Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Турегелдиев_дайын.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
310.78 Кб
Скачать

2.3 Әлемнің түрлі құқықтық жүйелеріндегі мұрагерлік қатынастарды реттеу

Халықаралық жеке құқықтардағы мұрагерліктің маңыздылығы әрбір елдің азаматы өзінің өмір бойы жинаған материалды және материалды емес рухани меншіктерін өзі дүниеден озғаннан кейін оның еркі бойынша немесе заң негізінде жақын туыстарына өтетіндігіне сенімді болуы шарт. Осы негіздердің бұлжытпай орындалуы мұраға қалдырушының да және мұрагерлердің де мүдделік қызығушылықтарын туғызады.

Барлық түрдегі мұрагерлік қатынастарды құқықтық тәртіпте реттеу құқықтың - англо-саксондық және роман-германдық құқық жүйесі тармақтарында қарастырылады.

Олардың айырмашылықтары, англо-саксондық және роман-германдық құқық жүйелерінің мұрагерлік құқықтық қатынастар институттарын өзіндік реттеу тәсілдерінде: бірінші жағдайда (англо-саксондық) – администратордың (мұраны, өсиетті орындаушы) мұра мүлкін «бөлу» функциясын жүзеге асыруымен байланысты қатынастарды реттейтін нормалардың жүйесі ретінде; екінші жағдай – дүниеден озған адамның құқықтары мен міндеттеріне қатысты мұрагерлердің құқықтық мирасқорлығын реттейтін нормалардың жүйесі ретінде. Ағылшын және АҚШ-ның құқықтық жүйесі құқықтық мирасқорлықты қарастырмайды: дүниеден озған адамның құқықтары бірінші оның «жеке өкіліне» сенімгерлік құқық бойынша өтеді. Жеке өкіл мұраны қалдырушының қарыздарын жабады немесе керісінше дүниеден озған адамның атынан несие алушылардың қарыздарын қайтаруды талап етеді, сонан кейін ғана мұрагерлермен есеп айырысады. Дүниеден озған адамның өкілі сот арқылы тағайындалады және мұраны қалдырушының мүлкін басқарумен байланысты барлық әрекеттерді жүзеге асырады. Мұрагерлер емес, дәл осы өкіл, мұраны қалдырушының бүкіл қарыздары мен несиеге беру туралы жауапкершіліктерін жүзеге асырады. Мұрагерлер барлық қарыздар жабылып болғаннан кейін, өкілден өздеріне қатысты мұраға қалдырылған мүліктен үлестерін ғана алып отырады [96, 77 б.].

Роман-германдық құқық жүйесіндегі мұрагерлік қатынастарды реттеуге келетін болсақ, ол өзінің мазмұнына байланысты қазақстандық құқық жүйесіндегі азаматтық заңнамасында бекітілген мұрагерлік институты сипаттамасына ұқсас болып келеді. Дүниеден озған адамның мүлкі ешқандай «делдалдар» көмегінсіз заң негізінде немесе өсиет негізінде тікелей мұрагерлерге өтеді. Мұрагерлер ары қарай мұраға қалдырушының қарыздары мен талпа етулері бойынша жауапты болады.

Мұрагерліктің құқықтық институты табиғатына баға берудегі айырмашылық мұрагерлік сұрақтарындағы әртүрлі регламентацияға алып келеді: бұл мұрагерлердің шеңберін анықтауда, мұраны қабылдау тәртібін орнатқанда, мұраның негіздемесі, міндетті үлестің көлемін анықтауға және тағы басқаларға қатысты.

Англо-американдық және роман-германдық құқық жүйесі арасындағы қайшылықтардан басқа, тағы бір қайшылығы мемлекеттің қандай құқықтық жүйеге қарайтындағына тәуелсіз түрде, әрбір мемлекеттің заңнамасы, мұрагерлік қатынастарын реттейтін өзіне ғана тән арнайы реттеу субинституттарын қалыптастырады.

Осыны негізгі субинституттар мысалында қарастырып көрейік: өсиетті жасаудың тәртібі мен нысаны; міндетті үлесті алуға құқығы бар тұлғалардың категориясы мен міндетті үлестердің мөлшерін анықтау; мұрагерлер шеңберін анықтау; иесіз қалған мүлікке мемлекеттің мұрагер болуы.

Көптеген мемлекеттердің заңнамасында өсиетті жасау тәртібі мен нысаны туралы нормалар бар.

Барлық мемлекеттерде біздің еліміздегі сияқты мұра заңнама мен өсиет ету негізінде пайда болады.

Өсиетті жасау тәртібі мен нысанына қойылатын талаптарды әр мемлекет өзі бекітеді.

Әр елдің құқықтық жүйелерінде өсиеттің, қолмен жазу, өсиеттің бұқаралық актісі және құпия түрде өсиет ету сияқты нысандары бекітілген. Мысалы, Швейцарияда бұқаралық акті түрінде жасалған – мұраға қалдырушының өз еркін білдіретіндігін дәлелдейтін екі куәнің және бір лауазымды адамның қатысуымен жасалған өсиет танылады. Германияда өсиетті мұраға қалдырушы жазбаша жасап, мөр басылған түрде сақтауға куәлердің қатысуымен нотариусқа береді.

Сонымен қатар, Швейцария мен Германия елдерінде аталған өсиеттің нысандары біреу ғана емес. Континенталды Еуропаның барлық елдерінде дерлік, соның ішінде Швейцария мен Германия елдерінде де, өсиеттің кеңінен тараған нысанына өз қолымен жазылған өсиет жатады (яғни, мұраға қалдырушының өзі жазған; басқа адам жазған және мұраға қалдырушы қол қойған өсиет өз қолымен жазылған өсиет нысанына жатпайды және заңды күшке ие болмайды).

Мұрагерлерді анықтау сұрақтарын шешуде де түрлі жағдайлар бар. Мұраны алуға құқығы бар адамдар мен тұлғалардың категориясын айқындауда заңшығарушы негізгі назарды мұраға қалдырушының туысқандарының саны мен тізіміне аударады.

Әлемнің барлық құқықтық жүйесі мұрагаер мен мұраға қалдырушы арасындағы мұрагерлердің туысқандық жақындығы категориясын айқындауды шешуге тырысады: Францияда – бұл разрядтар жүйесі; Германия мен Швейцарияда - «парантелл» жүйесі; Қазақстанда – кезектілік жүйесі. Бір қызығы, Германияда парантелл саны шексіз болып келеді, яғни өсиет болмаған ретте ең алыс туысқандардың өзі мұрагер бола алады. Швейцарияда мұрагерлердің саны заң бойынша бірінші үш парантеллалармен шектеулі, төртінші парантелла туысқандары (узуфрукт) тек мұраға қалдырушының мүлкін пайдалануға ғана құқықтары болады [31, 114 б.].

Өсиет болған ретте өсиет қалдырушы өсиетке қоспаған тұлғалардың міндетті үлестерін есептеу сұрақтарын шешу мәселесі туындайды. Әдетте, мұндай тұлғаларға дүниеден озған адамның жұбайы, кәмелетке толмаған балалары мен ата-аналары жатады. Әр мемлекетте міндетті үлеске үміті бар адамдардың қатары, мұраға қалдырылған мүліктегі міндетті үлестің мөлшері әртүрлі жолмен реттеледі.

Мұрагерлердің саны мен міндетті үлестің мөлшері Қазақстан заңнамасында да белгіленген. ҚР АК 1069 бабы талаптарына сәйкес мұрадағы міндетті үлеске кәмелетке толмағандар мен жұмысқа жарамсыз мұраға қалдырушының балалары, оның еңбек етуге жарамайтын жұбайы, ата-аналары және мұраға қалдырушының қамқорлығындағы адамдар. Міндетті үлестің мөлшері олардың әрқайсысына тиесiлi болатын үлестiң кем дегенде жартысын мұраға алады.

Біздің елде қалыптасқан міндетті үлес құқықтық нормасына қарағанда бірқатар шетелдерде міндетті үлесті алуда құқықтық «артықшылықтар» белгіленген. Мысалы, ағылшын мемлекетінде қайтыс болған жұбайының мүлкінен оның қалған жұбайы лордомканцлер анықтайтын нақты ақшалай сома алады. Сонымен қатар, ол қосымша түрде мұраға қалдырушы мүлкінің тең жартысын өмір бойы пайдалануға құқығы бар.

Әлемдегі барлық мемлекеттердің құқықтық жүйесі мұрагерліктің иесіз қалған мүліктің мемлекетке өтуі сияқты субинститутын қарастырады. Қазақстан Республикасының азаматтық кодексінің ерекше бөлімінің 1083 бабы осындай субинститут ережелеріне арналған. Иесіз қалған мүліктің мемлекетке өтуін құқықтық реттеу әртүрлі мемлекеттерде мынандай жолдармен реттеледі:

- роман-германдық елдердің (соның ішінде Қазақстан Республикасы) заңнамасына сәйкес, егер мұраға қалдырушының заң бойынша мұрагерлері болмаса және өсиет тастамаған болса, онда оның мұраға қалған мүлкі мемлекетке мұрагер ретінде қалдырылады;

- англо-саксондық елдердің заңнамасына сәйкес, егер мұраға қалдырушының заң бойынша мұрагерлері болмаса және өсиет тастамаған болса, онда оның мұраға қалған мүлікке мемлекет мұрагерлік арқылы емес «оккупация» құқығы негізінде қараусыз қалған мүлік ретінде иелік етеді.

Мұрагерлікке алу құқығы мен «оккупациялау» құқығы арасындағы практикалық маңыздылығы, мұраға қалған мүлік мұрагерлікке алу құқығы кезінде мемлекетке оның азаматы өлген кезде өтеді, ал «оккупациялау» құқығы кезінде өзінің аумағында тұрған мемлекет мұрегер болып есептеледі.

Дәлірек айтсақ, Қазақстан азаматының АҚШ-ның аумағындағы үйі, автокөліктері мен басқа да мүліктеріне мұрагерлері болмаған жағдайда ол қайтыс болғаннан кейін АҚШ заңнамасына сәйкес АҚШ мемлекетінің меншігіне өтеді, ал Қазақстан заңнамасына сәйкес ол – Қазақстан Республикасының меншігі.

Мұндай жағдайлардан шығудың бірден-бірі жолы құқықтық көмек көрсету келісім-шарттары. Ондай келісім-шарттарды Қазақстан Республикасы бірқатар мемлекеттермен жасап үлгерген. Ал қалған жағдайларда иесіз қалған мүліктердің «тағдыры» келесі әдіспен шешіледі: қараусыз қалған жылжыйтын мүлік оның азаматы болған мемлекеттің меншігіне өтеді, ал жылжымайтын мүлік оның аумағында орналасқан мемлекеттің меншігіне өтеді.

Бірқатар елдердің мұрагерлік құқықтық қатынастарын құқықтық реттейтін заңнамалық актілеріне тоқталып өтсек:

Франция елінде мұрагерлік қатынастарды реттейтін негізгі нормалары Францияның азаматтық кодексінің 1 және 2 кітабында жазылған. Яғни, бірінші кітап «Мұрагерлік туралы», екінші кітап «Тірі адамдар арасындағы сыйға тарту және өсиет туралы» [32, 58 б.].

Жоғарыда аталғандардан-ақ заң бойынша реттеу өсиет бойынша реттеуден бөлек Азаматтық кодекспен реттелетінін көріп отырмыз. Бұл өтеусіз мүлікті иемдену тәртібі заңда жалпы нормаларының бар болуымен байланысты. Англо-американдық құқық жүйесінде прецендеттер және құқықтық нормалармен реттеу заң арқылы жүзеге асырылады.

Шетел мемлекеттерінің бірқатарында біріге отырып өсиет жазып қалдыру заңнамасы қарастырылған. Бірігіп өсиет жазу Германия мемлекетінде бар. Англо-америкалық құқықтың тағы бір ерекше институты - өзара өсиет, онда бірнеше тұлғалар бір-біріне қатысты міндеттемелер алады.

Негізінен аталғандар екі жақты (көпжақты) келісім-шарт. Өсиет бір тұлғаның еркімен ерекшеленеді. Бұл тұрғыдан Франция заңнамасы жақындау. Заңнамаға сәйкес бірігіп өзара өсиет жазу заңнамамен тиым салынған.

Швейцария заңында мұндай тиым жоқ, бірақ сот тәжірибесі бірігіп, өзара өсиетті заңсыз деп есептейді.

Көрші Ресей мемлекеті мұрагерлік құқығында мұрагерлік туралы шарт институты тіптен жоқ. Оның мәні мұра қалдырушы мен бір немесе бірнеше мұрагерлік мүлікті алуға құқылы адамдармен шарт жасасады. Ол жасалған сәттен бастап күшіне енеді. Мұрагерлік одан айырмашылығы – мұра қалдырушы өлгенннен кейін күшіне енеді. Сонымен қатар, өсиет мұра қалдырушының өзі өзгерте алады, мұра қалдырушы шартында бір жақты шарт тоқтатыла алмайды.

Ол шарт толық Германия мен Швейцарияда реттеледі, ал Францияда оған ерекше жағдайларда ғана жол беріледі (әдетте жұбайлар арасында).

Әрбір заңнамалық міндеті жасалған өсиеттің өз еркімен жазылуы. Сондықтан, осы қағида бұзылған жағдайда өсиет заңсыз деп танылады. Біздің заңнама бойынша да осындай жағдай қарастырылған.

Шетел элементі бар мұрагерлік қатынастарды құқықтық реттеу материалды-құқықтық және коллизиялық әдістермен жүзеге асырылады. Материалды-құқықтық әдіс мұрагерлік құқықтық қатынастарды реттеуде халықаралық немесе ішкі құқық нормаларын немесе унификацияланған нормаларды қолданады. Коллизиялық реттеуде бүкіл мұрагерлік қатынастардың шеңберін қамти отырып, өзінің ішкі материалдық реттеу тәсілдері жетіспегенде басқа мемлекеттің құқықтық нормаларына сілтеме жасау арқылы шешеді.

Халықаралық мұрагерлік құқық саласында бірқатар әмбебап мемлекетаралық келісімдер қабылданған.

Заңдардың коллизиясы туралы Гаага конвенциясы, өсиет қалдырудың нысандарын реттейді (1961 жылы қабылданған) (Австралия, Нидерландия, Швеция, Германия, Франция, Жапония) – өсиеттің нысаны заңға сәйкес деп қабылданады, егер:

1) әрекеттің жасалуы орны құқығы;

2) өсиет қалдыру немес қайтыс болған кезде азаматы болған мемлекеттің құқығы;

3) өсиет қалдыру немес қайтыс болған кезде тұрып жатқан мемлекеттің құқығы;

4) өсиет қалдыру немес қайтыс болған кезде тұрғылықты тұратын жері болған мемлекеттің құқығы.

Өсиетті тіркеу жүйесін ендіру туралы Базел конвенция (1972 жылы қабылданған) мұрагерлік құқықтың материалды нормаларын унификациялауға бағытталған. Базел конвенциясының мақсаты – мұраға қалдырушыға өзінің өсиетін тіркеуге мүмкіндік беретін жүйені құру. Келісімге қол қоятын қатысушы мемлекеттер өздерінің аумақтарында өсиетті тіркеу жүйесін жасауға міндеттенеді.

Халықаралық өсиеттің бірыңғай нысаны туралы Вашингтон конвенциясы (1973 жылы қабылданған) халықаралық өсиетті қалдырудың нысаны туралы типтің заңнамадан тұрады және мыналарды бекітеді:

1. Мемлекет өзінің заңнамасына халықаралық өсиетті жасаудың ережесін ендіреді.

2. Келісім жасаушы мемлекеттер халықаралық өсиетке қатысты әрекет ететін құзыретті тұлғалардың институтын құрады. Мемлекеттің аумағынан тыс жерлерде осындай тұлғалардың қызметін консулдықтар мен дипломатиялық өкілдер атқарады [33, 52 б.].

Қайтыс болғандардың мүлкін халықаралық басқарудың Гаага конвенциясы (1973 жылы қабылданған) қайтыс болған адамдардың жылжитын мүліктерін басқаратын құзыретті тұлғаларды анықтайтын халықаралық сертификат жасауды көздейді. Бір қатысушы-мемлекетте жасалған сертификат, екінші қатысушы мемлекетте толық танылады.

Сенімгерлік негізде мүлікке иелік ету және оны тану туралы Гаага конвенциясы (1985 жылы қабылданған) – мүлікті мұраға қалдырушы тұлғаға құқықты өз бетінше таңдауға және өзінің таңдауын арнайы актіде жазуға ұсыныс жасайды. Егер, таңдау құқығы жасалмаса, онда сенімгерлік негізде мүлікке мұрагерлік құқығы тығыз байланыстағы елдің құқықтық жүйесі таңдалады [34, 124 б.].

Жылжымайтын мүлікке мұрагерлік құқығын қолдану туралы Гаага конвенциясы (1989 жылы қабылданған), жылжымайтын мүлікке мұрагерлік қатынастарын реттеу саласында тығыз байланыстағы елдің құқығы приципі бойынша таңдау мүмкіндігін айқындайды. Таңдау құқығын рәсімдеу сәйкес өтінішпен жүзеге асырылады. Өтініштің нысаны мен мазмұны акті жасалған елдің заңымен анықталады.

Қайтыс болған жағдайдағы мұрагерлік құқығы туралы Гаага конвенциясы (1989 жылы қабылданған), Конвенцияның ережелеріне сәйкес таңдалып алынған мұрагерлік заңы заңнама мен өсиет ету негізінде мұрагерлердің қатарын анықтау үшін қолданылады; мұрагерлік құқығына айыру немесе тұлғаны мұраға лайықты емес деп тану; мұрадағы үлестердің мөлшерін азайты немесе кеміту; өсиеттердің материалды-құқықтық түпнұсқалығын.

1993 жылғы ТМД Конвенциясы келісім жасаушы мемлекеттердің азаматтарын заңнама мен өсиетті қалдыру негізіндегі мұрагерліктерін теңдік принципіне сәйкес бекітеді (ұлттық режим принципі). Мұрагерлік құқық келісуші жақтардың заңы бойынша мұраға қалдырушы адам тұрақты тұрған жерінің заңын қолданады. Ал, жылжымайтын мүлікке қатысты мұрагерлік мүлік орналасқан елдің заңын қолдану арқылы шешіледі [35, 82 б.].

Сонымен қорытындылай айтар болсақ, жасалған талдаулардың нәтижесінде нақты бір тұжырымдар жасауға болады. Мұрагерлік қатынастардағы шетел элементі: мұраға қалдырушы, барлық мұрагерлер немесе олардың кейбірулері түрлі мемлекеттердің азаматтары болу мүмкін, әртүрлі елдерде тұруы мүмкін!?! Мұраға қалдырылған мүлік әртүрлі елдерде болуы мүмкін!?! Өсиет шетелде жасалуы мүмкін және т.б.

Халықаралық жекелеген құқықтар саласындағы реттеулердің негізгі қайнар-көздері мемлекеттің ішкі заңнамасы болып табылады. Қазақстан Республикасында – бұл ҚР АК-сі (ерекше бөлім) 57-тарауының ережелері. Әлемнің көптеген елдерінде мұрагерлік саласында шетел элементі негізінде туындайтын қатынастар ішкі заңнамадан бөлек сот тәжірибесін қолдану арқылы да шешеді (әсіресе англо-американдық жүйе).

Л.И. Корчевскаяның тұжырымдамасы бойынша мұрагерлік жүніндегі мұрагерлік қатынастар азаматтық құқықтың кешені ретінде, тұлғаның қайтыс болуына байланысты пайда болады және мұраның ашылуына байланысты туындайды деп көрсете отырып, келесідей құқықтық қатынастарды қарастырып өтеді:

1) мұраның ашылуының заңды фактісі негізіндегі құқықтық қатынас;

2) мұраны қабылдау жөніндегі құқықтық қатынас;

3) мұрадан бас тарту бойынша құқықтық қатынас;

4) өсиетті орындау жөніндегі құқықтық қатынас;

5) мұра мүлкіне қатысты несие берушілердің құқықтық қатынасы;

6) мұра мүлкін бөлуге қатысты мұрагерлер арасында туындайтын құқықтық қатынас;

7) жүктеу бойынша мұрагерлік құқықтық қатынас;

8) мұрагерлік трансмиссия бойынша құқықтық қатынас;

9) субституция (мұрагерді таңдай және тағайындау) жөніндегі құқықтық қатынас;

10) мұралық үлестерді үлестіру бойынша құқықтық қатынас;

11) мүлікті сенімгерлікпен басқару бойынша құқықтық қатынас.

Егер осы аталған құқықтық қатынастар пайда болса, онда олар азаматтық құқықтық сипатқа ие болады деп тұжырымдайды. Осы тұрғыда Л.И. Корчевская құқықтық қатынастардың бірнеше түрін көрсете отырып, осындай негіздерде мұрагерлік құқықтық қатынастың туындайтындығын атап өтеді.

Мұрагерлік құқықтық қатынастың анықтамасын осылайша талдасақ, онда «мұрагерлік» ұғымының «мұрагерлік құқықтық қатынас» ұғымына қарағанда, мағынасының ауқымы кең екендігіне көз жеткіземіз. Барлық мұрагерлік үрдіспен бір құқықтық қатынасты қамту мүмкін емес. Бұған мысал ретінде, мұрагерлік құқықтық қатынастың пайда болуы заңдық фактінің бар болуымен байланысты. Нақ азаматтың қайтыс болу фактісі бойынша мұра ашылады, яғни бұл мұрагердің (өсиет бойынша немесе заңды мұрагерлік бойынша) мұраны қабылдау не одан бас тарту құқықтарының пайда болуы деген сөз. Заңтану әдебиеттерінде мұраны қабылдау не одан бас тарту фактілерінің біржақты мәміле екеніне күмән келтірмейді, осы кезден бастап субъективтік құқықтар мен міндеттер пайда болады, тоқтайды не болмаса өзгертіледі.

Субъективтік құқық дегеніміз берілген адамның байқалатын мінез-құлқының заңды жолмен қамтамасыз етілген шарасы. Субъективтік міндет дегеніміз міндетті адамның байқалуға тиісті мінез-құлқының заңды жолмен қамтамасыз етілген шарасы. Бұл жерде «мінез-құлық» ұғымы мұрагердің іс-әрекеті мағынасында айтылады. Яғни, мұрагерлердің мұрагерлік құқыққа қатысты әрекеттері (мұраны қабылдау немесе одан бас тарту). Мұраны қабылдау немесе одан бас тарту – біржақты мәміле, яғни ол (мұрагер) біреуге жауап қайтарады (мұрадан бас тартады), немесе болмаса оның еркіне қарсы келмейді (мұраны қабылдайды), осы негіздерден заңды салдар туындайды. Олай болса, қандайда бір әрекеттерді (мұраны қабылдау не одан бас тарту) жүзеге асыру кезінде, сол әрекеттер төңірегінде құқықтық қатынастар пайда болады, соның нәтижесінде аталмыш әрекеттер нақты мазмұнды (құқық пен міндет) құрайды.

Біздің ойымызша, «мұрагерлік» пен «мұрагерлік құқық қатынастарының» ұғымдарын анықтап, айыра білу керек.

Мұрагерлік, мұра бойынша ауысатын мүлікке қатысты мұрагерлердің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру және ол өздігінше бірнеше құқықтық қатынасқа ие болатын процесс. Сонда ғана, мұрагерлік құқықтық қатынас мұра қалдырушының қайтыс болу факті негізінде пайда болады және мұрагерлік құқық субъектілерінің нақты құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруы мүмкін.

Заң әдебиеттерінде мұра ашылғанға дейін мұрагерлік құқықтық қатынастың пайда болуы туралы айтылып жатады. Бұл мұрагерлік неке шарты күшінің негізінде болуы мүмкін. Бұл жағдайда мұра қалдырушының тірі кезінен бастап құқықтық қатынас пайда болады. Мұндай шарттың түрі кейбір мемлекеттердің заңында қарастырылған, мысалы Германия мен Францияда.

Мұрагерлік құқықтық қатынас азаматтық құқықтық қатынастардың бір түрі болып табы-лады, ол өзіне тән ерекшелігі мен белгілеріне байланысты. Осы орайда, жалпы құқықтық қатынастардың, соның ішінде мұрагерлік құқықтық қатынастарды толық сипатқа ие болу үшін В.С. Еманың пікірі бойынша:

1) негіздердің пайда болуы, өзгеруі, тоқтатылуы;

2) оның субъектік құрамын анықтау;

3) оның мазмұнын анықтау;

4) оның объектісін нақты көрсету сияқты мәселелерді қарастыру қажет екенін көрсетеді.

Кез келген құқықтық қатынастың пайда болуы, өзгеруі, тоқтатылуы нақты қандайда бір негіздерге байланысты. Заң әдебиеттеріндегі құқықтық қолдану тәжірибесінде, мұраның ашылуының заңдық маңызы бар түсінік бірыңғай қалыптасқан және бұл құқық теориясында мұрагерлік құқық қатынастардың пайда болуымен байланыстыратын заңдық факт болып табылады.

Ю.К. Толстойдың пікірі бойынша, құқық және құқық қабілеттілікке қатысты нормалар абстрактілі не болмаса құқықтық қатынастардың пайда болуы жалпы алдыңғы себептердің негізінен туындайды.

Алайда, мұра қалдырушының мұрагерлік құқығы мен міндетінің мұрагерлеріне ауысуы үшін заңдық факт (мұраның ашылуы) аз, сонымен қатар факт жүйелері мен заңдық фактының құрамы қажет, бұл басты оқиғамен (азаматтың өлімі) қатар әрекетте маңызды орын алады, адамдардың бұл жерде іс-әрекеті айтылады [35, 286 б.].

Б.Б. Черепахиннің айтуынша, мұрагерлік бойынша мұра қалдырушының мүлкінің мұрагерлеріне ауысуы үшін заңдық фактінің нақты құрамы заңда қарастырылған дәйектердің жиналуынан, яғни мұрагерлік құқықтық мирасқордың заңдық құрам болуы керек, дейді. Бұл орайда, Б.Б. Черепахин заңдық фактіні үш топқа бөлінетінін көрсетті:

1) мұрагерлік құқықтың пайда болуының алдыңғы себебі заңдық факт болып табылады. Бұл топты өзінше 2 топшаға бөлді. Алғашқысы, заң бойынша мұрагерліктің заңдық фактісі, соңғысы, өсиет бойынша мұрагерліктің заңдық фактісі.

2) мұра ашылуының заңдық фактісі;

3) мұраны алу актісі.

Мұрагерлік құқықтық қатынас басқа құқықтық қатынастардан өзгеше. Мұрагерлік құқықтық қатынас, қайтыс болған адамның мүлкімен байланысты және бұл әртүрлі қатынастардың нәтижесінде пайда болады. Осыған байланысты Б.С. Антимонов пен К.А. Гравенің пайымдауынша, мұра ашылған кезде және мұраны қабылдауға мұрагерлерді шақырған кезде құқықтық қатынас пайда болады және бұл мұраның ашылуына байланысты пайда болатын құқықтық қатынас деп айтуға болады.

Мұрагерлік құқықтық қатынастың пайда болу, өзгеру, жойылу негіздерін заңдық фактілер деп түсіну қажет. Бұл жердегі заңдық факт – заң құқықтық қатынастардың пайда болуын, өзгеруін немесе тоқтатылуын және осы құбылыстармен байланыстыратын мән-жай.

Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, мұрагерлік құқықтық қатынастың пайда болуы, өзгеруі және жойылу негіздері заңдық фактілерге байланысты келесі топқа бөлінеді. Біріншісі – оқиға (мысалы, мұра қалдырушының өлімі), екіншісі - әрекет, қимыл (мысалы, мұрагерлердің мұраны қабылдауы не одан бас тартуы), соңғысы туыстық-жағдай (мұрагерлердің мұра қалдырушымен туыстығы).

Кейбір жағдайда заңдық құрам құқықтық салдарды туғызады. Ол заңдық фактілердің қатаң нақты тәртіпте пайда болу шартымен анықталады. Мысалы, өсиетте көрсетілген мұрагер мұраға қалдырылған мүлікке келесі заңды фактілер негізінде ие болады: өсиет қалдырушының өсиетті құруы, мұраның ашылуы және мұрагерлердің мұраны қабылдауы. Жалпы құқықтық теорияда мұндай заңдық құрам күрделі заңдық факт жүйесімен реттеледі.

Э.Б. Бабыкова мұрагерлік құқықтық қатынасты мұра қалдырушының мүлкінің мұрагерлеріне ауысуына байланысты қоғамдық қатынас деп көрсетсе, Л.Ю. Грудцынаның айтуынша, мұрагерлік құқықтық қатынас – қайтыс болған адамның (мұра қалдырушы) мүліктік және кейбір жеке мүліктік емес құқықтардың басқа адамдарға (мұрагерлеріне) заңда белгіленген тәртіппен мұрагерлік негіз бойынша ауысуы [36, 393 б.]. Шын мәнінде, мұрагерлік құқықтық қатынас – мұра қалдырушыға тиесілі мүліктің мұрагерлеріне заңды тәртіппен ауысуын реттейтін қоғамдық қатынас.

Қорыта айтқанда, мұрагерлік құқықтық қатынас дегеніміз – мұрагерлік құқық нормаларымен реттелген біртұтас қоғамдық қатынастар мен мұрагерлердің мұраға деген абсолютті құқығынан тұратын, мұра мүлкінің мұраға қалдырушыдан мұрагерлерге әмбебап құқықтық мұрагерлік тәртібі негізінде өтеді.

Мұрагерлік құқықтық қатынас Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі ерекше бөлімі 57-тарауының нормаларымен реттеледі. Мұрагерлік құқығының ерекшелігі, мұрагерлік құқықтық қатынастар тек азаматтық кодекспен ғана емес, сонымен қатар тұрғын-үй, отбасы, салық, нотариат туралы, акционерлік қоғамдар және басқа да заңнамалардың да нормаларымен реттелетіндігінде.

Мұрагерлік құқық пен міндеттер саласы бойынша қолданыстағы заңнаманың ережелерін білмеу азаматтардың арасында сенімсіздік пен абыржушылықтарды, қажетсіз дауларды тудырып жатады. Сондықтан, заң актілерінде орын алып жатқан өзгертулерге үнімі қадағалау жасап отыру қажет.