Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ад жауаптар.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
242.65 Кб
Скачать

«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» пәні бойынша

  1. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің мақсаты мен міндеттері, мазмұны

«Қазақ тілін оқыту әдістемесі» курсының негізгі мақсаты – студенттерге қазақ тілін оқыту процесінің ерекшеліктерін теориялық және практикалық тұрғыдан меңгерту. Кәсіби деңгейі жоғары, жан-жақты дамыған, білім нәрімен сусындаған, теориялық білімі терең, практикалық дағдысы қалыптасқан, ұлттық менталитеті жоғары маман даярлай отырып, олардың қазақ тілін оқытуда төмендегідей жайттарға назар аударуын меңгерту қажет: әр түрлі жанрда жазылған шағын мәтіндердің мазмұнын түсініп, оқи білуге үйрету; күнделікті тұрмыста, мәдени орындарда, оқу орындарында т.б. ауызекі сөйлей білуге дағдыландыру; өзін қоршаған орта туралы, өзі туралы айта білуге дағдыландыру; оқыған мәтіннің мазмұнын әңгімелеу, оған өзінің пікірін, бағасын беруді меңгерту; жеңіл шағын мәтіндерді (хабарландыру, қысқаша хабарлама, т.б.) тыңдап, оларды түсіне білуге қалыптастыру; қарапайым ақпаратты, хабарды жаза білуді, соның ішінде хат жазуды, сауалнама, арнайы бланкілерді, т.б. толтыруды меңгерту; мемлекеттік тілде іс қағаздарды жаза білуді игерту т.б.

Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқыту барысында төмендегідей міндеттерді шешудің маңызы зор. Қазақ тілін оқыту әдістемесі курсының міндеттері:

Студенттерді әдістеме саласындағы соны өзгерістермен таныстырып, оны тиімді қолданудың жолдарын үйрету; Студенттерге қазақ тілін оқыту әдістемесінің методологиялық-теориялық негіздерін меңгерту; Қазақ тілі жүйесін мектепте қатысымдық-танымдық тұрғыдан талдап көрсету; Оқу-әдістемелік құралдарды оқып-талдау, баға беру, тиімді әдістемелік кешендерді таңдай білу, оларды практикада қолдана білу дағдыларын қалыптастыру; Қазақ тілін оқыту әдістемесін ғылыми тұрғыдан зерттеп-тану қабілеттерін дамыту; Болашақ қазақ тілі мұғалімдерді ретінде, өз бетімен ғылыми-әдістемелік әдебиеттерді іріктеу мен оларды талдай білу дағдыларын жетілдіру; Педагогика мен әдістемедегі жаңашыл әдістемелерді талдай білуге. Олардың практикадағы тиімді-тиімсіздігін анықтай білуге дағдыландыру.

  1. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы

Қазақ тілін оқыту әдістемесі – жеке ғылым саласы. Қазақ тілінің әдістеме-технологиясы ғылым болып бірден қалыптасқан жоқ. Оның да өзіндік тарихи даму жолдары бар. Қазақ халқының тарихында баланы ана тілінде оқыту әдісіне көңіл бөлу ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннен басталып, бүгінгі деңгейге жету жолында бірқатар ғалымдар елеулі үлес қосты.

Қазақ халқының тұңғыш ұстазы, методист-ғалым, фольклоршы-этнограф Ы.Алтынсарин (1841-1889) орыс демократ-педагогтарының идеяларына, Л.Н.Толстой, К.Д.Ушинский әдістемелік көзқарастарына сүйеніп, “Қазақ хрестоматиясы” (1879) және “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” оқулығын жазды. “Қазақ хрестоматиясы” – көрнекілік принципіне негізделген, тез сауаттандыру жолдарын көрсеткен, әдістемені жетілдіруге үлес қосқан алғашқы еңбек болды. Ы.Алтынсарин: “Қазір жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін...халық мектептері үшін ең керектісі – мұғалім. Тамаша жақсы педагогика құралдары, үкімет бұйрықтары, инспектор бақылауы да тең келе алмайды”,- дейді. Ы.Алтынсарин жалпы және кәсіптік білім берудің негізін қалаған, көрнекілік, жүйелілік, оқыта отырып, тәрбиелеу принципімен алғашқы сауат ашу оқу құралын жазған халқымыздың тұңғыш ағартушы ұстазы.

Қазақ жастарын оқуға, мәдениетке үндеуде адамгершілік, парасаттылықтың асыл мұрасын қалдырған ұлы ұстаз, педагог, данышпан-гуманист, ағартушы Абай Құнанбаев (1845-1904) болды. Абайдың қай шығармасын алсаңыз да сөздеріндегі реалистік, бұқарашыл-публицистік стильмен жазылған өсиет, кеңес – қазақ тілін оқытудың дидактикалық материалын дамытады. Осы жағынан алғанда Абай оқу үрдісін ұйымдастыруда терең білімділікке баулып, әр оқушыға ұлттық рухани тәрбие берудің адамгершілік принципін ұстанғанын көреміз. Қазақ тілі сабағын оқыту сабағында Абай шығармаларын пайдалану – оқушыларды ғылымды игеруге жетелейді.

Ахмет Байтұрсынов (1873-1938) – қазақтың тұңғыш лингвист-ғалымы, ұстазы, қазақ тіл білімінің ана тілімізде қалыптасып, дамуының көш бастаушысы, бірнеше әдістемелік мақаланың авторы. “Әліп би”, “Тіл құрал”, “Әдебиет танытқыш”, “Тіл жұмсар” , т.б. еңбектердің авторы.

Қазақтың ұлттық жазуын жасауды мақсат еткен, араб алфавиті негізінде “Байтұрсынов жазуы” дүниеге келді. Сол жазумен сауат ашуды ойлап, “Оқу құралы” оқулығын жазды. Қазақ тілінің грамматикалық құрылысын талдауда тілді қолдану тәртібі көрсетілген “Тіл құралы” еңбегі жазылды. 1926-1928 жылдары “Жаңа мектеп журналында” әдістеме жайлы төрт мақаласы жарияланды. “Тіл тағылымы” еңбегінде ана тілін оқыту жолдарын көрсеткен “Баяншы” аталатын тұңғыш әдістемелік құралы – маңызы зор еңбек болды. Сонымен қоса қазақ тілінде 24 дыбыс, 43 әріп бар екенін дәлелдеп, 25 белгімен оқытылатын араб әліппесін қалай оңай оқыту жолын көрсетті. А.Байтұрсынов қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы.

Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – ұлы ақын-ұстаздың ағартушылық, әдістемелік жайындағы ғылым еңбектері мен мақалаларында жастарды оқытудың дұрыс жолдары көрсетілді. “Бастауыш мектепте ана тілін оқытудың жолы” (1925), “Сауатты бол” (1926), “Әліппе ережесіне арналған” (1929) балаларды оқыту үлгілері сауаттандырудың жолын көрсеткен еңбектері еді. Ақынның шығармалары қазақ тіліне қажетті дидактикалық материалдар ретінде де құнды. М.Жұмабаевтың “Педагогикасын” (1993) оқу, оқушы үшін қажетті материалдарды жинақтау мұғалімнің әдістемелік мамандығын байытты.

Құдайберген Жұбанов (1899-1938) - тіл ғылымының алғашқы профессоры, ірі педагог-ағартушы, методист-ғалым. Қ.Жұбанов қазақ тілін зерттеумен бірге, мектепке арналған тұңғыш бағдарламасын жасап, оқулығын жазған, қазақ тілін оқыту методикасын жақсартуға бағыт берген ғалым. Оның 1936 жылғы “Қазақ тілінің грамматикасы” оқулығы осы кезге дейін құнын жойған жоқ. 1936 жылғы “Қазақ тілінің программасы” бағдарламасы жобасында V-VII сыныпта оқытылатын тіл материалдарын тізбектеп көрсетеді.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қазақ тілінің оқулығын жазу, бағдарламаларын жасау, оқытуды жақсарту мақсатында көптеген шаралар атқарылып, қазақ тілі әдістемесінің негізі қаланды. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов, Ғ.Бегалиев, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, С.Жиенбаев, Ш.Сарыбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Н.Оралбаева т.б. қазақ тілінен оқулық, бағдарлама жазып, қазақ тілін оқыту әдістемесінің дамуына үлес қосқан белгілі ғалымдар болды.

90-жылдарда қазақ тілін оқыту әдістемесі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін алуымен бірге өркендеп жаңа зерттеулермен толыға бастады. Ф.Оразбаева, Н.Құрманова, Г.Уәйісова, А.Қыдыршаев еңбектері осыған дәлел.

  1. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің әдіснамалық негіздері

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің әдіснамалық-теориялық негіздері. Тіл білімі ғылымы, педагогика, психологиясы және басқа ғылымдармен байланысы.

Методология - гректің metodos-зерттеу, әдіс, ілім деген сөздерінен алынған термин. Методика білім беру құралдарының жиынтығы деп қарастырылса, ал методология осы білім беру құралдарын басшылыққа алатын негіздер болып табылады. Жер бетіндегі ғылымдар өзінің негізгі қарастыратын объектісіне қарай 2-ге жіктеледі:

1. Жаратылыс тану ғылымдары;

2. Қоғамдық ғылымдар.

Жаратылыс құбылыстарын жаратылыс тану ғылымдары (физика, математика, химия, биология және осылардан бөлініп шыққан басқа да ғылымдар) зерттесе, адам баласы қоғамындағы құбылыстарды қоғамдық ғылымдар (тарих, философия, саяси экономия, заң ғылымдары, педагогика және тіл білімі ғылымдары) зерттейді.

Қазақ тілін оқыту методикасы педагогиканың бір тармағы бола тұрып, қоғамдық ғылымдар қатарына жатады. Тілдік фактілер қазақ тілін оқыту методикасының негізгі объектісі. Ал оқыту методикасы диалектикалық материализммен, біріншіден, методологиялық қағидалар жағынан ұштасса, екіншіден, зерттелетін ортақ мәселелер жағынан жақындасады. Диалектикалық материализм материя алғашқыда, сана екінші деп есептейді. Бұл қағида-ғылымдардың барлығына соның ішінде қазақ тілін оқыту методикасына да қатысты әрі ортақ қағида. Бізді қоршаған дүние және оның заңдары адам санасынан тыс және оған тәуелсіз өмір сүреді, адам оны еңбек процесінде таниды және пайдаланады. Адамның ойлауы тіл арқылы объективті шындықты көрсетеді. Объективті шындықта болған нәрсенің, танылғанның бәрі де тілде белгіленеді. Қазақ тілін оқыту методикасын зерттеуде диалектиканың негізгі заңдары мен категориялары ескеріледі. Маркстік диалектиканың бірінші заңы дүниедегі барлық заттар мен құбылыстар бір-біріне тығыз байланысты деп қарайды. Осы заңдылықты мектодикаға алып келгенде оны төмендегіше түсіндіруге болады. Методика пәні және оның зерттейтін объектілері бір-біріне тығыз байланысты. Білім беру әдістері және олардың түрлері бір-біріне байланысып, бірін-бірі дамытып отырады. Қазақ тілін оқыту методикасындағы сабақтар да біріне-бірі үндесіп отырады, бірінсіз-бірі жасалмайды.

Диалектиканың екінші заңы заттар мен құбылыстар саннан сапаға көшіп отырады деп дәлелдейді. Қазақ тілін оқыту методикасындағы білім беру әдістері және олардың құрылымдық элементтері жаңарып, үнемі жетіліп отырады. Диалектикадағы ескі әдістер, методикалық терминдер, ескі сабақ құрылымдары, ал сапа сол білім беру әдісінің жаңаруы құрылымдық элементтердің жетілуі, сабақ түрлері, олардың топтастырылуы. Бұлардың бәрі жаңадан қаралады, зерттеледі, бұлар сапа ретінде танылады. Диалектиканың үшінші заңы заттар мен құбылыстар бір-бірімен қайшылық негізінде дамиды деп көрсетеді. Әрине, методикалық проблемалардың барлығы өзінше дамиды, өзінше жетіледі. Әрбір мәселенің құрылымдық ерекшеліктері зерттеу үстінде дами түседі, бір орында тоқырап қалмайды. Ескі объектілер жаңарып отырады. Мысалы, Мәскеу, Санкт-Петербург мұғалімдерінің іс-тәжірибелері бойынша сабақтың құрылымдық ерекшеліктері жаңарды.

Қазақ тілін оқыту методикасы педагогикаға, психология мен логикаға байланысты. Методиканың негізгі тірегі – қазақ тілінің фактілері. Онсыз методиканың түрлі мәселелерін бөліп қарауға болмайды. Сондықтан методика қазақ тілі фактілерімен тығыз ұласып жатады. Методика қазақ тілінен берілетін мәліметтерді мектеп оқушыларының ойына лайықтап оқыту қағидаларын қарастырады. Бұл білім беру заңдылықтары лексиканың, фонетиканың, грамматиканың, орфография мен пунктуацияның заңдылықтарымен үндеседі. Негізгі тілдік фактілер бойынша білім берудің теориясы мен практикасы қарастырылады. Мектеп оқушыларына қазақ тілінен берілетін теориялық мәліметтер көлемі жағынан ықшамдалады. Яғни, тілдік фактілердің қорытылып, шешілген мәселелері мектеп оқушыларына жеткізіледі.

Мектеп оқушыларына қазақ тілінен берілетін тілдік фактілердің өзіндік белгілері(жасалу жолдары) лексикалық, фонетикалық, грамматикалық белгілері, анықтамалары, әрбір кластың ерекшелігіне олардың ой-өрісі, білім дәрежесіне лайықталады. Қазақ тілін оқыту методикасы педагогикаға тікелей байланысты. Педагогика ғылымының дидактика саласы оқыту ұс анымдарын, оқуды ұйымдастырудың түрлі әдіс тәсілдерін, білімді игерудің ең тиімді ұтымды жолдарын, іскерлік пен дағдыны қалыптастырудың амалдарын қарастырады. Педагогика жалпы методика теориясының мәселелерін зерттейді. Ал методика әрбір жеке пәнді оқытудың теориясы мен практикасын қарастырады. Сондықтан методика жалпы педагогикалық қағидаларға негізделе отырып, қазақ тілі фактілерінен білім берудің заңдылықтары мен әдістерін тікелей қарастырып, педагогикалық, дидактикалық принциптерді қазақ тілінен білім беруде қалай іске асыру жолдарын ойластырады. Сабақ барысында мұғалім дидактиканың оқыту, білім беру жөніндегі теориялық қағидаларына сүйенеді.

18 Ғасырда өмір сүрген әйгілі чех педагогі Ян Амос Каменский дидактика саласында еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа өлмес мұра қалдырды. Педагог «Ұлы дидактика» еңбегінде адамның сыртқы әсерлерді қабылдауы сезімнен басталатынын айтқан. Оқу-тәрбие жұмысының негізгі әдісі- дидактика заңдарын кеңірек қолданып, жаттықтыру, яғни білімді меңгеріп, дағдыға айналдыру деп есептеген. Осыдан келіп: «Білімнің негізі зат пен құбылыстың өз табиғатынан алынсын. Ұстаз аз сөйлеп, шәкірт көп үйренетін болсын» деген дидактикалық қағидаларының осы күнге дейін маңызы зор. Каменскийдің идеясын жалғастырушы орыс педагогі К.Ушинский ана тілін барлық пәндердің негізгісіне теңейді.Ол оқу материалын меңгеруде әңгіме, салыстыру, пысықтау, бекіту сияқты әдістерді қолдану жолдарын көрсетеді.

Педагогика – негізінен тәлім-тәрбие берудің заңдарын, оларды іске асырудың жұмыс жүйесін белгілейді. Тәлім – оқушыларға берілетін теориялық біліммен практикалық дағды. Ал тәрбие –қазақ тілінен білім беруде мәтіндер, сөйлемдер, мысалдар арқылы және түрлі жаттығулар бойынша жүргізілетін жұмыс. Қазіргі таңда мектептерде оқу тәрбие жұмысын түбегейлі қайта құру мен жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің мінддеті әр оқушының психикалық физиологиялық даму, қалыптасу ерекшелігін білумен қоса, мұғалімнің педагогикалық тұрғыда оқушылармен қатынас орнату негіздерін білу қажеттігі туып отыр. Педагогика, психология ғылымдары, пәнді оқыту әдістемесін жетік білетін білімді де білікті мұғалімдер оқытуда жоғары жетістіктерден көрінеді. Сондықтан мұғалім, алдымен психолог болу керек. Ушинский өзінің «Ана тілі» оқулығын жасауда баланың психикасын жетік білуге мән беріп, дидактикалық пікірлерін психология ғылымы жетістіктеріне негіздей отырып жасаған. Ы.Алтынсарин «Хрестоматияда» баланың жас және өзіндік ерекшелігімен санаса отырып, былай деген: «Мұғалімнің жұмысы балалар. Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы олардың көкейіне қондыра алмағаны үшін өзін өзі кіналауға тиіс. Ол балалармен сөйлескенде шыдамдылық ету керек, әрбір нәрсені ықыласпен түсіндіру керек...» деген болатын. Бала, адам жан дүниесіне терең үңілген Абай: «Адам дүниеге келгенде ақылды болып тумайды. Естіп, көріп, оқып, ізденіп, ақыл табады» деген. Оқушы психологиясын терең зерттеп, білу үшін ғалымдардың еңбектерін оқып отыру керек. Тілдік ұғымдарды психология ғылымы тұрғысынан зерттеу идеясына байланысты Қазақстанда тұңғыш рет құнды пікір айтқан тюрколог- ғалым С. Кеңесбаев болды. Ә.Сыдиқов, Т.Сабыровтың еңбектерінде бұл тұжырым нақтыланып, Ә. Алдамұратовтың «Оқушылардың грамматикалық ұғымдарды меңгеру психологиясы» жөніндегі еңбегінде педагогиканың, психологияның зерттеу әдісін де анықтап, оқушылардың білім алудағы ұғымын, ақыл ойын өрістетуде психологиялық ерекшеліктерінде күш салудың қажет екенін айтып, сабақ барысында саналы білім беру жолдарын көрсетеді. Акад.Т.Тәжібаевтың жалпы психология деп аталатын еңбегінде дағдыға машықтанудың төрт түрлі жолын ұсынады. Қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім жаттықтыру барысында дағдыға машықтану әрекетін жақсы меңгеруі керек. М.Жұмабаевтың Педагогика еңбегі баланың психологиясымен санасатын еңбек. Ана тілін оқытуда мұғалім баланың жан дүниесін ескере отырып, оқытуды естен шығармау керек. Тілдік материалдардың толық қалыптасуында түсінік, ой, түйсік, сезім және сигнал жүйелері үлкен рөл атқарады. Оқушыларға тілдік материалдарды толық игертуде сабақ процестерінің мәні зор.

Жеке пәндер әдістемесін түсіндіруде психологияның алатын орны ерекше. Оқушылардың грамматикалық ережелерді игеру процесінде, оны дұрыс қолдануда психологияның қазақ тілін оқыту процесіне өзіндік ықпалы зор. Оқу тәрбие ісінде ең басты қағида мұғалімнің сабаққа психологиялық жағынан дайын болуы. Мұғалім баланың жас ерекшелігін, қабілетін үнемі ескеріп отыру керек. Сабақтың теориялық жағынан ғылыми фактілермен талапқа сай өтуі оқушының логикалық ойлау қабілетін арттырады. Мұғалім оқушыларды ойлана білуге баулуы керек. Ол үшін жаттығу жұмыстарын дұрыс таңдап алудың маңызы зор. Мұғалімнің материалды жүйелі түрде түсіндіруі, өткен материалды тыңдауға, түсінуге оқушылардың дайындығын тексеруі зейіннің дұрыс аударылуына себепші болады. Түрлі тәсілдер арқылы оқушы зейінін тәрбиелеп отыру мұғалімнің негізгі педагогикалық істерінің бірі. Оқушы зейіні сабақ үстінде тәрбиеленеді. Зейінсіз өткен сабақ өз мақсатына жетпейді. Сабақты психолгиялық жағынан өте қызықты етіп құру үшін сабақ әдістемелік жағынан тиімді болуы керек. Тиімді болу үшін мұғалім материалды баяндау әдісімен, дидактикалық заңды ұстанымдарды орынды жерінде қолдана білуіне байланысты. Мұғалім оқу жұмысын ойдағыдай жүргізуі үшін балалардың жас ерекшеліктері мен жеке ерешеліктерін, қасиеттерін жақсы білуі керек. Өз ісін шебер меңгерген мұғалім сыныптағы әр оқушының жеке ерекшеліктерін жадында ұстайды. Бір адамның барлық ісін басқа адамдардың істерінен айыратын сипаттар мінез деп аталады. Мінез құлықтың барлық қасиеттері темпераментке байланысты. Темперамент туралы түсінікті ғылыми жолға түсірген акад. И. П.Павлов. Павлов сангвиниктерді ширақ, нерв жүйесі күшті, қозғалғыш адам, холериктерді ұстамсыз, қозуы тежелуінен басым, флегматиктерді нерв жүйесі күшті, қозғалысы баяу адамдар десе, меланхоликтерді нерв жүйесі әлсіз типті адамдар деп сипаттайды. Көбінесе бұлар бір біріне аралас болады. Оқушының ерекшеліктеріне қарай әр түрлі қоғамдық жұмыстар беріп отырған жөн. Сабақта ауызша айтылатын тапсырмаларды көбірек берген орынды. Мұғалім баламен жеке сөйлесіп, қабілеттерін ұштап, жетістіктерін мадақтап айтып отырады. Оқушының жасына қарай оқудағы үлгерімін, тәртібін, өзге балалармен қатынасын қадағалау, ата анамен байланыс жасау мұғалімнің міндеті.

Қазақ тілін оқыту методикасы логикаға да тікелей қатысты. Логика ғылыми дәл ойлау, дұрыс пікірлеу заңдылықтарын үйретеді. Сөйлемнің дұрыс құрылуын ойластырады. Түрлі тілдік фактілердің дәл болуын қарастырады, мұғалім мен оқушы сөзінің анық болуын қамтамасыз етеді. Мектеп оқулығындағы әр тақырыптан өзіндік белгілерінің және анықтама, ережелерінің дәл болуын ойластырады. Сондықтан қазақ тілін оқыту методикасы тілдік фактілерді түсіндірі мен жеткізуде логика ғылымындағы жаңалықтарға сүйенеді.

Қазақ тілін оқыту методикасы төмендегі міндеттерді қамтиды: 1. орта мектепте оқылатын қазақ тілінің мазмұнын анықтайды; 2.орта мектеп оқушыларына берілетін білімнің көмегін анықтайды; 3.орта мектепте оқытылатын қазақ тілі оқыту жүйесін анықтайды; 4.білім беру әдістерін топтастырып, құрылымдық ерекшеліктерін белгілейді; 5.сабақты топтастыра отырып, олардың түрлерін, құрылымдық ерекшеліктерін айқындайды.