Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазіргі қазақ тіліндегі тіл бірліктерінің метафора тәсілі арқылы жасалу үрдісінің белсенділігі тілдік қолданыстан айқын байқалады. Тілдің лексикалық қорын байытып отыратын метафоралық тәсіл тіл бірліктерінің ішкі мағыналық құрылымынан байқалады. Сондықтан да кез келген атаудың табиғатын қарастырғанда олардың тілдік сипатымен қоса танымдық негізі назарға ілігеді. Метафора дегеніміз айналадағы заттар мен құбылыстардың арасындағы ұқсастықтарды, байланыстарды тани білу және оны тілде бейнелеу болып табылады.
Тіл білімінде бұл тақырып көне ойшылдар Аристотель, Цицерон, орыс ғалымдары А.А.Потебня, В.Г.Гак, В.Н.Телия, Н.Д.Арутюнова, В.К.Харченко т.б; қазақ ғалымдары А.Байтұрсынұлы, М.Балақаев, Б.Хасанов, Ә.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлы, Б.Қалиев, Б.Қасым, Ж.Манкеева т.б. зерттеу еңбектерінен орын алады.
Зерттеудің өзектілігі. Әлем тіл білімі өкілдері өткен ғасырдың екінші жартысында адамның ойлау үдерісі метафора арқылы қалыптасады деген ілімдерін ұсынып, оны танымдық тұрғыда қарастыруды алға тартады.
Соңғы жылдардағы тілдің таңбалық сипатынан оның танымдық маңызы зерттеушілерді толғандыра бастады. Ұлтты өзіндік қолтаңбасымен әлемдік руханият кеңістігіне шығаратын тілдік ерекшелік оның бірліктері астарындағы ұғым-түсініктерде жатыр. Сондықтан да тілдің басты қызметі халықтың рухани байлығын қалыптастыру, ұлттық дүниетаным , мәдениет, салт-сананы бейнелеу екендігі басты назарға ілініп, метафораның когнитивтік сипаты айқындала бастайды. Сондықтан да, бұл тілдік құбылыстың маңызы ерекше. Зерттеу еңбегімізде қазақ тіліндегі метафралардың жасалуы адамның ойлау үдерісімен байланыстыра зерделеніп, когнитивтік бағытта танылады.
Зерттеу нысаны. Қазақ тіліндегі бинармды метафоралар. Зерттеу пәні. Қазақ тіліндегі бинармды метафораның қолданылу сипаты Зерттеудің мақсаты. Ақын-жазушылар еңбегінен мысал келтіре отырып, қазақ тіліндегі бинармды метафоралардың қолданылу ерекшеліктерін анықтап, метафораны тілдік құбылыс ретінде қарастыру. Зерттеудің міндеттері: -Метафораның тілдік құбылыс ретінде сипаттау; -Метафоралану, аналогия және бейнеліліктің ара-жігін ажырату; -Тілдік метафоралардың түрлеріне тоқталу; -Метафораны зерттеудегі когнитивтік бағытты қарастыру; -Бинармды метафораның зерттелуін ашып көрсету ; -Қазақ тіліндегі бинармды метафоралардың қолдану ерекшеліктерін анықтау; Жұмыстың зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында ғылыми сипаттама әдісі, білім қорындағы ақпараттар алмасуы фреймдік әдіс және компоненттік, когнитивтік талдау әдісі, жинақтау, салыстыру әдістері қолданылды. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Метафораны тілдік құбылыс ретінде ретінде қарастырған Дж.Лакофф және М.Джонсон А.А.Потебня, В.Г.Гак, В.Н.Телия, Н.ДАрутюнова, В.К.Харченко сияқты шет ел ғалымдарымен қатар, қазақ тіл біліміндегі М.Балақаев, Б.Хасанов, Б.Қасым, Н.Уәли, Р.Сыздықова, Ғ.Хасанов, А.Әмірбекова сынды зерттеушілердің еңбектері басшылыққа алынды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Метафора көркем әдебиетте адресатқа әсер ету қызметі тұрғысынан зерттеліп келді. Оның танымдық сипатына соңғы уақыттарда көңіл бөліне бастады. Бұл ретте, ең алдымен метафораның адамның ойлау үдерістерімен байланыстылығы және тілдегі әлем туралы білімнің бейнелену заңдылықтарына қатысы ескеріле бастады. Оның тек қана көркемдеуші құрал емес, сонымен қатар тілдің лексикалық сұранысын өтеуші құрал екендігі анықталды. Зерттеудің теориялық құндылығы. Метафора филологиялық зерттеу еңбектерінде көркем әдебиет, шешендік өнердің құралы ретінде өзіндік бағасын алғанымен, тілдік сипаты әлі де болса толық ашыла қойды деп айта алмаймыз. Қазақ тіл білімінде осы мәселеге соңғы уақытта назар аударыла бастады. Тіл бірліктерінің жасалуын когнитивтік аспектіде қарастыру, олардың мағынасын ұлттық танымдық болмысына байланысты сипаттау сөздердің табиғатын жаңа қырынан тануға жетелейді. Қазақ тіліндегі көптеген атаулардың жасалуы көбінесе метафоралану процесінің нәтижесі екені ескеріле отырып, метафораның тілдік құбылыс ретінде лингвистикадағы сипаттамасы айқындалады. Зерттеудің дереккөзі. Зерттеу барысында қазақ ақын-жазушыларынан: Ә.Кекілбаевтың «Дүние ғапыл», Т. Ахметжанның «Мұң», Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан», Ж. Нәжімеденовтің «Темірқазық» жинақтарымен қатар, Ғ.Хасановтың «Қазақ тілінің лексикалық синтагматикасы» еңбегі пайдаланылды. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. Дипломдық жұмыстың зерттеу нәтижесі негізінде метафора тілдік құбылыс ретінде сипатталады. Ол тілдің аталымдық-когнитивтік сұранысын өтеуші болып табылады. Метафоралар шынайы болмыстың тілдегі бейнесін түзуде когнитивтік қызметімен ерекшелінеді. Мағыналық өрісі мен тіркесу қабілеттері әртүрлі сөздердің бірі метафораланып( мағынасы ауысып) екіншісі метафоралап (қасындағы сөздің мағынасын ауыстырып) тіркесуі бинармды метафора деп аталады. Дипломдық жұмыстың құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Метафора теориялары және олардың дамуы
1.1 Метафораның тілдік құбылыс ретіндегі сипаттамасы
Метафораның қолданысына қарай тілдік және поэтикалық деп бөлініп келгені баршамызға белгілі. Қазақ тіл білімінде метафораны тілдік құбылыс ретінде жеке дара қарастырған зерттеулер аз. Филологиялық зерттеу еңбектерінде оның көркем әдебиет, шешендік өнердің құралы ретінде өзіндік бағасын алғанымен, тілдік сипаты әлі де болса толық ашыла қойды деп айта алмаймыз. Қазақ тіл білімінде осы мәселеге соңғы уақытта назар аударыла бастады.
1.2 Метафоралану, аналогия және бейнелілік
Қайшылықтар мен ұқсастықтан туындайтын жаңа мағыналар метафора арқылы жарыққа шығады.
Ұқсастықтар көзге көрінетін белгілерге ғана негізделмейді, сонымен қатар түйсікпен танылатын адамның жоғары ассоциациялық ойлауында жүзеге асатын салыстырулар негізінде де танылады. Әсіресе, бұл адамның нәзік ішкі психологиялық сезімдерін атауда жиі қолданылады.
Алшақ та, тіпті кейде еш ұқсастығы жоқ нысандардан өзара ұқсастық тауып атау жасау тек метафораның ғана иелігінде.
Бір категорияның өз ішіндегі ұқсату бейнелілік тудырмайды, яғни метафора әртүрлі категориядағы нысандарды ұқсатудан туындайды. Мысалы: өсімдікті аттың құлағына ұқсатудан атқұлақ, құралды кемпірдің аузына ұқсатудан кемпірауыз аталымдары туындады.
«Әр топтағы нысандардың ұқсастығы ассиметриялы. Олардың ассиметриялылығы логикалық, синтаксистік немесе қатысымдық тұрғыда байқалады. Егер адам өз қылығымен қасқырға ұқсас болса, қасқыр адамға ұқсас деген пікір тумайды» [21,6 б.]. Сондықтан, метафорада ұқсастық бір бағытта жүргізіледі. Әртүрлі қасиеттерге негізделген ұқсастық аталым жасауда тұрақтылыққа қарай жылжиды.»
Метафоралар бейнеліліктің көмегімен бір категориядағы нысанның қажетті қасиетіне қарай оны өзге бір нысанға телиді. Мысалы: Жалмауыз - мифологиялық кейіпкер [ҚТТС б.]. Мысалы: Бұл екі жалмауыздың көрсетпегені бар ма? (Ғ.Мүсірепов). Жалмауыз - алғашқы аталымда образ, ертегілік кейіпкер. Адамның мінез-құлық ерекшелігіне қарай метафоралануда аталымның бастапқы бейнесі себепкер болып тұр. Аңыздық кейіпкер адамның мінез ерекшелігін сипаттауға байланысты атау жасауда бір категориядан екінші категорияға өтуі оның бейнелілігін тудырған. Метафора белгіленген категориялық шекті бұзушы болғандықтан, дайын бейне өзге нысанның қасиетін сипаттайды.
Метафоралану - сөзжасамдық үлгілер тәрізді лексикалық қорды толтырушы әдіс. Бірақ ол сөзжасамдық үлгі сияқты айқын да қарапайым емес. Метафора - таныммен байланысты күрделі құбылыс. Тура мағыналы сөздерді бейнелі қолдану, олардың мағыналық, қолданыстық өрісіндегі бір белгілерді атау беруші нысан бейнесімен ұқсату, теңестіру арқылы атау жасауда адамның ассоциациялы ойлауы басты қызмет атқарады.
Шартты түрде алғанда сөздің ассоциациялық өрісінде сол нысан туралы адам санасындағы түсінік, ұғым жиынтығы көрініс табады. Тіл әлеуметтік құбылыс болғандықтан, ол тілдік ортамен және де жеке адамның танымымен байланысты. Сондықтан да тілдік бірліктердің жасалуы адамның психологиялық ерекшеліктерімен ішкі жан дүниесі, ойлауы, қабылдауы, жадыда ұстауы сияқты әрекеттермен астасып жатады.
Тілдік алғышарттар тілдің таңбалық сипатының бейнелілік тудырудағы маңызына байланысты. Яғни, тілдегі тура мағыналы атаудың сыртқы таңбалық, ішкі мағыналық құрылымы негізінде ауыспалы мағына туындайды. Әрине, бұл алғышарттар сөз мағынасының дамуы сияқты күрделі мәселені жан-жақты сипаттап бере алмайды. Ауыспалы мағынаны тура мағына негізінде туындайды деген қарапайым қағидамен түсіндіру жеткіліксіз. В.К.Харченко тілдік бірліктердің мағына өзгерістігін тұрпат (форма), мазмұн және қолданыс үштігінде түсіндіруде кезігетін кедергілердің себебін былай деп көрсетеді: «Біріншіден, сөздің тұрпатының материалдық жағын ғана қабылдау, яғни сөзді графикалық және дыбыстық кешен ретінде ғана тану. Екіншіден, мағынаның функционалдық сипатына назар аудармау. Үшіншіден, сөзді морфологиялық, синтаксистік және лексикалық тұрғыда бірлік ретінде қарастырмаудан» [26,16 б.]. Тіл бірліктері, ең алдымен, қатысымдық, қолданымдық мақсатта сөйлеуде жұмсалатындықтан, олардың прагматикалық тұсы басты назарда болу керек деген пікірдеміз. Бірліктердің ішкі мағыналық құрылымы, қолданыстағы ерекшеліктері кешенді қарастырылуы керектігін соңғы кезде зерттеушілер жиі айтып жүр. Бұл функционалдық лингвистиканың мәселелерінің әлі де болса шешімін таппай жатқан тұстарының бар екенін дәлелдей түседі. Метафоралану - сөзжасамдық үлгілер тәрізді лексикалық қорды толтырушы әдіс. Бірақ ол сөзжасамдық үлгі сияқты айқын да қарапайым емес. Метафора - таныммен байланысты күрделі құбылыс. Тура мағыналы сөздерді бейнелі қолдану, олардың мағыналық, қолданыстық өрісіндегі бір белгілерді атау беруші нысан бейнесімен ұқсату, теңестіру арқылы атау жасауда адамның ассоциациялы ойлауы басты қызмет атқарады. Метафоралар - заттардың ұқсастығын бейнелеуде таптырмас құрал. Адам заттар мен құбылыстар т.б. нысандардың ұқсастығын, содан кейін олардың ерекшелігін іздестірумен жаңа концептер, атаулар жасайды. Метафоралар тілдегі уәжсіздіктен, атаулардың мағыналарының бейнесіздігінен, нақтылығынан алшақтау мақсатында да қолданылады, яғни бейнелі атаулар бейнесіз атаулардан гөрі ұғынықты да әсерлі қабылданады. Сонымен қатар, метафоралар - ұлттық дүниетанымның, ойлау ерекшеліктерінің, әлемнің көрінісін тілде бейнелеудің үлгісі болмақ.
