- •Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Емтихан сұрақтары Анеля
- •22.Махамбет поэзиясының тілін сипаттаңыз.
- •24.С.Торайғыров романдарында әйел теңдігінің көрініс табуын айқындаңыз.
- •25.Мемлекеттік тілдің қазіргі қолданылу аясын таратып айтыңыз.
- •26.Ж.Баласағұнидің тіл, өнер-білім туралы айтқандарына көңіл бөліңіз.
- •28.Жамбылдың ақындық өнерін сипаттаңыз.
- •30.А.Байтұрсынұлы мысалдарының астарын айқындаңыз.
- •31.Қазіргі кезеңдегі қазақ поэзиясының ерекшеліктерін сипаттаңыз.
- •32.Ежелгі ғұн, сақ, үйсін дәуіріндегі әдебиетті сипаттаңыз.
- •33.Махамбеттің азаттық күрес жыршысы екенін дәлелдеңіз..
- •34.М.Шаханов поэзиясының ерекшелігін көрсетіңіз.
- •35. Түркі қағанаты дәуіріндегі әдебиетті сипаттаңыз.
- •36.Тілдің жалпыадамзаттық құндылыық екенін түсіндіріңіз.
- •37.Ф.Оңғарсынованың ақындық шеберлігін саралаңыз.
- •38.Оғыз дәуіріндегі әдебиеттің ерекшеліктерін көрсетіңіз.
- •40.М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының маңызын көрсетіңіз.
- •41,«Оғыз қаған» жырының құрылысын жүйелеңіз.
- •42.Д.Бабатайұлы- хіх ғасыр әдебиетінің аса көрнекті өкілі екенін дәлелдеңіз.
- •43. Ұлт зиялыларының тіл туралы толғамдарын жжазыңыз.
- •44.Ислам дәуіріндегі әдебиет және әл- Фараби мұрасын сипаттаңыз.
- •45.Шортанбайдың зар заман ақыны екенін сипаттаңыз.
- •46. М.Әуезов шығармашылығының ерекшеліктерін сипаттаңыз.
- •47. Йассауидің «Хикметтер» кітабындағы имандылық тақырыбы.
- •48. Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің идеясын түсіндіріңіз.
- •49. Ғ.Мүсіреповтің шығармаларын жинақтап көрсетіңіз.
- •50. Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» кітабындағы өнер-білім мәселелеріне тоқталыңыз.
- •52.Ш.Мұртаза, ә.Кекілбаев романдарына тән сипаттарды белгілеңіз.,
- •53.Жыраулар поэзиясының тілін сипаттаңыз.
- •54.Ш.Құдайбердиев лирикасындағы Абай дәстүрі және жаңашылдық
- •55. Қасым Аманжоловтың ақындық шеберлігін ашып беріңіз.
- •56. Қашқаридың «Диуани лұғат ит- түрік» сөздігіндегі әдеби нұсқаларды айқындаңыз.
- •57. Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізудің ерекшеліктерін саралаңыз.
- •58. Ғ.Мұстафин шығармашылығындағы басты тақырыптарды жүйелеңіз.
- •59.Хорезмидің «Махаббатнама» дастанының көркемдігін саралаңыз.
- •60.Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметі мен әдеби мұрасын жүйелеңіз.
- •64. Мемлекеттік тілде өмірбаян жазудың үлгісін көрсетіңіз.
- •77.Асан Қайғы толғауларының мән-маңызын сипаттаңыз.
- •78.А.Байтұрсыновтың әдеби мұрасын сипаттаңыз.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша Емтихан сұрақтары Анеля
Алтын Орда дәуіріндегі әдебиеттің ерекшеліктерін дәлелдеңіз. Алтын орда дәуіріндегі әдебиет — 13 ғ-дың 2-жартысынан 15-ғ-дың соңына дейін өмір сүрген Алтын Орда мемлекетінің жазба мұралары. Бұл мемлекеттің тұрғын халықтары этник. құрылымы жағынан әртүрлі еді. Алтын Орда дәуірінде бай әдебиет жасалды. Бұған Құтб, Хорезми, Сайф Сараи, Әли, Сиди Ахмед, Хұсам Хатиб сияқты ақын-жазушылар, Абу Хайан, Ибн Муханна сияқты ғалымдар ат салысқан. Алтын Орда дәуірінде пайда болған жазба мұралардың көпшілігі жоғалып кетті.Алтын Орда дәуірінен біздің заманымызға келіп жеткен жазба нұсқалардың бастылары мыналар: “Мұхаббатнама” дастаны, 1353 ж. жазылған “Мұхаббатнамада” мәснауи (әр екі жолы өзінше ұйқасатын өлең формасы), ғазел (алғашқы екі жолы ғана ұйқасып, әрі қарай ақсақ ұйқас болып кететін өлең) түрінде келіп отырады. Осы тәртіп аталмыш дастанда да сақталған. Кітаптың соңында мінажат (аллаға жалбарыну), қыта (филос.түйін), шағын әңгіме берілген. Негізгі бөлім — он бір арнауда (намеде) ғашық болған жігіттің сұлу қызға сүйіспеншілігі жырланады. Ақын арнауларында адамның кіршіксіз сезімін, асыл махаббатты ардақтауды жыр етеді. “Хұсрау мен Шырын” дастанының тақырыбы — Хұсрау деген жігіт пен Шырын есімді қыздың арасындағы сүйіспеншілік, шынайы махаббат. Дастанда арамдық пен зұлымдықты, қастандық пен сатқындықты, өсек пен өтірікті әділдік пен адалдық жеңіп шығатындығы жырланды. Хұсрау мен Шырын туралы аңыз Таяу және Орта Шығыс, Закавказье, Орта Азия, Үндістан халықтарының ауыз әдебиетінде кең тараған. “Хұсрау мен Шырын” дастанын Низами салжұқ сұлтаны Тоғрулбектің өтініші бойынша жазған. Халық сүйіспеншілігіне бөленген осы эпик. жырды Алтын Орда ақыны Құтб парсы тілінен түркі тіліне аударды, бірақ бізге жетпеген. Қолжазбаның жалпы көлемі — 240 бет. Әр бетте 21 бәйіт бар. Низамидің “Хұсрау мен Шырыны” 130 тараудан тұрса, Құтбтың аудармасы — 90 тарау. Осыған сәйкес Низамидегі 7000 бәйіт орнына Құтбта 4700 бәйіт болып шыққан. Құтб ақын Низамидің композициясы мен сюжетін сақтай отырып, өз халқының түсінігі мен дәстүріне лайықтап, еркін аударма жасаған. “Гүлистан би-түрки” (“Гүлстан”) — Шығыстың көрнекті ақыны Сағдидің қаламынан туған дастан. Мұны, Мысыр ғұламаларының өтініші бойынша Алтын Орда ақыны Сайф Сараи 1391 ж. парсы тілінен түркі тіліне аударады. Осы аударманың біздің заманымызға келіп жеткен жалғыз көшірмесінің көлемі 371 бет. Әр бетте 13 жолдан жазу бар.
Бұхар жыраудың әдеби мұрасын сипаттаңыз.
Бұқар жырау (1668—1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын тайпасының қаржас руынан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен.Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы тұсында, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап калатын көсем тұрғысында үлкен сенім артқан. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет еткен. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлаған.Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған.
Б.Майлиннің прозалық шығармаларын жүйелеңіз.
Б.Майлиннің прозалық шығармаларын жүйелеңіз.Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Б. Майлин, өзімен замандас Қазақ қаламгерлерінің көбі сияқты, жазуды өлеңнен бастағанымен, көп ұзамай прозаға ден қойған, бұл жанрдағы алғашкы туындыларының өзімен-ақ (мысалы, "Шұғаның белгісі") үлкен суреткер екенін паш еткен жазушы. Ол қазақ әдебиетіне проза жанрын қалыптастыруда керемет еңбекқорлық пен үздік шеберлік танытты. Әсіресе оның қуатты талантын айғақтайтын әңгімелері сан жағынан ғана емес, идеялық-көркемдік деңгейімен де қазақ прозасының алтын қорындағы інжу-маржандары болып табылады. Поэзиясы сияқты, Майлин прозасы да, өзі жетік білетін, негізінен, ауыл өміріне, әсіресе Қазақ төңкерісінен кейінгі қазақ қоғамында адамдардың ой-санасы мен мінез-құлқында, психологиясында болған жаңғыруларды бейнелеуге арналған. "Шұғаның белгісі" хиқаяты. Өзінің проза жанрындағы тұңғыш туындысы—"Шұғаның белгісі" хикаятын Б. Майлин жасы жиырмаға толар-толмаста "Садақ" атты қолжазба журналда жариялайды. Соған қарамастан, бұл шығарма күні бүгінге дейін қазақ прозасының айтулы үлгілерінің бірі болып қалып отыр. Егер ол кез — 1914—1915 жылдары — қазақ прозасының жаңа ғана бой көтере бастаған балаң шағы екенін ескерсек, онда мұндай ғажайып туындыны қолына жаңа қалам ұстаған шәкірт талапкердің дүниеге әкелуі танымдық тұрғыдан да ерекше қызық кұбылыс.
Б.Соқпақбаевты балалар әдебиетінің өкілі екенін дәлелдеңіз.
Б.Соқпақбаевты балалар әдебиетінің өкілі екенін дәлелдеңіз.
БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған. Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Қазақ балалар әдебиетінің классигі, тамаша жазушы Бердібек Соқпақбаев тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді. «Жақсының өзі өлсе де сөзі өлмейді» демекші, балалардың сүйікті жазушысы артына «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар» және «Ергежейлілер елі» сынды бірқатар әңгіме, хикаялар қалдырды. Балалардың бал мінезін ішкі дүниесімен жақсы сезіне білген жазушы әрбір шығармасында өзі туып өскен Нарынқол таулы өңір табиғатының жанды суреттерін оқырманға үлкен шеберлікпен жеткізе білген. Б.Соқпақбаевтың әңгіме, повесть, романдары және пьесаларында балғын шаққа батыл саяхаттар жасап, таңдандырып, тамсантып, бал дәурен әсерлерінің қаймағын бұзбай, ақиқаттан алшақтамай, балаға тән қиялдап, өмірдің өз болмысын тебірене толғайды. Оқысаң еріксіз езу тарттырып, кейде күрсінтіп терең ойға жетелейді. Лезде кейіпкерлермен етене араласып, олар өзің күнде көріп жүрген адамдардай Беркен, Қожа секілді кейіпкерлерімен жадыңда жатталып қалады...
Тәтіқара, Үмбетей, Ақтамберді толғауларындағы азатшыл сарын.
Тәтіқара, Үмбетей, Ақтамберді толғауларындағы азатшыл сарын.
Тәтіқара (1705, қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданы – 1780, сонда) – ақын, жырау. Абылай ханның ақылшысы ретінде біршама уақыт хан сарайында тұрған. Олжабай, Бөгенбай батырлардың қалмаққа қарсы жорықтарына қатысып, олардың ерлік істерін мадақтаған, толғауларында жауынгерлерді табандылыққа, төзімділікке үндеген. 1756 жылғы Цин империясы басқыншылары мен Абылай сарбаздары арасында өткен соғысты сипаттаған жалынды жырлары (“Қамыстың басы майда, түбі сайда”, “Кебеже қарын, кең құрсақ”, т.б.) Тәтіқара есімін халыққа кеңінен танытты. Өткір мінезді Тәтіқара ел билеген ханның осал жақтарын сынап, батыр-бектердің кемшін тұстарын беттеріне айтып отырған.
Үмбетей Тілеуұлы (1697-1786) – жыраулық поэзияның көрнекті өкілі. Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау өңірінде дүниеге келген. Үмбетей Тілеуұлы Бөгенбай батырдың үзеңгілес жауынгер серігі бола жүріп, халық арасына жыршы ретінде танылды. Ол қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ерлік күресінің қызу ортасында болып, тарихи оқиғаларды жырлады. Жырау шығармаларының тарихи және әдеби көркемдік дәрежесі оның қанжығалы Бөгенбай батырды жоқтауы мен батырдың дүниеден өткенін Абылайға естірту жырларынан айқын көрінеді. Жыраудың әлеуметтік әділдік, адамгершілік мәселелерін арқау еткен «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бұқарға», «Бекболат биге» жырлары, «Жантай батыр» дастаны, тағы да басқа шығармалары бар. Оның өз ағалары Бөке мен Жауғашардың елге жат мінез-құлықтарын әшкерелейтін жырларында сыншылдық сарын басым. Жырау шығармаларының негізгі тақырыбы: ел қорғау, жер қорғау күресі, халық ынтымағы, береке-бірлігі. Ол халық мүддесін жырлады. Халық мүддесіне жат мінез-құлықты, хан-сұлтанның бет-жүзіне қарамай әшкерелеп айтатын, әділ, адал, турашыл ақын болды. Үмбетейдің бірқатар өлеңдері «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарияланды. Ақтамберді Сарыұлы (1675, қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Қаратау, — 1768 — қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Жүрекжота мекені)[1] — жырау, қолбасы, қазақтың көне жыраулық мектебінің белді өкілі, дипломат. “Он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке” дегеніне қарағанда күреске ерте араласқан жауынгер жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мәселелерін жырларында жақсы бейнелейді. Қысқа нақыл, шешен сөздердің шебері. 1742 жылы Орта жүз ру басшыларының Орынборда ант беру жиналысына өкіл болды. 1738 — 1752 жылдары қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан.bҚазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, көшпелі халықтың тыныс-тіршілігі, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, әділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.
С.Сейфуллиннің шығармашылығын сипаттаңыз.
С.Сейфулиннің шығармашылығын сипаттаңыз.
Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллин - 1894 жылы Жезқазған өңіріндегі бұрынғы Ақадыр ауданындағы Қарашілік қыстауында дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің негізін салушы, мемлекеттік қайраткер.
Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. "Өткен күндер" атты тұңғыш өлеңдер жинағын 1914 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастары ұйымдастырған "Бірлік" қауымы басшыларының бірі болған.
1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске тілектес өлеңдерін жазған.
1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен дәріс берген. Осы жылы "Асығып тез аттандық" өлеңін жазды. Кешікпей Ақмола қаласына ауысып, "Жас қазақ" революциялық ұйымын құрған. "Тіршілік" газетін шығаруға ат салысқан. 3 айлық педкурста мұғалім болған.
1917 жылы қарашада "Кел, жігіттер" өлеңін жазып, Қазан төңкерісін қуана қарсы алады. Осы жылы Ақмола Совдепінің президиум мүшелігіне сайланды.
1918 жылы "Жас қазақ марсельезасын" жазды, "Бақыт жолында" атты пьесасының премьерасы көрсетілді.
1918 жылдың 4 маусымында ақтардың көтерілісі болып, Ақмола Совдепі тұтқындалған. Атаман Анненковтың азап вагонында 47 күн ажалмен арпалысып, Сәкен 1919 жылғы 3 сәуірде Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шығады.
Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық-саяси ұстанымен бедерлі айғақтайтын туындылары - "Кел, жігіттер", "Жас қазақ марсельезасы", "Жұмыскерлерге", "Жолдастар" сияқты саяси лирикалары, сондай-ақ "Советстан", "Көкшетау", "Альбатрос", "Социалистан", "Қызыл ат" поэмалары. Проза саласында "Жер қазғандар", "Айша", "Біздің тұрмыс", "Сол жылдарда", "Жемістер" повестері мен "Тар жол, тайғақ кешу" атты мемуарлық роман жазған. "Бақыт жолында", "Қызыл сұңқарлар" драмалары - өз заманының рухын танытатын елеулі шығармалар.
Ә.Нұрпейісовтің«Қан мен тер»романының қысқаша сипатын беріңіз.
«Қан мен тер» трилогиясы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туынды.
Жазушының алғашқы романымен салыстырғанда «Қан мен тер» – тірлік-тынысы әлдеқайда кең шығарма. Жанрлық жағынан да басқаға ұқсамайды. «Курляндия» оқиғалы роман санатына жатса, бұл – әлеумеітік-психологиялық типті шығарма. Ізденіс салмағы характерге түскен. Бар суреткерлік қабілетін ата-бабалардың мінез-кескінін ашуға жұмсаған. Характер – Нұрпейісов романының қозғаушы күші. Ел қазанында қайнап піскен характер өз тарапыпан ел тамырының соғуына, тонус, райына ықпал етеді. Романдағы оқиғаларға мұрындық боп көрінеді. Әрі сюжет ұйтқысы.Трилогияның бастапқы кітабы «Ымыртта» Еламан – қарапайым балықшы. Туа біткен мінезіне өршілдік, қайраттылық тән. Намысқой жігіт. Жұрт Қаратаз деп атайтын Құдайменде байдың қорлығына шыдамай, айбат шеккен, сес көрсетіп, балықшылар арасына кетіп қалған. Бір-екі сөзінен ой түйғіш, көкірегі ояу жан екені байқалып қалады. Жетпей жатқан тұсы әзірше былайғы дүниемен ісі жоқ. Жазушы міне, осындай бұйығы, патриархалдық қапастағы тұңғиық тұлғаның ішіне бірте-бірте әлеуметтік сәуле түсіреді. Трилогияның екінші кітабы «Сергелдеңде» Еламанның жеке басының қайғысын ел қайғысы басып кетеді. Екінші кітап халық кенішіне бойлай түседі. Қазақ даласында әлеуметтік қайшылықтардың өршуін тереңнен қопарып көрсетеді. Романның «Күйреу» аталатын үшінші, соңғы кітабында комиссар Дьяков насихаттайтын болашақ коммунистік қоғамның басты принципінің дұрыстығына Еламан әжептәуір күмән келтіреді. Трилогияның соңындағы Еламан – өскен, есейген, шыныққан көргенді адам. Нұрпейісов романы ұлттық характердің тұтас сілемін жасауымен құнды. 1916-1918 жылдардағы халық қозғалысын әлеуметтік-психологиялық тәсілмен суреттейтін, өрістетілген ішкі монологке құрылған бұл роман нағыз замана эпосы. Кезінде «Қан мен тер» романы жанрын эпопея жанрына қарсы қоюшылар табылды. «Ішкі драматизм сыртқы қабыршақты бұзып, мән-мағынаға бойлатады». Сондықтан бұл таза роман (роман чистых кровей») делінді.
Тәуелсіздік кезіндегі әдебиеттің ерекшеліктерін сипаттаңыз.
Тәуелсіздік кезіндегі әдебиеттің ерекшеліктерін сипаттаңыз.
Қазақстан Республикасы дербес ел атанып, тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүре бастаған сәттен халқымыздың ұлттық сана-сезімі, отаншылдық рухы дүр сілкінді. Халқымыздың өзін-өзі тануы жаңаша көзқарастармен толығып, байи түсті. Қазіргі қазақ прозасында халық тарихының аса бір елеулі кезеңдері, дара тұлғалары уақыт шындығының мол деректерін негізге алып жазылды.Ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық соғыстарға, отарлық езгіге, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтарға, босқыншылықтарға, саяси қуғын-сүргіндерге, тағы басқа озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейін ұлттық бірегей қасиеттерін сақтап, тілін, ділін бұзбағаны халқымыздың тарихи, әдеби шығармаларында көркем шындықпен бейнеленуі аса зәру мәселе екендігі айқын сезіліп келді. Осы мәселеге қатысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай білетін төзімділігіне қайран қаламын. Мәңгіліктің қатыгез басқыны біржолата шайып әкететіндей талай қилы кезең тұсында қиналса да аман қалыпты. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттыққа құштарлық қайтадан жығылған еңсені көтеріп, тәуекелге бел буғызды». ( «Ғасырлар тоғысы» 1996 ж. 1, 268-269 бб). Қазіргі қазақ романдарының мазмұны мен пішіні поэтикасына жаңа жазба реалистік әдебиет үлгілерінің (хакім Абай, Ы.Алтынсарин, т.б. шығармалары) классикалық көркемдік негіз болғандығы дау тудырмайды. Қазақ прозасындағы роман жанрының әлем әдебиетіндегі үлгілермен тектесе дамуына XX ғасырдың 90 жылдары мен XXI ғасырдың басындағы әдеби үдеріс, жеке қаламгерлер туралы соны байыптаулар жатады.
І.Жансүгіров поэмаларына тоқталыңыз.
І.Жансүгіров поэмаларына тоқталыңыз.
Жансүгіров Ілияс — ақын ,қоғам қайраткері. Алғашында өз әкесінен, ауыл молдаларынан сауат ашқан.
Ілияс әдебиетке халық фольклоры дәстүрінен, аз оқуымен және біршама кештеу - 20-жылдардың басында келді. Бірақ ол сол кездің өзінде халық өмірін жетік білетін, қазақ тілінің байлығын тамаша меңгерген бозбала еді. Өте қабілеттілігі мен ізденгіштігінің, жігерлілігінің және жаңадан құрылып жатқан қоғамның қоңыртөбел ортадан шыққан талапты жастың оқып, білім алуына жылы қабақ танытуының арқасында, ол біршама қысқа уақыттың ішінде тез жетіліп, аршындап алға озды. Алматы, Ташкент, Мәскеу оқу орындарында жақсы мағынасындағы қомағайлықпен білім алды, өз бетімен де көп оқыды, орыс және әлем классикалық әдебиетін зерттей оқып, үздік туындыларын орыс тілінен қазақшаға аударды. Осы аралықта жазуға да төселіп, қоғамдық жұмыстарға, әдебиет ісіне белсене қатысты. Алғашқы жинағы 1928 жылы 34 жасында жарық көрген Ілияс 5-6 жылдың ішінде қатарынан арындап алға озып, Абайдан кейінгі дәуірдің аса көрнекті ақынына айналды. Прозалық, драматургиялық талантты кесек туындыларын айтпағанда, "Күй", "Күйші", "Құлагер" сияқты классикалық шығармалар тудырды. Ілияс поэзиясы — ойға - қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия. Ақын Ілияс Жансүгіровтің өнер тақырыбына жазылған көрнекті поэмасының бірі – «Құлагер» қазақ халқының әйгілі өнерпазы, ардагер ұлы Ақан серінің өміріне арнады. Поэмадағы әр көрініс, әр оқиға өз орнында, ақынның құдіретті шеберлігімен олардың бәрі табиғи бірігіп, үлкен бір жарқыраған тұтас мүсінге айналып кеткен. Бұл поэманың сюжетін, композициясын құрудағы ақынның үлкен ұсталығын байқатса керек.
Ақын бас кейіпкер өмірін бейнелегенде поэма жанрының шеңберінен аспай, осы жанрдың адам образын мүсіндеудегі көркемдік мүмкіншілігін белгілі дәрежеде ұтымды пайдаланғанын көреміз. Ол, ең алдымен, оқушы қауымды Ақан серімен біраз таныстырып өтеді. Бұл ретте ақын Ақан серіге кең көлемде мінездеме берген. Сол мінездеме арқылы Ақан серінің ұнамды тұлғасы анықтала бастайды.
Б.Момышұлы туралы шығармаларды салыстырыңыз.
. Б.Момышұлы туралы шығармаларды салыстырыңыз.
Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы, әскери шенді қызметкер, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы. Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24-желтоқсан күні Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында қарапайым, мал бағатын шаруа отбасында дүниеге келді. Балалық шағының он үш жылын өзінің кіндік қаны тамған ауылында өткізіп, одан кейін кеңестік дәуірдегі интернатта тәрбие алады. 1929 жылы «Әулие Ата» тоғыз жылдық мектебін бітіреді. Мектепті тәмамдағаннан соң шалғай аудандардың біріндегі ауылға (Бетпақдала) мұғалім болып барады. Коллективтендіру кезеңінде кеңестік мекемелерде қызмет етеді. 1932 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында мансапты қызмет атқарады. Кейін әскерге шақырту алады.
Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Бауыржан Момышұлы әдебиетке ерекшелікпен келген екен. Оқырман қауым батырды алдымен шығармалардың автор ретінде емес, шығармадағы ержүрек кейіпкер ретінде таныды. Дәлірек айтар болсақ, Александр Бектың «Волоколамск тас жолы» («Волоколамское шоссе») повесті арқылы танылған болатын. Повестің басты кейіпкері панфиловшы офицер, Мәскеуді қорғауға қатысқан батыр – Бауыржан Момышұлы – болатын. А.Бек бұл еңбегін батырдың әңгімелері мен еске түсірулерінің желісімен жазған болатын. Бауыржан Момышұлы – «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Артымызда Мәскеу» әңгімелерінің, генерал И.В.Панфилов туралы «Біздің генерал» өмірбаяндық повестінің, «Біздің отбасы» атты повестер мен әңгімелер жинағы кітабының авторы.
Ауыз әдебиеті үлгілерін сипаттаңыз.
Ауыз әдебиеті үлгілерін сипаттаңыз.
Қазақ ауыз әдебиетінің бірнеше түрі бар. Соның ішінде бастылары: халық арасында әр алуан тақырыпқа шығарылған өлеңдер, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, батырлар жыры, тұрмыс, салт жырлары, айтыс өлендері т. б
Ауыз әдебиетінің бұл аталған түрлері, әрине, бір мезгілде туып, бірден калыптасқан жоқ. Әрқайсысының шығу, өсіп-өркендеу тарихы, ұзақ уақытқа созылған даму жолдары бар. В. .Г. Белинский «Әдебиеттің түрлері» дейтін мақаласында ауыз әдебиеті мен жазба өдебиеттің арасында елеулі айырмашылықтар барлығын көрсетеді. Оның айтуынша: ең басты айырмашылық шығарманың авторы белгілі болу-болмауында. Осыған байланысты, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің айырмасы жөнінде В. Г. Белинскийдің мына бір пікірін келтірейік. Ол былай дейді: «...Ауыз әдебиетін алатын болсақ, оның жүртқа аты белгілі авторы болмайды, өйткені қашан да болса, ауыз әдебиетінің авторы халық болады. Халықтың немесе бір тайпаның жас шағындағы ішкі және тысқы тіршілігін ешбір боямасыз айқын көрсететін қарапайым, үстіртін аңғал өлең-жырларын шығарған кімдер еді, оны ешкім білмейді... Ал әдебиетті алсақ, ол мүлде басқаша болады: оның шығарушысы халық емес, оның авторлары - халық рухының әр алуан жақтарын өзінің акыл-ойы арқылы білдіретін жеке адамдар. Әдебиетте жеке адамдар әдебиеттегі өздерінің праволарын толық өз қолына алады, сөйтіп, әдебиет дәуірлері сол жеке адамдардың аттарына байланысты болып белгіленеді». Белинский бұл пікірін «Әдебиеттің түрлері» және «Әдебиет деген сөздің жалпы мағынасы» туралы жазған еңбектерінде де айтады. ¥лы сыншының пікірінше ауыз әдебиеті мен көркем әдебиеттің арасындағы басты айырмашылықтың бірі жеке авторлардың болу-болмауына байланысты. Және де өз дәуірінің, бүкіл халықтың "рухын білдіретін жеке авторлардың шығуы әкономиканың дамыған, қоғамдық ой-сананың үлғайып өскен кезінде болады; әкономиканың дамуы мәдениеттің, техниканың өсуіне ықпал жасайды, жазу өнерін шығарады, кітап басу ісінің тууына әсер етеді; осыдан былай жеке авторлардың шығармалары жүртқа жазу үлгісінде, баспа арқылы тарайтын болады дейді.
Ертегілердің тәрбиелік мәнін ашып көрсетіңіз.
Ертегілердің тәрбиелік мәнін ашып көрсетіңіз.
Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза.
Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетик. әдеби қазына. ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды.Ертегінің композициясы бас қаhарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады. Мұның бәрі ертегіге идеялық, мазмұндық және көркемдік тұтастық береді. Осы тұтастық бұл жанрға басқа да қасиеттер дарытады: композиция мен эстетикалық мұраттың бірлігі әрі тұрақтылығы, көркем шарттылықтың міндеттілігі, ауызекі сөйлеу тіліне сәйкестігі, тұрақты тіркестердің қолданылуы, т.т. Ертегіде қиял мақсатты түрде пайдаланылады, сондықтан ол әсіреленіп, ғажайыпқа айналады және біршама өзінше дамып отырады. ертегідегі ғажайып қиял адамның күнделікті көріп жүрген заттары мен құбылыстарын саналы түрде басқаша етіп көрсетеді, өйткені бұл жанрда ғажайыптың көркем бейнелеуіш құрал ретінде қолданылады. Өмірдегі шынайы нәрсенің өзін әдейі өзгертіп көрсету – ертегінің өзіндік қасиеті болғандықтан, ертекші де оның мазмұнын барынша әсірелеуге, ғажайыпты етуге күш салады. Сонымен бірге ертегідегі оқиғалар мен іс-әрекеттердің қаншалықты әсерлі болуы ертекшіге ғана емес, сондай-ақ тыңдаушыға да, ертегінің айтылу жағдайына да байланысты. ертегіде қиял мен ғажайып әрі идеялық та мақсатта қолданылады, себебі классик. Ертегі адамның рухани азығы болуымен қатар идеол. та қызмет атқарған. ертегінің көркем баяндалуында сюжеттен де гөрі композицияның рөлі артығырақ. Қазақ халқының жас ұрпаққа тәрбие берудегі тиімді құралдарының бірі - ертегі
М.Мақатаевтың ақындық ерекшелігін сипаттаңыз.
М.Мақатаевтың ақындық ерекшелігін сипаттаңыз.
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931-1976жж.) шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын. 650-ден астам лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер турасында терең толғаған. Ақынның көңіл-күй лирикасында сан алуан философиялық, психологиялық мезеттер алмасып отырады. Ақынның әр кезде әр жағдайға байланысты жазылған, әр сипат, мазмұндағы «Сен менің жүрегімді жазалама», «Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің», «Кем болып жаралғам жоқ мен ешкімнен», «Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген», «Жамылып сағыныштың сал шекпенін», «Қасым солай болмаса», «Қашанғы қалжыраймын ойлап өтем», «Сен қартайды дегенге», «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы», «Бәрін де түйсін, білсін тылсым кеуде», «Маған құрбым кектенбе», «Бір өлеңі бір елдің мұрасындай», «Хал сұрама, жыр сұра», «Жазылар естеліктер мен туралы», «Ғашықпын» т.б.туындыларында сын айту, ақыл қосу сарындарынан гөрі уақыт туралы мұң, назға толы сыр айту негізгі өзекжарды идеяның арқауына айналған. Өлең- өмір, өмір-өлең екенін бұдан артық түсіндіру мүмкін емес. Мұқағали үшін, бүкіл әлем, гүл, бояулар, дыбыстар бар жаратылыс, барлық өмір-поэзия дүниесі. Мұқағали - лирик ақын. Лирикада адам болмысының түгел көрініс табатыны, адам жанының сыры, ой-сезімі жоғары поэтикалық деңгейде өрнектелетіні аян. Лирик ақын көбіне өзімен-өзі іштей сырласып, ойды іштей саралап, өзіне-өзі сауал қойып, тоқтам айтып, өз ойын дәлелдеуге тырысады. Өз мақсатына жетуде түрлі көркемдік әдістерді құбылта отырып пайдаланады. Әсіресе өз кейіпкерінің ішкі сезімін, жан дүниесін, табиғатын, болмысын беруде пейзажды керемет пайдаланады. Табиғаттың сұлулығын бірде құлпырта сол күйінде суреттесе, енді бірде кейіпкерімен қатар ала отырып, салыстыра, астастыра суреттейді. Сол арқылы адам болмысын, оған тән мінез-құлықтарды, қасиеттерді нақты да шынайы бейнелейді.
Сүйінбайдың айтыс өнерінің үздігі екенін дәлелдеңіз.
Сүйінбайдың айтыс өнерінің үздігі екенін дәлелдеңіз.
Аронұлы Сүйінбай (1815 — 1898) – қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі.
Сүйінбайдың, әсіресе, айтысқа түскенде қынынан суырылған қылыштай жарқылдап, өзінің туа біткен ақындық дарынмен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезек төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті.
Оның Сұраншы, Саурық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.
Ол айбынды айтыскер ақын және батырлық эпостарды жырлаудың шебері болған. Өтеген, Қарасай, Сұраншы, Саурық сынды қазақ батырлары турасында қаһармандық дастандарын дүниеге келтірді. Оның Тезек төре және Катаған ақындармен айтысы да дүйім жұртшылыққа мәлім. Бұл айтыстарда ол орын алған әлеуметтік мәселелерді арқау етіп, ерекше орындаушылық дарыны мен суырып салма ақын екенін паш етті. XIX ғасырдың орта шендерінен бастап қазақ айтысының орталығы Жетісуға ауады. Онда айтыс өнері өрен жүйріктерінің қуатты шоғыры қалыптасады. Солардың арасында Сүйінбайдың орны ерекше болған. Ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов оны «айтыс өнерінің алтын діңгегі» – деп аса жоғары бағалады. Сүйінбай – ірі айтыс ақыны. Ол ақындықты айтыстан бастап, талантының өлең сайысына бейімділігін байқатады.
Ақын боп жиырмамда желдей болдым, Отызда асқар биік белдей болдым.
Отыз асып, қырыққа келгеннен соң, Қаптаған жердің жүзін селдей болдым, –
деп өзі айтқандай, көп өтпей-ақ, алдына жан салмайтын айтыскер ақынға айналады.
С.Мұқановтың шығармашылығыына тоқталып өтіңіз.
С.Мұқановтың шығармашылығына тоқталып өтіңіз.
Мұқанов, Сәбит Мұқанұлы (1900-1973) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жер.
Жастайынан халық арасында жиі айтылатын жыр дастандарды жаттап, өзі де ауызша, жазбаша өлең шығарып талаптанып жүрген Сәбит осы кезден бастап, шығармашылыққа шындап бет бұрады. Оның есімін жалпы қазақ оқырманына кеңінен танытқан «Сұлушаш» дастаны, «Адасқандар» романы осы кезде өмірге келді. Осыларға жалғаса жазылып, бірінен кейін бірі жарық көрген «Майға сәлем» (1933), «Сөз Советтік армия» (1934) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935), «Жұмбақ жалау» романы (1938) және осылар тәріздес толып жатқан шығармалары қазақ әдебиетінің дамуында ерекше рөл атқарады. Осы кезге дейін атқарған сан салалы қызметінде болсын, шығармашылық өрлеу жолында болсын, ілгерлеудің басты кепілі терең білім екенін, онсыз көздеген мақсатында жету мүмкін еместігін айқын сезінген ол 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқиды, Москвадағы Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне түсіп оны бітіреді. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болады, Қазақстан Жазушылар одағын басқарады. Бұл жылдары да олөндіріп жазумен болды. Драматургия, сын, әдебиеттану салаларында ерекше еңбек етті. 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды, әдебиет тарихы және ағартушы демократтар шығармашылығы туралы зерттеутт еңбектер жазды, халық поэзисының ірі өкілдері туралы толымды пікірлер айтты. Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» деген тарихи этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды.
Ж.Нәжімеденовтің ақындығына тоқталыңыз.
Ж.Нәжімеденовтің ақындығына тоқталыңыз.
Қазақ әдебиетінің классигі, ХХ ғасырдың біртуар ақыны, Қазақстан Республикасы жаңа әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің өмірінде қараша айының алар орны бөлек. Ақын 1935 жылы 28 қарашада туып, 1983 жылы 22 қарашада өмірден озған еді. Жұмекен ақын зор дарын иесі еді. Бұған белгілі қаламгерлердің мына сөздері дәлел: «Нәжімеденов – жиырмасыншы ғасырдың соңғы қырық жылындағы өз мойынына алған суреткерлік міндеттемесін толық орындап, қазақ әдеби кеңістігіндегі поэзия сынды қозы жамыратқан ауылдай мазасыз алқапты аяқ-қолы түгел, басы-көзі бүтін, қапысыз сомдалып, мұқият мүсінделген кесек еңбек тастап кеткен адам» дедi Әбіш Кекілбаев. Жұмекен көзі тірісінде-ақ мықты ақын ретінде мойындалды. Оның жырлары туған халқымен бірге мәңгі жасай береді. Елуінші жылдардың екінші жартысында, алпысыншы жылдардың басында Жұмекеннің өлеңдері республикалық баспасөзде жиі жарияланып жүрді. Алпысыншы жылдардан бастап өлеңдері мен шығармалары, үш романы, аударма кітаптары "Жазушы", "Жалын" баспаларынан жарық көрді: "Балауса" (1961), "Сыбызғы сыры" (1962), "Өз көзіммен" (1964), "Жоқ, үмытуға болмайды" (1965), "Жарық пен жылу" (1966), "Күй кітабы" (1967), "Мен туған күн" (1972), "Мезгіл әуендері" (1968), "Ұлым, саған айтам" (1970), "Қызғалдақ жайлы баллада" (1971), "Ақ шағыл" (1973), "Кішкентай" (1975), "Даңқ пен дақпырт" (1977) "Темірқазық" (1981), "Менің топырағым" (1985) кітаптары, үш томдық шығармалар жинағы (1996-1997), "Мен — тамырмын" дастандар (2001), "Қасірет пен қайсарлық" (2001), "Жұмекен" (2002), "Жаңғырық" (2003). 1967 жылы "Жоқ, ұмытуға болмайды!" атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Ақын жырлары бірнеше шетел тіліне аударылған.
Қадырғали Жалаиридің «Жами- ат-тауарих» кітабы туралы.
Қадырғали Жалаиридің «:Жами ат- тауарих» кітабы туралы
«Жәми ат-Тауарих», қазақша айтқанда «Жаппы тарих» деп аталатын үш томдық бұл кітапта Адам атадан Ғазан ханға дейінгі оқиғалар, оның ішінде пайғамбарлар, халифалар, оғыз, қытай, үнді, израиль, европалықтар тарихы сөз болады. Алайда, осы үш томдық кітаптың екінші томының кейбір тараулары ғана сақталып, үшінші томы түгелдей жоғалып кеткен екен. Біздің жалпы түркі, оның ішінде Қазақстан тарихына қатысты материалдардың бәріне де шолу жасай алмайтындығымыз белгілі. Сондықтан да біз бұл кітаптан тек Тараз тарихына тікелей қатысты жерлерін ғана пайдаланамыз. Кітап авторы Рашид-ад-дин Фәзлолла Хамаданидың туған жылын парсы ғалымдары 1239 немесе 1246, әйтпесе 1248/1249 жьлы деп көрсетеді. 1336 жылы Ғазан ханның немересі Сұлтан Олжайту ханды Рашид-ад-дин дәрігер ретінде у беріп өлтірді деген желеумен атақты тарихшының ұлын көз алдында басын шаптырып, өзінің денесін де бөлшектеп, басын Тәбрез қаласында іліп қояды. Өйткені, Рашид-ад-дин мусылман дінін қабылдаған евреи екен. Ол кезі тірісінде мешіт салғызған. Рашид-ад-диннің «Жами -ат Тауарих» атты кітабын халқымыздың төл тарихшысы жалайыр Қадырғали би өз шығармасында қысқарта пайдаланып, кейінгі тарауларын қазақ хандығының тарихына арнағандығы белгілі. Сол сияқты Дулат Мұхаммед Хайдар мырза да «Тарихи-и Рашиди» шығармасын жазғаңда осы Рашид-ад-диннің «Жами-ат Тауарих» кітабын өнеге еткен.
М.Жұмабаев поэмаларының ұлттық сипатын айқындаңыз.
М.Жұмабаев поэмаларының ұлттық сипатын анықтаңыз.
Мағжан Жұмабаев — көрнекті жазушы, ақын, публицист. Қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі атанған талантты ақынның есімі кеңес өкіметі тұсында қазақ әдебиеті тарихынан жазықсыз сызылып, оның маржан жырлары идеологиялық қудалауға ұшыраған болатын. Халқының тәуелсіз ел болғанын көруді аңсаған ол, өмірінің аса ауыр сәттерін бастан өткерді. Алайда, тағдыры қиын болғанымен, өміршең жырлары кейінгі ұрпаққа өлмес мұра болып қалған Мағжан Жұмабаев еңбектері туралы кемеңгер жазушымыз кезінде көрегенді ой айтқан еді. ХХ ғасырдың басы еліміздің рухани-мәдени тарихындағы қиындығы мен қайшылығы мол күрделі кезең болды. Қазақ әдебиетіндегі аса ірі тұлға Мағжан Жұмабаевтың ақын болу, қалыптасу кезеңі — ұлттық көзқарастардың оянуы мен қоғамда жаңа жол іздеген дағдару дәуіріне тура келді. Дәл осы тұста Мағжан жалынды жырларымен ұлттың рухын көтерген алаш ұлдарының бірі болды. Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады, ұлы ақынның “мың жыл жұтса дәмі кетпес” сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Жұмабайұлы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді (“Шын сорлы”), халқын өнер-білімге шақырды (“Ләззат қайда?”, “Жазғы таң”, “Өнер-білім қайтсе табылар”, “Балалық шақ”, “Қазағым”, “Қарағым”, “Осы күнгі күй”, “Мен сорлы”).
Қ.МырзаӘлі ақындығының басты қырын көрсетіңіз.
Қ.Мырза Әлі ақындығының басты қырын көрсетіңіз.
Қадыр Мырза Әли – 1935 жылдың 5 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының, Жымпиты ауданында дүниеге келген. Ұлы ақын, Қазақстанның Халық жазушысы атағы (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1980). ҚазМУ–дің филология факультетін бітірген. 1958-1993 жылдары «Балдырған» журналында әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі, Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы қызметтерін атқарды.
Қадыр Мырза Әлидің алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында жарияланған. Тұңғыш шығармалар жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді. Оның «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене Қожанасырлар» (1961), «Данышпан» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964) атты кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосқан елеулі үлесі болды. Ақын «Ой арманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Ақ отау» (1968), «Домбыра» (1971), «Көш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Алақан» (1977), «Қорамсақ» (1980, 1981), «Қызыл кітап» (1983), «Күміс қоңырау» (1970-1985) жыр жинақтарында нәзік лирикалық сезімді терең философиялық ой-толғаныстарымен шебер ұштастырған. «Мәңгі майдан» (1993), «Биік баспалдақ» (1993), «Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнама» (2001), «Алаштың арманы» (2001), «Жазмыш» (2001), « Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004) т.б. қырықтан астам кітаптар мен балаларға арналған топтамалардың авторы. Әдеби - сын кітаптарында халықтың өткені мен бүгінгісіне, ғасырлар бойғы арман - мүддесіне, мәдениет пен әдебиеттің даму сатыларына ой жүгіртіп, замандастарының тыныс-тіршілігіне үңілген. Оның 200- дей өлеңіне ән жазылып, «Күндер-ай» деген атпен жеке жинақ болып 1984 жылы жарық көрді. Драматургия саласында Алдар көсе туралы «Сақалдың саудасы» атты сатиралық комедия мен Махамбеттің соңғы күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты драмасын жазды. Соңғы шығармасы үшін М. Өтемісұлы атындағы сыйлыққа ие болды (1997). Оның шығармалары әлем әдебиетінің озық үлгілерімен үндес келіп, философиялық-дидактикалық дәстүрді дамыта жырлаған өзіндік өрнегімен танылды.
Тіл туралы заңдарды жүйелеп көрсетіңіз.
Тіл туралы заңдарды жүйелеп көрсетіңіз.
Қазақ тілі - өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Біздің мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы бері, мемлекеттің бастапқы қалыптасу кезеңінде мемлекеттік тілді дамытудың келешегін анықтайтын нақты стратегиясы қабылданған болатын. 1997 жылдың 11 шілдесінде № 151 «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның қабылдануы қазақстандықтар үшін маңызды тарихи оқиға болды. Заңның қабылдануы Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында бекітілген: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» нормасын нақтылап, мемлекеттік егемендіктің аса маңызды атрибуттарының бірі ретінде таныды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейде көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. 4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.
Симба
21.М.Дулатовтың өмірі мен шығармашылығына тоқталыңыз. Халық жүрегіне ерекше қымбат тұлғалардың бірі - Міржақып Дулатов. Әдебиеттің дамуына үлес қосқан, қаламгер және қоғамдық-әлеуметтік іске белсене араласқан қайраткер Міржақып Дулатов бұрынғы Торғай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел атырабында 1885 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерлік шаруасы бар, қолы шебер адам болған. Кіші баласы Міржақыпты ауыл молдасына оқуға береді. Екі жылдан кейін ол ауылдық мектепте Мұқан Тоқтарбайұлы деген мұғалімнен орысша сабақ алады. Міржақып Дулатов өзі жазған өмірбаянында «1897жылы мен екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түстім, оны бітіргеннен кейін оқытушылар курсында оқып, ауыл мұғалімі деген мамандық алдым. Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым» - деп жазады.
Торғай топырағына білімнің ұрығын сеуіп кеткен Ыбырай Алтынсарин мектебі жас ұрпаққа бұл кезде игі ықпалын тигізді. Мұқан мұғалім де, Ахмет Байтұрсынов та, ағасы Асқар да Ыбырай Алтынсарин мектебінің түлектері еді. Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жете меңгереді. Орыс жазушылары шығармаларымен танысады. Мұғалім болған 6 жыл ішінде оң мен солын танып, ұлт қамы үшін күресуге дайындалады. Ақындық талантын да осы жылдары таныта бастайды. Осы кезден бастап-ақ Жақаңның бар ғұмыры халқымен тығыз байланысты болды. Осы арада бір ғана «Серке» газетіндегі «Жастарға» атты өлеңі мен жариялана түсіп жабылып қалған.
Енді, міне, белгілі бір мөлшерлі мезгіл жеткенде, ел жадындағы ұлы тұлғаның ғибратты ғұмырына көңіл бөліп, тағзым етудің орайы келіп тұрғандай. Демек, бұл тұста Міржақып Дулатұлы кім деген сұраққа мән бермей қоя алмаймыз. Оның халық деп соққан жүрегінің дүрсілі ғасыр сағатының тіліндей тырсылдап естіліп тұратынына ешкімнің күмәні болмаса керек. Ендігі сұрақ - біз оның табиғи болмысын қаншалықты түсіне білдік.
Өткен ғасырдың ұшар басында Торғайдың қазақ-орыс мектебін бітіріп, кейіннен Қостанайдағы бір жылдық курсты бітіріп, мұғалімдік куәлік алып, Міржақып бір-екі жыл ауыл мектебінде бала оқытады. Елге адал еңбек көрсете жүріп, елдің әлеуметтік өмірінен хабардар болған көзі ашық жігіт ауыл түлегіне көңілі толмады. Әр түрлі салаға ой жүгіртіп, әлденелерге алаңдаулы болды.Сондағы оны ең мазалағаны, ауыл балаларына білім беруге жағдай жасалмағаны, оқулықтардың жоқтығы.
