Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
13 репродукт функция.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
333.82 Кб
Скачать

Етеккір оралымының гормондық реттелуі

Етеккір келуінің қалыпты оралымы гипоталамус-гипофиз-анабез жүйесінің ырғақты белсенділігінің нәтижесінде қалыптасады және фолликулалық, лютеиндік екі кезеңнен тұрады.

Фолликулалық кезең фоллитропин өндіріліп шығарылуы артуында және қанда ингибиннің деңгейі жоғары болғанда бірнеше фолликулалардың қатты дамуымен басталады. Бұл етеккір келуі оралымының 1-5-ші тәулігіне сәйкес келеді. Фолликулаларда ооциттің және түйіршікті жасушалардың өсіп-өнуіне қарай оларда фоллитропинге және инсулин тәрізді өсу факторына арнайыланған рецепторлар өндірілуі көбейеді. Фоллитропин мен инсулин тәрізді өсу факторы дамып келе жатқан фолликулаға әсер етіп, аденилатциклаза жүйесінің белсенділігін көтереді, андрогендердің хош иістенуін және эстрогендердің өндірілуін қатты күшейтеді. Бастапқы 5 тәулік ішінде фолликула қуыстану немесе қуыстану алды сатысына дейін дамиды. Етеккір келуі оралымының 6-8-ші тәулігінде эстрогендерді көп өндіретін үстем фолликула пайда болады. Қан сұйығында эстрогендердің деңгейі көтеріліп, фоллитропиннің өндірілуі тежеледі. Қанда соңғысының мөлшері азаюдан толық жетілмеген басқа фолликулалар бітеледі. Үстем фолликуламен эстрогендердің көптеп өндірілуі лютропин бөлініп шығарылуын және нысана-ағзада оны қабылдайтын рецепторлардың түзілуін күшейтеді. Осыдан эстрогендердің мұқтаждығына сәйкес өндірілуіне және фолликула жасушаларының сарғыш денешікке айналуына, прогестерон бөліп шығаруына икемді жағдай туындайды. Қанда лютропин жоғары деңгейге жеткенде ооциттің дамуы мен сарғыш денешікке айналуына ингибиннің тежегіш әсері жоғалады. Лютропиннің әсеріне түйіршікті жасушалар прогестеронның өндірілуін қатты көбейтіп жауап қайтарады. Овуляция алдындағы кезеңде бөлініп шығарылған прогестерон фолликуланың коллагендік қаңқасы ыдыратылуына ықпал етеді, түйіршікті жасушалардың өсіп-өнуін тоқтатады. Осыдан прогестерон өндірілуі азаяды және фоллитропин бөлініп шығарылуы қайта басталады. Қан сұйығында 28-32 сағат ішінде фоллитропин мөлшері жоғары болудан ұрық тасымалдайтын төмпешік пен ооциттің фолликула қабырғасынан бөлініп шығуы күшейеді.

Фолликула қаңқасы мен қабырғасы лизосомалық ферменттердің әсерінен бүлінеді. Лютропиннің әсерінен, фолликуланың тегіс салалы еттерін жиыратын және оның жарылуына (овуляция дамуына) әкелетін, простагландиндердің түзілуі артады. Әдетте бұл етеккір келуінің 28 күндік оралымында 14-ші тәулікте пайда болады. Овуляция аналық жасушаның іш пердесі сұйығына шығуына және жатыр түтігіне енжар түрде ауысуына әкеледі. Аналық жасуша бұл сатыда, жетілу кезеңінде қоршаған ортамен иондар алмасуын реттейтін, қабықпен қоршалады. Бұл қабықтың бетінде, тек адамның сперматозоидтарын ғана байланыс-тыратын, вителлин қабаты болады. Бұл қабат гликопротеидтерден тұратын шашыранды шашақпен қоршалады. Аналық жасушаны босатқан үстем фолликуланың орнында сарғыш денешік қалыптасады. Ол ірі және ұсақ жасушалардан тұрады, онда эпидермистің өсу факторы болады. Ірі жасушалардың цитоплазмасында сөл бөлетін түйіршіктер, мембранасында простагландин F2α–ға арнайыланған рецепторлар қалып-тасады. Бұл жасушалар прогестерон бөліп шығарады. Ол төмен тығыздықты липопротеидерден түзіледі. Сарғыш денешіктің ұсақ жасушалары лютропинге өте сезімтал болады және оның әсерінен ингибин өндіріп шығарады. Ірі және ұсақ жасушалардың сөлденістік белсенділігі етеккір келу оралымының лютеиндік кезеңін қалыптастырады.

Лютеиндік кезең сарғыш денешіктің белсенділігі біртіндеп төмендейді. Бұл кезеңде ингибин мен эстрогендер және прогестерон фоллитропин өндірілуін және фолликула дамуын тежейді, ал инсулин тәрізді өсу факторы прогестерон түзілуін бастапқы деңгейіне келтіреді. Эндометрийдің бездік жасушаларында көпіршік қуыстар пайда болады. Бездердің саңылауы кеңіп гликогенге толады. Лютеиндік кезеңнің үшінші күнінен бастап эндометрийде жолақ жасушалар көбейеді және сыдырылуға дайын жасушаларға айналады, біршама жолақ жасуша-лардың көлемі кішірейеді. Строма ісінеді, өне бастаған сыдырылуға дайын жасушалармен қоршалған иректелген артериялар тобы пайда болады. 11-12-тәулігінде строманың тығыз қабатында сыдырылуға дайын және түйіршікті жасушалар қалыптасады, содан эндометрий бездері кедір-бұдыр түр қабылдайды. Етеккір келуінің 28 күндік оралымында 14-ші тәулікте строма ыдырайды және кезекті етеккір келеді. Етеккір келуі мен әйелдердің ұрпақ өрбіту қызметі гормондардың жеткіліксіздігінен немесе жыныстық гормондардың артықтығынан қатты бұзылады.