Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
khirurgiadan_lektsialar_zhinagy.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.71 Mб
Скачать

АТЫРАУ МЕДИЦИНА КОЛЛЕДЖІ

ЖАЛПЫ ХИРУРГИЯ

ЖӘНЕ АНЕСТЕЗИОЛОГИЯ МЕН РЕАНИМАЦИЯ

пәнінен

медколледждің «емдеу ісі»,

«медбике ісі» мамандықтары

оқушыларына арналған

ЛЕКЦИЯЛАР ЖИНАҒЫ

Антисептика. Асептика

Сұрақтары:

  1. Хирургиялық инфекция, тарау жолдары

  2. Асептика, әдістері.

  3. Антисептика, әдістері.

  4. Операциялық аймақты дайындау

  5. Операция алдында қол жуу әдістері

1.Хирургиялық инфекция деп ауру қоздырғыш микробтардан пайда болған және хирургиялық жолмен емделетін іріңді қабынулар мен іріңді жараларды атайды. (Экзогенді және эндогенді тарау жолдарын микробиология пәнінен еске түсір).

Хирургиялық инфекция деп ауру қоздырғыштары әсерінен пайда болған іріңді қабынулар мен іріңді жараларды атайды. Олар хирургиялық жолмен емделеді Ауру қоздырғыш микробтар  жараға экзогенді (сыртқы) және  эндогенді (ішкі) жолдармен түседі. Экзогенді деп контакт арқылы, ауа арқылы, ылғал тамшысы арқылы түсетін және имплантациялық жолмен (жарада қалған тігіс жіптері, пластинка, протезден) тарайтын инфекцияны  атайды. Эндогенді деп науқастың организміндегі инфекция ұясынан, яғни кариес тістерінен, созылмалы баспадан  қан, лимфа тамырлары арқылы тарайтын инфекцияны атайды. Эндогенді инфекцияның алдын алу үшін науқастың созылмалы инфекция ұяларын емдейді. Және бір науқастан екіншісіне инфекцияның тарауын ауруханалық инфекция деп атайды. Мұндай инфекцияның алдын алу үшін жарасы таза және іріңді науқастар бөлек болатындай етіп  хирургия  бөлімшесін  "іріңді" және "таза" деп бөледі. 

2.Асептика- жараға тиетін барлық заттардағы микробтарды жою арқылы жараға инфекция түсірмеу әдістері, яғни хирургиялық инфекциялардың алдын алу әдістері. Асептиканың қазіргі замандағы рөлі өте ерекше. Себебі, адамдар антибиотиктерді емдік мақсатта көп қолданатындықтан, микробтардың түрі, олардың антибиотиктерге сезімталдығы өзгереді. СПИД, гепатит, т.б. сияқты аурулар қаулап тарады. Соларды жұқтырмас, таратпас үшін асептиканың- жараға инфекция түсірмеу шараларының маңызы зор. Асептиканың екі әдісі бар, бұлар: стерильдеу және зарарсыздандыру.

Ауа тамшылары инфекциясының алдын алу үшін хирургиялық бөлімше жоспарлануы ерекше болады. Медперсонал киімі асептика ережелеріне (СанПиН №87)  сәйкес болуы тиіс.  Сондай-ақ, хирургиялық бөлімшенің  ұйымдастырылуы, оның жоспарлануы, палаталардың, егу, таңу кабинеттері мен олардың жабдықтары мен құрылымы  асептика ережелеріне сәйкес (мейірбике ісі негіздері пәнінен білесіздер).

Персонал мен келушілердің (студенттер мен дәрігерлердің) операциялық  бөлмедегі жүріс-тұрысы да асептика ережесінің талаптарына  сәйкес болуы керек. Науқасқа келушілер белгілі бір сағатта, асептика ережелерін сақтап, тоқыма киімі мен аяқ киімдерін ауыстырып, аурухана халатын киіп кіреді. Бөлімшеге келетін персонал мен студенттер хирургиялық форма киіп, жүргенде аяқ дыбысы білінбейтін  тері аяқ киім, 4-6 қабат дәке маска киіп жүреді, алдын ала санитарлық байқау өтеді. Операцияға келуші (студенттер) стерильді киім, бахилла, маска киіп, залда қозғалмай тұруы тиіс, екі қолын жанқалтасына не артына қайырып ұстайды. Ештеңеге жанасуға, сөйлесуге болмайды.

Емханадағы хирургия кабинеті екі бөлмеден тұрады:1-дәрігерлік қарау кабинеті, таңу кабинеті(құрылымы мен жабдықтары), бұларда асептика ережесі сақталуы ауруханадағыдай болады.

Контакт (жұғысу) инфекциясының алдын алу үшін жараға тиетін барлық заттар (халат, инструменттер, жайма, таңу материалдары, антисептік ерітінділер, резин қолғаптар, дренаж түтіктер) стерильденеді. Таңу материалдары дәкеден жасалады, олардың негізгі қасиеттері-гигроскопиялық, капиллярлық, оларға қойылатын негізгі талаптар-стерильді болуы.

Стерильденетін материалдарды бикске жайғастырады. Жайғастырудың үш түрі бар, бұлар: универсалды (әмбебап) жайғастыру-бикске материалдардың барлық түрлерін де салады. Бір түрге арналған жайғастыру (видовая укладка)-бикске тек бір материал түрін салады.Мақсатты жайғастыру-бір операцияға арналған материалдардың бәрін бір бикске салады.

Стерилизация автоклавта, қызу шкафында т.б. құралдарда жүргізіледі. Стерильденген заттардың стерильдігіне: индикаторлар көмегімен және бактериологиялық әдіспен  бақылау  жасалады, (бұл әдістерді мейірбике ісі пәнінен білесіңдер), ең тиімді де дәл тексеру әдісі- бактериологиялық әдіс.

Имплантациялық инфекцияның алдын алу. Мұның алдын алу үшін тігу материалдары (жібек, кетгут, капронды) стерильді болуы тиіс. Қазіргі кезде тігу материалдары стерильді дайын түрде шығарылатындықтан бір рет қолданылады. Пластикалық хирургиядағы және травматологиядағы аллопластикалық және гомопластикалық материалдар да стерильді күйде шығарылады. Стерильдеудің қазіргі заманғы жаңа әдістері ультрадыбыстық: ультрадыбыс ваннасында жуатын сұйықта инструменттерді ультрадыбыспен, газ камерасында газбен дезинфекциялап, стерильдейді.

Газбен стерильдеу әдістері-арнайы газ стерилизаторында этилен тотығымен 18 С-16 сағ, бром калиймен 55°С-та 6 сағ. стерильдейді. Мұндай әдістерді қолданғанда ауруханаларда медициналық бұйымдар стерильдігін 1 жылға дейін сақтайды.

СПИД және басқа вирустық инфекциялардың алдын алу үшін №96,684 бұйрық, СанПиН №87 талаптары сақталады (осы ережелерді  оқып танысыңыз). 

Эндоскопиядағы стерильдеу. Эндовидеохирургиялық операцияларға арналған лапароскопиялық инструменттерді стерильдеу алдында дайындау және стерильдеу де осы ережелер бойынша жүргізіледі (негізінен химиялық әдіспен стерильдейді).Бұларды пайдаланып болған соң (суреттегідей) дезинфекциялық (белсенді хлор) ерітіндісіне  1 сағатқа батырып қояды. Одан алып ағынды суға шайып, лизоформиннің 1 л дистильденген судағы 30 мл ертінідісіне 1 сағатқа  батырады, бұдан соң дистильденген суға шайып, спиртпен сүртеді,  стерильді инструменттер столына  қойып, стерильді жаймамен жауып қояды.

Экзогенді инфекцияның алдын алу үшін (сыртқы жолмен кірмеу үшін) асептика шаралары: стерильдеу және залалсыздандыру  шаралары жүргізіледі. Экзогенді инфекцияның кіру жолдары: контакт (жұғысу) арқылы жараға инструменттерден, жаймадан, таңу материалдарынан, ерітіндіден және т.б. жараға жанасатын заттардан жұғады. Ауа арқылы және тамшы арқылы түсетін инфекция операциялық бөлменің, таңу, егу бөлмелерінің ауасынан (персонал әрі-бері жүрсе), (сөйлесе, еден жуса) ылғал тамшыларынан жұғады. Егер науқастың жарасында лигатура (жіп), металл пластина, пластикалық протездер тереңде қалса және бұлардың дұрыс стерильдігі болмаса имплантациялық инфекция таралу жолы деп аталады. 

Экзогенді инфекцияның алдын алу үшін асептика шаралары, яғни дезинфекциялық шаралардың маңызы зор, бұлар:  операция бөлмесін, таңу, егу кабинеттерін, хирургиялық бөлімшелердің (хирургия, травматология, көз аурулар, ЛОР аурулар, гинекология және т.б. операция жолымен емделетін науқастар  жатқан бөлімшелердің) палаталарында, дәліздерінде  жинастыру (уборка) мен залалсыздандыру жүргізу. Бұл бөлмелерде жинастырудың  төрт түрі жасалады, бұлар: апталық (аптасына бір рет,) бастапқы (жұмыс күні басталмас бұрын), ағымдағы (күні бойы) және қорытынды (жұмыс күні соңында) деп бөлінеді.

3. Антисептика - жараға инфекция түсірмеу шаралары, инфекцияланған жараның микробын механикалық, химиялық, биологиялық әдістермен жою шаралары. Антисептика идеясының негізін салушылар: Листер, Н.И.Пирогов (жараға ірің материал арқылы жұғады деп, спирт, күміс нитраты, йодты қолдануды ұсынған. Асептика мен антисептиканың Еуропа мен Ресейде    дамуына үлес қосқандар           (П.И.Пелехин, Н.В.Склифософский) қол жуу әдістерін ойластырды).

Қазіргі заманғы антисептика түрлері: механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық, иммунно-биологиялық, аралас. Механикалық   әдіс - жаңадан болған жараның екі шетін және түбін тіліп алып тастап, бөтен  заттардан тазартып, жараны тігу әдісі, яғни алғашқы хирургиялық өңдеу деп аталатын шағын операция жасалады, осылайша инфекция түспеуін қадағалайды. Суретте бас жарасын БХӨ операциясы көрсетілген

Ф

Суретте сан, иық жараларын дренаждау көрсетілген

изикалық әдіс-инфекцияланған  жараны        құрғату,   кварц сәулесін беру, дренаждау (дренаждау-тереңде жатқан сұйықты шығару тәсілі), жиі-жиі таңу. Осылайша  іріңді жараны  тазалап, емдейді.

  Химиялық әдіс-бактериоцидтік, бактериостатикалық қасиеті бар химиялық заттарды-антисептиктерді -    инфекцияны жоюға пайдалану. Химиялық заттар дезинфекция, стерилизация жасау үшін   қолданылады. Олардың негізгі топтары:

     1.Галогендер: йод, хлор туындылары, (Люголь ер-сі, йодонат, хлорамин, гипохлорид т.б)

     2.Қышқылдар: бор қышқылы, салицил қышқылы.

     3.Спирттер: этил спирті.

     4.Оттегі бөлуші антисептиктер: сутегінің асқын тотығы, калий перманганаты.

     5.Сілтілер: аммиак ер-сі.

     6.Ауыр метал тұздары: сулема нитраты.

     7.Бояғыштар: бриллиант жасылы.

     8.Нитрофурандар: фурациллин, фурадонин, фурагин. 

     9.Сульфаниламидтер:стрептоцид, сульфадимезин,этазол,т.б.

Суретте кеуденің абсцесін (іріңді жарасын) антисептик (фурацилин) ерітінідісімен жуу көрсетілген.

 Биологиялық антисептика- іріңді қабыну ауруларын емдеу үшін биологиялық препараттар қолдану әдісі. Мысалы, антибиотиктер микробтардың көбею ортасындағы рН  өзгертіп, қабықтарын ерітеді. Антибиотиктерді көрсетілімі бойынша тағайындайды, іріңнің антибиотикке сезімталдығын анықтайды. Әуелі сынама (проба) жасайды. Бұл анафилактикалық шоктың алдын алу үшін жасалады. Антибиотикотерапия 6-7 күнге тағайындалады. Хирургиялық инфекцияларды емдеу үшін энзимотерапияны да тағайындайды, бұл- протеолиздік ферменттерді (трипсин, химотрипсин, ируксол,т.б) қолдану. Ферменттік препараттар іріңдеген тканьдерді ерітіп, тазартады. Науқастың инфекцияға қарсы иммунитетін көтеру үшін иммундық- биологиялық дәрілер: сарысу, вакцина, гамма-глобулин, анатоксин және т.б.егіледі.  Осы аталған антисептиктер көбіне аралас қолданылады. Олар жараға жағылады, б/е, к/т  егіледі. т.с.с.

Суретте сіреспеге, дифтерияға қарсы анатоксиндер.

4. Операциялық аймақ Филончиков-Гроссих әдісі бойынша дайындайды:

Науқас жоспарлы операция жасар алдында 2-3 күн бұрын моншаға түсіп, киімін ауыстырады (ауыр науқасты  медбике жуындырады немесе терісін сүртеді).

Операция алдындағы күні кешке оның операциялық аймағының түгін қырады.

Операция столында жатқан кезде операциялық аймақты спиртпен (немесе спирт құрамы бар йодонат, йодопирон, хлоргексидинмен) кең аумақта 2 рет сүртеді. Науқастың үстіне стерильді жаймаларды жауып, операциялық аймақты шектейді де тағы да спиртпен осы аумақты 2 рет сүртеді. Операция аяқталған соң жараға салынған тігістің үстінен 2 рет спиртпен сүртеді.

 5. Хирург  қолын операцияға дайындаудың  қазіргі  заманғы  әдістері көп. (мейірбике ісі пәнінен  еске түсіріңіз.) Хирругиялық деңгейде жуу әдісі:

  1. Қолды сұйық сабынмен жуады-10 мин.

  2. Бірреттік сүлгімен құрғатып сүртеді.

  3. Сұйық антисептикпен қолдарын сүртеді-1-3 мин.

  4. Қолғап киеді.

Мына сұрақтарға жауап бер:

  1. Хиругиялық инфекцияның тарау жолдары қандай?

  2. Антисептика деген не, оның әдістерін ата?

  3. Асептика деген не, оның әдістерін ата?

  4. Автоклавтың, қызу шкафының жұмыс принциптерін ата (мейірбике ісі пәніне еске түсір).

  5. Материалдардың стерильдігін тексерудің қандай әдістері бар ?

  6. Операция алдында қолды қалай жуады?

  7. Операциялық аймақты (операция жасайтын терісін) қалай дайындайды?

  8. Хирургия бөлімшесінің кабинеттерін жинастырудың қандай түрлерін, қандай дезинфектанттарды білесің?

Анестезия

Сұрақтары:

  1. Жанға бату, сезімін кетіру, жансыздандыру туралы түсінік.

  2. Орта буын медицина қызметкерінің анестезиологиядағы жұмысы.

  3. Жалпы анестезия. Наркоз түрлері, қолданылатын дәрілер. Премедикация.

  4. Наркозға арналған аппарат, жұмыс істеу тәртібі.

  5. Жалпы анестезия клиникасы.

  6. Аппаратсыз наркоз туралы түсінік.

  7. Анестезиядан кейін науқасты қадағалау. Наркоз зардабы.

  8. Жергілікті анестезия ерекшеліктері, түрлері, зардаптары.

  9. Жергілікті анестезия дәрілері (жергілікті анестетиктер), концентрациялары.

  10. Жергілікті анестетиктерден улану белгілері, көмек ету, емдеу.

  11. Жергілікті анестезия қажет жағдайлары.

  12. Жергілікті анестезия құралдары.

  13. Оберст-Лукашевич бойынша анестезиялау.

  14. Вишневский бойынша анестезиялау.

  15. Новокаин блокадалары, қолдану жағдайлары, техникасы, зардаптары.

  16. Медбике (фельдшер) жұмысында кездесетін анестезия.

  17. Жұлын анестезиясын, инфильтарциялық анестезияны өткізуде дәрігерге көмек көрсету.

1.Жанға бату, ауырсыну (боли) – тірі жанға тән қасиет екені физиологиядан белгілі. Адам мүшелері, тканьдер нерв рецепторларына бай. Адам организмінде ауру, травма (жарақат) пайда болса, ауырсыну сезімін нерв рецепторлары қабылдап, ауырсыну импульсі нерв талшықтары арқылы миға жетеді де адам жанына батқанын сезінеді. Жанын кетіру ерте заманнан белгілі болған. Оны әр түрлі әдіс пайдаланып жансыздандырған. Жанды сезімін дәрі-дәрмектің күшімен кетіруді анестезия деп атайды.

2.Орта буын медицина қызметкері (фельдшер) жұмысында анестезия жасау жиі кездеседі. Шок, жарақат кезінде N2O2 (азоттың шала тотығын) оттегі араластырып беру; жарақат, инфаркт, шаншу қадалған науқастың күйін жеңілдету үшін ауырсынуды кетіретін анестетик, аналгетик дәрілер егу қолданылады. Фельдшер мұны қолданатын жағдайды, техникасын білуі керек. Анестезиология – жансыздандыру туралы медициналық ілім. Анестезиология, реаниматология және интенсивті терапия – бірыңғай медицина салалары. Фельдшер анестезист, реаниматолог болып істей алады. Бұл үшін әдейі дайындық керек.

Анестезия жалпы және жергілікті болып 2 түрге бөлінеді.

3.Жалпы анестезия – наркоз деп аталады. Наркоз түрлері дәрі беру жолына қарай:

  • Ингаляциялық (тыныс жолына берілетін)

  • Тыныс жолынан тыс анестезия-ингаляциялық емес – (көк

тамырға, тік шекке, тері астына, ауызға, бұлшық етке, берілетін ) деп бөлінеді.

Ингаляциялық наркоз өткізу түрі бойынша: маскалық және эндотрахеалық (интубациялық) деп бөлінеді.

Анестезия кезінде колданылатын дәрілер:

ингаляциялық анестетиктер: эфир, азот тотығы, фторотан, азеотропин қосындысы, трилен, циклопропан, бұларды оттегіге қосып науқастың тыныс жолдары арқылы иіскетіп жібереді.

көк тамырға жіберілетін анестетиктер: гексенал, натрий тиопенталы, ГОМК, виадрил, сомбревин, калипсол және т.б. Мысалы, нейролептоанальгетиктер: дроперидол, фентанил; бұлшық ет релаксанттары: тубарин, дитилин, листенон;наркотикалық анальгетиктер: морфин, омнопон, промедол;антидоттар: бемигрид, прозерин, налорфин.

Қазіргі кезде жоғарыда аталған анестетик дәрілер, оларды енгізу әдістері аралас қолданылады. Операция жасалынатын науқасты алдымен анестезиолог дәрігер қарайды. Оған премедикация тағайындайды. Премедикация – науқасты анестезияға дәрі-дәрмекпен дайындау. Анестезия тез басталуы үшін науқасқа ұйықтататын, тыныштандыратын, ауруын кетіретін дәрілер береді. Ол дәрінің беру уақытын анестезиолог белгілейді. Кешкі және ертеңгі премедикацияны өткізуді медсестраға жүктейді. Премедикация – анестезия мен операция өткізуге байланысты организмнің психоэмоционалдық толқуын басып, патологиялық нерв-рефлекторлық реакцияларын жоюға бағытталған шаралар кешені.

Премедикация міндеттері:

а) фармакологиялық дәрілердің көмегімен седативті әсер ету, мысалы тыныштандыратын элениум, тазепам, седуксен, диазепам, либриум және ұйқтататын- барбамил, люминал береді.

б) қалаусыз рефлекторлық реакцияларды тежеу- наркотиктер, нейролептиктер, антигистаминдер, береді.

в) тыныс жолдарының секрециясын азайту үшін атропин 0,1 % - 1 мл егеді.

Шұғыл операцияларда премедикацияны операция алдында 30-40 минут бұрын береді.

Наркоз кезінде басқа да дәрілер қолданылады: бұл-миорелаксанттар.

Миорелаксанттар анестезия кезінде бұлшық етті босату үшін қолданылатын дәрілер. Қысқа мерзімге әсер ететін миорелаксанттарға- листенон, миорелаксин, дитилин, сукцинилхолин жатады.Ұзақ мерзімге әсер ететіндеріне- тубокурарин, диплацин, ардуан, павулон, анатруксоний жатады.

4. Жалпы анестетиктер наркоз аппараты арқылы беріледі. Аппаратура: газ баллоны, редуктор, респиратор, сорап, наркоз беретін бөліктен тұрады. Бөлек детальдері:буландырғыш, дозиметр, адсорбері, шланг, клапан, тыныстау қапшығы, маска. Демалатын қоспа наркоз кезінде айналысқа түседі. Көмекші құралдары-анестезиологиялық аппарат пен наркоз құралдары резина мен пластмассадан жасалған, оларды Н2O2 6% ерітіндісіне немесе хлорамин ерітіндісіне 1 сағ. салып қояды. Содан кейін СанПиН № 87 бұйрық бойынша стерилдейді (Асептика тақырыбын еске ал).

Орта буын медицина қызметкері жедел медкөмек көрсеткен кезде ауырсынуды басу үшін маскалы наркоз бере алады.

5. Жалпы анестезияның (накроздың) мынадай клиникалық сатылары бар:

1-аналгезия- есеңгіреу сатысы немесе рауш-наркоз -3-4 минутқа созылады.

2-қозу (абыржу). Қазіргі наркоздарда қозу сатысы классикалық жазылған клиникасындай болмайды, қозу қимылдары дәрінің күшімен басып тасталған.

3-хирургиялық саты, оның 1,2,3 –деңгейлерінде операция жасалады. 4-саты ояну. Наркоз кезеңін А/Қ, PS – ке, демалысына, рефлекстерге (бұлшық ет, сіңір, көз) қарап анықтайды.

6. Аппаратсыз (ингаляциялық емес) наркоз кезінде анестетиктер тамыр, тік ішек т.б. ткань арасына жіберіледі. Кемшілігі: дозасын белгілеу, демалысын, организм жұмысын реттеп, қолдау мүмкін емес. Бұл әдіс психиатрияда, балалар хирургиясында, акушерия-гинекологияда, ауыр (күйік жарасы бар) науқастың жарасын таңғанда және т.б. манипуляция кезінде қолданылады.

7. Наркоздан кейін науқасты ИТ (интенсивті терапия) палатасына, дайындап қойған төсекке жатқызады. Оның қасында реаниматолог құралдары дайын тұрады. Себебі наркоз кезінде және одан кейін мынадай асқынулар кездеседі: анестетиктің дозасын асырып беруден улану, демалыс жолдарының бітеліп қалуы, құсу, асқазан ішіндегісінің кері шығуы және содан тұншығу, наркоз кезінде және одан кейін асистолия- жүрегі тоқтау, апноэ- тынысы тоқтау болуы мүмкін. Сондықтан анестезиолог-дәрігер мен анестезист-медбике науқастың қасында ұдайы болып, қадағалап отыруы керек. Оның қызуын, қан қысымын, пульсін, терісінің түсін, демалу жиілігін, жарасын, зәрі бөлінуін есептейді. Қанша сұйық дәрі құйылды, қаншы сұйық тамақ ішілді, қанша зәр шықты соны есепке алады, арнайы бақылау бетшесіне тіркейді.

8. Наркоз кезінде адамның санасы, есі, шартты және кейбір шартсыз рефлекстері жойылады. Жергілікті анестезия кезінде сана-сезім жойылмайды, сол анестетик берілген орынның сезімі жойылады.

Жергілікті анестезияның мынадай түрлері бар:

  • терминалды анестезия, яғни нерв талшықтарын: жағу, жуу, мұздату арқылы жансыздандыру.

  • жұмсақ тканьдерді инфильтрация жасау.

  • футлярлы, яғни – бұлшық етті жансыздандыру.

  • өткізбелі анестезия.

  • жұлынды анестезиялау.

  • жұлын сыртын анестезиялау.

  • венаға, артерияға дәрі жіберіп анестезиялау.

  • сүйекті анестезиялау.

Жергілікті анестезия зардаптары: шамадан тыс қолданған анестетиктен улану, анафилактикалық шок.

9.Дәрілері: Новокаин – адам организміне зияны аз, иісі жоқ кристалды ақ ұнтақ, суда, спиртте жақсы ериді. 0,25-0,5% ер-рі инфильтарция анестезиясы үшін, 1-2% ерітіндісі- өткізгіш анестезияда, сүйекті анестезиялауда қолданылады. Бір реттік дозасы 0,25% – 600 мл жіберіледі.

Лидокаин (ксикаин) - әсері күштірек, тез, ұзақ әсер етеді. Жұлын сыртына, өткізгіш анестезия үшін 2% ерітіндісі қолданылады.

Дикаин - әсері өте күшті, новокаиннан 10 есе зиянды. Тек жағу, жуу үшін 1-2-3% ерітіндісі ЛОР- практикада қолданылады.

Тримекаин – тез ұзақ әсер етеді. Өткізгіш жансыздандыру үшін 1% ерітіндісі 100 мл-дей, жұлын сыртына жіберуге 1-2% ерітіндісі 20-25 мл, қолданылады.

Совкаин - әсері күшті, зиянды. Тек жұлынды жансыздандыру үшін 0,5-1% ерітіндісі 0,8-0,9 мл қолданылады.

10.Анестетиктерден улану оның дозасын асырып жібергенде болады. Новокаиннан улану сирек кездеседі, дикаин, совкаин ерітінділері артық берілсе уланудың ауыр түрі пайда болады. Уланудың жеңіл түрінде: адамның басы айналады, жүрегі айниды, бозарып, құсады, әр түрлі елес пайда болады, тамыр соғысы әлсірейді. Уланудың ауыр түрінде адам есінен айырылып, демалысы бұзылып, тоқтап қалады. Уланудың алдын алу үшін жоғары концентрациялық ерітінді жібермес бұрын 40 барбитурат береді. Улану белгілері пайда болса, тамырға 5-10 мл 2% натрий тиопенталы ерітіндісін, тері астына 1-2 мл 20% коффеин, 1 мл 1% димедрол ерітіндісін егіп, оттегімен тыныстандырады .

Жергілікті анестезиямен операция жасар алдында науқасты тыныштандыру үшін, операцияны жеңіл сезінуі үшін дәрілер беріледі. Анестезиядан 30-40 мин. бұрын 1 мл наркотик (промедол) пен 1 мл димедролды премедикация ретінде егеді.

11. Жергілікті анестезияны жеңіл операциялар, пункция, гематома, іріңді жараны кескен кезде пайдаланады, сынықты орнына келтіру, шыққан буынды (кейбірін) салуда пайдаланады. Жергілікті анестезияны пайдалануға болмайтын жағдайлар: аллергия, науқастың жасы кіші болуы, науқаста психикалық қозу болуы.

12. Жергілікті анестезия құралдары –шприцтер, 5-10мл, 2 ине: 1- теріге егуге, 2-шісі тері асты тканьдеріне егуге керек, ерітінді, стакан, катетер, пинцет, шарик, йодонат немесе спирт.

13. Оберст-Лукашевич бойынша өткізгіш анестезия саусақ іріңдегенде операция жасау үшін қолданылады. Саусақ түбінен резинке жгутпен байлайды, жгуттан төмен саусақтың екі жағынан 2 мл новокаин жіберіледі. 10-15 минуттан кейін операция (асты іріңдеген тырнақты суырып алуға) жасауға болады (суретте).

14. Вишневский әдісі бойынша инфильтрациялық анестезия кезінде новокаин ерітіндісі теріге, тері асты тканьдеріне жіберіледі. Тері «лимон қабығы» сияқты күмпиіп шығады. Анестезия жасағанда шприцтің инесін жылжыта отырып новокаинды теріден бастап, тері астындағы тканьдерге біртіндеп жібереді. Скальпельмен тері кесіледі, тағы да новокаин жіберіліп, хирург шприцпен және скальпельмен кезек-кезек жұмыс істейді.

Қалқанша безге операция жасаған кезде инфильтрациялық анестезия қолдану сәті.

15. Новокаин блокадасы көбіне нерв түйіндерін жансыздандыру үшін қолданылады. Ішкі орган ауырып, шаншыған кезде ауырсынуын басып, жағдайын жеңілдету үшін беріледі. Бел (бүйрек айналысының) блокадасы- науқасты қырынан жатқызып, бел астына валик салады. XII қабырға мен арқа бұлшық еті қиылысқан жерінде инфильтрациялық анестезия жасайды. 20 мл шприцке 0,25% новокаин ерітіндісін алып, ұзын инені анестезияланған инфильтрат арқылы өткізеді, ерітіндіні бұрын егіп отырады. Инеге кедергі жойылғанды 80-100 мл новокаин ерітіндісі егіледі, шприцті суырғанда инеден кері ерітінді де қан да шықпайды.

Мойын вагосимпатикалық блокадасы – 40 мл 0,25% новокаин ерітіндісін шалқасынан жатқызылып (жауырын астына валик қойылған) басы бұрылған науқастың мойын бұлшық еті мен венаның қиылысқан нүктесінен жоғары егіп, омыртқаның алдынғы жағына қарай жібереді. Дұрыс егілсе 3 белгі- Горнер белгісі болады: көзі шүңірейіп, қарашығы кеңейіп, көздің жоғарғы қабағы салбырап тұрады. Қабырға сынғанда, өт тасы ауруында шаншуды басу үшін қолданылады.

16.Медбике (фельдшер) жұмысында пункция жасағанда, іріңді жараны кескенде инфильтрациялық, өткізгіш анестезиясын қолдану кездеседі. Жаңадан болған жараны тігу үшін де инфильтрациялық анестезия қолданады. Қабырға, саусақ, шыбық сүйектері сынғанда 2% новокаин ерітіндісімен сынық тұсына инфильтрациялық анестезия жасап, жанын кетіреді. Хлорэтилмен анестезиялау тері бетіндегі іріңді жараны сылу үшін, сіңірі созылып, соққы тиген жұмсақ тканьді жансыздандыру үшін қолданылады.

17.Жұлын анестезиясын жасағанда, жұлын сыртын анестезиялағанда фельдшер дәрігерге көмек көрсетуі керек. Науқасты қырынан жатқызады, не отырғызады. Басын төмен иіп, екі шынтағын екі тізесіне жеткізе бүктеп, екі аяғын ішіне қарай тартып, бүгуі керек. Осы жағдайда бел омыртқа тұсын спиртпен сүртіп, дәрігер әуелі жіңішке инемен инфильтрациялық анестезия жасайды, содан соң Дюфо немесе Бир инесімен пункция жасайды. Инеден 2-3 мл жұлын сұйығын ағызып жіберіп, пункциялық инеге шприц қосып 1-2 мл 2% новокаин ерітіндісін жібереді. Кіші жамбас қуысы органдарына, аяққа операция жасаған кезде қолданылады.

Пысықтау:

  1. Анестезия деген не, қандай түрлері бар?

  2. Наркоз түрлері, дәрілері, клиникасы.

  3. Қазіргі көпқұрамды наркоз

  4. Жергілікті анестезия түрлері.

  5. Дәрілері, зардаптары.

  6. Улану белгілері, алғашқы көмек.

  7. Оберст-Лукашевич бойынша анестезиялау құралдары.

  8. Новокаинның 0,25% ерітіндісіне рецепт жаз.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]