Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД Эпиз каз.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.86 Mб
Скачать

Пастерелез. Микоздар және микотоксикоздар. Шешек

Пастереллез (Pasturellosis, геморрагиялық септицемия) жіті өткенде өлітиюдің белгілерімен, ал жітілеу және созылмалы кезінде негізінен өкпенің қабынуымен ерекшеленетін сүтқоректілер мен құстардың көптеген түрлері ұшырайтын жұқпалы ауру.

Аурудың жұқпалы екендігін дәлелдеуге 1878 ж. Болингердің сиырдың пастереллезін сипаттауы негіз болды. Пастереллез дүние жүзіне кең тарған. Әдетте оқтын-оқтын байқалып, созылмалы түрде өтеді. Бірақ ауруды өршітуге ықпал ететін факторлардың әсерінен індет түрінде кең жайылады.

Қоздырушысы – Pasteurella multocida – морфологиялық жағынан жануарлар мен құстардың пастереллездерінің бір-бірінен айырмашылығы жоқ, грамтеріс, қозғалмайтын, спора түзбейтін, жеке-жеке, кейде жұпталып, сирегірек қысқа тізбек түрінде орналасатын бактерия.

Пастереллезге үй және жабайы сүткоректілер мен құстардың барлық түрлері бейім. Онымен адам да ауырады. Тауық пен үй қоянында ауру індет ретінде байқалады. Басқа жануарларда індет түрінде таралағанымен де, мұндай жаппай ауру онша жиі байқалмайды.

Ауру қоздырушысының бастауы пастереллаларды алып жүретін аурудан жазылған жануарлар (жылдан астам болуы мүмкін).

Пастереллездін індеттік ерекшелігі оның бір жерге орын теуіп, энзоотия ретінде байқалып, тұрақты індет ошағының қалыптасуы. Жануарлар мен құстар пастереллезді аэрогенді және алиментарлы жолмен жұқтырады.

Дерттенуі. Енген орнында микроб өсіп-өніп, сөлмен қанға өтіп, септицемияны тудырады, соның салдарынан көп жағдайда жануар 12-36 сағат өткенде өледі. Дерттің өрбіп денеге жайылуы барысында пастереллалар фагоцитозды тежеп, улы заттар бөліп шығарады және оның нәтижесінде капиллярлардың жаппай зақымдануы байқалады. Бұлардың нәтижесінде тері асты және бұлшық еттер арасындағы шел ауқымды мөлшерде домбығуға шалдығып, геморрагиялық диатез пайда болады.

Өтуі және симптомдары. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін. Жануарлардың әр түрінде пастереллез аса жіті, жіті, жітіден төмен және созылмалы өтеді.

Сиыр мен буйволда пастереллездің аса жіті түрі кезінде дененің ыстығы кенеттен 41-42°С дейін көтеріліп, өлітиюдің белгілері байқалады. Кауырт өрбіген кезде жүрек қызметінің жетімсіздігінен, өкпенің домбығуы мен қан аралас іш өтуден жануар бірнеше сағат ішінде өліп кетеді. Тіпті бұл белгілер білініп үлгірмей-ақ малдың өліп кетуі мүмкін.

Пастереллез жіті өткенде, ыстығы 40°С-ка жетеді, не одан да жоғарылайды. Қаңсары кұрғап, суынады. Күйіс қайыруы тоқталып, сүті қайтады. Аурудың бас кезінде ішек пен қарыннын қозғалысы, тезек тастауы баяулайды. Кейіннен нәжісі сұйылып, фибрин мен қанды жалқақтар араласады. Кейде танауынан қан ағып, көзі қанталап, жіті коньюнктивит өрбиді, несепте қан болады. Жануарларда өлі тиюдің айқын белгілері мен жүрек кызметінің жетімсіздігі байқалып, 1-2 тәуліктің ішінде өліп кетеді.

Қойдың пастереллезі жіті өткенде бұл ауруға тән өлітиюдің клиникалық белгілері сирек байқалады. Дененің ыстығы көтерілуі мен жалпы күйзеліске ұшырауымен қатар алдыңғы тұла бойында тері астындағы шелі домбығып фибринді пневмония өрбиді. Мал әдетте 2-5 күн ішінде өліп қалады.

Жітілеу және созылмалы өткенде баяу фибринді пневмониянын белгілері, кератит, ринит, артрит байқалады, мал тез арықтайды. Р.haemolytica қоздыратын пастереллез кезінде пневмония жиі байқалады да, мастит сирек кездеседі.

Патанатомиялық өзгерістер аурудың ұзақтығы мен клиникалық түріне байланысты болады. Аса жіті және жіті өткенде өлген жануарлардың көптеген ағзаларында, кілегейлі және сірі қабықтарында геморрагиялық диатезге тән жаппай қанталаған өзгерістер кездеседі. Көк бауыр аздап домбығады. Сөл түйіндері ісініп, қара кошқыл түсті болады. Тері асты шелінде, әсіресе аурудың домбыққан түрінде, денесінің әр жерінде сарысулы-фибринді жалқақтар болады.

Балау. Пастерелезді індеттанулық деректер, клиникалық белгілері, патанатомиялық өзгерістер негізінде, міндетті түрде бактериологиялық тексеру жүргізіп анықтайды.

Зертханаға емделмеген малдың өлексесінен өлгенінен 3-5 сағаттан қалдырмай көк бауырдың, бауырдың, бүйректің, кесінділерін, өзгеріске ұшыраған өкпенің телімін сөл түйіндерімен қоса және жілігін жібереді.

Емі. Ауырған жануарды бөліп алып жылы, құрғақ үйшікке орналастырып, жұмсақ төсеніш төсеп, кұнарлы жемшеппен қоректендіреді. Микробтарға қарсы ем ретінде антибиотиктер мен сульфаниламидтерді қолданады. Пастереллезбен ауырған құсты емдемейді.

Пастереллезбен ауырып жазылған жануарларда 6-12 айға иммунитет қалыптасады. Бұл аурудың алдын алу үшін бірнеше өлтірілген вакциналар колданылып келді.

Пастереллезді болдырмау үшін сау шаруашыпықтарды ауру қоздырушысын ауырған мал және пастерелла алып жүрушілер, жемшөп, т.б. арқылы әкелуге жол бермеу керек. Әсіресе малды бағып күтудегі санитариялық-зоогигиеналық талаптардың орнындалуына ерекше көңіл бөлінеді.

Жануарлар мен құстардың қай түрінде болмасын пастереллез байқала қалған жағдайда шаруашылыққа шектеу шараларын енгізеді.

Шаруашылықтан шектеуді ең сонғы ауру байқалғаннан кейін барлық малды еккен соң 14 күн өткенде, қорытынды дезинфекция жасап барып алады.

Микоздар және микотоксикоздар

Бұл топқа 12 ауру кіреді, олар:

  1. Дерматомикоздар, оларға: Трихофития, микроспория және фавус аурулары жатады

  2. Аспергиллез

  3. Стахиоботриотоксикоз

  4. Актиномикоз

  5. Микотоксикалық дерматит немесе стрептотрикоз

  6. Нокардиоз

  7. Кандидомикоз /молочница деп атайды/

  8. Криптококкоз

  9. Кокцидиоидомикоз /Калифорниялық ауру/

  10. Хлавицелетоксикоз /Бандала/

  11. Фузариотоксикоз

  12. Індеттік лимфангит

Трихофития (Trichophytia) – терінің суланып қабынуы нәтижесінде орны шектеулі, беті қабыршақтанып зақымданған ошақтардың пайда болуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру.

Трихофития мен микроспория өте ұқсас болады және бұл екі ауруды қысаға (орысша-стригущий лишай) деп атайды. Бірақ екеуінің қоздырушысы екі бөлек. 1841ж. Груби микроспорияның, ал 1845ж. Малмстен трихофитияның қоздырушысын ашты. А.Х.Саркисов (1971) әлемде бірінші рет трихофитияға қарсы ТФ-130 вакцинасын даярлады.

Қоздырушысы - жетілмеген саңырауқұлақтар Fungy imferfecti тобына жататын Trichophyton туыстастығының өкілдері. Ашатұяқтыларда аурудың негізгі қоздырушысы Тrісhорhуtоn verrucosum, жылқыда - Тr.eguinum, түйеде - Тr.sarcisovi, терісі бағалы аңдарда, қоян, теңіз тышқаны және басқа кемірушілерде Тr.mentagrophytes.

Трихофитиямен барлық мал түліктері, құстар, терісі бағалы аңдар, тышқан, егеуқұйрық, жабайы аңдар ауырады. Жас жануарлардың сезімталдығы жоғары болады да, ауруға тез шалдығып, клиникасы көбінесе асқынған түрде кездеседі.

Ауру жылдың барлық мезгілдерінде кездессе де, қыста жиі байқалады. Ауру қоздырушысының негізгі бастауы - ауырған жануарлар. Олардан инфекция тікелей жанасу немесе әртүрлі заттар арқылы беріледі.

Трихофитондар тері мен жүннің эпидермисінің мүйізді қабатында болатын ақзат - кератинге әуес блып, сонда тез өсіп-өнеді. Бұл микроб әртүрлі токсиндер мен кератинді ыдырататын ферменттер бөліп шығарады. Олар терінің мүйізді қабатын жұмсартып, қабыну процесін тудырады, жүннің фоликуласына өтіп, кутикуланы, жүннің ішкі қынабын бүлдіріп, жүн талшығының қоректенуінің бұзылуына және оның түсіп қалуына әкеп соғады.

Инкубациялық кезеңі 6-30 күн. Теріде шеті айқын жиектелген, беті ақ таңдақ, сұрғылт түсті дөнгелек дақтар пайда болады. Зақымданған жердің, түгі алғашында ұйпаланып, кейіннен қырқылып, тақырланады. Ондаи ошақтардың бетінде асбест түсті сұрғылт қабыршақтар пайда болады.

Сиырда қабыршақтанған дақтар көбінесе басы мен мойынында, сирегірек тұла бойы мен арқасында, бауыры мен құйрығында кездеседі. Алғашқы дақтар мандайында, көзінің айналасында, езуінде, құлақтың түбінде байқалады. Ал ересек жануарларда қабырға үстінде пайда болады.

Ит пен терісі бағалы аңдардың басы мен мойыны, сирақтарының терісі зақымданады. Бұл хайуандардың арасында иттің терісіне түсетін дақтардың қабыршақтары қалың болады.

Балауды клиникалық белгілері мен індеттанулық деректердің негізінде қояды. Күдікті жағдайда микроскопия жасалынады. Қажет болғанда арнаулы ортаға сеуіп, өсін алып, микологиялық зерттеулер жүргізеді.

Емі. Ауырған жануарды оқшаулап, бөліп алады. Қабыршақтарды жұмсарту үшін вазелин немесе балық майын жағып, 1-2 күннен кейін сыдырып алады. 5-10% салицил майын, 10% салицил спиртін, 10% йод тұнбасын немесе "Ям" сүртпе майын жағады. Жемге қосып 20 мг/кг/ ұсақ жануарларға 4 мг/кг /мөлшерде 10-15 күн бойы гризеофульвин береді.

Өзіне тән препарат ретінде емдік мақсатпен трихофитияға қарсы вакциналар қолданылады. Вакцинаның емдік дозасы дауалық максаттағысынан екі есе жоғары.

Ауырып жазылған жануарларда куатты белсенді иммунитет қалыптасады. Олар трихофитиямен сирек жағдайда ғана қайтадан ауырады.

Өзіне тән дауалық және емдік мақсатпен келесі вакциналар қолданылады: сиырға - ЛТФ-130, ЛТФ-130 К, жылқыға - СП-1, қойға трихоовис, терісі бағалы аңдар мен үй қоянына - ментовак, түйеге - камелвак. Сонымен қатар кейінге жылдары КазНИВИ-де шығарылатын «Үш вак» атты вакцина шығарылып, өндірісте қолданылуда.

Трихофитияның жалпы дауасы мал фермасында ветеринариялық-санитариялық ережелерді сақтау, малды дұрыс күтіп, азықтандыру, қора жайда ретті түрде дезинфекция, дератизация жұмыстарын жүргізуге саяды.

Ауру шыға қалған жағдайда шаруашылықты сау емес деп жариялап, жануарларды бір табыннан екінші табынға ауыстыруға тиым салады.

Шаруашылық соңғы ауырған мал жазылған соң 15 күн өткенде, қорытынды дезинфекция жасап барып, сау деп есептеледі.

Микроспория (Мicrosporosis) – терінің қабынып, экссудат бөлініп, беті қабыршақтанып ошақтануы арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру.

Қоздырушысы - Microsporum туыстастығына жататын саңырауқұлақтар.

Микроспориямен мысық, ит, жылқы, терісі бағалы аңдар, шошқа, тышқан, егеуқүйрык, теңіз тышқаны ауырады. Қолда /зоопаркте/ ұсталған жабайы жануарлардың ауырғаны сипатталған. Сиыр, қой-ешкі өте сирек ауырады. Микроспория адамға жұғады. Ауру жылдың кез келген маусымында байқалады. Сөйтсе де терісі бағалы аңдарда көктем мен жазда, жылқыда, ит пен мысықта күз-қыс-көктем кезінде, шошқада көктем мен күзде жиі байкалады.

Инфекция қоздырушысының бастауы - ауырған жануарлар.

Жануарларға микроспория ауырғандармен тікелей жанасқанда немесе тарату факторлары арқылы /құрал-саймандар, жұмыс киімі, төсеніш, көң, қора-жайдағы заттар/ жұғады. Микроспорияның қоздырушыларының табиғаттағы қоймасын сақтауда әсіресе М.gypseum саңырауқұлағын алып жүруші кемірушілердің қатысы айтарлықтай.

Инкубациялық кезеңі 22-47 күн. Ауру 3-9 аптаға, кейде одан да ұзаққа созылады. Зардаптың байқалу дәрежесіне қарай микроспорияның үстірт, терең, өшкін және жасырын түрлері болады. Сақа жануарларда көбінесе жасырын түрі, ал жас төлде барлық түрлері кездеседі. Зақымданған жері қатты қышынады.

Үстірт түрі кезіңда дертке шалдыққан жердің жүні түбінен қырқылып, түсіп, тақыр, беті сыдырылған дөңгелек дақтар пайда болады. Экссудация белгілері /терінің сулануы/ оншама байқалмайды. Зақымдану ошақты және жайылған шашыранды болуы мүмкін. Аурудың үстірт түрі мысықта /әсіресе балаларында/, итте, жылқыда, терісі бағалы аңдарда кездеседі.

Терең /фоликулалық/ түрі кезінде қабыну процесі күшті болып, терінің бетінде кепкен экссудаттан қабыршақ түзіледі. Ұсақ дақтар бір-бірімен қосылып, беті қабыршақтанған ауқымды ошақ пайда болады. Микроспорияның бұндай терең түрі жылқыда, терісі бағалы аңдарда, шошқада кездеседі.

Микроспорияға диагноз індеттанулық деректерді, клиникалық белгілерін, люминисценттік зерттеу мен микроскопияның нәтижесін ескеріп қойылады. Қажет болғанда ауру қоздырушысының өсінін бөліп алады. Зертханада тексеру үшін дененің зақымданған жерінің шетінен жүн талшықтарын немесе қабыршақтарды қырып алады.

Микроспорияға шалдыққан жануарларға трихофитиядағыдай емдік дәрілер қолданылады.

Арнайы өзіне тән дауалық дәрмек жоқ. Жалпы дауалық шаралар трихофитиядағы сияқты.

Микроспорияны уақтылы анықтап, тиісті шара қолдану үшін терісі бағалы аң фермалары мен жылқы зауыттарында жануарларды жылжымалы люминисценттік шамдар арқылы тексереді.

Ауру жануарлар бола қалған жағдайда трихофития кезіндегідей жалпы шаралар жүргізіледі.

Шешек (Variola) - дененің ыстығы көтерілуімен және тері мен кілегейлі қабықтарда күлдіреген бөрткендер пайда болуымен ерекшеленетін жұқпалы ауру.

Бұл ауру өте ерте заманнан белгілі және бұл ауру адамдарға үлкен үрей, қорқыныш тудырған. Имуниттеттің зерттеліп оқыла басталуы да осы шешекпен байланысты. Л. Пастер өзінің вакцинасын алғанда Дженнер құрметіне вакцинациялау деп атады. Аурудың қоздырушысы вирус екендігін 1902ж. Маркс пен Штикер дәлелдеді.

Шешек вирусы ДНК геномды, вирустардың ішіндегі ең үлкен вирус болып табылады (260-390нм). Шешек вирустары Poxiviridae (ағылшынша pox-шешек) тұқымдастығының Chordopoxovirinae тұқым тармағына жатады. Бұл вирустар 6 туыстастыққа бөлінеді.

Шешекке қой-ешкі, шошқа, тауық (күрке тауық, көгершіндер) жиі, ірі қара, түйе, жылқы, қояндар сирегірек шалдығады. Жас төлдер ересектерге қарағанда тез шалдығады. Ауру қыста және көктемнің басында жиі байқалып, ауыр өтеді.

Ауру қоздырушысының бастауы - ауырған жануарлар, олар вирусты сыртқы ортаға мұрынынан, көзінен аққан бөлінділермен, сілекейімен және шешек қабыршақтарымен (ең негізгі жолы) шығарады.

Вирус организмге аэрогенді жол арқылы, терісі және кілегей қабықтары арқылы, сирек жағдайларда ас қорыту мүшесі арқылы жұғады.

Денеге енгеннен кейін вирустың көбеюіне байланысты алғашқыда дене қызуы көтеріледі, кілегейлі қабықтары қызарып, танауынан сұйық бөлінеді. Одан кейін терісінде шешек бөртпесі пайда болады.

Аурдың келесі түрлерін ажыратады: үзікті, тұтасқан және қанталаған немесе қара шешек.

Қойда инкубациялық кезең 4-12 күн және басқа жануарларға қарағанда ауыр өтеді. 50% қой өлуі мүмкін. Дене қызуы 41-420С көтеріледі. Көзінің қабақтары домбығып, көзі мен танауынан сора ағады. Шешек (оспенки) денесінің жүні жоқ, тақыр жерлеріне (шап, қолтық, желін, құйрықтың асты, қошқардың ені) және басына, еріндеріне, мұрнына, көзінің айналасына шығады.

Аурудың ең ауыр түрі, ол қанталаған, немесе қара шешек кезінде пустулалардың іші мен тері қанталап, жануардың танауынан қан кетіп, қан құсады, ішінен де қан кетіп, мал тез арып өліп қалады.

Ауруға тән өзгерістер терісінде, және шешектің әр түрлі кезеңдері аузының кілегей қабықтарында байқалады. Ас қорыту және тыныс алу жолдары қанталап қабынған.

Балау. Егер ауру өзіне тән белгілерімен өтсе, онда диагнозды індеттанулық-клиникалы белгілеріне сүйене отырып қоя береді, ал қажет болған жағдайда жағынды жасап, микроскоп арқылы зерттеулер жүргізеді. Жағындыны Морозов әдісімен бояп, сиырларда Пашен, ал қойлар мен құстарда Бореля денешіктерін табады. Серологиялық реакциялардан: ДПР, ГАР, ИФР қолданылады.

Ауруға қарсы арнайы өзіне тән емі жоқ, тек симптоматикалық ем қолданады. Ауруы асқынып кеткен малдарды сояды.

Сауыққан малда өмірлік иммунитет қалыптасады. Белсенді иммундеу үшін бірнеше вакциналар қолданылады. Вакцина ортопоксвирус қоздыратын ауруға қарсы сиырды, жылқыны түйені, шошқаны медициналық детрит вакцинасымен егуге болады.

Шешек байқалған жағдайда қой ешкі, түйе, құс өсіретін шаруашылыққа карантин, ал сиыр, шошқа, жылқы және басқа мал түліктерін өсіретін шаруашылықтарға шектеу қойылады. Ауырған және күдікті малдар оқшауланып, емделеді. Шешектен өлген қой ешкі, түйенің өлексесін терісімен, жүнімен бірге өртейді.

Карантин қорытынды дезинфекция және малдардың үсті зарарсыздандырылғаннан соң 20 күннен кейін алынады.

Бақылау сұрақтары: 1 Пастереллездің негізгі клиникалық белгілері. 2. Пастереллездің дифференциалдық диагнозы. 3. Трихофитиямен ауру малдарды емдеу. 4. Трихофитияның спецификалык және жалпы сақтық шарасы. 5 Шешектің диагностикасы мен спецификалық сақтық шаралары.

15 дәріс