- •Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті «өнер» факультеті «бейнелеу өнері» кафедрасы
- •Жұмыс мазмұнына қойылатын талаптар
- •Безендіру талаптары
- •1 Кесте Оқушылардың оқуға қызығушылықтарын арттырудың көрсеткіштері, %
- •Курстық жұмыстар тақырыптары
- •Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті «бейнелеу өнері» кафедрасы курстық жұмыс
Ф-ӘД-001/026
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті «өнер» факультеті «бейнелеу өнері» кафедрасы
"Бекітемін"
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
Өнер факультеті оқу әдістемелік кеңесінің төрайымы
п.ғ.к.,доцент________Б.Жолдасова
«___» _______ 2014 ж.
КУРСТЫҚ ЖҰМЫС ТАҚЫРЫПТАРЫ ЖӘНЕ ОНЫ ОРЫНДАУ МЕН БЕЗЕНДІРУ БОЙЫНША ӘДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУЛАР
ПӘННІҢ АТЫ: «КІЛЕМ ӨНЕРІ»
5В041700 - «Сән өнері» мамандығы
Түркістан 2015
КУРСТЫҚ ЖҰМЫСТЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ
Курстық жұмыстың арнайы элементтері келесі түрде орналасуы қажет:
титул беті (үлгісін қосымшамада қараңыз);
мазмұны («жоспар» емес);
кіріспе;
теориялық тарау («теориялық тарау» деген сөздер жазылмайды, «1» деген цифрдан кейін тараудың атауы жазылады);
тәжірибелік немесе әдістемелік тарау (тексте «тәжірибелік тарау» деп жазылмайды, «2» деген цифрдан кейін тараудың атауы жазылады);
қорытынды;
пайдаланылған әдебиеттер тізімі («әдебиеттер тізімі» емес);
қосымшалар (егер олар болса).
Әрбір элемент жаңа беттен басталады. Жоғарыда келтірілген элементтердің бірі болмаған жағдай жұмыстың бағасына әсер етеді.
Курстық жұмыстың көлемі (қосымшаларсыз) компьютерлік текспен 20-30 парақтан аспауы тиіс.
Жұмыс мазмұнына қойылатын талаптар
1. Кіріспенің мазмұны. Кіріспеде келесі сұрақтар қарастырылуы тиіс (көрсетілген тәртіп бойнша):
таңдалған тақырып өзектілігі;
тақырып бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың негізгі зерттеулері;
зерттеу мақсаты;
қойылған зерттеу мақсатына байланысты міндеттер;
зерттеу нысаны (объектісі);
зерттеу пәні;
зерттеу әдістері;
курстық жұмыстың құрылымы.
Өзектілікте автор тақырыптың бүгінгі күннің зерттеулік деңгейін және оның ғылыми және тәжірибелік мәнін дәлелдейді. Сонымен бірге тақырып бойынша әдебиеттерге қысқаша шолу жасалған дұрыс, мысалы, осы тақырып жөнінде зерттеу еңбектері бар белгілі ғалымдарды атап өту (еңбектерін атамай).
Зерттеу мақсаты – жұмысты орындау барысында жетуге тиісті алға қойылған нәтиже.
Міндеттер – мақсатпен байланысты жұмысты орындау барысында талқыланатын және қарастырылатын тізбекті түрде жетуге тиісті бірнеше сұрақтар. Әдетте олардың саны тараулар (параграфтар) санына сәйкес болады. Курстық жұмыстың сапасы міндеттердің шешуі мен қойылған зерттеу мақсатына жетуіне байланысты болады.
Зерттеу нысаны (объектісі) – зерттеу үшін таңдалған мәселелік процесс немесе құбылыс.
Зерттеу пәні – бұл зерттеу нысаны бойынша анықталатын, зерттеудің нақты бағытталатын, негізгі назар аударылатын қатынасы. Зерттеу пәнінің тұжырымдамасы жұмыс тақырыбымен сәйкес болуы тиіс.
Зерттеу әдістері – жұмысты орындау барысында қолданылған ғылыми-тәжірибелік зертеудің жалпы және нақты ғылымдық және арнайы әдіс-тәсілдердің атаулары.
Кіріспенің көлемі 2-3 парақтан аспауы тиіс.
Кіріспенің әрбір элементінің өз орны мен мәні бар, сондықтан олардың біреуінің болмағаны жұмыстың бағасын төмендетуге негіз болады.
2. Негізгі – теориялық және тәжірибелік (практикалық) – тараулардың мазмұны.
2.1 Теориялық тараудың мазмұны. Бұл тарау 2-3 параграфтан қалыптасуы тиіс (олар былай белгіленеді: 1.1 Атауы, 1.2 Атауы, 1.3 Атауы).
Бірінші тарауда таңдалған зерттеу тақырыбының теориялық аспектілері көрсетіледі. Мысалы, курстық жұмыстың авторы қолданылатын негізгі ережелер, анықтамалар, модельдер, терминдер түсініктері және жұмыста қойылған міндеттерді шешуге қажетті концепциялар мен концептуалды модельдер, талдау мен бағалаудың әдістемелерінің салыстырмалы сипаттамалары, қарастырылып отырған мәселелер жөніндегі ой-пікірлер, отандық және шетелдік тәжірибе және т.б. Әрбір параграф бойынша қысқаша тұжырымдар, қорытындылар немесе түйіндер жасалғаны дұрыс.
2.2 Тәжірибелік тараудың мазмұны. Екінші тарауда автор тәжірибелік зерттеудің негізгі нәтижелерін көрсетуі тиіс. Мысалы, құқықтық-нормативтік актілердің және зерттеу нысанының (объектісінің) негізгі сипаттамаларын көрсету, реттеуші және есептілік құжаттарды бағалау және қолдану, әртүрлі қажетті әдістерді пайдалану үлгілерін келтіру, педагогикалық зерттеу әдістемесін пайдалана отырып, объектінің дамуының жалпы тенденцияларын анықтау және зерттеу пәніне сәйкес жүргізілген жұмыс бойынша қорытындылар жасау.
Екінші тарауда параграфтар болмауы мүмкін. Оны жұмыстың қөлеміне байланысты автор өзі анықтауына болады. Мысалы, егер бірінші тарауда 6 парақтан үш параграф болса (барлығысы 18 бет құрайды), ал жұмыстың жалпы көлемі 25-30 беттен аспаса, онда екінші тарауды параграфтарға бөлудің қажеті жоқ және тарау атауының астынан тікелей текст келтіріленеді (6-7 парағы көлемінде).
3. Қорытындының мазмұны. Қорытынды бөлім жұмыстың барлық мазмұнының қысқаша түрде қайталауы болмағаны дұрыс. Мұнда тек нәтижелік түйіндер жариялануы тиіс. Сондықтан, бүл тарау жүргізілген зерттеу логикасымен дәлелденіп отырған жұмыстың жинақталған нысаны ретінде тұжырымдар беру рөлін атқарады. Анықталған нәтижелерді тізбекті және логикалық түрде көрсету және олардың кіріспеде қойылған мақсатпен және нақты міндеттермен байланысын, орындалуын айқындау қажет.
Қорытындыда автор жұмыс бойынша тұжырым жасап, алға қойылған мақсат пен міндеттерді орындау жөнінде 3-4 түйін мен ұсыныстар бере алады. Қорытындыда жаңа материалдар болмауы тиіс.
4. Қосымшылардың мазмұны. Қосымшылар ретінде негізгі мәтінге қосуға міндетті емес, бірақ акпараттық қажеті бар материалдар көрсетіледі, яғни үлкен кестелерді, есептеулер мен сатистикалық материалдарды, иллюстрациялық материалдарды, бағдарламаларды көрсетуге болады. Қосымша материалдар курстық жұмыстың көлемін ұлғайтатын болғандықтан, олар жұмыстың жалпы көлеміне кіргізілмейді.
