- •Тіс және тіс қатары
- •2 . Сурет. Сауыт бұрышы және түбір бұрышының белгілері (и.С.Кудрин бойынша сұлба).
- •Тіс қатарының окклюзиялық беткейі
- •Пародонт құрылымы және қызметтері
- •Ауыз қуысы шырышты қабаты құрылымының ерекшеліктері
- •2.2. Артикуляция және окклюзия, тістем және тістем түрлері
- •Тістем, тістем түрлері
- •Қалыпты (ортогнатиялық) тістем
- •Тістемнің ауыспалы (шектес) түрлері
- •Қалыптан тыс тістемдер (аномалиялар)
Тіс қатарының окклюзиялық беткейі
Тіс қатарының окклюзиялық беткейі - оған кіретін барлық тістердің окклюзиялық беттерінің жиынтығы. Аталған бетті тіс қатарының қабысу беті деп те атайды (9-сурет).
Сызба түрінде окклюзиялы бет бүйірлік кескінде орталық күрек тістердің кесуші шетінен үшінші молярлардың дистальды төбешіктеріне дейін өтетін қисық сызық ретінде бейнеленеді. Мұндай окклюзиялық қисық сызық сагиттальды деп аталады (9 а-сурет). Ол дөңес жағымен төмен қарай өтеді.
Сагитальды окклюзиялық қисық сызықтан басқа трансверзальды окклюзиялық қисық сызықты айтуға болады (9 ә-сурет).
Ол оң және сол молярларының шайнау бетімен көлденең бағытта өтеді.
Трансверзальды окклюзиялы қисық сызық көп жағдайда дөңес жағымен төменге қараған, бірақ басқа да нұсқалары кездесуі мүмкін.
Ортопедиялық стоматология практикасында сонымен бірге «окклюзиялық жазықтық» термині қолданылады. Бұл практикалық мақсаттарға қажетті қарапайым ұғым.
9-сурет.
Жоғарғы жақ сүйегі тіс қатарының
окклюзиялық беті (арнайы реңмен
көрсетілген).
Окклюзиялық қисық сызықтар а – сагиттальды (Шпее); ә – трансверзальді (Вильсон-Плеженікі)
Окклюзиялық жазықтық ойда екі әдіспен жүргізіледі. Біріншісі – ол орталық күрек тістерінің жабылу ортасы және бірінші (олар жоқ болса екінші) молярлардың мезиальды төбешіктерінің жабылу ортасы арқылы өтеді. Екінші нұсқада ол екінші жоғарғы премолярдың ұрт төбешігінің және бірінші жоғарғы молярдың мезиальды ұрт төбешігінің ұштары арқылы өтеді. Окклюзиялық білікте қалыптасатын жазықтық сонымен бірге протетикалық деп те аталады.
Пародонт құрылымы және қызметтері
10-сурет.
Адам тісі пародонтының сызбасы
(А.С.Щербаков) а – вестибулярлы- ауызды,
медио-дистальді кесік; ә – тіс мойны
деңгейіндегі көлденең кесік; б – тістің
орта үштен бірі деңгейіндегі көлденең
кесік; 1 – кіреуке; 2 – дентин; 3 – ұлпа;
4 – альвеола сүйегі; 5 – периодонт
саңылауы; 6 – қызыл иек; 7 – цемент; 8 –
тісаралық байлам; 9 – тіс-қызылиек
талшықтары; 10 – тіс-периост талшықтар;
11 – тіс-тарақты талшықтар; 12 – қисық-тіс
альвеола талшықтары; 13 – ұш талшықтары;
14 – тангенция талшықтары; 15 – радиал
талшықтар.
Пародонт – тістердің тірек жүйесі. Оның құрамына периодонт, қызылиек, тіс альвеоласы, тіс түбірінің цементі кіреді. Пародонт тіндерінің (10-сурет) генетикалық тұрғыдан туыс, қызметтері де бірдей.
Шайнау қысымын қабылдау тұрғысынан периодонт, басқаша атағанда перицемент қызығушылық тудырады. Ол тіс альвеоласының қабырғасы және тіс түбірі бетінің арасында жатады.
Периодонт саңылауының ені түбірдің түрлі деңгейінде бірдей емес:
- тіс альвеоласының сағасында шамамен – 0,25 мм;
- мойын маңы үштен бірінде – 0,2 мм;
- ортаңғы үштен бірінде – 0,1 мм;
- ұштың үштен бірінде – 0,2 мм.
Демек, периодонт саңылауының түр-пішіні ортасы буылған құмсағатты еске түсіреді. Альвеоланың орта үштен бірінің мұндай тарылуы тістердің физиологиялық қозғалғыштығының сипатымен түсіндіріледі. Көлденең жүктемеде түбірдің ең көп еңкеюі ұшы аймағында және тіс мойны деңгейінде байқалады. Тіс бұл кезде тірек нүктесі шамамен түбірдің ортаңғы үштен бірінде орналасқан екі иықты рычаг ретінде жұмыс істейді.
Периодонт саңылауының шамасына қызмет жүктемесінің өзгеруі, жас, периодонтта өтіп жатқан түрлі патологиялық үрдістер әсер етеді.
Периодонт - тығыз дәнекер тін. Неғұрлым қызығушылық тудыратыны – оның белгілі қызметке бағытталған дәнекер тінді талшықтары бар негізгі заты. Периодонттың бағдарлы дәнекер тінді талшықтар жүйесін шет пародонтының ұқсас құрылымдарымен бірге сипаттаған дұрыс.
Шет пародонты, коллаген талшықтарының күрделі торабының арқасында, қызылиек шетінің тіс мойнына тығыз жатуын қамтамасыз етеді, тамақ сауыт бойы жылжығанда да, шайнау кезінде тістің өзі қозғалғанда да қызылиектің қатпарлануына жол бермейді. Сонымен бірге шет пародонты тіс қызыиек науашасының түбін түзеді.
Шет пародонтында мынадай құрамдас бөліктер болады:
1) цементтен басталатын және қызылиекте желпуіш тәрізді таралатын талшықтардың тіс-қызыл иек тобы;
2) бірінші топтың бекіген орнынан төмен басталып, альвеолалық өсіндінің ұшын орап өтіп периостқа енетін талшықтардың тіс-периост тобын.
Түйісу жағынан топ орнына талшықтардың тісаралық тобы байқалады. Ол ені 1,0-1,2 мм болатын мықты байлам түзеді, бұл байлам тісаралық перде үстімен түбірдің бір бетінен екіншісіне өтеді. Осы талшықтар және ұяшық сүйегінің көмегімен жеке тістер үздіксіз тізбекті тіс доғасына бірігеді. Ол біртұтас жүйе, онда бір элементтің керілуі не ығысуы басқаларының сәйкес керілуін не ығысуын туғызады.
Маргинальды пародонт айқын шекарасыз периодонтқа ұласады. Оның дәнекер тініндегі талшықтардың мынадай топтамасын Қазақстандағы ғылыми ортопедиялық стоматологияның негізін салушы проф. Г.Т.Сухарев (2005) ұсынды.
1) қызмет етуге бағдарланған;
2) қан тамырлары және жүйке тамырлары сабақтары бойына бағытталған;
3) белгілі бағыты жоқ және борпылдақ дәнекер тінінің негізін түзетін.
Қызметке бағдарлы талшықтар екі топпен берілген, олар қисық тіс-альвеолалы және ұштық.
Көп түбірлі тістер периодонтында, сонымен қатар, түбірлер айырығы аймағында орналасқан талшықтар тобы бар.
Көлденең кесіктерде периодонт талшықтары радиальды не тангенциалды бағдарға ие, соңғы жағдайда талшықтар сағат тілі бойынша не оған қарсы бағытталуы мүмкін. Периодонттың қисық талшықтары тісті альвеолалы іледі де тістің тік осі бойынша немесе оған бұрыш асты бағытталған шайнау қысымын қабылдайды. Радиальды және тангенциальды бағытталған талшықтар тісті ол ұзына бойы осі айналасында бұрылғанда ұстап тұрады.
Коллаген талшықтарының қызметке бағдарлануы күдік туғызбайды. Дау туғызатын мына мәселе: кйбір ғалымдардың пікірінше, талшықтың қызметке бағытталуы туа біткен құбылыс, ал басқалар (Эшлер) мұндай бағдар тістің жарып, қызметке кіруінен басталады деп санайды. Біздің ойымызша, талшықтардың қызметке бағытталуы туа бітеді де, тістің жарып шығу кезеңінде қалыптасады. Алайда, тістердің жеке топтарының (күрек тістер, молярлар) қызметінің сипаты, сонымен бірге тіс қатарының түйісу ерекшелігі, тағам түрі пародонт құрылысына өз әсерін тигізеді. Демек, туа буткен құрылымдар белгілі бір қызмет қалыптасып дамитын ая болып табылады.
Периодонт байластыру және амортизациялау қызметтерін атқарады. Сонымен қатар тіс тіндерін және альвеоласын қоректендіруде белгілі рөл атқарады, шайнау қысымын рефлекторлық реттеуге қатысады.
Периодонттың ортопедиялық стоматология клиникасындағы маңызды үш қызметін қарастырайық. Бұл амортизациялау, қоректендіру және шайнау қысымын реттеу қызметтері.
Периодонттың амортизациялаушы қызметі шайнау қысымын қабылдап, оны ұяшықтың қабырғалары мен түбіне бірдей үлестіруінде білінеді. Айтып кеткеніміздей, периодонттың тіс альвеолалық коллаген қисық талшықтар тобы тіс түбірінің ұяшыққа кіріп кетуіне қарсы тұрады, периодонтты қысылып қалудан сақтайды. Бұл коллаген талшықтарының механикалық қасиеттеріне және осы талшықтардың түрлі бағыт алуына байланыста болуы мүмкін.
Коллаген талшықтар аз серпімді, сондықтан, оларды созу үшін күш жұмсау қажет. Демек, тіске жұмсалған шайнау күші жартылай дәнекер тінді талшықтарды созуға жұмсалады. Шайнау жүктемесін алғаннан соң талшықтардың жиырылуы тісті альвеоладан шығарады.
Тіске тік қысым көрсеткенде түбір ұшында желпуіш тәрізді орналасқан талшықтардан басқа периодонттың қисық тіс-альвеола талшықтары созыла бастайды.
Қысым көлденең түскенде бір жақта периодонт саңылау тарылып, екінші жағында кеңейеді. Коллаген талшықтарының қызметін механикалық тұрғыдан қарастырсақ, олар созылуға қызмет етеді деген қорытынды жасауға болады.
Шайнау қысымын амортизациялауды түбір ұшын гидравликалық муфта түзетін периодонттың қан тамырлы торы маңызды рөл атқарады.
Шайнау әсері периодонтта жоғары қысым туғызып, қан тамырларының қаннан бас алуына әкеледі. Периодонт қан тамырларындағы қан көлемінің азаюы периодонт саңылауын тарылтып, тістің ұяшыққа батуына мүмкіндік береді. Периодонт қысымнан босағанда, қан тамырлары қайта қанға толады, периодонт саңылауы қалпына келіп, тісті бұрынға орнына қайтарады.
Міне, осылай тамыр арнасының көлемін өзгерту шайнау қысымының жартылай амортизацияға ұшырауына әкеледі. Ал периодонт саңылауының енін өзгерту тістің физиологиялық қозғалғыштығын қамтамасыз етеді.
Шайнау кезінде қан ағымының көлемі үнемі өзгеріп отырады. Ауысып тұратын шайнау қысымы гидравликалық насос ретінде жұмыс істейді.
Қан ағымын күшейту не әлсірету арқылы қысым оны жоғары қызмет қажеттілігіне сәйкестендіреді. Демек, шайнау қысымы пародонттағы қоректену үрдістерін іске қосу механизмі болып табылады. Осы көзқарасты ұстансақ, тісті жоғалтқаннан кейін пародонт тіндері неге семетіні түсінікті болады.
Міне, осылай пародонттың мынадай функцияларын анықтауға болады:
1) тірек ұстау қызметі, периодонттың байлам кешенімен, қызылиекпен және альвеоламен іске асады;
2) трофикалық (нәрлендіру), тістің шайнау кезіндегі шағын қозғалысы арқылы түбірімен жүзеге асырылады, қан және лимфа тамырлар торына түсетін гидравликалық қысыммен түсіндіріледі;
3) амортизациялаушы, оның мәнісі шайнау қысымын бөлшектеуде және тістің шағын қозғалысы амплитудасын өшіруде;
4) сенсорлық, шайнау қысымын реттеуші, пародонттың рецепторлық жүйесі арқылы іске асады;
5) пластикалық – сүйек және цемент түзуші.
