Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
учебник Криминалистика.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
697.85 Кб
Скачать

§4. Мәйіттің жеке басын анықтау

Мәйіттің кім екенін анықтап, сөйтіп өлген адамның аты-жөнін білу үшін, ол тануы мүмкін делінген адамға көрсетіледі. Мұндай тану үшін көрсетудің өзіндік ерекшелігі бар. Басқа объектілердей емес мәйіт жеке көрсетіледі. Оны көрсетер алдында арнайы сот-сараптама жұмысы жүргізіліп, мәйітті кісі көретіндей жағдайға келтіреді (оны " мәйітті әрлеу" дейді). Тануға мәйітханада жатқан мәйіттің беті және басқа да дене мүшелері, әсіресе, ине шаншып әлеміштеген белгілер (татуировка) денедегі тыртық, басқа ерекше белгілері көрсетіледі. Танушы өлген адамның туысқаны, жолдасы, не басқа да таныс адамдары болуы мүмкін. Сондықтан мәйітті көріп, тану олардың көңіліне өте ауыр сезім туғызады. Осыған орай тану үшін көрсетер алдында сот сарапшысына мәйітті белгілі бір қалыпқа келтіруге ұсыныс жасалады. Тергеу тәжірибесінде кей жағдайларда, өздерінің хабар-ошарсыз кеткен туыстарын ²біреу өлтіріп кетті ме² деп күдіктенген тұлғаларға аты-жөні белгісіз мәйіт көрсетіледі. Егер олар мәйітті танып, оның кім екенін айтса, тергеуші осы жөнінде хаттама жазып, осы адамнан жауап алады.

Мәйітті тану үшін көрсету тергеу әрекеті заңды түрде жүргізілсе тергеуші танушыдан мәйітті қандай бет келбетінің, дене кұрлысының ерекшеліктерінен танығандығы жөнінде анықтап сұрауы керек. Мәйіттің өзі ғана емес, оның жеке дене мүшелері де тану үшін көрсетілуі мүмкін. Мұндай жағдайда осы дене мүшесінің қандай ерекше белгілері бойынша танылғандығы анықталып, хаттамаға жазылады.

§5. Жеке заттарды, бұйымдарды және басқа да объектілерді тану үшін көрсету ерекшеліктері

Тергеу барысында, тінту жүргізілгенде, не сезікті адамды ұстағанда алынған заттарды жәбірленушіге, не куәге көрсету қажет болады. Мұндай жағдайда тергеуші осы адамдардан ұрланған заттардың белгілері туралы алдын ала жауап алып, анықтап сұрайды. Егер жауап беруші куә болса, одан ол затты қандай жағдайда көргені де сұралады. Тануға көрсету үшін бұл зат сол тектес басқа затгардың арасында танушыға көрсетіледі, егер ол көрсетілген затты таныса, оны нақты қандай белгілері бойынша танығандығы сұралып, анықталады.

Кей жағдайда тану кезінде заттарды танушы адамның белгілі бір жағдайларға, не себептерге байланысты қате жауап беруі де мүмкін екендігін естен шығаруға болмайды. Мысалы: танушы адам білімінің төмендігінен, көрсетілген киімнің қандай материалдан тігілгенін, оның бояуын немесе үлгісін дәл анықтап, айтып бере алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда алдын ала жүргізілген тергеу әрекеті негізінде алынған жауапты затты тану үшін көрсету кезіндегі жауаппен салыстырып, олардың бір-біріне сәйкес, не қайшы келетін жерлерін анықтау керек. Содан соң осы сәйкестік немесе қайшылыққа орай тиісті мамандарды шақырып, ақылдасқан жөн, ал заттарды танушы адамнан қайта жауап алып, одан алғашқы жауабында жіберген қатесінің себебін анықтап, мәселенің анық-қанығына көз жеткізу қажет.

Тәжірибеде басқа да жәйттер кездеседі. Танушы адам затты тану үшін көрсету кезінде алғашқы берген жауабында айтылмаған ерекше белгілерді келтіруі мүмкін. Мұндайда ол мұны алғашқыда неге келтірмегенін дәлелдеп, негіздеуі тиіс.