- •Зоология
- •6. Шаянтәрізділердің құрылысы мен биологиясының ерекшеліктері.
- •7. Насекомдардың сипаттамасы, негізгі отрядтары.
- •8. Буынаяқтылар типінің жалпы сипаттамасы, құрылысы мен биологиясы
- •10.Сәулеқанатты балықтар: жалпы құрылымы, биологиясы, органдар жүйесінің құрылыс ерекшеліктері, систематикасы және таралуы.
- •11.Қосмекенділер: жалпы құрылымы, биологиясы, органдар жүйесінің құрылыс ерекшеліктері, систематикасы және таралуы.
- •12.Рептилиялар: жалпы құрылымы, биологиясы, органдар жүйесінің құрылыс ерекшеліктері, систематикасы және таралуы.
- •13. Құстар: жалпы құрылымы, биологиясы, органдар жүйесінің құрылыс ерекшеліктері, систематикасы және таралуы.
- •14.Сүтқоректілер: жалпы құрылымы, биологиясы, органдар жүйесінің құрылыс ерекшеліктері, систематикасы және таралуы.
11.Қосмекенділер: жалпы құрылымы, биологиясы, органдар жүйесінің құрылыс ерекшеліктері, систематикасы және таралуы.
Амфицельді омыртқалылар – екі жағынан ойық омыртқа денелері.
Венозды пазуха – жүректің оң жақ құлақшасына жанаса орналасқан көмірқышқыл газына қаныққан қан жиналатн томпақ өсінді.
Дабыл жорғағы - бастың екі бүйірінде орналасқан ортаңғы құлақ қуысын сыртынан жауып тұратын тері жарғақтары.
Евстахиев тесігі – ауыз жұтқыншақ қуысын ортаңғы құлақ құысымен байланыстыратын тесік.
Клоака – зәр жыныс жолдары және анальды тесік ашылатын тік ішектің кеңейген жері.
Мюллеров түтігі – жұмыртқа жолының қызметін атқаратын ұзын түтік.
Неотения – ересек қалыпқа айналмай-ақ, дернәсіл қалпында көбеюге қабілеттілік.
Опистоцельді омыртқалылар – алдыңғы жағынан дөңес, артқы жағынан ойық омыртқа денелері.
Процельді омыртқалылар – алдыңғы жағынан ойық, артқы жағынан дөңес омыртқа денелері.
Үлкен және кіші берцов сүйектері – артқы аяқтың сирақ бөлімін қалыптастыратын ұзн түтікті сүйектер.
Хоан – ішкі мұрын тесігі.
Қосмекенділер жер беті омыртқалы жануарларының қарапайым құрылдысты аздаған тобы. Басым көпшілігінің көбеюі мен дамуы суда жүреді, яғни сумен байланысын толық үзбеген омыртқалы жануарлар. Бұлардың дернәсілдері суда ғана тіршілік етіп, желбезек арқылы тыныс алады. Олардың жүректері екі бөліктен тұрады, құлақшадан және қарыншадан, бір ғана қанайналым шеңбері бар. Ересектері суда да, құрлықта да тіршілік етіп өкпе және терісі арқылы тыныс алады. Құрлықты мекен ететін орта ретінде игеруге байланысты бұл класс өкілдерінде бес саусақты аяқтар түзіліп тыныс алу, қанайналу және басқа мүшелер жүйелері өзгеріске ұшырайды.Қосмекенділер класы үш отрядты біріктіреді: құйрықтылар, қүйрықсыздар, аяқсыздар.
Тері жабыны. Барлық қосмекенділердің терісі жалаңаш. Терінің үстіңгі қабаты – эпидермисте көпжасушалы бездер орналасқан. Тері бездерінің маңызы әр түрлі. Олар бөліп шығарған сұйықтық терінің үстінде жұқа жарғақ түзеді, ол арқылы газ алмасу үрдісі жүзеге асады. Бұл жарғақ денені құрғап кетуден сақтайды. Кейбір тері бездері улы зат бөліп шығарып қосмекенделерді жауларынан қорғайды.
Қаңқасы. Қосмекенділердің қаңқасы балықтармен салыстырғанда өзгеріске ұшыраған. Бұлардың қаңқасы омыртқа жотасынан, бассүйектен және иық пен жамбас белдеулерінен, алдыңғы және артқы аяқ сүйектерінен құралады. Дененің тірегі – омыртқа жотасы, ол төрт бөліктен құралған: мойын, тұлға, сегізкөз, құйрық. Омыртқа жотасын жасап тұрған омыртқа денелерінің пішіндері барлық қосмекенділерде бірдей емес.
Төменгі сатылы қосмекенділерде (аяқсыздар мен қарапайым құйрықтыларда) омыртқа денесі екі жағынан ойыс, ондай омыртқалар амфицельді деп аталады. Екі омыртқа денесі жанасқан жердегі ойыста өмір бойы желі сақталады.
Құйрықсыз қосмекенділердің омыртқа денелері процельді (алдыңғы жағы ойыс, артқы жағы дөңес), жоғары сатылы құйрықтыларда опистоцельді (алдыңғы жағы дөңес, артқы жағы ойыс).
Мойын бөлімін жасауға бір омыртқа қатысады, тұлға омыртқаларының саны әр түрлі. Құйрықсыздарды – жетеу, ал аяқсыздарда – 100-ден артық. Сегізкөз омыртқасы біреу (аяқсыздарда болмайды) – оның екі бүйірінде орналасқан көлденең өсінділерге жамбас белдеуінің мықын сүйектері жалғасады. Құйрық бөлімі құйрықтыларда жақсы жетілген, аяқсыздарда өте кішкене, құйрықсыздарда уростиль деп аталатын бір ғана сүйектен құралады. Эмбриональді даму кезінде ұрықта уростиль жеке омыртқалар түрінде қалыптасады да, кейіннен олар бірігіп кетеді. Құйрықсыз қосмекенділерде қабырғалар жоқ, сондықтан кеуде қуысы қалыптаспайды, тыныс алғанда ауыз-жұтқыншақ қуысы ауаны сорып алу қызметін атқарады.
Бұғана, қарға, жауырын сүйектерінен құралған иық белдеуіне алдыңғы аяқ бекиді. Алдыңғы аяқ тоқпан жілік, кәрі жілік, алақан-саусақ сүйектерінен тұрады. Тоқпан жілік – иық сүйегі, кәрі жілік – иықалды сүйегі деп те аталады.
Мықын, шонданай, шат сүйектерінен құралған жамбас белдеуіне артқы аяқ бекиді. Артқы аяқ ортан жілік, асықты жілік, табан-саусақ сүйектерінен тұрады. Ортан жілік – сан, асықты жілік – сирақ деп те аталады.Ішкі мүшелер жүйесі.Ас қорыту мүшелер жүйесі – ауыз жұтқыншақ қуысынан - өңештен-қарынан – аш ішек, тоқ ішек, тік ішектен тұрады. Тік ішектің кеңейген соңғы бөлігі клоака деп аталып оған несепағар, жыныс өнімдері шығатын өзектер және қуық ашылады. Бауырдан бөлінген өт және ұйқы безінің сөлі қарыннан ішекке түскен қоректі қорытады.Қан айналымы. Қосмекенділердің жүрегі үш бөліктен: екі құлақшадан, бір қарыншадан тұрады. Екі қан айналу шеңбері бар. Оттегіне қаныққан өкпедегі салатамыр қаны өкпе көктамырлары арқылы сол жақ құлақшаға құйылады, ал оң жақ құлақша бүкіл денеден келген көмірқышқыл газға қаныққан көктамыр қанын қабылдайды. Қарыншаға аралас қан өтеді. Ол жиырылғанда ерекше қантамыр – ұйқы салатамырдағы қан миға, аралас қан бүкіл мүшелер мен ұлпаларға таралады. Ұлпалар мен мүшелер аралас қанмен қамтамасыз етілгендіктен денеде зат алмасуы баяу жүреді. Салатамыр қаны өкпеден сол жақ құлақшаға, ал көктамыр қаны бүкіл мүшелер мен ұлпалардан артқы және алдыңғы қуыс көктамырлар арқылы оң жақ құлақшаға құйылады. Қарыншадан басталып сол жақ құлақшамен аяқталатын қанайналым шеңбері – кіші деп, ал қарыншадан басталып оң жақ құлақшамен аяқталатын шеңбер – үлкен қанайналым шеңбері деп аталады.
Зәр шығару мүшесі тұлға бүйрегі – мезонефростан, несеп ағардан, қуықтан тұрады.
Жүйке жүйесі – орталық жүйке жүйесі бас миынан, жұлыннан құралған, шеткі жүйке жүйесі бас миынан кеткен он жұп бас сүйек нервтері мен жұлыннан кеткен жұлын нервтерінен тұрады. Бас миы балықтардікі тәрізді 5 бөліктен тұрады, әсіресе алдыңғы ми жақсы дамып, екі ми сыңарларына бөлінген. Қозғалыстары қарапайым болғандықтан мишық нашар жетілген.
Сезім мүшелері көздері, есту мүшесі – ішкі және ортаңғы құлақ. Ортаңғы құлақтың сыртында дабыл жарғағы болады, ортаңғы құлақ қуысы жұтқыншақпен ерекше өзек – евстахиев түтігі арқылы жалғасып, сыртқы ортадағы қысыммен ішкі қысымды теңестіреді. Ішкі және сыртқы танау тесіктері – иіс сезу қызметін атқарады.
Тыныс алу мүшелер жүйесі ауызжұтқыншақ қуысында орналасқан көмей саңылауынан басталып көмей, кеңірдек, ауа жолдарынан, өкпелерден құралады.Қосмекенділердің көбеюі және дамуы.Қосмекенділердің басым көпшілігі сырттай ұрықтанады. Іштей ұрықтану аяқсыздар отрядының өкілдеріне тән. Кейбір түрлері тірідей туу арқылы көбейеді.Қосмекенділер дара жынысты, аталық және аналық бездері жұп. Аталықбезде жыныс өнімін шығаратын арнайы өзек болмайды, сондықтан ол бүйректердің жанында орналасып жыныс сұйықтығы несепағар қызметін атқаратын түтік арқылы клоакаға құйылады.Аналық бездерде жетілген жұмыртқа дене қуысына түсіп, жұмыртқа жолының бастапқы шұқырақ тәрізді бөлігіне барады да, одан жұмыртқа жолы арқылы клоакаға шығады. Аналықтарда жұмыртқа жолының қызметін Мюллеров түтігі атқарса, аталықтарда несепағар мен тұқым жолының қызметін Вольфов түтігі атқарады.Аталық және аналық бездерінің дамуына қажетті кенеулі зат бөліп шығаратын сары түсті майлы дене жыныс бездерінің үстіңгі жақтарында орналасады.
Көктем басталасымен ұйқыдан оянған қосмекенділер көбеюге кіріседі. Олар уылдырық шашу арқылы суда ұрықтанады. Бұл кезде су қоймаларынан бақалардың бақылдаған шуы естіледі. Бақалардың аталықтары аналықтарына қарағанда кіші көлемді және аталықтарының басының екі жағында дыбыс күшейткіш шар тәрізді екі қапшықтары болады. Олар резонаторлар деп аталады. Аналықтар суға балық уылдырығына ұқсас уылдырық салады да, оған аталық бақалар сперматозоидтары бар сұйықтық құяды. Сөйтіп ұрықтанған уылдырық дами бастайды. Ұрықтанған уылдырық бірнеше рет бөлініп, көпжасушалы ұрыққа айналады. Ұрықтан дернәсідің шығу мерзімі су температурасына байланысты, егер су температурасы 20-240 С болса 8-10 күнде дернәсіл уылдырықты жарып итшабақ түрінде суға шығады. Бақалардың дамуы айналмалы жолмен немесе метоморфоз арқылы жүзеге асады.
Ұрпағына қамқорлық жасамайтын құйрықсыздар отрядының өкілдерінің уылдырық саны өте көп, мысалы жасыл бақа 3 – 8 000 уылдырық, құрбақа – 10 000-ға жуық уылдырық шашады. Бақаның итшабағы балық шабағына ұқсас болады. Уылдырықтан жаңа шыққан итшабақтың аузы болмайды, ол уылдырық сарыуызының қалдығымен қоректенеді. Басының екі жағынан саусақ тәрізді тармақталған сыртқы желбезек пайда болады да, біраз уақыттан кейін желбезек қақпағы бар ішкі желбезекке айналады. Бұл итшабақтың тыныс алу мүшесі. Уылдырықтан шыққан итшабақтың жұп аяқтары болмайды. Олар жарғақпен көмкерілген ұзын құйрықтарының көмегімен суда жүзеді. Алдымен алдыңғы аяқтары қалыптасады, бірақ олар желбезек қақпағынан ұзақ уақыт байқалмайды, сондықтан ең алдымен артқы аяқтары көрінеді. Итшабақтың өкпесі жетіліп, желбезек қақпағы жойылған кезде алдыңғы аяқтары көрінеді. Құйрығы қысқарып, соңынан мүлде жойылады. Итшабақ су бетіне көтеріліп ауамен тыныс ала бастайды. Бұған дейін оның жүрегі екі бөліктен құралып, қан айналым жүйесі бір шеңберлі болып, терісінен бүйір сызығы айқын білініп тұрады. Сөйтіп қосмекенділердің дернәсілінің құрылысында балықтың белгілерінің байқалуы, қосмекенділердің өздерінің басын ертедегі саусаққанатты балықтардан алғанының дәлелі болып табылады.
Итшабақтың алдыңғы аяқтары екі айдан соң айқын көрініп, желбезек қақпағы жойылады: денеде кіші қан айналым шеңбері түзіледі де, жүрегі үш бөліктен құралады. Дернәсілдің денесіндегі мүшелер ересек бақаның дене мүшелеріне ауысады. Дернәсілдің ересек бақаға толық айналуы үшін орта жағдайына байланысты екі-үш ай қажет.Құйрықты қосмекенділер отряды. Бұл отрядқа қарапайым құрылысты денелері бас, тұлға, құйрық бөлімдерінен құралған космекенділер жатады. Құйрықтары көлденең кесіндісінде домалақ немесе екі бүйірінен қысыңқы кейде тері жарғағымен көмкерілген. Алдыңғы және артқы аяқтарының ұзындықтары бірдей, кейбір түрлерінің артқы аяқтары жоқ. Бұл отряд өкілдерінің басым көпшілігінің ұрықтануы іштей. Көбею ұрықтанған уылдырық салу арқылы немесе тірідей туу арқылы жүзеге асады. Кейбір түрлеріне дернәсіл қалпында көбею қабілеті тән. Бұл құбылыс неотения деп аталады. Бұл отрядқа 400-ге жуық түрлер біріктіріледі, олар қоңыржай ендіктің батыс және шығыс жартышарларында таралған.Басым көпшілік түрлері нағыз саламандралар тұқымдасына жатады. Дене пішіні кесірткеге ұқсас, құйрығы ұзын, екі жұп аяқтары жақсы дамыған. Дернәсілдері сыртқа желбезектері арқылы, ересектері өкпе мен тері арқылы тыныс алады. Бұл тұқымдасқа Европа мен Кавказда таралған тритондар жатады. Кәдімгі және жалды тритондар жазда өсімдіктер мол өскен ақпайтын немесе баяу ағатын су қоймаларында тіршілік етеді. Олардың көбеюі және дернәсілдерінің дамуы су қоймаларында жүреді. Бұлардың ұрықтануы іштей. Көбею кезінде аталық тритон аталық без өнімдерін сперматофор деп аталатын арнайы қапшыққа құйып, су асты өсімдіктеріне жапсырады. Аналық тритондар сперматофорды клоакасымен қамтып алады. Жаз айларының аяғында құрлыққа шығып құлаған ағаш діңдерінің немесе томарлардың астына қыстап шығады. Көктемде кейбір жерлерде қар жатса да, олар қайтадан су қоймаларына барады.Кәдімгі тритонды Жайық өзенінің алқабы мен Арал өңірінің солтүстігіндегі шағын су қоймалардан кездестіруге болады.Бұл тұқымдастың келесі өкілі теңбіл саламандра Европаның, Солтүстік Африканың, Кіші Азияның ылғалды алакөлеңкелі ормандарын мекендейді. Тритондармен салыстырғанда сумен көп байланыспаған. Күндіз ағаш тамырларының, тастардың астарына, індерге жасырынады. Жауыннан кейін күндіз жер бетіне шығады және түнде белсенді түрде тіршілік етеді. Ұрықтануы іштей. Теңбіл саламандраның аналықтары желбезектері бар дернәсілдер туады, олар өздерінің ары қарай айналмалы жолмен дамуын су қоймаларында аяқтайды. Солтүстік Америкада өкпесіз саламандралар тұқымдасына жататын 170 түр таралған. Тек қана суда тіршілік етуіне байланысты олар өкпелерін жоғалтып, терілері және жартылай жұтқыншақтың сілемейлі қабаты арқылы тыныс алады. Құйрықсыз қосмекенділер отряды. Құйрықсыздар жоғары сатылы жер бетінде кеңінен таралған қазіргі кездегі қосмекенділер тобы. Басым көпшілігі Оңтүстік Америкада кездеседі. дене тұрқы қысқа ересек қалпында құйрықтары жоқ, алдыңғы және артқы аяқтары жақсы дамыған, бірақ артқы аяқтары алдыңғыға қарағанда 2-3 есе ұзын. Артқы аяқтарының көмегімен жер бетінде секіріп қозғалады. Бөл отряд 2100 түрді біріктіріп, он тұқымдасқа топтасады. Бұл отрядқа жататын пипалар тұқымдасы 12 түрді біріктіреді. Олардың ішіндегі ең ірісі – суринам пипасы, дене тұрқы 20 сантиметрге жетеді, Оңтүстік Американың тропикалық аудандарында кездеседі. көбею кезеңінде аналығының арқасының терісі ісініп жұмсарады да, клоакасы сыртқа шығып ұзын түтікке айналады. Ол түтікті арқасына қарай иіп, оның көмегімен 40-100 уылдырықты арқасына ұяшық тәрізді ойықтарға аталығы орналастырады. Ұяшықтағы уылдырықтар қоюланған сілемейлі тері безі бөліп шығарған заттан түзілген қақпашалармен жабылады. 80 күндей уақыттан кейін метаморфоз жолымен дамуды аяқтаған жас бақалар ұяшықтардан шығып, өз алдына тіршілік етуге көшеді.Құрбақалар тұқымдасына жататын өкілдер сумен тығыз байланыспай кейде тіпті шөлді жерлерде де кездеседі. терісінің үстіңгі қабаты эпидермистің жасушалары жартылай мүйізденген, денесіндегі суды аз буландыруға бағытталған бейімділік. Күндіз жарқыраған жарықтан індерге тығылып, түнде қорегін аулауға шығады. Уылдырық шашу үшін жауын суына толған уақытша су қоймаларын пайдаланады. Зиянды бунақденелілермен қоректеніп пайда келтіреді. Құрбақалардың көздерінің артында орналасқан екі ірі құлақ айналысы улы бездері бар және онымен қатар арқасында көптеген ұсақ бездері болады. Олар жауынан қорғанған кезде ұсақ бездерден және үлкен улы бездерден сығынды бөліп шығарады.Қазақстанның оңтүстік аймақтарын жасыл құрбақа, солтүстік-шығыс және шығыс аймақтарын кәдімгі құрбақа мекендейді. Зайсан қазаншұңқырының оңтүстік-шығыс өңірі мен Балқаштың оңтүстігінде данаталық құрбақа кездеседі.Бақылдауық бақалар тұқымдасының өкілдері ағаштың бөрікбасында тіршілік етуге бейімделген ұсақ бақалар. Саусақтарының ұштары жалпайып сорғыштарға айналған, олардың көмегінмен ағаштың бұтағы мен жапырақтарында еркін қозғалады. Оңтүстік Американы мекендейтін қалталы бақылдауық бақалардың аналығының арқасында тері қалтасы бар, оған аталығы ұрықтанған жұмыртқаларды орналастырады. Филломедузалар деп аталатын бақылдауық бақалардың екінші бір түрлері ағаштың жалпақ жапырақтарынан түтік жасап, олар жауын суына толғанда, оларға жұмыртқаларын салады. Бақа тұқымдастары – құйрықсыз қосмекенділердің ең көп тараған тобы. Бұлардың артқы аяқтарында жүзу жарғақтар болады, өйткені олар көбінесе суда тіршілік етеді. Бұл тұқымдас 400 түрді біріктіреді. Ең үлкен голиаф деп аталатын бақа, дене тұрқы 25 сантиметрге жуық, салмағы 3 килограмм Африкада кездеседі.Сүйіртұмсық бақа мен шөп бақа Солтүстік Қазақстандағы орманды, орманды далалы аймақтардағы ылғалды жерлерді мекендейді. Су қоймаларына көбею кезінде ғана барады. Зиянды бунақденелілермен қоректеніп пайда келтіреді. Су қоймаларымен тығыз байланыста болатын бақаларға көл бақа мен тоған бақа жатады, су қоймаларынан алыс кетпейді.Аяқсыз қосмекенділер отряды. Жер астында ін қазып тіршілік етуге бейімделген қосмекенділердің аздаған қарапайым тобы. Денесінің пішіні құрт тәрізді, көпшілік түрлерінде көлденең сызықтар арқылы жеке-жеке сақиналарға бунақталған. Аяқтары жоқ, терісі жалаңаш. Терісінде бездер көп, олар дененің сыртын ылғалдап тұратын сілемейлі зат бөліп шығарады. Құйрығы өте қысқа, сондықтан клоака дененің артқы ұшына ашылады. Жер астында тіршілік етуге байланысты көздері рудимент түрінде, есту нервтері нашар жетілген, дабыл жарғағы жоқ. Омыртқалары амфицельді. Нағыз қабырғалары бар.Бір өкілі Оңтүстік Америка мен Азияның оңтүстігінде және трипикалық Африкада кездесетін сақиналы құртжылан. Дене тұрқы 40 сантиметрге жуық. Ылғалды жерлерден қазған інінің тереңдігі 50 санитиметр. Екінші бір өкілі цейлонның балықжыланы. Дене тұрқы 40 сантиметр, өзен және көлдердің жағасынан тереңдігі 20-30 сантиметрге жететін ін қазады. Үндістан, Үндіқытай, Цейлон және Үлкен Зонд аралдарында таралған. Топырақтағы бунақденелілермен қоректенеді. Ұрықтануы іштей. Аналығы 20-30 жұмыртқа салып, жұмыртқасын денесімен орайды. Тері бездері бөліп шығарған сілемейлі сұйықтық жұмыртқаны кеуіп кетуден сақтайды.
