- •1. «Қазіргі қазақ тілі морфологиясы» пәні бойынша бағдарлама
- •1.1. Оқытушы туралы мәлімет
- •2. Пән туралы мәлімет
- •3. «Қазіргі қазақ тілі морфологиясы» курсы бойынша жұмыс бағдарламасы
- •4. Негізгі әдебиеттер:
- •4.1 Қосымша әдебиеттер:
- •5. Пән бойынша тапсырмаларды орындау және тапсыру кестесі
- •6. Пән бойынша дәрістердің конспектісі
- •7. Пән бойынша электронды оқулықтар тізімі:
- •8.Семинар (практикалық) сабақтардың жоспары
- •Пәнді оқыту жөніндегі әдістемелік нұсқаулар Практикалық (семинарлық, студиялық) сабақтарға әдістемелік нұсқаулар
- •1. Қарастырылатын мәселелер:
- •10. Студенттің өздік жұмысына (сөж) арналған материалдар
- •11. Реферат тақырыптары:
- •12. Баяндамалар, рефераттар, өздік жұмыстарды жазуда қойылатын техникалық талаптар
- •1. Бақылау жұмыстары мен өздік жұмыстарының сыртқы бетін толтыру үлгісі
- •4. «Қорытынды»
- •13. Электронды кітапхана – курс тақырыбы бойынша электрондық оқулықтар, сілтемелер электронды кітапхана сайтында. Ақпараттарды Интернеттен алады.
- •14. Оқытушылармен байланыс орнату құралдары (электронная почта, телеконференции(форум), чат)
- •Студенттер білімін тақырыптар бойынша тексеру сұрақтары Web-сайтта
- •16. Студенттің оқу жетістіктерін бақылау және бағалау материалдары (бақылау тапсырмалары, тесттік тапсырма, өзін-өзі даярлау сұрақтар тізімі, емтихандық билеттер және т.Б.)
1. Қарастырылатын мәселелер:
Сөздерді топтастырудағы лексикалық, грамматикалық принциптер
Сөз таптары туралы
Сөз таптарының қарастырылуы
Негіздемесі: Сөздерді сөз таптарына топтастыру принциптері. Атауыш сөздер, көмекші сөздер, одағай сөздер. Қазақ тіліндегі сөз таптары.
Зат есім туралы жалпы түсінік. Жалпы, жалқы зат есімдер. Адамзат және ғаламзат есімдері. Көмекші есімдердің мағынасы, жалпылығы.
Әдебиеттер:
Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі / Морфология. Алматы, 1991.
Аханов К . Грамматика теориясының негіздері. - А ., 1996.
Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. - А., 2007.
Бақылау сұрақтары:
Қазақ тілінде неше сөз табы бар?
Қазақ грамматикасында неше сөз табын жіктеп көрсетеді?
Зат есім туралы не білесің?
1-жаттығу. Омоним қосымшалардың ішінен тәуелдік жалғауын тауып, басқа омоним қосымшаларды түрлеріне қарай ажыратыңыздар.
Ол күндегіше жылы киінді де, далаға шықты. Қолғабын шешіп, қада басындағы қарды жентектейін деп еді, анасы әлдебір тасадан ізін бағып тұрған сияқты көрінді. Ауладан шықты да, өзен қабағына барды. ...Бір сенбі күнінің кешінде Тұрардың үйіне көп қонақтар келді (С.Ш.)
Байғұс не өзінің атын, не әке-шешесінің атын білмейді. Олар құлдарды сап-сау күйінде ақыл-есінен таза адастыру амалын тауып, сол арқылы адам баласының болмысына дүниедегі зұлымдық біткеннің ең бір сорақысын-зорақысын қолданған ғой (Ш.А.).
2-жаттығу. Үзіндіні көшіріп, септік жалғауының сөзге қандай мағына беріп тұрғанын ажыратыңыздар.
Ағынды судың асты ойлы-қырлы, сарқырамалы келеді. Ақ қайраң өрге жүзіп, ағысы қатты сарқыраманы іздейді. Екпінді арнаның сағасына жеткенде, ол көлденеңдеп жатып қалады, ерке балықты ағын асырып айдап әкеліп, құламаның жарынан төмен тастап жібереді. Балық екінші жақтан айналып шығып, тағы жатып, тағы құлайды. Ақ қайраңның жазғы ойнағы осылай басталады (Х.Е.).
Абайдың ауылы асқа әзірленіп жатқан елдің күнбе-күнгі қамдарын ертелі-кеш сұрастырып, есітіп отыратын. Елді сағынып келген Абай мен Ерболға енді алдарынан шыққан мына хабар аса көңілді көрінеді (М.Ә.).
3-жаттығу. Септік жалғауының қай сөз табына жалғанып тұрғанын ажыратып, жасырын септіктің қандай қосымшадан кейін тұрғанын айтыңыздар.
Көктем мен күз уақыттарында, жылында екі рет осы жерлерге Құнанбай ауылдары келіп қонып, ұзақ отырып, жайлап та кететін (М.Ә.). Түн ортасы ауа жел бәсеңдеп, бұлт ыдырай бастады (С.М.). Молдағұл деген болысқа жоғарыдан бұйрық келеді (С.М.). Олардың айтуынша, саудадан түскен пайдадан ауылдың атқа мінерлері үлес алады және олар сатып алатын бұйымдарына қазыналық бағасын ғана береді (С.М.). Күндіз сіркіреген жаңбыр кешке қарай басылып, жұлдызды ашық әдемі түн басталды (С.М.).
4-жаттығу. Грамматикалық категорияларына қарай зат есім сөздерге жалпы талдау жасаңыздар.
Жастар жиыны тарқағанда, Абай Шүкіманға қайта-қайта бір сөзбен алғыс айта берді. Демі дірілдеп, жүзі өзгеріп жігіттің аузына басқа сөз түспей тұр. Шүкіманның көңілі жүйрік, сезімтал еді. Ол сыпайы сызылып, қызара күліп, Абайға соңғы рет көзін салды. Қазір ол бағанағы жігіт емес. Алғаш көргендей паң, суық танылған Абай емес. Жүзі жылы, мінезі майда жан секілді. Барын ірікпей жабыса тартар, жақсы адамдай сезілді. Шүкіманның көрмеген, күтпеген жақсысы (М.Ә.).
Семинар №3.
Тақырыбы: Зат есім. Көмекші есімдер
Қарастырылатын мәселелер:
Зат есім туралы түсінік.
Көмекші есімдер жайында
Негіздемесі: Зат есімнің жалпы сипаттамасы. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты. Адамзат есімдері мен ғаламзат есімдері. Жалпы және жалқы есім. Көмекші есімдер туралы түсінік.
Әдебиеттер:
Қасым Б. Күрделі зат есімдер сөздігі. Алматы, 1999.
Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. - А., 2007
Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.
Төлеуов Ә. Сөз таптары. А., 1982.
Төлеуов Ә. Қазақ тіліндегі зат есім категориясы. - А., 1971
Бақылау сұрақтары:
Көмекші есім дегеніміз не?
Сандылық категориясы дегенді қалай түсіндіресіз?
Зат есімнің неше категориясы бар?
1-жаттығу. Мына сөздердің ішінен көмекші есімдерді теріп жазыңыздар.
Алда, артта, ішінде, қасында, жанында, ішіндегі, қасындағы, алдындағы, сыртта, іште, сырттағы, арасында, маңында, маңындағы, алға, артқа, ішке, ішіне, үстіне, астындағы, үстінде, маңына, жанына.
2-жаттығу. Көмекші есімнің қандай мағына беретінін анықтаңыздар.
Жердің үсті, аспан асты түтінмен шымылдықтанып, адамдар тұтатқан өртті дала артта қалып бара жатты (Ш.А.). Ай батқан көкжиек үстінде мұнартқан бұлыңғыр сәуле тез қарауытып, ертеңгі күннің екі талай тағдыры бар екенін Қаражанға аңдататын тәрізді. Мұны енді байқағандай ол үнсіз тұрып қалды. Осы сәтте Мекайіл де бала үңілген жаққа бұрылған болатын (К.О.).
3-жаттығу. Көмекші есімге жалпы талдау жасаңыздар.
Дәл осы кезде тыста, үй сыртында, дабырлап жүрген ұсақ балалар сықылығы естіліп еді (М.Ә.). Әбілдің жанында кәрі әйтей айдаһардың алдында күржеңдеген сұр көжектей дәрменсіз қалды (Х.Е.). Жүгіріп қасына барған Хакімге танымайтын адамша тосырқап қарады (Х.Е.). Қарашаның ортасы ауған кезде, дала да тозған, үй ішінен де жылу кеткен (М.Ә.). Сондай шақтарда, ақпанның басында, бүркеп жауып тұрған қарлы борасын ішінен бір белгісіз жан келді (М.Ә.). Маңында жүрген бар қазақтың ортасында бір шоқы тәрізденді (М.Ә.). Үй сыртына кеп түскен ат дүбірімен аралас арсылдап үрген ит даусы келді.
Семинар №4.
Тақырыбы: Зат есімнің грамматикалық категориялары
Қарастырылатын мәселелер:
Зат есімнің категориялары. Септік категориясы
Тәуелдік және көптік категориялары
Зат есімнің жіктелуі
Негіздемесі: Зат есімнің грамматикалық категориялары: 1) сандылық категориясы; 2) тәуелділік категориясы; 3) септік категориясы; 4) зат есімнің жіктелуі.
Әдебиеттер:
Нұрғалиев М. Көптік жалғау туралы. А., 1973.
Раманова А. Тәуелдік жалғауының мағыналық құрамы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 3, 2003, 100-103-б.б.
Тамаева Б. Жіктік жалғаудың сыпайылық мәні // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 1, 2005, 46-52
1-жаттығу. Мәтіннен көптік жалғаулы сөздерді тауып, олар иеленген мағыналық реңкті ашып көрсетіңіз.
Көлемі аз бұлақтың айналасына жиі қонған ауылдардың үйлері де, шұбыртқан малы да, адамдары да кешкі мезгілде ыю-қию араласып жатқан сияқты. Жер ошақтардан шыққан түтіндері де біріне-бірі қосылып ұласып, тұтасқан көкшіл мұнардай тарайды. Үрген иттер, мал қайырған айқайлар, маңыраған қозы, қой шулары араласып жатыр. Кешкі суға келе жатқан қалың жылқының кісіней шапқан дүбірі, шаң-тозаңы болсын немесе оқта-текте азынай кісінеп, үйірін іздеп шапқан, мінуден босаған жас айғырлар дауыстары болсын – барлығы да осы отырған ауылдардың осы кештегі тіршілік тынысын білдірген сияқты. Баланың барынша сағынған көрінісі. Қазір жүрегін аттай тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі. Жүргіншілер бұлақтың дәл қасына ең жақын қонған ауылға келе жатыр. Ортасында бес үлкен ақ үйлер бар, көп үйлі ауыл – Абайдың екі шешесі Ұлжан мен Айғыздың аулы (М.Әуезов).
Мәтіндегі көптік мағыналы зат есімдердің қандай жолмен жасалғанын дәлелдеңіздер.
1-жаттығу. Нөлдік морфеманың септік жалғауларында қолданылуына мысал келтіріп, сөйлем құрап жазыңыздар.
2-жаттығу. Грамматикалық категорияларына қарай зат есім сөздерге жалпы талдау жасаңыздар.
...Шымкентке келгенде Хакім жерге түсу былай тұрсын, тіпті терезеден де қарамады, купесіне кірді де Гюгоны қайтадан қолға алды. Бірақ, сырттағы жандардың жанталаса жүгіріп вагонға мінуге таласқан шуылы, іштен сыртқа шығуға асыққан жолаушылардың әбігерлі қимылы, есікке үймелегендерді тәртіпке көндіре алмай шырылдаған кондуктор әйелдің ұрысқа бергісіз сөзі кітапқа зейін аудартпады. Ол қараған беттен бірер жол оқыды да, оқыған жердің мағынасы миына толық жетпегеннен кейін көзін кітаптан басқа жаққа аударды. Жерге түспегені де, терезе алдында тұрмағаны да таныс адамнан қашақтау еді. Өз ойы, өз өкініші, өз уайымы өн бойын бір жаздырмай қабағы қатып келе жатқан шақта танитын, білетін адам кездессе неден бастамақшы, қалай сөйлеспекші – міне, Хакімге ең ауыры осы еді (Х.Е.).
Семинар №5.
Тақырыбы: Сын есім. Шырай категориясы
Қарастырылатын мәселелер:
Сын есім туралы түсінік.
Шырай түрлерімен танысу.
Негіздемесі: Сын есімнің өзіндік мағынасы, морфологиялық белгілері, синтаксистік қызметі. Сапалық сын есім және қатыстық сын есім. Шырай категориясы, түрлері. Әр шырайдың мағынасы, жасалу жолдары.
Әдебиеттер:
Әмірова Ж. Сын есім заттануының синтаксистік жолдары // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 4, 2007, 55-57-б.б.
Құсайын Р. Сын дәрежесі және шырай категориясы // Қазақстан мектебі, № 2, 2005, 69-71-б.б.
Сарбалаева Ж. Қазақ тіл біліміндегі адъективизация мәселесі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 9, 2006, 62-68-б.б.
Сыздықова Г. Қазіргі қазақ тіліндегі қатыстық сын есімдердің семантикалық және стильдік сипаты. Ф.ғ.к.дис. автореф. Астана, 2000.
Бақылау сұрақтары:
Сын есім дегеніміз не?
Қандай категорияны шырай деп атаймыз?
Қазіргі қазақ тілінде шырайдың неше түрі көрсетіліп жүр?
Сын есім мағыналық құрылымына қарай неше түрге бөлінеді?
1-жаттығу. Үзінділерден сын есімдерді тауып, мағынасына, тұлғасына, құрамына қарай талдаңыздар.
Қарашоқы Қодар қыстауынан алыс емес. Шыңғыстың үлкен биігінің бірі. Соның бауыры әдемі, тоғайлы өзен болатын. Тал-терегі болсын және тау қайыңы-қисықша қызыл қайыңы болсын, барлығы да көктеп, жайнап тұр. Бұл ара бір құйқалы, жақсы қыстау. Бөкенші, Борсақ ерте кеп, осында орнап қап, әлі бауыр басып келеді...
Қала ішінде желсіз шыңылтыр аяз білінеді. Жайсыз суық емес. Бойды ширықтырып, жинақы ұстататын жеңіл мезгіл. Таудың қалаға қараған бетін кеш көлеңкесі басқан. Жақын жердегі жақпар тастардың өзі де қазір көкшіл көлеңке ішінде көгілдірленіп, алыстай түсіп, түнге бейімдеп барады...
Шоқшалау ғана ақ сақалы бар келбетті келген, зор дауысты ақ сары кісі Барлас Абайға салғаннан ұнады. Білгенін ішіне бүгіп, үндемей отырған өзге үлкендердей емес...
Толық дөңгелек денелі, қызыл жүз, ақ сақалды Алшынбай, тірсекжең қара қамзолдың сыртынан пұшпақ ішігін желбегей жамылып отыр екен. Басында сұрғылт түсті сырма тақиясы бар. Қазақы тақия. Сол тақиясының екі самайдағы жиегінен ойдым-ойдым боп түскен ақ құйқа көрінеді. Жаңада қырылған ақ шашы қайта тебіндеп шығып келе жатқанмен, Алшынбайдың тазын жасыра алмай тұр... (М.Әуезов).
2-жаттығу. Мәтіннен сын есімдерді тауып, қай шырайда тұрғанын айтыңыздар. Шырай жасаушы морфеманы тауып, сын есімнің қай шырай арқылы түрленіп тұрғанын көрсетіңіздер.
Саусақтары жұп-жұмсақ, жып-жылы екен (Ғ.М.). Үлкен көкшіл көзі мөлдіреп, күлімдеп тұр (З.Ш.).Тап-таза тұнық ауа, көгілдір аспан, ну орман, сылдырап аққан су... (З.Ш.). Зағипа құп-қу болып кетті (Х.Е.). Өте кекшіл, әрі сезімтал және өр көкіректеу Зағипаға Шолпанның сөзі табанға басқан шоқтай тиді. Аспан ақшыл тартып, мұнарта түседі, сар шытыр қуарып жоғалып, ебелек ұшып бітті, бетеге бозарып, қара жусандар ақ бурыл тартты. Бала қоңырқай сопақша беті күреңденген күйі отырып алды (Х.Е.).
3-жаттығу. Субстантивтенген сын есімдерді табыңыздар: олардың түрленуіндегі ерекшеліктерді көрсетіп, сөйлем мүшесіне талдаңыздар.
Сақал-шашының ағы көбейген (М.Ә.). Осыны ұққан сайын, барлық кәпірлерді жанындай жақсы көре бастады (М.Ә.). Жастар тегіс телміре қарап еді (М.Ә.). Соқтыққыш жуандар кімге көкірек керсін (М.Ә.). Өзді-өзі ортасының мықтыларын, қалың шоғырларын торымақ (М.Ә.). Тор бедеу күндегі әдеті бойынша әдемі жортаққа басты, екі құлағын қайшылап, шұлғып-шұлғып алады. Түсі торыдан гөрі күреңге жуық болса керек (Ә.С.). Оспаннан алған қалың малын артығымен қайырып берді.
4-жаттығу. Мәтіннен дара, күрделі сын есімдерді ажыратып, соңғысының жасалу жолын көрсетіңіздер.
Шеген сұлу, сұңғақ денелі, бұлшық еттері болаттай иірілетін, күнге күйген, тобылғы торы екен. Қақпақ жауырынды, қыздай қыпша бел, кеудесі шалқақ біткен, бәйге атындай жарау, өте оңтайлы бала екен. Келте мұрын, аз ғана ауызы үлкенірек, қоңыр көздеу болғанмен, тайпақ та емес, аяғының үсті биік, бар денесі шақпақтай (Ғ.М.). Жалтыр күннен ұялған жасты көзін сығырайтып, қарт жүзіне сансыз көп әжімін тереңдете, иреңдете жиып келеді (М.Ә.). Жусан иісі бұрқырап жататын көк қыраттар, жасыл белестер сап-сары боп күйіп кетті (И.Жақ.). Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар, олақ жігіт оңай жұмысты күш қылар (Мақал).
5-жаттығу. Мәтіннен зат есімдер мен сын есімдерді тауып, олардың тұлғасындағы, түрленудегі, тіркескен сөздеріндегі айырманы көрсетіңіз.
Ер жетіп, оннан асып қалған Ақылбай деген баласы Нұрғаным қолында өседі. Одан кейінгі сегіз жасар қызы Күлбадн және алты жасар сүйкімді ұлы Әбдірахман, ең ыстық, ең тәтті кенжесі Мағаш – бәрі де Ділданың өз бауырында өсетін. Ауыл-аймақ пен Ұлжан, Айғыздай енелер болсын, бәрі де Ділданы күтіп тұрады. Балалары – барлық үлкен аға, жеңге мен қайын, абысынның шын сүйетін ыстық ермегі. Ондайлық көп ұл тапқан жуан ауылдың қызы ерке болмай тұрмайды. Тілге де, ашу-әзілге де тоқтамсыз, томырық келеді. Ділда Абайға ыза болу арқылы осындай паң, суық болып бара жатыр еді (М.Ә.).
Семинар №6
Тақырыбы: Сан есім. Сан есімнің мағыналық топтары.
Қарастырылатын мәселелер:
Сан есім туралы түсінік.
Сан есімнің мағыналық топтары.
Негіздемесі: Сан есім, өзіндік ерекшеліктері, құрылымы. Дара және күрделі сандар. Сан есімнің синтаксистік қызметі. Сан есімнің мағыналық топтары: есептік сан, реттік сан, болжалдық сан, жинақтық сан есімдер.
Әдебиеттер:
1. Хасенов Ә. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер. Алматы, 1957.
2. Шаһарман Г. Қазақ тіліндегі сан есім сөздерден жасалған туындылардың мағыналық ерекшеліктері. Ф.ғ.к.дис. автореф. А.,1998.
Бақылау сұрақтары:
Сан есімнің басқа сөз таптарынан негізгі ерекшелігі неде?
Сан есім мағыналық жағынан неше топқа бөлінеді?
1-жаттығу. Мәтіннен сын есімдерді тауып, олардың мағыналық, тұлғалық ерекшеліктерін атаңыздар.
Құдасының аулына Ұлжан отыз шақты кісімен келген. Алшынбай бұлар келер қарсаңға кең сулы, кең бір жазыққа кеп қонған екен. Қазыбектің өзінен тараған ауылдар, көрші туысқандары бар – барлығы қырық шамалы ауыл осы жерге сіресе қоныпты…
Абайдың қасындағы жас жігіттер саны оны екі. Мұның көпшілігі Ырғызбайдың жастары және күлдіргі Мырзахан, атшабар Жұмағұл.жақын туысқаннан Тәкежан бар. Осы топқа Абай өзі шақырып Ерболды қосып алған. Жеті-сегіз күндік жол бойында Абай мен Ербол үнемі жұбы жазылмай, бірге болған...
Баратын қара малды айтқанда: жетпіс жылқы, отыз түйе аталды. Құнанбайдың құласы мен жирені деп, жұрт аңыз қыла береді. Алшынбай аулынан аяры жоқ. Сол себепті жылқының ішіне бір құла айғыр, бір жирен айғырдың үйірі кірсін. Басы сол болсын дескен...
Қонаққа тігіліп жатқан үйлердің ортасынан Абай өзі тіккізетін үйлерге бөлек орын тілейді. Он үлкен үйді осы бүгіннен қалдырмай әкеліп тігудің міндетін алады. Он үй – отыз-отыздан үш жүз кісі түсетін үй болмақ....
Бір уақыт Ербол шабатын аттың санын айтып келді. Жиынын Байдалы санатқанда жүз елу ат бопты. Соның ішінен он атқа бәйге аталыпты. Бәйгенің бәрі де тоғыз-тоғыздан. Алдыңғы бәйге түйе бастатқан тоғыз. Ол жамбы – кешегі Ұлжан әкелген күміс еді. Содан арғы тоғыздар да түгел саналыпты (М.Әуезов)
2-жаттығу. Үзіндіден дара және күрделі сан есімдерді ажыратыңыздар, жасалу ерекшелігін түсіндіріңіздер.
Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді (Мақал). Осыдан он бес, жиырма күн кейін Абай мен Ербол да елге қарай келе жатты (М.Ә.). Үш мерген құс атуға шығып, күні бойы жүріп, жалғыз шүрегей атып алады. Елге қайтпай екінші күні тағы да құс атпақ болып, көлдің басына түнемек болады. От жағып, шәйнекті отқа қойып отырып, үшеуі шүрегейді қайтеміз деген сөзге түседі (А.Байт.).
3-жаттығу. Сан есімдерді теріп жазып, кұрамындағы қосымшаларға талдау жасаңыздар.
Он екі сом елу тиын сұраймын. Берер жерім – он екі. Он екіден бір тиын кем сатпаймын, - деп қасындағы сиыр сатушылардың саудаласу әдісін қағып алып, безеріп алған еді (Х.Е.). Отырғандар ендігі әңгімені Мәдиден күткендей еді, екінші бір жігіт кішірек қызыл домбыраны үйге кіргізіп, өзінің қолы жететін жерге сүйеп кеткенін байқағанмен, Мәди оған ұмтылған жоқ, сәл күлімсіреп сөзін бастады (Қ.О.). жүз сом ақшаң болғанша, жүз досың болсын (Мақал). Оспанды 1959 жылы көктемде қайын жұртыма барғанда көрдім (И.Ж.). Сол кезде Балқадишаның жиырмадан жаңа ғана асқан шағы екен (И.Ж.).
4-жаттығу. Бірінші бөлімдегі сан есімдерге тиісті тыныс белгісін қойыңыздар. Екінші бөлімдегі сан есімдердің цифрмен жазылғандарын әріппен, әріппен жазылғандарын цифрмен жазыңыздар.
І. 18ге, 100ден, 15 үй, 2лерде, 2 қатар, 2 мектеп, 20 том, ХХ том, қарашаның он сегізі, шілденің тоғызы, ХІV тарау.
ІІ. 35, 150, 565, 4795, 1970, он бесінші үй, алтыншы пәтер, он бестерде, қырық жетіде, бір мың сегіз жүз жетпісінші жыл, жүздеген адам, алпыстарда.
5-жаттығу. Мәтіндегі зат есім, сын есім, сан есімдерді салыстырып, айырмасын айқындаңыздар.
5-6 жылдың ішінде әкесі өз шаруасын аяққа бастырып, жап-жақсы, қара-құра малды болып қалды (С.С.). Аттарды жортқызбай, жігіттерді дабырлатпай, Жабайға әлсін-әлсін сусын бергізіп отырды (Ғ.М.). Ауыл жылдан-жылға көбейіп, біздің үй Жаманшұбарға көшіп барарда, үй саны алу-алпысқа жетеді (С.М.). Жарқыраған май күні бір түрлі боп нұрланып, тамылжып тұр. Аспанда ұсақ қана ақ мамық бұлттар қалқиды. Айналадағы жазық пен төбешіктің бәрі де ал қара көк. Аласа, тықыр, бірақ тығыз бетегемен жайнаған. Қызғалдақ, жауқазын, сарғалдақ, бәйшешек дегендер қызыл, сары, көкшіл түстермен құлпырып жайнайды (М.Ә.).
Семинар №7
Тақырыбы: Есімдік. Есімдіктің мағыналық топтары.
Қарастырылатын мәселе:
Есімдік сөз табы туралы
Есімдіктің түрлері
Негіздемесі: Есімдік туралы түсінік. Есімдіктердің түрленуі, синтаксистік қызметі. Есімдіктің мағыналық топтары: жіктеу есімдіктер, сілтеу есімдіктер, сұрау есімдіктер, өздік есімдіктер, белгісіздік есімдіктер, болымсыздық есімдіктер, жалпылау есімдіктер.
Әдебиеттер:
Ибатов А. Қазақ тіліндегі есімдіктер. А., 1961.
Сағатова Г. Жіктеу есімдігі мен сілтеу есімдігінің зерттелу тарихынан // Қаз. т. м. әд., № 8, 2004, 86-90-б.б.
Сарбалаев Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі проминалданған есімдіктер // Қ.т.м.әд., № , 66-70-б.б.
Бақылау сұрақтары:
Есімдік қандай сөз табы?
Есімдіктің мағыналық түрлері туралы не білесің?
1-жаттығу. Мәтіндегі есімдіктерді түрлеріне ажыратып, қосымшасын атаңыздар.
Қанша күннен бері соңында үн-түнсіз жортып отыратын жігіттердің арғы жағындағы ойын біле алмай дал. Обалына не керек, әйтеуір, қанша қиындық көрсе де, әлі бір қыңқылдап, қабақ шытқан жоқ (Ә.Н.). Қалау бұл жолы да басын көтермей, тек астынан күңкілдеп бірдеңе деді де, үні өшті (Ә.Н.). Болыс ағасы өлгелі бұрынғы мінезінің бәрі қалды. Ағасының кегін қуған жігіт бір топ солдатты бастап кеп, тал түсте, толы халықтың көзінше Кәленнің қатын-баласын байлап әкетті. Онан кейін де балықшылар ауылымен ашық тартысқа түсіп, Кәленді ұстатып, өзіне қарсы келгеннің бәрін құртты (Ә.Н.).
2-жаттығу. Жіктеу есімдіктерін тауып, мағынасындағы, түрленуіндегі ерекшеліктерді байқаңыздар.
Ол Біржан ауылында бұдан бұрын да талай рет болған-ды. Бұл сапар ол тағы да Шорман әулетінің қуғын-сүргінінен қашып, Көкше жақта сағалап, Біржанға кеп ат басын тіреген (И.Ж.). Сен бұл әнді Сегіз серінің өзінен бір-ақ рет тыңдадың (И.Ж.). Мен “Ол бекер” дегендей енжар көңілмен басымды шайқадым (И.Ж.). Олар көбінесе Күреңді ерттелген күйінде Үйтастың ішінде өздерімен бірге сақайтын (К.О.). Менен кейін басқалар әзер шыдап жүр екен, іліп әкетті (З.Ш.). Менің адал серігім болды, бәрі де менің тәрбиемді көрді (З.Ш.).
Осыдан соң барлық үлкендер қауырт көтеріліп, шығып кетті (М.Ә.). Сырт киімін Абай өзі шешіп еді (М.Ә.). Бар жолдастарымен қонақ етіп, құрбыдай күтті (М.Ә.). Өзің осы жолы сыншы болып қайтыпсың. Мұнда барлық ел боп қуанып қарсы алды. Барлығының аузында бір жаңалық. Бір өзінен басқа ешкімге мәлім емес (М.Ә.). Қырдағы өөзіміздің шаруаны емде (Х.Е.).
3-жаттығу. Төмендегі сөйлемдерден өздік, жалпылау есімдіктерін тауып, түрленуін байқаңыздар.
4-жаттығу. Сұрау есімдіктеріне мысал келтіріп, сөйлем құраңыздар.
5-жаттығу. Үзінділерден есімдіктердің сөйлемнің қандай мүшесі болып тұрғанын анықтаңыздар.
Бөжей маған қақпан құрғанын қойсын! Біреудің сыртын бетке ұстап жүріп, маған арнап оқ атқанын қойсын! Енді осыдан қоймайтын болса, атқан оғын аямасын, тегіс атсын! Бірақ қашан айттың демесін! Ендігі керді тап өзі көреді! Өз басы көреді! Ара ағайын сен емессің. Саған сынататын сөзім емес. Бар, айт осынымды! (М.Ә.). Осыдан бірер сағат бұрын менің тереземнің алдынан өтіп кетті. Мына жау жағадан алып жатқан кезде ол бізбен құда болу үшін келген жоқ. Өзің айтқан папаңды қаладан шығарып әкетуің керек. Міне, сені сол үшін шақырттым. Бәкеңнің өзі қай жерде, кімнің үйінде қазір? – деп сұрады, Әбдірахман Шамшильден (Х.Е.).
Семинар №8
Тақырыбы: Етістік. Негізгі және көмекші етістіктер. Аналитикалық форманттар.
Қарастырылатын мәселелер:
Етістік туралы түсінік.
Негізгі және көмекші етістіктер.
Аналитикалық формалар туралы.
Негіздемесі: Етістік – күрделі сөз табы. Негізгі түбір етістіктер, туынды түбір етістіктер. Дара күрделі етістіктер. Негізгі және көмекші етістіктер. Көмекші етістіктердің түрлері. Аналитикалық форманттар, олардың мағыналары, құрылымы.
Әдебиеттер:
Қарымбаева К.М. Қазақ тіліндегі күрделенген аналитикалық фоорманттардың мағынасы мен қолданысы. Ф.ғ.к.дис.автореф. А. 2003.
Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктердің аналитикалық формалары. Алматы, 1975.
Алтаева А. Көмекші етістіктердің зерттелуі // Қ.т.м.әд., № 12, 2005, 103-105-б.б.
Бақылау сұрақтары:
1. Етістік туралы не білесің?
2. Етістіктің неше категориясы бар?
3. Негізгі және көмекші етістіктер дегеніміз не?
4. Аналитикалық форманттарға қандай сипаттама беруге болады?
1-жаттығу. Үзіндіден етістікті табыңыздар. Олардың өзіндік ерекшеліктерін түсіндіріп, семантикалық топтарға бөліңіздер.
Кейін немересімен екеуі қалған кезінде де аңшылықтан қол үзген жоқ. Рас, соңғы жылдары жасы ұлғайып, қайғы қажытты ма, мылтық ұстағанда қолы сәл қалтырап, өзі жасаурайтынды шығарды. Сілтегені тие бермей, мүлт кететін де боп жүрді. Бірақ, Төлеутайын тарықтырған емес. Түз несібесі – тәңірден. Ертемен мылтық асынып кетеді де, кешке жақын талшық етер бірдеңе алып қайтады. Сөйтіп, ол қоғам өмірінен, саясаттан тысқары, табиғат аясында оқшау өмір сүріп жатты. Түзге шықса, қара мылтығын, үйге келсе қара домбырасы мен немересін ермек етті (Қ.Ж.).
2-жаттығу. Туынды етістік жасаушы жұрнақтарды тауып, оған сипаттама беріңіздер.
Босатсам, шағым айтпасқа ант бересіңдер ме? (М.Ә.). Қыз кенет ойланып қалды (Х.Е.). Елден келген адамдарға жолығамын (Х.Е.). Ел өртенеді мына бүліктен (М.Ә.). Не жақсылық орнаттық (М.Ә.). Жүзі өзгеше қуарып, қолдары дірілдеп кетті (М.Ә.). Ішінен жәбірленсе де, үндемей оңай көнді (Ғ.М.). Жабай сүйретіліп бекетке жеткенде, мұнда түнеуге тоқтаған керейлер әлі орналаспаған екен (Ғ.М.).
3-жаттығу. Көмекші етістіктің қандай грамматикалық мағына беріп тұрғанын, негізгі етістікпен қандай қосымша арқылы байланысып тұрғанын анықтаңыздар.
Торыны тебініп қойып, желі басын көрмеген торы төбел биелерді маңға келтіре алмай Бақы жекірді; елегізіп шекенің түбінен үріккен бойдақ жылқылар құрықшының оң жағын ала жосып өтіп жатты; құйрық-жалын тігіп алған тай-құлындар шұрқырап шауып, бой берерлік емес. Омыраулы ұзын бел жануар ауаны желдей есіп, тасасында құрықшы тұрған көк биеге құрық бойы келіп қалды да, басын көтеріп алды, жалт бұрылып үлгіргенше, оның кішкене басына Қарымсақтың бұғалығы түсіп те кетті (Х.Е.). Қызыл шапақ шашын ұясынан көтеріліп келе жатқан күн әлемді аяғынан лезде тік тұрғызған сияқты (Х.Е.).
4-жаттығу. Дара, күрделі етістіктерді тауып, күрделі етістікті кесте бойынша теріп жазыңдар.
-
Күрделі етістік
Құранды етістік
Ауыспалы көмекші етістік арқылы жасалғандар
Тұрақты көмекші етістік арқылы
Тұрақты көмекші етістік арқылы
Ауыспалы көмекші етістік арқылы
Ұлпан үйге сәлем етпей кіріп еді. Төр жақта Есенейге жақын төрт-бес ақсақал отыр екен, Ұлпан оларға да сәлем етпей, Есенейден аз-ақ төмен барып отырды. Манадан бері Ұлпан не істесе соны істеген Шынар төрге шығуға іркіліп қалып еді, Ұлпан – бері кел! – деді. Шынар амалсыз үлкен үйдің төріне шықты. Қызарып кетіпті, көзін көтермей, есікке қарай бір қаран отырып қалды. Шынардың қасына Несібелі бастаған құдағилар отырды (Ғ.М.). Ызалы көкжалдың араны ашылып кетті. Жылы қан иісі мүңкіп барады. Ол бар күшін жинап алып атылды. Арлан қасқыр соншалық жылдам секіріп түскен жерінен және тез бұрыла берді. Сол кезде әлдене гүрс етті де, құлағы тарс бітіп қалды (Т.Ахт.).
Семинар №9
Тақырыбы: Салттылық және сабақтылық категориясы. Етіс түрлері.
Қарастырылатын мәселелер:
Салттылық және сабақтылық категория.
Етіс категориясы және оның түрлері.
Етіс категориясының салт және сабақты етістіктермен байланысы.
Негіздемесі: Салттылық және сабақтылық категориясы. Салт, сабақтылық мәннің етістіктің мағынасына, обьект мен субьектіге қатыстылығы.
Етіс түрлері, ол жөніндегі зерттелу мен оқулықтардағы ой-пікірлері. Өздік етіс. Ырықсыз етіс. Ортақ етіс. Мағыналары, жасалу жолдары, жұрнақтары. Етіс жұрнақтарының бір сөзде қабаттаса қолданылу ерекшелігі.
Әдебиеттер:
1. Қасабекова Қ. Негіз түбір салт етістіктер. 1998.
2. Қалыбаева А. Қазақ тіліндегі етіс категориясы. А., 1957.
3. Хасенова А.Қ. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. Алматы, 1971.
4. Танабаев Ғ. Қазіргі қазақ тіл-гі субъектив мәнді етіс-тіктердің семантикалық құрылымы. Ф.ғ.к.д.а. 2005
Бақылау сұрақтары:
1. Салт етістік дегеніміз не?
2. Сабақты етістік әрқашанда қандай септік жалғаулы сөзді қажет етеді?
3. Етіс категориясы туралы не білесің?
4. Ғалымдар етістің неше түрі бар деп көрсетіп жүр?
1-жаттығу. Салт етістіктен сабақты, сабақты етістіктен салт етістікке аусқан етістіктерді жеке-жеке көшіріп, оларға талдау жасаңыздар.
Алғаш келгенімде бәрі де шетінен білмді, ақылды көрінген балалардың біразынан озып та кеттім. Күз өтіп, қыс болды. Қаңтардың қақаған қарлы қарлы бораны да келіп жетті. Осы кезде біз қысқы демалысқа шықтық та, ауылға тағы оралдым. Адам алыста көп жүре берген соң ба, ... ауылды көп ойлай бермейді екен (Д.И.).
2-жаттығу. Етістік түбірге үстемелеген әрбір қосымшаға сипаттама беріңіздер.
Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.
Ендігі жұрттың сөзі - ұрлық-қарлық,
Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.
Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ,
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық (Абай).
3-жаттығу. Мәтіннен салт етістікті бір бөлек, сабақты етістікті бір бөлек көшіріп, олардың неге салт, сабақты болу себебін түсіндіріңіздер.
Ол жалт бұрылды (Х.Е.). Сәлден кейін дөңгелек үстелдің үстіне дастарқан жайылып, ақ бауырсақ төгілді. Соған үш шана шөп жеткізіп берейік (Х.Р.). Бір құпияны сездірген (Х.Р.). Қосыңды әкеліп үйдің қасына тіктір (Ғ.М.).
Барша байлықтардың анасы – Жер. Жерді күтіп баптай білу, оның қойнануынан қазба байлықтарын игеріп ала білу, табиғат пен қоршаған ортаны түлетіп гүлдендіре беру өз қолымызда. Мен рақметімді алдымен жерге айтар едім, өзімді дүниеге келтірген, маған бақыт әперген, жомарт төсінде дән дариясын тасытқан, о, қасиетті Жер-ана, сенсің менің ардақтым (Ы.Ж.).
Семинар №10
Тақырыбы: Етістіктің болымды-болымсыз категориясы. Қимылдың өту сипаты
Қарастырылатын мәселелер:
Болымды және болымсыз етістіктер.
Қимылдың өту сипаты категориясы.
Негіздемесі: Етістіктің болымды-болымсыз категориясы. Етістіктердің болымды-болымсыздығының берілу жүйесі. Болымсыздық мағынаның етістікке синтетикалық, аналитикалық жолмен берілетіндігі.
Қимылдың өту сипаты етістіктің дербес лексика-грамматикалық категориясы екендігі, оның ғылымда танылуы мен зерттелуі, өздік семантикалық және грамматикалық ерекшеліктері мен берілу тәсілдері.
Әдебиеттер:
1. Әбдіғалиева Т. Қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздықтың мағынасы мен қызметі. Алматы, 1996
2. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
3. Төлегенқызы Қ. Қимылдың басталу сатысы // Қаз. т. м. әд., № 1, 2000, 35-36.
4. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. Алматы, 2007.
5. Мұхамади Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің тездік тәсілі. А., 2004.
Бақылау сұрақтары:
Болымды-болымсыздық мағынаның етістіктер арқылы берілуі.
Қимылдың өту сипаты туралы не білесің?
1-жаттығу. Болымсыз етістіктерді тауып, олардың жасалу жолын сипаттаңыздар.
Нанарын да, нанбасын да білмей, аңырып қалды бәрі. Күздігүні жыртып тастауға қол босамады (Ғ.Мұст.). еріншектің ертеңі таусылмайды. Жылқыда өт болмайды, құста сүт болмайды (Мақал). Астыңғы үйдегі бапты аспазшы пісірген ыстық самсаны да жеген жоқ (М.Ә.). Бірақ Қараша қалатын емес (М.Ә.). Енді топтың ішін көрмек емес (М.Ә.). Еденін қи аралас балшықпен майдалап сылаған үйдің тап ортасына келіп, сұлық тұрып қалған Балзия үн қатпады (С.Ж.).
2-жаттығу. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған болымсыз етістіктерді тауып, емес, жоқ сөздерінің мағынасындағы айырманы көрсетіңіздер.
Бұл әлдеқалай іліну емес, әдейі іліну (С.М.). Бірақ оны елеп, ескерген емес. Оған Бақтығұл қараған жоқ. Енді мынау жұлдызынан көз жазбақ емес. Сонда да мынау көріністен Абай безбек емес, айырмақ емес. Бірақ Абай жеткізетін емес. Уақыт өтіп болар емес (М.Ә.). Жүн-жұрқалар есепке көнер емес. Әңгіме осының бәрін бұрқыратып айтып-айтып, жарып кетуде емес(Ғ.М.). Бірақ шоландағы жұмыс тоқталар емес. Мені ешкім елей қойған жоқ (Ә.С.).
3-жаттығу. Мәтіндегі болымсыздық мағынасы бар сөзді көшіріп, оның қай сөз табы екенін ажыратыңыздар.
Балалық жасама. Күні кеше уайым-қайғысы жоқ, алаңсыз еді (Т.Ахт.). Менің адаспауым бақсылық емес. Аузымда дәм де жоқ. Жалғыз-ақ түк шіміріккен жоқ (М.Ә.). Оның ешбір қалтқысыз дос көңілмен айтқан ақылын ата сөзіндей көріп қалды. Ақы алмадым деп шағынып келген адам жоқ (Х.Е.). Жеткізер емес, жол ұзақ. Ашуым қанша келсе де, айналар шамам болған жоқ (Ә.С.).
Семинар №11
Тақырыбы: Есімше, көсемше.
Қарастырылатын мәселелер:
Есімше туралы түсінік
Көсемше, оған тән белгілер.
Негіздемесі: Есімше, оның түрлері, мағынасы, жасалуы. Есімшенің екі жақты қызметі. Есімшенің түрленуі. Көсемше, мағынасы, жасалуы. Көсемшенің жіктелуі, сөйлемде атқаратын қызметі.
Әдебиеттер:
1. Ерғалиев Т. Қазақ тіліндегі есімше категориясы. А., 1958.
2. Ізімғалиева Н. Көсемшенің қызметтік дамуы // Қазақ тілі мен әдеб., № 4, 2003, 92-98-б.б.
Бақылау сұрақтары:
Есімше дегеніміз не?
Есімшенің түрлеріне тоқтал.
Көсемше дегеніміз не?
Көсемшенің көрсеткіштері туралы не білесің?
1-жаттығу. Есімшенің түрленуіндегі ерекшелікті түсіндіріңіздер.
Жерді қатты дүрсілдетіп, желе жортқан үш жігіт жолында тұрғандарды киіп-жарып, осы топқа қарай жақындай түсті (Ғ.М.). Біз әлі қозғалғанымыз жоқ. Абай бірнеше күн қатты толғанып, жапа-жалғыз ойланып жүрді (М.Ә.). Не мен жатырқаған шығармын, не сен өзгерген шығарсың. Ол бағзы бір бос белбеу болжырларды беттен арс етіп, анда-санда ғана бір-ақ алып тастайтын, сонда асқан аты шулы жалқаулардың жағасын жыртуға оның осы зекуінің өзі де жетіп жататын (С.М.). Қара бет болып қашқанша, қайрат көрсетіп өлген артық (Б.Мом.).
2-жаттығу. Есімшенің шақтық мағынасын ажыратыңыздар.
Жақсы келді дегенше, жарық келді десейші; Жақсылықтың уытын алып келді десейші (Мақал). Әділдік келгенше, қайыр кете тұрады (А.Иүгінеки). Сипалақтап көп сөйлегенше, аз сөйле де дәл айт (Ғ.Мұст.). Кешіксең қуып жетерсің (Х.Р.). Жел басылып қалған екен. Қос басында екеумізге ермек табылатын тәрізді. Манағы күн қонақтаған үкіні көрмексің ғой, ә? (С.Ә.) Оқығандарын кездескен сайын Аталыққа әңгімелеп, айтып беретін. Өмірді де сан кітап бетіндегідей түсінетін (Х.Р.).
3-жаттығу. Мәтіннен есім мағынасындағы, етістік мағынасындағы есімшелерді екі бөлек теріп жазып, олардың айырмасын, ерекшелігін көрсетіңіздер.
Адам ата-анадан туғанда, есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып, ескерсе дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады. мұндай сөзді есіткенде, шайқақтап, шалықтанып, не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап, ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп, қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек? (А.)
4-жаттығу. Көсемше қандай сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып тұрғанын айтыңыздар.
Жүргіншілердің бұл кезде келіп тірелген жері – Машан тауының желке тұсы екен. Алда Абылғазы бастап жортып келеді. Оның қасында, қатарына ілесіп, әңгімелесіп келе жатқан – Ербол. Әлі күнге тың, ширақ басып келе жатқан құла жирен атын Абай алдыңғы екеуінің артына тақау бастырып, ілестіріп, қатты бір мең-зеңде келеді. Өзінің ауру-сауын да айыра алмайды. Өне бойы соққы жеген кісідей мылжа-мылжа. Кейде Абай жүріп келе жатқан сияқты емес. Жолдың екі жағы тау сияқты да, сол таулар, жартастар бұған қарай өздері срғып, жылжып, қиыс өтіп келе жатқан сияқты (М.Ә.).
5-жаттығу. Мәтіннен көсемшелердің қолданыстағы мағынасын ажыратыңыздар.
Үй иесі бұлардың малма су киімін шешіндіріп, кептіргелі әкетті (Х.Р.). Байқаса, біреу арғы жағадан ербеңдеп, асығып келеді екен. Бірақ Абай мұның тұсына таман кеп тұрып, ақсия күлді. Қарқаралыдан қайтқан соң, Тоғжанға бір сәлем жолдап, көріспекті тілеген. Соған Тоғжан шыдамапты (М.Ә.). Дәмеш кемпір қолына ұстаған үлкен шортанды отырғандарға мақтана көрсетті. Мұқата сөйлеген Шұғылдың сөзін Хакім есітті (Х.Е.).
Семинар №12
Тақырыбы: Рай категориясы
Қарастырылатын мәселелер:
Рай категориясы туралы түсінік
Райдың түрлері.
Негіздемесі: Рай категориясы. Рай түрлері. Ашық рай. Бұйрық рай, оның білдіретін мағыналары, жіктелу ерекшеліктері. Шартты рай, білдіретін мағыналары, жасалу көрсеткіштері. Қалау рай, берілу жолдары.
Әдебиеттер:
1. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
2. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі /Морфология. А., 1991.
3. Елшібаева Ә. Шарт мәнін беруші тәсілдердің қолданыс ерекшелігі // Қаз. т. м. әдеб., №11, 2005,71-77-б.
Бақылау сұрақтары:
Рай категориясы дегеніміз не?
Райдың қандай түрлері бар?
1-жаттығу. Етістіктерді райдың түріне қарай ажыратыңыздар.
Амантайдың жігітке көмектескісі келеді. Ұзақ түн аңдысаң, алмай қоймассың. Көңіл тойса, тамақ тоятын. Менің аралап қайтқым келеді. Асқардан келген жұмыс болса, оның соңына Итбайдың жарық ап түскісі келді (С.М.). Тырнадан әкім қойсаң, төбеңнен қиқу зорын бұлар әлі шығарыңқырар. Жүке, сіз оларды айдатып алуға асықпаңыз (Х.Е.).
2-жаттығу. Сөйлемдерден бұйрық рай тұлғасындағы етістіктердегі мағыналық ерекшелігін көрсетіңіздер.
- Ал, жол болсын! Тумаңыз қайырлы болсын! Көп кешікпе, еркем, тамақ піскен кезде кел. Көріне бер, шырағым (С.М.). Ренжи көрмеңіз. Бала-шағаңның игілігін көр! Жоғары шық, Әбіш, отыр. Менімен сөйлессін, осында алып келіңдер! (М.Ә.). Сен өзің бірге бол, Бәкеңе көмегің тиер. Түсінсең, жолың болсын, жолдарың болсын. Тәкеңе сәлем айт. Көріскенше сау бол, қарағым (Х.Е.).
3-жаттығу. Қалау райдың жұрнағы мен қалау рай жасауға қатысып тұрған көмекші сөздің астын сызыңыздар.
Тіпті, ол Жанардың кешегі арамдық ісін де ақтағысы келеді. Істің мән-жайын түгел білгісі келіп, сұрақ та қойып отыр. Ауыстырып жіберсе екен. Отымыздың басы тиыш болса екен (Х.Р.). Әлі жауап қатпаған Абайды Асылбектің сөйлеткісі келді. Бұлбұл үніңді жырласаң еді. Сайлауға келген ұлық әуелі сол сайлау жағынан бастаса игі еді. Немесе, шынымен жай білгісі келгені ме? Абайдың бұл ауылдан кеткісі келмеді (М.Ә.).
4-жаттығу. Келтірілген сөйлемдерден шартты райдың жұрнағының өз мағынасында қолданылып тұрғанын айқындап, оның сөйлем түрлерін жасаудағы қатысын көрсетіңіздер.
Бірақ алыс жүрсе де, сол Абайда ақыл мен қайрат, тіл мен тәлімнің мол екенін әкесі танитын. Ерте келсе де, жөн таба алмапты (М.Ә.). Алмажан келсе, өзім барып амандасайын. Жетпесе, эжеткізу керек. Көлік болса, ескеріңізші. Енді сол Төлеубекті шаршап келсе де, жібергісі келмеді (Ғ.Мұст.). Далаға шыға келсем, Алманияз мырзаның үйіндегі қызметші әйел екі шелекті толтыра көмір алып бара жатыр екен. Үйдің іші бұйымды болмасада, жинақты, тап-таза (Ә.С.).
Семинар №13
Тақырыбы: Шақ категориясы. Етістіктің жақ категориясы
Қарастырылатын мәселелер:
Шақ категориясы туралы түсінік.
Етістіктің жақ категориясы.
Негіздемесі: Шақ категориясы. Шақ түрлері: осы шақ, келер шақ, өткен шақ. Етістіктің жіктелуі. Етістіктің жақ категориясы.
Әдебиеттер:
1. Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. А., 1953
2. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. А., 1980.
Бақылау сұрақтары:
Етістіктің шақ категориясы туралы не білесің?
Шақтың неше түрі бар?
Жақ категориясы дегеніміз не?
Жақ категориясы тілде қалай беріледі?
1-жаттығу. Ауыспалы осы шақта тұрған етістікті тауып, оның шақ, жақ көрсеткішін бөліп көрсетіңіздер.
Қайда кетіп барады. Көктемнің зәрсіз желінен ауа дірілдеп тұр. Әлсіз қоңырқай сәуле қараңғыны кеулеп кіріп, бірте-бірте әрі қарай ысырып барады. Бетінде боран ұйтқыған күңгірт, бұлдыр ақ дала қараңғыдан қалқып шығып келеді (Т.Ахт.). Ахметше одан әдейі арнап сұрамайды, ол өзі айтады. Сонан кейін ... сөйлесеміз. Бұл екі адамның қажы екеуін де жақсы көреді. Олардың ақылдылығына, білімділігіне піріндей сенеді (Х.Е.).
2-жаттығу. Болжалды келер шақты жасап тұрған қосымшаны тауып, жақтық мағынаның қай қосымша арқылы беріліп тұрғанын айтыңыздар.
Үйде жіберген суретің бар, соған қарап жатырмын. Әзір оқуға орналасып байқа, өзгесін кейін көрерміз. Шақырған адам күре тұрар, қазір біздің үйге барады, - деп, кесіп тастады Жолтай. Бірақ көрерміз (Т.Ахт.). Қу аяқ балалар құтқарар емес (Ә.С.). оларды тарата алатын шығарсың (Х.Р.).
3-жаттығу. Бұрынғы өткен шақта тұрған етістіктің жұрнағын бөліп жазып, жіктік жалғауын ажыратыңыздар.
Маған келген, ағасы жіберіпті. Салтанаттың өтініші бойынша аралда, кейде әнге салып, кейде жаттай оқып бәрін айтып беріпті. Салтанат үнсіз сабырмен көп уақыт қызыға тыңдапты. Ең аяғында қасына еркек баласын шақырып алып өзгеше сөздер айтыпты. Кішілеу шағын үйдің ішіне айнала текемет, түскиіз, түкті кілем ұсталған. Биік төсек орнына қалың салынған көрпе, құс төсегі, жастық бөстегі көп жертөсек орнаған. Абай мен Әйгерім отырған төсек алды қалың жүнді арқар терісімен жабылған.
Семинар №14
Тақырыбы: Үстеу
Қарастырылатын мәселелер:
Үстеу сөз табына тән белгілер.
Үстеудің мағыналық түрлері.
Негіздемесі: Үстеу – сөз табының бірі, оның семантикалық сипаты. Негізгі түбір және туынды түбір үстеулер. Үстеу сөздердің мағыналық топтары: мезгіл, мекен, сөлшер, сын-бейне, күшейту, мақсат, себеп-салдар, топтау үстеулері.
Әдебиеттер:
1. Искаков А. Наречие в казахском языке. А., 1960.
2. Таңсықбаева Б. Қазіргі қазақ тіліндегі үстеудің сөзжасам жүйесі. Ф.ғ.к.д.а. 2006.
3. Таңсықбаева Б. Туынды үстеулердің жасалуына уәждеме болған сөз таптары // Қ.т.м.әд., № 11, 2005, 58-62-б.б.
Бақылау сұрақтары:
Үстеу деп қандай сөздерді айтамыз?
Үстеу қандай мағыналық топтарға бөлінеді?
Үстеудің септік жалғаулармен байланысы қай тұста көрінеді?
1-жаттығу. Үстеулерді тауып, мағыналық топтарына жіктеп көшіріңіздер.
Бірақ, кісі көзінше айту қайда, құрғыр, өзін кім жек көреді. Анда-санда ойын-сауыққа, қонаққа барарда ғана айнаны еске аласың. Тап бұрын елемеген бейтаныс бір соқпақты тағы тауып, түлкі қуған аңшыдай із кестім. Бүгін жұмысқа шықпаушы ма еді? Кейде осылай басынан сөзді асырып жіберіп оңтайына келгенде, жамбасқа сап, оңдырмай соғатын әдеті бар-ды. Білесің бе, әкеме не деп кеткенін кеше? Күннің көзі көкжиектен әрі асып, төмен түсіп, біржола батты (З.Ш.). Бұл ауданда әзірше сырласар бір ғана адамым бар. Өзінің баласынан безе қашатын әкелердің сонша тас жүрек болғаны ма? (Ә.О.)
2-жаттығу. Үстеудің түрленуіне талдау жасаңыздар.
Осы биылға шейін өмірім өзеннің ағын суындай бір арнамен аға берген. Оңашада жылап та алғам. Кешеден тосып жүр. Мыналар ертеңге шейін отырады. Оларды кешке жақын шығарды. Төменде күтіп тұр. Тезірек қимылда. Шешеме кешірек қайтармын дедім. Жоғарыдан бетіме бірдеме торс ете түсті. Қасым ертеңінде өрген қоймен бірге оянды. Қадиша онынан кенет тұды. Ары таза болмаған адам бұрын қағады кірпігін... – деді ол қызарып. Тегі іштей маған сенбей келе ме, кім білсін. Сенімен бұлай ешкім сөйлескен емес. Жапас төмен қарап, тұқырайып отыр. Екеуміз оңаша сөйлесерміз (З.Ш.).
3-жаттығу. Үстеудің мағыналық, морфологиялық ерекшелігін, синтаксистік қызметін талдаңыздар, сөйлемдегі орнына, тіркескен сөзіне назар аударыңыздар.
Орнымнан шұғыл тұрдым. Әрқашан да осылай, ешкім сенбейді маған. Кеше жауабын берем деп уәде еткен едім. Жолшыбай соғамын. Қадиша киініп те үлгерген, қайтуға әзір тұр екен. Ертең, бүрсігүні не бітіресіз. Міне, бүгін келді. Зорға шыдап, қиналып жатқан адамның кейпі бар. «Кейін-кейін» деп қабылдамайды. Манадан бері неге айтпадың? Бұл – әншейін айтылған сөз. Мен балаша сақ-сақ күлдім. Қасына қайта отырғызды. Кетуге әзір тұр екен. Балаша жоғары көтеріп алдым. Ыза кернеп зорға тұрдым (З.Ш.).
4-жаттығу. Мәтіндегі үстеудің пысықтауыш қызметіндегі көсемшеден, зат есімнен айырмасын табыңыздар.
Бұл бағана кеште Құнанбайдың қасында тұрған қаба сақал, қара Қамысбай еді...
Бұрын ондай сөздеріне Абай араласып та, тыңдап та көрмеген. Бүгін бірінші рет әдейі алғызып отыр. Абай мен Жиреншенің бүгін бұл бәленің үстінен шығамыз деген ойы жоқ болатын... Таңертең Абайды ертіп кеткен Жиреншенің қайда екенін Ұлжан білмеп еді... Сондай шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бірінде бұл үйге бөгде қонақ келіп қонды. Бірі – қартаң, бірі – жас қонақ. Жасын Абай біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол – былтыр жайлауда келіп, осы үйде үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенмен, шешесі әбден таниды екен... (М.Ә.).
Семинар №15
Тақырыбы: Еліктеу сөздер. Шылау. Одағай
Қарастырылатын мәселелер:
Еліктеу сөздер табиғаты.
Шылау және оның түрлері.
Одағай туралы түсінік.
Негіздемесі: Еліктеу сөздердің лексикалық және тұлғалық жағынан өзгеше сөз табы екендігі. Еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер. Олардың сипаттамасы, қатары, құрамы, еліктеуіш сөздердің сөйлемдегі қызметі. Еліктеу сөздердің фонетика-морфологиялық сипаты.
Шылаулардың басқа сөз таптарынан ерекшелігі. Шылаулардың түрлері: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер.
Одағайлардың зерттелуі. Одағайлардың түрлері: негізгі одағайлар, туынды одағайлар. Одағайлардың мағынасына қарай түрлері: көңіл-күй, ишарат одағайлары.
Әдебиеттер:
Сарыбаев Ш. Еліктеуіш сөздер. Алматы, 1982
Исенғалиева В.А. Служебные имена и послелоги в казахском языке. Алматы, 1966.
Шақаман Ы.Б. Қазіргі қазақ тіліндегі демеулік шылаулардың қолданыстағы мағыналары. Ф.ғ.к.дис.автореф. А. 1997.
Исанова А. Жалғаулық шылаулардың синоним болуы // Қ.т. м. әд., № 10, 2005, 39-44-б.б.
Исанова А. Септеулік және демеулік шылаулардың синоним болуы // Қазақ тілі мен әдеб., № 4, 2006, 97-102-б.
1-жаттығу. Дыбыстық еліктеуіш сөздерді бір бөлек, бейнелеуіш сөздерді бір бөлек теріп жазыңыздар.
Оған жалт етіп қарамай тұра алған жоқ. Сейіт күтпеген сөзге селк етті. Жігіт денесі селк етті. Жігіт денесі шымыр етті. «Сейіт» деген дауысқа селт етіп, жалт қарады. Гуілдеген сөз біздің жаңа құрылған кішкентай отауымыздың түңлігін желп-желп еткізді (Ә.О.). Сол-ақ екен жанама бойында гу-гу, пыш-пыш әңгіме қоздап, сыпсың өсек, өрттей лаулап жүре берді. Аяғында гүрс-гүрс еткен керзі етігі бар. Жаяу-жалпы сан-сапалақ жұрт та тапыр-тұпыр етіп, ұбап-шұбап ағылып жатады (Б.Т.). Тастан-тасқа ырғыған ат дүбірінің өзі-ақ маңайды жаңғырықтырып, үрейлі айқайға ұласқан тасыр-тұсыр жер-көкті көтеріп тастағандайболды (К.О.).
2-жаттығу. Еліктеуіш сөздердің дыбыстық құрамын, буын санын анықтаңыздар.
Мәтке ағашы әлі де болса, мықты екен, сықыр-сықыр етіп, орнынан қозғалмайды. Әлден уақытта арғы жақтағы бөрене басы жайлап сырғып барып, жерге гүрс ете қалды. Тар бөлменің іші бұрқ етіп, шаң-тозаңға толып кетті... Рахымның да екі иығы ауырып, сал-сал болып салдырап қалыпты. Қойқаң-қойқаң етіп, қораны екі-үш айналып шықты. Таңдайын тақ-тақ еткізеді. Зірк-зірк етеді. Баж-баж етіп, күйіп-піседі. Содан бүкіл денесі мылжа-мылжа, сал-сал болып, әзер жетті. Ісінің бәрін осылай далаң-дұлаң, ойланбай істейді. Көрші-қолаң, жекжат-таныстар ұбап-шұбап келіп жатыр. Маңы - ығы-жығы адам (Б.Т.).
3-жаттығу. Шылауларды онымен омоним қосымшалардан ажыратып, айырмасын түсіндіріңіздер.
Рахым әйелі мен баласын ертіп, Ақлиманың соңына ерді. Біз де естіп, қуанып қалдық (Б.Т.). бізде үлкен күш бар (С.М.). Сондықтан әкесіне айтқан да жоқ-ты (Ә.О.). Жоқты сұрама! Ойлағаныңдай болды. Бәтима көрген бойда көзі бажырайып, қарап қалыпты. Жуан қара Рахымды көргенде, туғаны келгендей қуанып кетті (Б.Т.). Өмірінде әлі күнге қайын сіңлісі мен өзге жігіттің арасына делдал боп көрмеген-ді (М.Ә.). Ербол да – сөзге жүйрік, қолқасын өткізе білетін, отты, жұғымды жігіт. Тоғжан алғашқы минуттарда қатты қысылып, өте ақырын амандасып, өзгеше қызарды. Абай оңаша қалғанда әуелде қатты қысылды. Өзен бойында таң атысымен көзге түседі (М.Ә.).
4-жаттығу. Мәтіндегі шылауларға жалпы талдау жасаңыздар.
...Баймағамбет екеуміз құр оқып қана, әңгімелеп қана жүргеміз жоқ. Аңдасам, бақсам, тәрбиеленіп те келеді екеміз-ау! Бірақ менен көрі Баймағамбет жасырақ та, бір беткей бітімді, шыншыл ма екен!? Сондықтан бұдан кітап ізі айқынырақ көрінуге мүмкін бе! Ендеше, Баймағамбетте менің қазіргі қалпымның жартылаған тұлғасы тұрған жоқ па? Бір есептен бұл менің айнам, ел ортасында жүріп өзгеріп келе жатқан адамдығымның айнасы болар!.. деп топшылады Абай. Бірақ ол бұл ойын, жолдасына ренішті бола ма деп, айтпай, іркіп қалды. Оның орайына Баймағамбет әңгімесін күн бойы ұзақ жол үстінде көп айтқызып келе жатты. Ол әңгімесін бітірген соң, бұрынғы дағды бойынша, уақиға ішіндегі Дик, Қызыл Сақалдардың кейбір сырлы, нәрлі сөздерін Абай өңдеп, көріктей түсіп, қайта айтып берді.
Бұлар жол бойы Күшікбайда түс ауа ат шалдырды. Сонда жол азықтарынан өздері де тамақтанып алып, күні бойы толассыз жүрген. Осы күні ел жатар кезде кешігіп жүрген жолаушылар Тінібек қақпасын кеп қағып еді. Дәл осы қақпаның түбіне жеткенше Баймағамбет романдары бірінен соң бірі айтылып, аяқталмай созыла кеп, еріксіз тоқтаған-ды (М.Әуезов).
5-жаттығу. Сөйлемдердегі одағайлардың морфологиялық ерекшелігін атаңыздар.
- Әттеген-ай, көре алмай қалдым-ау (С.М.). бір қарыздан құтылғанына «уһ» дегендей боп, Күңкені ертіп, Байқошқарға қайтты. Бір қора қойды жалғыз қойшы «айт» десе, жусататын болған. Бертін келе, ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып, «шөк» десең, аңырып барып қана, бұрылады (М.Ә.).
6-жаттығу. Одағайлардың тыныс белгісін қойып, мәтінді көшіріңіздер.
- Шеше-ау, үсініп қала жаздапсыз ғой түу пешке, пешке таман отырмасаңыз болмайды екен.
- Шіркін не керек әттең-әттең естімедім-ау.
- Апыр-ай енді не істеуім керек, ренжітіп көңіліне қаяу салып алдым ба қап.
- Уа енді не қыл деп отырсың? – деді.
- Ех мен кетем десем!
- Аһа бұл күндіз осы маңда болады екен.
- Қап мынаның баласы!
- Әй бала!.. Әй сен өзің – деп тұрып, дауыстап.
