- •Тарихнаманың тарих ғылымдарының арасында алатын орны
- •Деректанудың
- •Тарихнамалық дерек
- •Тарихнамалық факті субъекті шығармашылығының жемісі санала отырып, оның жұмыс процесінде объект пен субъектнің бірлігі “түйісінде” тұрады. Тарихнамалық фактілер өзінің табиғаты жағынан объективті.
- •Тарихнамалық талдаудың ерекшеліктері
- •Роль дополнительных источников в исследовании
- •Тарихнаманың зерттеу принциптері
- •Тарихнаманың зерттеу әдістері
Дәріс. КІРІСПЕ
«Деректанудың және тарихнаманың теориялық-методологиялық мәселелері» пәні тарихтың методологиялық негіздерін ашатын деректанудың және тарихнаманың теориялық-теориялық мәселелерін ашуға бағытталған.
Тарихнама ғылымы тарих ғылымының айнасы іспеттес, өйткені тарихнама арқылы ғана ғылымның өткенін, бүгінгісін және болашағын білуге болады. Бұл ғылым тарихи білімнің жинақталу үдерсін зерттейтін ғылым. Өзге де өткенді тарихи деректердің мәліметтерінен алып, талдайтын тарих ғылымдарымен салыстырғанда тарихнама осы ғылымдардың өздерін зерттейді. Сондықтан да тарихнама тарихтың, тарихи археологияның, деректанудың және тағы басқа салалардың тарихы болып саналады. Тарихнама тарихи зерттеуді дайындауда қолданылған ғылыми әдістердің фактілер мен түсіндірілімдердің дұрыстығын, автордың әлеуметтік ортасын, мерзімін, ғылым саласын, қоғамның саяси жүйесін, идеологияны қоса қарастырады.
Деректану ғылымы - тарихи деректер, оларды іздеп табу, зерттеу және пайдаланудың теориясы мен практикасы туралы тарих ғылымының саласы, кешенді арнайы тарихи пән. Деректану жай ғана тарихи дерек емес, сол деректің болмысын, дүниеге келтірушінің қатынасын зерттейді. Осы үштік жалпыадами феноменді білдіреді: бір адам екінші адаммен тікелей емес, өзіндік тұлғасын көрсететін басқа адамның шығармасы арқылы байланысады. Үшінші адам сол шығармаларды зерттеп, деректердің мәні мен мазмұнын ашады.
Курстың мақсаты – деректанудың және тарихнаманың теориялық-методологиялық негіздерін, мәселелерін қарастыру. Деректану және тарихнама ғылымдарының өзіндік ерекшеліктерін көрсету. Өзіндік методологияны және әдістерді, бағыттарды талдау. Магистранттарды аталған ғылымдардың методологиясын қолдана отырып, өзбетінше зерттеу қызметін жүргізуге үйрету.
Курстың міндеттері: тарихнама ғылымының методологиясын оқып-үйрену; оның ғылыми принциптері мен әдістерін меңгеру; тарихнамалық зерттеулер жүргізудегі тарихи мектептердің орны мен рөлін көрсету; тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуын қарастыру; әртүрлі тұжырымдамалар мен теориялардың, олардың зерттеулердегі методологиялық негіздер ретіндегі рөлін айқындау; деректерді классификациялаудың критерийлерін, деректің шынайылық деңгейін, деректанулық талдаудың әдістемесі мен принциптерін айқындау; деректердің ақпараттық мәнін көтерудің мәселелерін көрсету.
Магистранттар мына төменгілерді білуге, меңгеруге және дағдысы болуға тиіс:
деректанудың және тарихнаманың теориялық-методологиялық негіздерін; деректану мен тарихнаманың жалпыметодологиялық әдістерін; тарихнамалық бағалаудың критерийлерін білуі тиіс.
Деректерді жүйелеуді, өзінің магистрлік диссертацияның деректік базасын талдауды, талдау және синтез жасауды; деректердің шынайылық деңгейін анықтауды; тарих ғылымындағы тың тұжырымдамалар мен бағыттарды пайдалануды; тарихнамалық талдаулар жүргізуді; өзінің магистрлік диссертациясының зерттелу деңгейін анықтау; зерттеулерге тарихнамалық шолу жасап, баға беруді меңгеруі тиіс.
Зерттеушінің тарих ғылымына қосқан үлесін айқындау; кез келген ғылыми жұмыстың зерттелу деңгейін анықтау; тарихнама және деректану ғылымдарының теориялық-методологиялық ұстанымдарын қолданып ғылыми зерттеу дайындау дағдысы болуы тиіс.
Тарихнаманың тарих ғылымдарының арасында алатын орны
Тарихнама ежелгі грек тілінен аударғанда “история” - тарих және “графия” - тарихты сипаттап жазу дегенді білдіреді. Тарихнаманы ең алдымен адамзат қоғамын танудың аса маңызды түрлерінің бірі болып табылатын тарих ғылымының тарихы деп түсінген жөн. Сондай-ақ тарихнама деп белгілі бір тақырыпқа немесе тарихи дәуірге арналған зерттеулердің жиынтығын атайды. Тарихнама - тарих ғылымының тарихын зерттейтін ғылым саласы. Сондықтан да ол үнемі тарихнамалық зерттеулер деген ұғыммен тығыз байланысты. Тарихнамалық зерттеулер белгілі бір дәуірде пайда болған тарихи таным бағыттарына тән және әлеуметтік функциялар атқаратын принциптердің негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар тарихнамалық зерттеулердің міндеттері тарих ғылымының даму сұраныстары мен қажеттіліктеріне байланысты айқындалады және қол жеткізілген тарихи таным мен тарихи ойдың деңгейіне, сондай - ақ зерттеу әдістеріне тікелей тәуелді болады.
Тарихнамалық зерттеулер ғылым ретіндегі жалпы мәселелермен тығыз байланысты. Тарихи танымның даму жолдарын бірізді қарастыра отыра тарихнамалық зерттеулер тарих ғылымының қозғаушы күштерінің, әртүрлі ғылыми мектептердің бағыттарының пайда болуының және ауысуының заңдылықтарын, олардың объективті шынайылықтың көрсеткіштеріне орай қалыптастырған тұжырымдамаларының, сол ғылыми ой-тұжырымдардың өз заманының қоғамдық өміріндегі, тарих ғылымын дамытудағы маңызын айқындауға мүмкіндік береді. Белгілі бір тарихи тұжырымдаманың әлеуметтік- тарихи тәжірибенің тезіне төтеп беруі туралы мәселені анықтаудың міндетін қойған тарихнамалық талдау тарихи зерттеулердің теориялық тәжірибесін қорытындылауға алып келеді. Тарихнамалық зерттеулердің тарих ғылымын дамыту үшін қажеттілігі тарихи танымның дамуы ережеге сәйкес бұрын ғылыми айналымда болған деректердің шынайылық дәрежесін сын тезінен, сонымен бірге жинақталған фактілік материалдарды жаңа ой елегінен өткізуді талап етеді. Фактілік материалдың үздіксіз өсіп отыратын өзара байланыстағы тарихи оқиғалардың буындары ретінде белгілі фактілердің тарихтың ағымында жаңа мән мен маңызға ие болғандығын байқау нәтижесінде объективті қажеттілігі арта түседі.
Тарихнама тарихтың тарихын зерттейтін ғылым саласы ретінде өзінің алдына нақты мақсат-міндеттерді қояды.
Тарихнама ғылымының мақсаты - белгілі бір ғылыми мәселенің зерттелу деңгейін анықтап, тарихнамалық деректердің мән мазмұнын, зерттелу бағыттары мен үрдістерін айқындау, объективті түрде зерттелмеген тұстарын тану. Ғылымның міндеттері: тарихнамалық деректерді жинақтау, жүйелеу ; тарихнамалық фактілерді жинап, оларға талдау жасау; тарихнамалық фактілердің тарихи оқиғалар мен процестерді зерттеуінің деңгейін сараптау, ұтымды тұстары мен олқылықтарын айқындау; тарихнамалық талдау арқылы ғылыми еңбектерге баға беру; тарихнамалық деректердің саяси-әлеуметтік жүйелер мен идеологияларға тәуелділігін анықтау; белгілі бір мәселенің зерттелмеген тұстарын айқындап, келешек ізденушілерге тың тақырыптар ұсыну.
Деректанудың
2 – 3 дәрістер. Деректанудың және тарихнаманың теориялық-методологиялық негіздері
Деректанудың теориялық негіздері. Тарихи дерек: ұғымы және мәні. Деректің түрлері мен типтері. Деректің шынайылығы. Деректерді жүйелеудің және талдаудың қажеттілігі. Тарихнаманың теориялық негіздері. Тарихнамалық дерек және олардың түрлері. Тарихнамалық факті. Тарихнамалық талдаудың ерекшеліктері.
Әр дәуірдің тарих ғылымы тарихи танымның гносеологиялық және методологиялық аспектілеріне деген көз қараспен сипатталады. Өз кезегінде деректану ғылымы да тарих ғылымының өзіндік тарихы мен әдістемесі бар саласы ретінде назардан тыс қалмайды. Деректану, тарихнамамен қатар, тарихшылардың арнайы және теориялық-методологиялық дайындығын қамтамасыз етуші іргелі пәндерге жатады. Деректанудың іргелігі бәрінен бұрын тарих ғылымының маңызды ерекшелігімен байланысты: тарихтың объектісі -"қоғамның өткені" - тарихшыға сол күйде жетпейді, ол тек қана тарих ғылымының тікелей объектісі болып табылатын тарихи деректер арқылы танылады.
Деректану тарихи зерттеудің тәжірибесі негізінде пайда болды. Алғашқыда тек жазба деректер зерттеліп, ондағы мәлімет алудын қолданбалы деректану арқылы нақты тарихи фактіні тануға және "нақгы тарихи фактіні тануда дерек не береді?" - деген сауал төнірегінде қаралған.
Деректік базаның кеңеюі, ғылыми айналымға жаңа деректердің енуі, бір ғана тарихи оқиғалар, құбылыстар, процесстер әр деректерде әртүрлі көрініс табуы мүмкін. Жазба деректердің өздері заттай материалдардан (археологиялык) бөліне бастады.
Деректану тарих ғылымында өзіндік орны арнайы ғылыми пән болып табылады. Деректанудың міндеттері аса кең әрі жан-жақты. Ол негізгі екі аспектіде қаралады. Олар: «Дерек және шындық», «Дерек және тарихшы». Бір жағынан, деректің пайда болуының және деректер қорының даму тарихын қоғам дамуымен тығыз байланысты заңды процесс ретінде талдау. Екінші жағынан, деректердегі салынған қоғам өмірінде болған барлық оқиғалар, құбылыстар және процесстер туралы ақпаратты ала білу, оның сенімділігін, ғылыми маңыздылығын анықтау, оны пайдалана білу.
