Когнитивті лингвистиканың негізгі категориялары
Когнитивтік лингвистиканың жеке ғылым саласы ретінде танылуы үшін оның негізгі ұғымдары, өзіне тән негізі категориялары мен бірліктері болуы шарт. Антропологиялық тіл білімін зерттеушілер «білім, концептуалдылық, концептуалды жүйе, когниция, когнитивтік модель, вербалдылық, менталдылық, концепт, әлем бейнесі, концептілік өріс, ұлттық мәдени бірліктерді» когнитивтік лингвистиканың негізгі ұғымдары ретінде қарастырады. Аталған ұғымдардың адам санасындағы әрекеттері, тілдегі көрінісі, сол арқылы «әлемнің тілдік бейнесін» тануға мүмкіндік жасау қабілеті туралы мәселе бүгінгі таңда жалпы лингвистер алдында негізгі де өзекті проблемалар санатында тұрғандығын кейінгі зерттеулерден айқын көруге болады. Қазіргі тіл білімінде концептуалдылық таным процесіндегі білімнің нәтижесінен көрініс табуда. Бұл атауға байланысты Е.С.Кубрякова: «Концептуализация интерпретируется как «некоторый» «сквозной» для разных форм познания процесс структура знаний из неких минимальных концептуальных единиц»-деген болатын (2, 93).
Қазіргі нейрохирургия мен кибернетика салаларының дамуы нәтижесінде когнитивтік моделге «фрейм» (М.Минский) және «гешальт» (Дж.Лакофф) ұғымдары енгізілді. «Человек, пытаясь познать новую для себя ситуацию или поновому взглянуть на уже привычные вещи, выбирает из своей памяти некоторую структуру данных (образ), называемую нами фреймом, с таким расчетом, чтобы путем изменения в ней отделных деталей сделать ее пригодной для понимания более широкого класса явлений и процессов» (38,49). М.Минский өзінің теориясында адамның ойлауы мен жасанды интеллект арасының ара-жігін ашпайды. Оның пайымдауынша, адамның ойлауы образдарды визуалды көре алатын, семантикалық фреймдер яғни, сөздердің мағынасын түсіне алатын, белгілі бір іс-қимылды қабылдай алатын (сценарийлі фрейм) т.б. ақпаратпен толыққан адам жадында сақталатын құрылымдар яғни, фреймдерге негізделген. Ал белгілі бір ойды түсіну жадында сақталған фреймнің белгілі бір жағдайға сәйкес процеске түсуімен түсіндіріледі. Ал, фреймдер арасында дәл өзіне сәйкес фрейм табылмаған жағдайда, сол ситуацияға мейлінше жақын келер фрейм таңдап алынады.
Т.А.ван Дейк пен В.Кинч гештальтты қолдана отырып белгілі бір мәтінді түсінудің танымдық моделін ұсынды (39). «Гештальт» термині (неміс. Gestalt «фигура, форма, құрылым») психологиялық теория-гештальттық психологиядан бастау алады. Дж.Лакофф белгілі бір құрылымдар арқылы құрылған ой, эмоция, таным процесі, тілді гештальт ұғымымен байланыстырады (40) Бұл ұғымды лингвистикада С.Д.Кацнельсон тілдік механизімдерінің сана механизімдерімен, белгілі бір адамның жеке тәжірибесін құрайтын біліммен тығыз байланыста екенін айтады (41).
Конитивтік лингвистикада когниция ұғымына басты көңіл бөлінуде. Когниция-адам санасындағы білім арқылы көрініс табатын ақпараттар жүйесі деп танылады. Тіл білімінде «когниция» терминімен «интеллектуалдылық, менталдылылық» секілді атаулар балама ретінде қолданылып жүр. Когницияның бұл атаулардан негізгі айырмашылығы когниция адам миындағы аялық білім арқылы жиналған ақпараттардың терең қатпарларындағы біртұтас көрінісі, моделі болып табылады. Адам санасындағы білім әртүрлі тілдік құрылымдар негізінде көрініс табады. В.А.Маслова: «елестету, схема, картина, фрейм, сценарий (скрипт), гештальт» сияқты бірліктерді адам танымындағы ақпараттарды сыртқа шығаруда қолданылатын тілдік құрал деп есептеген. Когнитивтік лингвиситика «тілдік білімнің табиғатын және оны қалай қолдану керектігін меңгеретін ғылым» (9,85).
Когнитивті лингвистика ғылымының зерттелу барысында батыс еуропалық ғалымдардың зерттеулері көптеген жаңа ғылыми жолдарды қалыптастырды. Ал, когнитивті лингвистика ғылымының негізгі ұғымдарына тоқталсақ ең алды мен когнитивті лингвистика - «... адамзат тілін жалпы хабарды ұсынуға, оны бір күйден екінші күйге ауыстыруға мүмкіндік беретін таңбалар жүйесі, таным механизімі әрі құралы ретінде қарастырылатын лингвистика саласы» (Когнитивті терминдердің қысқаша сөздігі) — деген анықтама берілсе, таным дегеніміз - дүниені, өмірді танып-білу қабілеттілігі (20/Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 8-т.) болып шығады.
Когнитивті терминдер сөздігінде танымдық тіл ғылымына адамзат тілін жалпы хабарды ұсынуға, оны бір күйден екінші күйге ауыстыруға мүмкіндік беретін таңбалар жүйесі, таным механизімі әрі құралы ретінде қарастыратын лингвистика саласы деген анықтама берілген (23; 53). Бүгінгі күні бұл лингвистикалық бағыттың өзіндік ұғым-бірліктері, ұстанымдары, ғылыми-теориялық негіздері қалыптасып дамып отыр. Алғашында «когнитивті» деген терминнің өзі нақтыланбаған, ұғымдық бірліктері жүйеленбеген мәселе ретінде қабылданып келді, сондықтан когнитивті лингвистикаға қатысты пікірлер мен көзқарастар да біркелкі болған жоқ. Кейбір зерттеушілер танымдық аспектілердің тіл білімін жаңа деректермен толықтырғанын мойындағанмен, бұл бағыттың лингвистикаға соны үрдістер мен әдістер жүйесін әкелмегенін әрі когнитивті лингвистиканың орнықпағанын, ең алдымен, когнетивті емес лингвистиканың жоғымен түсіндіруге болатындығын ескертеді. Алайда, екінші топ ғалымдары құрылымдық тіл білімін танымдық лингвистикаға қарсы қоя отырып, когнитивті бағытты XX ғасырдың аяғында дүниеге келген «көтеріліс», «бетбұрыс» деп түсіндірді. Нәтижесінде тілшілер когнитивті лингвистиканы пәнаралық байланыстың көрсеткіші, тілдік ілімдер тоғысы деп бағалады. Сөйтіп, жалпы ғылыми дереккөздер негізінде когнитивті ғылымды немесе когнитологияны, когнитивті психологияны, мәдениеттануды қарастырса, лингвотанымды дамытушы алғышарттарға лингвистикалық семантика, лингвистикалық типология, этнолингвистика, нейролингвистика, психолингвистика, салыстырмалы-тарихи тіл білімі мәселелерін жатқызды (24,22). Ғалымдардың айтуына қарағанда, семасология ұстанымдары мен категориялары адамзат танымының нәтижесін құрайды (Н.Д.Арутюнова, А.Вежбицкая, Ю.С.Степанов, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия), ал тілдік типология заңдылықтары тілдің универсалды құрылымын түсіндіруге мүмкіндік береді - деген теориялық байлам жасайды (25,17-19). В.В.Петров когнитивтік ғылымның түпкілікті идеясының негізін құрайтын бірліктер турасында мынадай ой айтады: «Мышление представляет собой манипулирование внуренними (ментальными) репрезентациями типа фреймов, планов, сценариев, моделей и других структур знания» (18, 95).
Орыс тіл біліміндегі когнитивтік бағыт.
Когнитивтік лингвистика ғылымның өзектілігі мен оның күрделі проблемаларын шешу мәселесі ресейлік ғалымдардың назарынан тыс қалған емес. Орыс тіл білімінде когнитивтік лингвистикасының өзекті мәселелері ЮА.Сорокин, Е.С.Яковлева, Е.С.Кубрякова, В.Н.Телия, А.Вежбицкая, А.П.Бабушкин, С.А.Аскольдов, А.Н.Баранов, Д.О.Добровольский, Н.Д.Арутюнова, Н.Н.Болдырев, Э.Д.Попова, И.А.Стернин, Ю.Н.Караулов, В.А.Маслова сияқты зерттеушілердің еңбектерінен көрініс табады. Аталған зерттеу еңбектерінде когнитология ғылымының нысаны, бағыт-бағдары, зерттелуі, негізгі ұғымдары сөз етіледі. Бұл еңбектерден танымдық ғылымдар ішінде тілдің атқаратын функциясының жоғары екендігін көруге болады. Когнитивті лингвистика ғылымы бүгінгі таңда орыс тіл білімінде бір жүйеге түскен ғылым саласы болып табылады.
Ресейлік зерттеулердің бастамасын 1985 жылы В.И.Герасимов ұсынған шолу, 1988 жылы баспадан шыққан, тілдің когнитивті аспектілеріне арналған «Шетел тіл біліміндегі жаңалық» атты жинақтың XXIII томын құрды. 1995 жылы жазылған орыс тіліндегі аудармалардың топтамасы да «Тіл және интеллект» деп атала отырып, тіларалық ғылыми байланыстың дамуына септігін тигізгендігіне де көз жеткізуге болады. Танымдық тіл білімінің дамуына ерекше үлес қосқан еңбектердің қатарында В.А.Маслова, Ю.С.Степановтың 1997 жылы шыққан «Константтар: орыс мәдениетінің сөздігі» зерттеулері көпке үлгі болғандығын айтуға болады. «Бұл орыс мәдениетінің құндылықтарын жинақтаған алғашқы еңбек бола тұра, концепт, констант ұғымдарының да мәдени негіздерін талдауға бағытталған аса қажет зерттеулер қатарын құрады. Мұнда «Шындық», «Заң», «Махаббат», «Сөз», «Жан», «Ғылым»... константтарының сипаттамасы нақтыланып берілді» дей келе, автор маңызды лексикографиялық жұмыстарға 1996ж. Е.С.Кубрякованың редакциясымен жарық көрген «Когнитивті терминдердің қысқаша сөздігін» жатқызады.
Сонымен қатар Ресейде «Новое в зарубежной лингвистике» журналының XXIII томында тілдің когнитивтік аспектісі туралы мақала жарық көрсе, 1995 жылы «Константы словарь русской культуры» атты еңбегінде орыс мәдениетіндегі правда, закон, любовь, слова, душа, грех, наука, интеллигенция, огонь, вода, хлеб, писменность, число, время, родная земля, дом, язык сияқты концептілер қамтылып, когнитологиялық негізде талдау жасалады. Адам іс-әрекеттерінің негізгі ерекшеліктерін түсінуде когнитивистер тілді кілт ретінде қолданады.
Тіл мен таным
Адамзат баласының бітім-болмысының универсалды сипатын айқындау тіл мен танымның да жалпыға ортақ өзгеше мүмкіндіктерін сұрыптауға көмектесті. Барша адам баласына тән биоанатомиялық негіз оның ми мен жүйке, сана мен жады құрылыстарының жұмыс істеу принциптерін айқындауға, адамзат атаулының ерекше қабілеттерін жүйелі зерттеуге әрі табиғи болмыс-бітімнің әлеуметтік-мәдени ұстанымдар негізінде даму, өзгеру, толығу бағыттарын талдап көрсетуге себепкер болар маңызды факторлардың қатарына жатады. Сол себептен де жалпы тіл білімі көлемінде ғалымдар адамның ерекше жаратылысын оған қызмет ететін тіл, сана, таным, қоғам ұғымдары арқылы зерделеуді, олардың ішкі-сыртқы сабақтастығын әрқайсысының динамикалы қозғалысынан өрбітуді, сол арқылы жеке мен жалпының байланысы негізінде диалектиканың даму заңдарын сұрыптауды мақсат еткендігін де аңғаруға болады. Бүгінгі жербетіндегі қоғамдық құбылыстардағы интеграция процесі тіл ғылымы ғылымдар тоғысында, олардың аса маңызды жетістіктері негізінде күрделі ғылыми мәселелерді шешуге талпыныс жасауда, ең бастысы, лингвистика адамның барша әрекетінің көзі ретінде тіл мен оның құралдарын қарастыру қажеттігін дәйіктеп көрсетуде. Тіл адамның сыртқы ортамен байланысынан туындайтын, соған ұқсастыра әрекет еткен адам қабылдауынан сусындайтын өзгеше құбылыс екенін ғалымдар ерте кезден байқағандығын бүгінгі күні тарихи еңбектерден көруге болады. Негізінен олар сөз табиғатын зерттей отырып, оның номинативтік қызметін түсіндіруде тіл пәлсапасының маңызды тұжырымдарын басшылыққа алған болатын. Осы аталған проблемаларға қатысты Э. Оразалиева өз ойын былайша қорытындылайды. «Ат қою мен ұқсату арқылы да жаңа ұғым, жаңа сөз жасала отырып, адамның танымдық қорына енген үлгілер мен бейнелер, мағыналар мен типтік формалар саны көбейе түсетінін дәлелдеген. Демек, адам әрекетінің когнитивті аясы екі категорияға байланысты болады:
-интеллектуалы «жоғары» категорияларға немесе білім, сана, ойлау, ақыл, шығармашылық, қиял, арман, символ секілді ұғымдардың ерекше ұштасқан әлеміне;
- «күнделікті тіршілік» категорияларына, яғни практикалық әрекет, естелік, көңіл бөлу, тану, қабылдау ұстанымдарын басшылыққа алар іс қимылдар тізбегіне (Алефиренко, 196) - деген тоқтамға келе отырып когнитивті лингвистика ғылымының негізгі тұжырымдарын былайша көрсетіп береді: 1) когнитивті лингвистика-тіл білімінің маңызды саласы; 2) Тіл мен таным арақатынасы-танымдық лингвистика нысаны; 3) Тілдік заңдылықтар мен танымдық ұстанымдардың адам санасында, жадында көрініс табуы; 4) Когнитивті лингвистиканың өзге ғылымдармен байланысты - деген қорытындыға келеді (27, 22).
"Адам және тіл" мәселесі соңғы уақытта мол өзектілікке ие болуда, өйткені тілді адекватты зерттеу ісі оның өз шеңберінен шығып, табиғат пен қоғамдағы белгілі бір ортада өмір сүретіндердің тобына жүгінгеңде ғана толық мүмкіңдікке ие болмақ, себебі, тіл адамды адам ететін айрықша белгі, ерекше нышан қасиетімен танылады.
Әрине, тіл пайда болған күннен бастап адамзаттың өз ойын басқаға жеткізу үшін тәжірибесі жинақталып, қалыптасады. Осымен байланысты оған қатысты тілдік бірліктердің табиғатын тануда тілдің когнитивтік, танымдық қызметі ерекше. Бұл - тілдік ойды жарыққа шығару құралы. Когнитивтік қызметтен тілдің танымдық, затдеректік (денотаттық), референция қызметтері бірге танылады. Яғни тіл - тек заттың, ұғымның аты ғана емес, ол халықтың белгілі бір кезеңдегі таным-түсінігі, өмір салтының жемісі, сол себепті тіл әлеуметтік құбылыстардан тыс өмір сүрмейді. Адам баласының таным-түсінігі толысқан сайын өзіне дейінгі ұрпақтар жасаған мұраларды зерттеп, игеруге деген қажеттілігі арта түспек. Бүгінгі таңдағы ғылыми түсінік ғылымды да, әдебиет пен өнерді де, ел-жұрттың білім өрісі мен сауатын да, ойдың оралымдылығы мен тілдің құнарын да "адам және тіл" аясына сыйғызады. Сондықтан да "адам және тіл" когнитивтік лингвистиканың өзекті мәселесіне айналып отыр. "Когнитивтік лингвистика лингвистикалық зерттеулердің шеңберін маңызды түрде күшейте түсетін қазіргі антропоцентристік парадигмалар шегіндегі когнитивизм негізінде туындайды" [26,9].??
Когнитивтік лингвистика, метафораның когнитивтік теориясы — ғаламның тілдік бейнесінің концепциялары тұрғысынан тіл білімін жүйелеу мен құрудың құралы. Жеке бір сөздің толық концептісі оның семантикалық және ассоциациялық өрісі арқылы айқындалады. Сөздің семантикалық және ассоциациялық өрісінде пайда болған ақпараттың құрамында когнитивтік және прагматикалық мағыналардың элементтері бейнеленеді. "Когнитивистикада адам когнициясына басты назар аударылады, көзге түскен іс-әрекеттер ғана емес, олардың ментальдік репрезентациялары, ішкі көріністері, модельдері, тілдегі когнитивтік модель ретіндегі символдың түрлері, адамның стратегиялары да зерттеледі, олар білім негізінде іс-әрекеттерді туындатады, яғни адамның когнитивтік дүниесі, оның жүріс-түрысы мен қызметі бойынша белсенді түрде қатысуымен жүргізіледі, адам қызметінің мотивтері мен қондығырларын қалыптастырады, нәтижесін болжайды" [26,7].
Когнитивтік лингвистика дегеніміз - "тілдегі жалпы когнитивтік механизм ретіндегі когнитивтік құрал, яғни ақпаратты репрезентациялау, кодтау және трансформациялауда маңызды рөл атқаратын таңбалар жүйесі ретінде қарастырылатын лингвистикалық бағыт" /22,53].
Когнитивизм туралы В.А.Маслова өз пікірін төмендегіше көрсетеді: «В когнитивистике главное внимание уделяется человеческой когниции, исследуются не просто наблюдаемые действия, а их ментальные репрезентации (внутренние представления, модели), символы, стратегии человека, которые и порождают действия на основе знаний; т.е. когнитивный мир человека изучается по его поведению и деятельности, которые протекают при активном участии языка, образующего речемыслительную основу любой человеческой деятельности - формируя ее мотивы и установки, прогнозируя результат» [26,7].?? Когнитивизмнің басты зерттеу нысаны - адамзаттық когниция. Оны тек байқау, бақылау әдістері арқылы зерттеп қоймай, ментальді репрезентациясын (ішкі танымын), білімнің негізін қалыптастырған символдар мен адамның стратегиялық таңбаларын айқындау керек. Демек адамның когнитивтік әлемі оның ойлау әрекеті мен тәжірибесі арқылы анықталады. Адамның бұл әрекетін танытатын негізгі белгі - оның тілі. Себебі тіл - адамның қабылдаған ақпаратын өңдеп санада реттеген нәтижесін көрсететін құрал.
Тілді когнитивтік тұрғыдан қарастыратын болсақ, тіл объективтік дүниені танушы, оны тілдік формада бекітуші, оның репрезентациясын (ішкі танымын) көрсетуші және сонымен бір уақытта дүниені тану мен игерудің құндылық, тәжірибесін қабылдаушы ретінде қарастырылады. Тілдің осындай когнитивтік ерекшеліктері негізінде когнитивтік тізбектегі тәуелділік пен арақатынастарды орнату мәселелері «ақыл-ой (сана) - тіл - ішкі таным (репрезентация) - концептілеу (концептуализация) - категориялау – кабылдау» [28,31 түрінде танылады].??
Тіл когнитивтік құрылымдардың ментальдік көрінісі көмегімен дүние туралы білімдерді концептілеу мен категориялау процесінде дүниенің ғаламдық бейнесін көрсетіп, түсіңдіріп береді. Концептілер жүйесі немесе концептілік жүйе дүниенің концептілік, тілдік суретінің негізгі бөлігі, рубрикатор болып табылады. Тілдік таңбалар мен оның ішіндегі бейнеленген мәдени, әлеуметтік шындық құбылыстар арасындағы қатынас когнитивтік семантика мен вербалдану тәсілдерінің, мазмұнын құрайды. Сөйтіп тіл мен тілдік бірліктерді зерттеуден когнитивтік лингвистика тілдік шеңбер аумағынан шығып, жеке когнитивизмнің адам санасындағы ментальдік процестерді басқаратын жалпы принциптері туралы ғылымның мәселелерімен, сондай-ақ лингвонәдениеттану, этнолингвистика, психология, философия пәндерімен байланысады.
Көркем шығарма тіліне когнитивтік талдау жасау негіздері
Поэтикалық көркем шығарма тіліне когнитивтік талдау жасау негізінде сол ұлттың сонымен қатар жекелеген тілдік тұлғалардың санасындағы дүниенің бейнесін, айнала қоршаған ортаның болмыс-бітімін тұтастай тануға болады. Тілдің болмысы мен табиғатын, оның ішкі иірімдерін, толыққандыі тану үшін сол тілді жасайтын адаммен біртұтастықта қарау керек. Аталмыш принципті басшылыққа алатын болсақ антропоцентристік бағыт когнитивтік лингвистиканы дүниеге әкеледі.
Когнитология ғалымның бастауы көне замандардан бастау алатындығы белгілі. Когнитология ғылымының басты нысаны таным мен ақыл, ой мен сана, тіл мен таным т.б. мәселелері жатады. Адамзат баласы жаралғалы бері тіл мен таным, тіл мен сана, ақыл мен ой т.б. секілді танымдық категориялар бірге жасасып келеді.
Қоғам өміріндегі өзара қарым-қатынастың ең басты құралы болып саналатын тілді әлеумет әрдайым өте жоғары бағалап, оның өзгеріс, өрістерін жіті қадағалап отырады. Тіл қоғамдық құбылыстардың бірі ретінде сол қоғам құрылысын айнаға түсіргендей өрнектейді. Яғни қоғам өмірінде болған, болып жататын құбылыстардың бәрі тілден орын тебеді де, тіл арқылы халық қазынасына айналады. Сонда тіпті кейде тілдегі кейбір сөздер арқылы ел басынан өткен кезеңдерді көзге елестете аламыз да қоғам дамуының белестері тіл дамуын сүзіп шығуға мүмкіндік береді. Сөйтш қоғам мен тіл бірінсіз бірі күн кеше алмаса керек. Ендеше халық тарихы оның тілінде, яғни тіл фактілері арқылы біз халық тарихын тануға мүмкіндік аламыз. Тіл кез келген танымдық іс-әрекеттердің құралы болып табылады.
Қорыта келгенде тіл білімі дамуының қазіргі деңгейіне сай когнитивті лингвистика тілдік тұлға, тілдік семантика, жұмсалымдық (функционалды) лингвистика т.б. тілді жалпы когнитивті тетік ретінде қарастырады.
Қазақ тіл білімінде халықтың, ұлттық болмысын-бітімін, тұрмыс-тіршілігін оның тіл арқылы тану қағидасына сай зерттеу тіл біліміндегі жаңа бағыт ретінде қалыптасты. Бұл бағыт тілдегі адам факторын тіл табиғатымен тығыз байланыста қарастыратын антропологиялық лингвистика саласының негізін қалады.
Адамзат баласы қоршаған ортаны ой қабілеті мен санасының қуаттылығы арқылы танып біледі. Ал тіл болса, ой қызметін бейнеге, модельге түсіреді. Адамзат баласының шындық болмысты танып-білуі барлық халыққа бірдейлігімен қатар жекелеген этносқа қатысты болғанда ерекшелене түсетін тұстары да болады. Яғни таным-түсінік тіл арқылы емес, ми қызметі негізінде жүзеге асады. Ми қызметінің нәтижесінде тілдік бірліктер обьективті дүниемен байланысқа шығады. Ми қызметі арқылы адам дүниені, қоршаған ортаны таниды. Ал осы адам танымының нәтижелері дыбыстық кешендер, яғни тілдік таңбалар негізінде тілден көрініс табады. Дыбыстардың тілде белгіленуі тілдік таңба болып табылады. Осы арқылы тілдің мазмұндық және тұрпаттық межелері айқындала түседі. Демек, тіл-ойлаудың құралы, ал ойлау, яғни таным-шындық дүниенің көркем бейнесі. Бұл ғалам бейнесінің тілден көрініс табуы, яғни ғалам туралы ақпаратты тілдік таңбалар арқылы айқындау-ғаламның тілдік бейнесі деген ұғымды тудырады. Тіл-ғалам бейнесін обьективтіретін форма. Демек, «ғаламның тілдік бейнесі» дегеніміз тілдік жүйеде таңбаланған, тіл арқылы көретін тіл иесінің ғалам туралы білімдерінің жиынтығы. Ғаламның тілдік бейнесінде адамның ғалам туралы түсініктері ғана емес, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, наным-сенімі сияқты ұлттық дүниетанымы да көрініс тауып отырады.
Поэтикалық және қара сөзбен жазылған философиялық мазмұнға толы шығармадағы тілдік жүйенің құрылымын, ұлттық тілдің табиғатын шынайы танудың бір жолы-тілдік таңбаларды, оны құрайтын әлементтерді, олардың мазмұндық жағы мен тұлғалық жағын тілдің өз заңдылықтары негізінде қарау болса, екінші жолы-олардың тілдік емес құндылықтарымен, яғни ақиқат өмір, ойлау, танымдық тұрғыда бір-бірімен тығыз байланыста қарау болмақ. Ал бұл тұрғыдан алғанда, көркем поэтикалық және қара сөзбен жазылған шығарма, ондағы тілдік бірліктер ақиқат өмірді, яғни ойлау мен тілді ұштастыратын категория ретінде танылады. Адамның когнитивті дүниесі оның ойлау әрекетінен көрінеді десек, сол әрекетті танытатын негізгі белгі оның тілі болып табылады. Тілді мифтік таным тұрғысынан қарастырған Б.Ақбердиева: «Тіл-тек ойды білдірудің құралы, яғни оның тікелей құрылысы емес. Тіл ең әуелі сол ойды әр ұлттың өзіндік танымына ғана тән, мыңдаған жылдар бойына дарытқан дүниетанымдық негізде қарап беруші құрал. Яғни, ғаламды тану тәсілі мен оның біртұтас танымдық моделі тілдің терең құрылымдарынан бастау алады»,-деп жазады (45,43)??
Тіл - ұлттық дүниетаныммен тығыз байланысты күрделі ұғым. Қандай да болмасын этностың тек өзіне ғана тән дүниетанымдық түсініктері болады. Ұлттық дүниетаным дегеніміз - қандай да бір этностың басқаларға ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі, өмір сүру дағдысы, адам және оның сол дүниедегі тіршілігіне деген көзқарасы. Когнитивті лингвистиканың дамуымен тікелей байланысты анықталып алуға тиіс бірнеше ұғымдар мен бірліктер және көптеген мәселелер бар. «Олардың негізгісі-тілдің қызметіне қатысты «ғаламның тілдік бейнесі» теориясына қатысты болып келеді (языковая картина мир). Адам дүниені жалпы адамзаттық және ұлттық қоғамдық-тарихи тәжірибе негізінде бейнеленген тіл арқылы таниды. Онда ұлттық тәжірибе тілдің ерекшелігін анықтап, соның негізінде, сол тілде сөйлеушінің санасында, соған сай өзіндік дүниенің тілдік бейнесін жасайды (Кондильяк, Гумбольдт, Сепир т.б.). Э.Сепир былай деп қорытады: «... «реальный мир» в значительной 'мере неосознанно строится на основе языковых привычек той или иной соцальной группы. ... «миры, в каторых живут различные общества-это разные мира ...»
Тіл мен таным бірлестігінің өзіндік ерекшелігін, танымдық категориялардың Шәкәрім шығармаларындағы көрінісін когнитивтік аспектіде қарастыру арқылы тың да соны мәліметтермен қарулануға болады. Ол үшін ең алдымен ақын шығармаларының ерекшелігі мен қатар өмір жолдары мен жете танысу арқылы ғана танымдық ақпараттарға қол жеткізуге болады.
Бүгінгі таңдағы лингвистика ғылымындағы тілтанымдық зерттеулер негізінде көркем поэзия мен қара сөзбен жазылған шығарманың тілдік ерекшеліктерімен қоса дүниетанымдық ерекшеліктерін де зерттеу қолға алынды. Бұл көркем поэзия мен қара сөзбен жазылған шығарма авторының тілі мен дүниетанымдық ой-пікірін, көзқарасын тұтас ұлт тілі, ұлттық ерекшелік ретінде танып білуге әкелді.
Ұлттың дүниетаным мен ақын жазушының қиял дүниесі мен таным дүниесінің диапазонын көрсете отырып, автор ұлттық дүниетанымы мен астасып жатады. Көркем шығармалардағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісін бірнеше жікке бөліп қарастыруға болады. Олар негізінен: ұлттық мәдениет; ұлттық өнер; діни дүниетаным мен ұлттық таным әлемі.
Ұлттық мәдениет: ұлттық салт-дәстүр мен жол-жоралғының көркем шығармадағы тілдік көрінісі болып табылады.
Ұлттық өнер: халықтың ұлттық тұрмыс-тіршілік нышандарының көркем сөзбен суреттеліп берілуі.
Діни дүниетаным мен ұлттық таным әлемі: қазақ ұлтының діни дүниетанымдық түсініктері.
Қазақ халқының ұлттық өмірі, оның бүгіні мен өткені, танымы мен діні, флора-фаунасы, мінезі мен психологиясы оның тілінде, әсіресе тұрақты сөз тіркестерінде, ауыз әдебиеті мұраларында, ән-күй өнерінде және т.б. халықтың білім жүйесінен, әдеби-жазба, этика-эстетикалық және халықтық педагогика дәстүрлерінде қалыптасқан тілдік құралдар арқылы тануға болады. Академик Ә.Қайдар былай деп атап көрсетеді: "Әрбір дәуірде өмірге қажет болған ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тіл фактілері арқылы ғана бізге жетуі мүмкін" [47,34]. Әрбір тіл шындық өмірді қабылдау мен ұйымдастырудың белгілі бір тәсілін бейнелейді, мұнда осы тілде берілетін мағыналар дүние көрінісінің біртұтас жүйесіне жинақталады .
Ұлттық дүниені қабылдау ерекшеліктері өмір салтымен және этностың шаруашылық жүргізуімен байланысты, осы салт-дәстүр мен шаруашылықтың жүргізілуі қазақ тілінің топонимдік кеңістігін қалыптастырады, жүйелейді, құрылымдайды. Географиялық қоршаған орта шындықты қабылдаудың жүйелілігі мен байланыстылығын, қазақ топонимиясының таңбалық жүйесін қалыптастырады.
В.В.Воробьев ұлт тілі мен мәдениеттің өзара байланысы туралы былай деп жазады: "Тіл дегеніміз - қарым-қатынас пен ойды білдірудің аса маңызды құралы ғана емес, ол сондай-ақ мәдениет білімдерін жинақтау құралы болып табылады. Күрделі таңбалық жүйе бола отырып, тіл ақпарат беру, сақтау, пайдалану және иелену құралы да бола алады. Тіл сияқты мәдениет те ақпарат беруге қабілетті таңбалық (семиотикалық) жүйе болып саналады, бірақ оның тілден айырмашылығы - ол өз бетінше ұйымдасуға қабілетті емес, өйткені мәдениет дегеніміз - ең алдымен жады, ес, күрделі семиотикалық жүйе, оның қызметі - жады, ес, ал негізгі қасиеті - жинақтау мен шексіз жалпылыққа талпыну. Өзінің шексіз бірегейлік қасиетіне талпыныста болған тұлға қарым-қатынас мәдениеттер диалогынан тыс қала алмайды. Сонықтан «тіл – ұлт (ұлттық тұлға) - мәдениет» - лингвомәдениеттанымдағы орталық үштік (триада), осы ғылым саласындағы аса маңызды мәселелер түйісетін және шешілетін орталық нүкте (фокус) болып табылады» [48, 12 - 13] ??
Лингвомәдениеттану – ұлттық сипаты бар деп танылатын әлеуметтік, танымдық, этика-эстетикалық, рухани және тұрмыстық қатынастар мен олардың заңдылықтарын тілдік құалдар арқылы зерттейтін тіл білімінің бір бағыты. Осы тұрғыдан алғанда лингвомәдениеттанудың негізгі мақсаты - ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, халықтың танымдық рухани болмысын, мәдениетін таныту.
Кез-келген тілдік құбылыстың табиғатын оның тек тілдік зандылықтарына сүйеніп қана қоймай, сонымен қатар халықтың дүниетанымына, салт-дәстүріне, ұлттық болмысына назар сала қарау лингвомәдениеттану пәнінің үлесіне тимек. Ал, лингвомәдениеттану латынның Linqua -тіл, Cultura — мәдениет, Loqos — ілім деген терминдерінің жинақталуынан туындап, лингвистика мен мәдениеттану пәндерінің тоғысуында пайда болған, халық мәдениетінің тілдегі әсерін зерттейтін сала.
Демек, этнолингвистикамен сабақтас, этнос болмысының сан түрлі қырын зерттейтін, этнос тіліне жалпы қатысы бар ғылымның бір саласы — лингво-мәдениеттану. Бұл сала этнос тілінің тілдік табиғатын айқындауға тікелей қатысты болмаса да, этностың мәдениетін таныту мүддесін көздеген мәдениеттанумен сабақтас.
В.А.Маслова тіл мәдениетпен тығыз байланысты деп санайды: "...мәдениет тіл ішіне енеді, онда дамиды және сол тілдің мәдениетін білдіреді, халық мәдениетін танытушы ғылым саласы" [49,9].??
Мәдениеттің әр түрлі көріністері мен қызметін мәдениеттану зерттейтіндігі белгілі, өйткені лингвистика мен мәдениеттану ғылымдарының түйісу нүктесінен XX ғасырдың 90-шы жылдарында өз алдына жеке, жаңа бағыт пайда болды, бұл бағыт В.Н.Шаклейн, В.А.Маслова және ғалымдардың еңбектеріне байланысты лингвомәдениеттану" деген атауда иеленеді.
Білімнің жаңа бір өз алдына жеке саласы ретінде лингвомәдениеттаным ерекше міндеттерді шешіп, бірқатар мәселелерге жауап беруі тиіс, бұл мәселелерді В.А. Маслова келесі түрде атап көрсетеді:
1) мәдениет тілдік концептілердің жасалуына қалай қатысады;
2) тілдік таңба мағынасының қай бөліміне "мәдени мағыналар" ұғымы бекітшіп көрсетіледі;
3) осы мағыналар сөйлеушілер мен тыңдаушылар тарапынан таңбалана ма және олар тілдік стратегияға қалай әсер етеді;
4) шындығында тіл тасымалдаушының мәдени—тілдік хабардарлығы, компетенциясы бар ма, соның негізінде мәдени мағыналар мәтіндерде орын алып, тіл тасымалдаушылар тарапынан таныла ма;
5) бір мәдениеттің универсалияларды мәдениетті көрсетуге бағытталған мәдениет дискурстары, концептілік саласы (осы мәдениеттің негізгі концептілерінің жиынтығы) қандай, осы тілдік таңбалардың мәдени семантикасы әр түрлі екі сала болып табылатын тіл мен мәдениеттің өзара әрекеті негізінде қалай қалыптасады;
6) осы ғылымның негізгі ұғымдарын қалай жүйелеуге, яғни ұғымдық аппаратты қалай құруға болады.
Когнитивтік лингвистикадағы әлемнің тілдік бейнесі теориясы
Ғалам бейнесі (картина мира) когнитивтік модельде айқындалады, сондай-ақ ол ұжымдық санамен, көзқараспен, ұжымдық философиямен байланысты болады. Ғаламның тілдік бейнесі негізінен адамдар санасындағы әлемнің логикалык бейнесімен сәйкес келеді. Ал ғаламның кез келген ұлттық тілдік бейнесінің әмбебаптығы өзіндік ерекшелігін айқындайтын метафора, теңеу және концепт болып табылады. Осы механизмдер негізінде ғалам бейнесі танылады, тілді игеру, табиғи тіл механизмін түсіндіру үшін білім жинау, қолдану, оны түсіну моделін құрау тұрғысынан кештеледі. Бір жағынан когнитивтік лингвистика бұл моделді тек бүкіл когнитивтік ғылымдар шеңберінде ғана жасай алады. Ол ғылым білімнің әр түрлі типтерін, олардың ұйымдастырылу және өзара әрекеттесу тәсілдерін зерттейді.
В.А.Маслова когнитивтік лингвистика нәтижеге жету үшін төмендегідей міндеттерді жатқызады:
1 .Ғаламды тану мен пайымдау, іс-әрекеттің даму барысы, қимылдың өрістеу қалпындағы тілдің рөлі.
2.Ғалам туралы ақпарат алу, қайта өңдеу және беру процесіндегі тілдік білімдер.
3. Білімді концептілеу мен категориялау процестері, мәдениет тұрақтылығын тілдік тұрғыдан категориялау мен концептілеудің құралдары мен тәсілдерін суреттеу.
4. Концептілік аймақты ұйымдастыратын және оның мүшеленуінің негізгі бөлігі болып табылатын әмбебап концептілер жүйесін суреттеу.
5. Ғаламның тілдік бейнесі мәселелері" [50,25].??
Ғалам бейнесі (картина мира) когнитивтік лингвистикадағы басты термин болып табылады" [50,14]. ?? Ғалам бейнесі ("ғалам образы" немесе "ғалам моделі") терминдері мен ұғымдары Е.Ә.Керімбаевтың жұмысында ономастикалық номинацияны суреттеуде, ұлттық ономастикалық сөздіктің экстралингвистикалық берілімін түсіндіруде қолданылады. "Ғалам образы", "ғалам туралы білімдер жүйесі" ұғымдары адамға, ұлттық тіл мен ұлттық, жалпы халықтық ономастикон жүйесіндегі адамға, сонымен қатар тілде, тілдік қызметте, абстрактылы және нақты ұлттық тілдік тұлға мен қазақ тілдік тұлғаның жеке ономастиконына қатысты түрде түсіндіріледі [51,178]. Тілдік тұлғаның сөйлеу, ойлау қызметінің базасы ретінде ғаламның жеке және субъектілік бейнесін қарастыру кезінде "ғалам бейнесі дегеніміз - адамның дүние танымындағы субьектілік және объектілік бастауларының синтетикалық бірлігі, рухани жеке әрі мәдени тарихи субстанцияның синтезі екендігін еске алу қажет" [52, 49],?? - деп атап көрсетеді.
Ғалам бейнесі - "қоршаған орта мен адам туралы ақпаратты қайта өндеудің нәтижесі" [26,5]. Ғалам бейнесі дүниенің біртұтас ғаламдық образы, ол адамның бүкіл рухани белсенділігінің нәтижесі болып табылады, адамның ғаламмен жасайтын барлық байланыстары барысында пайда болады.
Г.A-Брутян, Р.И.Павиленис т.б. философтар, Ю.Н.Караулов, Г.В.Колшанский, В.И.Постовалова, Г.В.Рамишвили, Б.А.Серебренников, В.Н.Телия сияқты лингвистер тарапынан ғаламның концептілік және тілдік бейнесі ажыратылып көрсетідді. Тілдік формада берілген дүние у туралы білімдердің жиынтығы түрлі тілдік концепцияларда бірде "ғаламның тілдік көрінісі", бірде "ғаламның тілдік моделі", бірде "ғаламның тілдік бейнесі", бірде "тіл аралық ғалам " деп көрсетіліп жүр [1,51].??
Қазақ тіліндегі ғаламның мифологиялық тілдік бейнесі бинарлық оппозициялар жүйесінде Б.К.Ақбердиеваның «Лексика-фразеологиялық жүйедегі мифтік-танымдық құрылымдар" (қазақ тілі материалы бойынша) атты кандидаттық диссертациясында қарастырылады [45]. Осы диссертацияда ғаламның мифологиялықмоделі негізінен қазақ тілінің жалпы есімдері мен фразеологизмдері материалы арқылы құрылады.
С.Е.Керімбаеваның диссертациясындағы ғаламның мифологиялық моделі үш деңгей негізінде жалқы есім тұрғысынан қарастырылады: "Қазақ мифологиялық жүйесіне көптеген әлем халықтарының мифологиялық жүйесі сияқты әлемнің жоғары, орта, төмен деп аталатын үш деңгейлі моделі тән. Мұнда жоғары - аспан, орта - жер, төмен - жер асты әлем деңгейлері мүшеленеді әрі сәйкестендіріледі" [53,20]. ??
Ғаламның тілдік бейнесінде сыртқы дүниенің өзі емес, сыртқы дүние туралы ментальдік түсініктердің жүйесі - концептілік жүйе беріледі, сонымен қатар тілден тыс, лингвистикалық емес факторлардың өзгеруі әр дәуірде әр түрлі болуы мүмкін. Когнитивтік лингвистикада ғаламның тілдік бейнесі концептілерді бөлу мен ішкі танымын ашу (репрезентация) негізінде зерттеледі, концептіге ұғым енгенімен, ол сонымен аяқталып қалмайды, қайта сөздің барлық мазмұнын қамтып отырады. Осыған орай сөздің алуан түрлі ассоцациялық байланыстары арқылы құбылыстар туралы мәдениетті тасымалдаушылардың түсінігін бейнелейтін денотативті (таңбаланушы) және коннотативті (қосымша мағына) мазмұн болмақ. Ол өз ішіне көптеген лексикалық бірліктердің мағыналарын жинақтайды. Концептіде әрбір тілдік тұлғаның мәдени деңгейі іске асады, ол концептінің өзі сөзде ғана емес сондай-ақ сөз тіркестерінің, дискурста сөйлеуде, мәтіндердеде жүзеге асырылады.
Дүниенің тілдік бейнесінің әр этноста әр түрлі болуы, сол этностың тәжірибесімен, білімімен байланысты, себебі тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен тікелей байланысында емес, адамның өмірінен көрген білгені, көңілге түйгені білімнің негізі болып табылады. Әр ұлттың, әр халықтың өмірлік тәжірибесі әр түрлі болғандықтан, дүниенің тілдік бейнесі де, сол қоғамда өмір сүрген адамдардың тәжірибесі де әр түрлі болмақ, сондықтан тілдік тұлға ретінде олардың когнитивтік санасындағы дүниенің тілдік бейнесінде айырма болады. Сөздің артында ақиқаттың, шындықтың үзігі тұрады, оның тілдік бейнесі әр халықта әр түрлі болмақ. Дүниенің жалпыға бірдей болуы, ұқсас заттардың болуы олардың санада бейнеленуінің ұқсас болуын қамтамасыз етеді, алайда адамзатқа ортақ нәрсенің негізінде ұлттық ерекшеліктер жасалады.
Дәлірек айтқанда, когнитивтік лингвистика дәстүрлі лингвистиканың тар аумақта шектелуін болдырмауды және тілдік "сыртқы" көріністері арқылы танылатын терең әрі жан-жақты заңдарын көріп білуді мүмкін етеді. Дүние туралы ғаламның тілдік бейнесін ономастикалық тұрғыда концептілерін вербалдау тәсілдері тұрғысында карастыру керек.
Е.С.Кубрякованың пікірінше: "лингвист объективтік шындық туралы түсінік соңында жеке, лингвистикалық формалардың қандай жүйеде тұрғандығын ғана болжауды емес, сонымен қатар тілдік бірлік, іштей байланысты табиғи тұтастық, тілдік берілімдер, категориялар дүниені қабылдаумен қалай байланысқандығын және олардың танымды қалай бейнелейтіндігін білуі тиіс" [2,37].?? Тіл теориясында «ғаламның тілдік бейнесі» жөніндегі ұғымның пайда болуы тіл мен ойлаудың тепе-тең еместігін және тілдік ойлаудың мазмұнының ерекшелігін көрсетеді. Ол әр халықтың (әр түрлі деңгейдегі, уақыттағы әлеуметтік, этностық т.б. топтың) әр түрлі ойлауымен тығыз байланысты. Сондықтан көптеген ғалымдар (Дж.Харрис т.б.Увдиоэтникалық негізді көбінесе лексикадан анықтап және номинациялық таңдауды халықтың өмір салтымен, көзқарасымен байланыстырады да (Локк), грамматикалық формалардың категориялық мағыналарын әмбебеп, жалпы деп санайды. Э.Б.де Кондиляк, И.Гердер, В. фон Гумбольдттан бастап дүниені тіл арқылы бейнелеуді қалыптастыруда, халықтың рухын беруде грамматиканың ерекше екені көрсетіледі. Гумбольдттың пікірінше, грамматиканың рухтық ерекшелікке туыстығы лексикадан да күшті (3).
Когнитивті лингвистика ғылымындағы «ғаламның тілдік бейнесі» теориясының тілдегі номинация, таңба, уәж т.б. мәселелерімен тығыз байланыстығы мен сабақтастығын былай қойғанда, грамматикалық құрылымға тікелей қатысты болады. Осыған орай ғылымның диалектикалық әдісіне сай уақыт факторларының мәні ерекше екенін аңғаруға болады. Демек «ғаламның тілдік бейнесі» де тілдің даму барысымен, мәдени рухани және сананың дамуымен байланысты мифтік ойлаудан поэтикалық ойлау дәрежесіне дейін өзгеріп, дамып отырады. Тілдік семантиканың құралдары арқылы тілдік санада сақталған дүниенің бейнесі уақыт пен кеңістіктегі мезгілге сай белгілі бір дәрежеде реликтілік, архайкалық деңгейде сақталуы мүмкін. Бірақ олар-тілдің ұйымдастыруымен сақталған дүниенің тұтас тұжырымдамасы (концептуализация), тілдік үжымның лексика, фразеология, грамматикада көрініс тапқан ұлттық-мәдени тәжірибесінің тілдегі көрек бейнесі болып табылады. Когнитивті лингвистика ғылымындағы көптеген ұғымдардың негізгісі «дүниенің тілдік бейнесі» теориясының негізін В.Гумбольдт т.б. салса, одан әрі дамытқан-Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян, А.Н.Леонтьев, Б.Касевич т.б. Батыс Еуропаның көптеген универистеттерінде тіл мен танымды адаммен бір тұтастықта қарастыратын ғалымдардың лингвист-антрополог деп аталуы кездейсоқтық емес. Жоғарыда көрсетілгендей, адамның санасы, болмысы және рухани негіздерінің тығыз байланыстылығы, дәстүр жалғастығы мен сақталуы тек тілге тікелей катысты болып келеді. Ал адамның этностық ұғымда танылуы-белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада, ұжымда қалыптасқан танымның тілдегі көріністері мен осыған байланысты этнос болмысын оның тілі арқылы танып-білу мақсатында туындаған тіл білімінің жаңа да дербес саласы-этнолингвистика деп аталады. «Тіл әлемнің» табиғаты мен болмыс бітімін жан-жақты зерттеу барысында жіктелген социолингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану салаларынан этнолингвистиканың ерекшелігі, тұтастық сипатын - академик Ә.Қайдар атап көрсеткендей, оның «этностың инсандық һәм дүнияуи табиғатын тереннен танып білу үшін басқа емес, тек тіл феноменінің өзіне ғана тән ғажайып мүмкіншіліктері мен қазына байлығын зерделеп мақсат ететін ғылым» екендігінде (10).
