- •Депозит нарығын ұйымдастырудың теориялық аспектілері
- •Депозиттің экономикалық мәні мен оның жіктелуі
- •1.2 Қазақстан Республикасындағы депозит нарығының қалыптасуы және даму жолдары
- •1.3 Қазақстан Республикасының депозит нарығының құрылымы
- •2.Қазақстандағы депозит нарығының дамуын коммерциялық банктердің депозиттік қызметі негізінде талдау
- •2.1 Қазақстан Республикасындағы коммерциялық банктердiң депозиттік қызметін талдау
- •Кесте 2.1
- •2.2 «ForteBank» ақ-ның депозиттік операцияларын талдау
- •2.3 Депозиттерді сақтандыру қорының қызметін талдау
- •3.Қазақстанның депозит нарығының даму перспективалары мен «қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» ақ қызметінің даму бағыттары
- •3.1 Қазақстанның депозит нарығының даму перспективалары
- •3.2 «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» ақ қызметінің даму бағыттары
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
2.3 Депозиттерді сақтандыру қорының қызметін талдау
Қазақстан Республикасы банк жүйесінің екінші деңгейдегі банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерін) кепілдендіру (сақтандыру) қажеттігі көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі болатын. Мұндай мәселенің туындауы Қазақстан Республикасы экономикасының нарықтық қатынастарға өтуімен, халықтың банктердегі көптеген жылдар бойы жинаған ақша қорларының, яғни жинақтарының 1990 жылдардың басында инфляция әсерінен банктердің жабылуы салдарынан жоғалып кетуімен байланысты болып отыр. Ал, экономиканың заңдылығы бойынша, инфляцияның зардаптарын тұрақты табысы бар әлеуметтік топтар ғана шегеді, атап айтқанда: тұрақты табысы бар қызметкерлер, зейнеткерлер, әлеуметтік жәрдемақы есебінен күн көретін азаматтар және банктердің салымшылары. Сонымен қатар, КСРО-ның ыдырауы, халықтың сонау КСРО Жинақ Банкінде сақтаған салымдарының жоғалуына әкеліп соқтырды.
Міне, осы жерде не себепті депозиттік сақтандыру жүйесі сол жылдары құрылмады деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл сұраққа кезінде депозиттерді сақтандыру қорының бас директоры болған Ахметов Алпысбай мырза былай жауап берген: ....қорды құру үшін алғышарттар қажет. Ол ең алдымен тұрақты банктік жүйе, екіншіден, елдің экономикасы өрлеу кезеңіне аяқ басуы тиіс. Ал, 1990 жылдары мұндай мүмкіндіктер болған жоқ. Экономиканың құлдырауы кезінде қорды құру өте қауіпті еді.» [18, 15б.].
Алайда, жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерін) кепілдендіру (сақтандыру) қорын құру оңай мәселе болмады. Халықтың коммерциялық банктердегі салымдарын сақтандырудың, біріншіден, халық қолындағы айналысқа түспей отырған ақшалай қаражаттарын экономикаға тарту, екіншіден, ақша иелерінің табыстарын өсіру, үшіншіден, банк жүйесін ақша ресурстарымен қамтамасыз ету, төртіншіден, экономиканың нақты секторларына жұмсалынатын несие ресурстарын көбейту, бесіншіден, өндірістерге ішкі инвестицияны тарту және тағы басқа да көптеген пайдалы тұстары бар. Сонымен қатар халық салымдары банк үшін банкаралық заемдармен, банктік вексельдермен және басқа да қаржылық құралдармен салыстырғанда арзан ресурс болып табылады. Бұл жүйенің қызметін мемлекеттің реттеуінсіз нәтижелі ұйымдастыру мүмкін емес.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев қаржыгерлердің конгресінде халық қолында 1 млрд. астам қаражат бар, ол қаражаттарды сақтандыру қаражат иелеріне де ел экономикасына да тиімді дей келе, ҚР-дағы коммерциялық банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарын сақтандыру – банктердің өздерінің шешетін мәселесі, бірақ мемлекет тұсынан көмек пен реттеуді қажет етеді деп тұжырымдады. Сөйтіп, екінші деңгейдегі банктердегі тұрғындардың және ұйымдардың салымдарын олардың төлем қабілетінің күрт төмендеген жағдайында құнсызданудан сақтануды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банкке екінші деңгейдегі ірі банктермен бірлесе отырып, тұрғындардың қысқы мерзімді депозиттерін ұжымдық сақтандыру жүйесін құруды және оны іске қосуды тапсырды. Көп ұзамай, 1999 жылдың 5 қарашасында Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктермен, банктер ассоциациясымен және қаржыгерлер ассоциациясымен бірлесе отырып, екінші деңгейдегі банктердегі жеке тұлғалардың салымдарын міндетті түрде ұжымдық сақтандыру ережесін енгізді. Осы сақтандыру жүйесі шеңберінде Ұлттық Банктің бастамасымен, жарғылық қоры 1 млрд. теңгені құраған. «Қазақстан жеке тұлғалардың салымдарын (депозиттерін) кепілдендіру (сақтандыру) Қоры» ЖАҚ құрылды. Алғашында бұл қорға қаржылық жағдайы тұрақты, халықаралық стандарттар негізінде қызмет көрсетуші, тұрғындардың мерзімді салымдарының 90% мөлшерін өздеріне жинақтаған 16 банк мүше болған. Қордың құрылтайшысы Ұлттық банк болып табылады. Қор ЖАҚ нысанында құрылған заңды тұлға және оның алынған таза табысы акционерлер арасында бөлінбейді, тек қана жарғылық мақсаттарға жұмсалады. Қордың алғашқы капиталы 1 млрд. теңге болған.
Қор қызметінің негізгі мақсаты – Қорға мүше банктің ықтиярсыз таратылуының нәтижесінде жеке тұлғалардың салымдарын кепілдендіру арқылы банк салымшыларының мүдделерін қорғау. Қор салымшы мен банктің арасындағы қатынаста салымның сақталынуының кепілі ретінде үшінші тұлға болып қызмет атқарады. Алғашқыда «Жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) Қорының» органдары 9 адамнан тұрды. Қазіргі уақытта Қордың жалпы басшылықты басқару органы – Қордың Директорлар Кеңесі жүзеге асырады, ол 7 адамнан тұрады.
Қордың бірден бір акционері және басқарудың жоғарғы органы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып табылады. Қордың Консультативтік кеңесі қатысушы банктердің өкілдерінен құрылады. Ол барлық қатысушы банктердің дауыс беруінің нәтижелері бойынша сайланады. Консультативтік кеңестің құрамын Төрағасы бекітеді. Консультативтік кеңестің төрағасын оның мүшелерінің ішінен Консультативтік кеңес сайлайды. Консультативтік кеңестің құрамы жыл сайын қайта сайланып отыруы тиіс. Консультативтік кеңес Қорға ұсыныстар жасайды, кепілдемелер береді, консультациялар өткізеді, Қордың депозиттерге міндетті түрде кепілдік беру мәселелері бойынша құжаттар әзірлеуіне жәрдемдеседі. Консультативтік кеңес қызметінің тәртібі ол қабылдаған жұмыс регламентіне қарай белгіленеді. Консультативтік кеңестің шешімдері кепілдемелік сипатта болады.
Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) міндетті ұжымдық кепілдік беру (сақтандыру) Ережесінің 6 бабына сәйкес «Қазақстанның жеке тұлғалардың салымдарына (депозиттеріне) кепілдік беру (сақтандыру) Қоры» ЖАҚ қаржы шаруашылық қызметіне бақылауды бақылаушы орган – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Өкілі болып табылатын Қор ревизоры жүзеге асырады.
Сақтандыру бағдарламасының негізгі міндеттері болып келесілер табылады :
салымшыны қорғау;
елдің банк секторына сенімділікті жоғарылату;
тәуекелді төмендету;
экономиканы сауықтыру.
Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктермен өзара іс-қимылды күшейту мақсатында Кеңес беруші кеңесі құрылған, оның құрамына бүгінгі күнде екінші деңгейдегі 7 банк кіреді. Кеңес беруші кеңесі қорға ұсыныстар, кепілдемелер береді, ақыл қосады, қордың нормативтік құқықтық құжаттарының жобаларын әзірлеуге көмек жасайды.
Қор өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі мүлкімен жауап береді. Қор мемлекеттің міндеттемелері бойынша жауапты емес және сәйкесінше мемлекетте қор міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
Жалпы, 1999 жылдан бастап бергі кезеңде депозиттерді сақтандыру жүйесінде үлкен үш түрлі өзгерістер болды.
Алғашқы кезеңде (1999-2001 ж.ж.) жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік беру объектісі банктерге жеке тұлғалар теңгемен, АҚШ долларымен және еуромен мерзімдік салымға салған банктік салым шарттарымен немесе салымдық құжаттармен куәландырылған ақша болып табылады. Оларға мынадай ақша қаражаттары жатқызылмады:
Қажет уақытында талап етілетін депозиттер;
Жеке тұлғалардың банктерге сенімді басқаруға берілген ақшасы;
Заңда тұлға құрмай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысқан жеке тұлғалар депозитке салған ақша, егер бұл депозиттер көрсетілген қызметпен байланысты ашылған болса;
Жеке тұлғалар салымға салған ақша – осы банк не үшінші адамдар алдындағы міндеттемелер бойынша кепіл;
Банк акцияларының 5% астамын иеленетін, дауыс беру құқығы бар осы банктің басшы қызметкерлері және акционерлері депозиттерге салған ақша;
Қордың Директорлар Кеңесі бекіткен шекті мөлшерден асатын сыйақы мөлшерлемеріне ие салымдар.
Мұнда қатысушы банктің бір салымшысына ең жоғарғы өтеу мөлшері 1 млн. теңге болды және Қор өтем сомасын Ережеге сай келесі регрестік шамамен қайтаруға міндеттенді:
200 мың теңгеге дейінгі салымдар бойынша – 100%;
200 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейінгі салымдар бойынша – 200 мың теңге және 200 мың теңгеден асқан сомадан 80%;
400 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейінгі салымдар бойынша – 360 мың теңге және 400 мың теңгеден асқан сомадан 60%;
600 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейінгі салымдар бойынша – 480 мың теңге және 600 мың теңгеден асқан сомадан 40%;
800 мың теңгеден 1 млн. теңгеге дейінгі салымдар бойынша – 560 мың теңге және 800 мың теңгеден асқан сомадан 20%;
1 млн. теңгеден жоғары салымдар бойынша – 600 мың теңге және 1 млн.теңгеден асатын сомадан 10%.
Бір салымшының салымдары бір салым ретінде жинақталып қалады.
Өтеу тек қана теңгемен төленетін еді. Шетел валютасындағы салымның сомасы осы салым салынған қатысушы банкті ықтиярсыз тарату туралы соттың шешімі күшіне енген күні Ұлттық Банк кеден және салық төлемдерін есепке алу мақсатында белгілеген шетел валютасының теңгеге шаққандағы бағамы бойынша анықталды.
Салымдарды өтеудің бұл әдісінің кейбір жағдайлары жеке тұлғалар үшін түсініксіз, сақтандыру қоры мен банктер үшін көп жұмыс уақытын алатын және тиімсіз болғандықтан, бұл жағдайды өзгерту мәселесі көтерілді. Сондықтан, 2002 жылдың 12 сәуірінде Ережеге өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, яғни теңгедегі жедел салымдар бойынша 400 мың теңгеден аспайтын, ал шетел валютасында 360 мың теңгеден аспайтын сомада қайтару. Депозиттерді ұжымдық сақтандыру жүйесі бойынша өтемдерді төлеудің жаңа әдісі енгізілді.
Екінші кезеңде (2002-2004 ж.ж.) Қор банкротқа ұшыраған жағдайда, жеке тұлғалардың депозиттерін өтеу тәртібін былайша өзгертті:
Жеке тұлғалардың теңгемен номинацияланған депозиттерінің 400 мың теңгесі толығымен қайтарылатын болды да, сондай ақ депозиттік пайыздық соманы қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 50% мөлшерінде қайтаруға міндеттенді;
Шетел валютасындағы депозиттер бойынша – депозит сомасының 90% қайтарылып, өтемнің ең жоғарғы мөлшері 360 мың теңгені құрады, алайда салымның пайыздық сомасы қайтарылмайтын болды. Салымдарды кепілдендіру тәртібінің әркелкі болуы экономиканың «долларизациялану» дәрежесін төмендету және ұлттық валютаны нығайтумен байланысты;
Қажет уақытында талап етілетін теңгемен номинацияланған салымдар кепілдендіру объектілерінің қатарына енгізілді. Ол бойынша өтем салым мөлшерінде, алайда 50 мың теңгеден аспайтын сомада қайтарылды.
Ал, депозиттерді өтеу тәртібінің үшінші кезеңі (2004-2006 ж.ж.) 2003 жылдың 1 қыркүйегінен басталды. Бұрынғы бір ереженің орнына Ұлттық Банктің Басқармасы жаңартылған екі ережені бекітті. Оның бірі Қордың қызметін анықтаса, екіншісі ұжымдық кепілдік беру жүйесінің міндеттері мен қызметін анықтайды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 04.07.2003 ж. №200 қаулысына сай «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік беру» Ережесіне келесідей жаңалықтар енгізілді: ең бастысы сақтандырылатын депозиттер түрлерінің кеңеюі болып табылады. Кепілдендіру Ережесі өтеу төлемдерінің шарттары, тәртібі мен мөлшерін, кепілдендіру объектілерін, сондай ақ қатысушы-банктер мен олардың салымшылары арасындағы, Қор мен салымшылар арасындағы қатынасты анықтады.
Кепілдендіру Ережесі салымның түрі мен валютасына байланыссыз, салымдардың барлық түріне өтеудің бірегей сомасын бекітті. Талап етуіне дейінгі және шартты салымдар, сондай ақ теңгеде және шетел валютасында салынған салымдар енді бірдей сомада кепілдендірілді, дәлірек айтқанда ол бойынша сыйақы есептелмеген, кепілдендірілген салым сомасы көлемінде, бірақ 400 000 теңгеден аспайтын сомада. Егер Қор бұған дейін теңгемен номинацияланған қажет уақытында талап етілетін депозиттер мен теңге, АҚШ доллары және еуродағы мерзімді салымдары кепілдік берсе, бұдан былайғы жерде Қор теңге және кез‑келген шетел валютасындағы барлық мерзімді, шартты және қажет уақытында талап етілетін депозиттерді, карт-шоттағы және ағымдағы шоттағы ақша қалдықтарын сақтандырады немесе кепілдендіреді.
Егер қатысушы банктен басшы қызметкерлерінің, олардың жақын туысқандары мен жұбайларының, сондай-ақ дауыс беру құқығы бар акциялардың 5 және одан да көп пайыздарға ие акционерлердің, олардың жақын туысқандары мен жұбайларының мерзімді, шартты және қажет уақытында талап етілетін салымдары ағымдағы шоттардағы және карт шоттардағы ақша қалдықтары сақтандырылмайды. Сонымен қатар, VIP-салымдар кепілдендірілмеді (әрбір салым бойынша олардың мөлшері 7 млн. теңгеге баламалы сомаға тең немесе асып түсетін болса).
Төртінші кезең (2007 жыл). Депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесінің қатысушылары арасындағы қатынасты реттеуші негізгі нормативті құқықтық құжаттардың бірі болып 2007 жылы 1 қаңтарда күшіне енген, «ҚР Екінші деңгейлі банктерінде орналастырылған депозиттерді міндетті кепілдендіру» туралы 07.07.2006 жылғы № 169-III ҚР Заңы табылады. Берілген заң кепілдендіру объектілеріне қатысты алдындағы барлық шектеулерді алып тастады, салымның сомасы мен оның иесінің таратылып жатқан банкпен аффилирленгеніне қарамастан, жеке тұлғалардың теңгедегі және шетел валютасындағы барлық салымдарына кепілдік берілді. Бүгінгі таңда депозиттерді міндетті кепілдендіру объектілері болып банктік шоттарды жатқан, салымдар бойынша сыйақы есепке алынбаған, жеке тұлғалардың депозиттерін қайтару бойынша мәжбүрлі таратылушы қатысушы-банктің міндеттемелері табылады. Заңға сәйкес, өтемдер тек ұлттық валютада қайтарылады (бұрыңғы ереже бойынша салым қай валютамен салынса, сол валютамен қайтарылатын). Ал, шетел валютасында салынған депозиттер бойынша өтемді қайтару үшін банкті еріксіз тарату туралы сот шешімі күшіне енген күні нарықта қалыптасқан бағам пайдаланылады.
Банк банкротқа ұшыраған жағдайда Қор жеке тұлғаның теңгемен номинацияланған депозиттерін 700 мың теңге шегінде депозиттік пайыздық сомасыз қайтарады. Бір салымшының салымдары бір салым ретінде жинақталып қаралады.
Берілген кезеңде Қор мен банктер арасындағы қатынасты құқықтық реттеудің жаңалығының бірі міндетті күнтізбелік жарналардың дифференцияланған мөлшерлемелерін енгізу табылды. Бұған дейін банктер бірдей мөлшерлемелер бойынша жарналар төлеген болатын. Енді мөлшерлемелер көлемі әрбір банкке жеке бекітілетін болды, нақтырақ айтсақ, Қордың Директорлар Кеңесі шешімімен бекітілген міндетті күнтізбелік, қосымша және күтілмеген жарналарды төлеу тәртібі мен мөлшерін анықтау Ережесіне сәйкес банктің әрбір бес маманданған топтардың қайсысына жататындығына байланысты.
Қор тоқсан сайын төленетін міндетті күнтізбелік жарнаның мөлшерін келесідей мөлшерде бекітті:
Депозиттерді міндетті ұжымдық кепілдендіру жүйесіне қатысуының алғашқы екі жылы ішінде – есепті тоқсаннан кейінгі айдың бірі күнгі жағдай бойынша қатысушы‑банктің кепілдік берілетін салымдар сомасынан 0,25%;
Келесі жылдары – есепті тоқсаннан кейінгі айдың бірі күнгі жағдай бойынша қатысушы-банктің кепілдік берілген салымдар сомасынан 0,16% [26, 21-24 б.].
Бесінші кезең (2008 жылдан бүгінгі күнге дейін). «Қаржы жүйесінің тұрақтылығы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 23 қазандағы заңынасәйкес Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банк осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 2012 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым депозиторларға – жеке тұлғаларға кепілдік берілетін депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемді депозит бойынша есептеп шығарылмаған сыйақысыз депозит бойынша қалдық сомасында, бес миллион теңге мөлшерінде төлейді. Осы шешiм мүдделi мемлекеттiк органдардың банк секторының ағымдағы жағдайын, оның даму мүмкіншіліктерін, отандық депозиттерге кепілдік беру жүйесiнің қаржылық тұрақтылығына, оның кепiлдiк берілген өтемақысының бес миллион теңге деңгейінде белгілеуге байланысты, анағұрлым өсетін ықтимал мiндеттемелерiнiң мөлшерiн бағалап, жан-жақты қарастыру және талқылаудан кейiн қабылданды.
Дағдарысқа қарсы шара ретiнде 2008 жылдың күзінде мемлекеттің кепiлдiк берілген өтемақы мөлшерін жоғарылатылуы, осы мерзімде банктердің болған проблемалары мен қиындықтарына қарамастан, азаматтардың республиканың банк жүйесiне деген сенiмін сақтап қалуда негiзгi рөл атқарды. Бұл осы мерзiм ішінде депозиттық базасының өсуiмен расталады. Осылай, 2009 жылдың 1 қаңтарынан 2011 жылдың 1 мамырына дейiнгі мерзiмде тұрғындардың депозиттерi 59%, немесе 878 миллиард теңгеге, олардың iшiнде 5 миллион теңгеге дейiнгі депозиттер 54%, немесе 374 миллиард теңге өстi. Сонымен бiрге, қазақстандық банктерiндегi жеке тұлғалардың депозиттерінiң басым бөлiгi 5 миллион теңгеден аспайды, атап айтқанда - ағымдағы және карт-шоттарды есептегенде банктегі шоттардың 99% .
Депозиттерге кепiлдiк беру жүйесі, өз кезегiнде, осы жылдар бойы жоғарыда келтірілген депозит базасының өсуiмен өз тиiмдiлiгi және тiршiлiк қабiлеттiлігін дәлелдеп шықты. Бұдан басқа мәжбүрлеп таратылған банктердегi кепiлдiк берілген өтемақыны төлеу бойынша Қазақстанның депозиттерге кепiлдiк беру қорының (Қор) өз мiндеттемелерiн табысты орындауы қатардағы салымшыларға өз жинақтарының қорғалғандығын дәлелдеді. Қазақстан Ұлттық Банкi Қордың жалғыз акционерi ретінде 2008-2011 жж. мерзiмі ішінде Қордың Жарғылық капиталын 16 миллиард теңгеден 121 миллиард теңгеге дейiн үлкейтiп, өз тарапынан, депозиттерге кепiлдiк беру жүйесін қаржылай орнықтырды.
Бұдан басқа, банк депозиттерiне кепiлдiк беру саласындағы шет мемлекеттерінiң әрекеттерi де ескерілді. Осылай, соңғы қаржы дағдарысы кезінде кепiлдiк берілген өтемақы сомасын жоғарылатқан АҚШ және Еуропалық одақ елдерi сияқты дүнижүзілік державалар кепiлдiк берілген өтемақының «дағдарысқа қарсы» мөлшерін дағдарыстан кейін де қалдыруға шешiм қабылдады [36].
Аталмыш заңға сәйкес қатысушы банктің еріксіз ликвидацияға ұшыраған жағдайында өтелетін кепілдендірілген ең төменгі сома көбейтілді (жоғарыдағы Заң қабылданғанға дейін бұл сома 700 теңгеден аспаған).
Осы орайда:
2008 жылдың 24 қазанынан 2012 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесінің банк - қатысушысы еріксіз ликвидацияға ұшыраған жағдайда, депозиттерді міндетті кепілдендіретін депозитор - жеке тұлғаларға кепілдендірілген депозит бойынша кепілдендірілген өтемақы төлейді. Алайда бұл сома бесмиллион теңгеден аспауы тиіс.
- 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап депозиттерді міндетті кепілдендіру жүйесінің банк-қатысушысы еріксіз ликвидацияға ұшыраған жағдайда, депозиттердіміндеттікепілдендіретіндепозитор – жеке тұлғаларға кепілдендірілген депозит бойынша кепілдендірілген өтемақы төлейді. Алайда бұл сома бір миллион теңгеден аспауы тиіс.
ҚР «Екінші деңгейлі банктердегі депозиттерді міндетті кепілдендіру туралы» Заңның 19 бабының 4 бөліміне сәйкес (жоғарыда көрсетілген өзгерістерге сәйкес түзетулер енгізілмеген) депозит бойынша кепілдендірілген өтемақыны шетел валютасында өтеу банк-қатысушының еріксіз ликвидациясы жөніндегі соттың шешімі заңдык үшін енген күннен бастап валюта айырбастау нарық курсына сәйкес жүргізіледі.
«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес 2013 жылдың 16 сәуірінде «Міндетті күнтізбелік, қосымша және төтенше жарналарды төлеу мөлшерін және тәртібін анықтау ережелеріне» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ереже шеңберінде депозит бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі енді екінші деңгейлі банктердің депозиторларға ұйымдастырылған әртүрлі акциялар шегінде ұсынатын бонустық сыйақыны және ақшалай-заттық сыйлықтың құнын қосатын болады. Сәйкесінше, бонустық сыйақы және ақшалай-заттық сыйлықтың құны банктерге Қормен ұсынылатын жеке тұлғалардың жаңадан тартылған депозиттері бойынша ең жоғарғы сыйақы мөлшерлемелерін бекіткен кезде де ескеріледі.
Қазіргі таңда Қормен ұсынылатын жылдық сыйақы мөлшерлемелері теңгедегі депозит бойынша 9% және шетел валютасындағы депозит бойынша 5,5% құрайды.
Банктердің Қормен ұсынылатын сыйақы мөлшерлемелерін асыруы банктердің міндетті күнтізбелік жарналарды төлеген кезінде ескеріледі. Қормен есептелетін банктің міндетті күнтізбелік жарнасының мөлшері банктің қаржылық тұрақтылығына және банк қызметінің тәуекелдер деңгейіне, соның ішінде капиталдың жеткіліктілігіне, активтердің сапасына, кірістілікке, өтімділікке, пруденциалдық нормативтерді орындауына және жеке тұлғалардың депозиттері бойынша Қормен ұсынылатын сыйақы мөлшерлемелерін сақтауына байланысты.
Ережеге енгізілген өзгерістер 2013 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енеді, жеке тұлғалардан тартылған депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін есептеу тәртібін анықтауға бағытталған және депозит нарығында банктердің бәсекелестігін арттыруға мүмкіндік береді [35].
Міне, жалпы алғанда Қазақстан Республикасында депозиттерді сақтандыру жүйесінің дамуын осындай басты бес кезеңге бөліп қарастыруға болады.Осы әрбір кезеңде депозиттер бойынша өтемдерді төлеу жағдайлары қалай өзгергенін келесі мысалдар негізінде қарастыралық:
Бірінші кезеңде Қор өтем сомасын регрестік шама негізінде қайтаруға міндеттенді және ең жоғарғы өтеу мөлшері 1 млн. теңгеге тең еді. Мысалы:
«А» банкісінде салымшының 3 ай мерзімге салған 300 мың теңгеге тең депозиті болсын, 3 айдан кейін «А» банкісі банкротқа ұшырады делік. Яғни, Ереже бойынша Қор салымшыға өтем сомасын регрестік шама бойынша қайтарады. Ал, регрестік шамаға сай, Қор 200 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейінгі салымдар бойынша өтем 200 мың теңге және 200 мың теңгеден асқан сомадан, 100 мың теңгенің 80% төлеуге міндеттенді.
(200 000 * 80)
200 000 + ------------------- = 360 000; (1)
100
Нәтижесінде салымшы 360 000 теңге көлемінде өтем алады.
Екінші (үшінші) кезеңде банк банкротқа ұшыраған жағдайда, Қор жеке тұлғалардың депозиттерін өтеу тәртібін былайша өзгертті: жеке тұлғалардың теңгемен номинацияланған депозиттерінің 400 мың теңгесін толығымен қайтаратын болды да, ал депозиттік пайыздық соманы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі 50% мөлшерінде қайтаруға міндеттенді. Мысалы:
«А» банкісінде салымшының 3 ай мерзімге салған 300 мың теңгеге тең депозиті болсын. Салым бойынша депозиттік пайыздың мөлшерлеменің деңгейі жылдық есеппен 8%, 3 айдан кейін «А» банкісі банкротқа ұшырады делік. Банк бакротқа ұшыраған кездегі қайта қаржыландыру мөлшерлемесі деңгейі 6%-ға тең еді. Қор салымшыға депозит сомасын келесідей тәртіппен өтейді:
(0,06 * 50)
---------------- = 0,03; (2)
100
0,03
300 000 + 300 000 *(-----------) * 3 = 302250; (3)
12
Нәтижесінде салымшы 302 250 теңге мөлшерінде өтемақы алады.
Төртінші кезеңде, банк банкротқа ұшыраған жағдайда, Қор салымшыға өтемақыны салым мөлшерінде, бірақ 700 мың теңге баламасынан аспайтын мөлшерде төлейді.
Егер салымшы «А» банкісіне 300 мың теңге көлемінде депозит ашса, банк банкротқа ұшыраған жағдайда, Қор салымшыға 300 мың теңге мөлшерінде депозиттік пайыздық сыйақысыз салымын өтейді [23, 99-107 б.].
Бесінші кезеңде кепілдік берілген өтеммен есеп айырысудың бірнеше мысалын қарастырып өтейік. Банкте 2000 АҚШ доллары көлемінде депозит бар делік. 1 наурызда сот банкті мәжбүрлі тарату туралы шешім қабылдады, ол 15 наурызда күшіне енді. 15 наурызда нарықтық бағам 1 доллар үшін 150 теңгені құрады. Яғни, клиентке 300 000 теңге сомасындағы ($2 000 х 150 теңге/доллар = 300 000 теңге) кепілдік берілген өтем төленеді.
Егер банкті тарату сәтіндеосы банктегі депозит (депозиттер) бес миллион теңгеден асатын болса, онда Қор өтемді бес миллион теңге көлемінде төлейді, ал қалған бөлігін мүлікті сатқаннан кейін және банк кредиторларының төртінші кезегі басталғаннан кейін тарату комиссиясынан талап етуге құқығы бар. Кредиторлардың төртінші кезегіне енгізу үшін заң талаптарына сәйкес банктің тарату комиссиясына өтініш беру қажет.
Екінші мысал банкте 35 000 евро көлемінде депозит бар делік. 15 сәуірде банк мәжбүрлі тарату туралы шешім қабылдады, ол 30 сәуірде күшіне енді. 30 сәуірде нарықтық бағам 1 евро үшін 205 теңгені құрады, яғни сома 7 175 000 теңгеге (35 000 евро х 205 теңге/евро=7 175 000 теңге) тең болады. Қор 5 000 000 (бес миллион) теңге мөлшеріндегі кепілдік берілген өтемді төлейді. Қалған 2 175 000 теңгені алу үшін банктің тарату комиссиясына өтініш беру қажет.
Егер бір таратылатын банкте бірнеше депозиттердің (банк шоттарының) иесі болса, онда кепілдік берілген өтеммен есеп айырысу кезінде барлық депозиттер (шоттар) бойынша қалдықтар жинақталады және барлық шоттары бойынша кепілдік берілген жиынтық өтем төленеді, бірақ, ол 5 000 000 (бес миллион) теңгеден аспайды.
Үшінші мысал, бір банкте екі шот – 300 000 теңгеге ағымдағы шот және 1 000 евроға депозит (мерзімді салым) бар делік. Банкті мәжбүрлі тарату туралы сот шешімі күшіне енген күні нарықтық бағам 1 евро үшін 205 теңгеге тең болды. Бұл жағдайда Қор 505 000 теңге (300 000 теңге + 1000 евро х 205 теңге/евро = 505 000 теңге) мөлшеріндегі кепілдік берілген өтемді төлейді.
Төртінші мысал, бір банкте үш депозит бар делік: 15 000 доллар, 10 000 евро және 3 000 000 теңге. Банкті мәжбүрлі тарату туралы сот шешімі заң күшіне енген күні нарықтық бағам 1 доллар үшін 150 теңгені және 1 евро үшін 205 теңгені құрады. Барлығы: 15 000 х 150 + 10 000 х 205 + 3 000 000 = 7 300 000 теңге. Қордың төлейтін кепілдік берілген сомасы 5 000 000 теңгені құрайды. Қалған 2 300 000 теңгені таратылатын банктің тарату комиссиясынан талап етуге құқығы бар.
Егер клиент кредит (кредиттер) бойынша банк қарызгері болып табылса және бір уақытта осы банктегі депозит (депозиттер) иесі болса, онда осы банк мәжбүрлі таратылған жағдайда оған төленуі тиіс кепілдік берілген өтем көлемі есептелген, бірақ, әлі төленбеген сыйақыны есепке ала отырып депозиттер мен кредиттер сомалары арасындағы айырмашылықпен анықталады.
Бесінші мысал, бір банкте 300 000 теңге сомаға депозит ашты делік, және осы банктен 100 000 теңге алынды. Банкті тарату сәтінде кредит бойынша қарыз 80 000 теңгені, ал жинақталған депозит – 310 000 теңгені құрады және сонымен қатар депозит бойынша 100 000 теңге мөлшеріндегі сыйақыны алды. Бұл жағдайда Қор 230 000 теңге сомаға кепілдік берілген өтемді (310 000 теңге – 80 000 теңге = 230 000 теңге) төлейді.
Егер бір банкте жанұя отбасыларының бірнеше мүшесіне депозиттер ашылған болса, онда банк таратылған жағдайда кепілдік берілген өтем оның әрбір мүшесіне жеке 5 миллилион теңге шегінде төленеді.
Алтыншы мысал, банкте 5 000 000 теңгеге депозит ашылды. Сонымен қатар, осы банкте жолдасы (жұбайы) 1 500 000 теңге, ал қызы – 100 000 теңге сомаларында депозиттері бар делік. Банк мәжбүрлі таратылған жағдайда 5 000 000 теңге, ал жолдасы (жұбайы) 1 500 000 теңге, қызы – 100 000 теңге мөлшерінде кепілдік берілген өтемді алады. Осылайша, бүкіл жанұя алған жиынтық кепілдік берілген өтем 5 000 000 теңге + 1 500 000 теңге + 100 000 теңге = 6 600 000 теңгені құрайды [35].
Жүргізілген жұмыстың нәтижелеріне талдау жасай отырып және жинақталған қолда бар тәжірибені қорыта келіп, қор бұдан былайғы даму жолдарының негізгі бағыттарын белгілеп алды. Бұл іс қорды 2009-2011 жылдары дамытудың стратегиялық жоспарында көрініс тапты. Қордың қызметі сақтандыру жағдайының басталуына әзір тұру, тиімді корпоративтік басқару және әріптестермен бірлесіп әрекет жасау, депозиттерге кепілдік берілетіні туралы халықты хабардар етіп отыру. Ұйым қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру секілді стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталатын болады.
Бүгінгі таңда депозиттерге кепілдік беру жүйесіне кіріп отырған 35 банктің тұтас бір мезгілде банкротқа ұшырау ықтималдығы өте төмен. Барлық банктердің барлық салымшыларының шығынын бір мезгілде өтей салатын жеткілікті резерві бар депозиттерге кепілдік беретін бірде-бір ұйым дүниежүзінде жоқ. Әдетте банктің банкротқа ұшырау жағдайы алдын ала белгілі болады, бұл депозиттерге кепілдік беру жүйесіне сәйкес қаражат даярлауға мүмкіндік береді. Салымшыларға кепілдік берілген өтемақы төлейтін қаржы жетіспеген жағдайда Қор өзінің жарғылық капиталының жартысына дейін пайдалана алады. Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қордың акционері ретінде өтемақы төлейтін резервтің тапшылығы байқалған жағдайда, ақшаның жетіспеген сомасын бөлуге құқылы. Сонымен, Қордың банктер таратылған жағдайда салымшылардың талаптарын қанағаттандырып, заңда белгіленген кепілдік берілген өтемақы сомасын төлеуіне толық негіз бар. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ірі-ірі, жүйе құраушы деп саналатын, бірақ дәрменсіз болып қалған кейбір банктердің мәселесі депозиттерге кепілдік беруді жүзеге асырушы ұйымдардың күшімен ғана шешілуі мүмкін емес, өйткені олардың өкілдігі ережеге сәйкес шектеулі болып табылады. Мұндай мәселе пайда бола қалған жағдайда, банктерді тарату және салымшыларға кепілдік берілген өтемақы төлей салу жағдайдан шығудың дұрыс жолы деуге келмейді, өйткені депозиттерге кепілдік беретін бірде-бір ұйым мұндай ірі соманы төлей алмайды. Банкті қайта құрылымдаудың альтернативті әдістерін қолдану қажет, мысалы, басқа банктің активтерді сатып алуы және міндеттемелер қабылдауы сияқты бірқатар елдерде кеңінен қолданылатын мәселені шешудің балама қаржысын пайдалану қажет. Мұндай әдістерді қолдану үшін заңды негіздер Қазақстанда құрылып қойған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Қордың активтерін инвестициялайтын құралдардың тізімін бекітеді және сенім көрсетілген басқарушы болғандықтан, Қордың активтерін инвестиция арқылы басқарып отырады. Қор өзінің бүкіл қызметі бойында елеулі инвестициялық кіріс алады, ол кіріс салымшыларға кепілдік берілген өтемақы төлеу үшін арнайы резервке түсіп отырады.
Егер банк сыйақы мөлшерлемесін Қор ұсынған мөлшерлемеден жоғары бекіткеннің өзінде, депозит кепілденген болып қала беретіндігін атап өту қажет. Максималды мөлшерлемеден асу Қорға төленетін күнтізбелік жарналардың жоғары мөлшері түрінде тек сол банктің өзіне ықпал етеді.Қор мен қатысушы банктің арасында қабылданған шартқа сәйкес, егер де қатысушы – банк тартылған сақтандыруға жататын салым бойынша депозиттік пайыздық шаманы Қор бекіткен депозиттік пайыздың шаманың ең жоғарғы мөлшерінен артық етіп белгілесе, онда қатысушы банк Қорға соңғы төленген міндетті күнтізбелік жарна мөлшерінде айыппұл төлейді [35].
Осылайша, қор қызметінің маңызы соңғы жылдар ішінде айтарлықтай артып, халықаралық стандарттарға жақындай түсті деуге болады және де «Қазақстанның жеке тұлғалардың салымдарына кепілдік беру Қоры» мен «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі жеке тұлғалардың салымдарына міндетті ұжымдық кепілдік беру» Ережесінің пайда болуының нәтижесінде халықтың Қазақстан Республикасының жалпы банк жүйесіне деген сенімі арта түсті.
