- •Тіс және тіс қатары
- •2 . Сурет. Сауыт бұрышы және түбір бұрышының белгілері (и.С.Кудрин бойынша сұлба).
- •Тіс қатарының окклюзиялық беткейі
- •Пародонт құрылымы және қызметтері
- •Ауыз қуысы шырышты қабаты құрылымының ерекшеліктері
- •2.2. Артикуляция және окклюзия, тістем және тістем түрлері
- •Тістем, тістем түрлері
- •Қалыпты (ортогнатиялық) тістем
- •Тістемнің ауыспалы (шектес) түрлері
- •Қалыптан тыс тістемдер (аномалиялар)
Тіс және тіс қатары
Тіс ағзалары (1-сурет) шайнау, сөйлеу аппаратының құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл аппарат 32 тіс мүшесінен құралған, олар жоғарғы және төменгі жақ сүйектерінде 16 мүшеден орналасқан.
1 - сурет. Тіс ағзасының сұлбасы (И.С.Кудрин бойынша)1 – кіреуке, 2-дентин, 3-цемент, 4-периодонт, 5-альвеола бөлігі, 6-шырышты қабат, 7-қызылиек науашасы, 8- түбір ұшының тесігі.
Әрбір тіс мүшесі: 1) тістен; 2) ұяшықтан және оған жақын жататын қызыл иектің шырышты қабатпен жабылған жақ сүйегі бөлігінен; 3) тісті ұяшықта ұстайтын байлам кешенінен (периодонттан); 4) қан тамырларынан және жүйке тамырларынан тұрады. Тіс ағзасы = тіс + пародонт. Тіс (лат.-dens, грек.-odus) – өте тығыз, қуыс келген ұзартылған өзек, қатты тағамды тістеуге, майдалауға, ұсақтауға және үзуге қызмет етеді. Тісте қалың келетін бөлік - сауыт, оған жақын жататын қызыл иекпен қоршалған мойын, жақ сүйегі ұяшығының ішінде орналасқан түбір болады. Бұлар әр түрлі тістерде біреуден бастап үшеуге дейін болады. Практикалық стоматологияда анатомиялық және клиникалық сауыт деп жіктейді. Анатомиялық сауыт – тістің кіреукемен қапталған бөлігі. Клиникалық сауыт – тістің қызыл иектен шығып тұратын бөлігі. Анатомиялық сауыт жас ұлғайған сайын төбешіктердің не кесуші шеттің қажалуы салдарынан кішірейеді, ал клиникалық сауыт тіс түбірінің ашылып қалуына байланысты және альвеола қабырғасы резорбцияға ұшырағанда, керісінше, үлкейе түседі. Міне, осылай белгілі жағдайда клиникалық сауыт анатомиялық сауыт пен түбір бөлігін қамтиды. Тіс сауытында мынадай беткейлерді ажыратады:
1) ауыз қуысы кіреберісіне қараған – вестибулярлы беткей. Алдыңғы тістерде ол сонымен бірге ерінді беткей деп аталады, ал бүйірлік (артқы) тістерде – ұрт беткейі деп белгіленеді.
2) тіс сауытының ауыз қуысына қараған беті - оральды не ауыздық. Жоғарғы жақ сүйегінде оны таңдайлық, ал төменгі жақ сүйегінде тілдік беткей деп атайды.
3) тіс сауытының өз қатарының көршілес тістеріне қараған беті түйісу беткейі деп аталады.
Тіс қатары ортасына қараған тіс беткейі мезиальды, ал алдыңғы тістер медиальды деп аталады. Қарсы жаққа, яғни, тіс қатарының орталығынан бағытталған бет дистальды түйісу беті болып табылады.
4) тіс сауытының қарама-қарсы тіс қатарларының тістеріне бағытталған беткейі не шеті шайнау беткейі немесе күрек тістер және сүйір тістерде кескіш шет деп аталады. Оларды сонымен қабысу беткейі немесе окклюзиялы беткей дейді, себебі бұл бет жақ сүйектері жақындасқанда қарама-қарсы тіс қатары тістерімен жанасады.
Осыған байланысты практикалық стоматологияда тіске қатысты бағытты көрсететін мынадай терминдер қолданылады: «оральды», «мезиальды», «дистальды», «окклюзиялық», «апикальды» (түбір ұшына қарай).
Тіс қуысы әр түрлі тістерде әрқалай болып келеді. Тіс сауытының ішінде пішіні тіске ұқсас, ал түбірде өзек түріне жалғасады. Өзек тіс түбірінің ұшында шағын тесікпен аяқталады. Көп түбірлі тістерде түбір өзектерінің саны әдетте түбір санымен тең болады.
Тіс қуысы жұмсақ зат – ұлпамен толтырылған. Пульпада (ұлпада) сауыт және түбір бөлімдері болады.
Қан тамырлары және жүйке тамырлары ұлпаға түбір ұшы саңылауы арқылы кіреді.
Тіс ұлпасы – борпылдақ дәнекер тін, тіс қуысын толтырып тұратын қан және жүйке тамырларына бай. Олар қоректендіру, пластикалық (дентин түзуші), қорғау қызметтерін атқарады. Сауыт ұлпасының тістің кескіш шеті немесе шайнау беті бағытында мүйіздер деп аталатын дөңестері болады. Олар тіс қуысындағы тісті ойықтарды толтырады.
Ұлпаның орталық бөлігінде ерекше жұлдызша жасушалар предонтобласттармен қоршалған арнайы дәнекер тіні орналасқан. Предонтобласттар көбейген сайын одонтобласттарға – ұлпаның дентинге (тістің қатты заты) жақын жататын ең шеткі қабатының жасушаларына айналады. Ұлпаның сауыт бөлігінде үшінші (аралық жасушасыз) Вейль қабаты бар. Одонтобласттар алмұрт тәріздес денеден және өсінділерден тұрады. Өсінділер одонтобласттардың орталық шеттерінен ажырап, бір-бірімен қосыла преодонтобласттар қабатына өтеді. Ал сыртқы өсінділер дентин түтікшелері арқылы кіреукеге дейін жетеді. Олар Томс талшықтары деп аталады. Томс талшықтары ұлпадан өте нәзік келликер – флейшман қабығымен ажыратылған дентинді қоректендіреді. Аталған қабық нейман қабығы түрінде дентин түтікшелеріне ауысады да, қаптама тәрізді төсеме түзеді.
Негізгі тіс тіні – дентин - әк тұздарына қаныққан негізгі заттан және көптеген түтікшелерден (өзектерден) тұрады. Ол тістің қатты бөлігі болып табылады, тіс қуысы және түбір өзектерін қоршап тұрады, сүйекке ұқсас зат. Алайда, сүйектен 5-6 есе берік. Оның негізгі заты коллаген талшықтары және оларды байланыстыратын субстанцияларды қамтиды. Дентин құрамының 70-72% жуығы минералды тұздар, қалғаны органикалық заттар, май және су. Тұздар құрамында гидроксиапатит [Ca10(PO4)62OH] басым, сонымен бірге көмір қышқыл кальций [CaCO3], натрий [Na2CO3], фторлы кальций [CaF2] бар.
Коллаген талшықтары тіс қуысына жақын орналасқан, түтікшелер қабырғаларына қатысты перпендикуляр, қуыс қабырғаларына параллель бағытталған. Бұл ұлпа маңы дентині немесе предентин. Бұл аймақ дентиннің үнемі өсу орны, бұл үдеріс ересек адамның тістерінде де тоқтамайды. Дентиннің түзілуі тістің қатты қажалуы, тісжегі кезінде, тістің қатты тіндеріне хирургиялық әсер еткенде күрт көбейеді. Бұл жағдайларда түзілетін дентин екінші орын басушы немесе иррегулярлық (әдеттен тыс) дентин деп аталады. Дентинде қан тамырлары болмайды, ол дентин түтікшелері және Томс талшықтары арқылы қоректенеді. Тіс бетіне жақын талшықтар осы бетке перпендикуляр, түтікшелер бойына параллель бағыт алады. Дентиннің бұл сыртқы қабаты плащтық дентин деп аталады. Кіреукемен (эмальмен) шектескен орында дентин көптеген дөңестермен аяқталады, олар кіреуке қабатына терең бойлайды. Дентиннен кіреукеге қарай ішінде одонтобласт өсінділері бар тіс түтікшелері жартылай өтеді. Бірақ олар кіреукеге терең енбейді. Шайнау төбешіктері аймағындағы кіреуке қабатының қалыңдығы 1,5-2 мм.
Кіреуке (эмаль) – тістің қатты тіні, ол сауыт дентинін сыртынан қаптайды. Оның құрамының 96-97%-ы минералды тұздар, 3-4%-ы ғана органикалық заттар. Тұздардан гидроксиапатит басым - 84%. Одан басқа кіреуке құрамына кальций карбонаты, фторлы кальций, фосфор қышқыл магний кіреді. Кіреуке беті жұмыр әрі қайтқан талшықтардан тұрады, олардың бірінің ұзына бойында науа тәрізді ойма болады. Бұл талшықтар кіреуке призмалары деп аталады. Олар түрлі бағытта спираль тәрізді айналып, кіреуке дентин шегінен тіс сауытының бетіне өтеді. Призмалар өзара призмааралық затпен желімделген.
