Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1200_yymdastyru_psikhologiasy.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать

4.4. Басқарудағы мінез және темперамент

Мінез – адамның өзіндік бағыт - бағдарының, жан дүниесінің ерекшелігінің тұрақталған көрінісі. Мінез – жан қуаттарының жиынтығын көрсететін синтездік қасиет. Мінездің көріністері адамның түрлі жағдайда көзге түсетін тұрақты ерекшеліктері. Мінез адамның тіршілік ету бағытының өзегі. Ол кең мағыналы ұғым. Мінез тәрбиелі, тәрбиесіз, иманды, имансыз, байсалды, бірқалыпты, күшті, айқын, тұрақты жарты, салмақты, жеңілтек т.б., сапаларға бөлінеді.

Тәрбиелі мінезді адамда имандылық қаситеттер болады. Ізеттілік, көпшілдік, адамға қамқорлық, достықты, жолдастықты қадірлеу, көпшіліктің пікірін тыңдай білу, өз міндетін орындаудағы жауапкершілік және адалдық мінездің жағымды сапаларының көрінісі. Рухани дүниесі бай, қажеттіліктері мен қызығушылықтары, талғамы мен ой-өрісі кең адамдарды толық мінезді адам дейді. Мұндай сапалары бар адамның мінезі бірқалыпты болып келеді. Оның ұстанымы - сөзбен істің бірлігі. Тұрақты мінез адамның өмір сүруінің мәні мен мағынасын, іс-әрекетінің мазмұнын көрсетеді. Мұндай адамдардың өз принципі, көзқарасы және мінез-құлық нормасы болады. Мақсатына жету жолында кездесетін кедергілерді жеңуде байқалатын адамның қуатының мөлшері мінездің күшін көрсетеді. Мінездің күшінсіз мінез өз мәнінде болмайды. Мінез адамның дүниеге көзқарасы және сенімімен байланысты болса ғана байсалды болады. Байсалдылық берік сенімнен туындайды және онсыз іс-әрекеттің тиянақты болуы мүмкін емес. Мінезсіз адам болмайды. Бірақ, барлық сапалары ойдағыдай түйісетін жайсаң мінезді адамдар жиі кездесе бермейді. Адам түрлі жағдайға байланысты түрліше мінез көрсетуі мүмкін. Соған қарап мінезі тұрақсыз деген шешім қабылдау негізсіз. Адам мінезінің қалыптасуы әлеуметтік ортамен қоғамдық болмыспен байланысты. Мінез өмір сүру барысында қалыптасады, және өзгереді. Адамдардың өмір жолы мен іс-әрекетінің сипатына қарай мінездің ешкімде қайталанбайтын жеке дара түрлері кездеседі. Сондай - ақ адамның өмір сүретін ортасының ерекшеліктеріне қарай қалыптасқан көпшілікке ортақ мінездері де болады. Бір адамның мінезі туралы айтқанда мінездің дара және типтік түрлерін ескеру керек. Типтік мінездер белгілі бір тарихи-қоғамдық жағдайлардың әсерінің нәтижесі. Типтік мінезден әр адамның ұлттық, кәсіптік және жас ерекшеліктері байқалады. Қоғамдық - әлеуметтік жағдайлардың нәтижесінде иманжүзді, адамгершілігі мол адамның бойынан табылатын жағымды мінез түрлері: ұйымшылдық, төзімділік, жігерлілік, намыстылық. Адамның мінез бітістерін былай топтауға болады.

Тұлғаның ұстаған бағытынан, бүкіл психикалық қалпынан байқалатын мінездер. Мұның біріншісіне-адамның басқалармен қарым-қатынасын білдіретін мінездері жатады. Бұлар: имандылық, және оның түрлі тармақтары-адалдық, қайырымдылық, шыншылдық, үйірсектік және осыларға қарама-қарсы өз қара басын ойлайтын, қатығез, зымияр, тұйықтық мінездер жатады. Бұл топқа адамның өз ісіне, еңбегіне қатысын білдіретін мінезі де жатады. Бұлар: еңбексүйгіштік, құнттылық, бастамашылдық, жинақылық және оларға қарама-қарсы жалқаулық, салақтық, тиянақсыздық, кертартпалық т.б. Адамның өз - өзіне қатысын білдіретін: кішіпейілділік, қайырымдылық, өзін-өзі сынау, талап қоя білу және бұларға қарама-қарсы: өркөкірек, мақтаншақ, жасқаншақ мінездер. Сонымен қатар адамның өзін-өзі меңгеру қабілетіне қарай қалыптасқан ерекшеліктерін еріктік сапалары деп атайды. Мінездің еріктік сапалары күшті және әлсіз, нашар мінез болып бөлінеді. Күшті мінезге мақсатқа талпынғыштық, дербестік, тоқтамға келгіштік, батылдық, шыдамдылық, тәртіптілік, жинақылық, ерлік сапалары жатса, әлсізіне: иланғыштық, қыңырлық, ұстамсыздық, жүгенсіздік, тентектік жатады. Мінез адамның басқа да психикалық қасиеттерімен: қабілет, қызығу, темпераментімен тығыз байланысты.

Мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелік. Ол көп қасиеттің бірлігі, түрлі өзгешеліктердің қосындысы, сонымен қатар, адамды әр қырынан көрсететін қасиет. Мінез бітістері көп. Олардың бәрі де жеке адамның қасиеттері болып табылғанмен, мұның кез келгені мінездің бітістері болып саналмайды.

Мінез бітістері адамдардың өмір жолы мен әрекетінің сипаты түрліше болатындықтан, оның мінез бітістерінде басқа біреуде қайталанбайтын жеке ерекшелік көптеп кездесіп отырады. Сонымен қоса, адамдарда өзі өмір сүріп отырған қоғамның ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан, көпшілікке ортақ мінездері де болады. Сондықтан, бір адамның мінезі жөнінде сөз болғанда мінездің дара және типтік бітістерін қоса еске алып отыру қажет. Типтік мінездер – белгілі тарихи-қоғамдық жағдайлардың нәтижесі. Типтік мінезден әр адамның ұлттық, кәсіптік және жас ерекшелігіне сәйкес өзгешеліктері де тиісінше орын алып отырады. Мәселен, қарама-қарсы тап қайшылықтары бар қоғамда (құлдық, феодалдық, капиталистік) мінездің таптық өзгешелігі ерекше көзге түседі. Осындай қоғамда әрбір тап өкілдерінің таптық мүдделері де, дүниетанымдары да бөлек болады. Мәселен, зауыт, фабрикалардың қожасы болып табылатын капиталистер жұмысшылардың еңбегі арқылы баюға тырысса, жұмысшылар өздерінің тұрмыс жағдайы мен құқықтарын жақсартуды көздейді. Осы айтылғандар адамдардың мінез бітістеріне, психологиясына ықпалын тигізбей қоймайды.Типтік мінез бітістері:

1) Отан сүйгіштік кісінің бойындағы күш-қуатын, білімі мен тәжірибесін халық мүддесіне оның игілігіне, яғни адамның кір жуып, кіндік кескен жеріне білдіретін перзенттік борышы – оның кісілігін танытатын ерекше асқақ сезім;

2) мақсаткерлік (мақсатқа талпынушылық) - бұл адамның өз мінез-құлқын көздеген мақсатына алаңсыз бағыштауы, мұны өзінің ұстаған бағыт-бағдар позициясына, танымы мен сеніміне, асыл арманына бағындыра алуы;

3) борыш пен жауапкершілік. Бұл адамның үй-іші, әке-шеше, тума-туысқандарына қатысты перзенттік парызынан туындайтын қасиет. Мұның негізінде өзін әлпештеп, адам етіп өсіргендердің алдындағы жауапкершілігін бар санасымен терең аңғара алып, түсіну, бұл парызы мен қарызын қалай ақтау жолын ойластыру;

4) мейірімділік пен ізгілік. Екі қозыдай осы қасиет- басқаларға (әке-шеше, ағайын, туыс, таныс т.б.) көңіл бөлу, олардың сеніміне ие болу, айналасындағылармен өзара дұрыс қарым-қатынас жасау, адамға эмоциялық жағынан тиімді;

5) адалдық пен шыншылдық. Адалдық – сөздің таным мен сенімге ұштасуы, оның іс-әрекетке қайшы келмеуі. Шыншылдық- адамның азаматтық борышына, ар-ожданына қалтқысыздығы;

6) достық. Бұл ортақ көзқараспен мүдде, мақсат бірлігі негізінде пайда болып, уақыт сынынан өткен адамгершілік құндылығы мол тұрақты, тек адамға ғана тән жоғары сезім;

Темперамент – жүйке жүйесінің тума қасиеттерінен туындайтын адамның жеке өзгешеліктерінің бірі. Ол адамдардың эмоциялық қозғыштығынан, қимыл-қозғалысынан, жалпы белсенділігінен жақсы байқалады.

Темперамент - организмнің физиологиялық өзгешеліктерімен, әсіресе, жоғары жүйке қызметінің тума қасиеттерімен шарттас психикалық құбылыс. Темперамент адамның жалпы қозғалысынан да (мәселен, біреулер шапшаң қозғалады, тез қимылдайды, енді біреулер жай қимылдап, асықпай істейді), психиканың күші мен тереңдігінен де (мәселен, біреу өжет, алғыр болса, екінші біреу керісінше, сылбыр, жігерсіз болады), адамның көңіл күйінің ерекшеліктерінен де (салмақты, тұрақты, жеңіл, тұрақсыз т.б.) эмоция сезімдерінен де (біреу сабырлы, екінші біреу күйгелек т.б.) жақсы байқалып отырады.

Темперамент туралы алғашқы ой-пікірлер ғылымда өте ерте кездің өзінде-ақ айтыла бастаған. Ежелгі Грецияның белгілі ғалымы, дәрігер Гиппократ (б.э.д.460-356) бұл жөнінде «әр түрлі темпераменттер адамдар мен жануарлардың денесінде төрт түрлі сұйық заттарға байланысты болмақ. Олар: денені жылытып тұратын – қан, салқындататын – шырын (слизь), құрғататын – бауырдағы сары өт және оған дымқылдық беретін қара өт (талақ)». Осы төрт түрлі сұйықтың, араласуының пропорциясын грекше «красис» деп атаған. Ал латын тілінде бұл терминді темпераментум деп атаған. Гиппократ және оның шәкірттері адамдағы темпераменттердің әр түрлілігі организмдегі осы төрт түрлі сұйық заттың бір-бірінен аз-көптігіне байланысты деп түсінген. Мәселен, организмде қанның пропорциясы артық болса, ол сангвиникалық (латынша «сангиус» - қан), ал шырын басым болса (грекше «флегма» - шырын), флегматик темперамент деп; ал организмде қара өт басым болса меланхолик (грекше «мелай - нехоле» - қара өт), организмде сары өт басым болса, холерик (грекше «холе» - өт) темпераменті деп аталады.

Рим дәрігері Гален (129-199) темпераменттің санын он үшке жеткізген. Гален организмде жылылық басым адамның темпераменті күшті болатынын, денесі салқын болса, темпераменті баяулайтынын айтқан.

Орта ғасырдағы ғалымдар темпераментті организмдегі химиялық заттардың құрамына байланысты түсіндіруге тырысты. Кейіннен темперамент организмнің түрліше физиологиялық өзгешеліктеріне, атап айтқанда, қан жолы жүйесінің құрылысына, зат алмасуға, ішкі секреция бездеріне т.б. байланысты деген пікірлер тарады. Неміс философы И.Кант (1724-1804) өзінің «Антропология» атты еңбегінде темпераменттің төрт түрі туралы толық психологиялық сипаттама берді. Бірақ, ол темперамент пен мінез ұғымдарын бір-біріне балама ретінде қарастырды.

Темперамент туралы теориялар ХІХ ғасырдың аяқ кезінде де кең өріс алады. Мәселен, неміс анатомы Гейне темпераменттердің түрліше болуы жүйке тонусына байланысты десе, орыс антропологы Н. Л. Зеланд (1833-1902) ми қабықшасындағы молекулярлық қозғалыстың жылдамдығы мен біркелкілігіне байланысты деп есептеді. Көрнекті орыс педагогы П.Ф. Лесгафт (1837-1909) темпераменттерді қан сауыттарының жуандығы мен кеңдігіне байланысты деп тұжырымдады. Темпераменттердің физиологиялық негіздерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп түсіндірген академик И.П. Павлов. Ол темперамент туралы түсінікті ғылыми негіздеді. Жүйке жүйесінің типтері ми қабығындағы қозу, тежелу процестерінің үш негізгі белгісінің (күші, тепе-теңдігі, қозғалғыштығы) жиынтығынан құрастырылады.

Жүйке процестерінің күшіне – ми қабығының жұмыс істеу қабілеттілігі, яғни сыртқы ортаның түрлі тітіркендіргіштеріне мидың төзімділігі жатады. «Жүйке процестерінің тепе – теңдігі» деп қозу мен тежелудің бір - біріне тең келуін айтады. «Жүйке процестерінің қозғалғыштығы» деп олардың бірінің екіншісіне алмаса алу қабілеттілігін айтады.

Психолог Б.М. Теплов (1896-1965) өз лабораториясында жүйке жүйесінің типтері одан ары зерттеді. Егер И.П.Павлов өзінің тәжірибесін жануарларға жасаса, Б.М.Теплов және оның шәкірттері осындай тәжірибені адамдарға жасады. Бұл зерттеулерде И.П. Павловтың нерв жүйесінің төрт түрлі типі туралы ілімі адамдардың жеке өзгешеліктерін, әсіресе, оның темпераменттерін анықтауда ерекше маңыз алатын бірден-бір теория екені нақты дәлелденді. Б.М.Тепловтың шәкірттерінің бірі В.Д. Небылицин (1930-1972) осындай зерттеулердің бірінде жүйке жүйесінің әлсіз типінің өзі бірнеше варианттарға бөлінетінін анықтады. Бұрын өмір сүруге икемсіздеу деп саналатын осы әлсіз типтің өзі енді қозғалғыш, баяу, қозу мен тежелуі теңгерілмеген типтер деп бөлінетін болды. Әлсіз типтің де сезімталдығы күшті екендігі, осыған орай оның сыртқы ортаға бейімделе алу қабілеті мол екендігі анықталады.

Темперамент – психикалық іс-әрекеттің және жүріс-тұрыстың динамикасын анықтайтын жеке адамның индивидуалды ерекшеліктері. Темперамент негізінде жүйке жүйесінің қозуы мен тежелу процестерінің арақатынасы, байланысы, көрінулері жатыр. И.П.Павлов қозу мен тежелу процестерінің 3 қасиетін ашты:

1. Жүйке жүйесінің шыдамдылығы жұмысқа қабілеттілігін сипаттайтын және ұзақ немесе қысқа, бірақ өте күшті қозу немесе тежелуді ауыстыруға қабілетті көрсететін күш.

2. Тепе-теңдік, ол қозу мен тежелу процестерінің ара қатынасын сипаттайды.

3. Қозғалғыштық, яғни тітіркендіргішке жауап ретінде жүйке жүйесінің көрінуінің жылдамдығы және қозу мен тежелу процестерінің бір-бірін тез ауыстыруға қабілеттілігі.

Көрсетілген жүйке қасиеттерінің комбинациясы жоғары жүйке жүйесінің типін анықтайды. Жүйке жүйесінің типтері мен темпераменттердің арақатынасы мынадай:

1Күшті, тепе-тең, қозғалғыштық тип – сангвиник.

2 күшті, тепе-тең, инертті тип – флегматик.

3 Күшті, тепе-тең емес, қозудың жоғарлауы болатын тип – холерик.

4 Әлсіз тип – меланхолик.

Негізінде адамда белгілі бір темпераменттің сипаттары басым келеді, таза күйінде олар өте сирек кездеседі. Жүйке жүйесінің типі – жеке адамның сендірулер мен әрекеттерін анықтайтын табиғи, туа біткен қасиет. Бұл ерекшеліктер адамның мінезімен анықталады.

Мінез – адамның қоршаған әлемге деген қатынасын көрсететін және оның жүріс-тұрысында, әрекеттерінде көрінетін жеке адамдық қасиеттерінің индивидуалдық сәйкестігі.

Темперамент мінез сипаттарының көріну формасына әсер етеді. Осылайша, холериктегі мінез сипаты табандылық қызба іс-әрекетте көрінеді, флегматикте – салмақты іс-әрекеттер көрінеді.

Мінез сипаттарын 2 топқа бөледі:

1.Жеке адамның бағыттылығы көрінетін сипаттар (яғни, басқа адамдарға деген қатынасы - сезімталдылық, дөрекілік, көпшілдік, адалдық, іс-әрекетке деген қатынасы – еңбек сүйгіштілік, белсенділік, ұқыпсыздық, консерватизм; өзіне деген қатынасы - өзіне-өзі сын, талапшылдық, өзін-өзі сыйлау, өзіндік жетістік сезімі; заттық әлемге деген қатынасы, үнемділік, ұқыптылық).

2. Еріктік сипаттар – мақсаттылық, өзбеттілік, табандылық, тәртіптілік.

Мінез тұқым қуалаушылық жолмен берілмейді, туа біткен және сонымен бірге жеке адамның өзггермейтін қасиеті болып табылмайды. Ол қоршаған ортаның, адамның өмірлік тәжірибесімен және тәжірибесінің әсерінен қалыптасады.

Бұл әсер етулер, біріншіден, қоғамдық тарихи (кез келген адам белгілі бір қоғамдық – тарихи, экономикалық, саясаттық және т.б. жағдайларда өмір сүреді) және екіншіден, индивидуалды - өзіндік ерекшелік (кез келген адамның өмірінің және өмірлік жолының шарттары алуан түрлі) болып табылады. Мінездің қалыптасуы ерте балалық шақтан басталады, әсіресе жас өспірімдерде мінез сипаттары қарқынды дамиды.

Адамның қабілеттерінің дамуы кейбір мінездердің болуын талап етсе, темпарамент мінезге өзіндік рең береді. Жақсы мінездің ықпалымен темпераменттің кейбір нашар жақтарын өзгертуге болады. Физиолог И.П.Павлов мінез бітістерін жоғары жүйке қызметінің типтері туа берілетін ерекшеліктерімен адамның өмір сүру барысында қалыптасатын жүйке жүйесінің өзіндік «құйындысы» деп есептейді. Ғылымда темперамент: холерик, сангвиник, флегматик, меланхолик деп төрт типке бөлінеді. Бірақ өмірде жеке біреуі ғана дара кездесетін жағдай сирек.

Темперамент жүйке жүйесінің туа берілген қасиеттерінен туындайтын адамның жеке-дара өзгешелігі. Темпераменттің әр түрлі жақтарын мына 3-кестеден аңғару жеңіл.

3-кесте

Темпераменттің әр түрлі жақтары

Темпераменттер

Жақсы жақтары

Жағымсыз жақтары

Холерик

шапшаң, белсенді

ұстамсыз, күйгелек

Сангвиник

пысық, оңтайлы

тұрақсыз

Флегматик

ұстамды,сабырлы

баяу, сылбыр

Меланхолик

сезімтал

тұйық

Темпераменттің жағымды, жағымсыз жақтары бар. Адам өз темпераментінің жақсы – жаман жақтарын біліп, жаманынан арылу жолдарын іздестірсе, өз темпераментін меңгере алады. Саналы адам өзінің күш қуатын, ерік жігерін темпераментін реттеуге бағыттайды.

Сұрақтар:

1.Мінез дегеніміз не?

2. Толық мінезді адам деп кімді айтамыз?

4. Адамның басқалармен қарым-қатынасын білдіретін мінездері қандай?

5. Темпераментті қалай түсінесіз?

6. Темпераменттің түрлері және олардың жағымды, жағымсыз жақтары туралы не айтасыз?

Әдебиеттер

1. Психология: Адамзат ақыл-ойының қазынасы. Алматы, 2005 ж. 10 том.

2.Жарықбаев Қ., Озғанбаев Ө. Жантануға кіріспе. Алматы,2000.

3.Чередниченко И. П., Тельных Н. В. Психология управления / Серия «Учебники для высшей школы». - Ростов-на-Дону: Феникс, 2004.

4.Немов Р.С. Общая психология: Краткий курс.-СПб.:Питер, 2006.