Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
kniga_ispravlenny_variant.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4.23 Mб
Скачать

С.И.Қошқаров,

Г.Қ.Қалманова,

А.О.Олжабаева

СУАРУ МЕЛИОРАЦИЯСЫ

оқу құралы

С.И.Қошқаров,

Г.Қ.Қалманова,

А.О.Олжабаева

СУАРУ МЕЛИОРАЦИЯСЫ

оқу құралы

Қызылорда 2014

УДК

ББК

Пікір жазғандар:

Өмірзақов С.Ы., Жақаев атындағы Қазақтың күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, техника ғылымдарының докторы

Тілеуқұлов А.Т., Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы

Қошқаров С.И., Қалманова Г.Қ., Олжабаева А.О. Суару мелиорациясы. Оқу құралы. – Қызылорда, 2014. - 130 б.

ISBN

Суару мелиорациясының негізгі қағидалары, мелиорацияны жіктеу; жалпы жағдайы және дәлелдемелері: мелиорацияның түрлері және оның қажеттілігі, ауылшаруашылық дақылдарды суару тәртібі, суару әдістері және оған қажет суару қондырғылары; күріш дақылының суару жүйелері берілген. Топырақтағы ылғал, ауа, жылу және қоректік режимдерді реттеудің негізгі қағидалары, жерді мелиорациялаудағы жобаларды экологиялық қажеттілікке сәйкестендіру әдістемелері сипатталған.

Оқу құралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына (ҚР МЖМБС 3.08.387-2006) сәйкес дайындалған, жоғары оқу орындарының ауыл және су шаруашылығы мамандықтарына арналған.

УДК

ББК

ISBN

КІРІСПЕ

Ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты түрде жүргізуде мелиорация жұмыстарының маңызы ұлғайып, халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз етудегі үлесі артты. Қазіргі уақытта мелиорация еліміздің барлық аймақтарындағы ауыл шаруашылығын одан әрі өркендету жұмыстарының құрамды бөлігі болып саналады.

Ауыл шаруашылығы мелиорациясы дегеніміз – ауыл шаруашылық дақылдарынан мол және тұрақты өнім алу үшін, қолайсыз табиғи жағдайларды (гидрогеологиялық, топырақтық, агроклиматтық) түбегейлі жақсарту жолында қолданылатын ұйымдастыру шаруашылық және техникалық шаралар жүйесі.

Жерді мелиорациялау (латын тілінен аударғанда «жақсарту» деген мағынада) – гидротехникалық және мәдени-техникалық жұмыстардан, топырақтың су және жел эрозиясымен күресуден, қышқыл топырақтарды әктеуден және сортаңданған топырақтарды гипстиеуден, агроорманмелиорациялық және тағы басқа шаралардан тұрады. Бұлардың негізгісі гидротехникалық мелиорация (суару, суландыру және құрғату) және мәдени-техникалық шаралар (жерді бұтақтардан тазарту, ағаш түптерін тамырларымен жұлу, төмпешіктерді тегістеу, тастарды жинап алу және топырақты алғашқы рет баптау) болып саналады.

Мелиорация ауыл шаруашылық өнімдерін арттырып қана қоймай, сондай-ақ ауа райының әртүрлі құбылмалылығының өзінде тұрақты өнім алудың негізін жасайды.

Мелиоративтік жұмыстар өте ерте қолға алынған. Қазіргі Орта Азия республикалары жерлерінде суаруды осыдан 10 мың жыл бұрын қолданғаны белгілі болып отыр. Кавказ аймағында да суару жүйелері көне заманнан бері қолданыла бастаған.

Мелиорацияның негізгі түрлерінің бірі – гидротехникалық мелиорацияға жер бойындағы су режимін реттеу жатады, былайша айтқанда ылғалдылығы жетіспейтін топырақты қолдан суару немесе ылғалдылығы шамадан тыс топырақты құрғату жатады. ҚАзақстандағы ауыл шаруашылық дақылдары өнімдерін өндіретін егістіктердің 70%-тен астамы қуаң және ылғалдылығы жеткіліксіз аймақтарда орналасуына байланысты суару және суландыру жұмыстарының алатын орны өте зор.

Соңғы жылдары Қазақстанда суармалы жерлердің көлемі артып, қазіргі уақытта 2,3 млн.гектарға, ал осы жерде өндірілетін өнім, барлық ауыл шаруашылық өнімдерінің 30-35 процентіне жетті.

Суарылатын негізгі алқаптар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстік аудандарында орналасқан.

Республикада суарылатын жерлерден мақта мен күріштің 100, көкөністің 70 процентке жуығы, жүгері дәнінің 40, құнарлы және шырынды мал азығының 20 проценттен астамы, көптеген жеміс, жүзім және басқа да шаруашылық өнімдері өндіріледі.

Қазіргі кезде республикада суару жұмыстары барлық облыстарда жүргізіледі. Мысалы, Алматы облысында суармалы жерлерде өндірілетін өнімнің сыбағалы салмағы - 70%, Оңтүстік Қазақстан облысында - 85%, Жамбыл облысында - 67%, ал Қызылорда облысында ауыл шаруашылығының барлық өнімі тек суармалы жерлерде өндіріледі.

Соңғы жылдары республиканың шөл және шөлейт аймақтарында жүздеген мың гектар жерлерді жүйелеп суаруды қамтамасыз ететін көптеген ірі гидротехникалық құрылыстар салынып іске қосылды: Іле өзенінде аумағы 2,8 млрд м³ Қапшағай су қоймасы және электр станциясы, Сырдария өзенінде аумағы 5,7 млрд м³ Шардара су қоймасы және Қазалы гидроторабы, сондай-ақ Бөген және Бадам су қоймалары.

Жерді мелиорациялауды қарқынды жүргізу, суармалы жерлерді дұрыс пайдалану үшін келешек агрономдарға, агромелиораторларға және фермерлерге мелиорация маңызын терең түсіндіру, сонымен қатар агромелиоратор мамандарын даярлауды көбейту қажет.

Сондықтан да «Суару мелиорациясы» пәнінің мақсаты – егіншілікке берілетін суды үнемдеп және бірқалыпты тарату арқылы ауыл шаруашылық дақылдары өнімділігін арттыру, сонымен қатар топырақ құнарлылығын сақтап, суармалы жерлердің сортаңдануы, эрозияға ұшырауымен күресу жолдары жөнінде студенттерге теориялық білім мен тәжірибелік мағлұмат беру болып табылады.

1 - тарау. Мелиорацияның мақсаты, Қазақстанның табиғи аймақтары, мелиорацияның қажеттілігі, мелиорацияның қоршаған ортаға әсері.

1.1 Жерді мелиорациялаудың мақсаты

Мелиорация Кеңес Одағы заманында 1960-1965 жылдардан кейін қарқынды дами бастаған. Ол кезде Қазақстанда да бұл сала жақсы өркендеді. Еліміздің оңтүстік аймақтарында суармалы егістік жерлер көлемі күрт ұлғайды, онда өскен ауылшаруашылық дақылдар өнімділігі барған сайын жоғарылады. Ол уақытта мелиорация негізінен егістік жер топырағының ылғал режимін реттеуге бағытталған болатын. Осыған байланысты басты мақсат өскен дақылдан ең биік, ең жоғары өнім алу болып есептелді. Суармалы егістікті қоршап тұрған аймақ жағдайы ескерілмеді. Бір гектар егіске берілген су мөлшері өте жоғары болды, бұл судың тиімсіз пайдалануына алып келді. Орынсыз су шығыны қоршаған аймаққа зиянды әсерін молынан тигізді, бұл соңынан экологиялық қиыншылықтарға кезіктірді.

Осының бәрі мелиорацияның жағдайына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Соңғы жылдары орындалған зерттеулер бұл саланы кешенді бағытта дамытудың қажеттілігін айқындап берді. Бұл зерттеулерде әсіресе Ресей ғалымдарының еңбектері оның ішінде Мәскеудің табиғатты үйлестіру жөніндегі мемлекеттік университеті ғалымдарының еңбектері өте жоғары. Сондықтан, бүгінгі күні мелиорация мақсаты жаңадан айқындалған.

Мелиорация – латынның «жақсарту» деген мағына беретін сөзінен шыққан. Мелиорация халық шаруашылығының қай саласында болмасын, табиғаттың қолайсыз жағдайларын белгілі өндіріс қажетіне қарай жақсартуға бағытталған жұмыстарды біріктіреді. Бұл жұмыстардың ауыл шаруашылығы өндірісіне қажеттісі ауыл шаруашылығы мелиорациялары болып табылады.

Мелиорация ғылымының негізін қалаушылардың бірі – А.Н.Костяковтың анықтамасы бойынша, ауыл шаруашылығы мелиорациялары деп – ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары және қалыпты өнімділігін қамтамасыз ету мақсатымен табиғат жағдайларын жақсартуға бағытталған өзара үйлесімді шаруашылықтық және техникалық жұмыс-әрекеттер мен шаралар жүйесін айтады.

Ауыл шаруашылығы мелиорацияларының мақсаты – ауыл шаруашылығы өндірісінің экологиямен үйлесімді, экономикалық жағынан тиімді болуының негізі. Себебі, ауыл шаруашылығының тиімді түрде дамуына табиғаттың қолайсыз жағдайлары мүмкіндік бермейді. Олар: құрғақшылық, топырақтың батпақтануы және сортаңдануы, жел мен су әсерінен болатын топырақ эрозиясы.

Табиғи жағдайлары ауыл шаруашылығы өндірісіне қолайсыз жерлерде мелиорация шаралары алдын-ала қолданылмаса, ең мақтаулы жаңа сорттың да, сапалы орындалған агротехникалық шаралардың, оның ішінде мезгілімен берілген тыңайтқыштың да, тіпті биотехнология нәтижелерінің де мүмкін болатын тиімділіктері іс жүзінде толығымен пайдаланылмай қалады.

Егіншілік өндірісінің көпжылдық мәліметтеріне қарағанда, мелиорацияланған алаптардың түсімділігі мелиорация шаралары қолданылмаған жерлерге қарағанда 4-5 есе жоғары болады.

Қазіргі кезде Қазақстанның ауыл шаруашылығы үлкен өзгерістерге ұшырап отыр. Бұрынғы ұжымдар және кеңшар орнына жеке қожалықтар, акционерлік қоғамдар, өндірістік кооперативтер мен фермерлер шаруашылықтары пайда бола бастады. Осындай кезеңде ұжымдар мен кеңшар қарамағында болатын ішкі шаруашылық суару жүйелерінің жағдайы және оның келешек статусы үлкен ой салады.

Қазақстан жерінде 2 млн 320 мың гектар жерге салынған суару жүйелерінде нарықтық экономикаға байланысты мелиоративтік жұмыстар толық жүрмей отыр. Механикалық жолмен су алатын суару жүйелері толық тоқтап тұр. Көптеген майда шаруашылықтар бұрынғы бетонды, науа т.б. инженерлік каналдарды жөндеп пайдалану орнына кәдімгі жер каналына көшкен. Мұндай каналдарда су шығыны көп екенін ешкім ойлап жатқан жоқ, әйтеуір суды арзан жолмен суармалы жерге әкелсек болғаны деген ойда. Соның салдарынан көп жерлерде бұрынғы салынған инженерлік суару жүйелері тозып, жарамсыз халге ұшырап отыр.

Мелиорацияның Қазақстан Республикасында қажеттілігі біріншіден, оның шөл, шөлейт, сондықтан су режимі жеткіліксіз жерлерде қолдануы болса, екіншіден, далалық аймақта жиі қайталанатын құрғақшылықтың зиянды әсерін жеңілдету үшін қолдану. Сондықтан да мелиорацияны қазіргі жағдайда және келешекте республикамыздың азық-түлік бағдарламасын қамтамасыз ету мен оның қауіпсіздігі жолындағы шешуші шара деп қарастыру керек.

Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, топырақтың ылғал режимін реттемейінше, ауыл шаруашылығында жүргізілетін басқа агротехникалық шаралар түбегейлі нәтиже бермейді.

Мелиорацияның әсерінен топырақтың ылғал, қоректік, жылу, ауа режимдері ауылшаруашылық дақылдарының өсіп-өну кезеңіне қарай қолайлы жағдайда өзгеріп отырады.

Экономикалық және әлеуметтік жағдайларды шешумен қатар, мелиорацияның табиғатқа тигізетін басқа да әсерлері де бар. Атап айтқанда, табиғи шабындықтар мен жайылымдардың жойылуы, өзен суларының азайып ластануы, жер бетіндегі табиғи шөп түрлерінің өзгеруі, жан-жануарлар азайып, ауа-райының өзгеруі мүмкін. Осы орайда мелиорация жұмыстарын жүргізу кезінде табиғатты қорғау, оны дұрыс пайдалану маңызды іс болып қаралуы керек.

Мелиорация жұмыстарын ойдағыдай жүргізетін және қамтамасыз ететін суармалы жерлерде қызмет жасайтын ауылшаруашылық және сушаруашылық мамандары.

Адамзат өмірінде жердің атқаратын қызметі орасан. Сондықтан оны шаруашылық бағытта дұрыс пайдалана білген жөн. Қоршаған ортаның ауа райы мен топырағының қолайлы жағдайлары болады. Оның кейбіреуін табиғаттың өзі берсе, өзгелерін адам қолдан өзі жасауы керек. Шөлейт жерлерде су жетіспейді, ауа өте ыстық, жауын-шашын өте аз. Мұндай жағдайда мелиорацияны жүргізу арқылы ол жерлерді белгілі мөлшерде суландырып, табиғат жағдайын оңтайландыруға болады. Міне, осылай табиғатты адамзат өзіне ыңғайлы етіп, қолдан жасауын мелиорация дейді.

Мелиорация жұмысын жүргізудің бірден бір мақсаты топырақтың ылғал, ауа, қоректік, жылулық режимдерін реттеп, ауылшаруашылық дақылдарынан тұрақты, жоғары және тиімді өнім алуды қамтамасыз ету.

Мелиорациялық іс әрекеттердің ішінде көп тараған және ең маңыздысы суару, құрғату және жайылымды суландыру болып табылады. Оларды қолдану үшін алдымен ол жердің табиғи жағдайын, топырақта жетіспейтін факторларды және не қажет екенін анықтап алу қажет.

Мелиорацияның жоғарыда аталған суару, құрғату және суландыру сияқты түрлері гидротехникалық мелиорация деп аталады.

Сонымен қатар агротехникалық, мәдени-техникалық, биологиялық, химиялық, ормантехникалық мелиорациялары бар.

Агротехникалық мелиорация деп топырақ құнарлығын әртүрлі агротехникалық жұмыстарда: терең және қопара айдау, құнарлы қабатты сақтау, өсімдіктің арнайы түрін егу т.б. жұмыстар жүргізу арқылы жоғарлатуды айтады. Сонымен қатар мал жайылымдық жерлерді жақсарту, қарды егістік жерлерде ұстап қалу сияқты жұмыстар да мелиорацияның осы түріне жатады.

Биологиялық мелиорация, яғни фитомелиорация, бұл негізінен үш бағытта қолданылады: біріншісі – сортаң топырақтарды, тұзға шыдамды өсімдіктерді – галофиттерді іріктеп алып өсіру арқылы жақсарту; екіншісі – топырақ эрозиясын шашақ тамырлы тар қатармен егілетін дақылдар көмегімен кеміту және болдырмау; үшіншісі – шөлейт аймақтарға бейімделген дақылдар өсіру арқылы құм көшуін тоқтату.

Химиялық мелиорация деп топырақтың химиялық құрамын: оған әк, гипс, тұз, күкірт қышқылы, томасшлак және фосфорит ұнын қолдану арқылы жақсартуды, сонымен қатар су тасымалдайтын каналдар арнасының арам шөптерден таза болуын гербицидтер қолдану арқылы қамтамасыз етуді айтады.

Ормантехникалық мелиорация дегеніміз – топырақтың қаситеттерін және гидрогеологиялық жағдайларды арнайы екпе-ағаш отырғызу арқылы жақсарту, жер асты суы деңгейін төмендету, құмның жылжуын, өр жерлерде бекіту мен егістік жерлерде қарды ұстап қалу.

Мәдени-техникалық мелиорация деп жер бетін ағаш-томарлардан, ірі тастардан, темір-терсектерден тазартып, егін егуге дайындауды айтады.

Мелиорацияның экологияға зардапсыз, экономикалық тиімділігінің жоғары болуының бірінші шарты – олардың түрлері өзара және агротехникалық шаралар мен үйлестіріліп кешенді түрде қолданылуына байланысты. Мысалы: суару жүйесін салу үшін алдын ала мәдени-техникалық, қажет болса, химиялық мелиорация шаралары қолданылады. Суару жүйесін пайдалану барысында қажетінше фитомелиорация, агротехникалық, орман-техникалық және басқа мелиорация түрлерін де қолданған жөн. Суару жүйелері тиімділігін арттыру үшін егіншілік саласының, ауыспалы егістік дақылдарының экологиямен үйлесімді және агротехника шараларының дұрыс таңдалып, өз мерзімдерінде сапалы орындалуы қажет. Егер айтылған шарттар орындалмаса, яғни мелиорацияның кешендігі қамтамасыз етілмесе, мелиорацияланған жердегі ауыл шаруашылығының тиімділіктері төмендеп, экологияға нұқсан келеді.

Суару жүйесі бірнеше ондаған жылдар бойы топырақтың сулық және басқа мелиоративтік режимдерін (ауалық, қоректік, тұздық, жылулық және микробиологиялық) жақсартып, дақылдардың жоғары өнімді болуын қамтамасыз етеді.

Суару мелиорациясы дегеніміз - жауын-шашын мөлшері дақылдардың өсіп-өніп, қажетті түсім беруіне жеткіліксіз аймақтарда, өсімдік тамырлары кең тараған топырақ қабатына қосымша су енгізу, яғни суару арқылы топырақ ылғалдылығын арттыру. Мұндай жұмыстар агротехникалық іс әрекеттермен бірге жүргізілген жағдайда шаруашылықтар егістік жерден тұрақты және жоғары өнім ала алады.

Мелиорация мақсаты егістік топырағын ылғалдандыру немесе құрғату негізінде оның қоректік, жылу және ауа режимдерін өсімдікке қолайлы бағытта қалыптастыру. Соның арқасында өсіріп отырған дақылдан жоғары және тиімді өнім алу. Сонымен қатар іске асырылып жатқан мелиорациялау жұмыстары топырақтың азып-тозуына, жер асты суының көтерілуіне, топырақ қабатының сортаңдануын болдырмауы тиіс. Ең бастысы егістіктің қоршаған ортаға экологиялық зиянды әсері болмауы тиіс.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]