1.3 Тілдік метафоралардың түрлері
Ғалымдардың пайымдауынша, ойлау қабілетінің арқасында метафораларды күннен күнге жандандырады. Егер метафораны мағына ойыны ретінде қарастырсақ, ол (метафора) белгілі бір мағынаның көмегімен оған арналмаған басқа мағынаны жеткізеді. Бұл айтылған қасиет метафораның бір құбылыс арқылы басқа мағына білдіруі – адамның ассоциативті ойлауына негізделеді. Сөз жасауда, сөздік қорды байытуда мағына өзгерушілігі жетекші орын алады. Жаңа мағына жасау тілдегі бар материалдардың негізінде болса да, екінші жағынан, сол жаңа мағынаны көрсету мұқтаждығы сол сөздің мағынасының дамуына, сол сөзден жаңа сөз жасауға себепкер болады. Метафора адамның терең ойлауының ерекшеліктеріне қатысты туындайды. Егер ойды басқалай, әдейі өзгертіп айтса, онда метафора қажет болғандықтан емес, онсыз болмайтындықтан пайда болады, ол адамның ойлау қабілеті мен тіліне тән деп айтуға болады. Ал ақындар “қажеттілікті ізгілікке” айналдыра отырып, өз шығармашылығында қолданып пайда табады. Ғылыми әдебиеттерде метафораны көркемдік құрал ғана емес, тілдік құрал ретінде қарастырған еңбектерде олардың семантикалық сипаты немесе қолданымдық ерекшеліктері басты нысанға алынады. В.Г.Гак метафораланудағы мағыналық үдерістер сипатына қарай толыққанды метафоралар және жартылай метафоралар деп қарастырады. Толыққанды метафоралардың мағынасына тура мағына толығымен енеді, ал жартылай метафораларда тура мағынаның бір бөлшегі ғана себепші болады деп көрсетеді [30,18 б.]. Н.Д.Арутюнова тілдік метафоралардың қолданымдық сипатына қарай: 1) атауыштық метафоралар - заттардың ұқсастығы нәтижесінде ауыспалы мағынаға көшкен метафоралар; 2) бейнелі метафоралар - бір заттың сыртқы бейнесінің екінші бір затты елестету арқылы жасалған метафоралар; 3) когнитивтік метафоралар - танымдық мақсатта, яғни белгісіз жаңа ұғымдарды атау мақсатында туындаған метафоралар; 4) жалпылауыш (генерализирующая) - когнитивтік метафоралардың тілде берік атау болып қалыптасуына байланысты туындаған метафоралар деп жіктейді [29,17 б.]. Метафоралардың абстракциялы ұғымдарды бейнелеуде нақты нысандарды негізге алуына орай Н.Д.Арутюнова оларды когнитивтік метафоралар деп береді. Метафоралануда бір нысандарға «бөтен» белгілерді таңу әрекеті жүзеге асырылатындықтан, бір топтағы заттар екінші топқа жиі көшіп жатады. Мысалға, сындық мәндегі сөздер (ақ, қара, қою, қатты т.с), иесі жанды субъект болып келген етістіктер (ұлыды, жұтты, соқты, кесті, кемірді т.с), өзге де қимыл, іс-әрекет аталымдары білім қорындағы ақпараттар салыстыру барысында дәстүрлі мағынасынан өзге мағынада қолданылады. Қарашаңырақ, қаражол, ақ тілек, жанкешті, жанашыр тәрізді аталымдар осындай әрекетердің негізінде туындайды. Когнитивтік метафоралар тілдегі жетіспей тұрған мағыналық «бос кеңістікті» толықтыру мақсатында жасалады. Осы метафоралардың жасалуында адамның сенсорлы мүшелері арқылы танылған заттардың қасиеттері абстрактілі ұғымдарды бейнелеуде қолданылады. Сол қасиеттерді асоциациялы түрде салыстыру, салыстыру арқылы ұқсату жүзеге асырылады. Тілдегі жылы су →жылы сөз, өткір пышақ→өткір тіл, ащы тағам→ ащы шындық, терең су→терең ой т.с. тіркестерді когнитивтік метафоралар деп тануымызға негіз бар. Осы тіркестер ассоциациялы салыстыру арқылы ұқсастық табудан жасалған деген ойға келеміз. Яғни адамның сезім мүшелері арқылы қабылданған сыртқы әлем әсерлері өзге бір ұғымды таңбалауда қолданылады. Жалпылауыш (генерализирующая) метафоралар деп когнитивтік метафоралардың аталымға жеткендерін атайды [29,167 б.]. Осы жіктемеден байқағанымыздай, метафоралардың түрлерін айқындаудағы бағыт аталымдық-когнитивтік бағыт болып табылады. Метафоралану өзінің жүру үрдісінде дайын таңбаларды өз мақсатына қарай пайдаланады. Метафоралар заттар мен құбылыстарды атап көрсету мақсатында, когнитивтік қызметте, яғни жаңа ұғымдарды қалыптастыруда, заттардың қасиеттерін даралап көрсетуде қолданылады. Когнитивтік метафоралар деп дерексіз ұғымдарды қалыптастырушы және атаушы метафоралар аталған. Бұларда таңбалардың берер ассоциациялы бейнелері маңызды болады да, атауларда нақты ұқсастық болмайды, ол жалпы белгілерге байланысты белгіленеді. Когнитивтік метафоралардың ғылыми терминдердің қалыптасуындағы белсенділігі дерексіз заттар мен құбылыстардың атауларын түзуінен байқалады. Танымдық немесе когнитивтік метафоралардың негізінде ұқсатудан туындаған ассоциациялар жатқандықтан, олар тек атау ғана емес, сонымен қатар ұғымдарды да қалыптастырады. Олар тілде бар деректі ұғымдар негізінде туындайды. Сонымен қатар, прагматикалық мақсатта экспрессиялығымен, бағалауыштығымен ерекшелінетін метафоралар да қолданыста жиі кездеседі. Соған сәйкес, біз зерттеп отырған тілдік деректерге сүйене отырып, қазақ тіліндегі күрделі сөздердің жасалуындағы метафоралардың қызметіне қарай, төмендегі жіктемені негізге аламыз: «1.Атауыштық метафоралар. Бұнда күрделі сөздерді жасауда ұқсату, салыстыру құбылыстың түрлі белгілері қолданылады (ботакөз, бөріқарақат, бізқұйрық, егеуқұйрық, бізтұмсық, жұлынқұрт). 2. Танымдық метафора (ғаламшар, бойтұмар, беташар, тұсаукесер, атамекен, атажұрт, қарашаңырақ, көкжал т.б.). 3. Экспрессивті-бағалауыштық метафора (жексұрын, оқжылан, жолбике, көртышқан)» [ 2;67 б.]. Атауыштық метафоралар таза ұқсату заңдылығы бойынша жасалса, соңғы екі түрі сөздердің мағынасын ассоциациялы бейнелі түрде қайта жаңғырту барысында атауға енгендігін байқауға болады. Танымдық метафораларға метафоралануға ассоциациялар негіз болған атаулар және дерексіз ұғымдардың атауларын жатқызамыз. Ал үшінші топқа атаулардың эмоциялық - экспрессиялық мағыналары қолданыста айқын көрінетін, бағалауыштық мағынасы басым метафоралар жатқызылады.
