- •Тіс және тіс қатары
- •2 . Сурет. Сауыт бұрышы және түбір бұрышының белгілері (и.С.Кудрин бойынша сұлба).
- •Тіс қатарының окклюзиялық беткейі
- •Пародонт құрылымы және қызметтері
- •Ауыз қуысы шырышты қабаты құрылымының ерекшеліктері
- •2.2. Артикуляция және окклюзия, тістем және тістем түрлері
- •Тістем, тістем түрлері
- •Қалыпты (ортогнатиялық) тістем
- •Тістемнің ауыспалы (шектес) түрлері
- •Қалыптан тыс тістемдер (аномалиялар)
Тістемнің ауыспалы (шектес) түрлері
Тік тістем. Тік тістемде жоғары және төменгі жақ сүйектерінің алдыңғы тістері тістеуші шеттерімен қабысады, ал бүйірлік тістердің қабысуы не ортогнатиялық тістемге сай келеді, не көп жағдайда төбешік аралық болып келеді.
Тік тістемде алдыңғы тістердің тістеуші шеттері тез қажалуы мүмкін, бірақ бұл жағдайда тегістелетін қажалған беттер тісжегіге өте төзімді келіп, пародонт сирек қабынады.
Күрек тістер терең жабылатын ортогнатиялық тістем. Қалыпты тістемде жоғарғы тістердің төменгілерді жабуы сауыттардың биіктігінің ½ аспауы керек. Қырлы төбешікті түйіспені сақтай отырып жабу дәрежесін арттыру күрек тістердің терең жабылуына әкеледі.
Мұндай түйіспе болмаған жағдайда қалыптан тыс терең тістем түзіледі.
Орталық окклюзияда көптеген түйіспелер сақталады, ал бірінші молярлардың өзара қатынасы ортогнатиялық тістемге сай келеді.
Алдыңғы тістер протрузиясы не ретрузиясы бар ортогнатиялық тістем. Протрузияда альвеола бөліктері және алдыңғы тістер алға қарай, шығыңқы келеді, ал ретрузияда алдыңғы тістер альвеола бөліктерімен бірге тік орналасып не артқа шалқақ келеді.
Орталық окклюзия күйінде бірінші молярдың өзара қатынасы ортогнатиялық тістемге сай келіп, көптеген тісаралық түйіспелер сақталады.
Қалыптан тыс тістемдер (аномалиялар)
Аномалия (грекше anomalia - ауытқу) осы биологиялық түрге тән құрылым мен қызметте байқалатын ауытқу, оның себебі ағза дамуының бұзылуы. Қалыптан тыс тістемдерге шайнау, сөйлеу қызметтерінің, науқастың келбетінің нашарлауы тән, яғни морфологиялық өзгерістермен қатар қызметтік (функционалдық) өзгерістер де орын алады. Қалыптан тыс тістемге, айтып кеткендей, дистальды, мезиальды, терең, ашық және қиылыспалы тістем жатады.
Дистальды тістем тістер қатарының қалыпты арақатынастардың бұзылуымен ерекшеленеді, мұнда бірінші жоғарғы молярдың алдыңғы ұрт төмпешігі бірінші төменгі молярдың алдыңғы ұрттөбешігімен түседі. Кейбір кезде премоляр мен бірінші төменгі молярдың сайында жатады.
Қабысудың дистальды тістемге тән бұзылуы бет қаңқасында жоғарғы жақ сүйегінің шамадан тыс дамуында не шығыңқы орналасуы кезінде байқалады. Немесе төменгі жақ сүйегі дамымай қалуымен, бет қаңқасында дистальды орналасуымен түсіндіріледі. Мұнда дистальды тістем басқа тіс жақ сүйегі ауытқуларының белгілері болады. Олар (ауытқулар) мынадай:
төменгі микрогнатия;
төменгі ретрогнатия;
жоғарғы макрогнатия;
жоғарғы прогнатия немесе аталған түрлердің аралас келуі.
Дербес нозологиялық форма болып табылатын шынайы дистальды тістемнің себебі тиісті жақ сүйектерінде тістер қатарының бұрыс орналасуы. Дистальды тістемде алдыңғы тістердің қабысуы да бұзылады: олардың арасында саңылау не терең жабылу болады. Айқын білінетін жоғарғы прогнатияда төменгі күрек тістердің тістеуші қырлары жоғарғы алдыңғы тістердің тіс төбешіктерін жанамай өтеді де, әдетте, жоғарғы күрек тістері мойындарының артында жатқан шырышты қабыққа батады (терең жарақаттаушы тістем). Жоғарғы жақ сүйегі тістері қатты алға шығып, жоғарғы ерінді алға тартады, оның астынан тістердің қырлары көрініп тұрады. Төменгі ерін жоғарғы күрек тістерге кіріп кеткендіктен, керісінше, салбырап қалады. Мұндай ауытқу сөзсіз, эстетикалық нұқсан келтіріп, шайнау және сөйлеу қызметтерін нашарлатады.
Мезиальды тістем
Алдыңғы да, бүйірлік те тістердің арақатынасының бұзылуымен сипатталады. Төменгі алдыңғы тістер бұл жағдайда алға шығып, жоғарғы алдыңғы тістерді жауып тұрады. Бүйірлік тістер арақатынасының бұзылу белгілері мынадай:
- жоғарғы бірінші молярдың мезиальды ұрт төбешігі осы аттас төменгі молярдың дистальды ұрт төбешігімен түйіседі немесе бірінші және екінші моляр арасындағы сайға түседі;
- төменгі тіс доғасы жоғарыдан иінді болғандықтан, төменгі бүйірлік тістердің ұрт төбешіктері тысқа қарай жатып, осы аттас жоғарғыларды жауып тұрады. Мұндай тістем төменгі жақ сүйегінің шамадан тыс дамуында, төменгі жақ сүйегінің алға шығыңқы келуінде, жоғарғы жақ сүйегінің дамымай қалуында не оның бет қаңқасында дистальды орналасуында пайда болады. Мұнда мезиальды тістем мынадай тіс жақ сүйегі ауытқулардың белгісі болып табылады:
- жоғарғы микрогнатияның:
- жоғарғы ретрогнатияның:
- төменгі макрогнатияның:
- төменгі прогнатияның: не аталған нозологиялық түрлердің аралас келуінен.
Дербес нозологиялық форма болып табылатын шынайы дистальды тістемнің себебі тіс-жақ сүйектері негіздерінде тіс қатарларының бұрыс орналасуы. Мезиальды тістемнің ең ауыр түрі бір мезгілде әр түрлі бағытта дамыған жоғарғы және төменгі жақ сүйектерде байқалады. Бұл жағдайда алдыңғы тістер арасында саңылау пайда болып, тағамды тістеу қиындап, жартылай сүйір тістер мен премолярларға жүктеледі.
Сирек жағдайда мезиальды тістемде алдыңғы тістердің кері арақатынасымен сипатталатын терең жарақаттайын тістем байқалады. Мұнда төменгі тістердің кескіш қырлары жоғарғы тістердің вестибула беті жағындағы қызылиек шетін жарақаттайды.
Мезиальды тістемде науқастың сырт келбеті бұзылады. Иек пен төменгі ерін алға шығып, жоғарғы ерін түсіп қалғандай болады (әсіресе мұрын қанатына жақын орындарда).
Терең тістем. Алдыңғы тістерді шамадан тыс жабу дәрежесімен сипатталады, кескіш төбешікті түйіспе болмайды. Мұнда күрек тіс аралық сагитальды саңылау не терең жарақаттаушы тістем пайда болады (дистальды не мезиальды тістемді қара).
Алдыңғы тістер. Алдыңғы тістердің тік орналасуында, сонымен қатар төменгі жақ сүйегі альвеола бөлімінің вестибула бетіндегі қызылиек шеті зақымдануы мүмкін. Бұл жарақатты жоғарғы алдыңғы тістердің кескіш қырлары туындатады.
Терең тістем көп жағдайларда елеулі қызметтік бұзылыстарға алып келеді: алдыңғы тістер жанындағы шырышты қабықтың зақымдануымен қатар осы тістер пародонтына шамадан тыс жүктеме түседі, шайнау қызметі нашарлайды, науқастың сырт келбеті де азады. Бүйірлік тістер ортогнатиялық тістемде де (дербес ауытқу), қабыса алады немесе дистальды арақатынас (мезиальды не дистальды тістем синдром) орын алады. Бет белгілері көбінесе дистальды тістемге, сирек - мезиальды тістемге тән.
Ашық тістем. Алдыңғы тістер, кейде премолярлар да түйіспейді (алдыңғы ашық тістем). Бүйірлік тістердің түйіспеуі сиректеу кездеседі. Бұл форманы дистальды не бүйірлік ашық тістем деп атайды.
Жоғарғы ерін алдыңғы ашық тістемде қысқа келді. Тісаралық саңылауды жасыруға тырысқан науқастарға ғана ол керіліп, созылады. Алдыңғы тістер арасындағы саңылау сөйлеуді бұзып, науқастың сырт келбетін нашарлатады, ал тағам бүйірлік тістермен тістеледі.
Қиылысты тістем. Қиылысты тістем жағдайында төменгі бүйірлік тістердің ұрт төбешіктері күрек тістердің қалыпты жабылуында осы аттас жоғарғылардан сыртқа қарай орналасқан, немесе төменгі бүйірлік тістер күрек тістердің кері арақатынасында жоғарғыларға қатысты тыс жағына ығысқан. Бұл кезде орталық окклюзия күйінде бір не екі жақтан жоғарғы және төменгі тіс қатарлары қиылысады.
Осыған байланысты қиылысты тістем бір не екіжақты болады. Тістемнің мұндай түріне мынадай жағдайлар себепкер:
жоғарғы не төменгі тіс доғасының тарылуы;
төменгі жақ сүйегінің бір жаққа ығысуы;
жоғарғы жақ сүйегінің бет қаңқасында ассиметриялы орналасуы:
тіс қатары тарылуының бас сүйекте жақ сүйегінің дұрыс орналаспауымен ұштасуы.
