Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Көркем шығарманы СТО.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
771.07 Кб
Скачать

44Әңгіме құрамындағы уақыт пен кеңістік категорияларын эссе жазу арқылы талдаңыз.

Көркемдік уақыт пен кеңістік - әдебиеттану ғылымындағы мәні терең өзекті мәселелердің бірі. Болмыстағы құбылыстардың барлығын біз осы өлшемдер арқылы ғана бағамдай аламыз. Тылсым табиғатта мезгіл мен мекен заңдылығына бағынбайтын еш нәрсе болмас. Кеңес заманында таптық ұстанымға сүйенген зерттеушілер кеңістік пен уақытты тарихи уақыттың ғана ішінде қарастырды. Алайда соңғы жылдары көркем шығармадағы уақыт пен кеңістік мәселесін зерттеген теориялық еңбектер жарық көруде. Орыс әдебиеттануында көркемдік кеңістік пен уақыт турасында алғаш сөз қозғаған ғалымның бірі - М.Бахтин. Ол көркем шығарманың бітіміне лайық өзара байланысқа түсіп, көркемдік қызмет атқаратын уақыт пен кеңістіктің бірлігін «хронотоп» деп атайды. Көркем шығармадағы «хронотоп» немесе «мекеншақ» (Б.Майтанов) ұғымы әлемнің философиялық-логикалық моделін бейнелеу арқылы өтпелі дәуір әдеби процесіндегі терең өзгерістерді пайымдауға мүмкіндік береді. М.Бахтин: «Әдеби көркем шығармадағы хронотоп дегеніміз – уақыт пен кеңістік белгілерінің нақтылы бір бүтіннің табиғатына лайық бірлікте көрінуі. Мұнда уақыт қоюланып тығыздалады, сығылысады. Сөйтіп көркемдігімен көзге түсетіндей дәрежеге жетеді: ал кеңістік болса, шоғырланады, тарихтың, сюжеттің, уақыттың қозғалысына бағындырылады. Уақыт таңбасы кеңістікте белгіленіп көрінеді. Ал кеңістік уақыт арқылы танылып, уақыт арқылы өлшенеді. Мінеки көркем хронотоп қатпарлардың осылай қиысып,белгілердің осылай қосылып, тұтастануымен сипатталады» [1, 235] - деп анықтама береді.

Аталған уақыт пен кеңістік ұғымдары әдебиет пен өнерге қатысты үш салаға бөлініп қарастырылады: 1.Реалды (физикалық) уақыт пен кеңістік; 2.Концептуалдық уақыт пен кеңістік; 3.Перцептуалдық уақыт пен кеңістік [2, 11].

Уақыт пен кеңістік категорияларының мағынасы, функциялары, құрылымы Б.М.Бахтин, Д.С.Лихачев, Н.К.Гей, Г.М.Фридлендер, А.Я.Гуревич т.б. ғалымдарың еңбектерінде қарастырылады. Осы мәселе З.Қабдолов, З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Т.Рахымжанов, А.Ж.Жақсылықов, Н.Джуанышбеков, А.Темірболат еңбектерінде сөз болады.

Реалды уақыт пен кеңістік бізден тыс объективті түрде болып жатқан құбылыстарда, олардың алмасу, орын ауыстыру өзгешеліктеріне қатысты. Адамзаттың ұғымында олар туралы түсініктің болуы да, болмауы да мүмкін. Концептуалдық уақыт пен кеңістік – табиғат, аспан денелері, қоршаған орта туралы біздің заманымызда жинақталған ұғымдар. Бұл іс жүзінде реалды уақыт пен кеңістіктің санамыздағы үлгісі болып табылады. Бұған әр халықтың өзінше қолданатын ай, күн, календарлары, мүшел, жыл санау, жыл қайыру ерекшеліктерін жатқызуға болады. Перцептуалдық уақыт пен кеңістік ұғымы адамдардың сезім-түйсіктерінің, психологиялық суреттерінің өзгеріп отыруымен төркіндес. Мәселен, көркем шығарманың өз ішінде ғана жүріп отыратын уақыт пен кеңістікке қатысты адамдардың көңіл-күйінің өзгеріп отыруы осының айғағы.

Уақыт пен кеңістіктің біздің санамызда бейнеленген қандай үлгісі болса да, олардың өзгешеліктері, өлшем-пішіндері реалды уақыт пен кеңістікке қарап анықталады, барлығы да содан туындайды. Уақыт пен кеңістік жазушының дүниетанымын, дүниені қабылдауын, жазушы стилін қалыптастыруда үлкен роль атқарады, сол арқылы әлемнің жеке-авторлық суретін құру ерекшелігін, көркем шығарманың ішкі заңдылықтарын айқындайды, шығарманың композициялық тірегі болып, көркем образдардың ашылуының ішкі ұйымдастырушысы болады. Уақыт пен кеңістікті зерттеу көркем шығарманың тініне бойлап, оның құрылу спецификасын, жазушының дүние туралы концепциясын айқындауға мүмкіндік береді.

Жазушы өз шығармасында оқиға өтетін белгілі бір кеңістікті жасайды. Ол кеңістіктің ауқымы кеңейіп, оқиғадан да тыс көп дүниелерді қамтуы мүмкін. Авантюралық, саяхаттық немесе фантастикалық, модернистік романдарда оқиға жерден тыс басқа әлемдерде өтуі мүмкін. Сонымен қатар оқиға бір бөлменің ішінде ғана немесе бір күн, бір сағат ішінде өтуі де мүмкін. Кеңістіктің «географиялық орта» ретінде нақты, реалды түрі болады. Мысалы тарихи романдардағы кеңістік. Ол ойдан шығарылған, фантастикалық сипатта болуы мүмкін. Сонымен қатар кеңістік пен уақыттың мифтік түрі де бар.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ прозасында уақыт пен кеңістік өлшемдері күрделенді. Реалдылық ертегімен, мифпен жымдаса өрілді. Нәтижесінде хронотоп шартты сипатқа ие болды. Мысалы, Дулат Исабеков шығармаларындағы болып жататын оқиғалар кеңістік жағынан әдейі тиянақталмаған. Оқиғаның қандай жерде, қай уақытта болып жатқанын тек адамдар қатынасынан, анда-санда бір көрініп қалып жататын тұрмыстық суреттерден, кейіпкерлердің сөз саптау ерекшеліктерінен ғана жобалай аламыз. Автор үшін ол негізгі максат та емес. Қаламгердің біз зерттеп отырған повестеріндегі трагизм жазушының нақты бір қоғамдағы әлеуметтік шындыққа келіспеу идеясынан, наразылығынан емес, жалпыға ортақ категориялардан туындайды. Сол мақсатты суреткер жеке адамдардың ғұмыры мен тағдырына үңілу арқылы жүзеге асыруға тырысады.

Көркем шығармадағы кеңістік пен уақыт сол шығармадағы оқиға, іс-әрекеттерге қатысты өзгереді. Ал олардың алмасуына, бір-біріне қатысты жүйеге түсуіне әлеуметтік жағдай себепші, іс-әрекеттің мән-мағынасына бағындырылған. Шығармада қаһарманның дүниеге келген сәтінен кемеліне келген шағына дейінгі кезеңді тездетіп баяндау, уақытты сығымдау немесе оны созу, оқиғаны тек соның айналасына жинақтап, дамыту т.б. уақыт пен кеңістік категорияларына да әсер етеді. Реалды уақыт үздіксіз өтіп жатады және үнемі алға біркелкі жылжиды. Бізді қабылдауымызда уақыт кейде ақырын, кейде жылдам ауысқандай болады. Ал көркем шығармадағы уақыт оқиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу жүріп, кейде үзіліп те отыруы мүмкін. Қайсыбір шығармаларда оқиға аяғынан басталып, суреткер уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі мүмкін. Мәселен, О.Бөкеевтің «Үркер», «Бәрі де майдан» шығармаларында уақыт кейін жылжытылып, негізгі оқиғалар, тартыс лирикалық шегініс арқылы беріліп отырады.

О.Бөкеев шығармаларында уақыт пен кеңістік композициясы үлкен орын алады. Жазушының өзі де «Қар қызы» повесі жөнінде: «Ол повесте менің айтайын дегенім тракторшылар өмірі емес, кеңістік пен жалғыздық мәселесі, адамның кеңістікті түсінуі, қабылдауы, кеңістіктің жалғыздыққа жасайтын ықпалы» - дейді. О.Бөкеев шығармаларында жыл мезгілдері: қыс, көктем, жаз, күз өз кезеңдеріне сай айшықты бедерленіп отыруымен қатар уақыттың да өлшемі болып суреттеледі. Шығармаларда суреттелетін оқиғалардың уақтысы, мезгілі нақтылы көрініс табады. Таңның қылаң беруі, күннің шығуы, сәуле шашуы, талма түс, бесін, өліара бітіп айдың жаңалануы, айдың толысуы, бәрі де мезгілдік қызмет атқарып тұр. Сонымен бірге жазушы шығармаларындағы оқиғалар, іс-әрекеттер нақты сюжеттік уақыт жағынан алғанда екі-үш тәуліктік мерзімді ғана қамтып көрсетеді. Қалғандары кейіпкердің жан-дүниесіне сыналай кіру, ой дүниесін ақтару арқылы лирикалық шегініс, кейіпкер монологтары арқылы беріліп отырады. Жазушының «Мұзтау» повесінде негізгі кейіпкер Ақтанның нақтылы уақыт, үш күнгі елден жырақ тіршілігі суреттеледі. Ақтанның ойы, естеліктері кейін шегіну арқылы ғасырлар тереңінен сыр тартып көркемдік уақыттың танымдық сипатын, әсерлігін арттыра түседі. Автор кейіпкердің дүниеге көзқарасының қалыптасуына ерекше әсер еткен жағдайларды, мәнді кезеңдерді таңдай отырып, шығармадағы тарихи уақыт сыйымдылығын арттыра түседі. Өмірі Аршалының тарихымен сабақтас жазушы өзі «ақ көңіл адам еді» деп сипаттайтын өтірікші Асан шалдың ертегілері арқылы көркемдік уақыттың қаншалықты маңызды, мағыналы болатындығына көз жеткізеді. Осы Асан шалдың өтірігі арқылы шығармада фольклорлық уақыт пен кеңістік те бейнеленеді.

Тәуелсіздік жылдарындағы әдеби процесте мениппеяның кейбір белгілерін бойына жинаған, көркемдік ізденісі, тақырыбы, әдісі тұрғысынан елді елең еткізген, көзге «алабөтен» көрінген шығарманың бірі – М. Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаясы. Шығармадағы фантастикалық, философиялық мотив, жұмбақ жайттар, уақыт пен кеңістіктегі еркіндік бірден зерттеушілердің қызығушылығын тудырды, қызу талқылаудың нысанына айналды. М. Мағауиннің «Қыпщақ аруы» романындағы басты кейіпкер – сұлулық. Айсұлу бегім уақыт пен кеңістікке тәуелсіз сұлулықтың символына айналған. Сюжеттік шырғалаң, шығарманың мазмұндық астарының қалыңдығы, уақыт пен кеңістік аясындағы еркіндік, өткен мен бүгін арасындағы контраст, өткен тарих сілемдеріне назар салу, ретроспективтік ыңғайдың молдығы жазушы шеберлігінің табиғи қуатын танытады.

Қазіргі қазақ прозасында мифтік бастаудың әсері күшті. Қаламгерлер өз шығармаларында аңыз-әңгімелерді, діни көне сюжеттерді кеңінен қолдану үстінде, бұл өз кезегінде олардың шығармаларындағы кеңістіктік-мезгілдік өлшемдердің күрделенуіне әкелді. Бұл ретте қаһармандардың ішкі әлемінің ұңғыл-шұңғылын, олардың жан дүниесінің, санасының, жадының, қиялының кеңістіктерін зерттеуге назар аудара бастады. Бұл бір жағынан адаммен байланысты философиялық мәселенің түп негізіне бойлауға, екінші жағынан жеке уақыт пен кеңістіктің шекарасын жылжытуға мүмкіндік берді.

Әдеби шығарманың композициясы – бейнеленген заттық бірліктердің және тілдік-көркемдік тәсілдердің ретпен орналасуы мен сабақтастығы, шығарма элементтерінің, белгілердің байланысу жүйесі» [3, 150]. Теорияға иек артсақ, сюжет те, композиция да әдеби шығарманың мазмұнын көркем жинақтайтын формаға жатады. Бұлардың бірлігімен қатар өзгешеліктері де бар. Композиция барлық шығармада болады, өйткені композициясыз шығарма көркемдік қасиетінен айрылады. Композиция сюжеттен тыс нәрселерді де қиюластырады, яғни ол - сюжеттен кең ұғым. Әр суреткер шығармасының сюжетін өз қалауынша құрады, белгілі бір қалыпқа бағынбайды. Әр шығарманың архитектоникасы әр түрлі. Сюжет кез келген көркем шығармада бола бермейді (көбіне лирикалық өлеңдерде). Бұл турасында О.И.Федотов: «Толық мағынасында эпос пен драма ғана сюжетті; оқиғалық желісі әлсіз немесе тіпті жоқ лирикалық шығармаларда сюжет болмауы да мүмкін. «Нүктелік» сюжет (В.В.Кожинов) ұғымы да бұл жағдайда жеміссіз» [4, 85] - дейді.

Мысалы М.Жұмабаевтың «Жаралы жан» өлеңін алайық:

Соқпа сорлы жүрегім,

Шірі енді, ақ білегім!

Мынау қара құзғынның

Бердің-ау тәңірім, тілегін!

Сауықшыл есіл елім-ау,

Сарыарқа сайран жерім-ау!

Күмістей таза суы бар,

Айдын шалқар көлім-ай.

Сол жерде ойнап жүре алмай,

сауық-сайран құра алмай,

қарғаға құзғын жем болып,

қалғаным ба, бір алла-ай?!

Бұл өлеңде оқиғалық желі мүлдем жоқ. Шын мәнінде, мұнда еш нәрсе болып жатқан жоқ, тек ақынның жаны мен тәнінің күйзелісі, «қара құзғынға жем болған» трагедиялық ахуалы ғана бар. Лирикалық қаһарман қимыл жасамайды, әрекетке бармайды, тек өзін билеген сезімдердің тылсым құшағында, өміріне налиды, шарасыздықтан мұңаяды, қайғырады. Мұңы ұлы трагедияға ұласады. Дей тұрғанмен, лирикалық өлеңнің көркемдік әлемі жалпы әдеби заңдылықтарға бағынады, ол жанды әрекетке, қозғалысқа, ішкі динамикаға толы. Бірақ ол қозғалыс мазмұндық желімен ғана емес, бейнелеу желісімен байланысты. Қақтығыстың ширығуы сюжет арқылы шешілмейді, лирикалық тақырыптың дамуы арқылы көрініс табады. Түйіндей айтсақ, композиция сюжеттік дамудың кезең-кезеңдерін тәртіпке салып, реттеп, қиыстырып қана қоймай, көркем туынды компоненттерінің бірлігі мен тұтастық жүйесін қамтамасыз етеді. Композиция шығармаға ішкі ырғақ дарытып, оны өз-өзінен (романдар мен повестерді) бөлімдер мен бөліктерге, (драманы) акт, перде, көріністерге, (лириканы) тармақтарға бөледі. Ал, композициялық шеберлік - шығармадағы барлық бөлшекті бір ғана бүтінге тұтастыру, бәрін бір ғана нәрсеге, негізгі идеяға бағындыру болмақ.

45. Әнес Сараевтың «Домбыра» әңгімесінде музыка өнерінің адамдар өміріндегі мәні мен маңызы эссе. Эссе философияның, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын жанры. Әдебиеттегі Эссе – соны пікірлерге көбірек мән беріліп, оқырманды ой теңізінде жүздіретін таңдай қақтыратын, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, қаныңды қыздырып, рухани әлеміңе азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдауымен ерекшеленетін көркем туынды. Эссе табиғаты сыршыл сезімге, тіл бояуларының айрықша салтанатына, әшекейлі композицияға құрылады. Өзгеше бітімді бұл өнер туындысында эссеші интеллектуалдық байлығын, аңғарымпаздығын, жарқын, тапқыр ойлылығын, өмір саяхатындағы көрген-білетін, сезінген-түйгенін, тәжірибелерін жомарттықпен жайып салады. Эссе сипатында туған туындыларға батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қо-нымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән. Бұл шағын көлемді ой бөлісу, қандай болса мәселені еркін баян ету, дәлелді зиятты ізденіс. Эссе бір мәселе немесе сұрақ бойынша жеке көзқарасты білдіріп, алдын ала немесе мәселені қанағаттанарлықтай баяндалуына үміттенбейді. Әдетте, эссе бір нәрсе туралы жаңа, субъективті рең беретін сөзді және философиялық, тарихи - биографиялық, публицистикалық, әдеби - сын, ғылыми-көпшілік, баллетристикалық сипатта болуы мүмкін.Сарай Әнес Төлендіұлы[1] - жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1937 жылы Ресейде, Астрахан облысы, Володарский ауданы, Кірмалай ауылында туған. ҚазҰУ-ды бітірген. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Жазушы» баспасында редактор, Қазақстан жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарған. Ол Батыс Алашорда тарихын қамтитын «Еділ-Жайық» романының және Алаш козғалысына қатысты деректі материалдардың авторы.[2]

«Мұнаралар шақырады» (1969), «Бозқырау» (1973), «Қараша өткен соң» (1974) атты әңгіме-повестерінде, «Тосқауыл» (1976), «Алтын арал» (1984), «Еділ—Жайық» (1994) романдарында Астрахан—Атырау өңірі еңбеккерлерінің өмірін, тыныс-тіршілігін арқау еткен. «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махамбет», «Қу тазша», «Тойтиып қалды», «Ару Алматы», «Мұңым менің», «Аңсау» пьесаларының авторы. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

Әнес Сараевтың «Домбыра» әңгімесінде күй сазы, күйші өнерінің адамдар өміріндегі мәні мен маңызы, атқаратын қызметі автордың ұстанған шығармашылық тұрғысына сай ерекше сырлы таныммен таразыланады. Бұл жерде күйдің қызығынан, тамашасынан әлеуметтік-эстетикалық қызметі, адамның ойы мен танымын, дүниеге көзқарасын байытушы, өзгертуші күші басым көрінеді.

46. Т. Ахметжанның «Ақиқат жолы» романында ұлттық этнографиялық дәстүрлер эссе жазу. XX ғасырдың 90 жылдарынан бастап тәуелсіз Қазақстанның жаңа әдебиеті қалыптаса бастады. Өзіне дейінгі көркемдік, шеберлік үрдісті озық дамыта отырып, жалғастырды. Қазақ ақын-жазушылары халықтың тарихындағы бұрынғы-соңғы қамтылмаған ақтаңдақ беттерді толтыруға кірісті. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі әдеби тек (эпос, лирика, драма) жанрлары әлем әдебиетінің классикалық деңгейіндегі туындылар болып саналады. Қазіргі қазақ әдебиетінің XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы дамуында ұлт тарихының ежелгі замандардан қазіргі кезеңге дейінгі аралығында бұрын кең түрде қамтылмаған ақтаңдақ беттерін толық қамтып жазу үрдісі кеңінен өрістеді. Сонымен қатар, көркем шығарманың мазмұны мен пішінінде бұрынғыдай саяси-идеологиялық қатаң бақылауға, шектеуге жалтақтап жазудан арылған хал-ахуал қалыптаса бастады. Тәуелсіз мемлекет тұғырымен әлемге танымал болып жаңа даму жолымен келе жатқан Қазақстанның көркем әдебиеті де өркениет кеңістігіндегі өзіндік орнымен бағалануы тиіс. Сондықтан XXI ғасырдың алғашқы онжылдығында жазылған романдарды тарихи шындық пен көркемдік шешім поэтикасы заңдылықтары бойынша саралап қарастыруымыз керек. Осы мақсатта төмендегідей міндеттерді орындау көзделеді:

  1. Романдардағы өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі;

  2. Тарихилықтың көркемдік шындыққа негіз болуының ерекшеліктері;

  3. Реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы;

  4. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркемдік шешіммен жинақтала бейнеленуі;

  5. Әдеби бейнелердің прототиптік негізділігінің мәні;

  6. Кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері;

  7. Тарихи шындық бейнеленуінің көркемдік уақыт аясындағы қамтылуы;

  8. Романдардың идеялық-композициялық желісіндегі ұлттық-этнографиялық сипат болмысы.

Қазіргі қазақ романдарының мазмұны мен пішіні поэтикасына жаңа жазба реалистік әдебиет үлгілерінің (хакім Абай, Ы.Алтынсарин, т.б. шығармалары) классикалық көркемдік негіз болғандығы дау тудырмайды. Қазақ прозасындағы роман жанрының әлем әдебиетіндегі үлгілермен тектесе дамуына XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы әдеби үдеріс, жеке қаламгерлер туралы соны байыптаулар жатады. Деректі романдардың қалыптасу, даму сабақтастығы теориялық-әдіснамалық сабақтастығымен жүйеленді. Қазіргі деректі романдардағы Б.Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» роман-толғау, Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы» роман-диалог, М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» тарихи тұлғаларды мінездеу, даралау, эпикалық баяндау, диалог, авторлық толғаныс, қосымша сюжеттерді егіздеу, т.б. ерекшеліктері бойынша сараланады. Қазіргі жаңа романдардағы өмір шындығы мен тарихи шындық сабақтасуындағы көркемдік жалғастық ықпалы айқындалды. Жазушы Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы Кенесары ханның көркем бейнесі сомдалуының тарихилығы көркем шындықпен бейнелену сипаты анықталды. Роман-хамсадағы хакім Абай мен оның шәкірттерінің (Ақылбай, Әбдірахман, Шәкәрім, Көкбай, Мағауия), Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың көркем бейнелері сомдалуындағы көркемдік ерекшеліктер (авторлық баяндау, диалог, мінездеу, портрет, т.б.) жүйеленді. Қазіргі қазақ романдарындағы Ә.Нұрпейісовтың «Соңғы парыз», С.Жұбатырұлының «Абыржы», Қ.Жиенбайдың «Даңқ түрмесінің тұтқыны»-табиғат-адам-қоғам қарым-қатынастарын әлеуметтік-психологиялық сарынмен жазу ерекшеліктері ғылыми байыпталды. Экологиялық зардаптарды идеялық желі еткен романдардағы қазіргі заман адамдары жан әлеміндегі отаншылды-азаматтық, пенделік-ұсақтық, қайраткерлік пен тоғышарлық т.б. қарама-қайшылықты мінез-құлық психологиясының әр алуандығы, шындығы бейнеленуі сипаты да сыншыл реалистік болмысымен дәйектелген. Қазіргі қазақ романдарындағы І.Есенберлиннің «Мұхиттан өткен қайық», Д.Досжановтың «Алаң», С.Досановтың «Қылбұрау», «Ұйық», Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы», С.Елубайдың «Ақ боз үй», Ғ.Құлахметтің «Үйірі жоқ көкжал» деректерден туындайтын қиял қосындыларының әсерлілігі, нанымдылығы айқын берілген. Аталмыш романдарда табиғат аясындағы адам тіршілігінің шынайылығын ашу, ұлттық-этнографиялық дәстүрлерді уақыт шындығымен сәйкестендіру, т.б. көркемдік шешім эстетикасы ерекшеліктері күрделі сипатымен саралана талданған. Аталған романдар қазақ тарихының кезеңдерін қамтыған алдыңғы толқын суреткерлер ізімен кесек туындылар жазған кейінгі толқын қаламгерлер шоғыры қазақ оқырмандарының ұлттық-тарихи санасын оятуға, жаңаша қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Қазіргі қазақ романы-әлем әдебиетінің классикалық үрдіс деңгейінде дамып келе жатқан жанр. Дәстүрлік және көркемдік негіздері-қазақтың фольклоры мен әдебиеті мұралары.

XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдары да хакім Абай қалыптастырған, одан кейінгі толқын қаламгерлер жалғастыра дамытқан эпикалық шығармашылық дәстүрдің көркемдік жалғастығын танытады. Өмір шындығының тарихи шындықпен бейнеленуі, тарихилықтың көркем шығармаларға негіз болуы, реалистік сипат пен көркемдік қиял жинақтауларының сабақтастығы жаңа романдардың басты ерекшеліктері. Тарихи тұлғалар мен оқиғалардың көркемдік шешіммен жинақтала бейнеленуі, әдеби бейнелердің прототипті негізділігінің мәні, кейіпкерлерді даралау мен мінездеудің психологиялық ерекшеліктері де қазіргі романдар поэтикасының күрделі болмысын құрайды. Т.Ахметжанның «Ақиқат жолы» (2003 ж.) роман-диалогында желтоқсан көтерілісінен кейін «ұлтшыл», «жершіл» т.б. жалалар жабылып, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылған, бірақ қуғын-сүргінге ұшыраса да әділетсіздіктен ықпаған, рухын жоғалтпаған қазақ зиялысының тағдыры арқылы тоталитарлық жүйенің шаруашылық салаларында жүрген қазақ азаматтарына да тигізген зардаптарын көреміз. Романдағы автор мен кейіпкер диалогтары шығарманың поэтикалық мазмұны мен пішін тұтастығымен өрілген. Қазақ әдебиетінің соңғы онжылдықтарда жарық көріп жатқан көрнекті көркем туындылары-ұлттық санамыздағы көркем ойлаудың көрсеткіштері. Әдеби шығармалар мыңжылдықтар белесінде қалыптасқан қазақ өркениетін танытатын тарихи-мәдени құндылықтардың барлығын да шынайы болмысымен толық қамту аясында жазылып жатқандығын байқаймыз. Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ романдарының ұлттық-этнографиялық сипаты сөз өнері туындыларындағы поэтикалық ерекшеліктердің танымдық тағылымын тереңдете түсуде. Ұрпақтарды қазақы ұлттық рух қуатымен тәрбиелеуде мұндай көркем туындылардың маңызы мәңгілікке жалғасады. XX ғасырдың 90-жылдары мен XXI ғасырдың басындағы қазақ романдары тәуелсіз Қазақстан әдебиетінің әлем өркениетіндегі классикалық үрдістер көрсеткіштерімен деңгейлес сипатымен бағалана алады. Қазақ әдебиеті шығармаларының ұлттық негізділігін сақтай отырып, әлем әдебиеті арналарымен бірге көркемдік дамудың жаңа жетістіктеріне жетуі жаңа әлемдегі Қазақстан мәдениетінің мәңгілік тұғырын нығайта түседі.

47. Прозалық шығармалардағы этнографиялық өрнектер эссе. Этнографияэтнология (гр. etnos – тайпа, халық, grapho – жазу) – қоғамдық ғылымның тайпалар мен халықтарды зерттейтін саласы. Этнография қазіргі халықтарды және ертеде өмір сүрген көне этностық топтардың шығу тегін, ру-тайпалық құрамын, қонысын, олардың өзіндік ерекшеліктерін зерттейді. 60–80-жылдардағы қазақ прозасына зер салып қарап отырсақ, қазақ прозашылары өз шығармаларында ұлттық рухани байлығымыздың алтын арқауы – күй өнерін жасаушылардың өмір-тағдырына жиі-жиі ат басын тіреп отырған. Күйші бейнесін көркем әдебиетімізде сомдаудың мән-мағынасын қазақ қаламгерлері терең түсінген. Сонау алты алашьың ардақтылары: Қорқыттың, Ықыластың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Абылдың, Сейтектің, берідегі Динаның, Сүгірдің, Төлегеннің, Әбікеннің, Дәнештің және тағы басқа күйшілердің образын бейнелеуге қазақ қаламгерлері халқымыздың осы бай дәстүрлі күй, күйшілік өнер тарихын терең танып, таразылап, ұзақ жылдар зерттеп алып барып ат басын тірегендігін аңғарамыз. Қазақ күйшілерінің қайшылықты тағдыры мен олар өмір кешкен заманның, әлеуметтік ортаның қыр-сырына терең бойлауды мақсат еткендерін байқаймыз. Осы мақсатта олар туралы халық жүрегінде, ел жадында сақталып қалған, болмаса аңыз-әңгімелердің, жыр-өлеңдердің, тағы басқа сол сияқты дәстүрлі халық мәдениетіміздің сирек үлгілерінің арқауында жатқан әдеби, рухани нұсқалардың, барлығының қазақ прозасында ұтымды, шебер, ең бастысы көркемдік тұрғыдан үлкен талғаммен, терең таныммен пайдаланылғанын пайымдаймыз.

Айталық «Телқоңыр» әңгімесінде сөз зергері Т.Әлімқұлов атақты күйші Сүгір өміріне соғып, Сүгір жайын сөз етеді. Өте тартымды, шымыр әңгіме бір күйдің тарихынан сыр шертеді. «Нар идірген» күйінің шығу төркіні туралы осы аңызды шебер пайдалана отырып жазушы Т.Ахтанов терең, тартымды көркем туынды жасады. Қаламгер шығармасында күй аңызының ежелгі желісі толық сақталған. Ондағы әр сетті, психологиялық ахуалды суреткерлік зердемен пайымдап, күй аңызын келісті көркем шығармаға айналдырады. Күй аңызы мен күй сазын әдеби шығарманың мазмұны мен мәнін анықтайтындай, әрі оны күллі сюжеттік арқауды тұтастырып ұстап тұратын негізгі көркемдік арна ретінде суреткерлік мақсатта ұтымды пайдалануда Т.Әлімқұлов артқан көркемдік әдіс-тәсілдерді Т.Ахтанов та өзіндік қолтаңбасына орай сәтімен жүзеге асырып отырады. Әнес Сараевтың «Домбыра» әңгімесінде күй сазы, күйші өнерінің адамдар өміріндегі мәні мен маңызы, атқаратын қызметі автордың ұстанған шығармашылық тұрғысына сай ерекше сырлы таныммен таразыланады. Бұл жерде күйдің қызығынан, тамашасынан әлеуметтік-эстетикалық қызметі, адамның ойы мен танымын, дүниеге көзқарасын байытушы, өзгертуші күші басым көрінеді. Прозалық шығармалардағы этнографиялық өрнектер - І.Есенберлиннің, Ә.Әлімжановтың, Ә.Кекілбаевтың, М.Мағауинның, Қ.Жұмаділовтың, Д.Досжановтың, т.б. ғасырлар сырына тереңдеген тарихи тақырыптағы шығармалары атақты роман-эпопея «Абай жолы» негізін салған, тереңдеткен құнарлы шеберлік мектебінен нәр алғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Әсіресе, қазақ, қырғыз және тағы да басқа түркі тілдес әдебиеттердегі тарихи тағдыр кешкен ақын образын, немесе ірі өнер иесінің тұлғасын арқау еткен прозалық шығармалардың барлығы да «Абай жолы» романын аттап өтпегені анық.

Осы топтағы туындыларды атағанда алдымен бүгінгі өмір тақырыбына қалам тербеген бір топ қазақ қаламгерлерінің есімін атауға болады. Бұл қаламгерлер әсіресе қазақ прозасындағы өнер тақырыбын, яғни сол өнерді дүниеге әкелетін өнерпаз тағдырын сол кезеңдегі тарихи, әлеуметтік-қоғамдық шындықпен сабақтастыра бейнелеу мақсатындағы айтулы, салмақты көркем туындыларымен оқырман жүрегіне жол таба алды. Олар: қазақтың дарынды, суреткер қаламгерлері –Ә.Кекілбаев, Д.Досжанов, С.Жүнісов, М.Мағауин, Қ.Жұмаділов, С.Сматаев, Ә.Сарай, І.Жақанов, М.Ысқақбай т.б.

48. Т. Әлімқұловтың туындыларындағы өнер адамдарының бейнесі эссе. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда қазақ прозасында әр бағытта жазылған туындылардың басым көпшілігінің негізгі арқауы ретінде тарихи тұлғалардың: хандарымыз бен батырларымыздың, билеріміз бен шешендеріміздің, ақындарымыз бен жыршыларымыздың қатарында өнер адамдарының, яғни күйшілеріміз мен әншілеріміздің де образдары сомдалды. Ұлттық өнеріміздің, ұлттық руханиятымыздың тарихындағы осынау ірі-ірі тұлғалардың әдебиетімізде, оның ішінде қазақ прозасында кеңінен орын алуы тегін емес. Қаламгерлер белгілі бір дәуірдің шындығын ашып көрсету үшін сол кезеңнің белгілі тарихи тұлғасын шығармасына арқау ете отырып, қалған оқиғаларды сол тұлғаның айналасына топтастырып қоғам шындығын көрсетуге тырысты. Яғни елдің, халықтың рухани тарихын, өткен өмірін, әлеуметтік-қоғамдық дамудың әр түрлі кезеңіндегі тағдырымызды өнер иелерінің туындылары, тереңірек айтсақ, олардың шығармашылық тағдыры терең танытады. Сондықтан да осы шығармашылық тұлғалардың жеке өмір тарихы, олар өмір сүрген нақты қоғамдық-әлеуметтік орта қаламгерлер назарын өзіне көбірек аударды. Осы топтағы қаламгерлерді атағанда, қазақ тарихындағы әр кезеңде өз өнерімен халық тағдырын терең таныта алған тұлғалардың өмір-тіршілігін өз шығармаларының негізгі арқауы еткен Әлімқұловтың туындыларына Махамбеттің, Тәттімбеттің, Ақан серінің, Сәкеннің, Ықыластың, Сүгірдің, Әбікен Хасеновтың, Төлеген Момбековтың бейнелері өнер тарландарының күрделі бейнесі сомдалған. Шығармашылықтың ғажап әсер жаю өрісі Тәкен Әлімқұловтың өнерпаз тұлғалар тағдыры тартылған туындылары туралы ой қозғауда өзгеше бір тылсым күйге орап отырады. Күй аңыздары. Түп негізінде бұл – ауызша шығармашылық. Күй стихиясымен ағыл-тегіл селдеткен, шым-шым сыр суыртпақтаған күңгір-күңгір күрсініп мұң айтқан, безілдеп боздаған, тоқтамай сарнаған тілмен баяндау,  адамды бір-бірімен күй тілімен сөйлестіру, ұғыстыру, баяндау, дәстүрі сол туындылардың негізінде жатыр. Т. Әлімқұловтың «Ақбоз ат», «Ел мен жер» деген шығармаларында Қазақтың рухани әлемінде өзіндік орны бар әнші-сазгер Ақан өмірінің шындығын өзі бағамдаған уақыт, кеңістік тұрғысынан суреттегенін, өнерпаз бейнесін сомдауға, өмір сүрген дәуірінің тынысын сездіруге әрқайсысы өзіндік таным, авторлық ұстаным тарапынан келгенін, «Ал көркемдік қуаты, суреткерлік шеберлік жағынан екі шығарма да бір-бірімен иықтас, терезесі тең тұрған, бір-бірін толықтыратын, сәулендіретін бірегей туындылар. Әсіресе екі қаламгердің тілдік қоры, суреттеу тәсілдері, табиғат бейнесін жасаудағы шеберлік сырлары сабақтасып, сарындас түсіп жатады. Ішкі монолог, авторлық баяндаулар, кейіпкер сөзі екі авторда да негізгі көркемдік тәсілдер ретінде ерекше көрінеді.

С. Жүнісовте авторлық баяндаулардың салмағы басымырақ та, ал Т. Әлімқұлов болса ішкі монологтың бар қыр-сырын терең меңгеріп, сарқа пайдаланған. Сондықтан да Т. Әлімқұлов повесінде қысқа жанрда болса да Ақан серінің ішкі жан дүниесі, жүрек сыры, көңіл толқындары анағұрлым астарлы, терең тебіренісімен оқырманын тербетеді. Осының негізінде повесть өте әсерлі, қайталанбас туындыдай есте қалады» деп сендірсе, ал Қорқыттан бастау алатын қобыз сарынын бүгінгі ұрпаққа жеткізуде ерен еңбегі бар дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлының көркем өнердегі бейнесін оқырман санасына сіңіруде қос автордың (Т. Әлімқұлов, И. Жақанов) өмір шындығын тану мен танытудағы жүгінген көркемдік әдіс-тәсілдері суреткерлік шеберлігін, қаламгерлік қолтаңбасын айқындауға мүмкіндік беретінін мүлт кетпей, таразылап, «Екі жазушы бұл мақсатқа екі түрлі оқиғалар өзегін, екі түрлі уақыт желісін негіз етіп жетеді. Оның үстіне мұндай шығармашылық мақсатқа жету үшін, жазушының белгілі бір өмір шындығын, өмірде болған нақты оқиғалардың желісін де өзгетіп, толықтырып немесе ойдан қосып байытуы шығармашылық заңдылықтарына қайшы келетін жол емес, қайта көркем шығарманың мазмұны мен түрінің арасындағы келісімді көркейте түсетін тәсіл қатарына жатады. Осы тұрғыдан келгенде, жазушының көркемдік табыстары бас кейіпкер өміріне тән басты ерекшелікті екі түрлі уақыт, екі түрлі кеңістік сипатынан емес, жоғарыда айтқанымыздай, әдеби кейіпкердің шығармашылық табиғатына тән даралықты дәл жеткізудегі жетістіктерден іздеген дұрыс болады.

Т. Әлімқұловтың тарихи тақырыптағы және өнер, әдебиет қайраткерлері туралы туындылары. «Көк қаршыға», «Сары жайлау», «Қарой», «Қара қобыз», «Көкейкесті», «Қаражаяу», «Сапар сазы», «Көк қаршыға», «Сейтек сарыны»  шығармалары. Тақырыбы, идеясы. Жазушы шығармашылығының өзекті арнасы — өнер адамы. Шығармаларындағы Ақан сері, Тәттімбет, Сейтек, Сүгір, Ықылас, бейнелері. Аяулы жандар тағдыры, замана сарыны. Жазушы туындыларының философиялық, эстетикалық, психологиялық қырлары.

Қансейіт Әбдезұлы Тәкен Әлімқұловтай талғампаз қаламгердің шығармаларын, көркемдік ерекшелігін, тілдік құнарын терең талдады. Тәкен шығармашылығы жайында бұрын да, кейін де жазғандар аз болған жоқ. Қазақ сынының атақты өкілдері Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Сайлаубек Жұмабек төгілте талдаған. Қанекең де Тәкен әлеміне тыңнан жол салып, талант куатын таныта білді. Ол жалғыз Тәкен емес, қазақ әдебиетіндегі талай шығармаларды талдап, талай қаламгерлердің әдеби портреттерін сомдады. Көркем проза талдауында Мұхтар Әуезовтен бастап, шығармаларын атамағанның өзінде авторлардың есімдерінің өзі біразға созылары анық. Қашанда қарапайым қалпынан танбайтын Қанекең өзінің сыншылық, әдебиеттанушылық жолы отыз жылдан асты. Тәкен туралы екі монография, жекелеген бес кітап жазыпты.