- •Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мақсаты мен міндеттері, мазмұны
- •Қазақ тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы
- •Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ұстанымдары
- •Қазақ тілі пәні арқылы меңгерілетін құзіреттіліктер
- •Қазақ тілін оқыту әдістерінің жүйесі
- •Білім беру технологиялары
- •Қазақ тілін оқытудың формалары мен түрлері, оқуәдістемелік кешені
- •Сөзжасамды оқыту әдістемесі
- •Морфологияны оқыту әдістемесі
- •Мәтінді оқыту әдістемесі
- •Тіл дамыту әдістемесі
- •Сөз мәдениетін оқыту әдістемесі
- •Шешендік өнерді оқыту әдістемесі
- •3.3. Төменде берілген ақпараттарды салыстыра отырып, өз пікіріңізді білдіріңіз:
Морфологияны оқыту әдістемесі
Мектеп программасында морфология материалдарын оқытудың өзіндік мақсаты бар. Морфологиялық заңдылықтарды оқыту дидактикалық принцип негізінде іске асырылады. Морфология – сөз және оның грамматикалық көрсеткіштері туралы ілім. Әрбір сөздің контексте нендей өзгеріске түсіп, грамматикалық қандай мағына мен қызметке ие болып тұрғаны ескеріледі. Морфологияны оқытуда мұғалімдерден қазақ сөздерінің қандай топқа бөлінетінін, ол топтардың әрқайсысының өзіне тән қандай грамматикалық сыр-сипатының барлығын және контексте қандай қызмет атқаратынын оқушыларға білдіру талап етіледі.
Морфология бөлімінің объектілері ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеліп, нақтыланған, осыған орай, морфологияны оқыту мәселесі де методикалық жақтан қарастырылуы аз емес.
Атап айтсақ, Жиенбаев С. (Қазақ тілі методикасы, 1946), Сарыбаев Ш. (Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері, 1956, 1959), Әлімжанов Д., Маманов Ы. (Қазақ тілі методикасы, 1965), Ұйықбаев И. (Қазақ тілінде сөз таптарын оқытуға көмекші материалдар, 1957), Кәтенбаева Б., Нұрғалиева М. (Морфологияны оқытудың методикасы, 1975), Еліктеу сөздерді оқыту, 1974; “Мұғалімдерге қазақ тілінен көмек”, 1972; “Қазақ тілі методикасының мәселелері” (1969) тақырыпты күрделі еңбектердің бәрінде де қазақ тілі морфологиясының объектілерін оқыту мәселесі әрқилы әдіс-тәсілдермен, индукция, дедукция және аналитикалық, синтетикалық, сұрақ-жауап әдістері, салыстыру, әңгімелесу, ізденіс жасату, ойландыру, сөйлеу әдістері арқылы оқытудың жолдары жан-жақты сөз болады.
Морфологияны өткен кезде ең бірінші сөз құрамы, сонымен байланысты түбір, түбірлес сөздерге ерекше назар аударылады. Сөз құрамын схема арқылы меңгерткен ыңғайлы. “Сөз құрамындағы бөлшектерін: негізін, түбірін, жалғауын, жұрнағын ажыратып үйренбейінше – оқушылар сөз таптарын, орфографиялық ережелерді, көп сөздердің мағыналарын түсіне алмайды. Онсыз морфологияны оқыту да мүмкін емес. Оқушыларға сөздердің құрамындағы негізгі түбір, туынды түбір, жұрнақ (сөз тудырушы) және жалғауларын тапқызып, дағдыландыру үшін, мұғалім арнайы сөйлемдер дайындап келіп, тапсырмалар беріп отырады”.
Жіктік жалғауын өткенде кім деген сұраққа жауап беретін зат есімдердің ғана жіктелетініне ерекше назар аудартқан жөн.
Тәуелдік жалғауын өткенде оңаша тәуелдеу, ортақ тәуелдеуді салыстыра түсіндірген тиімді.
Септік жалғауын өткенде жай септеу мен тәуелді септеуді мысалдар арқылы түсіндіріп, септік жалғауын жақсы меңгерген оқушының сөйлемді де жақсы талдай алатынын естен шығармаған дұрыс. Сонымен бірге жатыс, көмектес септіктерін өткенде ұқсас тұлғалармен салыстыра түсіндіріп, олардың орфографиялық жағына көбірек көңіл бөлу қажет.
Түбір, туынды түбірді өткен кезде мысалды бағана түрінде беріп, түсіндірген тиімді. Қандай көрнекі құрал пайдаланам десе де, мұғалімнің өз еркі. Тек алынған немесе жасалынған көрнекі құрал көрнекілікке қойылатын талапқа сай болуы қажет.
Сөз таптарын түсіндірмес бұрын мұғалім қазақ тілі лексикологиясындағы сөздердің негізгі, көмекші және одағай сөздер болып бөлінетінінен мағлұмат береді. Сөз табының лексика-грамматикалық белгілерін дұрыс аңғарту үшін, мұғалім тілдің семантикалық, морфологиялық, синтаксистік принциптерін бірдей қамтып отыруы керек. Сонда ғана әр сөз табындағы мағына мен форма нақты ашылып, сөз табының бөліну принципі дұрыс аңғартылады. Бірақ мұғалім бұл үш принциптің барлық сөз таптарына ортақ еместігін де ескергені дұрыс.
Оқушыларда грамматика бойынша білім, дағды, іскерлік дұрыс қалыптасуы оқыту әдістері мен тәсілдеріне тығыз байланысты. Оқыту әдістеріне мұғалімнің сөзі, өз бетімен жұмыс, бақылау т.б. жатады. Ал тәсілге грамматикалық талдау, салыстыру, топтау, жүйелеу т.б. жатады.
“Грамматикалық талдау білімді бекіту, материалдаы қайталау мақсатында жүргізіледі. Мектеп тәжірибесінде талдау мазмұнына қарай: морфологиялық, синтаксистік; көлеміне қарай толық, жартылай; тәсіліне қарай ауызша, жазбаша; орнына қарай: сыныптық және үйде болып бөлінеді”.
Әрбір сөз табының заңдылықтарын, олардың грамматикалық белгілерін меңгертуді фонетика, лексика, орфографиялардан өтілген білімді еске түсіріп, солармен ұштастыра іске асыру керек. ...Сөз табының лексика-грамматикалық белгілерін дұрыс аңғарту үшін, мұғалім тілдің семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгісін бірдей қарастырады. Осы үш түрлі принципті бірдей қамтып, оларды түгелдей ескеріп отырған жағдайда ғана әр сөз табындағы мағына мен форма нақты ашылып, сөз табының бөліну принципі дұрыс аңғартылады. Қазақ тіл білімінің морфология саласынан терең білімі бар мұғалім сабақты қалай түрлендіріп өтсе де өз еркі. Тек онда белгілі бір жүйелілік болғаны жөн. Қазіргі таңда сабақ процесінде жаңа технологияның элементтерін де ұтымды қолдану үлкен нәтижеге жетуге көмектеседі.
Сөз таптарының сыр-сипатын ашпастан бұрын, ең алдымен қазақ тілі лексикологиясындағы сөздердің мағыналық, морфологиялық белгілеріне қарай үш топқа бөлінетінінен мәлімет беріледі.
Осы көрсетілген принциптердің негізінде атаушы сөздерді мынадай сөз таптарына бөліп қарауға болады: зат атауын білдіретін зат есім, заттың әр түрлі сынын, қатыстық белгісін білдіретін- сын есім, заттың сандық мөлшерін білдіретін- сан есім, есім сөздер орнына жүретін орынбасар сөздер-есімдік,қимыл, іс- әрекетті білдіретін етістік, қимыл, әрекеттің әр түрлі сипатын (амалын, мекенін, мезгілін, мақсатын т.б) білдіретін үстеу, әр түрлі дыбыстарға еліктеп аталатын еліктеу сөздер болып бөлінеді. Осы атаушы сөздерден басқа көмекші сөздердің бір түрі шылаулар және одағай сөздер мен модель сөздер де жеке-жеке сөз табы болып қаралады, өйткені олардың жеке лексикалық мағыналары болмаса да, өзі қатысты сөзге я сөйлемге қосымша грамматикалық мән үстейді немесе ойға қатысты (көңіл-күйін білдіру я модальдық) мәндер қосады.
Синтаксисті оқыту әдістемесі
Сөз тіркесін оқыту әдістемесі дегеніміз - оқушылардың жас ерекшелігі негізінде сөз тіркестерінің ішкі байланыстары мен мәнін оқушыларға ұғындыру заңдылықтары (сөз тіркесінің тіркесу заңдылықтары, мағыналық заңдылықтары, бір-біріне бағына байланысу заңдылықтары) арқылы олардың сабаққа, пәнге деген қызығушылығы мен танымын арттыратын тиімді амал тәсілдердің жиынтығы.
Сөз тіркесін зерттеген және зерттеп жүрген ғалымдар пікірлеріне, сондай-ақ тіл фактілеріне сүйене отырып, мынадай тұжырым жасап, әрі оқыту процесінде басшылыққа алуға болады:
1. Кез келген сөздер бірімен-бірі ретсіз тіркесе бермейді, олар өзара тіркесу үшін белгілі заңдылыққа негізделеді. Олар мағына жақындығына қарай тіркесу және тіркес құрамындағы сөздердің белгілі бір тәсілдер арқылы байланысу заңдылығы.
2. Сөз тіркесі деп танылу үшін кемінде толық лексикалық мағынасы екі сөздің тіркесуі керек, демек, толық лексикалық мағынасы бар сөздер мен көмекші сөздердің, шылаулардың, көмекші етістіктердің тіркесі сөз тіркесінің қатарына жатпайды.
3. Сөз тіркесі құрамындағы сөздер бір бірімен тең дәрежеде байланыспай, бірі екіншісіне бағына байланысады.
4. Сөз тіркесі құрамындағы сөздер байланысынан басқа бір лексикалық пайда болмайды, жаңа бір грамматикалық мағына туындайды.
5. Өзіне тән бастапқы мағыналары солғындап, сексикаланып, синтаксистік қатынасы бұзылып, бір заттың атауына айналып бара жатқан не толық айналған, проф. С. Исаевтың термині бойынша, атаулық тіркестер, проф. М. Балақаевтың термині бойынша номинативті тіркестер сөз тіркесі бола алмайды.
6. Қиыса байланысқан тіркестер сөз тіркесіне тән қатынасты емес, предикативті қатынасты білдіретіндіктен сөйлемнің нысанасында қаралады.
Біздің пікірімізше, сөз тіркесін оқыту мынадай бағытта жүргізілсе дұрыс болар еді:
Сөз тіркесі туралы түсінік
Сөз тіркесінің құрылысы
Сөз тіркесінің байланысу тәсілдері
Сөз тіркесінің байланысу формалары
Сөз тіркесін топтастыру туралы
Сөз тіркесінің лексика-грамматикалық мағынасы
Сөз тіркесі және оған ұқсас тұлғалар.
Оқушыларға сөз тіркесі туралы жалпы мағлұмат бергеннен кейін, оның айрықша белгілеріне, зерттеу нысанасына тоқталып, тілдегі негізгі қызметіне талдау жасау қажет.
Келесі тақырып сөз тіркесінің құрылысы. Бұл тақырыпты өткен кезде сөз тіркесінің синтаксистік бірлік ретінде өзіне тән құрылысы болатындығын теориялық жағынан кеңінен түсіндіріп, мысалдар арқылы дәлелдеу керек. Сөз тіркесінің құрылысын түсіндірген кезде оның негізгі белгілерін ғана айтып, осы тіркескен екі сөздің байланысу ерекшеліктеріне қарай бес түрге бөлінетінін келесі сабаққа қалдырса, оқушылар бұл тақырыпты тез меңгереді. Сөздердің байланысу формаларын сөз тіркесінің құрылысымен байланыстыра түсіндіруге болады. Сұрақ жауап әдісімен оқушылардың түсінігін біледі.
Сабақты сөз тіркесі құрылысының негізінде қарасақ, алдымен матасуды, одан кейін меңгеру, қабысу, жанасу, ең соңында қиысуды өту дұрыс болады.
Сөздердің байланысу формаларының ішінде алдымен матасуды өту керек дейтін себебіміз, біріншіден, екі мүшесі де қосымша арқылы жасалатындықтан, екіншіден, сөз тіркесінің бірінші мүшесі ілік септігінде тұрғандықтан. Матасудан кейінгі байланыс түрі - меңгеру. Меңгеріле байланысқан сөз тіркесінің бірінші мүшесіне септік жалғаулары жалғанатындықтан, алдымен, септік жалғауларын қайталап, окушылардың естеріне түсіріп, содан кейін іліктен кейінгі барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септік жалғауларының сез бен сөзді байланыстыратын қызметін нақты мысалдар арқылы дәлелдеу керек. Оқушы назарын сөз тіркесінің әр мүшесіне, яғни, бағыныңқы, басыңқы сыңарына қандай қосымшалардың жалғанатынына назар аудару көзделеді.
Қабысу еш қосымшасыз, қатар тұру арқылы жасалады. Оқушыға қабысуды түсіндірерден бұрын сөз таптарының зат есіммен байланысын қайталап алған дұрыс.
Жай сөйлемді оқыту әдістемесі. Жай сөйлемді оқыту барысында мұғалім ең алдымен сөйлемнің басты қасиеттеріне ерекше тоқталғаны жөн. Хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерді оқытқанда, оқушыларға бұл сөйлемдердің әрқайсының қандай жағдайда, қандай мақсатпен қолданылатынын және олар ауызекі сөйлеу тілінде немесе жазбаша текстілерде қандай мән беретінін, мағынасын жеткізе түсіндіру керек. Осыған орай, сол сөйлемдердің айтылуындағы тиісті дауыс ырғағын сақтап, мәнерлеп, нақысына келтіріп, ашық, айқын, дұрыс оқуға, оларды оқудың интонациясы сөйлемнің бүкіл мазмұны мен мағынасына сай келуі жағына айрықша көңіл бөлінуге тиіс.
Құрмалас сөйлемді оқыту барысында оқушыға салалас құрмалас пен сабақтас құрмаластың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын салыстыра отырып түсіндірген тиімді. Салалас пен сабақтас сейлемнің бір-бірінен айырмашылығы оның баяндауыш формасында екендігі мысалдар арқылы түсіндіріледі. Алынған сөйлемді бір-біріне айналдыру арқылы тереңірек түсіндірген жөн. Құрмалас сөйлемнің жай сөйлемнен айырмашылығы оның күрделі ойды білдіретіндігінде екенін жай сөйлемді мысал ретінде алып, салыстырған дұрыс. Мектепте синтаксисті оқытуда мынадай міндеттер қойылады: синтаксистік ережелер мен заңдылықтардың негізінде оқушыға тілдің синтаксистік құрылысы туралы жүйелі білім қалыптастыру; тілдің синтаксистік нормасы түрғысынан оқушылардың сөйлеу тілін жетілдіру; оқушы тілінің синтаксистік құрылысьш мақсатты
Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемді топтастыру мәселесіне алғаш көңіл аударған А.Байтұрсынұлы «Тіл-құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері» атты еңбегінде құрмалас сөйлемге қатысты түсінік береді. Оны сыйыса құрмаласу және қиыса құрмаласу деп бөліп қарастырады. Автордың сыйыса құрмаласу деп берген сөйлемдері (Қарабай мен Сарыбай аңға шықты) қазіргі замандағы тілдік таным тұрғысынан талдағанда бірыңғай мүшелі жай сөйлем деп танылғанымен, аталған сөйлемнің оны құрмалас сөйлеммен барабар ететіндей әлдебір тілдік заңдылықтың негізінде қалыптасқандығын жоққа шығара алмаймыз (салыстырыңыз: Қарабай да аңға шықты, Сарыбай да аңға шықты). Қиысқан құрмаластарды салалас, сабақтас деп жіктеп, салаластарды мағынасына қарай жиылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы және қойылыңқы деп бөлсе, сабақтастарды бастауыш бағыныңқы, анықтауыш бағыныңқы, пысықтауыш бағыныңқы деп бөледі.
Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлем синтаксисі мәселесінің зерттелуін Қ.Есенов үш кезеңге бөліп қарайды. Алғашқы кезеңге 1920-1940 жылдар аралығында жазылған А. Байтұрсынұлы мен Қ.Жұбанов, С. Жиенбаев, Х. Басымов, С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, М. Балақаевтардың еңбектерін, екінші кезеңге 1940-1950 жылдары шыққан С. Аманжолов, С. Жиенбаев, Н. Сауранбаев, М. Балақаев, А. Ысқақов, Ғ. Бегалиевтердің еңбектерін, ал үшінші кезеңге 1950 жылдан кейінгі Т.Қордабаев, О.Төлегенов, А.Әбілқаев, Қ. Есенов, Х.Арғыновтардың зерттеулерін жатқызады. Бұған қоса осы тұста жарық көрген Р.Әміров, Қ.Мамытбеков, Ұ.Салиевалардың зерттеулері де құрмалас сөйлем синтаксисін дамытуға зор үлес қосқанын атап кеткен орынды. Сондай-ақ аталған үш кезеңге қосымша төртінші кезеңді қосудың да артықтығы жоқ деп есептейміз. Өйткені Қ. Есенов көрсеткен үшінші кезеңде қазақ тіл біліміндегі құрмалас сөйлем синтаксисі ілімінде теориялық мәні зор тың тұжырымдар жасалып, зерттеулер жасалды, осы салада бұрын күңгірттеу көрінген көптеген мәселелердің басы ашылды, осы сала бойынша озық идеялы аға буын ғалымдар легі қалыптасып, олар аталған ілімді жалғастырушы жас ғалымдар легін қалыптастырды. Осы кезеңнің үлесіне тиетін М. Базарбаева, Б. Шалабай, Ж. Жақыпов, З. Ерназарова, Б. Сағындықұлы, К. Садирова, Б. Қапалбеков, С. Қазыбаев, С. Айтжанова, А. Фазылжанова, Б. Елікбаев және т.б. зерттеушілердің еңбектері аталған мәселеге жан-жақты қарауға ықпал етері сөзсіз. Десе де зерттеулерде құрмалас сөйлемдердің мағыналық-құрылымдық топтарына, әсіресе оны байланыстырушы формаларға, көмекші тәсілдерге басым назар аударылады да, құрмалас сөйлемдердің компоненттер сипатының жалпы сол тілдік бірлікке тигізетін ықпалы, синтаксис пен семантика арақатынасы саласының бірқатар сұрақтары әлі де зерттей түсуді қажет етеді.
