын тигізеді.

Біз грек поэзиясы түрлеріне тоқталамыз. Грек поэзиясы мен сипаттағандай, төмендегі топқа бөлінеді:

1.  Трагедия

2. Дифирамбы

3.  Комедия

4.  Ямб

5. Драма

6.  Эпос

7. Диаграмма

8.  Сатира

9.  Поэмата

10. Эпос

11.  Риторика

12. Амфигеноссос (космогония)

13.  Акустика

Трагедия дегеніміз - арнайы өлшемі бар, бәріне тындаушыға һәм айтушыға да ләззат беретін поэзия түрі. Онда еліктеуге тұрарлык, үлгі алар орайлы оқиға бар; онда билеушілер мен шаһар манаптары марапатталады. Орындаушылар әдетте оны патшазадалар алдында келістіріп айтып береді. Егер патша өлсе, олар трагедияның орнына кейбір әуен қосып, марқұмды жоқтайды.

Дифирамбы - трагедиядан екі есе артық өлшемі бар поэзия түрі. Онда да жалпы бекзаттар жайлы, марапаттарлық мінез, адамзатқа тән ізгі жайлар айтылады. Дифирамбыда да көбіне қайсыбір патшаларды мақтауға талпынады, бірақ негізінен жалпы ізгі істер тілге тиек етіледі.

Комедия болса ерекше өзіндк өлшемі бар поэзия түрі. Оған кейіпсіз, келеңсіз жайлар арқау болып, жеке адам мінез-құлқының көлеңкелі көріністері шенеледі. Кейде адам мен хайуанға тән құлыктың, сонымен катар сыртқы ұсқынсыз тұрпаттың нышандары келемежделеді.

Ямб - ерекше өлшемі бар жыр түрі. Онда жалпыға мәлім жағымды, жағымсыз жайлар айтылады, ең бастысы, ол көпшілікке кеңінен аян болуы тиіс...

Драма - алдыңғы түр сияқты, оған жеке есімдерге қатысты мақалдар мен қанатты сөздер кіреді.

Эпос - мейлінше көркем немесе әдеттен тыс эмоциялық күшімен ләззат беретін поэзия түрі.

Диаграмма - заң шығарушылар қолданатын поэзия түрі. Онда адамдар жанын күтіп тұрған бақи бақытсыздык бейнеленеді.

Эпика мен риторика - ежелгі басқару мен заң формаларын жырлайтын поэзия түрі. Бүнда патшалардың парасаты мен ерлігі, жорықтар мен бастан кешкен қызықты жайттары айтылады.

Сатира дегеніміз - музыканттар ойлап тапқан поэзия түрі. Осы өлшемді олар әндеріне пайдаланып, сол арқылы жабайы хайуандарға әдеттегісіне ұқсамайтын сан алуан қимыл жасатады.

Поэма да - сұлулық пен тұрпайылықты, жүйелілік пен бейберекеттікті жырлайтын поэзия түрі. Осы орайда, әр поэзияның түрі өзі жырлайтын затқа - сұлулық пен әдемілікке, келістілік пен ұсқынсыздыққа сәйкес келеді.

Амфигеноссос - жаратылыс ғылымдарын баяндайтын оқымыстылар ойлап тапқан поэзия түрі. Поэзияның барлық түрінен өлең өнеріне дәл келетін ең сәттісі осы.

Акустика – шәкіртті музыка өнеріне үйрететін поэзия түрі: оның пайдалылығы осымен шектеледі, өзгеге онша қажеті жоқ.

Акындарды үш топқа бһөген абзал. Біріншісінің табиғи дарыны, өленді жазып, келісті оқуға қабілеті бар: олар поэзияның көптеген түрінде, не қайсыбір жеке түрінде бейнелілікке, тамаша тсңеулер құуға керемет бейім. Бұ акындар қандай болғнда да өлең өерінің сын-сипатымен онша таныс емес, тек аса алғырлығы мен бейімділігі арқасында жырлары үшкыр, жүрекке жылы тиіп жатады. Бұ ақндардың туындылары мүлде кемеліне келмегендіктен һәм өнерден берікқоныс теппегендіктен, шын мәніндегі екі ой қорытындысынан үшінші қорытынды туындататындар катарына жатпайды; тек олардың жалпы поэзиямен айналысатынына қарап, екі ой қорытындысынан үшінші қорытынды туындататындарға қосқанның жөн-жосығы келеді.

Екінші топтағы ақындар - өлең өнерімен толық таныс: қай тәсілді тандамасын олар қағиданың да, бейнелеу құралының да қайсысына болсын жетік келеді. Бұндайларды екі қорытындыдан үшінші қорытынды жасайтын акындар сапына толық жатқызуға болады.

Үшіншілердің қатарына - ақындар мен алғашқы екі топтағының шығармаларына еліктейтіндер жатады. Олар бейнелеу мен теңеуде әлгілердің ізденістерін дамытып отырса да, поэзияның  қағидаларына онша қанық емес. Осындай ақындарда қателіктер мен мүлт кетулер жиі болып тұрады.

Үшінші топқа жататын  ақындар шығармалары табиғи дарынмен немесе арнайы жаттығу жағдайында туындауы ләзім. Жоқтау жазуға икемделіп, төселген адамды кейде жағдай сатира немесе басқа поэзия түрлерін де жазуға мәжбүр етеді. Сондай-ақ өнерді зерттеп, белгілі поэзия түрін меңгеріп, басқаларға немқүрайды карамайтын жанды, ерекше себептерге байланысты - өзі білмейтін түрде жазуға сыртқы, не ішкі жағдай итермелейді. Дегенмен, ғажап поэзия еркіндікте тумақ.

Одан әрі ақындар өлең жазуда кемелденгендігімен, не баландығымен айрықшаланады3.

Өнер біліктілері мен суретші арасында кейбір сәйкестік бар екенін еске сала кетеміз. Өлең өнері - сөзбен, ал живопись (жанды жазу) енері -бояумен кұлпырады, олар осымен ғана бөлек; ал іс жүзінде екеуі де ұқсас: екеуі де адам сезімі мсн ойына еліктеудің көмегімен әсер етеді.

Сонымен өлең өнері ілімінің жетістігін зерттеу үшін осындай жалпы қағидалардың пайдасы бар. Осыларды жеріне жеткізе талдауға да болар еді: тек ондай қарекет аталмыш өнерде басқа онердің есесінен бір жаксы мамандануға ұрындырады; сол себепті ол бұл тұжырымның үлесіне жатпайды.

 

 

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]