Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Абай тилдик тулга.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.69 Mб
Скачать

1.3 Когнитивтік лингвистика: тіл мен таным сабақтастығы

Білімнің әрбір жаңа парадигмасы жаңа мәселелерді ғылыми таным нысанасына алудың өз үлгісін, өз моделін және оны шешу жолының да өзіндік әдістерін ұсынады ("Білім парадигмасы" түсінігін 60 жылдар басында "Структура научных революций" еңбегі арқылы Т.Кун енгізгені белгілі). Білім парадигмасындағы жаңа мәселелер мен қойылған міндеттерді шешудің жаңа жолын қарастыру - когнитивистика ғылымының да басты мақсаты. Бүл ғылым саласының бірнеше ондаған жылдар бойы белсенді даму үстінде болуының өзі сол ғылыми парадигма шеңберінде көтерілген мәселелердің бүгінгі таңдағы өміршеңдігін ғана көрсетіп қоймайды, алдағы уақытта да көкейкестілігін жоймайтындығына дәлел бола алады. Тіл мәселесін зерттеуде жаңа әдістемелік тәсілдердің көрініс беруі тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың - когнитивтік лингвистиканың пайда болуы мен қалыптасуына түрткі болады. "Когнитивтік" термині 70-жылдық ортасында инженерлік пәндер дамуы нәтижесінде қалыптасты. Адамның ақпаратты жинау, игеру, пайдалану процесін зерттейтіндіктен, оның зерттеу пэні - адам білімінің құрылымы және қызметі, адам интеллекті.

Когнитивтік лингвистика қазіргі антропоцентристік парадигма шеңберіндегі когнитивизм базасында пайда болған. Когнитивтік лингвистика құрылымдық тіл білімімен "сөз таластыра", "білім жарыстыра отырып» қалыптасса да, структуралық (құрылымдық) тіл білімінің ұстанымдарымен қайшылыққа түспейді, қайта оны өз керегіне пайдаланады" [19,10-12 б.]. Когнитивтік лингвистиканың негізгі мәселесі - таным мен тіл мәселесі. Ол тілді танымдық құрылым тұрғысынан зерттейтін эвристикалық әдіс-тәсілдер арқылы айқындалады. Когнитивтік лингвистиканың шешуші ерекшелігі - тілді адамның когнитивті әрекетімен тығыз бірлікте қарастыру және білім құрылымы мәселесін тілдің семантикалық табиғатын түсіндіруде маңызды фактор ретінде басты назарда ұстау. Тарихи-салыстырмалы, жүйелі құрылымдық және антропоцентристік сияқты үш ғылыми парадигма - тіл білімі дамуындағы ірі белестер болып табылатыны белгілі.

Когнитивтік лингвистиканың басқа бағыттардан басым түсер ерекшелігін де атап өткен орынды, нақты айтқанда, 1) ол зерттеліп отырған нысанды қалай, қай жағынан алып қарастыруына байланысты; тілді адамның когнитивтік қабілет-қарымы ретінде қабылдауына және тілдің когнициямен байланысының антропоцентристік сипатының ашылуымен байланысты айқындалады, сондай-ақ, 2) концептуалды талдау мен категориялау процесін қоса есептегенде, тілдік бірліктер семантикасының мәнін ашу үшін сан - салалы бағытта талдау жасауда басшылыққа алатын зерттеу әдістемесіне байланысты өзге ғылыми бағдарлардан реңкі бөлек тұрады [38,20-366.]. Осы тәрізді лексика-семантикалық күрделі мәселелердің көптігіне байланысты когнитивті семантиканы когнитивті лингвистиканың өз алдына жеке саласы ретінде қабылдау қисынды болмақ. Ұжымдық сананың, менталдық қордың тілдегі семиотикалық белгі болып жарыққа шығуы - когнитивтік лингвистиканың анықтайтын негізгі міндетінің бірі.

Когнитивті семантика сөз мағынасын "түсіндіруде" оның шынайы өмір шындығына дәл келетін денотатымен шектелмейді, тілден тыс жағдаяттармен үйлесімін де ескереді, "тілде де, шындықты тануда да адам факторынан ажырамайды", оны өз мазмұнының астарында ашық та, жасырын да ұстап тұрады [39;40].

Адам санасы мен интеллекті, оның өзін қоршаған ортаны қабылдай алу деңгейі және қабылдағанын санасында қайта қорыта алу әлеуеті, сондай-ақ, адамның таным әрекетіне тілдің қаншалықты дәрежеде қатысы бар екендігін анықтау - когнитивтік зерттеудің негізгі мақсаты болып табылады. Орыс ғалымы В.Маслова бұған қатысты ұстанымын былай білдіреді: "когнитивтік лингвистиканың басты мақсаты - адамның әлемді түсінуі, қабылдау процесі, білімді жинақтау қалай жүзеге асатынын саралау" [13,12 б.]. Когнитивтік лингвистика саласының міндеті - адамзат әлемінің, қоршаған орта құбылыстарының, уақыт пен заман таңбасының адам дүние танымындағы бейнесі сөз қуаты арқылы қалай танылғандығын саралап, сараптау, сондай-ақ, когнитивтік лингвистиканың алға қойған ауқымды міндеттерінің қатарында: лингвистика теориясын жетілдіру мақсаты, когнитивтік лингвистиканың әдіснамалық негізі, адам танымы процесіндегі тілдің рөлін қайта қарау сияқты қадау-қадау мәселелер бар. Ал XX ғасырдың екінші жартысында Тіл адам танымына, таным әрекетіне қатысты зерттеле бастағаны белгілі [41;42;43].

Тілдік зерттеуге когнитивтік тұрғыдан келу тілде бұрыннан белгілі, ұғынықты сияқты болып көрінген фактілерді жан-жақты жете қарауға, әр қырынан келуге, таным тереңіне бойлауға мүмкіндік береді, сонымен қатар когнитивтік лингвистика мақсаты - тілдің мазмұнын әр қырынан ашу.

Когнитивтік лингвистика тілді түсініп қана қоймай, түйсінеді. Тілдің мән-мазмұнын, тілдік белгінің семантикасын айқындау - тіл білімінің семасиология саласының еншісінде болғандығы белгілі. Тілдік бірліктер мәні адам санасында қандай дәрежеде бейнеленетіндігі таным тереңдігіне қатысты болмақ. Сол себепті де зерттеудің мәні адамның, тілдік тұлғаның өзін қоршаған тылсым дүниені тану әрекетімен тікелей байланысты. Ал адамның күрделі когнитивті әрекетін тіл мен ойлаудың (тіл <-> ойлау) арақатынасын саралап зерттеу арқылы ғана толыққанды бағалай алатынымыз белгілі.

Түйіндей келгенде, когнитивтік лингвистика жалпы адамзатқа тән ойлау категорияларының тілдің жекелеген идиоэтникалық категорияларымен арақатынасы қандай деген мәселелерге жауап берді. Сонымен бірге, адам санасында тілдік және тілдік емес ақпараттарды игеру, өңдеу, оларды мақсатты пайдалану сияқты әрекеттерді өз міндетіне алған, нәтижесінде, адамның ментальдік, танымдық қызметін де өзі бағдарлап отыратын құзіретке ие болған дейміз.

Когнитивті лингвистика барлық ғылым саласы тәрізді жетіле түсуде. Ол дами отырып өз зерттеу арнасын толықтырып жатқанын да айта кету орынды. Ғылыми зерттеулер көрсеткеніндей, когнитивті ғылым ауқымы бүгінгі таңда психология мен әлеуметтанудың, логика мен философияның маңызды мәселелерін шешу арқылы кеңейе түсіп, түрлі ғылым жетістіктерін бір арнаға түйістіре қарастыруда. Аталған мәселе қазақ тіл білімінде соңғы жылдарда назарға алына бастады, лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану салалары тұрғысынан (осы бағыттағы зерттеулер аясында) қарастырылуда. Жаңа ғылым саласының өзектілігі қазақстандық ғалымдар назарын да өзіне аудартты. Академик Ә.Қайдардың этнолингвистика саласына қатысты ойлары қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика қалыптасуына негіз болды. Қ.Жаманбаеваның "Тіл қолданысының когнитивтік негіздері" атты монографиясы, тіл қолданысындағы когнитивтік негіздердің зерттелуін, тілдік сана құрылымын, гештальт теориясын негіздеді, когнитивтік құрылымның концептуалды көрінісін қарастырады; Ж.Манкеева "Қазақ тілін зерттеудің когнитивтік негіздері" атты ғылыми еңбегінде тілдің бейнелеуіштік қызметін, когнитивтік лингвистика ұстанымдарын көрсетеді [44]; Б.Момынова "Қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика" еңбегінде когнитивтік бірліктердің бағалауыштық сипатын қарастырады [45]; А.Ислам когнитивтік лингвистиканың мәселелерін сөз етеді [24]; Г.Әзімжанова көркем мәтіндегі доминант сөздердің когнитивтік ерекшеліктерін қарастырады [46]; С.Ақаев сөздің когнитологиялық сипаттарын анықтайды [47]; А.Әмірбекова көркем мәтінге концептуалдық талдау жасау үлгілерін ұсынады [48]; А.Сыбанбаева, Б.Қасым, Н.Зайсанбаева еңбектерінде метафораның танымдық сипаты қарастырылады [49;50;51 ].