Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКД Эпиз каз.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.86 Mб
Скачать

Лептоспироз, листериоз, некробактериоз

Лептоспироз (Leptospirosis) – табиғи ошақты, дене қызуының көтерілуі, несепте қан мен гемоглобин болуы, кілегейлі қабыкқтар мен терінің сарғайып, өліеттенуі, ішек-қарынның қимылы нашарлап, буаз малдын іш тастауы, төлді шалажансар тууы арқылы ерекшеленетін зооантропонозды ауру.

Ауруды адамда ең алғаш рет өзінше жеке ауру екенін Германияда Weil /1886/, ал ресейде Н.П. Васильев сипаттады. Қоздырушысын 1914 жылы жапондықтар ашты /Inado мен Ido/ және 1916 жылы осы елдің ғалымдары /Мапі, Idо, Нoki/ адамға егетін вакцина жасап шығарды. Иттерде Штудгарт ауру деп аталды. Жалпы бұл ауру жер шарының барлық елдрінде кездеседі, әсіресе оңтүстік аймақтарда жиі ұшырасады. Қазақстан бұл ауру бойынша бірінші ондықта тұр, және барлық облыстарда кездеседі.

Қоздырушысы Spirochetalis (спирохет) тұкымдастығының Leptospira туыстастығына жатады /Lepto - нәзік, spira – иір, спираль/.

Бұл екі түрден тұрады, паразитарлық – L.Interogans және сапрофиттік - L.Biflexa. Негізгі жиі кездесетін /қазақстандағы/ лептоспиралар төмендегідей: L.grippotiposa, L.pomona, L.Tarassovi, L.Hebdomanis, L.Ichterohcemmorrhagia, L.Kasahstaniка.

Бұл аурумен барлық ауыл шаруашылық малдары мен қоса көптеген жабайы жануарлар ит, мысық, әртүрлі кемірушілер, соның ішінде құстар да ауырады. Табиғи жағдайда лелтоспирозбен шошқа және сиыр жиі ауырады. Ит пен салыстырғанда мысық анағұрлым төзімді, күзен де сирек ауырады, үй және жабайы кұстар төзімді келеді. Лептоспирозбен адам да ауырады. Бірақ адам бұл ауруға бейім болғанмен, оның қоздырушысын ары қарай тарата алмайды яғни "биологиялық тұйықтық" болып есептеледі де, індеттенуде оншама маңызы болмайды.

Зардапты лептоспиралардың бастауы мен қоймасы-ауылшаруашылық және жабайы /әсіресе кеміруші/ жануарлар. Олардын денесінен ауру қоздырушысы сыртқы ортаға несеп, нәжіс, сүтпен, танау мен жыныс мүшелерінен аққан сора, шәует арқылы шығады.

Ауру негізінен алиментарлық жолмен жұады. Сиыр мен қойда, әсіресе шошқада лептоспироз жатыр ішінде де жұғады. Сонымен қатар жарақаттанған тері /сызат, жаракат, жәндіктердің шағуы/ және жарақаттанбаған тері арқылы да әсіресе суға түскен кезде, әртүрлі кілегейлі қабықтар /ауыз, кеңсірік, көз, жыныс және асқорыту жолдары/ арқылы енеді және қоздырушының жыныс жолымен берілуі де мүмкін.

Берілу факторына ластанған су, жемшөп, жайылым, топырақ, төсеніш және басқа сырткы ортадағы заттар жатады. Ал осылардың ішіндегі ең негізгі берілу факторы - су арқылы жұғу. Ауру жылдың кез келген маусымында, бірақ жайылымдағы малда жаз-күз мезгілінде жиірек байқалады. Қазақстанда аурудың шыңы июнь-июль айларына тұспа-тұс келеді. Сондықтанда вакциналауды ертерек жүргізеді.

Лептоспиралар организмге енгеннен соң өте жылдам қозғалуының нәтижесінде тез арада қанға және ішкі ағзаларға өтеді. Организм жағынан жауап ретінде оларға қарсы 4-5 күндері антиденелер (лизин және агглютинин) түзіледі. Олар лептоспираларды жаппай зақымдай бастайды, сол кезде лептоспиралар эндотоксин бөліп шығарады, ал олар өз кезегінде эритроциттерді ерітіп анемияның пайда болуына және гемоглобиннің көп бөлінуіне әкеп соғады, оның нәтижесінде несепте гемоглобин пайда болуы және билирубиннің көбеюі салдарынан кілегейлі қабықтардың сарғаюы байқалады. Бүйрек закымданғанда несепке гемоглобин ғана емес қан да араласады.

Аурудың инкубациялық кезеңі 2 күннен 20 күнге дейін. Ауру жіті, жітілеу, созылмалы түрде өтеді, сонымен қатар лептоспироз симптомсыз, кәдімгідей және кәдімгідей емес түрде өтеді.

Жіті түрі дененің ыстығы көтерілуі, кілегейлі қабықтарының сарғайып, несепте гемоглобин мен қан болуы арқылы білінеді. Мұндай симптом кешенін бір сөзбен "иктерогемоглобинурия" деп атайды және бұл атау кейде аурудың қосалкы синонимі ретінде қолданылады. Ал созылмалы, әсіресе симптомсыз кәдімгідей емес түрде өткенде аталған белгілері байқалмайды.

Аурудын жіті өтуі 3-10 күнге созылып, егер дер кезінде ем көрсетілмесе онда өлім көрсеткіші 50-70%, ға дейін жетеді.

Ересек ірі қарада ауру негізінен жеңіл өтіп белгілері көзге оншама түспейді. Бастапкы кезде ыстығы аздап қана көтеріліп, жануар сәл күйзеліп, денесі шамалы сарғайады несебінің түсі қызғылттанады.

Лептоспироздың жіті түрінде де, созылмалы түрінде де нефрит байқалады. Лептоспироздың созылмалы түрі сирегірек кездеседі және малдың аруымен, кілегей қабықтарының бозаруымен, өліеттенуімен шаптағы сөл түйіндерінің үлкейюімен, қайта-қайта дене қызуының көтерілуімен қоса бір уақытта несепте қанның болуымен сипатталады. Лептоспироздың сиырдағы ең басты белгісі - буаз кезінде іш тастауы, бұзауды өлі немесе шалажансар тууы, сонымен қатар аурудың салдарынан малдың бедеу болып қалуы мүмкін.

Ит пен терісі бағалы андар лептоспироз кезінде ыстығы көтеріліп (41С дейін), күйзеліп, тамаққа карамайды, құсып, катты шөлдейді, артқы аяғынан ақсайды. Қан аралас іші өтіп, кейде іші катады. Кілегейлі қабықтарының сарғаюы итте сирек, ал түлкі мен қарсақта жиі кездеседі. Несеп жиі және аз мөлшерде бөлініп, оның кұрамында белок ұшырасады, түсі сарғыш немесе коңыр болады. Аузының іші қолдырап, қабыршақтанып тұрады, жағымсыз иіс шығады. Мойнындағы, шабындағы сөл түйіндері ұлғаяды. Кейде көзінен ірің ағады. Ауру 2-12 күнге созылып, көбінде өліммен аяқталады. Өлім көрсеткіші 50-90%. Өлер алдында жүйкенің закымданған белгілері байқалады.

Паталогоанатомиялық өзгерістер әр түрлі болады, жануарлардын әрбір түліктерінде негізінен ұқсас келеді де, дененін сарғаюы, анемия, геморрагиялық диатез, тері мен кілегейлі қабықтарының өліеттенуі, үлпершекті ағзалардың дегенеративті қабынуы аркылы сипатталады.

Бірақта жануарлардың түрі мен жасына, ннфекцияның өту ерекшеліктеріне байланысты бұл белгілердің басымдығы мен ара қатынасы әртүрлі болады. Ең бір айқын өзгерістер бауыр мен бүйректерде ұшырасады.

Бауырдың негізінен көлемі ұлғайып, келбеті өзгеріп кетеді. Түсінің реңі бозғылт сарыдан кызыл күреңге дейінгі аралықта болады, консистенциясы тығызданып немесе болбырап, тіпті үгітіліп тұруға дейін жетеді. Кейде паренхимасында өліетенген немесе қанталаған ошақтар ұшырасады. Өт кабы ұлғайып, коймалжың, желімше созылған қара-коңыр яки бозғылт жасыл түсті өтке толы болады. Кейде кілегейлі кабығының әрбір жері немесе түгелдей қанталайды. Ұшасы сарғыш тартып кетеді, яғни сау ұшадан бөлектеніп көзге түсіп тұрады. Бүйректерінің көлемі ұлғайып, болбырап тұрады, қан толуына, дегенеративтік өзгерістер мен пигменттенуіне байланысты түсі бозғылтым кызыл, қызыл күрең, кейде аздап жасыл ренді болып келеді.

Лептоспирозды айқындау үшін жан-жақты індеттанулық (эпизоотологиялық және эпидемиологиялық), клиникалык, патанатомиялық талдаумен қатар мұқият бактериологиялык, серологиялык және гистологиялық тексерулер жүргізіледі. Лептоспироздың серологиялык диагностикасы ретінде микроагглютинация (МАР) (РМАЛ- реакция микроагглютинации и лизиса) немесе макроагглютинация (АР) реакцияларын қолданады.

Емдік шараларды іске асырғанда лептоспироздың жіті, жітітілеу және симтомсыз өтіп, оның барлығы да лептоспира алып жүрумен аякталатынын ескеру қажет. Жіті және жітілеу өткен кезде иктерогемоглобинурия және гематурия байқалады да, ең нәтижелі шара - гипериммунді қан сарысуын қолдану болып табылады. Мұндай симптом байқалғанда антибиотиктер айтарлыктай нәтиже бермейді.

Лептоспирозбен ауырып жазылған жануарда өзіне тән иммунитет қалыптасады. Ол бастапқыда стерильсіз, кейіннен стерильді түрінде байқалады да, ұзақ мерзімге сақталады. Лептоспираның бір сероварынан ауырып жазылған жануар сол серовардан қайталап ауырмайды. Дауалаулық препарат ретінде әртүрлі сероварлардан екі вариантта шығарылатын ВГНКИ-дің поливалентті деполандырылған вакцинасы қолданылады.

Дауалау және күресу шаралары. Барлық жаңадан келген малды 30 күн карантинде ұстап, лептоспирозға тексереді. Қан сарысуы лептоспирозға МАР немесе АР беретін аталық малдарды шағылысқа қосуға тиым салынады.

Малдың іш тастауы, төлді шала тууы, ауруға шалдығуы мен өлімге ұшырауы үнемі катаң есепке алынып, себебі анықталып отыруы керек. Лептоспирозға күдік туғанда патматериал алынып, лабораторияға жіберіледі.

Лептоспироз байкалған жағдайда шаруашылыққа шектеу койылып, жануарларды малдану мақсатымен әкетуге, лептоспирозға қарсы егілмеген малды әкелуге, мал дәрігерінің келісімінсіз малды араластыруға, лажсыз сойылған малдын қасаптық өнімдерін сатуға, ашық су көздерінен малды суаруға, лептоспирозға қарсы егілмеген сау малды лептоспирозбен ауырған мал жайылған жайылымға жаюға болмайды.

Листериоз (Listeriosis) – орталық жүйке жүйесі, жыныс мүшелері, желін зақымданып, өлітию ретінде өтетін жұқпалы ауру.

Бірінші рет бұл ауруды үй қоянында Лисет (1892) сипаттады, ал Д.А.Жилл (1931) бірінші рет қойдың ауыратынын анықтады. Кейінірек листериозбен құстың, сиырдың және басқа да жануарлардың ауыратындығы анықталды. Бұрынғы кеңес өкметінде 1936 жылы анықталды, ал Қазақстанда өзінше дербес ауру ретінде 1962 жылдан бастап тіркеле бастады.

Қоздырушысы – Listeria monocytogenes грамтеріс, таяқша тәріздес бактерия. Листериялар сыртқы ортада ұзақ уақыт бойы сақталады және төменгі температурада әртүрлі субстрат пен сүрлемде өсіп-өне алады. Кебек пен сұлыда 105, ал шөп пен ет-сүйек ұнында 134 күнге дейін тіршілігін жоймайды, тұздалған етте төменгі температурада ұзақ уақыт бойы өлмейді.

Листериозға қой, ешкі, сиыр, шошқа, жылқы, қоян, күзен, тауық, үйрек, қаз, күрке тауық бейім. Сонымен қатар ит, мысық және маймылдың да ауырған кездері байқалған. Жалпы алғанда листериялар 92 түрлі жабайы жануарлар, одан қала береді иксод және гамза кенелері, бит пен бүрге, бөгелектің балапан құртынан да бөлініп алынған. Бұның бәрі листриоздың үй жануарларына жұғуы үшін қауіпті.

Қазақстанда және көршілес елдерде басқа малдармен салыстырғанда негізінен қой ауырады да, бүл түліктің ауруға шалдығу көрсеткіші де, өлім көрсеткіші де жоғары болады.

Листериоздың қоздырушысының бастауы - ауырған және аурудан сауыққан малдар. Олар листерияларды сыртқы ортаға несеп, нәжіс, сүт және көзден, танаудан, жыныс мүшелерінен аққан сорамен бөліп шығарады.

Листериоздың ең кауіпті таратушылары және негізгі табиғи қоймасы - тышқан тектес кемірушілер. Олардың бөлінділерімен жайылым, жемшөп, су мен топырақ ластанып, одан барып басқа жануарларға жұғады.

Ал ауыл шаруашылық малдары үшім ең басты жұғу факторы сүрлем болып табылады. Әсіресе сапасы нашар, қышқылы аз сүрлемде ауаның температурасы төмен, 0°С-тан біраз ғана жоғары жағдайда листериялар зардаптылығын сақтап, өсіп-өне береді.

Әдетте ауру қоздырушысы малдың денесіне негізіен ауыз арқылы, сонымен қатар тыныс жолдары, көз коньюнктивасы, зақымданған тері арқылы енеді. Қан сорғыш жәндіктер: кене, бүрге, бит, т.б. қатысуымен трансмиссивтік жолмен жұғуы да мүмкін.

Листериялар денеге енген соң қан мен сөлге өтіп, бүкіл организмді жайлап, көбейеді де ми мен жұлынға енеді. Микроб эндо- және экзотоксиндер бөлуі арқылы әртүрлі ұлпаларды, қанның қыл тамырларын зақымдайды, қанның ақзаттық құрамы өзгеріп, моноциттер саны көбейеді. Инфекциялық процестің одан әрі өршуі қоздырушының уыттылығы мен мал организмінің физиологиялық ахуалына байланысты болады.

Жасырын кезеңі 7-30 күнге созылады. Ауру жіті, жітіден төмен, созылмалы түрде өтеді. Клиникалық, белгілері бойынша өлітиген, жүйке жүйесін зақымдайтын, генитальдік және кәдімгідей емес түрлерге бөлінеді.

Листериоздың өлітиген түрі жас малда, әдетте 1-3 айлық төлде кездеседі. Оның басты белгілері: дененің ыстығының көтерілуі, күйзеліске ұшырап, жемшөптен қалуы, іш өтуі /қатарлы энтерит/ көбінесе бұзау мен қозыда байқалады, шошқада енесінен бөлінген 2-4 айлық торайларда кездеседі. Осы жастағы және енесін еміп жүрген тораилардың жүйке жүйесі зақымданады.

Өлітиген жануардың аузынан ак көбік ағып, тынысы жиілейді, басын кегжитіп шайқай береді. Ауру 7-14 күнге дейін созылып, көбінесе өліммен аяқталады. Жазылған төл жетілмей қалады.

Листериоздың жүйке жүиесін зақымдайтын түрі өте жиі кездеседі. Қой мен ірі қараның негізінен орталық жүйке жүйесі зақымданады. Ауырған мал денесін дұрыс меңгере алмай, қозғалғанда тәлтіректеп, бір орында айнала береді. Тепе-тендігін сақтай алмай, тұла бойы тырысып, бұлшық еттері сіресіп, мойыны қисаяды. Сонымен біріге көздің, ауыздың кілегейлі қабықтары қабынады. Аурудың сонғы сатысында тұла бойы мен аяқ бұлшық еттері салданып орнынан тұра алмай жатып қалады. Ауру мөлшермен 10 тәулікке дейін созылып өліммен аяқталады.

Гениталдық түрі буаз малда кездеседі. Негізігі клиникалык белгісі - буаздықтың екінші жартысында байқалатын - іш тастау. Әдетте түсіктен кейін ұзақ уақыт шуы түспейді. Жыныс жолдары, әсіресе жатыры қабынып, негізінен іріңді эндометрит, ал кейде желінсау байқалады.

Листериозға тән ерекше патанатомиялық өзгерістер кездеспейді. Жүйке жүйесі зақымданғанда ми мен мид қабаттарының тамырлары қанға толып, мидың ұлпасы қанталайды, кейбір ішкі ағзаларда да қанталаған телімдер кездеседі. Өлітиген түрінде көк бауыр мен ішкі сөл түйіндері ұлғайып, ішкі үлпершек ағзалар қанталайды.

Листериозды анықтау үшін індеттанулық деректер, аурудың клиникалық белгілері, өлекседегі патанатомиялық өзгерістер және зертханалық зерттеулердің қорытындылары пайдаланылады.

Бұл ауруға тән індеттанулык деректер: барлық үи жануарлары, көптеген жабайы жануарлар ауырады, көбінде спорадия түрінде, кейде індет ретінде өтеді, белгілі бір аймақта орын тебуі және кемірушілерге байланыстылығы байқалады, қойда қыс пен көктемге келетін маусымдылығы, жас төл мен буаз жануаралардың бейімділігінің, жоғары болуы. Клиникалық белгілерден ескерілетіндері: жүйкені зақымдайтын және өлітиген түрлері, іш тастау, метрит және мастит. Түбегейлі диагноз бактериологиялық зерттеудің нәтижесінде қойылады.

Листериозбен ауырып жазылған жануарларда иммунитет калыптасып, қан сарысуында антиденелер пайда болады. 1975 ж. бастап Қазан ветеринария институтында алынған АУФ (ультаркүлгін сәуле әсер еткен А варианты) штамынан даярланатын вакцина қолданылады.

Литериоздың өзіне тән емдік биопрепараттар жоқ. Емдеу үшін антибиотиктер қолданылады. Ем неғұрлым ерте басталса, соғұрлым нәтижелі болады. Тіпті ауру жұғу қаупі туған кездің өзінде де, ем алдын ала жүргізілсе листериоздын алдын алуға болады.

Листериоз шыққан фермада малдарды жаппай қарап, ішінара ыстығын өлшейді. Орталық жүйке жүйесінің зақымдану белгілері бар ауырған малдарды бірден союға жібереді.

Сауықтырылған шаруашылықтан соңғы ауырған мал жазылған соң 2 ай өткенде қорытынды дезинфекция мен дератизация жүргізіп барып, шектеу алынады.

Некробактериоз (Necrobacteriosis, Сарып) – негізінен сирақтың бақайы, кей жағдайда ауыз, желін, жыныс мүшелері, өкпе, бауыр, бұлшық еттер мен басқа да мүшелер мен ағзалардың іріндеуі және өліеттенуі арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру.

Бұл індет барлық жерде тараған. Қоздырушысын бірінші рет бөліп, анықтаған Р.Кох (1881) болды, бірақ толығырақ сипаттап жазған Леффлер (1884).

Қоздырушысы Васtеium nесrорhоrum - ауасыбағасыз, қозғалмайтын, спора түзбейтін, қауашақсыз, өте полиморфты микроб. Сыртқы ортада көп сақталмайды.

Некробактериозбен барлық үй жануарлары, көптеген жабайы аңдар ауырады. Бұл ауруға әсіресе солтүстік бұғысы, қой, ешкі, сиыр, шошқа, жылқы, үй қояны, кұстардан тауық бейім. Ересек жануарлардан гөрі жас төлдер жиі аурады.

Инфекция қоздырушысының бастауы - ауру және бактерия алып жүруші мал. Күйісті жануарлар аурып жазылған соң бактерия алып жүруші болып қалады. Некробактериоз таяқшасы организмнен сыртқы ортаға сілекеймен, нәжіспен, өліеттенген жердегі бөліндімен шығады. Бұл микроб мал қораларында, көңде, топырақта, жайылымда, тоқтау суларда жиі кездеседі,

Қоздырушы жануар денесіне жарақаттанған тері немесе кілегейлі қабықтар арқылы енеді. Некробактериоз жануарларда шамалы ғана індеттік тұтану ретінде байқалып, жекелеген шаруашылықтарды, фермаларды немесе мал отарларын қамтиды.

Негізінен жарақаттанған немесе қабынған тері, болмаса кілегейлі қабықтар арқылы жұғады. Қоздырушы енген жерінде қолайлы жағдай болғанда ғана өсіп-өнеді. Ұлпаның жарақаттануы (механикалық, физикалык, химиялық, биологияық әсерлер) нәтижесінде оған оттегінің келуі қиындайды, қан тамырлары үзіліп, гематома, тромба, флегмона пайда болады, ұлпалар өліеттенеді, яғни ауасыбағасыз микроб үшін қолайлы жағдай туады.

Бастапқыда бактерия түскен ұлпа шағын ғана болып ойылады да, кейіннен айналасы қабына бастайды, тамырлары зақымданып, фибрин ұйып, көп мөлшерде заттар бөлінеді, тромба пайда болып, нәтижесінде ет, тарамыс, сіңір, шеміршектер мен саусақ сүйектері өліеттенеді.

Инкубациялық кезеңі 1-3 күн. Клиникалық белгілері жануардың түлігі мен жасына, аурудың түрі мен өтуіне байланысты.

Жас төлде сарып жіті, ал ересек малда жітілеу және созылмалы өтеді.

Көбінесе дерт алдымен артқы аяқты қамтиды, бастапқыда бір аяғында болып, кейіннен екінші аяғына ауысады. Қойдың бір мезетте бірнеше аяғы зақымдануы мүмкін. Бастапқы кезде болмашы жарақат пен сызаттың манайы қызарып, домбығады. Мал ақсап, ауырған аяғын сілкіп, бей-жай күйге түсіп, жемшөптен қалады, денесінің ыстығы 40°С-қа дейін көтеріліп, 1-2 күннен соң қалыпына келеді. Қабыну процесі бақайдың арасы мен май өкшеден тілерсекке қарай өрбиді. Бұл кезде жануар аяғын баса алмай, жатып қалады.

Ауру зілді өткенде қабыну флегмонаға айналып, бұлшық еттерді, сіңір мен тарамысты қамтиды. Содан кейін ойылып, жағымсыз исі бар ірің ағады. Қабынған телімдердің жаппай ойылып, өліеттенуі нәтижесінде тұяқ, көбесінен сыпырылып, түсіп қалады. Кейде тұяқ қана емес, тіпті тілерсегінен, саусақтың фалангалары буын-буынынан үзіліп кетуі мүмкін. Мұңдай күйге ұшыраған қой тұра алмай, тізерлеп қалады.

Сиыр, қой, жылқы және бұғыда патологиялық өзгерістер негізінен сирағының бақайы мен тілерсек буыныңда шоғырланады. Дерттену басталғанда тері қызарып, домбығады. Кейіннен сыздануы тежеліп, іріңдеген флегмонаға айналады да, маңайындағы ұлпа өліеттенеді. Мұндай үлпаны тілгенде іріңдеген жасыл-сұр немесе қоңырқай түсті өліеттенген масса көзге түседі.

Некробактериозға бастапқы диагнозды аурудың клиникалық белгілері бойынша, сирақ пен бастың терісінің, ауыз бен жыныс мүшелерінің кілегейлі қабықтарының зақымдануына қарап қояды. Аса бір көңіл аударатын белгі - іріңдеп, өліеттенген ағзалардың өзгеше жағымсыз иісінің болуы.

Диагнозды растау үшін өліеттенген жағындыны қолданыстағы әдістердің бірімен бояп, микроскоппен қарайды. Егер аламыштанып боялған, жіпше созылған немесе ұзын жіңішке грамтеріс таяқшалар болса сарыпқа түпкілікті диагноз койылады.

Емі. Ауырған малдарды бөліп алып, жауын-шашын өтпейтін асты құрғақ қорада ұстайды. Ең алдымен дертке шалдыққан ұлпаларды мұқият тазалап, жарақаттанған терінің манайындағы жүнді тақырлап қырқады. Өліеттенген ұлпаларды қабыршақтанып кеткен ірің мен сора бөлінділерін тазалап, антисептикалық ертіндімен жуып, сульфаниламид препараттары мен тетрациклин немесе пенициллин қатарындағы антибиотиктердің бірін қолданады.

Некробактериозбен ауырып жазылған жануарда иммунитет қалыптаспайды.

Дауалау және күресу шаралары. Некробактериоздың алдын алу шаралары малды қорада ұстағанда, жайғанда, айдағанда зоогигиеналық-санитариялық шараларды сақтауға негізделген.

Некробактериоз байқалса ол шаруашылықты (ферманы, елді мекенді) бұл аурудан сау емес деп жариялайды да, шектеу қояды. Ауру жойылғанша ол жерден малдану (өсіру) үшін мал әкетуге тиым салынады. Барлық жануарларды клиникалық тексеруден өткізіп, ауруларын бөліп алып емдейді, қалғандарын бақылауға алып, дауалау шараларын жүргізеді. Емдеу нәтиже бермесе ауырған жануарларды санитариялық қасапханаға жібереді.

Өлген малдын өлексесін, терісін алған соң өртейді не утильзаводка жібереді. Ең соңғы сарыппен ауырған жануар өлген соң, немесе жазылған соң бір ай өткенде, қорытынды дезинфекция жасап барып, шектеуді алады.

Бақылау сұрақтары: 1 Лептоспироз кезінде байқалатын негізгі клиникалық белгілер. 2 Листериоз қоздырушысының негізгі қасиеттері. 2. Листериозға диагноз қалай қойылады? 3. Некробактериозды дауалау мен күресудің негізгі шаралары

14 дәріс