Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
учебник Криминалистика.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
697.85 Кб
Скачать

§2. Объектілерді тану үшін көрсетер алдында жүргізілетін дайындық жүмыстары

Объектілерді тану үшін көрсетер алдында тергеуші біраз дайындық жұмыстарын жүргізу керек. Осы жұмыстардың ұқыпты, мұқият жүргізілуіне бұл тергеу әрекетінің сапасы, нәтижелілігі, қорытындысының объективтігі тікелей байланысты.

Жоғарыда айтылғандай, объектілерді тану үшін көрсетудің керектігі бұдан бұрын куәден, жәбірленушіден, не айыпкерден алынған жауаптарынан туындайды. Сондықтан бұл тергеу әрекетін өткізу қажеттігін, оны өткізу мүмкіндігін шешер алдында тергеуші осы адамдардың объектіні қандай жағдайда көргендігі, оның сол объектіні қандай жеке белгілері, ерекшелігі бойынша тани алатындығы жөнінде жауап алады. Бұдан соң бұл тергеу әрекетін қашан және қай жерде өткізу керектігін, өткізетін жерін, уақытын тағайындайды. Бұл мәселелерді шешуде тергеушінің объектіні тануға неғұрлым тезірек көрсету керектігін қатаң ескертуі тиіс. Өйткені уақыт өткен сайын куәнің (жәбірленушінің) ойында көрген объектінің бейнесі, белгілері ұмытылып, көмескіленуі мүмкін. Сонымен бірге бұл жұмысты асығыс өткізуге де болмайды. Себебі дайындық кезіндегі асығыстық тергеу әрекетінің сапасына керісінше әсер етеді.

Тергеу әрекеті объектілерді көрсетуге қолайлы, ыңғайлы жерде өткізілуі қажет.

Дайындық жұмыстарының ең бір күрделісі – көрсетілетін объектіге ұқсас объектілерді табу. Айталық: адамды тану үшін көрсетуде осы адамға сыртқы тұрпаты, пішіні, келбеті жағынан ұқсас дублерлерді, ал заттарды тану үшін көрсету кезінде жалпы белгілері сәйкес келетін ұқсас заттарды табу қажет.

Бұл тергеу әрекетін жүргізгенде бұған белгілі бір мамандарды қатыстыруға тура келеді. Айталық: мәйіттің кім екенін тану үшін оны көрсетуге тура келсе сот-медицина саласындағы маманды, ал объектіні танушы жасы жетпеген куә, жас бала болса педагогты қатыстыру керек.

Дайындық үстінде тергеуші керек құрал-саймандарды, ғылыми-техникалық құралдарды әзірлеп алуы тиіс. Суретке не бейнежазбаға түсіру керек болса, фото-бейне аппаратын дайындап оны қолданып, түсіретін адамдарды тағайындау қажет.

Тану үшін көрсетілетін объектілерге байланысты бұл тергеу әрекеті бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтқанда: адамның кім екенін тану, заттарды тану үшін көрсету, мәйіттің кім екенін, оның аты-жөнін білу үшін тануға көрсету. Малдарды тану үшін көрсету: белгілі бір жерді, не бөлмені, тұрғын-үйді тануға көрсету. Объектілердің түрлеріне байланысты оларды көрсету тактикасында да ерекшеліктер бар.

§3. Адамдарды тану үшін көрсетудің процесуалдық тәртібі және тактикалық ерекшеліктері

Адамдардың кім екенін таныту үшін танушы адамнан алдын ала танылатын адамның сыртқы бейнесі, пішіні, киімі туралы, оны қандай жағдайда көргені жөнінде асықпай жауап алу қажет. Тану үшін көрсетілетін адам, өзіне ұқсас, кем дегенде екі адамның арасында, қалаған орында тұруы керек. Танушы адам тану үшін көрсетілетін адамды тергеу әрекеті басталғанша көріп қоймайтындай жағдай жасалуы тиіс. Танылуға тиісті адам кем дегенде екі адамның арасынан өзі қалаған орын алғаннан соң, танушы адамды кіргізіп: "Алдыңызда тұрған адамдардың ішінен кімді танисыз? Қандай нақты белгілері бойынша ол кісіні танитыныңызды түсіндіріңіз және қандай жағдайда кездескеніңізді айтып беруіңізді сұраймыз?" деп тергеуші ұсыныс жасайды.

Танушы адам осы екі кісінің ортасында тұрған адамды тиісті жасалған қылмысқа байланысты белгілі бір жағдайда қалай көргенін, оны қандай белгілері, сыртқы бейнесінің қандай ерекшеліктері бойынша танығанын айтуы керек. Уақыт өткеннен кейін көрсетілген адамның сыртқы бейнесінде, әрине өзгерістердің болуы мүмкін. Сондықтан көрсетілген адамды танығанмен оның бейнесінде қандай өзгерістер бар екенін де танушы адам толық айтып беруі тиіс.

Осы тергеу әрекетін жүргізгенде танушы адамның өзіне көрсетілген адамды тануы сол адамның бейнесінде, пішінінде бар белгілерге негізделеді. Сол ойында қалған белгілерді, көріп тұрған адамның пішініндегі белгілермен танушы адам ойша салыстырады.

Бұл сыртқы бейне және пішін белгілері криминалистикада – екі түрге бөлінеді. Біріншісін анатомиялық белгілер, ал екіншісін функционалдық не динамикалық, белгілер дейді.

Анатомиялық (статикалық) белгілерге адамның бойы, дене құрылысы, бет әлпеті және дене мүшелерінің басқа ерекшеліктері жатады (басы, маңдайы, мұрны, аузы, ерні, иығы, қол, аяғы, т.б.).

Функционалдық (динамикалық) белгілерге – дауысы, тіл ерекшеліктері, жүрісі, аяқ алысы және басқа да дене қимылының ерекшеліктері жатады.

Адамдарды кім екенін тану үстінде, сонымен қатар кейде қосымша белгі есебінде оның киімі, көзілдірік киісі, сақал, мұрт қоюы, тағы басқа да жалпы бейнедегі барлық ерекшеліктері пайдаланылады.

Танүшін көрсетуу жүргізілгенде осы көрсетілген белгілер бойынша белгілі адам танылса, оны бейнелеп, сипаттап айту кейде танушыға өте қиынға түседі. Осыған байланысты тергеуші криминалистикада қолданылатын адамды бейнелейтін әдісті – "ауызша суреттеу" әдісін қолдануы керек, яғни адамның келбетін, ауызша бейнелеу. Мысалы, бойы – биік, орташа, аласа бойлы; басы – үлкен, кіші; шашы – қою, сирек, қара, жирен; беті – жалпақ, сопақ; маңдайы – биік, кең маңдайлы, шот маңдай, төмен, т.б. Дене мүшесінде анатомиялык кемістік болса, олар ерекше белгілер есебінде есептеледі.

Кісі тануда әр адамға тән, қалыптасқан дене қимылдары да жеке белгі есебінде пайдаланылады. Атап айтқанда: оның дауысы, сөйлеу мәнері, тіл ерекшелігі, жүрісі, аяқ алыс ерекшеліктері. Кей жағдайларда осы белгілерге ғана негізделіп кісіні тану үшін көрсетуге болады. Бірақ бұл динамикалық белгілерді өте оңай өзгертуге болатындықтан, мұндай көрсету көбіне тиісті нәтиже бере алмайды. Себебі танылатын адам даусын да, жүрісін де көрсету үстінде өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл белгілер, әдетте, анатомиялық белгілермен қоса көрсетіліп, пайдаланылады.