- •2. Қазақ тілін оқытудағы әдіс ұғымы, әдістердің топтастырылуы. Қазақ тілін оқытуда қолданылып жүрген жаңа әдіс – тәсілдер мен технологиялар.
- •3. Дауысты дыбыстарды талдау әдістемесі.
- •2.Қазақ тілі сабақтарында жазба жұмыстарын ұйымдастырудың әдіс- тәсілдері, оларды тексеру, талдау, бағалау.
- •3. Буын. Екпін. Интонация.
- •2.Қазақ тілі әдістемесінің зерттеу әдістері. Қазақ тілі әдістемесінің зерттеу обьектісі. Мазмұны мен міндеті.
- •4. Қазақ тілін оқытудың мақсаттары мен міндеттері
- •2.Қазақ тілі бағдарламасы. Оны талдау. Бағдарлама мен оқулық байланысы.
- •3. Дауыссыз дыбыстар. Олардың жіктелуі, емлесі
- •2. Зерттеудің теориялық және эмпирикалық әдістерін талдау.
- •3. Лексиканы оқыту әдістемесі. Лексикалық жаттығулар.Лексикалық талдау.
- •2. Қазақ тілі әдістемесінің ғылым ретінде дамуы. Әдіскер ғалымдардың қосқан үлесі.
- •3. Қатемен жұмыс жүргізу әдістемесі.
- •2.Жалпы дидактикалық принциптер, мұғалімнің бұл принциптерді ұштастыра білуі.
- •3. Сөз таптарын оқыту әдістемесі,морфологиялық талдау.
- •1. Есімдік, оның мағыналық түрлері. Сөйлемдегі қызметі.
- •2. Қазақ тілі әдістемесінің даму тарихы, оған үлес қосқан ғалымдардың еңбектері.
- •3. Сөзжасамды оқытудың әдіс-тәсілдері,сөзжасамдық талдау.
- •3. Дыбыстардың үндесуі мен алмасуына байланысты тілдік заңдылықтар.
- •2. Қазақ тілі сабақтарында жазба жұмыстарын ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері, мазмұндама, шығарма.
- •3. Қазақ тілінен 5-8 сынып бағдарламаларын талдау, шолу жасау.
- •2. Қазақ тілі пәні бойынша сыныптан тыс жұмыс түрі. Оны жоспарлау және өткізу
- •3.Қазақ тілінің 10-11 сынып бағдарламасын талдау, шолу жаса
- •2. Орфография. Оқытудың маңызы, міндеттері, принциптері.Оны оқытудың негізгі тәсілдері.
- •3. Қате, оның түрлері, оны есепке алу, жіктеу.Оқушы дәптерін тексерудің маңызы.
- •2.Синтаксистік ұғымдарды меңгерудің әдіс-тәсілдері.Синтаксистік ұғымдарды меңгерудің әдіс-тәсілдері
- •3. Пунктуацияны оқыту әдістемесі.Пунктуациялық қателерді талдау.Пунктуацияны оқыту әдістемесі.Пунктуациялық қателерді талдау.
2.Қазақ тілі сабақтарында жазба жұмыстарын ұйымдастырудың әдіс- тәсілдері, оларды тексеру, талдау, бағалау.
Жалпыға бірдей білім беретін мектеп балаға терең білім берумен қатар, олардың ауызекі тілі мен жазбаша тілін дамыту, ойын жүйелі айтып орамды сөйлеп әрі дұрыс жаза білуді талап етеді. Сондықтан қазіргі оқу процесі арқылы оқушылардың жазбаша тілі мәдениетін дамытып, жүйелі жазу дәрежесін көтеру мақсатын қояды.
Әрбір мұғалім қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында жазба жұмыстарын үйретіп, тіл дамыту сабақтарын шығармашылықпен жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білуде ең негізгі мәселенің бірі – оқушының жас ерекшелігі мен білім қорына байланысты жазба жұмысын үйретудің міндеті мен көлемін анықтау болып табылады. Мұғалім сол міндет пен көлемге байланысты жазбаша тіл дамыту жұмысының түрін, көлемін, оның әдіс-тәсілдерін белгілейді, анықтайды.
Жазба жұмыстарын үйретудегі басты мақсат – баланы жан-жақты дамыту жұмысы, оқушылардың жалпы ойын дамытуға мақсатталынады, қызығушылығын оятып, шығармашылықпен айналысуға бағыт береді. Яғни, оқушылардың жазбаша тілін дамыту мәселесін, олардың ойлау қабілетімен байланыстыра, сондай-ақ ойлау мен жазу процесінің бірлігінде ұйымдастырады.
Бағдарламада, оқулықта мектеп өмірінде «жазба жұмысын үйрету» терминдері «тіл ұстарту», «байланыстырып сөйлеу» және т.б. терминдермен алмастыру байқалады.
Өйткені соңғы кездерде тіл мәдениетіне айрықша көңіл бөлініп, бағдарлама, оқулықтарда, әдістемелік әдебиеттерде «жазбаша тіл мәдениетін дамыту», «тіл ұстарту», «тіл дамыту», «байланыстырып сөйлеу» т.б. терминдер жиі ұшырасуда.
Ғалымдардың айтуынша мұғалімдердің іс-тәжірибесіне сүйене отырып, мұғалім қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында оқушыларға жазба жұмыстарын үйрету үшін оның психологиялық, лингвистикалық ғылыми негіздері мен педагогикалық ерекшеліктерін анықтауға болады.
Практикалық және шығармашылық жұмыстардың барлығы сабақта өтіліп отырылған грамматикалық материалдарға байланысты жазбаша тіл ұстарту жұмысы мен арнайы жүргізілген тіл дамыту жұмыстары арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыруға байланысты жүргізілетін жұмыстардың / сөйлем құрау, тест талдау, мазмұндама, шығарма және т.б./ оқушының активтік қиялдарының дамытылуына маңызы зор болып есептеледі.
Жазба жұмыстарын үйретуге бағытталған жұмыстар оқушылардың психикалық процестерінің қызметін /түсінік, қабылдау, зейін, ойлау, сөйлеу, қиял, сезім, ерік/ күшейтеді. Олардың ой белменділігін арттырып, мидың үлкен жарты шарлар қабығында өтіп жататын анализдеу, синтездеу әрекетін арттырады.
Мектеп қабырғасында қазақ тілінен жүргізілетін жазба жұмыстардың оқушыны сауаттылыққа, ұшқыр білімге жетелеуде өзіндік маңызы өте зор. Жазба жұмыстардың түрлері де сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне қарай әр түрлі болып келеді.
Қазақ тілінің методикасының үлкен де күрделі бөлімі – тіл дамыту. Себебі тілдің өзі күрделі құбылыс. Ал қазақ тілі пәнін оқытуға байланысты оқушылардың жазбаша тілін дамытудың әдіс-тәсілдерін анықтау да қиын мәселелердің бірі.
Тіл дамыту әрқашан әдістеме тарихында арнайы қаралып отырды. Оның маңызы, қажеттілігі айқындалды. Бірақ ол әдістеме теориясына арнайы білім ретінде кейін кірді. Әсіресе әдістеменің негізгі атаулары және категориялары тіл дамытуға арналған жұмыстар, жазба жұмыстарының мазмұны, көлемі, құралы, оқушының жазбаша тіл байлығын бағалау, нормалары әлі де анықталу қажет.
Осыған байланысты тіл ғылымы негізінде оқушылардың жазбаша тілін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдері мен қазақ тілі пәні мұғалімінің оқушыларға жазба жұмыстарын үйрету кезіндегі алатын орнын анықтау жұмыстың өзекеті мәселесі болып қарастырылады.
Қазақ тілі сабағында алған білімдерін жазбаша сауатты көрсете білуде жазба жұмысының алатын орны ерекше. Ол сабақ құрылымының 3 түрлі мақсатына сәйкес грамматикалық сауаттылығын тексеріп қана қоймай, есте сақтауын, көркем жазуын, ұқыптылығы мен өз - өзіне деген сенімін нығайтады. Қазақ тілі сабағында алынатын диктанттың 7 - сыныпқа арналған әдістемелік нұсқауда 12 түрі көрсетілген. Соның ішінде бақылау диктантында қатемен жұмыс жүргізудің маңызы зор.
Диктанттың негізгі мақсаты - оқушылардың теориялық білімін сынау, бағалау, оларды сауатты жазуға үйрету болса, қатемен жұмыс жүргізудің мақсаты - жіберілген қатемен сауатты жұмыс жасау болып табылады. Диктантты дұрыс, сауатты жазу үшін грамматиканы үйреніп, талдай білу жеткіліксіз, сонымен қатар көркем әдебиетті көп оқу керек.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жалпы орта білім департаментінің нұсқауы бойынша диктант нормаларын пән мұғалімі білуі тиіс.
Диктант келесі сабаққа тексеріліп әкелінуі керек. Жазба жұмысының соңында орфографиялық, пунктуациялық қате саны көрсетіліп, келесі жолдың оң жағына диктант бағасы қойылады. Мысалы, 1/0 немесе, 5/1 т. с. с. Шартты белгілерді оқушы білуі тиіс:
/ – емле қатесі;
V – тыныс белгі қатесі;
? – түсініксіз;
Z – азат жол.
Қазақ тілі пәнінен алынған жазба жұмыстардағы жіберілген қате бойынша саралау кестесі әрбір жазба жұмысынан кейін сараптамалық талдау негізінде жасалып, оқушымен деңгейлік тапсырмалар негізінде тікелей жұмыс жасауға ықпал етеді. Сондай - ақ жазба жұмыстарын бір - бірімен салыстыруға да мүмкіндік береді.
Қатемен жұмыс жүргізу жолдары:
1. Тексерілген жұмыспен оқушы танысып, қызыл сиямен көрсетілген сөзді жол басына ең әуелі қате түрін, содан кейін сызықша қою арқылы жол аяғына дейін қатесіз жазу керек;
2. Қате жазылған немесе оқушыға таныс емес сөздерге қазақ тілінің түсіндірме сөздігін пайдалана отырып, мағлұмат беру;
3. Жіберілген қате туралы өтілген тақырып бойынша ережені еске түсіру, мысалдар келтірту;
4. Қате жазылған сөзге фонетикалық, лексикалық, морфологиялық талдау жасату;
5. Оқушылардың тасымал, тыныс белгі туралы білімдерін нақтылау, бағдар беру;
6. Диктант мәтініндегі тірек сөздерді тапқызып, сөйлем құрату.
7. Сабақты шығармашылықпен ұштастыра отырып, қате жіберілген сөздердің прозалық, поэзиялық шығармаларда қолданылуына назар аударту, нәтижелі болу үшін жатқа айтқызуға болады.
Күні: 15/02
Сыныбы: 7 «В»
Пәні: қазақ тілі
Сабақтың тақырыбы: Қатемен жұмыс
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік. Жазбаша грамматикалық сауаттылығында жіберілген олқылықтарды жою, білімдерін нақтылау;
2. Дамытушылық. Ойын, есте сақтауын, көркем жазуын дамыту, талдау жұмыстары арқылы білім, білік дағдыларын жетілдіру;
3. Тәрбиелік. Ұқыптылыққа, аңғарымпаздыққа тәрбиелеу, өзіне деген сенімін арттыру.
Сабақтың типі: білімді бекіту
Сабақтың түрі: талдау
Әдіс - тәсілі: байқау, талдау, жеке оқушымен жұмыс, салыстыру.
Көрнекілігі: слайд
Пәнаралық байланыс. география, әдебиет
Сабақтың барысы.
1. Ұйымдастыру.
Оқушылармен амандасып, түгендеу. Сабаққа назар аударту.
2. Сабақтың мақсатын қою.
Жазба жұмысын жазуда жіберілген қателермен жұмыс жүргізу.
Тілдік талдау арқылы теориялық білімін практикада қолдана білуге дағдыландыру.
3. Білімді тексеру кезеңі.
1. Диктантта жіберілген қателерді көру арқылы байқау, мұғалімнің түзетуі бойынша сол
сөзді салыстыру арқылы қате және қатесіз түрін табу.
2. Сол сөздің қатесіз түрін көшіріп жазу;
3. Ортақ қателер: ойпаңына, бос шөппен, түгін, басшылары, азат жол, азда, молда тамбайтын, аспанынан.
Сөздікпен жұмыс.
Ойпаң - төмен, ойлау жер. [Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 626 - бет]
Тасымал туралы түсінік беру.
Тасымал - жазу кезінде сөздің жолға сыймай қалған бөлігін келесі жолға көшіру. Тасымал буынға негізделеді.
Сөздер мынадай жағдайда тасымалданбайды:
1. Бір дауысты дыбыстан тұратын буынды жолда қалдыруға немесе келесі жолға тасымалдауға болмайды. Мысалы, а - та, әули - е.
2. Бір буынды сөз тасымалданбайды.
3. Қысқарған өлшем бірлігін (см) өзі тіркескен саннан (30) бөліп тасымалдауға болмайды.
4. Қысқарған сөз тасымалданбайды.
5. й, у дыбыстары бар сөздерді буынға бөлгенде бұл дыбыстар келесі буынның басында келеді және солай тасымалданады: да - уыс, құ - йын.
6. Екі әріптен құралған я, ю дыбыстарына аяқталған сөздер тасымалданбайды: қою, күю, ұя.
7. Аты және әкесінің аты қысқартылып, басқы дыбысы ғана жазылғанда, фамилиясынан бөліп тасымалдауға болмайды.
4. Әр оқушыға жіберілген қателері бойынша жеке тапсырмалар беру.
а) Аспаны сөзін септеу.
б) Дұрыс тасымалданбаған сөздердің тасымалдану жолдарын тапқызу.
в) Емле қателері бойынша сөздерге сөйлем құрату.
5) Шығармашылық тапсырма.
Мәтіннен етістіктің шағына байланысты түрлерін тауып, теріп жазыңдар.
Берілген сөйлемді сөйлем мүшесіне талдаңдар.
Қыс жауған қар суы, жаз жауған жаңбыр – бәрі - бәрі осы жерге келіп үймелейді.
Осыны ескеріп, ауыл басшылары Бақанас жайылымына малшыларды жыл сайын үш - үштен бөліп, кезек қондырып отырады.
6) Ойпаңына сөзіне фонетикалық талдау жасаңдар.
Жеке оқушымен жұмыс.
Алдын - ала дайындап келген таратпалармен жұмыс жүргізу. (Мысалы, қатесіз жазған оқушыға жеке тапсырмалар беру, диктантты қате жазған оқушымен жұмыс: қате жазу себебін анықтау, сол тақырып бойынша тапсырмалар беру);
«Ең үздік жазылған диктант» айдарымен диктантты үздік жазған оқушыны анықтау, мадақтау, ынталандыру.
7) Көрінбей кетеді, келгенімен сөздерін морфологиялық талдау жасаңдар.
8) Мәтіннен есімшелі сөздерді тауып, теріп жазыңдар.
Жібіген, отырған, келетін, емес, жауған, тамбайтын, айырбастамайтындай, өскен, отырған.
9) Картамен жұмыс. Бақанас көлі туралы түсінік беру.
10). Балалар, өздеріңе таныс әдебиеттен осындай өзен, көл атауларына байланысты қандай шығармаларды білеміз? Қане, кім айтады?
4. Үй тапсырмасы.
Өзен, көл, жер - су атауларына байланысты ақын - жазушылардың шығармаларымен танысып, үзінді жаттау.
5. Бағалау.
Мазмұндама
.Мазмұндама нормалары.
Сыныбы Мазмұндама саны Сөздер саны
5 4 100-150 сөз
6 3 150-200 сөз
7 2 200-250 сөз
8 2 250-300 сөз
9 2 300-350 сөз
10 3-4 350-400 сөз
11 2-3 400-450 сөз
Мазмұндама- оқушының өз ана тілі мен әдебиетінен алған білім тексерудің негізгі нысандарының бірі.Мазмұндама арқылы баланың өз ойы жүйелі баяндай білу қабілеті мен тіл байлығы, сауаттылық деңгейі айқын көрінеді.
Мазмұндама – оқушының жеке тұлға ретінде өзін көрсете алуының белгісі, дағдылы жұмыстың көрінісі. Оқушының ауызша сөз саптауын қалыптастыруды біз қиын дейміз, ал ойын жазбаша түсіруге қалыптастыру одан да қиын. Олай болса, бұл – жүйелі түрде жүріп отыратын ұзақ үдерістің түпкі нәтижесі.
Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тiлдiк материалдарды орынды қолдана бiлуге, жазбаша сөйлеудiң ерекшелiгiн, мәтiннiң синтаксистiк құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игi ықпал етедi. Мазмұндаманы жаздырмас бұрын мынаны ескергеніміз дұрыс:
• Мазмұндама мәтіні оқытудың білімдік, тәрбиелік міндеттеріне сай, мазмұны мен тілі оқушыларға түсінікті болуы тиіс.
• оқушыларға ұсынылатын мәтіндер мазмұнында олардың күнбе-күн араласып, көріп-біліп жүрген етене таныс зат, құбылыс, оқиға және іс-әрекеттер болғаны жөн. Балалар сонда ғана жұмыс барысында онша қиналмай, тез төселіп кетеді.
• Мазмұндамаға қажет мәтінге әдебиет бағдарламасында көрсетілген көркем шығармалар да, бағдарламадан тыс текстер де алынады.
Мәтін мазмұнын айтып бергенде, оқушылар мұғалімнің баяндағанын қайталап қоймай, мәтін мазмұнын өз беттерінше меңгеріп, өз сөздерімен құрастыру талап етіледі. Атап айтқанда, оқушы жазған мазмұндама мәтініне мынадай талап қойылуы тиіс:
- оқушының өз ойы болуы;
- өз жанынан қосымша оқиға қосуы;
- өздігінен қорытынды жасауы;
- мәтін формасын өзгерте мазмұндау, яғни I жақ, осы шақ формасындағы мәтінді, III жақ, өткен шақ формасында немесе керісінше мазмұндауы;
- қысқарта мазмұндау, яғни, берілген мәтіннің тек түйінді, негізгі мәселелерін ғана мазмұндау, қажетсіз деп табылған детальдарды қысқартуы;
- кеңейте мазмұндау, яғни мәтін мазмұнына байланысты дәйексөз (цитата) және эпиграф келтіре отырып мазмұндауы;
- берілген мәтін мазмұнына лайықты ой қорытындысын жасауы.
Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың тілдік материалды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігін, мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең басты қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда әдіскерлер Бегман Ысқақ және Эльмира Оразбаева мазмұндаманың мынандай түрлерін ұсынады:
І. Дайын мәтін бойынша мазмұндама (Дайын мәтін бойынша мазмұндаманың өзін бірнеше түрге бөлуге болады: А) Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау; Ә)Мәтіннің мазмұнын сақтап, бірақ баяндалу формасын өзгерту;
Б) Қысқарта баяндау; В) Толықтырып мазмұндау).
ІІ. Сурет бойынша мазмұндама;
ІІІ. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама.
Дайын мәтін бойынша мазмұндама
(Мазмұндаманың бұл түрі атына лайық, белгілі бір алдын ала дайындалған мәтін бойынша жаздырылады)
А)Мәтінге жуық немесе толық мазмұндау.Мазмұндама-ның бұл түрінде мәтіннің мазмұны бүтіндей қайталанбағанмен, түгелге жуық меңгеріледі. Мәтіндегі сөз тіркесі, сөйлемдер сөзбе-сөз қайталанбауы мүмкін, алайда кейбір жаңа сөздердің, сөйлемдердің, көркемдегіш құралдардың оқушы жұмыстарынан орын алуы мүмкін.
Мазмұндама жазғанда көркем мәтінді қаз қалпында қайталауға жол бермеу үшін белгілі әдіскер-ғалым С.Тілешева мұғалімдердің мына мәселелерді мазмұны тартымды, оқиғасы қызғылықты, көркемдік қуаты жағынан жоғары талапқа сай мәтін таңдауын, мазмұндама жазар алдында мәтінді оқу, әңгімені негізгі бөлімдерге бөліп, оған тақырыптар беру, жоспарын жасату, тілін талдау, т.б. жұмыс-тарын орындатқан жағдайда мәтіндегі барды қайталау болмай, мазмұндама нағыз шығармашылық жұмысқа айналатынын айтады.
Ә)Мәтіннің мазмұнын сақтай отырып, баяндау формасын өзгертіп мазмұндау.Мұнда I жақта баяндалған мәтінді III жақта, өткен шақта құрылған мәтінді келер шақ формасында өзгерте мазмұндау.
Б)Қысқарта (ықшамдап) мазмұндау. Мазмұндаманың бұл түрінде берілген мәтіннен айтылайын деген негізгі ойға қатыссыз, қосымша сюжеттер қысқартылып,ең негізгі,түпкі ойды жазады.
Қысқарта мазмұндаудың да өзіндік маңызы бар, өйткені әңгімедегі іс-әрекеттердің негізгі мен қосалқы жақтарын ажырату барысында да шығармашылық сипатқа ие болады.Мәтінді ықшамдау барысында әңгімедегі қосымша детальдардан түйінді ойды даралауға жаттығады, мазмұнды талдай отырып,қажетті материалды жинақтауға,көп ойды аз сөзбен беруге,пікірін қысқаша баяндауға дағдыланады.Мазмұндаманың бұл түрі оқушыларды сөзді талғап,таңдап қолдануға,сөйлемді жинақы құруға,аз сөзбен көп мағына беруге,тілін ширатуға септігін тигізеді.
В)Толықтырып мазмұндау.Бұл ықшамдап мазмұндауға керісінше,берілген әңгіме мазмұнын толықтырып, кеңейтетін, ұсынылған ойға тың пікірлер мен жаңа сюжеттер тапқызу мақсатында жүргізіледі. Мұнда оқушының шығармашылық қабілетін дамыту мақсат етіледі.
Жұмыстың бұл түрінде бұл әңгіменің қысқаша мазмұны беріледі. Негізгі ой ұсынылады. Оқушы өз жанынан берілген ойды күшейтетіндей детальдар қосып, мәтінді толықтырады. Жаңа сюжеттер қосып, баяндалған іс-әрекетті дәлелдей түседі. Мұндай жұмыстар оқушылардың таным процестерін дамытып, тілін ширатады.
Мазмұндаманың бұл түрін жаздыру мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді. Тыңғылықты дайындалуын қажет етеді.
ІІ. Сурет бойынша мазмұндама жаздыру. Жұмыстың бұл түрін жүргізуде дайын әңгіме бойынша жүргізілетін мазмұндамаға ұқсас жүргізіледі. Олай дейтініміз, мұнда да әңгіме мәтінін мұғалім алдын-ала әзірлейді. Бұл жұмыстардың бір-бірінен айырмашылығы сөз болып отырған мазмұндамада дайын мәтінге қосымша сол оқиға желісін ашатын сурет болады. Жұмыс барысында қылқалам туындысын пайдалана отырып, мазмұндама жазу оқушылардың сурет мазмұнын түсінуге, шығармада бейнеленген зат не құбылыстарды бейнелі де көркем сөзбен өрнектеуді үйретеді. Баланың эстетикалық талғамын байытып, шығармашылық қиялына қанат бітіреді.
Суретті пайдалана отырып жазылатын мазмұндаманың мынандай түрлері бар:
• Белгілі оқиғаға арналған бір сурет бойынша мазмұндама;
• Бір оқиға мазмұнын ашатын сюжетті суреттер арқылы жаздырылатын мазмұндама.
Сурет және сюжетті суреттер бойынша жаздырылатын мазмұндамаларды түрлендіріп өтуге мүмкіндік мол. Атап айтқанда, сюжетті сурет бойынша өткізілетін мазмұндама мәтініндегі қайырымдар мен сөйлемдердің орындарын ауыстырып беріп, оны суреттің сюжетіне байланысты түзеттіріп немесе орны ауыстырылған суреттерді мәтін мазмұны бойынша жүйеге түсіретін түрлері оқушының ойлауы мен қиялын дамытып, шығармашылық қабілетін арттырады.
Сюжетті суреттер арқылы мазмұндама жаздыруда алдын-ала мәтін дайындайды. Сол әңгіме мазмұнына сай бірнеше суреттер әзірлейді.
Әңгіме мазмұнын толық меңгертіп алғаннан соң, балалардан ұсынылып отырған мәтін мазмұнына сай қанша сурет салуға болатыны сұралады. Оқушылар өз нұсқаларын алып, ұсыныстарын дәлелдеуге тырысады. Нәтижеде мәтінді негізгі бөліктерге бөлуге, баяндалған оқиғаның құрамды бөлшектерін тануға, ең бастысы – ондағы идеяны тап басуға дағдыланады. Сюжетті суреттер арқылы мазмұндаманың тағы бір ерекшелігі, біріншіден, сөзден сурет, екіншіден, суреттен сөз тудыру қабілеті қалыптасады.
ІІІ. Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама. Оқушының өз бетінше ойлау қызметін белсенді етудің жолы проблемалы ситуация туғызу. Оқушының шығармашылық ойлауын дамытуда дайын мәтін бойынша мазмұндама жаздырудан гөрі, аяқталмаған мәтін бойынша жұмыс жаздыру анағұрлым тиімді.
Аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама жаздырудағы мақсат – оқушыларды өз бетінше сюжет ойлап, әңгімені әрі қарай жалғастыра отырып, сәтті шешім тауып аяқтауға дағдыландыру.
Бұндай жазба жұмысының түрінде мазмұндама мен шығарманың элементтері кездеседі. Бұрын ылғи дайын мәтінмен жұмыс істеп қалыптасқан оқушы алғаш рет өз ойынан әңгіме құрап, өзіндік ой қорытындысын жасайды. Оқушы мазмұндама мәтінін сәтті не сәтсіз аяқтауы мүмкін. Ол басты мұрат емес. Мұғалімнің негізгі мақсаты – баланы ойлантуға ситуация туғызу. Сол арқылы оның өзіндік «менінің» қабілетіне қанат бітіру, қайнар бұлағын ашу. Бала бойындағы «туа біткен тілдік қабілетін» ояту. Мұғалім бұл жұмысты «жеңілден ауырға қарай жүру» принципі негізінде істейді.
Ал әдіскер-ғалым Рахметова С. мазмұндаманы топтай келіп мынадай түрлерін көрсетеді: дайын әңгіме бойынша мазмұндама, сурет бойынша мазмұндама, кино, диафильм бойынша мазмұндама.
Ғалымдардың пікірінше мазмұндаманың соңғы түрі балаларға күшті әсерін тигізеді. Кино баланың көру, есту сезімдеріне бірдей әсер етеді. Бұл жөнінде Я.А. Коменский мұғалім үшін «Алтын ереже – бала сезім арқылы қабылдай алатын нәрселердің барлығын сезім әсерлерін туғызып білдірген жөн: көруге болатынды көрсет, естуге болатын нәрсені құлақ қойып тыңдасын, иісін иіскеп білсін, дәмін татып көрсін, қолына ұстап нәрсенің қатты-жұмсақтығын байқасын т.б. Кейбір нәрсені түрлі сезім мүшелері бірдей түсініп қабылдағаны жақсы», - дейді.
Фильмдер бойынша сабақ ұйымдастыруда да балалардың зейінін сол фильмдегі оқиғаға аудару мақсатында кіріспе әңгіме айту қажет немесе мұғалімнің өзі алдын- ала мәтін құрастырып алуы керек. Әуелі кино көрсетіледі де, кейін мәтінмен бірге талданады.
Мұндай жазба жұмыстарына жататындар: 1. Жазбаша жаттығулар 2. Қысқа мәтіндер 3. Жазбаша бақылау жұмыстары 4. Диктанттың түрлері 5. Жазбаша ойындар 6. Іс – қағаздарының үлгілері 7. Мазмұндама 8. Сөздікпен жұмыс 9. Шығарма Диктантты бағалау
Сабаққа қойылатын талаптар:
1.Сабақтың тақырыбы бойынша оның білімдік,дамытушылық,тәрбиелік мақсаттарын дұрыс анықтау;
2.Сабақтың түрін анықтау,жаңа материалды өткен материалмен байланыстыру;
3.Оқушының білімін бекіту,қайталау,бақылау жүйесін ойластыру;
4.Үй тапсырмасының көлемін,түсініктілігін,баланың мүмкіндіктерін қадағалау;
Сабаққа дайындалу және ұйымдастыруға қойылатын талаптар:
1.Сабақ материалы оқушының денсаулығына зиян келтірмейтіндей көлемде белгіленуі
қажет;
2.Әр сабаққа дайындықты берілген тақырып бойынша жоспарлаудан бастау қажет;
3.Әр сабаққа демонстрациялық,дидактикалық материалдарды,техникалық құралдарды дайындау;
Сабақ мазмұнына және оқу процесіне қойылатын талаптар:
1.Сабақтың тәрбиелік мәні болуы керек.Оқыту барысында оқушылар өздерін қоғамның жеке тұлғасы ретінде сезінуі қажет;
2.Сабақ мазмұны оқушы өмірімен тікелей байланыста болған жөн;
3.Әр сабақта оқушы шығармашылық ізденісте болуы қажет;
Сабақты өткізу әдісіне қойылатын талаптар:
1.Сабақ коңілді,тартымды өтуі керек;
2.Оқушыны сабақта білімнің керек екенін сезінуге тәрбиелеу қажет;
3.Сабақтың ырғағы мен қарқыны тиісті дәрежеде болуы керек;ол тездік пен сылбырлықты көтермейді.Сабақтың барысы дұрыс ұйымдастырылғанда оқушылар мен мұғалімнің іс-әрекеті нәтижелі болады;
4.Мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара түсінушілік,педагогикалық такт сақталғаны жөн /оқушылардың намысына тура немесе жанамалы түрде тиіп,жәбірлеу дұрыс емес/;
5.Оқушылар арасына өзара өзара түсінушілік жағдай туғызу және шығармашылық еңбек белсенділігін арттыру,өте қажет;
6.Сабақты әр түрлі оқу әдістерін қолданып,түрлендіріп өткізу керек.
Диктантты бағалауда мына параметрлерді есте сақтау керек:
- фонетикалық талдауды білуі;
- сөз құрамына талдауды білуі;
- сөз табына талдауды білуі;
- сөйлемді талдауы;
- сөйлем мүшесіне талдауды білуі;
- морфологиялық талдауды білуі;
- синтаксистік талдауды білуі;
- лексикалық талдауды білуі;
Диктант мәтініне байланысты мұғалімдердің ескеретіндері:
- қажет болған жағдайда мәтін мазмұны жөнінде қысқаша мәлімет беру;
- сөйлемдердің құрылысы мен тыныс белгілерін,оқылу интонациясын ескеру;
- жай сөйлем,құрмалас сөйлемдердің түрлерінің барын анықтау,ондағы екпін,тыныс белгілеріне көңіл бөлу;
- сызықша,тырнақша тәрізді белгілерді қолдану жүйесі;
- егер диктанттың мәтінінде дұрыс жазылуы оқушыларға бұрын түсіндірілмеген қиын сөздер кездессе,онда олар тақтаға жазылады.
- Мәтінді мәнерлеп оқып шығып,содан кейін жеке сөйлемді оқып жаздыра бастайды.Соңғы сөйлем жазылып болған соң, диктант мәтіні толық қайта оқылады.Соңында мұғалімнің рұқсаты бойынша оқушылар өз жұмыстарын қосымша тексере алады.Диктант мәтінін қайтадан көшіруге болмайды.
- Бақылау диктанттарын бағалауда орфографиялық және тыныс белгілік қателері есептеледі.
- Жалпы екі баға қойылады, бірінші баға сауаттылыққа,екінші баға грамматикалық тапсырмаларға қойылады.
Бағалау нормалары.
«5» деген баға:ешбір қатесі болмаса немесе емле,тыныс белгілерінен бір-бірден қате жіберсе;
«4» деген баға:емле және тыныс белгілерінен екі-екіден қате жіберсе;
«3» деген баға:емле мен тыныс белгілерінен 4-5-тен қатесі болса немесе 3 емле,5 тыныс белгі қатесі болса;
«2» деген баға:емле мен тыныс белгілерінің әрқайсысына 6-дан 10-ға дейін;
Ескерту:
Бағалау кезінде қатерлердің қайталануы мен біртектілігіне назар аударылды.Егер бір қате бір сөздіңқұрамында немесе түбірлес сөздердің түбірінде қайталанса, бір қатеге саналады. Бір ережеге жататын қателер біртекті болып есептеледі.Алғашқы біртекті үш қате біреуге саналады да, келесі осындай қателер дербес есптеледі.
Диктант мәтініне қойылатын талап:
а) көлем сынып ерекшелегіне сай болуы тиіс;
ә) тәрбиелік мазмұны болуы керек;
б) мәтіндегі орфограммалар мен пунктограммаларды оқушылар игерген, таныс бағдарламаға сәйкес болуы керек ;
в) мәтіннің көркем шығармалардан алынған үзінді түрінде жеңіл болуын ескерген жөн;
Грамматикалық тапсырмалы диктант сабағының құрылымдық кезеңін шамамен былай көрсетуге болады:
а) тілдік дайындық(өтілген грамматикалық материалдарды еске түсіру)4-5минут.
ә)берілген тапсырманы орындату-4-5 минут.
б) диктант мәтінімен таныстыру, жазғызу -30-35 минут.
в) тексеру, жинау-2-3 минут.
Белгілер мәні:
/- емле қатесі
V- тыныс қатесі
/-азат жол артық қойылған
?- түсініксіз
/- қайталанған ойлар, стилдік қателер, сөз қалдырған
/-жүйе үзілген
Сыныбы |
Диктант саны |
Сөздер саны |
Орфограмма саны |
Тыныс белгілері |
5 |
8 |
90-100 сөз |
12 |
2-3 |
6 |
6 |
100-110 сөз |
16 |
3-4 |
7 |
5 |
110-120 сөз |
20 |
4-5 |
8 |
5 |
120-150 сөз |
24 |
10 |
9 |
4 |
120-150 сөз |
24 |
15 |
10 |
4 |
170-190 сөз |
26 |
18 |
11 |
4 |
190-200 сөз |
26 |
18 |
Диктант жаздыруға қойылатын талаптарды атаңыз.
Жазба жұмыстарына қойылатын негізгі талаптар.
Тіл қай елде, қандай қоғамдық құрылыста болмасын қатынас құралы керек десеңіз тіршілік құралы болып келеді.Отбасынан бастап, тілдің қоғамдағы қызметі туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ.Ал атам заманнан қазақ қоғамындағы тілдің орны, атқарған қызметі ерекше болғаны баршаға аян.Бабаларымыздың «Өнер алды – қызыл тіл», «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген даналық сөздерінің өзі көп нәрсе аңғартса керек.
Рухани бай, жан – жақты дамыған жеке тұлғадағы ең басты қасиеттердің бірі тіл байлығы дер едік, өз ойын нақты, терең мағыналы әрі көркем жеткізе білетін, шешен де ойлы оөйлей білетін, Абайша сілтегенде жүоекке жылы тиетін, «айнасы теп – тегіс жұмыр келетін» сөз құдіретін игерген адамдарда да тұлғалық қасиет қалыптасады.Мектептегі тіл дамыту жұмыстарының ең тиімді жолдары пәнаралық байланысқа иек арту болып табылады.Соның ішінде әдебиет пәні мен қазақ тілі пәндеріндегі тіл дамыту жұмыстарын жеке дара қарастырмай, үнемі, жүйелі түрде,бірлікте,бір мақсатта жүргізіп отырған нәтижелі,жемісті болмақ.Тіл байлығының ұғымы кең.Әр пәннің өз тілі, оған қойылатын өз талаптары бар.Ал қазақ тілі мен әдебиетіндегі тіл дамыту жұмыстарын мынадай мақсаттар негізінде жүргізуге болады:
а/ аз сөзге терең мағына сыйғызу /нақтылық, дәлдік /;
ә/ ойын бейнелі, көркем айшықты да шешен оралымды пайдалана отырып жеткізу / ауызша да, жазбаша да /;
б/ ауызекі сөйлеу тіліндегі мәнерлік, айқындық, нақтылық, жүйелілік, еркіндік;
в/ жазба тілдеріндегі жатықтық,сөздерді түрлендіре пайдалану,сауаттылық, жазу мәдениетіне қойылатын талаптарды меңгеру,қазақ әдебиеттен алған білімдерін қазақ тілі сабақтарында, қазақ тілінен білімдерін әдебиетте пайдалана білу.
Мазмұндама және шығарма жұмыстарының көлемі мен бағалау өлшемдері.
Мазмұндама- оқушының мемлекеттік тілден алған білімін тексерудің негізгі нысандарының бірі.Мазмұндама арқылы оқушының өз ойын жүйелі баяндай алу қабілеті мен байлығы, сауаттылық деңгейі айқын көрінеді.
Сыныптар Сөйлем саны Мазмұндама саны
5 4 немесе 5 сөйлем 2
6 5 немесе 6 сөйлем 2
7 6 немесе 7 сөйлем 2
8 7 немесе 8 сөйлем 2
9 8 немесе 9 сөйлем 2
10 9 немесе 10 сөйлем 2
11 10 немесе 11 сөйлем 2
Мазмұндама мен шығармаға екі баға қойылады:
1-шісі: жұмысының мазмұны мен көркемдік сапасы, тіл байлығы үшін;
2-шісі: грамматикалық сауаттылығы үшін;
Шығарма
Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі.Оқушыдан көркем шығарманы өзіндік ой – пікірі,көзкарасы тұрғысында терең талдап пайымдауы, әсерлі, көркем тілмен жүйелі баяндауы талап етіледі.
Оқушы шығармасының құрылысы: тақырып, жоспар, эпиграф (мүмкіндігіне қарай, міндетті емес), кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімдері, сонымен бірге материалға баяндау әдісі мен оның ретті жүйесі сияқты мәселелерден тұрады.
Шығарма көлемі мен уақыты төмендегідей болады.
5 –сынып – 0,5 – 1 бет;
6 –сынып – 1 – 1,5 бет;
7 –сынып – 1,5 - 2 бет;
8 – сынып – 2 - 3 бет;
9 – сынып – 3 – 4 бет;
10 – сынып – 6 – 8 бет;
11 – сынып – 6 – 8 бет (оқушы дәптерінің беті).
Сыныпта жазылатын шығармаға сабақ кестесінен қатарынан екі сағат беріледі.Бітіру емтиханында 6 сағат.
Шығарма жазуға қойылатын негізгі талаптар:
• Тақырыпты оқушының өз ойы және өз сөзі арқылы толық аша білуі;
• Жазып отырған тақырыптан алшақтамай, оның мазмұнын нақты ашуға талпыну.Шығарманы 5 сыныптан бастап жазады, бірақ 5,6 –сыныптарда үйрету шығарма болып саналады.
5,6 – сыныптарда жоспар беріледі.
Шығарманың екі бағасы болады: екеуі де бір пәнге қойылады.
Әдебиеттен:
Тоқсан сайын шағын шығарма – 1
2 аптада бір рет:
- пікір жазу;
- хабарлама;
- мазмұндама;
- эссе;
- мәтінмен жұмыс;
Ескерту: осы жұмыстың біреуін ғана алу керек.
Сыныбы Саны Сыныпта Үйде
5 4 3 1
6 4 2 2
7 4 2 2
8 6 3 3
9 7 4 3
10 8 4 4
11 9 5 4
Бағалау нормалары. (диктант, мазмұндама, шығарма)
Баға Қателер саны
«5» 1/0 1/0 0/1
«4» 3/3 2/4 1/5
«3» 6/5 5/6 3/8
«2» 9/5 8/9
Шығарманың бағалануы туралы.
Оқушы шығармасын тексеру, бағалау мәселесін негізінен төрт салаға бөліп қарайды:
1. Мазмұндылығы мен идеялығы.
2. Ой - пікірдің жүйелігі.
3. Стилі.
4. Грамматикалық сауаттылығы.
Бұлардың қай – қайсысы да оқушы білімін бағалауда маңызды.Шамамен алғанда, шығарманың идеялығы мен мазмұндылығына оқушылар тақырыпты қалай ашкандығы, қамтылған мәселенің дұрыстығы мен бұрыстығы, дәлелдігі, негізгі ойды жеткізе алуы жатады.Пікір жүйелілігі шығарманың сайкестігі, әрбір бөлімнің мөлшері мен ой жүйесі, пікір ұтымдылығы, т.б. енеді.Тақырыпты ашуға байланысты ойын қалай жеткізгендігі, сөйлемдерінің оралымдығы, сөз қолданысы, бір сөзді бірнеше рет қайталамауы, дәйексөзді қолдана білу, сөйлемді дұрыс құруы сияқты мәселелер жатады.Ал емле, тыныс белгілеріне байланысты жағынан грамматикалық сауаттылық тұрғысынан қаралады.Шығармаға екі қойылады.
Шығарма жазуға үйрету жолдары.
Жас ұрпаққа білім беруде олардың пәнге деген көзқарасын қалыптастыру үлкен рөл атқарады.Шығарма жазу үшін оған жоспар құру әрине оқушылардың ой – қаабілеттерін арттыра түсетіні белгілі.Әдебиет сабағында шығарма жазу - әдебиетті оқыту процесінің сапаға айнаоған нәтижесі табылады.Мұғалімнің педагогтік шеберлігі мен еңбегін айқындау-оқушының әдебиеттік ұғымын, білімін байқайтын, сынайтын көрсеткіші.
Мектеп бітіретін оқушылар кәмелеттік аттестат алу үшін жазатын шығарма жұмысына берілген нұсқауда былай делінген:
«Емтихандық жазба жұмыс – мектеп оқулығын немесе белгі библографиялық – сын мақаланы қайталап, болмаса мұғалімнің пікірінің өңін айналдырып жазып беру емес.Оқушының көркем әдебиетін оқығанда алған әсерін, жазушының өмірімен, шығармашылық І танысқанда білген, жалпы әдебиет пәнін оқуда көңіліне түйген,тағы өзіндік ойлары мен сезімін дұрыс жазып беруін талап ететін жетті.Емтихандық шығарма сапалы болумен қатар, онда әңгіме отырған мәселені терең түсіндіру арқылы эмоцианалдық жақтан айқын- анық баяндалуы және нақты пікірі әдеби көркем тілмен берілуі делінген.
Арнайы нұсқау:
1.Бірінші беттің ортасына жұмыс иесінің аты-жөні жазылады.
2.Екінші бетке екі жол төменірек ашық және айқын етіп тақырып жазылады.Егер тақырып үзінді болып келсе, онда оның астына автордың аты жазылады.
3.Тақырыптан екі жол төменірек шығарманың жоспары жазылады.
Мектептегі шығарма жұмысы оқушының дүниеге көз қалыптастыруда игі ықпал ететіні сөзсіз.Олай болса шығарманың мақсаты – осы.Мектепте шығарма жазу жұмысының қай түрі болса да күрделі ой еңбегі, шығармашылық іс.Оқушының ақыл – ой дамытып, белседілігін арттыруда шығарма жұмысы орасан зор рөл атқарады.Сондықтан мұндай күрделі ақыл – ой еңбегін «шығарма немесе «шығармашылық емес» деп атау ыңғайсыз-ақ.
Шығарманың өзін бірнеше топқа бөлуге болады:
1.Оқушының өз тәжірибесінде, алған әсеріне байланысты.
2.Еркін тақырыпқа жазылған шығарма.
3.Әдеби тақырыпқа жазылған шығарма.
Сонда оқушының өмірден көрген, бақылаған өз тәжірибесі, өз байланысты, осы негізде жазған шығармалары бірыңғай жүйеленеді.
Шығармашылық талапты орындау, оқушының алған тақырыпты толық меңгеріп, оған қажетті материалдарды саралап, тақырыпқа тікелей байланысы жоқ жанама мәселелерден аулақ болу жазу жұмысының тиімділігін арттырудың айғағы екенін мектеп тәжірибелерінен көруге болады.Жоғары сыныптағы шығарма жұмыстарының шығармашылық толғаныспен жазылуы үшін ең алдымен жазу жұмысының теориялық негіздерін білу шарт.
Шығарманың құрылысына назар аударғанда мына схемалық жүйені есте сақтау керек:
1.Әңгіме түріндегі шығармалардың схемасы:
1.Кіріспе ( экспозиция)
2.Негізгі бөлім
а) оқиғаның байланысы
ә) оқиға шиеленісінің жеткен жері
б) шешілуі
3. Қорытынды ( эпилог )
2.Талдау түріндегі шығармалардың схемасы:
1.Кіріспе (тақырыпқа жүктелген міндет) бөлімі.
2.Негізгі бөлім.
а) тақырып көтерген мәселе
б) ұсынылған дәлелдер
б) цитат түріндегі мысалдар
в) Өзіндік ойлар
3. Қорытынды.
Шығарма жазу үшін оқушы мынаны білген жөн:
1.Шығарманың тақырыбын әбден ойлап алып жазу керек.
2.Жоспар тақырыпқа сай, нақты жасалынуы тиіс.
3.Эпиграф тақырып пен негізгі идеяны ашуга сәйкес алынуы керек.
4.Тақырыпқа байланысты материалды іріктеген кезде ең негізгісін алу қажет.
5.Шығарманың реті мен жүйесін сақтау және тақырыптан ауытқымау керек.
6.Айтатын негізгі пікірлері шығарманың негізгі бөлімінде болатынын есте сақтау қажет.
7.Келтірілетін мысалдар, салыстырулар негізгі пікірге байланысты болу керек.
8.Қорытынды ой негізгі пікірлердің төңірегінде жазылуы және айтылатын ой айқын, сөйлем орамды, түсінікті болуы қажет.
9.Әр сөйлемді дәптерге жазар алдында стильдік қате жібермеуді ойлау керек.
10.Ұмытып кетпес үшін байқаған емлелік қателер мен тыныс белгілерін бірден қойып, сауатты жазуға, дәптердің сыртқы көрінісіне мән беру керек.
Қазіргі кездегі оқушылардың шығарма жұмысын тексерудің екі түрі:
1.Оқушы шығармасындағы кемшіліктерді мұғалім өзі түзетеді.
2.Мұғалімнің басшылығымен оқушының өзіне тексерту.
Шығарма жұмысын тексергенде қателерді түрлі шартты белгілер арқылы көрсету керек.Мұның өзіндік бір жүйесі бар:
/- емле қатесі белгіленеді.
V- тыныс белгісінен кеткен қате.
Z- абзац керек деген белгі.
Z- артық қойылған абзац.
?- дүдамал, екі ұшты, осы сөйлемді ойлан деген белгі.
?!- пікірді немесе фактіні бұрмалаудан кеткен кемшілік.
!- осы жерге ерекше көңіл аудар.
~~ - ауыстыруды керек ететін, бірнеше қайталанған сөздер мен сөйлемдер.
---_ стильдік жағынан дұрыс құрылмаған, жөндеп жаз деген белгі.
...- сөз қалдырып кетсе, түсініксіз сөйлемдерді белгілейді.
Әріне, осы белгілерді қойып, оқушының дәптерін қайтаруға болмайды,мұғалім осы шығарма жөнінде рецензия жазып қайтарса, бұл белгілердің оқушыға беретін әсері өте мол.Сондықтан шығармадағы кемшіліктерді жою үшін, оқушылардың осы шартты белгілерді жақсы білулері қажет.Ол үшін мұғалім осы шартты белгілерді жақсы білулері қажет.Ол үшін мұғалім осы шартты белгілерді оқушыларға үнемі таныстырып отырса, дұрыс болар еді.Сонда бұл оқушының есінде мәңгі қалады.Бұл шартты белгілер мұғалімге де өте қолайлы.Себебі ол мұғалімнің уақытын үнемдейді.Шығармадағы кемшіліктерді жазып көрсеткеннен шартты белгіні қоя салу мұғалім үшін жеңіл.Енді осы шығарманы мұғалім тексергенде нені еске алу керектігіне назар аударалық.
1.Дәптердің сыртқы көрінісіне назар аудару керек.
А) тазалығы;
Ә) әріптердің дұрыстығы.
2.Логикалық жағынан
А) тақырып пен идеяның ашылуын;
Ә) пікірдің молдығын;
Б) дәлелдің дұрыстығы.
3.Пікірдің жүйегілі
А) жоспардың жүзеге асуы:
Ә) әрбір бөлімнің мөлшері.
4.Грамматикалық сауаттылығы
А) емлелік жағынан;
Ә) синтаксистік жағынын.
5.Стилі
А)сөйлемдердің дұрыстығы;
Ә) көркемдігі.
Осы қатемен жұмысты да үнемі оқушыларға ескертіп отырған жөн.Осы айтылғандарды басшылыққа алғанда шығарма жұмысы ойдағыдай болады.
Шығарманы жазуға қойылатын негізгі талаптар.
1. Тақырыпты оқущының өз ойы және өз сөзі арқылы аша білуі;
2. Жазып отырған тақырыбынан алшақтамай, оның мазмұнын нақты ашуға талпыну;
3. Артық баяндау, дәлелдемелерге жол бермеу;
4. Шығармадағы болған жайды баяндауға аз сөзге көп мағына сыйгызу;
5. Шығарманның барлық бөліктері тақырып және негізгі ой арқылы бір-бірімен байланысты болу;
6. Шығарманның кіріспе және қорытынды бөлімін қоса алғанда тұтас жұмыстың 4/1 бөлігіндей болу шарт;
7. Міндетті түрде жоспар болуы және мазмұнның осы жоспарға сай болуы шарт;
8. Барлық айтылған ойды жинақтап, тұжырымдап, тиісті қорытынды жасау;
9. Шығырмада қолданылған жазушының өмірбаянына, әдеби шығарманың жазылу тарихына,тарихыи оқиғаларға, кейіпкерлерге қателіктер жіберілмеуі керек;
10. Оқушының жұмысы стильдық біртектілігі мен тіл шеберлегіне қарай бағаланады;
Шығарманы рәсімдеуге қойылатын талаптар.
1. Шығарма тақырыбы тырнақшаға алынбайды.Тақырыпқа цитата алынғанда ғана тырнақша қойылады.
2. Эпиграф парақтың оң жағына тырнақшаға алынбай жазылады.Эпиграфқа алынған жолдардың авторының фамилиясы эпиграфтың астына жақшаға алынбай жазылады.Қай шығармадан алынғанын көрсеткен жағдайда, шығарманың аты тырнақшаға алынып, автордың фамилиясынан кейін үтір қойылып жазылады.
3. «Жоспар» сөзі бар болса, эпиграфтың астына,эпиграф болмаса шығарма тақырыбынан кейін жол ортасына жазылады. «Жоспар» сөзінен кейін нүкте қойылады.
4. Жоспар үш бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды.Әрбір бөлім рим цифрымен белгіленеді, онан кейін нүкте немесе жақша қойылмайды.Негізгі бөлім араб араб цифрларымен (жақшаға алынбай) белгіленген кемінде үш тармақтан тұрады.Әр тармақтың атынан соң нүкте қойылады.Егер шығарма көлемді болса, жоспардың кіріспе, қорытынды бөлімдері де тармақтарға бөлінеді.
5. Шығарма бөлімдерінің, тармақтарының атауларынан кейін нүкте қойылады.Келесі атау бас әріппен жазылады.Егер тармақ тармақшаларға бөлінсе, тармақшаның алдынан кос нүкте, соңынан нүктелі үтір қойылады.Бұл жағдайда тармақша атауы кішкене әріппен жазылады.Соңғы тармақшаның атауынан кейін нүкте қойылып, келесі тармақ не бөлім атауы бас әріппен басталып жазылады.
6. Шығарма бөлімнің, тармақтарының атаулары аз сөзге көп мағына сыйғызуы, мазмұны ауқымды болуы қажет.Мәселен, «Абайдың табиғат лирикасы» деген шығарма тақырыбына ұқсас жалпылама атау жоспардың бөліміне атау бола алмайды.Оның орнына «Абайдың табиғат лирикасының өзіндік ерекшеліктері» деген сияқты атау жазған дұрыс.
7. Жоспар бөлімдерінің атауларында етістік (тұйық райдан басқа) болмайды.Мәселен, «Абай қазақ халқының ұлы перзенті болып табылады деп жазуға болмайды.»Абай- қазақ халқының ұлы перзенті» деген дұрыс.
8. Жоспар тақырыптары сұраулы сөйлем болмағаны жөн.
9. Егер жоспарда цитата қолданылса, оны тырнақшаға алып, автордың фамилиясын цитатаның соңынан жақшаның ішіне жазу қажет.
10. Шығарма жоспарға сәйкес азат жолдар арқылы жазылады.
11. Шығарма жоспардан кейін жаңа жолдан бастап жазылады.
12. Шығармада кездесетін мезгіл көрсеткіштері цифрлармен; ғасыр рим цифрларымен; жыл, күн-араб цифрларымен, басқа сандар сөзбен жазылады.Ғасыр атауы араб цифрымен жазылмайды, жазылып кетсе, қате саналмайды, ол үшін бағаны төмендетуге болмайды.
Ескерту:диктант мәтінінде барлық цифрлар, оның ішінде мезгіл көрсеткіштері де сөзбен жазылады.
13. Цитатаны жазуда тыныс белгілерінің ережелерін басшылыққа аса қажет.Поэзиялық
цитаталар, жыр шумақтары жол ортасына тырнақша алынбай жазылады.
14. Шығарма таза, ұқыпты әрі анық жазылуы тиіс.
