- •1 Дәріс. Мемлекет, құқық және мемлекетік құқықтық құбылыстар туралы негізгі ұғымдар (2 сағ.)
- •1.1 Мемлекет пен құқықтың пайда болуы
- •1.2 Мемлекеттің ұғымы, белгілері және мәні. Мемлекеттің нысаны
- •1.3 Құқықтың ұғымы мен белгілері
- •1.4 Құқық нормалары
- •2 Дәріс. Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығының негіздері (2 сағ.)
- •2.1 Қазақстан Республикасында Конституциялық заңдардың қалыптасу кезеңдері
- •2.2 Конституциялық құқықтың түсінігі, жүйесі және ғылымы
- •2.3 Адам мен азамат жағдайының Қазақстан Республикасындағы Конституциялық негіздері
- •2.4 Сайлау құқығы және сайлау жүйелері
- •3 Дәріс. Қазақстан Республикасы әкімішілік құқығының негіздері (1 сағ.)
- •3.2 Әкімшілік құқықтың жүйесі және қайнар көздері
- •3.3 Атқарушы билік органдарының әкімшілік-құқықтық мәртебесі
- •3.4 Әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік жауапкершілік және әкімшілік жазалар
- •4 Дәріс. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығының негіздері (2 сағ.)
- •1.1 Азаматтық құқық ұғымы және құқықтық қатынас
- •1.2 Азаматтық құқық қатынастарының субъектілері мен объектілері
- •1.3 Азаматтық құқықтағы мәміле ұғымы және оның құқықтық
- •1.4 Міндеттеменің ұғымы және тараптары
- •5 Дәріс. Қазақстан Республикасының отбасы құқығының негіздері (1 сағ.)
- •5.1 Отбасы құқығы: ұғымы, мәні мен принциптері
- •5.2 Некеге тұрудың тәртібі мен шарттары. Некенің жарамсыздығы
- •5.3 Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері
- •6 Дәріс. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы (1 сағ.)
- •6.1 Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдісі
- •6.2 Қаржылық-құқықтық нормалар және қаржылық-құқықтық қатынастар
- •6.3 Қазақстан Республикасының ақша жүйесі
- •6.4 Қазақстан Республикасының қаржылық бақылаумен бюджеті
- •7 Дәріс. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы (1 сағ.)
- •7.1 Еңбек құқығы пәні мен жүйесі. Еңбектік құқықтық қатынастардың түсінігі
- •7.2 Жеке еңбек шартының ұғымы, мерзімі, тоқтату және бұзу тәртібі
- •7.3 Жұмыс уақыты. Демалыс уақыты. Жалақы
- •7.4 Материалдық жауапкершілік. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының ұғымы
- •8 Дәріс. Экологиялық және жер құқығы негіздері (1 сағ.)
- •8.1 Қазақстан Республикасының Экология құқығының тарихы
- •8.2 Экология құқығының ұғымы, міндеттері және жүйесі
- •8.3 Экология құқығының объектілері мен принциптері
- •9 Дәріс. Қазақстан Республикасы қылмыстық құқық негіздері (2 сағ.)
- •9.1 Қылмыстық құқықтың пәні және түсінігі
- •9.2 Қылмыстық құқықтың принциптері. Қылмыстың санаттары
- •9.3 Қылмыс құрамның түсінігі және маңызы
- •9.4 Қылмыстық жаза: ұғымы, түрлері мен мақсаты
- •10 Дәріс. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы (2 сағ.)
- •10.1 Іс жүргізу құқығының конституциялық негізі
- •10.2 Әкімшілік іс жүргізу құқығының ұғымы, әдісі мен қағидаттары
- •10.3 Азаматтық іс жүргізу құқығының түсінігі, міндеттері мен сатылары
- •10.4 Қылмыстық іс жүргізу құқығының мәні, кезеңдері мен ерекшеліктері
Коммерциялық емес акционерлік қоғамы АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ Әлеуметтік пәндер кафедрасы ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ Барлық мамандықтар студенттері үшін дәрістер жинағы
Алматы 2014
ҚҰРАСТЫРУШЫ: Танирбергенова Р.К. Құқық негіздері. Барлық мамандықтар студенттері үшін дәрістер жинағы.– Алматы: АЭжБУ, 2014. – 55 б.
Құқық негіздері бойынша ұсынылған дәрістер жинағы лекция сабақтарының жоспары мен оларға дайындалудың әдістемелік нұсқауларынан және әдебиеттер тізімінен тұрады. Барлық мамандықтардың күндізгі және сырттай бөлімінде оқитын студенттеріне арналған.
Әдебиеттер тізімі – 30.
Пікір беруші: тар. ғыл. канд., доц. Аққасов Б.Қ.
«Алматы энергетика және байланыс университетінің» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2014 ж. баспа жоспары бойынша басылады.
© «Алматы энергетика және байланыс университетінің» КЕАҚ, 2014 ж.
Алғы сөз
«Құқық негіздері» курсы бойынша ұсынылып отырған дәрістер жинағы бакалавриатта оқитын күндізгі және сырттай оқу бөлімінің барлық мамандықтарының студенттеріне арналған және «Электронды кітапханада» пайдалануға арналған. Бұл дәрістер жинағы типтік бағдарламаға сәйкес жазылған.
«Құқық негіздері» пәнін оқыту мақсаты: Қазақстан Республикасындағы құқықтық мемлекеттілікті жетілдірудің қажетті шарты ретіндегі қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, оқушылардың әлемдік танымын қалыптастыру, қоғамдық және құқықтық мәдениет және жеке құқық танымын жоғарлату.
«Құқық негіздері» пәнін оқыту мақсаты қазіргі қоғамның қажеттілігі мен мүддесінен туындап отыр. Оқытудың негізгі мақсаты заң мамандығын алмайтын студенттерге мемлекет және құқық теориясының негіздерін меңгеру, ұлттық құқықтың жетекші салаларының шеңберінде қажетті білім беру. Бұдан басқа міндет ретінде: қоғам өміріндегі мемлекет пен құқықтың орны мен рөлін анықтау, Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің дамуының алғышартымен және мәселелерімен таныстыру, қазақстандық мемлекеттік-құқықтық механизмнің жетілдірілуінің саяси-құқықтық жолдарын анықтау, субъективтік құқықтар мен субъективтік юридикалық міндеттерді жүзеге асыруға қажетті тәжірибені жинақтауға үйрету.
«Құқық негіздері» пәнінің мамандарды дайындауға маңызы мен рөлі. Құкық негіздері болашақта өздерінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін іске асыру үшін, еңбекте құқығын жүзеге асыру, қоғамның және еліміздің коғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуға, оқушыларға заң білімдерін кешенді нысанда меңгеруге мүмкіндік береді.
«Құқық негіздері» курсы бойынша оқулықтар, әдістемелік нұсқаулар және жинақтар жеткілікті. Қазақстандық авторлар оқулықтары мен монографиялары, сонымен қатар ресейлік оқулықтар кеңінен қолданылады.
Біздің пікірімізше, осы дәрістер жинағы студенттерге «Құқық негіздері» курсын оқуда көмек көрсетеді. Ол ғылымда қалыптасқан тұжырымдамалық көзқарастар мен бағалануларға негізделген 10 лекциядан тұрады, курстың негізгі материалын жинақтап қарастыруға талпыныстар жасалды.
Жинақ шегінің тарлығы тақырыптардың барлық мәселелеріне толығымен тоқталуға мүмкіндік бермейді, тек анағұрлым күрделі, негізгі мәселелерге, теориялық ережелерге және қорытындыларға көңіл бөлінген, ал анағұрлым толық ақпаратты басқа басылымдардан табуға болады. Осы үшін әдебиеттер тізімінен оңай тауып алуға болатын номері көрсетілген сілтемелер пайдаланылған.
1 Дәріс. Мемлекет, құқық және мемлекетік құқықтық құбылыстар туралы негізгі ұғымдар (2 сағ.)
Жоспар:
1) Мемлекет пен құқықтың пайда болуы.
2) Мемлекеттің ұғымы, белгілері және мәні. Мемлекеттің нысаны.
3) Құқықтың ұғымы мен белгілері.
4) Құқық нормалары
Дәрістің мақсаты: студенттерді қазіргі кездегі мемлекеттік-құқықтық құбылыстар жайлы білімдерге жетелеу, оның типтері нысандары және функциялары туралы, мемлекеттің механизмі және құқықтық реттеудің сатылары туралы, адамның құқықтары мен бостандықтары және оны қамтамасыз ету мен қорғаудағы заңның орны жайлы үйрету болып табылады.
1.1 Мемлекет пен құқықтың пайда болуы
Мемлекетке дейінгі кезеңдегі әлеуметтік биліктің ерекшеліктері мыналар болып табылады: ол тек бір ру көлемінде ғана таралды, соның еркін білдіріп, қандық туыстыққа негізделді; ол алғашқы қауымдық демократияның, өзін-өзі басқарудың бастамаларының негізінде қалыптасты; мұнда билік органдары ретінде рулық жиналыстар, ақсақалдар, әскербасылары және т.б. қызмет етті, олар алғашқы қауымдық қоғамның өмір сүруінің маңызды мәселелерін шешіп отырды.
Мемлекет пен құқықтың пайда болуының негізгі объективтік заңдарына мыналарды жатқызамыз: қосымша өнімнің пайда болуы; жеке меншіктің қалыптасуы; таптар мен топтардың арасындағы күрестің басталуы; қарама-қайшылықтарды реттеп, қоғамды басқару үшін құқық пен мемлекеттің өмірге келуі.
Діни (теологиялық) теория – мемлекеттің пайда болуын, мемлекеттік биліктің пайда болуын құдайдың құдыретінен деп есептейді, яғни барлық билік құдайдан деген тұжырымдаманы жақтайды. Әрбір ірі дін құдайдың әрекеті деген діни құқықтық қағидалары бар. Өзінің діни мазмұнына қарамастан бұл теория бірқатар шынайы жағдайларды атап айтқанда, алғашқы мемлекеттердің теократиялық нысандарын – абыздар билігін, шіркеудің ролін, діни және әкімшілік орталықтар арасындағы еңбек бөлінісін көрсетеді. Қазіргі заманда да кейбір мемлекеттер осындай қағидаларға негізделіп құрылып, қызмет атқарады. Бұл қағидаларға сүйене отырып діни теоректиктер мемлекет пен құқық құбылыстарын діни рәсімдерге байланыстыра түсіндіреді. Бұл теорияның көрнекті өкілдерінің бірі – Фома Аквинский.
Патриархалды теория – мемлекеттің пайда болуын отбасымен байланыстырады, ал мемлекет басшысының билігін отбасы мүшелерінің алдындағы әке билігінен туындатады. Сөйтіп отбасы мүшелерінің белгілі бір тәртіпке бағынып, қалыптасуының жөн-жобаларын анықтайды. Адамдар осындай қағидаларды басшылыққа алып, мемлекет құруда отбасын басқару үлгілерін қолданған дейді. Бұл теория патшаның шексіз билігін негіздеуге бағытталған, ал бұл биліктің қайнар көзі ретінде құдайды емес, отбасындағы әкенің, патриархтың шексіз билігі орын алған отбасы нысанын таниды. Бұл теория Грецияда пайда болған, негізін салушы Аристотель болса, ағылшын ғалымы Фильмердің еңбектерінде дамытылған.
Шартты теория (табиғи құқықтық теория) – Теорияның мазмұны – адамдардың өздерінің табиғи құқықтары болады (бостандық, теңдік, еңбек ету, т.б.). оны ешкім жоя алмайды, оған зиян келтіре алмайды. Мемлекет пен құқықтың шығуын, пайда болуын адамдар арасындағы келісім-шартпен байланыстырады. Қоғамның тарихи даму процесінде адамдардың арақатынасында қайшылықтар басталды, сондықтан қоғамда бостандықты, теңдікті, әділеттілікті сақтау үшін адамдар өзара шарт жасасып мемлекетті құрды. Мемлекетке тән басқару, оған қоғам мүшелерінің барлығын қорғауды, лайықты өмір сүруіне жағдай туғызуды міндеттейді. Қоғам мүшелері де заң талаптарына бағынатыны туралы міндеттеме алады, деп түсіндіріледі. Өкілдері: Г.Гроций, Спиноза, Д.Локк, Т.Гоббс, Ж.Ж.Руссо, А.Радищев. Мысалы: А.Радищевтің пікірінше, билік халыққа тиесілі, алайда ол мемлекет басшысына берілген және оны халық бақылауы тиіс.
Күштеу теориясы – мемлекеттің пайда болуының негізі ретінде күштеу әрекетін, бір халықтың екінші халықты жаулауын таниды. Жауланған халықтың үстінен билікті бекіту үшін, оған күштеу жүргізу үшін мемлекет құрылады. Күштеу теориясы ХІХ ғас. пайда болды, өкілдері - Л.Гумплович, К.Каутский, Е.Дюринг.
Психологиялық теория – мемлекеттің пайда болуын адам психикасының көріністерімен: бағыну қажеттігімен, еліктеумен, жоғарғы топқа тәуелділікті сезінумен, белгілі бір әрекет түрлерінің әділдігін түсінумен және т.б. байланысты. Өкілі – Л.Петражицский, Г.Тард.
