Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
пособие РЭУ.doc
Скачиваний:
84
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Такырып 1. Аймақтық экономика және басқару пәні. Аймақтар ұғымы және типологиясы

1.1.Аймақтық экономика мен басқаруды зерттеудің пәні, негізгі міндеттері.

1.2. Аймақтық экономика мен басқарудың әдістері

1.3. Аймақтық экономика мен басқарудың экономикалық ғылымдар жүйесіндегі орны.

1.4.Аймақтық экономиканың негізгі ұғымдары.

1.5. Аймақтарды типтерге бөлу қажеттілігі

1.1.Аймақтық экономика мен басқаруды зерттеудің пәні, негізгі міндеттері

Аймақтық экономика, біріншіден, «ұлттық экономика құрылымындағы территориялық-өндірістік кешеннің шаруашылық өмірін ұйымдастыру тәсілі», екіншіден — «экономикалық қатынастардың территориялық-функционалды аспектілерін зерттейтін ғылым саласы».

Нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен даму жағдайында күрделі экономикалық реформаларды ғылыми негіздеу үшін аймақтық экономика зор маңызға ие болады, яғни өндіргіш күштерді орналастыру, аймақ экономикасының негіздері жайлы ғылыми ілімдер саласы.

Экономикалық қайта құруларды ғылыми саралау мен қамтамасыз ету, аймақаралық байланыстардың тиімділігін арттыру мақсатында бірегей экономикалық кеңістікті құру, аймақтық нарықтарды қалыптастыруда аймақтық экономика аса маңызды рольге ие.

Білім саласы ретінде аймақтық экономика аймақтанудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, яғни тарихи, демографиялық, ұлттық діни, экологиялық, саяси-құқықтық, табиғи-ресурстық ерекшеліктерді ескере отырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жүйесінің қалыптасу және қызмет ету заңдылықтарын зерттейтін кешенді де интегралды әлеуметтік-экономикалық ғылым.

Сондықтан, аймақтық экономика басқарушылық және құқықтық ғылымдарға, экономикалық және әлеуметтік география, әлеуметтану, экология сияқты ғылыми пәндерге сүйенеді.

Аймақтық экономиканың мазмұны рационалды, ғылыми негізделген аймақтық саясат пен стратегияны өңдеуге ықпал етеді.

Қазіргі таңдағы аймақтық экономика — экономикалық білім салаларының бірі.

Аймақтық экономика – күрделі шаруашылық, әлеуметтік, ұйымдық, ғылыми-техникалық жүйе. Ол табиғи-ресурстық, өндірістік, еңбек және ғылыми-техникалық сияқты жалпы экономикалық потенциалға ие.

Ұлттық шаруашылық жүйеде бір экономикалық кеңістікте немесе елдің экономикалық кеңістігінде әрекет ететін бірнеше деңгейлерді бөліп қарастыруға болады.

1. Еларалық деңгей, яғни елдің ұлттық экономикасының өзге елдермен, жалпы әлемдік шаруашылық жүйемен, аймақтық қауымдастыққа біріккен елдердің шаруашылық жүйелерімен өзара әрекет ету деңгейі.

2. Жалпыұлттық макроэкономикалық деңгей, яғни елдің ұлттық экономикасының ішкішаруашылық өзара әрекеттесу ауқымы.

3. Аймақтық деңгей, яғни елдің әрбір аймақтарының өзара байланысу деңгейі.

4. Аймақішілік деңгей, яғни елдің шаруашылық субъектілерінің ішіндегі қоғамдық еңбек бөлінісі шеңберіндегі өзара қатынастар жүйесі.

5. Ұлттық экономика салаларының кешендері: АӨК, ТЭК және т.б.

6. Ұлттық шаруашылық жүйесінің жекелеген салаларының деңгейі — өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы.

7. Салаішілік деңгей. Мысалы, ауылшаруашылығындағы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының, құрылыстағы өнеркәсіптік және тұрғын үй құрылысының өзара әрекеттесу деңгейі.

8. Барлық формадағы кәсіпорын, ұйымдардың өнеркәсіптік-қаржылық топтарға бірігу деңгейі.

9. Елдің заңнамасымен қарастырылған шаруашылық етудің жекелеген ұйымдық-құқықтық формаларының деңгейі.

10. Өндірісішілік деңгей: кәсіпорын, компания, кәсіпорындар, фирмалар, ұйымдар, бірлестіктердің цехтері мен қызметтік бөлімшелері.

Ел экономикасы қызмет етуінің барлық деңгейлері ұйымдық-құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және өзге де байланыстар кешенімен біріктірілген. Аталмыш өзара байланыстар келесілерге қатысты:

- меншік формалары;

- шаруашылық процеске қатысатын және еңбек шығындары, шикізат, энергия, капитал формасында шаруашылық айналымға тартылған түрлі ресурстардың материалды ағындарының қозғалысы;

- ақша массасының ағыны (қол ақша және қолма-қол емес ақша), сонымен қатар барлық құнды қағаздардың қозғалысы (акциялар, облигациялар, т.б.).

Барлық қатынастар елдің мемлекеттік билігінің заңнамалық және нормативтік актілерімен, сондай-ақ елдегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдер жүйесімен, халықаралық құқық нормаларымен реттеледі.

Мемлекет пен қоғамның мүдделерін ескере отырып, шаруашылықтың дамуын тиімді басқаруда аймақтық экономиканың саласы ретінде қарастыруға болатын экономикалық ғылым (ЭҒ) зор рольге ие. Мұнда аталмыш экономикалық ғылым мынадай маңызды мәселелерді шешеді:

1) объективті экономикалық заңдарды зерттеу негізінде ол кеңейтілген ұдайы өндірістің әлеуметтік-экономикалық процестерінің даму заңдылықтары, көлемі, қарқыны, пропорциялары түріндегі спецификалық формаларды талдайды;

2) бұл әлемдік және отандық тәжірибені терең де негізделген талдау арқылы шаруашылық жүйелердің типтерін, оларды ұйымдастыру мен басқару формаларын зерттейтін, қандай да бір уақыт кезеңіндегі нақты ұдайы өндірісті қамтитын шаруашылық шешімдерді өңдеп, болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестер мен ұдайы өндіріс құбылыстарын ескере отырып, макроэкономикалық деңгейдегі шешімдерді жүзеге асыратын адамзат іс-әрекетінің саласы;

3) экономикалық ғылым ұдайы өндіріске қатысты макроэкономикалық тәсілдемені сипаттайды;

4) ғылым — бұл өткен, нақты және болашақ кезеңдердің әлеуметтік-экономикалық процестерін есепке алатын шаруашылық тәжірибенің саласы;

5) ғылым әлеуметтік, демографиялық, экономикалық, құрылымдық, технико-технологиялық, инвестициялы-инновациялық, ақша-несиелік, валюталық, кедендік және өзге саясаттардың шаруашылық шешімдеріне түзетулер мен өзгертулер енгізу үшін аймақтың шаруашылық жүйесінің даму заңдылықтары мен қарқынын анықтайтын факторларды зерттеуге арналған;

6) ұдайы өндіріс процесінің интегралды көрсеткіштері талдауға алынады.

Ғылым мен адамдардың шаруашылық тәжірибесінің саласы ретінде аймақтық экономика мынадай құрамдас бөліктерді қамтиды:

  • ғылымның объектісі;

  • ғылымның пәні;

  • ғылымның әдістемелік құралдары,

  • ғылымның субъектілері.

Аймақтық экономиканың объектісі – аймақтың шаруашылық жүйесі.

Аймақтық экономиканың пәні – елдің өндіргіш күштерінің орналастырылуын, әлеуметтік-экономикалық аймақтық дамудың негізгі қарқындарын, экономика салаларының орналастырылуын, аймақтың маңызды табиғи-экономикалық, демографиялық және экологиялық ерекшеліктерін, аймақаралық, аймақішілік, мемлекетаралық байланыстарды зерттеу. Басқаша айтқанда, аймақтық экономиканы зерттеу пәнінінің маңызды құраушысы — қоғамдық ұдайы өндірістің кеңістіктік аспектісін зерттеу.

Аймақтық экономиканың құралдары – жүйенің даму параметрлерінің жағдайын, факторлары, мәселелерін, заңдылықтары мен қарқындарын талдауға қатысты теоретико-әдістемелік тәсілдемелер және осы негізде өңделген елдің және ел халқының мүдделерін ескеретін макроэкономикалық шаруашылық шешімдерді дайындау мен жүзеге асырудың шаралары, әдістері және құралдары.

Аймақтық экономиканың субъектілері — экономикалық ғылым мен шаруашылық тәжірибесінің алдында тұрған қызметтер, мақсаттар мен мәселелерді жүзеге асыратын аймақтардың шаруашылық жүйесін басқару органдары.