Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
шерхан сонгы.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
77.14 Кб
Скачать

2.1 Ай мен Айша романының негізгі тақырыбы.

«Ай мен Айша» романының бірінші кітабы «Жалын» баспасынан 1997 жылы жарық көрген. Толықтырылып жинақталған екінші томы 2008 жылы басылып шықты. Аталмыш кітап автордың балалық шағы туралы сыр шертеді. Айша – анасының аты. Балалық шағы ІІ-дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келген Шераға өзінің балалық шағынан сыр шертеді.

Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал- мұртымен тумайды.

Мен де солардың бірімін.

Анамның аты Айша еді.

Аз ба, көп пе- алпыстан астым.

Аз ба, көп пе – ірілі – уақты кітап жаздым.

«Халық жазушысы атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі де мені балалық шағымдай байыта алмады. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді. [3]

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романының «Жолашарында» «бала күнінде көргенін, естігенін» ортаға салғысы келгенін айтады. Ал, шығарманы бастан аяқ оқып шыққаныңда, «Ай мен Айшаның» идеялық-эстетикалық мән-мағынасы әлде қайда кең де терең екеніне көз жеткізесің. Роман қазақ ауылының өткен ХХ ғасырдың отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдардағы тұрмысы, ауыр ахуалы, әлсіз үміт жетегінде жүріп, тоталитарзим мен шовинизм қазған ордың жар қабағында тұрса да, құлап кетпей, әупірімдеп күн көріп, не машақаттың барлығымен жансебілдікпен алысқанын суреттейді. Әлі ат жалын тартып үлгермеген жас бала қыл көпір үстінде жүргендей күй кешеді, бірақ тегі мықты, қабылан характерлі ол, әлі келсін, келмесін жамандықтың жағасына жармасады, алысады, жұлысады, қалайда беріспеуге тырысады.

Роман новелла секілді шағын-шағын әңгімелер жүйесінен тұрады. Әрқайсысына оқыс та өткір сюжет, сындарлы композияция тән. Бас-аяғы жинақы әңгімесінде бас кейіпкер Барсхан бастан кешкенін баяндаудан гөрі, көрген-білгенін суреттеуге бейім.

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айшаны» жазуға «Қара маржан» романының, «Қызыл жебе» атты бес кітаптан тұратын роман-эпопеяның, көп-көп айшықты әңгімелердің авторы, белгілі драматург, аудармашы, Қазақстанның республикалық жетекші газет, журналдарының, радио, теледидарының абыройлы басшысы болып, Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты аталған соң кірісті. Енді өзі ел тұлғасы боп қалыптасқан кезде туғызды. Сол бай тәжірибенің нәтижесі «Ай мен Айшадан» айқын көрінеді. Шебер қалам жүздеген новелланы шашыратып алмай, үйлесімін тауып, басын біріктіреді.. Бас кейіпкер өмірі барша новелланың алтын арқауы іспетті. Барсхан, қайсар шешесі Айша бұрынғы мекені тағдыр тауқыметімен Мыңбұлақтан Әулие-Атаға барып қоныстанып, бірсыпыра жылдан соң құтты мекеніне қайта оралады.

Барсхан – Шерханның өзі. Яғни прототипі.

Ойына не келсе соны істейтін, жанып тұрған шамның бүйірі томпақ шишасына түкіріп қалып шырт еткізіп сындыратын, сол тентектігі үшін шешесі Айшадан таяқ жейтін бес жасар ойын баласы кенет есейеді.

«Түн ортасы болар, мен Айшаның айқайынан ояндым. Елегізген шынысыз шамның сәулесімен сорайып-сорайып бөтен біреулер көрінеді. Олар Мұртазаны итеріп-итеріп алдарына салып алып кетті. Айша айқайлап арттарынан шықты. Дірдек қағып мен де шықтым. Серейіп-серейіп үш-төрт адам сай жаққа қарай кетіп бара жатыр. Сайдағы көпір сықырлады. Айша сайдың қабағына дейін қалмай барып еді. Мұртазаның даусын анық естідім:

– Қайт! Балалар қорқып қалады! – деді.[ 3]

Түнгі аяз бұл дауысты қайталап шыққандай болды. Сықыр-сықыр дыбыс алыстап, Айшаның аяғының асты ғана қаршылдайды.

Айша есіктің алдында ербиіп тұрған мені көтеріп алып, бауырына қысып, аспандағы топ-толық Айға қарап:

– О, жаратқан, басқа-басқа, мына үрпек балапандай үш нәрестенің не жазығы бар еді? – деді.

Толықсып тұрған Ай бір аунап түскендей болды.

Мен ілезде есейіп шыға келдім.»

Өстіп көркем құрал қуатымен Кеңес кезінің қоғамдық бет-бейнесі жеке адамның тағдыры арқылы ашыла бастайды. Қоғам өмірі кең өрісті суреттелмесе де, бар назар Барсхан мен оның төңірегіне түссе де, баланың ендігі өмірі, қимыл-әрекеті, жан әлемі оны туғызған қоғамдық ортаның тұрпатын, ішкі мазмұнын әшкерелейді. Жеке адамның тағдыры адам өмірі сол қауымның бар тірлігімен қабысып жатқандықтан, замананың эпостық кең құлашты шындығына кенелеміз.

Жазушы бес жасар геройының бұл жолғы есеюінің жөн-жобасын бала түсінігіне шақтап берген. Жүрек шымырлататын, көзге жас алдыратын зардабының бір қырын ғана көрсеткен.

«Мен ілезде есейіп шыға келдім.

Енді мені қорғайтын Әке жоқ екенін сұңғылалықпен сезіп қойған сияқты едім.

Жаңа ғана жарқырап тұрған Ай бұлттың ішіне сүңгіп кетті де, жетімдіктің алғашқы түні жан-жақтан қаптап келе жатты.

Айша мені жетім қалған үйге жетектеп кіргізді.

1937-жылы жалмауыз жыл еді.

Қанатына қырау қатқан жас балапан мен едім.

Енді асықтан ұтыла беретін болдым. Бұрынғыдай ешкім болыспайды».Аталмыш романды оқып отырып осы тұста шерханның әкесі Мұртазаны 1937 жылы «халық жауы» болып Итжеккенге айдалып кеткенін аңғарамыз. Бес жасар ойын баласын өмірдің өзі ерте есейтеді.Бала әкесінен айрылды. Бұған дейін «Қарны тоқ, қайғысы жоқ, киімі бүтін бес жасар ойын баласы» еді. Ауыл ағайын енді қырын қарай бастағанын бірден сезеді.

Талай отбасын әкесіздік зұлматына ұшыратқан жалмауыз 37 ғой, Құдайға шүкір, келмеске кетті. Бірақ, әкесіздік ағызатын көз жас тиылды ма? Тәуелсіз елдің некеге отырған жастарының жарымына жуығы айырылысып жатады. Тіпті балалы-шағалы болып қырқылжың қырықты жинаушы кей жігіттер балаларын, кішкентай періштелерді мөлитіп әкесіз қалдыруда... Әкесіздікті романының өзегі еткен жазушы қайдағы жоқты айтып отырған жоқ. Өткен қу жетімдік балалық шағын суреттеу арқылы бүгінгі қарадан қарап жүріп әкесіздік атты жұт шақырған ахуалға қатты ашынатынын білдіріп отыр. Ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын тұлғаның ісін істеген.

Айша – батыр да, тұлға да емес сияқты. Былай қарағанда, қатардағы еңбекші. Тапқан еңбек күніне тым құрса тіске басатын қорек тимейді. Колхоздың күңі. Үй-мүлкін сатады, аннан-мұннан тасынады. Балапандарын қыт-қыттап жаны қалмай дән тауып асырап жүрген тауық тәрізді. Үй іші қамында жүрген адам. Бірақ қазан-ошақ қасынан шықпайтын ақжаулыққа да жатпайды. Түптеп келгенде, Айша – ірі типтік образ. Күні кеше ер адамдар майданға аттанды. Сонда бір жағы бала-шағаны, екінші жағы майдандағы жауынгерді кім киіндіріп-ішіндірді? Даусыз ақиқат: негізінен әйелдер. Сондай әйелдердің жуан ортасынан роман кейіпкері Айшаны да көреміз. Бұл жарқын бейнеден ержүректіліктің де, қамқоршыл тұлғаның да сыпаттары ұшқындап тұрады.

Романда Айша образы әр қырынан мүсінделген. Балаларын ғибратты аңыз, ертегі айтып ұйықтатады. Бұл жағынан ол – сұңғыла тәрбиеші. Қаршадай ұлдарының қиялына қанат байлайды, жүрегіне адамгершілік сезім ұялатады. Ана байғұстың бала-шағасына жасаған қай қамқорлығын айтып тауыса аласың. Барсханның өжеттігі, не озбырлыққа көнбейтін, ешкімге есесін жібермеуге тырысатын қайыспас мінезі шешесіне тартқан. Автор анасының биік қасиеттерін белгілі бір оқиғадан туғызып бейнелейді, құр мадаққа бармай, үлкен такт, көргенділік әдеп сақтай отырып кескіндейді. Барсханның сүндетке отырғызылатын, бір жағынан күлкі шақыратын жайымен байланыстыратын оқиға айтылғанға айқын мысал.

Барсхан Айшаның алмастай кеспе-берен мінезінен ғана қаймығады. Шүмәтайының ұшын кертетін «хирургтің» қолына түсіп қалғанының көп себептеріне тоқтала келе, шешесінің мінезін бөліп айтады. «Айшаның айтқанын істемей көр. О, оны сіздер білмейсіздер. Ол бурыл тайдың үстінде жарбиып отырған мен тұрмақ, зіңгіттей Тасбет маңқаның өзін аттың үстінен түсірген. Тасбеттің өзінен де бар. Дереу тілдейді. Атаңа нәлет дейді. Құлақтың қатыны дейді. Халық жауының қатыны дейді. Айша бір шыдайды, екі шыдайды, тіптен болмаған соң, қызыл қырманның басында, шаршы топтың көзінше Тасбетті аттың үстінен тулақтай жұлып түсірген ғой...»

Сталиндік репрессия, тоталитаризмнің басқа да қызыл танау науқандарын жүзеге асырғанда әрдайым асыра сілтейтін, күн бір жауса, терек боп екі жауатын белсендизм болса, Тасбет бригадир сол ел, ұлт мүддесіне әрдайым қайшы іс істейтін кертартпалардан. Есімі де классицизм ағымын еске түсіретін үлгімен тауып қойылған. Жұртқа жаны ашымас қаражүрек.

Романның әр новелласы сайын айналып соғып отыратын және бір тұрақты кейіпкері бар. Тұманбай ақынның «Екі жұлдыз, екі бақыт көктегі, төбемізде тұрып алды кетпеді» дейтін өлеңіндегідей, аспан әлемінен. Жансыз болса да, жандыға есе бермейтін, шығарманың құлашын жазып, жаһанмен жалғастыратын образ – көктегі Ай. Шерхан романының аталымына кездейсоқ кірмеген. Ай мен Айша – екеуі де Барсханның балалық шағының жұлдыздары. Тұлғалыққа баулитын мектебі. Айдың Айшадан айырмашылығы, өзегі талып аштықтан кірпігі айқаспай жатқан Барсханды аяғанымен, жылуы жоқ. «Құр аяныш ауқат емес». Бір жақсысы, Ай мінезі аумалы-төкпелі. Айша мен Барсханның көңіл күй-жайына байланысты құбылады. Араға төрт жыл салып, туған жері Мың-Бұлаққа қайта көшіп келгенінде Ай мейірлене бастағандай көрінеді.

Мың-Бұлақ – тағы бір рәмізді образ. «Мың-Бұлаққа жетіп өлсем арманым жоқ». Бұл – Мұртазаның сөзі екенін Айшаның құлағына жеткізген Сібірден аман-есен оралған Жайлау деген кісі. Айша мен Барсхан Мың-Бұлаққа қайта оралғандарына мәз. Бұдан былай «кірме» аталмайтындықтарына қуанышты. Барсхан туған жерінде бір түнеп, оқуына оралады. «Алдымда – Әулие-Ата». Осы үмітті екі сөзбен роман аяқталады.

Қазіргі замандағы әдебиетте әжелер мен аналар жайында қалам тартқан жазушылар ішінде Шерханның алатын орны ерекше.

«Оның шығармаларындағы басты ерекшелік: адам баласының жан күйзелісін, ыза мен кектен тығырыққа тірелер шарасыз күйін аса шебер сүйреттеуі; қазақы мінез-құлық пен табиғат көріністерінің адам жанымен астасып қаз-қалпында сөзбен бейнеленуі. Жазушы шығармаларында философиялық тұжырымдар жасамайды немесе ұнамсыз құлықтарды шымшылап әзіл-оспақтың астына алмайды, кейіпкерлерін көркемсурет галереясындағы көріністей көз алдыңнан тізбектейді».[4.81 б.]

Егеменді ел болып, еңсе тіктеген жылдары Шерхан ағамыз шығармашылықтың шыңына шықты десек те болады. Бірқатар шығармалары шыға бастады. Солардың бірі – жазушының өз анасы жайында «Ай мен Айша» шығармасы.

«Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы әуелі «Жалын» журналында (1995,№5-12) жарық көріп, әдебиет сүйер қауымнан жақсы бағасын алды. Бұл өмірбаяндық шығарма. Ол: «Сен қайдан келдің ?- дегенде бір данышпан: - Мен Балалықтың елінен келдім,- деген екен», - деп басталады. Ендеше, біздің автор да сол балалыққа саяхат жасап, кіндік қаны тамған, балалық шағы өткен сол туған еліне сапар шегеді.

«Түсімде ылғи балалық шағымды көремін.

Түсімде күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін.

Түсімде ылғи туған үйімді көремін.

Түсіме ылғи Айша кіреді. Мұртаза сирек кіреді, өйткені ол кеткенде, мен бес-ақ жаста едім. Елесі еміс-еміс қана» - деген лирикалық кейіпкер дүниенің төрт бұрышын араласа да, қандай сұлу табиғат, бай елде болса да, ол үшін Ақсу-Жабағылының орны бөлек».[4.656-657б.]

Бұл романын ата-бабасының, Айшаның аруағына сиына отырып бастайды. Жарын халық жауы деп айдап алып кеткен соң, үш баласын жетілдіру мен заман тауқыметі өз басына қалған ана өмірі көркем суреттелген. Өмірінде талай қиыншылық пен азапты көргенмен ана жүрегі болашақтан тек жақсылықтан үміт күтеді. Бала Шерханды балалары үшін отқа түскен анасы алдындағы қарыздан қалай құтылам деген ой ертеден-ақ мазалаған еді:

«Ал мен болсам жатып аламын да ойланамын: анасы үшін о дүниедегі балалар отқа түсе жаздағанда, бұ дүниедегі біз сияқты пәндалар не бітіріп жүрміз ? Не жақсылық жасадық анамызға ?!

Мен паркке бара жатқанда, Қазыбек би көшесі мен Қонаев көшесінің қиылысында бір мәшке итті машина басып кетті. Жаңадан күшіктеген екен. Күшіктері арыққа төселген құбырдың ішінде қалған. Машина соларды таптап кетеді-ау деп, ана сорлы моторлы тажалға қарсы ұмтылған.

- Ана сүтін ақ ішкен адал ұлға, Дүниенің төрт бұрышы болар тұлға!- дер еді Айша...

Ана қарызынан қалай құтыламыз?!»[5. 99 б.]

Айша балаларына әрі ана, әрі әке, әрі әже болған нар адам болған.

«Сонда үш жетімін ұйықтату үшін, Айша неше алуан ертегі, қиссаларды айтады. Біз үшін бұл бір қадір түндері – Алланың ақ нұры жауған түндер. Анда –санда Айша осылай өзгереді. Ұзақ түнде бізге әр түрлі әңгіме айту арқылы өзі де азаптан арылып, уайымы жеңілдеп қалатын сияқты».[5.32 б.]

«Ізбайша, Әзиза, Айшалар – құдай қосқан қосағынан ерте айырылып, өмірдің бар тақсіретін тартқан тауқыметі көп, балалары үшін жанын отқа да, суға да салған итжанды аналар.

Романға нәр берген бір жетістік – ұлттық характерге мән беру. Қазақ халқына ғана тән ұлттық ерекшеліктер жазушы кейіпкерлерінің бойынан көптеп кездеседі. Қазақ әйелдерінің ата-ене, өзінен жасы үлкен қайынаға, абысынымен бірге қайын сіңлі, қайын інілердің атын атамай, оларға ат қоюы, не болмаса бас әріпін өзгертіп айтуы –ұлттық әдет-ғұрыпымыздың бір нышаны. Айшаның ата-бабадан қалған керегені отқа жақпай сақтауы, елден кетерде бүкіл аруақтан кешірім сұрап, шаңырақпен қимай қоштасуы, «Мына иесіз қалып бара жатқан шаңыраққа бас-көз болып жүрерсің» деп, иесіз үйді көршісі Баянға тапсыруы – кие тұтқан шаңырақты қандай жұт келсе де, көздің қарашығындай сақтау біздің ұлтымызға тән қасиет екендігін көрсетеді. Үйдің оты сөнуін шаңырақтың шайқалуына балайтын қазақтың от анасын қадірлеуі – бес жасар Барысханның ойнап келіп, жетілік шамға түкіріп, отты өшіре жаздағаны үшін оңбай жазалануы арқылы бейнеленген.

Көркем шығармаға аңыз-әңгімелерді, ертегілерді енгізу – қазақ прозасының табысы. Ал «Қоңыраулы еліктер», «Жалаңаш қасқыр» аңыздарына жан бітіріп тірілту арқылы ізгілікке тәрбиелеуге көңіл бөлу – жазушы жетістігі. Ұзақ түнді қысқартып, аш құрсақ балаларды алдандыру үшін айтқан Айшаның аңыздары, ертегілері – атадан балаға жалғасып келе жатқан рухани мұрамыз. Оның ата-бабалары, туған жер, тарих туралы әңгімелері болашақ жазушыға таусылмас қазына болғаны рас. Бұл романда көп кітап оқып, көп білгендіктен «молда» атанған Мұртаза мен әңгімешіл, ақынжанды Айшадан туған Барысханның Махамбеттің «Қызғыш құсына» еліктеп шығарған тырнақ алдысы да сол тұстағы зұлматтың тепкісін әшкерелегендей.

Шығарманың шешімі – Айшаны елден безуі. Оны елден, туған жерден, ата-баба қонысынан бездірген Тасбет пен Жуанқұл. Олар- кешегі Рысқұлды елден бездірген Дауылбай мен Саймасайдың жалғасы».[4. 658-659 б.]

Бал балалықтың дәмін татып үлгермеген бұл шығармалардың авторлары үшін аналары мен әжесінің аяулы алақаны жанға дауа, тәнге шипа болғаны шығармаларынан-ақ көрініп тұр. Адам өміріндегі ең тәтті кез осы балалық шақ болса, оны еске ала шығарма жазбаған жазушы кем-кем шығар. Ұрпағына осы кезеңде қазақи тәрбиені үлестірген ана мен әжеден айналарсың. Мүмкін бұл әрекетті уақытысында жасағандықтан, қазақтың маңдайына біткен әдебиеттің майданында өз орны бар азаматтары бүгінгі дәрежеге жеткен шығар

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]