Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Туралин А.З._Менеджент.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.84 Mб
Скачать

19 Тарау Басқарудың ұйымдастыру-өкімдік әдістері

    1. Басқарудың ұйымдастыру-өкімдік әдістерінің мәнi мен негіздері

Еңбек кооперациясы мен бөлу жағдайында оларды басқару міндеті мен бөлу бойынша байланыстарды бейнелейтін адамдар (органдар) арасында объективті ұйымдастырушылық қатынастар болады. Шынайы өмірде бұл қатынастар тиімділігі жоғары, бірлескен еңбектің ұйымдастыру алғышарттары бар кездегі адамдардың ұйымдастырылған еңбекке деген қызығушылығынан байқалады. Бұл жерде адамның ұжым алдында қоғамдық еңбектің бөлігі болып табылатын жұмыстың белгілі бір түрін орындайтын міндеті пайда болады. Ұйымдастыру қатынастарына адамдар (органдар) қызметінің парыз, өкілеттік, жауапкершілік, тәртіп талаптары және т.б. аспектілері жатады.

Ұйымдастыру қатынастары жүйесін қалыптастыру басқарудың екі міндетті қызмет аясын - ұйымдастыру мен үйлестіруді жүзеге асыру процесінде қамтамасыз етіледі. Ұйымдастыру қатынастары, олардың іс-әрекетінің әдістері мен тетіктері екі жақты талдауды талап етеді: біріншіден, олар статикалық, яғни заттық аспектіде; екіншіден, динамикалық, яғни жұмыс істеу процесінде қарастырылуы тиіс.

Ұйымдастыру-өкімдік әдістерін қолдану тетігі ұйымдастыру қатынастарының мәні болып табылады. Нақ осында басқару объектісіне (ұжымдарға, жеке қызметкерлерге) мақсатты түрде әсер ету процесінде адамдар (органдар) арасындағы нақты ұйымдастыру қатынастарымен, ұйым заңдарымен айқындалатын басқарудың ұйымдастыру тетігі ашық көрсетіледі.

Басқарудың ұйымдастыру-өкімдік әдістері – бұл ұйымның мақсаттарына жету үшін іскерлік қарым-қатынас тәртібін орнату, қызметтерді, міндеттерді, жауапкершілікті, өкілеттіктердi бөлу арқылы бірлескен жұмыстың ұйымдық негізін құруға бағытталған басқарылатын объектіге ықпал ету тәсілдері. Бұл әдістерді пайдаланудың объективті негізі басқару тетігінің бөлігін құрайтын ұйымдық қатынастар болып табылады. Басқарудың ұйымдастыру-өкімдік әдістері жазбаша немесе ауызша берілетін бұйрықтар, өкімдер, жедел нұсқаулар, олардың орындалуын бақылау, еңбек тәртібін қолдау жүйесі және т.б. арқылы басқарылатын объектіге тікелей ықпал етеді.

Басқарудың ұйымдастыру-өкімдік әдістерінің ерекшеліктері мынада: олар жүйеге тұтастай немесе оның элементтеріне жеке-жеке тікелей директивті әсер етуді бейнелейді; басшыға бір мағыналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді; ережелердің, нұсқаулықтардың, бұйрықтардың, өкімдердің және т.б. міндеттілігіне негізделеді.

Ұйымның әр түрлі тұрпаттары бар:

а) басқарудың қызметін бұлжымайтындай етіп бөлуге, қызметті реттеуге, мұқият бақылауға негізделген ұйым. Мұндай тұрпат басқаруда туындаған барлық мәселелерді алдын ала көруді, қатаң есепті талап етеді.

б) ұйымның икемді тұрпаты. Артықшылықтары: икемділігі, болжанбаған жаңа мәселелердің пайда болуына орай шұғыл жауап беруі, оларды шешуде бейресми әдістердің мол мүмкіндіктері. Кемшіліктері: комиссия жұмысын бақылау қиындықтары, оларды қалыптастыру мен реформалау жөнінде қосымша күш-жігер жұмсау, басқаруды ұйымдастырудың кейбір күрделілігі.

в) көбінесе әлеуметтік факторлардың болуына негізделген ұйым. Мұнда басты назар кадрларды іріктеу мен даярлауға, олардың жұмысына мақсаттар мен міндеттер қоюға, құрылымдық ресімделуге аударылады. Қызметті бөлу ресми белгілер бойынша жүзеге асады.

Өндірісті басқару тәжірибесінде ұйымдастырудың аталған тұрпаттары нақ сол күйінде қолданылмайды. Әрбір нақты ұйымда басшы мен басқару аппаратына байланысты аталған үш тұрпаттың біреуі басымырақ болады.

Басқарудың ұйымдастыру-өкімдік әдістері жоғары тұрған биліктің еркін орындау үшін басқару аппараты әрбір қызметкерлердің жеке жауапкершілігін қамтамасыз етуге тиіс.