Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
пособие РЭУ.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.63 Mб
Скачать

9.2. Аймақтық әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау-болжамдаудың жетілдірілуіне бағытталған негізгі әдістемелік бағыттар

Аймақтық жоспарлаудың маңызды мәселесі — басымдықтар жүйесін айқындап, оларды қолда бар ресурстармен салыстыру. Аймақтық жоспарлаудың негізгі әдістері: ізденушілік болжамдау әдісі, бағдарламалы-мақсатты әдістер, баланстық әдіс және оптимизациялау әдісі.

Ізденушілік болжамдау әдісі – бұл болашақтағы белгілі мерзімге аймақтық объект немесе құбылыс жағдайы туралы неғұрлым ықтималды болжам. Ізденушілік әдісі сценарий жазу, тарихи аналогияны, анкеталауды, эксперттік бағалауды, экстраполяцияны қамтиды. Мысалы, уақытша қатарлар экстраполяциясының әдісі өткенде әрекет еткен өсім заңдарының қандай да бір ауытқулармен болашақ өсімді де анықтауына негізделген. Аталмыш әдістің басты кемшілігі – жаңа ашылымдар мен ойлап табуларды, сонымен қатар территорияның жаңа шаруашылық игерілуін толық есепке алмау. Оның себебі – әрекет етуші құбылыстар мен процестердің тек сандық өсімінің ғана болжамдануы. Алайда өлшенген регрессия көмегімен адаптивті болжамды жүзеге асыруға болады, ал оның негізінде келіп түсетін жаңа ақпарат болжамды шамалардың бағалауын түзету үшін үздіксіз қолданылады (өндіргіш күштердің дамуындағы территориялық алға жылжулар мен жаңалықтарды ескеруге мүмкіндік береді).

Бағдарламалы-мақсатты әдістер – құрылымдық саясатты жүзеге асыру, экономикалық және әлеуметтік дамудың күрделі басымды мәселелерін шешуге мемлекеттік ықпал етудің тиімді құралы болып табылады. Мақсатты бағдарламалар елдің мемлекеттік, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени, ұлттық даму саласындағы мақсатты мәселелердің тиімді шешілуін қамтамасыз ететін ресурстары, атқарушылары, мерзімдері бойынша байланысқан ғылыми-зерттеу, тәжірибелі-конструкторлық, әлеуметтік-экономикалық және ұйымдық-шаруашылық шаралар кешенін білдіреді.

Бағдарламалар тізімі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымды бағыттарына, кезекті қаржылық жылдағы республикалық бюджет жағдайын бағалауға, бағдарламалардың әлеуметтік-саяси маңыздылығына, экологиялық қауіпсіздік пен бағдарламалардың жүзеге асыруға дайындық дәрежесіне байланысты қалыптасады. Маңызды бағдарламалық мәселелер қатарына жатқызылатындар:

  • экологиялық қауіпсіздікті арттыру мәселесін қоса алғандағы, үлкен әлеуметтік маңызға ие мәселелерді шешу;

  • болашағы жоқ және ескірген өндірістерді біртіндеп жақсарту арқылы тиімді де бәсекеқабілетті өндірістерді қолдау;

  • ресурстардың барлық түрлерін тиімді де үнемді пайдалану, жинақталған құнды ғылыми-техникалық потен­циалды сақтау;

  • құрылымдық деформацияларды анықтау, өндіріс пен төлемқабілетті сұранысты теңестіру;

  • кәсіпорындардың нарықтық жағдайларға бейімделуін жылдамдату, экспорттық потенциалды диверсифика­циялау.

Бағдарламаларды жүзеге асыруға ассигнованиелер құрылымы жеке және шетелдік инвестицияларды қоса алғанда бюджеттен тыс қаражаттар үлес салмағының артуына қарай өзгеруде.

Баланстық әдіс аймақ, сала, ел шеңберінде қажеттіліктер мен ресурстардың сәйкес келуін білдіреді. Оның негізінде өндіру мен тұтынудың жаңа шарттарының ықпалын ескере отырып өңделген прогрессивті технико-экономикалық нормативтер жатыр.

Баланстық әдіс жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың қалыптасуы барысында, аймақ бюджетін өңдеу барысында, ресурстардың аймақаралық айырбасы барысында қолданылады.

Оптимизациялау (оңтайландыру) әдісі - оптималдылықтың кейбір критерияларына сәйкес тиімді даму нұсқасын таңдау. Оптимизациялау процесі мынадай негізгі кезеңдерден қалыптасады: жалпы мәселелердің қойылуы; бастапқы ақпаратты дайындау; мәселені шешу; алынған нәтижелерді талдау.

Аймақтық экономикалық дамуды басқарудың неғұрлым әрекет етуші құралы - стратеги­ялық жоспарлау және аймақтық маркетинг.

Стратегиялық жоспарлау және стратегиялық басқару — қазіргі таңдағы менеджменттің тексерілген әдістері. Стратегиялық жоспарлауды аймақтың дамуын басқаруда қолдану аса жемісті болып табылады. Стратегиялық жоспарлау аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді бағдарламаларын өңдеу барысында, сонымен қатар аймақтар мен қалалардағы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру барысында да табысты қолданыла алады.

Бизнес-жоспарлаумен үйлесетін стратегиялық жоспарлаудың кейбір тәсілдері аймақтық басқару органдарының қызмет ету тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Алайда стратегиялық жоспарлау мен стратегиялық басқарудың кейбір конструктивтік элементтері қалалар мен аудандар әкімшіліктерінің қызметіне толығымен енгізілуі қажет.

Аймақтық дамудың стратегиялық жоспарының жауап беретін басты сұрағы — бұл дағдарыстан қалайша шығу, тұрғын халықтың әл ауқатын арттыру. Кез-келген стратегиялық жоспардың басты пунктісі болып адамның барлық әрекет ету аспектілеріндегі адамның нақты жағдайын бағалау, әлемдегі қазіргі таңдағы жағдайға сәйкес келу дәрежесі. Аймақтың әлеуметтік даму деңгейі оның экономикалық дамуымен анықталады: халықтың өмір сүру деңгейі аймақтағы өндіріс деңгейі және тиімділігімен анықталады. Сондықтан, ең алдымен, экономикалық дамуды жоспарлау керек. Аймақтың экономикалық дамуының негізгі мәселелері:

- Аймаққа жаңа өндірістерді тарту;

- Өндіріс құрылымын жаңарту;

- Әрекет етуші өндірістерді дамыту, ең алдымен, халықтың өмірлік іс-әрекетінің инфрақұрылымын дамыту;

- жалақысы жоғары жаңа жұмыс орындарын ашу.

Аймақтардың экономикалық дамуының неғұрлым сипатты мәселелері — бұл аймаққа тек экономикалық агенттерді тарту ғана емес, сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй салу және жаңарту, жердің пайдаланылуын реттеу, жұмысбастылықты жоғары деңгейге көтеру, экологиялық мәселелерді шешу.

А.П. Гапоненко анықтамасы бойынша аймақтың экономикалық дамуын стратегиялық жоспарлау циклын былайша сипаттауға болады:

  1. Аймақтың даму мақсаттарын анықтау

  2. Аймақтың әлді және әлсіз жақтарын анықтау.

  3. Жаңа жергілікті артықшылықтарды пайдалану және қалыптастыру.

  4. Даму тұжырымдамасын өңдеу.

  5. Нақты әрекеттер жоспарын өңдеу және стратегияны жүзеге асыру.

  6. Тиімділік пен нәтижелілікті талдау, оларға қол жеткізу мақсаттары мен әдістеріне түзетулер енгізу.

Осы кезеңдерге толығырақ тоқталсақ.

Аймақтың даму мақсаттарын анықтау. Өлшемділік, қол жетімділік, уақыт бойынша бағдарланушылықтың стандартты талаптарын қанағаттандыратын дамудың қалыптастырылған мақсаттар жүйесі республикалық бюджеттен алынған қаражаттарға қарағанда аймаққа жоғары пайда әкелуі мүмкін. Жалпы мақсаттар белгілі уақыт аралығындағы аймақ дамуының қажетті жағдайын сипаттауы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттары іскерлік шеңберлер арасында мақсаттардың талқылануы мен өңделуін талап етеді.

Аймақтық дамудың жалпы мақсаттары аталмыш аймақтағы өмір сүру ортасының сапасын сипаттап, экономикалық дамудың сандық және сапалық бағдарларын қалыптастырады. Олар нақты болуы тиіс.

Егер жалпы мақсаттарды өлшенетін және нақты мақсаттарға өзгерту мүмкін болмаса, онда бұл осы мақсаттарға қол жеткізу бойынша шараларды жүйелеудің мүмкін еместігін білдіреді. Нақты мақсаттар мынадай сұрақтарға жауап береді: не болуы керек; қайда және қашан; қандай сандық нәтижелерге қол жеткізу керек?

Аймақтың әлді және әлсіз жақтарын анықтау. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының болашақтағы бағдарламалары бағаланады, табысқа жету мен сәтсіздіктер себептері анықталады.

Аймақтың ішкі артықшылықтары мен әлсіз жақтарына талдау жасалады. Ол үшін аймақ ресурстары туралы объективті мәліметтер талдауға алынады: адамзат ресурстары (халықтың жасаралық құрылымы, ұлттық құрамы, миграция, халықтың өсім факторлары, білім, жұмысбастылардың кәсіби құрамы, жұмыссыздық қарқыны мен деңгейі, табыстар, жалақы деңгейі, халықтың жан басына шаққандағы ЖАӨ, еңбек өнімділігі, өмір сүру ұзақтығы);

Қазіргі таңда, яғни бірқатар аймақтарда әлеуметтік-экономикалық дамудың постиндустриалды қарқындары байқалатын жағдайда, тек материалдық салада ғана емес, сонымен қатар қызмет көрсету саласындағы аймақтық артықшылықтарды атап өту қажет. Аймақ өз қызметтерін өзге аймақтарға «экспорттай» алуы керек. Қызметтерді өндіру ресурстарды тартып, материалдық құндылықтардың артуына да ықпал ете алады. Қаржылық, сақтандыру, кеңес беру, аудиторлық, байланыс қызметтері, ақпарат, білім беру, медициналық қызметтер — экономикалық белсенділіктің осындай барлық түрлері қазіргі таңда аймақтық дамуға жәрдемдесе алады.

Әрекет етуші жергілікті басымдықтарды пайдалану және жаңа басымдықтарды қалыптастыру. Стратегиялық жоспарлау шеңберінде аймақтың әрекет етуші артықшылықтарын пайдалану қарастырылады (орналасуы, негізгі нарықтардың жақындығы, демографиялық ерекшеліктер, инфрақұрылымның дамуы). Аталмыш аймақты өзге аймақтардан айрықшалайтын бәсекеқабілеттілік факторлары, сонымен қатар экономикалық дамуды басқару процесінде қалыптастырылатын бәсекеқабілеттіліктің жаңа факторлары айқындалады. Осылайша, жүзеге асырылмаған аймақтық артықшылықтар қалыптасады. Жаңа жергілікті артықшылықтарды құруға айрықша назар аударылады:

- нарықтық инфрақұрылымды және коммуникациялық линияларды құру; қауіпсіздік (жеке және бизнестің);

- табиғи ресурстар (жерді пайдалану, табиғи байлықтардың болуы, рекреациялық ресурстар, тарихи байлықтар);

- экономикалық ресурстар (жергілікті экономиканың құрылымы; жылдам дамитын басымды өндіріс салалары; жекешелендіру; жерге жеке меншік; қоғамдық және жеке инвестициялар; жергілікті қызметтердің құрамы мен көлемі; инфрақұрылым; көлік және байланыс; шағын кәсіпкерлікті дамыту дәрежесі; кәсіпорындардың «экспорттық» іс-әрекеті).

Аймақтық дамудың ішкі факторлары, негізгі және қосымша салалар нақтыланады, аймақтың қандай даму кезеңінде әрекет ететіндігі анықталады — индустриалды, постиндустриалды, индустриалдыға дейін. Осыған байланысты басымды салаларды бөліп қарастырып, қосылған құнның қай салаларда және қандай факторлардың есебінен құрылатынын анықтап, осының негізінде аймақтың экономикалық даму мақсаттарын нақтылауға болады.

Қазіргі таңда аймақтық нарықтық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жағдайлар аймақты дамытудағы негізгі факторлардың бірі болып табылады: әлеуметтік-экономикалық даму аймақта банктік, сақтандыру, кеңес беру, инвестициялық және өзге де институттардың қаншалықты кеңінен дамығанынан тәуелді болады. Қазіргі әлемде дәл осы дамыған қаржылық орта инновациялық идеялардың енгізілуіне, барлық экономикалық кешеннің иілмелілігі мен бейімделушілігіне ықпал етеді.

Аймақты дамытудың қазіргі таңдағы маңызды факторы — сапалы инфрақұрылымдық байланыстың болуыаймақтық компьютерлік желілердің қазіргі таңдағы коммуника­циялық линиялары, Интернетке еркін кіру.

Бүгінгі күні айтарлықтай маңызды аймақтық басымдылыққа қауіпсіздік дәрежесін (бизнесті жүргізудегі жеке қауіпсіздік) жатқызуға болады. Қауіпсіздік деңгейі төмен болса аймаққа стратегиялық инвесторларды тарту еш нәтижеге әкелмейді.

Аймақтық кадрлардың жоғары біліктілік дәрежесін қолдау да аймақтық дамудың айтарлықтай маңызды факторы. Аймақтағы жұмыс істейтін адамдардың біліктілік дәрежесі білім беру саласындағы аймақтық саясатпен, сонымен қатар қоршаған орта мен өмір сапасымен анықталады. Қаладағы жаңа жұмыс орындарының жалақысы жоғары болып, жоғары біліктілікті талап етіп, экономикалық гүлденуге жәрдемдесуі маңызды.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын стратегиялық жоспарлаудың аталмыш кезеңінде аймақтың мықты жақтарын максималды пайдалану, сонымен қатар әлсіз жақтарды болдырмай, артықшылықтарға айналдыру мүмкіндіктері қарастырылады. Мысалы, Қарағанды облысының 2008-2010 жж. арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімдік жоспары (әрі қарай жоспар) 2002 жылдың 14 маусымында №647 ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімдік жоспарларын өңдеу Ережелеріне сәйкес өңделген.

Жоспар ішкі және сыртқы факторларға байланысты 2008-2010 жылдардағы облыс экономикасының даму қарқындарын негіздеп, экономиканың жеке және мемлекеттік секторларын дамыту үшін қолайлы жағдай жасау саласындағы мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының әрекеттерін анықтайды.