Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
учебник Криминалистика.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
697.85 Кб
Скачать

§2. Криминалистикалық қолжазбатану түсінігі, объектісі, ғылыми негіздері

Жазу тілі адамның жазу барысында пайда болатын криминалистикалық зерттеу объектісінің кеңінен таралған түрлерінің бірі болып табылады.

Қолжазбаны зерттеу криминалистикалық техника бөлімінің маңызды әрі дәстүрлі саласының біріне жатады. Қолжазбатанудың ғылыми негіздері А.И. Винберг, С.И. Тихенко, Л.Е. Ароцкер, В.Ф. Орлова, Р.М. Ланцман, А.И. Манцветова және басқа да кеңес ғалым-криминалистердің еңбектерінде зерттелінген. Ғалым-криминалистердің арасынан қолжазбатану теориясын қалыптастырған қазақстандық ғалымдарды да көрсете аламыз: В.А. Хван, Н.А. Джангельдин, А.М. Агушевич, Т.Т. Культелеева, Л. Шегебаева, А.С. Калимова және т.б.

Қолжазбаны криминалистикалық зерттеу объектісіне жазба мен қолжазбаның жекеленген және тұрақты белгілері көрініс табатын кең көлемді қолжазбалар (хат, күнделік және т.б.), сонымен қатар, қолтаңба, қолмен орындалған сандық немесе символдық белгілер жатады.

Қолжазуларды зерттеу барысында қарастырылатын мәселелер екі топқа бөлінеді:

1. идентификациялық;

2. идентификациялық емес.

Осы сұрақтар қылмыстық және азаматтық істерді қарастыру кезінде шешіледі.

Идентификациялық мәселелерді шешу кезінде мынандай сұрақтар анықталады: 1. Қолжазуды немесе қолтаңбаны орындаған кім? Орындаған осы тұлға ма әлде басқа ма? 2. Егер тергеу барысында орындаушы тұлға анықталынбаса, бірнеше құжаттағы қолтаңба немесе қолжазулар бір адаммен әлде бірнеше адаммен орындалған ба?

Идентификациялық емес мәселелерге: 1. Жазу, қол қою сол қолымен не оң қолымен орындалған ба? 2. Жазу, қол қою осы адам үшін қолайсыз жағдайда орындалған ба? 3. Бұл адам өз жазуын әдейі өзгерткен бе? 4. Жазу, қол қою осы адамның қолжазуына ұқсастырылып жазылған ба?

Осындай зерттеулер арқылы қолжазба мәтінін орындаудың қажетті шарттары қатысты орындаушының жазу барысындағы жағдайы, жазуды өзгерту тәсілдері, орындаушының жынысын анықтау және т.б. сұрақтар шешіледі.

XX-ғасырдың екінші жартысында қолжазбаны орындаушының психофизиологиялық, мінездемелік, кәсіптік, біліми, интеллектуалдық және басқа да қасиеттерін анықтауда теориялық және экспериментальдық зерттеулер қарқынды түрде жүргізіледі. Қолжазуды криминалистикалық зерттеудің теориялық негіздерін – криминалистикалық идентификация теориясының, адамның жоғарғы жүйке қызмет жүйесінің психофизиологиялық, лингвистикалық және педагогикалық мәліметтері, сонымен қатар математикалық, кибернетикалық және басқа да бірқатар ғылымдардың ұғымдық, әдістемелік, техникалық ақпараттары құрайды.

Жазу процесі – саналы, ерікті түрде жасалған әрекет, бірақ кең түрде автоматты реттеліп, ұзақ уақыт жаттығу нәтижесінде қалыптасады. Қозғалыс туралы ой саналы түрде меңгерілмейді.

Жазу процесі әдетте тез, автоматты түрде жасалынып жатқан қозғалыстар болғандықтан, оларды жоспарлау орындаушы тарапынан еленбей жүзеге асырылады.

Қолжазбаны орындаушының жүйелі түрде жаттығуы қолжазу дағдысының тұрақты қалыптасуына ықпалын тигізеді.

Жазба дағдысының түрлеріне:

1. техникалық дағды (орындаушының жазу құралын ұстауы, қағаз бетінің орналасу жағдайы, жазу барысында адамның отыру қалпы);

2. графикалық дағдылар (жазба белгілері және олардың байланыс тіркестері);

3. жазба тіл дағдылары (сөздегі әріптердің орналасу құрамын анықтау, сөздік қор құрамын сөз байлығы сөйлемінің қажетті түрлерін қолдану жатады.

Қолжазбаның жекелігі мен тұрақтылық белгісіне байланысты графикалық және техникалық қалыптасқан дағдылардың маңызы зор.

Қолжазу – қолжазбадан көрініс табатын әр орындаушы адамға тән және оның жазба қозғалыс дағдысына негізделген қолжазудың қозғалысы мен тәсілдерінің жүйесі. Қолжазуда қолданылатын қозғалыс жүйе элементтері қатаң түрде жаттыққан, үйлесімді жүйе. Қолжазудың тұрақтылығы мен жекелігі сарапшының алдына қойған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Қолжазудың тұрақтылығы И.П. Павловтың динамикалық стереотип ілімін зерттеу нәтижесінде анықталған. Оны кейіннен Н.А. Бернштейн, П.К. Анохин және т.б.-да кеңестік ғалымдар зерттеп дамытқан. Динамикалық стереотип дегеніміз, қозғалыстың тиімді режимді іздестіруді қамтамасыз ететін және ұқсас жағдайларда қозғалыстың қайталануын қамтамасыз ететін шартты-рефлексті байланыс жүйесі. Динамикалық стереотип туралы ілім - идентификациялау үшін маңызы бар қолжазудың өзіндік қасиетін, яғни қолжазудың салыстырмалы тұрақтылығын көрсетеді. Қолжазудың алғашқы қалыптасу кезеңінде оның тұрақсыздығына байланысты идентификациялау мәселесі қиынға түседі.

Қалыптасқан қолжазу тұрақтылық қасиетке ие болып, идентификация процесін жеңілдетеді. Адам қартайған кезде қолжазу келесідей өзгеріске ұшырайды: координация төмендейді, қозғалыс баяулайды, көбінде әріптерді қысқартып жазады.

Орындаушының жазу кезінде жаңа үйреншікті емес жағдайлар пайда болса, жазу өзгеріске ұшырап жаңа жағдайға бейімделеді.

Өзгеріске ұшырау себептері:

1. Үйреншікті емес, қалыптан тыс жағдайда қолжазбаның орындалуы (орындаушының тұру немес отырыс кейіпі үйреншікті емес жағдайда болуы, сондай-ақ жазба материалдары, жазба құрал-жабдықтары);

2. Сүйек бұлшық ет қызметі мен жүйке жүйесінің бұзылуы (қол жарақаты, көз ауруы, жүйке және т.б. аурулар);

3. Орындаушының әдеттен тыс психикалық және физиологиялық жағдайы (жүйке қозуы, мас болуы және т.б.);

4. Мақсатты түрде қолжазуды қасақана өзгерту (өзінің қолжазуын әдейі өзгертіп жазуы, басқа біреудің жазуына ұқсатып жазу).

Қолжазбаны әдеттен тыс жағдайларда орындау кезінде қолжазу қозғалысында төмен координация белгілері пайда болады: қолжазбаның иреленуі және тіке штрихтардың бөлінуі, әріптің иіліп келетін жерлерінің бұрыштануы, әріп өлшемінің қисаюының және орналасуының біркелкі еместігі.

Қолжазбаны орындаушының қозғалыс координациясының бұзылуы идентификациялауға кедергі келтірмейді, себебі идентификацияға қажетті белгілер сақталынады. Дегенімен кей жағдайларда (адамның жарақат алуы, психикалық-жүйке ауруына шалдығуы және т.б.) қолжазбаның түпкілікті өзгеріске ұшырауы салдарынан идентификация жасауға мүмкіндік бермейді.

Әріп белгілерінің жүйелі түрде өзгеріп отыруы қолжазбаның әртүрлі вариантта орындалуын көрсетеді. Мысалы: ресми құжат толтырудағы қолжазу, күнделікті лекция жазғандағы немесе басқа да жазулар. Жазу варианттылығын ескеру салыстырмалы зерттеуді дұрыс жүргізуде ерекше орын алады.

Салыстырмалы тұрақтылық белгісімен қатар қолжазбаны идентификациялау үшін өте маңызды белгілерінің біріне оның жекелігі жатады.

Қолжазу дағдысының қалыптасуына әртүрлі факторлар өз әсерін тигізеді. Бұл оның психикасы, анатомиялық құрылысы, физиологиясы, мектепте және үйде жазуды үйрету шарттары мен әдістемесінің әртүрлі болуы, кейінгі жағдайлар, әсіресе мамандығы, кәсібі. Қолжазудың кейіннен жекеленіп дағдылануына келесідей факторлар әсер етеді: қолжазу кезінде жұмыс істеу мен оқу барысындағы қалыпты жағдайдың болуы, орындалатын құжаттардың сипатына және тағы басқа жағдайларға байланысты.

Сонымен, ғалым-қолжазбатанушылар өз зерттеулерінде қолжазбаға тән заңдылықтарды анықтады:

1. әрбір адамның қолжазбасы жекеленген;

2. ол салыстырмалы тұрақты;

3. әрбір қолжазбаның вариациялығы болады.

Бұл әр адамның қолжазуының қалыптасуындағы өзіндік, қайталанбайтын ерекше жеке белгілер жиынтығынан тұрады.