Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
учебник Криминалистика.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
697.85 Кб
Скачать

§3. Тергеу экспериментін жүргізгенде қолданылатын тактикалық тәсілдер

Дайындық жұмыстары толық аяқталғаннан кейін, тергеуші осы тергеу әрекетіне қатынасатын адамдарға олардың міндеттерін, кімнің не істейтінін түсіндіріп, әрқайсысын орын-орындарына орналастырып қояды. Тәжірибе екі жерде жүргізілсе екі топтың бір-бірімен қалай, қандай белгімен байланыс жасайтыны, тәжірибе қайталанған кезде екі жақты басқару әдістері айтылады.

Эксперимент тергеушінің берген белгісі бойынша басталады. Осы белгі берілгеннен кейін тәжірибенің барысын бақылаушы топ зер салып бақылап, арнайы белгімен тәжірибе-сынақтың дұрыс жүргізілуін басқарып отырады. Егер тәжірибе барысында алдын ала қойылған шарт, міндеттер орындалмаса, не басқаша орындалса (мысалы қатынасушы дублерлер тәжірибені дұрыс жасамаса) тергеуші белгі беріп тәжірибені тоқтатады, оны басынан бастап қайта жүргізуді талап етеді. Әр тәжірибенің қорытындысы тұжырымдалып, жазбаша түрде және суретке түсіру арқылы бекітіліп отырады.

Әр түрлі тергеу экспериментін өткізудің өзінше тактикалық ерекшеліктері бар. Сонымен қатар осылардың бәріне тән жалпы тактикалық нұсқау, ұсыныстар да бар. Олар:

1. тәжірибе өткізуге тым көп адам қатыстырмау керек, себебі артық адамдар бір-біріне бөгет жасап, эксперименттің нәтижелі өтуіне кедергі келтіреді; тергеу эксперименті сол тексерілетін оқиға болған жағдайға ұқсас жағдайда өткізілуі тиіс. Ол үшін:

а) эксперимент тексерілетін оқиға болған уақытта, сондай көріну, естілу жағдайында өткізілуі қажет;

ә) эксперимент егер мүмкікшілік болса сол оқиға болған жерде өткізілуі тиіс. Егер бұл жердің көрінісі және басқа жағдайлары өзгеріп кеткен болса, оны бұрынғы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі керек;

2. тәжірибе бірнеше рет қайталанып жүргізілуі қажет. Егер тергеу эксперименті үстінде әр тәжірибе бірнеше рет қайталандырылып жүргізілсе, оның барысын, қорытындысын дұрыс анықтап, түсінуге болады. Осы қайталау кезінде тәжірибе күрделі және қарапайым түрде өзгертіліп отырылады.

Қайталап өткізу дегеніміз тек бір тәжірибені бірнеше рет қайталау деп түсінуіміз керек. Егер бір тергеу экспериментін өткізгенде екі, үш, не одан да көп тәжірибе өткізілуі көзделсе, онда әр тәжірибе бірнеше рет қайталануы керек.

Тәжірибені қайталап өткізу деген түсінікті – экспериментті қайта өткізу деген түсініктен ажырата білу керек. Егер эксперимент дұрыс жүргізілмеген немесе іс жүргізу заңдылығына қайшы жағдайда ол қайта жүргізіледі. Мұны да тергеу әрекетінің қайта өткізілуі деп түсіну керек. Ал, тәжірибенің қайталануы ол бір тергеу әрекетінің шеңберінде оның кейбір элементінің қайталануы. Тәжірибелер бірнеше кезеңге бөлініп өткізілуі тиіс және бірнеше бөлімге бөлініп, әр бөлім жеке-жеке талданып, қабылдануы керек. Бұл тәжірибені толық көруге мүмкіншілік береді.

§4. Тергеу экспериментінің барысы және оның қорытындысын бекіту, нәтижелерін тексеріп, сынау

Тергеу экспериментінің барысы мен қорытындысы, ең алдымен, хаттамалар арқылы көрсетіледі. Хаттаманың баяндау бөлігінде тәжірибені кімнің қашан, қандай мақсатта қалай жүргізгені, тәжірибені өткізу жағдайы, оған қандай заңдардың пайдаланылғаны, кімнің қатысып, жаңағы заттарды қалай пайдаланғаны басынан аяғына дейін, яғни еш нәрсе назардан тыс қалдырылмай толық жазылуы тиіс.

Тәжірибе фотосуреттермен немесе бейнежазбалармен нақтылануы мүмкін. Суретке эксперименттің жалпы барысы және оның әр кезеңі жеке-жеке түсіріледі. Бейнежазбасына түсіргенде де осы тәсіл қолданылады. Мұндай жағдайда мынандай шарттар мұқият сақталуы тиіс:

а) жалпы жағдайды, қалпына келтіру процесі мен оның нәтижесін тәжірибе жасағанға дейін назарға тоқып алу керек;

ә) жалпы әрекеттен оның әр бөлшегіне көшуге дейінгі іс үшін мәні бар әр тәжірибені есте ұстау қажет;

б) бейнежазбаны шығарғаннан кейін оны тергеу эксперименті хаттамасының мазмұнына сәйкес құрастырған жөн.

Бейнежазбалар, әрине экспериментті хаттауды алмастыра алмайды, тек оны толықтыра түсуге ғана қызмет етеді.

Қажеттілігіне байланысты тергеуші эксперимент өткізілетін жердің схемалық жоспарын жасайды, онда жекелеген заттардың, экспериментке қатысушылардың орналасу жағдайын, олардың қозғалу бағытын, басқа да сәттерді көрсетеді.

Міне, осындай жұмыстар жүргізілгеннен кейін тергеу экспериментінің қорытындысын, осы бойынша алынған дәлелдемелер бағаланады. Тергеу экспериментінің нәтижесін бағалағанда, біріншіден, ең маңызды да шебер жүргізілген әрекеттерге, ол әрекеттердің анықтығына; екіншіден, тексерілетін фактілерге қатысты жүргізілген эксперимент, басқа да заттай дәлелдемелер негізінде жасалған тұжырымдарға, тергеушінің болжауына айрықша назар аудару керек.

Эксперименттің жағдайы мен оның қалпына келтірілуі ақиқатқа сәйкес, тәжірибе бірнеше рет қайталанғанда оның нәтижелері бірдей болған, әрекет кезінде ешқандай кездейсоқтыққа жол берілмегеніне көз жеткізілген жағдайда ғана шебер әрекет ақиқат оқиға ретінде бағаланады.

Бірнеше рет қайталағанда нәтижесі бір-біріне сәйкес келмесе, ондай тәжірибені ақиқат оқиға ретінде бағалауға болмайды.

Егер тәжірибе қылмыстың қалай жасалғанына көз жеткізетіндей нәтиже көрсетсе, оны бұлтартпайтын ақиқат ретінде емес, тек тексерілген фактінің шындығын анықтауға ықпал ететін, ақиқаттығы мүмкін болжау ретінде ғана қабылдау керек. Айталық, қылмыскердің терезеден түсуін айғақтайтын фактілер әлі де бұлтартпайтын ақиқат факт емес, өйткені басқа да ақиқат фактілер болуы әбден мүмкін.

Егер қылмысты ашу эксперимент жүргізу жолымен расталса, ондай тұжырым бұлтартпайтын ақиқат ретінде қабылданады. Ал, керісінше, қалдырылған ізді анықтау жолы эксперимент кезінде сезік тудырса, тергеуші қылмыстың ізін анықтаудың басқа жолын іздестіреді. Сезік тудырмайтын нәтижелер ғана бұлтартпайтын ақиқат ретінде қабылданады.

ІV-ТАРАУ.