- •Адамның ұрпақ өрбіту қабілеті Еркектердің ұрпақ өрбіту жүйесі
- •Ерлердің ұрпақ өрбіту қабілетінің реттелуі
- •– Кесте Адамда андрогендік гормондардың әсері
- •Атабездер мен олардың қосалқылары қызметтерінің біртектес бұзылыстары
- •Еркектерде гипоталамус-гипофиз-жыныстық жүйенің (ггжж) бұзылыстары
- •Қуықасты безі қызметінің біртектес бұзылыстары
- •Әйелдердің ұрпақ өрбіту жүйесі
- •Етеккір оралымының гормондық реттелуі
- •Әйелдердің гормондық бұзылыстары
- •Аналық жасушаның ұрықтануы
- •Әйел денесінің жүктілікке бейімделуі және оның бұзылыстары
- •Дертті жүктілік
- •Жүктілік дамуына жыныстық жүйеден тыс ағзалар ауруларының әсері
- •Жүктіліктен уыттанулар (токсикоздар)
- •Жүкті әйелдердің нефропатиясы
- •Талмадерт (эклампсия)
- •Шарана сұйығынан дамитын эмболия
- •Кардио-пульмоналдық сілейме
- •Шарана сұйығынан дамитын эмболияның клиникалық көріністері
Жүкті әйелдердің нефропатиясы
Жүкті әйелдердің нефропатиясы кеш дамитын уттанудың бір түрі. Бұл кезде негізінен қан тамырлары мен бүйрек бүліністері болады да, тіндердің ісінуі, гипертензия, протеинурия дамиды.
Этиологиясы мен патогенезі өте күрделі және оның даму тізбектері толығынан зерттелмеген. Оны әйел денесінің жүктілікке қалыпты бейімделуінің бұрмалануы ретінде қарастырады. Содан мый тамырларының жиырылуы нәтижесінде ОЖЖ-сі мен дербес жүйке жүйесі қызметтерінің өзгерістері дамиды. Бұл кезде симпато-адреналдық жүйенің қозуынан катехоламиндердің және «ренин-ангиотензин-әлдостерон» жүйесінің әсерлерінен қан тамырларының межеқуаты көтерілуі, артериолалардың жиырылуы, қан ағып өтуне қарсы шеткері тамырлардың жалпы кедергілік қасиеті артуы артериалық қысым көтерілуіне, бүйрек ишемиясына әкеледі. Сол себепті нефрон шумақтарында несеп сүзілуі азаяды, протеинурия дамиды, натрий организмде тұтылады. Ағзалар мен тіндерде микроциркуляция бұзылуынан гипоксия байқалады. Содан оларда зат алмасулары толығынан жүрмей аралық қышқыл өнімдер жиналады, метаболизмдік ацидоз дамиды. Бұл қышқыл өнімдердің әсерінен қан тамырлары қабырғаларының өткізгіштігі көтеріледі де, қанның сұйық бөлігі және электролиттер тіндерге ауысады, ісіну пайда болады. Ангиотензин II әлдостерон өндірілуін арттырады, ол өз алдына натрийдің несептен кері қанға сіңірілуін күшейтіп, гипернатриемияға жауап ретінде вазопрессин өндірілуі көбеюден денеде сұйық тұтылуы айналымдағы қан көлемін ұлғайтып, артериалық гипертензия дамуына әкеледі.
Жүкті әйелдерде бауырдың нәруыз құру қызметінің әлсіреуі бүйрек қызметінің бұзылуымен және протеинуриямен бірігіп гипопротеинемия дамуына әкеледі. Бауырдың уытсыздандыру, зәрнәсіл түзу, гликоген құру т.б. қызметтері бұзылады. Организмде гистаминнің деңгейі көтеріледі, гистаминді ыдырататын диминоксидаза ферментінің белсенділігі төмендейді. Бұл келтірілгендер кеш дамитын уыттану кезінде организмнің қорғаныстық тетіктерінің жеткіліксіздігін көрсетеді. Жүкті әйелде неғұрлым гистаминнің деңгейі жоғары болып, диминоксидаза ферментінің белсенділігі төмен болса, соғұрлым нефропатия ауыр өтеді.
Жүкті әйелде нефропатияның ауырлығы арта түсуіне байланыты тіндердің гипоксиясы күшейеді, метаболизмдік ацидоз, гиповитаминоз үдейді. Бұл кезде гемостаз жүйесінде де өзгерістер пайда болады. Бауырда фибриногеннің, антиплазминдердің, проконвертиннің т.б. қан ұю фактор-ларының өндірілуі азаяды. Осыдан жүкті әйел босануы кезінде ауыр қан кетулер болады. Жатырда қанайналым бұзылыс-тарынан миометрий мен бала жолдасында зат алмасуларының өзгерістері ұрықтың гипотрофиясын туындатады.
Клиникалық көріністері. Жүкті әйелдерде нефропа-тияның асқынбаған, біріншілік және асқынған, салдарлық түрлерін ажыратады. Асқынған түрі артериалық гипертензия, нефрит, диабет, гепатит т.с.с. организмде жүктілікке дейін дамыған аурулар кездерінде байқалады. Жүкті әйелдердің нефропатиясы даму алдында әдетте шемендік болады.
Бұл дерт жүктіліктің үшінші триместрінде (кейде екінші триместрінің соңында) дамиды және дененің ісінуімен, артериалық гипертензиямен және протеинуриямен көрінеді. Әдетте айқын немесе жасырын дененің ісінуі байқалады. Әйелдің дене массасы аптасына 400 г астам ұлғаяды. Артериалық гипертензия бақалмауы мүмкін. Оны әйелдің бастапқы қысымымен салыстыра қарау қажет. Егер жүктілікке дейін әйелде гипотензия болса, онда артериалық қысым көпшілікке тән қалыпты деңгейге дейін көтерілуі бұл әйел үшін гипертензия болады. Жүкті әйелдердің нефропатиясы кезінде оң және сол қолдарындағы артериалық қысымның айырмашылығы с.б.б. 10 - 40 мм-ден астам болады. Сонымен бірге, бұл кезде диастолалық қысымның жоғарылауы, тамыр соққылық қысымның төмендеуі нефропатияға тән құбылыс. Қалыпты жағдайда самай артериясында қысым иық артериясындағы қысымның жартысына (0,5) сай келеді. Нефропатия кезінде бұл арақатынас 0,6-0,7-ге дейін көтеріледі.
Көздің түбін тексергенде тамыр бұзылыстары ерте аңғарылады. Бұл кезде артериялардың жиырылуы, көктамырлардың кеңеюі анықталады. Нефропатия неғұрлым ауыр өтсе, соғұрлым тамырлардың өзгерістері де айқынырақ болады, көздің торлы қабығы ісінеді, ол сыдырылуы да мүмкін, ұсақ қан құйылулар пайда болады.
Протеинурия нефропатияның маңызды әйгіленімдерінің бірі. Несепте, нәруыздармен қатар, басында гиалинді, артынан түйіршікті және балауыз тәрізді цилиндрлер пайда болады. Бұлар нефрон өзекшелерінің дистрофиялық өзгерістерін көрсетеді. Су денеде артық тұтылуынан олигоурия дамиды.
Қан сұйығында нәруыздар (әлбуминдер) азаяды, С-реактивті нәруыз пайда болады, трансаминаза, әлдолаза, лактатдегидрогеназа, фосфогексоизомераза ферменттерінің белсенділігі, сау жүкті әйелдерге қарағанда, 4-6 есе көбейеді. Бұл көрсетілгендер бауырда, бүйректе т.б. ағзаларда зат алмасуының бұзылыстарын және дистрофиялық өзгерістер дамуын көрсетеді.
Кейбір зерттеушілер жүктіліктен дамыған нефропатияның үш дәрежесін ажыратады:
● бірінші дәрежесінде аздаған ісіну, шамалы гипертензия (артериалық қысым с.б.б. 150/90 мм-ден аспайды), несепте нәруыздың деңгейі 1 г/л дейін болады, тіндерде сұйықтың тұтылуы 15%-дан аспайды.
● екінші дәрежесінде дене ісінуі ауқымдырақ болады. Артериалық қысым с.б.б. 170/100 – 180/110 мм-ге дейін көтеріледі немесе нефропатия дамығанға дейінгі қысымнан 40%-ға жоғарылайды. Несепте нәруыздың мөлшері 2-3 г/л-ге дейін, денеде судың тұтылуы 15-25%-ға дейін жетеді.
● үшінші дәрежесінде дене ісінуі ауқымды (судың тұтылуы 25%-дан асады) болады, артериалық қысым с.б.б. 170-180/110 мм-ден (жүктілікке дейінгі деңгейінен 40%-дан) астам көтеріледі, несепте нәруыздың мөлшері 3 г/л-ден астам көбейеді, цилиндрлер пайда болады.
Салдарлық нефропатия тым ауыр түрде өтеді және әйелдің босануына және іштегі балаға қатер төндіреді. Нефропатияның өту қарқыны ауырлаған сайын әйелдің жалпы жағдайы нашарлайды, ұйқысы бұзылады, жиі анемия дамиды, баланың гипотрофиясы анықталады.
Нефропатияның ушығуы оның кезкелген түрінде пайда болды. Іштегі балада гипоксия, гипотрофия дамуы мүмкін, құрсақ ішінде оның өліп қалуы ықтимал. Бұндай ушығу жатыр мен бала жолдасы арасында қанайналым бұзылыстарынан, бала жолдасында бүраралық кеңістіктердің фибрин талшықтарымен бітеліп қалуы нәтижесінде инфаркт дамуынан байқалады. Іштегі ұрықтың жағдайы бала жолдасының құрылымдық және функциялық жеткіліксіздігінің дәрежесіне байланысты болады.
Анасында көздің торлы қабығының сыдырылуынан көз көрмей қалуы мүмкін. Нефропатия бала жолдасының мерзімі-нен бұрын сыдырылуымен, талмадерт алды және талмадертке ауысуы өте ауыр асқынуларға жатады.
Егер нефропатия артериалық гипертензия немесе сүлде нефрит кездерінде дамыса, онда ол тым қатты өтеді. Өйткені бұл кездерде нефропатия бауыр мен бүйрек қызметтерінің жіті жеткіліксіздігімен, мыйда қанайналым бұзылыстарымен және оның ісінуімен, қан ұюының ауытқуларымен қабаттасады. Осындай жағдай науқас әйелдің өліміне жиі әкеледі. Асқынбаған нефропатия кезінде бала жолдасының мерзімінен бұрын сыдырылуы ауыр қан кетулерге әкеледі. Өйткені нефропатияның нәтижесінде тұтынулық коагулопатия дамиды және фибринолиз жүйесі әсерленеді.
Босанғаннан кейінгі және хирургиялық операциядан кейінгі кезеңдерде әйелдің қабынулық-сепсистік асқынуларға бейімділігі артады.
Емдеу шаралары. Тұзы аз тамақ беру, артық су қабылдауды шектеу шаралары қарастырылуы керек. Тамақта жеміс-жидектер, көкөністер, витаминдер жеткілікті болуы қажет. Дене ісінуін азайту үшін зәрайдатқылар, калий препараттары тағайындалады. Артериалық қысымды төмендететін дәрілер қолданылады. Көктамырға инсулин қосылған глюкоза ерітіндісі, гексозофосфат, плазма, әлбумин, протеин, аминқышқылдарының жиынтығы енгізіледі. Организмнің уыттануын басу үшін реоплиглюкин, полидез т.б. ерітінділер қолданылады. Әйел мен ұрықта зат алмасуларын қалпына келтіру мақсатында 5%-дық аскорбин қышқылының ерітіндісін енгізу пайдалы, сонымен бірге оттегімен емдеу қажет.
Егер үш-төрт аптада кешенді емшара нәтиже бермесе, онда жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдауға мәжбүрлік пайда болады. Әйел босануы кезінде жоғары артериалық қысымды төмен деңгейде ұстап тұру үшін 0,1% арфонад ерітіндісін, 5% пентамин ерітіндісін немесе басқа ганглиолитик дәріні тамызғымен тамызу қажет. Виадрил мен дроперидолды енгізуде нефропатияның талмадертке ауысу қауіпін азайтады.
