Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Омаров Берик1.docx
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
134.55 Кб
Скачать

2.3 Ұйымдасқан қылмыстық топтардың адам өлтіру қылмыстарын тергеу кезіндегі тергеу іс-әрекеттері

Тергеудің кейінгі сатысында қылмыскерлерді ұстауға байланысты әрекеттерді, жедел-іздестіру органдары қызметкерлерінің көмегінсіз іске асыру мүмкін емес. Жедел-іздестіру қызметкерлері тұрғын-үй, коммуналдық, төлқұжат беру органдарынан жәбірленуші туралы ақпарат сұрастырып келген адамдар жөнінде мәліметтер алынуына болады. Сонымен қатар, қылмыс жасалғанға дейін, қылмыскерлер құқық қорғау органдары атынан жәбірленушіге қатысты ақпараттар алу үшін, әр түрлі мекемелерден мәліметтер сұрастыруы мүмкін.

Қылмыскерлерді ұстауға байланысты жедел-іздестіру келесі схема бойынша жүргізілуі тиіс: жәбірленушінің жеке басын, өмір сүру дағдысын, оның коммерциялық-қаржылық қызметімен байланысы бар тұлғаларды зерттеу арқылы тапсырыс беруі мүмкін адамдарды анықтау; жәбірленушінің осы адамдармен байланысын және қылмыстың жасалуына дейін болған оқиғалар мен мән-жайларды зерттей отырып, қылмыстың орындаушыларын немесе делдалдарын табу. Бұл схема керісінше болуы мүмкін: орындаушыны анықтап- оның байланыстары арқылы-делдалдарды және тапсырыс берушіні табу.

Адам өлтіруді ашуда жәбірленушінің соңғы күндері істеген әрекеттерінің хронологиялық реттілігін (нақты уақыттарын көрсете отырып, кіммен кездесті, кіммен телефон арқылы немесе сөйлесті, қайда баруды жоспарлады және т.б.) анықтап алудың маңызы зор. Тергеуші жедел-іздестіру қызметкерлеріне жәбірленуші қызметінің «көлеңкелі» тұстары жайлы ақпарат жинауға тапсырма беруі қажет. Ең алдымен, жәбірленушінің тірі кезінде жасаған жалған мәмілері мен шарттары және одан түскен пайданы алатын адамдар тексеріледі.

Тапсырыс берушілер делдалдарды немесе орындаушыларды іздестіргенде, бірнеше адамдарға жүгінуі мүмкін. Себебі, көп жағдайларда, мұндай ауыр қылмыстарды жасауға келісім беретін адамдарды табу қиын. Қылмыстық іздестіру органдарына осындай тұлғаларды табуға байланысты тапсырмалар беруге болады [23, б.74].

Адам өлтіру тергеу барысында істің ерекшеліктеріне байланысты, бұрын ашылған, уақытша тоқтатылған дәл осындай істермен танысуға болады.

Адам өлтіру қылмыстарын тергеуде халықаралық қылмыстық полиция ұйымы-Интерполдың көмегі қажет болуы мүмкін. Интерполдың ОҰБ (орталық ұлттық бюро) арқылы жалдамалы адам өлтірді деп сезіктелген адамдардың бөтен елдегі тұрғылықты жері; жалдамалы адам өлтіру кезінде қолданылған көлік құралының қай мемлекетте тіркелгенін және оның иесі туралы; қылмыс жасау үшін қолданылған қарудың қай мемлекетте жасалғаны және басқа да іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы ақпараттар алуға болады. Интерпол, сонымен қатар, телефонмен халықаралық сөйлесу абоненттерін, жалдамалы адам өлтіру үшін қолданылған қарудың зауыттан бастап қылмыскерлердің қолына түскенге дейінгі жолды анықтап беруі мүмкін.

Интерполға қаруға қатысты ресми сұрау жібергенде, қылмыстық оқиғаның қысқаша сипаттамасы, қару туралы мәліметтер (түрі, калибрі, маркасы, моделі, номері, жылы, түсі, оқпанның ұзындығы) көрсетілуі тиіс. Сұрауға қосымша қарудың фотосүреті тіркелді.

Интерполдың көмегі арқылы жәбірленүші байланыс жасаған шетелдегі коммерциялық ұйымдар, олардың заңсыз қызметтері туралы, жәбірленушінің шетелдегі банктердегі шоттары жайлы мәліметтер алуға болады. Мұндай мәліметтерді жан-жақты зертеу арқылы, тапсырыс берушілелердің бөтен елдің азаматтары болу мүмкіндігі тексеріледі.

Адам өлтіру қылмыстарын тергеу барысында, оқиға болған жердегі табылған қолдың іздерін Интерполдағы он саусақтық дактилоскопиялық картотека арқылы идентификациялауға болады. Бұл арқылы қылмыстың орындаушылары анықталуы мүмкін.

Интерполдың мүмкіндіктерін пайдалану арқылы, жалдамалы адам өлтіру қылмыстарын, көбінесе, орындайтын “гастролер-қылмыскерлердің“ жолы кесіледі.

Адам өлтіру қылмыстары бойынша, жоғарыда аталған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, қылмыскерлерді ұстауға болады.

Сезіктілер ұсталғаннан кейін, оларды танытуға ұсыну керек. Бұл тергеу әрекетін жүргізу кезінде тергеуші танушының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, таныту үшін ұсыну әрекеті, танушы мен сезіктінің бір-бірін көре алмайтын жағдайда немесе «камуфляж» әдісін қолдану арқылы іске асырылады. Себебі, жалдамалы адам өлтіру қылмыстарын жасаушылар танушы адамдарға, олардың отбасы мүшелеріне де қастандық жасауы мүмкін.

Ұйымдасқан топпен жасалған адам өлтіру қылмыстарын тергеу барысында сезіктілерден, айыпталушылардан жауап алу біршама қиындықтар туғызады. Әдетте, мұндай қылмыс жасады деп сезіктелген адамдар, басында өзінің қылмысқа мүлдем қатысы жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Себебі, қылмыстық заңға сәйкес, жалдау арқылы адам өлтіру жазаны ауырлататын мән-жайға жатады.

Жауап алу алдын ала тергеудің барлық жағдайында тиімді әрі ең кең тараған ғана емес, сонымен қатар қажетті регеу әрекеті де болып табылады.

Тергеу әрекетін жүргізу үстінде туындаған ситуациялық жағдайға байланысты осы ситуацияға тиімді және ыңғайлы тәсіл қолданылады. Кей жағдайда бір тергеу әрекетін жүргізгенде, бір сұрақты анықтауға тактикалық тәсілдердің бірнеше түрі бірдей, арнайы кезекпен қолданылады.

Қылмыс жасаған адам қандай процессуалдық статуста болмасын (сезікті немесе айыпталушы) жәбірленушіге қарағанда, тіпті куәлерді айтпағанда, қашанда көлемі мен мазмұны бойынша едәуір мол мәліметтерге ие болады. Дегенмен өзінің жағдайына және қылмыстық жауапқа тартылатынына қарай, әдетте қылмыскер іс бойынша ақиқатың ашылуына басқалардан гөрі аз мүдделік танытады, сондықтан ол іс жағдайын өзгертуге, шынайы ақпараттарды жасарып, бұрмалауға әрдайым және табанды түрде бейім болады. Бұған және де айғақтар беруден бас тартқаны және біле тұра өтірік айғақтар бергені үшін сезікті мен кінәлінің жауапкершілік арқаламайтыны да ықпал етеді. Осы жағдайлар сезікті мен айыпталушыға қатысты олардан жауап алынған кезде тергеушінің тактикалық әсер етуінің ерекшеліктерін анықтайды.

Сондықтан аталған жағдайға байланысты онымен жауап алу барысында байланысқа және ақпараттық өзара әрекетке түсе отырып, тергеуші одан мыналар туралы мәліметтер алу міндетін ұстанады:

  • жауап алушының өзі туралы (оның әлеуметтік мәртебесі, демографиялық белгілері, тұрмыс салты, материалдық және зияллық деңгейі, жынысы, жас ерекшелктері, психологиялық бейнесі, сыртқы келбеті т.б.);

  • жиналатын мәліметтетрді білетін басқа адамдар туралы ( бірге қылмыс жасаушылар, куәлер, жасырушылар);

  • іс бойынша зерттелген оқиға барысында оның денесінде, киімінде, аяқ киімінде, басқа да заттарында пайда болған материалды түрде тіркелген іздер туралы;

  • оның қылмыстық және қылмыстық емес мінез – құлқына байланысты пайда болған басқа да материалды түрде тіркелген заттар туралы;

  • қылмыс құралдары, іс бойынша оқиғаларды тануға байланысты өзара әрекет ететін және бейнелену процесіне қатысқан басқа да материлдық нысандар туралы.

Қаралатын жағдайларға қатысты мәліметтер алумен сезіктіден және айпталушыдан жауап алу міндеті бітпейді.

Жауап алу ісіне басқа да мәселелерді анықтау кіреді:

- істің ахуалы, іс құру жағдайы, тетігі, іс бойынша оқиғаны зерттеу кезінде болғандарды санаға қабылдау және онда бейнелену жағдайлары туралы;

- қылмыстық істі жасау кезінде жауап берушінің психикалық және тән жағдайы оның қылмыстық және қылмыстық емес мінез – құлқына байланысты басқа да оқиғалардың іске асырылуы туралы;

- зерттеліп отырған қылмыстық белгілері бар істің тікелей алдында, кезінде және одан кейін жауап алушының мінез – құлық ерекшеліктері туралы;

- болған оқиға бойынша басқа танылушының қылмыс орнына, қылмыстық қол сұғушылық нысанына, іс құру процесіне қатысушы басқа да материалдық объектілерге байланысы болуы, оның сипаты туралы;

- қашан, кімге, қандай мақсатпен және қандай жағдайларда (тергеу шегінен тыс) оларға қылмыстық тұрғыда маңызы бар мәлімет берілгені, бұның әсері қандай болғаны туралы;

- қол сұғушылықтың, қылмыстық әрекеттердің уақыты, орны, себебі мен мақсаты, қылмыс тәсілі мен механизмі, жауап берушінің жасалған іске қатысы туралы;

- қылмысты дайындау, жасыру, басқа да қарсылық әрекеттер, сондай – ақ тергеуге қарсы ықпал ететін әрекеттер, егер мұндайлар орын алса;

- жауап беруші жазасын тарпаған, құқыққа қарыс қылмыстық жаза берілетін басқа да әрекеттер туралы [24, б.65].

Қаралған жағдайлар жөнінде айғақтар, мәліметтер тергеу сараптамасы мен бағалаудың нысаны болып табылады. Осылармен қатар, талдау және бағалау нысанына мына жағдайлар да кіреді:

- жауап алу кезінде тергеушілерді қызықтырған нысандар туралы жауап берушінің хабардарлық деңгейі, сезіктінің, айыпталушының жеткізген мілеметтерінің қылмысты ашудағы маңыздылық деңгейі, сезіктінің қатысуымен, онсыз да жасалған басқа да қылмыстардың анықталуы және ашылуы;

- жеткізілген мәліметтердің толықтығы мен шынайлылығы;

- бұл ақпарат нақты жинақталған мәліметер жүйесіне қаншалықты үйлеседі, басқа көздерден алынған мәліметтермен қабыса ма, оларға қайша келмей ме;

- жауап берушінің ұстанған позициясының тұрақтылығы, мықтылығы, оның қайсы бір жағына қарай өзгеру мүмкіндігі.

Егер жауап алу шиеленісті сипатта болса, тактикалық тәсілдер тергеушіде қандай айғақтар барлығына қарай жіктеледі. Бұл жерде үш нұсқа болуы мүмкін:

  1. сезіктіні толық әшкерелейтін айғақтардың болуы;

  2. айғақтардың жетіспеуі;

  3. жанама дәлелдерге ғана негізделген күдіктің болуы.

Бірінші нұсқа болған кезде шынайы жауап бергісі келмей отырған жауап берушінің барлық оң қасиеттеріне қолдау жасалуы, дәлелдер дұрыс қисынды және тактикалық икемді қойылуы тиіс. Егер дәлелдер жеткіліксіз болса, жауап берушінің әшкереленуі сөзсіз болатынына сендіруге ықпал ететіндей тәсілдер қолданылады. Бұл жерде жауап берушіні тергеушіде бар дәлелдер мөлшері турал білдірмей қоятын тәсіл де заңды болады.

Бұл тәсіл топтасқан қылмыс бойынша жауап алуда табысты қолданылады. Жауап алу кәсіби сауатты жүргілуі тиіс. Өйткені сенімсіз сөз, мазасыз көзқарас, аздаған толқу, жауавп берушінің сөздеріне аса қызығушылық танытудың өзі – ақ тергеушінің қажетті дәлелдері жоқ екенін оған түсінікті етеді.

Тактиклық тәсіл ретінде қайталап жауап алуда байқалмаған жаңа дәлелдер, мейлі тіпті аз – маз болсын, жиналғаннан кейін жүргізіледі. Оны бірінші жауап алудағы айғақтар көлемімен өткізудің мәні жоқ. Айыпталушы бірден аңғарып, осы кезге дейін өзіне қатысты жаңа айғақтар жиналмағанын түсінеді де, бұл оған әшкереленуден тайқып кету мүмкіндігіне сенім туғызады.

Қорытынды сатыда (жауап тіркеу сатысы) жауап берушінің жауаптарын неғұрлым толық және жан – жақты жазып алуға ықпал ететін тактикалық тәсілдер қолданылады. Олардың қатарына мыналар жатқызылады: бақылау және нақтылау сұрақтарын қою, хаттамаға жазылуы тиіс ойларды неғұрлым толық көрсетуге ұсыныс, жауап алу хаттамасын өзі оқу. Әсер ету бағытына қарай тактикалық тәсілдер эмоционалды – психологиялық әсер ету тактикалық тәсілдері мен процессуалды жағдай мен жасына қарай жіктеуге болады. Осы тактикалық тәсілдерді қолдану ерекшеліктері бұдан әрі қарай қаралатын болады.

Жауап алудың барлық тактикалық тәсілдерін шартты түрде үш топқа біріктіруге болады:

Біріншісі – есіркеуші криминалистік терапияға негізделген жұмсақ тәсілдер, яғни тақырып бойынша шыдамдылықпен, жан дүниеге еніп әңгімелесу, салауатты ой – санаға жүгініп, түсіндіру, қалыптасқан жағдай мен оның мүмкін болатын даму болашағына қисынды және құқықтық талдау жасау, т.с.с.;

Екіншісі – басты тактикалық құралы фактілермен әшкерелеу әдісі болып табылатын үздіксіз қатаң прессинг, тергеу мүмкіндігін көрсету, табандылық және ымырасыздық таныту (өтірікті ашу, әшкерелейтін дәлелдерді көрсету, бейформалды жағдайда белсенді оперативтік қимылдар, беттестіру, т.с.с.) ретінде сипатталатын тактикалық тәсілдерді біріктіреді;

Үшіншісі – бірінші және екінші топтың тәсілдерін кезегімен қолдану мүмкіндігі, яғни «қамшы мен тоқаш» әдістемесе деп аталатынды қолдану.

Жауап алу іс бойынша тергеу жүргізу кезінде іздестіру әрекетінің белгілі бір жүйесінде жүретінін есте ұстау керек. Сондықтан оның ортақ тактикасы басқа іздестіру әрекеттерін жүргізудің тактикалық тәсілдерімен келісілген және тергеудің ортақ мақсатына бағынған болуы тиіс.

Сезіктіні әшкерелеу мақсатымен мынадай тактикалық тәсілді де қолдануға болады. Ең алдымен, оның қылмыс жасалған күнгі айғақтары барынша егжей – тегжейлі тіркеледі. Хаттаманың бұл бөлігі сезіктіге қол қоюы үшін беріледі.

Содан кейін одан қылмыстың алдындағы және қылмыстан кейінгі күндерінің бірін толық суреттеп сұралады. Сезіктінің бұл сұраққа жауаптары онша толық және айқын емес болады. Содан кейін тергеуші оның қылмыс болған күнді өте мұқтят есте сақтап, ал жақында болған басқа күнді өте мұқият есте сақтап, ал жақында болған басқа күнді өте мұқият есте сақтап, ал жақында болған басқа күнді ұмытып қалғанын немен түсіндіретінін сұрайды. Бұл тәсілді қолдану дәлелді дерегінің жалғандығын анықтауға мүскіндік береді. Бұдан соң күдікті атаған адамдардан жауап алу керек, олардың айғақтары сезіктінің дәлелді деректерін растауы немесе жоққа шығаруы мүмкін.

Жауап алу кезінде сезіктінің не туралы айтып отырғанына ғана емес, қалай айтып отырғанына; оның сөздері мен қылықтары арасындағы байланысқа да назар аударылады. Толқу, күйзелу, әшкере болудан және жазаданудан қорқу сыртына да шығып тұрады. Атап айтқанда, қорыққаннан «аузы құрғап қалу», толқыған кезде ағыл – тегіл терлеу. Сезіктінің жауап алу кезіндегі мінезін қадағалай отырып, жауап алу нысанына оны көбірек қозғаған сайын, ол соншалықты күйгелектенетінін байқауға болады.

Сезіктінің психологиялық жағдайының физиологиялық сәттерін байқау жауап алу тактикасының көрсеткіші ретінде қарауға болады, бірақ оның қандай да бір дәлелдік күші жоқ. Жауап алуда сезікті мен айыпталушының қайсібір мінез – құлқы, жауап беру екпіні, өзін - өзі ұстау мәнері т.с.с. кінәлілігінің дәлелі ретінде қарала алмайды. Өйткені ол оқиға бойынша зерттелетін іске қатысы жоқ себептерден де бола алады. Жауап беруші қобалжып, сасқалақтауы, былықпай жауап беруі бірдеңеге кінәлі болғандығынан емес, психологиялық қиналыстан, үйреніспеген жағдайдан, өзіне сенбейді деп, барлық болған жағдайды жан – жақты шешілмеуінен қорыққандықтан пайда болуы мүмкін. Бірдей тітіркендіргіштерге әр адамның әсері әр түрлі, өте дербес болады. Мұның бәрі жеке қасиеттерге, темпераментке, нерв жүйесінің жағдайына, әсерленгіштігіне, жауап алу жағдайына т.б. байланысты. Бірақ адамның осындай психикалық жағдайларын ескермеуге де болмайды. Дәл соларға қарап жауап алудың қай тұсында сезікті мазасызданады, оның толқуы неден болып тұр. Осы сәтте оның қуаты мен қарсыласу еркі қандай екенін анықтауға мүмкіндік береді.

«Оларды процессуалдық шешімдер негізіне алуға болмайды, өйткені олар айғақтар болып табылмайды, бірақ материалдарды ұйғарым жасауға бере отырып, олар тактикалық сипаттағы шешімдерге, тергеушінің мінез – құлық бағытын анықтауға, қайсы бір тактикалық тәсілдерді таңдауға, нақты тергеу әрекетінің жоспарын құруға негіз бола алады. Дәл осылар тергеушіге сезіктінің психикалық жағдайын анықтап, онымен байланыс жасау жолдарын, жауап алу тактикасын белгілеуге жәрдемдеседі.

Өзінің кінәсін мойындаған айыпталушыдан істің мәнісі бойынша мына сұрақтар анықталады:

- қандай жағдайлармен, қандай негізде, қандай мақсатқа жету үшін ол қылмыс жасады, жасаған қылмысына ол өкіне ме, өзінің жазасын жеңілдету үшін оған не қажет және не істей алады;

- қылмыс жасауға ол қайда, қашан, қандай, ненің нәтижесінде ойға барды, қылмыс жасауға дайындық ретінде өзі немесе басқа адамдар не істеді;

- алдағы қылмыс жасалатын жерге қашан, қай уақытта, қандай тәсілмен, қай жақтан келді;

- осы жермен, қол сұғу нысанымен оны бұрын қандай қарым – қатынас байланыстырды;

- қылмыстың жағдайы мен салдары қандай, қылмыс орнында қанша уақыт болды, қылмысты қандай тәсілмен, қандай мүмкіншіліктері мен заттардың көмегімен жасады, қандай нақты әрекеттер және қандай ретпен жасады, қылмыстық мақсаты орындалды ма т.б.;

- қылмыс жасағаннан кейін оқиға орнында ол нақты не істеді;

- оқиға орнынан қалай және қайда кетті, одан кейін және жасалған қылмысы үшін жауапқа тартылғанға дейін не істеді [25, б.74].

Өз кінәсін мойындамаған айыпталушыға айыптау мәнісі және оның ұстанған тұғыры бойынша дәлелдер мен аргументтер келтіре отырып, өзінің пікірін, нұсқасын баяндау, өзіне белгілі айыптау дәлелдерінің бағасын беру ұсынылады.

Айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындаған кезде ол өз кінәсін нақты қай жерде мойындайды, айыптаудың қай жеріне қарсы және неліктен екенін анықтау қажет, содан кейін оған айыптау мәнісі бойыншап толық көлемде және барлық сұрақтар бойынша егжей – тегжейлі айғақтар беруге мүмкіншілік жасау қажет.

Одан әрі, қажет болған жағдайда, айыпталушы кінәсін мойындай ма жоқ па, оған қарамастан, тергеу барысында тергеушіде туындаған сұрақтар бойынша, атап айтқанда айпталушының нұсқасын, оның дәлелдерін, өтініштерін, арыздарын тексеру қорытындысы бойынша қосымша жауап алынуы мүмкін (көптеген сағаттар бойы).

Айыпталушының еркін айтып беру түріндегі айғақтары мен қойылған сұрақтарға жауаптары, оның пікірі, бағасы, дәлелдері, өтініші, арызы жауап алу хаттамасына енгізіліп, оған айыпталушы мен тергеуші қол қояды (айыпталушы өзінің айғақтарын хаттамада өз қолымен жазуға құқылы).

Адам өлтіру пайдакүнемдік ниетпен жәбірленушінің іскер бәсекелестерінің немесе жәбірленушімен бірге коммерциялық қызметті жүргізетін басқа да тұлғалардың ұйымдастыруы бойынша жасалған. Бұл болжамға сәйкес, жәбірленуші белгілі бір коммерциялық қызмет саласында, өз бәсекелестеріне қарағанда көп табыс алғаны анықталса, осындай табысты алуға мүмкіндігі бар басқа ұйымдар тексерілуге жатады. Әдетте, қылмыс жасалуға дейін, жәбірленуші мен оның бәсекелестерінің арасында қақтығыстық жағдай орын алады. Кейде дауды шешу үшін бәсекелес тарапынан да, жәбірленуші тарапынан да бейбіт келіссөздер жүргізуге байланысты әрекеттер жасалуы мүмкін. Бұл болжам бойынша, жәбірленуші басқарған фирма шығаратын өнімдер немесе қызмет көрсетулер сияқты өнімдер шығаратын немесе қызмет көрсетумен айналысатын фирмалардың басшылары тексерілуі тиіс. Егер, тапсырысты осы тұлғалар бергені анықталса, бұл қылмысты орындауға қылмыстық топтардың мүшелері немесе өзі басқаратын ұйымның күзет қызметінен адамдар тартылады.

Адам өлтіру пайдакүнемдік ниетпен жәбірленушінің коммерциялық қызметін бақылайтын қылмыстық топтың жетекшісінің ұйымдастыруы бойынша жасалған. Мұндай болжамды, жәбірленушінің іскерлік байланыстары аса дамымаған, орта деңгейдегі кәсіпкер болған жағдайда шығаруға болады. Себебі, көбінесе, орта деңгейдегі кәсіпкерлер өз қызметінде салықтық, кедендік, әкімшілік заңдарды жиі бұзатындықтан қылмыстық топтармен байланыс орнатуға талпынады және оларға белгілі мөлшерде «ақы» төлеп тұруға мәжбүр болады. Кәсіпкерлердің осындай қылымыстық құрылымдармен байланыстарының болуын келесі мән-жайлар нақтылай түседі: мәмілелерді жасауда көбінесе қолма-қол ақшаларды пайдалану; нақты ақшаға айналдыру мәмілелерін жасыру үшін жалған шаттар жасау; қылмыстық топтардың бақылауына алынған басқа да кәсіпкерлермен бірігіп қызмет істеу; кәсіпкерлердің фирмасында мамандығына сәйкес емес қызмет істейтін немесе шамадан тыс жалақы алатын қызметкердің жұмыс істеуі және т.б.

Адам өлтіру жәбірленушінің коммерциялық қызметін бақылайтын қылмыстық топтың жетекшісінің ұйымдастыруы бойынша жасалған жағдайда, оның негізгі көздейтін мақсаттары мыналар болып табылады: басқа қылмыстық топтың бақылауына өз еркімен өткені үшін кек алу; жаңа ставка бойынша ақы төлеуге көндіру; жәбірленушінің қарыздарын алып бергені үшін немесе оның бәсекелестерін қорқытқаны үшін қосымша ақы өндіріп алу; қылмыстық топтың бақылауынан шығармау және т.б.

Адам өлтіру қылмыстық топ жетекшілері ұйымдастырғанда, орындаушылар ретінде өз тобының мүшесі, кейде басқа қылмыстық топтардың мүшелері тартылады. Олар тапсырысты дөрекі түрде, жәбірленушінің қызметтестерінің немесе туыстарының көзінше орындайды. Қару ретінде автоматтар жиі қолданылады. Қару қылмыс орнында қалдырылмайды.

Адам өлтіру пайдакүнемдік ниетпен криминалды бизнес жүргізу нәтижесінде бір-біріне қарсы қылмыстық топтардың жетекшілерінің ұйымдастыруы бойынша жасалған. Мұндай болжам, көбінесе, жәбірленушілер ретінде қылмыс әлеміндегі жетекшілер, қылмыстық топтардың басшылары немесе қатардағы мүшелері екендігі анықталған жағдайда шығарылуы мүмкін. Қылмысты жасауда көзделетін мақсат-криминалды бизнес (қару-жарақ, есірткі сату, т.б.) саласында түскен пайданы бөліспегені үшін кек алу, ықпал ету аясын көбейту. Бұл жағдайда қылмыс дөрекі, көпшіліктің көзінше жасалуы жиі кездесуі мүмкін.

Адам өлтіру пайдакүнемдік ниетпен қылмыстық мақсатты жүзеге асыруға жәбірленушінің қызметі кедергі келтірген тұлғаның тапсырмасы бойынша жасалған. Мұндай болжамды, жәбірленушілер мемлекеттік аппаратта, ұйымдар мен кәсіпорындарда, әуімшіліктерде басшылық қызмет еткен, құқық қорғау органдарының қызметкері болған жағдайларды шығаруға болады. Мысалы, Жамбыл облысындағы «Қордай» кеден бекетінің бастығы Шынтасов, қылмыстық топтың контробандалық тауарын өткізуге кедергі жасағандықтан, қылмыскерлер Алматыдан арнайы киллер жалдап, оны өлтіргізген.

Тапсырыс берушілер ретінде заңсыз қызметпен айналысатын (табысын жасыру арқылы салықтан жалтарған, жалған алкоголь ішімдіктерін өндіруді кәсіпке айналдырған, т.б.) коммерциялық құрылымдар немесе қылмыстық құрылымдардың басшылары жиі кездеседі. Өлтіруге дейін, бұл тұлғалар тарапына жәбірленушіге жасауға, қорқытуға байланысты әрекеттер жасалуы ықтимал.

Адам өлтіру бойынша, тұрмыстық жағдай басым болғанда келесі болжамдарды шығаруға болады:

  1. адам өлтіру тұрмыстық жағдайда жәбірленушімен туыс немесе таныс адамдарын ұйымдастыруы бойынша жасалған. Қылмыстың ұйымдастырушылары ретінде жәбірленушінің бұрынғы әйелі (күйеуі), бірге тұратын таныстары және басқа да туыстары болуы мүмкін. Олар келесі мақсаттарды көздейді: ажырасқаннан кейін тұрғын үйге, мүлікке ие болу; басқа адамды мұрагер болу мүмкіндігінен айыру.

  2. адам өлтіру тұрмыстық жағдайда жеке бас араздығы бар адаммен ұйымдастырылған. Бұл болжамға сәйкес, келесі мақсаттарды көдеуі мүмкін адамдар анықталуға жатады: жәбірленушінің жағымсыз әрекеттерінен арылу (мысалы, жәбірленуші тірі кезінде ішімдікке салынып, әйелін, балаларын күнделікті ұрып соғуы); күйеуі жүретін әйелді өлтіру арқылы, некені сақтап қалу; ерлі-зайптылардың бірін-бірі қызғануы нәтижесінде кек алу, және т.б [16, б.85].

Адам өлтіруді тергеудің барлық жағдайларында, алдымен осы қылмысты жасауда қосымша роль атқарған адамдардан жауап алу керек. Бұларға делдалдар жатады. Егер, қылмыс жасауға екі делдал қатысқан деген болжам пайда болса, алдымен тікелей орындаушыны тапқан екінші делдалдан емес, бірінші делдалдан жауап алу тиімді. Жауап алмастан бұрын, бұл тұлғаға оның жазасы екінші делдалға қарағанда жеңіл болуы мүмкіндігін түсіндіру қажет.

Егер, мүндай мүмкіндік болса тергеуші, бұрын осындай іс бойынша, делдалға жеңіл жаза тағайындалған оқиғадан мысал келтіруіне болады.

Адам өлтіруге екі орындаушы қатысқан жағдайда, алдымен дене бітімі және әлеуметтік белгілері жалдамалы адам өлтірушінің кейпіне сәйкес келмейтін адамнан жауап алу қажет. Мысалы, бұл жасөспірім немесе дене бітімі шағын, қылмыстық тәжірибесі аз, суыққандылықпен ерекшеленбейтін адам болуы мүмкін.

Жауап алудың пәні тапсырыс беруші мен жәбірленушінің арасындағы, сонымен қатар тапсырыс беруші мен орындаушы, делдал мен орындаушы арасындағы қатынастар болып табылады. Қылмысты тікелей жасады деп сезіктелген адамнан оның қылмыс жасалған уақытта қай жерде болғанын анықтауға байланысты мәліметтер міндетті түрде алынуы тиіс. Осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде істің мән-жайлары туралы мүмкіндігінше нақты, жоғары шапшандықпен жауп алу әдісі; жалғандықты анықтайтын жауап алу тактикасы қолданылуға жатады.

Жауап алынатын тұлға шын-жалған аралас жауап беретін болса, жауапты екі адамның алғаны дұрыс, оның біріншісі күрделі сұрақ қояды, ал екіншісі сұрақты жеңілдетуге тырысады. Мұндай әдіс жауап беріп отырған тұлғаның өз позициясын берік ұстауын қиындатады.

Сезікті (айыпталушы) өз кінәсін мойындаған жағдайда, оның қылмыстық әрекеттерінің барлық мән-жайлары жөнінде жауп алынады.

Тапсырыс берушіден жауап алғанда келесі мән-жайлар анықталуға жатады:

  1. қашан және қандай себептермен адам өлтіруге тапсырыс беру туралы тұжырымға келді;

  2. тапсырысты орындаушы қалай табылды – тікелей өзі тапты ма немесе делдал арқылы тапты ма;

  3. қашан, қай жерде, қандай жағдайларда делдалмен немесе орындаушымен келісім жасалды;

  4. делдалға және орындаушыға берілген сыйақының мөлшері;

  5. делдалға, орындаушыға сыйақылардың алдын-ала жартысын төлеу жасалды ма, жасалса қашан, қай жерде, кімдер қатысты және толық есе айрысу қашан, қай жерде болды.

Адам өлтіруге қатысқан барлық тұлғалардан олардың өзара қарым-қатынастары, әркімнің қылмысқа дайындалуға және ұйымдастыруға байланысты жасаған іс-әрекеттері туралы жауап алынады. Делдалдан орындаушыны қалай тапқаны, оны қылмысқа айдап салғандығы, тапсырыс бойынша адам өлтіруге келісімін алу үшін қай жерде және қашан байланыс орнатылғаны, қылмыс жасалғаннан кейін, онымен кездескендігі жайлы жауап алынады.

Ұйымдасқан топпен адам өлтіру қылмыстары бойынша тінту әрекеті, тікелей қылмыс жасады, ұйымдастырды, көмектесті деп сезіктелген немесе айыпталған адамдардың, кейде жәбірленушінің туыстарының немесе таныстарының үй-жайларында жүргізіледі.

Қылмыстың жәбірленушісінің тұлғасына, қылмыстың жасалу тәсіліне, оқиға болған жерде табылған іздердің түрлеріне және басқа да мән-жайлардың ерекшеліктеріне қарай тінтудің объектісі әр түрлі болуы мүмкін.

Қару қылмыс орнында қалдырылса да, тінту нәтижесінде тапсырысты тікелей орындаушының үй-жайында сол қаруға қатысты заттар табылуы мүмкін (гильза, оқ, оқ дәрі, қарудың қорабы).

Сонымен қатар, тінту барысында сезіктінің қылмысқа тікелей немесе жанама қатыстылығын көрсететін заттар табылуы мүмкін. Мысалы, куәлар көрген киіммен, адамдармен бірге түскен фотосуреттер; жәбірленушінің автокөлігінің номері, тұрғылықты жері, жұмыс орны туралы жазбалар немесе жәбірленушінің фотосуреті; арнайы әдебиет (жарылғыш құралдар, қару-жарақтар туралы). Мысалы, Ресейде, Х. есімді кәсіпкерді тапсырыспен өлтірген қылмыскердің үйінде «Атыс жарақаттары және олардың сот медициналық сараптамасы» деп аталатын оқулық табылған. Бұл оқулықта орындаушыны, әсіресе, қандай қашықтықтан, қандай қарудан мүмкіндігенше аз іздер қалдыру арқылы ату жайлы деректер қызықтырған. Қылмыскердің үй-жайында басқа оқулықтар табылмаған.

Егер, жәбірленуші жарылғыш құралды пайдалану нәтижесінде өлтірілсе, оқиға болған жерде табылған құралдарға қатысты заттар тінту объектісі болып табылады.

Мысалы, электродетонаторлар, жарылғыш құралды қашықтықтан басқару пульті, жарылғыш дайындауда қолданылатын басқа да химиялық заттар.

Қылмысты орындаушы кәсіпқой-киллер деп болжам жасалса, тінту кезінде оның үй-жайынан қарулардың катологы, оптикалық көздегіштер, дыбыс басқыштар, басқа да өлтіруге тапсырыс берілген адамдардың тізімдері табылуы мүмкін. Сонымен қатар, орындаушыдан делдалдың, ұйымдастырушының телефондары, тұрғын-жайлары жазылған қойын кітапшалар, ірі мөлшердегі ақша сомасы, банктік шотына ақша аударылғанын дәлелдейтін банктік құжаттар, жәбірленушінің шын мәнінде өлгендігін дәлелдеу үшін шетелдік тапсырыс берушілерге дайындаған «есебі» (жәбірленушінің өліп жатқан жердегі фотосуреті, газеттік мақалалар және т.б.) табылуы ықтимал.

Делдалдардан, тінту кезінде, қылмыс қаруы, орындаушымен немесе тапсырыс берушімен байланысын дәлелдейтін түрлі жазбалар іздестірілуі қажет.

Қылмысты ұймдастырушының үй-жайларын тінту барысында жәбірленушіні өлтіруге мүдделі екендігін көрсететін құжаттар, бұл тергеу әрекетінің объектісі болып табылады: жәбірленушіге ірі мөлшердегі ақша қарыз екендігін дәлелдәйтін қолхат; жәбірленуші қызмет еткен фирмамен коммерциялық байланысын растайтын банктік және өзге де құжаттар.

Тапсырыс берушінің үй-жайында, оның жәбірленушімен байланысын растайтын кез-келген зат табылған жағдайда, оның үйіндегі және жұмыс орнындағы компьютері алынып, ондағы іске қатысы бар ақпараттар арнайы маманның көмегімен тексерілуге жатады. Сондай-ақ тінту барысында тапсырс беруші мен жәбірленушінің байланысын көрсететін басқа да электрондық техника, электрондық ақпарат тасушылар (электрондық жазба кітапшалар, дискеталар) табылуы мүмкін. Бұл объектілер де алынып, ондағы ақпараттар маманның көмегі арқылы тексерілуі тиіс.

Егер, қылмыс орнында атыс қаруы табылса, тінту кезінде, жалдамалы адам өлтіруге қатысушы барлық адамдардан, осы қаруға қатысты құжаттар, қаруды сатқан адамдармен байланыстарын көрсететін фотосуреттер, жазбалар іздестірілуі керек.

Адам өлтіру бойынша тінту әрекетінің тиімділігі, оған жақсы дайындалу және кенеттен.

Тінтілетін үй-жайларға, тінілетін тұлғаның пәтері, жұмыс орны, қала сыртындағы үйі, гараж, туыстарының үйлері жатады.

Тінту орнына келгенге дейін, тергеуші учаскелік өкілетті қызметкерге келесі сұрақтарды анықтауға тапсырма береді және тінтілетін үй-жайдың жалпы сипаттамасы; онда қанша адам тұрады, қызмет етеді; бөлмелер, кабинеттер қалай орналасқан; қанша кіру-шығу есіктері бар; тінтілетін тұлғаның күн тәртібі туралы мәлімет; кәсіпорынның, мекеменің жұмыс істеу уақыты қандай. Мұндай мәліметтер тікелей үй-жайдын иесінен емес, олардың көршілерінен, таныстарынан, жәбірленушінің туыстарынан, коммуналдық, тұрғын-үй мекемелерінен алынады [20, б.96].

Тінту барысында техникалық құралдар қолданылады. Табылған заттар хаттамаға жазылып, міндетті түрде суретке түсіріледі. Құпия орындар табылса, оларды ашу процесі және онда жазылған заттар бейнетаспаға жазылып алынуы тиіс.

Атыс қаруын немесе жарылғыш заттарды қолдану арқылы жалдамалы адам өлтіруді жасаған деп сезіктелген адамға міндетті түрде куәландыру жүргізу қажет. Себебі, атудың немесе жарылғыш заттардың іздері бірнеше күнге дейін адамның шашында және дененің ашық бөліктерінде сақталып қалады. Сонымен қатар, қылмысты орындаушылар жәбірленушіні ұзақ уақыт күтіп тұрған жағдайда олар отыруы, жатуы немесе қабырғаға сүйкеліп тұруы мүмкін. Қылмыскерлердің жәбірленушіні күтіп тұру орнындағы заттарды (топырақ, өсімдіктер, ағаш ұнтақтары және т.б.) табу мақсатында куәландыру жүргізгенде олардың киімдері де тексерілуге жатады. Сондықтан да сезіктіні ұстағаннан кейін, тез арада куәландыру жүргізіп, оның бетінен, қолдарынан, құлағынан, шашынан микрообъектілерді алу қажет. Табылған микрообъектілер сараптамаға жіберіледі.

Бұдан кейін, сезіктіден 3-5 күн бұрын атыс қаруын немесе жарылғыш заттарды пайдаланғаны жөнінде жауап алынады. Сезіктінің берген жауабының жалғандығын тағайындалған сараптама оң қорытынды берген жағдайда анықтауға болады.

Ұйымдасқан топпен жасалған адам өлтіру қылмыстарын тергеу барысында істің ерекшеліктеріне қарай, қылмыскерлердің берген мәліметтерін тексеру, жаңа дәлелдемелер алу мақсатында жауапты оқиға болған жерде тексеру және нақтылау, тергеу эксперименті, беттестіру сияқты тергеу әрекеттері жүргізілуі мүмкін.

Сыйақыны орындаушының немесе делдалдың банктегі шотына аударылғаны немесе тапсырыс берушінің жәбірленуші өлтірілгеннен кейін ірі мөлшерде ақша сомасын банкке салуы анықталған жағдайда, олардың есептік шоттары қамауға алынып, барлық операциялары тоқтатылуы тиіс.

Адам өлтіруді тергеу кезінде, қажеттілігіне қарай, жалпы адам өлтіруді тергеуде қолданылатын кез-келген өзге де тергеу әрекеттері жүргізілуі мүмкін. Сондықтан, да мұндай қылмысты тергеу барысында тек белгілі бір тергеу әрекеттерін жүргізумен шектелмеу қажет.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]