Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Сессия Иммунология.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
226.65 Кб
Скачать

5 Сурет. Лимфалық түйіннің жалпы құрылысы.

3.Тосқауылдардың арасын толтырып тұратын ретикулярлық тін лимфа түйінінің нәзік стромасын құрайды. Ал паренхимасы лимфоидты жасушалардың жиынтығынан түзіледі.

4.Лимфа түйінінде екі аймақты ажыратады: шеткері – қабықтық затты, орталық – милық затты.

5.Қабықтық және милық заттардың арасында паракортикалды аймақ орналасады, оны кейде жеке аймақ ретінде қарастырмай, терең қабықтық зат есебіне де жатқызады.

6.Синустар – түйіннің ішінде лимфаның жүретін тамырларының жиынтығы. Лимфаның түйін арқылы өту жолы төмендегідей: әкелуші лимфа тамырлары→ шеткері немесе субкапсулярлық синус (шеткері қабықтық синус) →аралық қабықтық синустар (фолликулярлық синус) → аралық милық синустар (милық синус) → қақпалық синус → әкетуші лимфа тамыры. Әкелуші тамырлардың саны әкетуші тамырлардан көп болғандықтан, лимфалық синустар қақпа маңында бірігеді, оның ішіндегі лимфаның қысымы жоғары болады. Бұл лимфаның сүзілуін және антигендердің макрофагтардың көмегімен фагоциттелуін жеңілдетеді.

Қабықтық заттың құрылысы

Оның құрамында лимфоидты фолликулдардан немесе түйіншелерден тұратын лимфоидты тіннің жиынтығы және интерфолликулярлық плато болады. Лимфоидты түйіншелер көлемі 1 мм-ге дейін болатын дөңгелек пішінді құрылымдар (6 сурет). Ортасында реактивті орталығы (көбею орталығы, ашық орталық) жоқ бірінші реттік және реактивті орталығы бар екінші реттік түйіншелерді ажырады.

Бірінші реттік фолликулалар ретикулярлық және фолликулярлық дендритті жасушалармен байланысты болатын кіші белсендірілмеген В-лимфоциттерден тұрады. Бұл жерде аздаған Т-лимфоциттер және макрофагтар болуы мүмкін. Бірінші реттік лимфоидты түйіншелер құрсақіші даму кезеңінде көптеп кездеседі, туғаннан кейін үнемі жүріп отыратын антигендік белсендірудің нәтижесінде олардың екінші реттік түйіншелерге айналуы өтеді. Антигеннің түсуінен кейін белсендірілмеген В-лимфоциттердің бласттрансформациясы жүреді де екінші реттік түйіншелер түзіледі. Олар көбею орталығынан және шеткері орналасқан тәжден немесе мантиядан тұрады. Мантия кіші есте сақтау В-лимфоциттерінен және қызыл жілік майынан дамыған белсендірілмеген лимфоциттерден құралады. Бұл жерде макрофагтар, лимфобластылар, ретикулярлық жасушалар кездеседі. Мантия асимметриялы. Милық затқа бағытталған жерінде ол жұқарақ, шеткері полюсте қалыңдау болып келеді. Мантияның ашық көбею орталығымен шектесе орналасқан жері фолликулдан жетілмеген плазмоциттердің шығатын аймағы.

Иммундық реакцияның шыңында реактивті орталық ашық және күңгірт аймақтарға бөлінеді. Күңгірт аймағы паракортикалды аймаққа бағытталған. Бұл жерде жасушалардың митоздық бөлінуі жүреді, кейін олар жетілген миграцияға кіріскен жасушалар орналасқан ашық аймаққа орын ауыстырады. Бастапқы плазмоциттер фолликулдан мантияның бүйірлік аймақтары арқылы интерфолликулярлық платоға шығады, одан кейін паракортикалды аймақ арқылы милық затқа (милық созындыларға) ауысып, сол жерлерде плазмоциттерге айналады.

6 Сурет. Лимфа түйінінің қабықтық заты.

1. Капсула

2. Трабекула

3. Шеткері синус

4. Лимфа түйіншесі

5. Ашық орталық

ЛИМФА ТҮЙІНДЕРІНДЕГІ ИММУНДЫҚ РЕАКЦИЯЛАРДЫҢ ДӘЙЕКТІЛІГІ

Фолликулаларда көбінесе В-лимфоциттер жинақталатын болғандықтан, ол жер В-тәуелді аймақ болып есептеледі. В-лимфоциттер үшін микроорта қызметін макрофагтардың бір түріне жататын фолликулярлық дендритті жасушалар атқарады. Олар өздерінің сырт беттерінде антигендерді орнықтырады, антигендер туралы мәліметті сақтап, оны В-лимфоциттерге жеткізеді. Фолликулаларда дендритті жасушалармен қатар макрофагтардың тағы бір түрі бар. Олар да дендритті жасушалар сияқты антигендердің процессиялануын, антигендерді лимфоциттерге таныстыруды қамтамасыз етеді: олар антигендерді фагоциттейді, кіші фрагменттерге (10 аминоқышқылдардың тізбегіне дейін) бөлшектейді, осы бөлшектерге 2 кластың МНС молекуласын қосады, осы комплексті өзінің бетіне шығарып ол туралы мәліметті В-лимфоциттерге, хелперлерге ИЛ-1 мен бірге жеткізеді. ИЛ-1 екінші типті Т-хелперді белсендіреді, кейінгілер ИЛ-4, ИЛ-10 т.б. өндіреді. ИЛ-4, ИЛ-10 екінші сигналдың қызметін атқарады: антигендік комплекспен бірге олар тыныш жатқан В-лимфоциттердің 2 бағыттағы бласттрансформациясын қамтамасыз етеді, атап айтсақ дифференцировкасы аяқтала бере милық созындыларға ауысатын плазмоциттерге және есте сақтау В-жасушасына. Кейінгілер мантияны құрайды, кейін бұл жерден қанға түседі де, антигеннің организмге қайталап түсуіне жауап береді. Лимфоидты фолликулалар үнемі өзгеріп отыратын құрылымдар. Осыған орай фолликулалардың дамуының бірнеше сатыларын ажыратады:

  1. көбею орталығының қалыптасуы;

  2. орталықтың сыртында кіші лимфоциттерден тұратын мантияның түзелуі;

  3. толық (максималды) даму сатысы;

  4. кері даму сатысы.

Иммундық жауаптың шырқау шегінде лимфоидты түйіншелер максималды көлеміне жетіп кейде милық затқа қарай ойысуы мүмкін.

Паракортикалды аймақ

Паракортикалды аймақ немесе терең қыртыс қабықтық және милық заттардың шекарасында орналасады. Тимусқа тәуелді аймақ болып табылады. Құрамында көбінесе Т-лимфоциттер анықталады, бірақ кейде ол жерде милық созындыларға орын ауыстырып жатқан дамудың әр түрлі сатыларындағы плазмоциттер де кездеседі.

Барлық паракортикалды аймақты жеке бірліктерге бөлуге болады. Әрбір бірлік орталық және шеткері аймақтардан тұрады. Ортасында Т-лимфоциттердің бласттрансформациясы және көбеюі өтеді. Шеткері аймақтарда биік эндотелиі бар посткапиллярлық венулалар орналасқан. Олар арқылы лимфоциттердің қаннан лимфалық түйінге, мүмкін кері бағытта да, көшуі жүреді. Эндотелийдің биіктігі жасушалардың орын ауыстыруын реттейді: биік эндотелийлердің арасында кең саңылаулар пайда болып, көшу жеңілдейді, ал аласа эндотелийдің араларында жасушааралық саңылаулар болмайды, яғни көшіп-қону үрдісі өте төмен деңгейде болады. Посткапиллярлық венулалар арқылы беттерінде венуланың эндотелиіне комплементарлы хоминг-рецепторлары бар тек толық жетілген Т- және В-лимфоциттер ғана көшіп- қона алады. Жетілмеген лимфоциттерде мұндай рецепторлар жоқ, сондықтан оларда миграциялық қабілеттер болмайды. Поскапиллярлық венулалар арқылы лимфоциттердің өтуі интерэндотелиалды жолмен жүреді, бірақ интраэндотелиалды жолды да жоққа шығаруға болмайды. Әртүрлі лимфоидты мүшелердің эндотелиінің өздеріне тән ерекше рецепторлары болады, бұл лимфоидты мүшелерде орнығатын лимфоциттердің орналасу ерекшелігіне әкеледі, ал бұл болса иммундық жүйенің қалыпты қызметінің орындалуына қажетті жағдайды жасайды.