
- •1.Персоналды басқаруДың теориялық- әдістемелік негіздері
- •1.2. Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі персоналды басқару ерекшеліктері
- •1.3. Мемлекеттік қызмет персоналын басқару тиімділігін бағалау әдістемесі
- •2. Қазақстан республикасындағы мемлекеттік қызмет жүйесінің персоналын басқару жағдайын талдау
- •2.1. Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің қазіргі даму жағдайын талдау
- •2.2. Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу жүйесін талдау
- •3.Мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды жетілдіру
- •3.1. Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі персоналды басқарудың шет елдік тәжірибесі және оны Қазақстанда қолдану мүмкіндіктері
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
«Қорғауға жіберілді»
Кафедра меңгерушісі
э.ғ.д., профессор
__________ Қ.С.Мұхтарова
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі персоналды басқару мәселелері және оны шешу жолдары
5В051000 - мамандығы бойынша – «Мемлекеттік және жергілікті басқару»
Алматы 2015
|
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
ПЕРСОНАЛДЫ БАСҚАРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ- ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ
Персоналды басқарудың мәні мен тұжырымдамасы
Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі персоналды басқару ерекшеліктері
Мемлекеттік қызмет персоналын басқару тиімділігін бағалау әдістемесі........................................................................................
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖҮЙЕСІНІҢ ПЕРСОНАЛЫН БАСҚАРУ ЖАҒДАЙЫН ТАЛДАУ
2.1. Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің қазіргі даму жағдайын талдау
2.2. Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу жүйесін талдау
2.3. Әйтеке би кентіндегі мемлекеттік қызмет персоналын басқару үдерісі
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ПЕРСОНАЛЫН БАСҚАРУДЫ ЖЕТІЛДІРУ
Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі персоналды басқарудың шет елдік тәжірибесі және оны Қазақстанда қолдану мүмкіндіктері
Мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды жетілдіру жолдары.
ҚОРЫТЫНДЫ
|
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
|
1.Персоналды басқаруДың теориялық- әдістемелік негіздері
1.1.Персоналды басқарудың мәні мен тұжырымдамасы
Қазақстан экономикасының нарықтық жағдайда дамуы мен бәсекелестіктің күшею кезінде басқару тұжырымдамасы, қажетті тәсілдер мен әдістерді таңдау түбегейлі өзгерді. Ұйым басшылығы кадрлық жұмыстарды қайта құруға үлкен мән бере бастады. Жаңа экономикалық жағдайға бейімделу және ұйымды сақтап қалу үшін еңбек өнімділігін, өнім шығару немесе қызмет көрсету тиімділігін жоғарылату, адам ресурстарын оңтайлы пайдалану қажет.
Қазіргі кезде ұйымның табысты болуы адам ресурстарына байланысты болып келеді. Ұйым қызметінің тиімділігі мен бәсекелестік қабілетінің жоғарылауы персоналдың ұйым жұмысна қатысу деңгейіне тәуелді.
Жұмыскер- кез келген бизнестің негізгі факторы болып табылады, яғни оның қабілеттілігі мен жұмысқа деген ынтасы кәсіпорынның табысты болуына және қызмет сапасының жоғарылауына әсер етеді. Сондықтан әрбір қызметкерге өз потенциалын айқындауға және оны барынша пайдалануға мүмкіндік беру керек.
Персоналды басқару объектісі ретінде жұмыскерлер ұжымы, яғни персонал қарастырылады, ал басқару қызметінің ерекше түрі- персоналды басқару деп аталады.
Персонал- мекемеде, кәсіпорында және фирмада атқарылатын жұмыс түрлері бойынша белгіленген жұмыскерлер құрамы. Персонал өз ерекшеліктеріне, мүмкіндіктеріне және қажеттіліктеріне сәйкес ұйымның жоспарлаған мақсаттарына жетуге ықпалын тигізеді, сонымен қатар жеке және қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
Персоналды басқару- жұмыскерлерді тиімді пайдалану бойынша барлық ұйым басшылары мен кадр қызметінің атқаратын міндеті. Жоғары кәсіби деңгейде жүргізілетін персоналды басқару- білікті кадрларға деген қажеттілікті толығымен және уақытылы қамтамасыз етуге; жұмыскерлердің білімін, іскерлігін, дағдыларын тиімді пайдалануға; еңбек ақы төлеу жүйесін белсенділігін ынталандыруға; қолайлы әлеуметтік- психологиялық климатты құру мен оны сақтауға мүмкіндік береді.
Ұйымда персоналдың рөліне және оған қатысты өзгертулерге байланысты толық деректерді арттыру қажет. Еңбекті ұйымдастыру мен басқарудың ғылыми тұжырымдамасы келесі талаптардан туындайды: еңбекті басқару және жүзеге асыру түрлеріне бөлу, орындалатын жұмысына байланысты мамандандыру және бағалау.
Жаңа техника мен технологияны енгізуге байланысты еңбек қызметінің мазмұны да өзгереді. Негізінен жұмыскерлердің жауапкершілігі мен ұқыптылығына, ұжыммен тіл табысу икемділігіне көңіл бөлінеді. Персоналдың кәсіби шеберлігін жоғарылату, өзіндік шешімдерді қабылдау, ұжымда қарым- қатынасты реттеу және дайын өнімнің сапасын жақсарту үшін қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру және шығармашылық қабілеттілігін дамыту қажет.
Заманауи ұйым ерекшелігі – жұмыс күшінің сапасына, оны пайдалану қабілеттілігіне, персоналдың ұйым жұмысына қатысу дәрежесіне байланысты болып келеді. Қазіргі таңда персоналды басқару бәсекелестікті жоғарылатудың және кәсіпорынды ұзақ мерзімді дамытудың маңызды факторы болып табылады. Жұмысқа қабылдау уақытынан бастап зейнеткерлікке шығу мерзіміне дейінгі кезеңде кадрлық қызметтердің адам ресурстарына байланысты аспектілерін біріктіру персоналмен жұмыс істеу ерекшелігі ретінде қарастырылады. Персоналды басқару түсінігі жақында ғана қалыптасқан. Ұйымдарда кадрларда басқару негізінен кадр бөліміне (кадрлық қызметіне) жүктеледі және оның атқаратын қызмет түрлеріне кадрларды қабылдау мен жұмыстан босату, персоналдың біліктілігін көтеру, оқыту мен қайта даярлауды ұйымдастыру және т.б. жатады.
Персоналды басқару тұжырымдамасы- персоналды басқару мәнін, мазмұнын, мақсатын, міндетін, мәселелерін, қағидалары мен тәсілдерін түсіну және анықтаудың теориялық- әдістемелік көзқарастарының жүйесі. Сонымен қатар ұйымның нақты жағдайларда әрекет ету механизмін қалыптастыру барысында қолданылатын ұйымдастырушылық- тәжірибелік тәсілдер осы тұжырымдама негізінде анықталады. Оның ішінде персоналды басқару әдістемесін таңдау, персоналды басқару технологиясын құру кіреді.
Персоналды басқару әдістемесі- ұйымның мақсатына, міндеттеріне сәйкес жеке тұлғалардың мінез- құлқын қалыптастыру процесін және басқару объектісі ретінде ұйым персоналының мәнін қарастыруға бағытталған персоналды басқару қағидалары мен әдістерінің жиынтығы.
Персоналды басқару жүйесі- персоналды басқару мақсаттарын, қызметтерін, ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыруға, басқарушылық шешімдерді негіздеуге , өңдеуге, қабылдауға және жүзеге асыруға бағытталған.
Персоналды басқару технологиясы- персоналды жалдау, іріктеу, қабылдау, кәсіптік бейімдеу, оқыту, оның іскерлік мансабын басқару, мотивациялау және еңбекті ұйымдастыру, келіспеушіліктер мен түсініспеушіліктерді басқару, персоналды жұмыстан босатуға және т.б бағытталған.
Ұйымда адамдарға ықпал ететін үш негізгі факторларды белгілеуге болады.
Бірінші- ұйымның иерархиялық «сатылық» құрылымы. Ықпал етудің негізгі тәсілі- адамға жоғарыдан күштеу арқылы қысым жасау, материалдық игіліктерді бөлуді қадағалау.
Екіншісі- мәдениет. Жеке тұлғаның іс- әрекетін реттеу үшін қоғаммен, ұйыммен, адам топтарымен біріккен құндылықтарды, әлеуметтік нормаларды, тәртіпті орнатуды қалыптастыру қажет.
Үшінші– нарық. Қызмет көрсетуге, өнімді сатып алу мен сатуға және сатушы мен сатып алушының мүдделерін теңестіруге негізделген қарым- қатынастың тең құқылы байланысы.
Нарықтық жағдайға көшу кезеңінде иерархиялық басқарудан нарықтық қарым- қатынасқа өту баяу жүреді. Басымдылықты құндылыққа ауыстыру үшін жаңа тәсілдерді қарастыру қажет. Ұйым ішінде ең бастысы- жұмыскерлер, ал сыртында өнімді тұтынушылар болып табылады. Алдымен жұмыскерлердің түсінігін тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуге, мүмкіндігінше қаржыны оңтайлы пайдалану арқылы пайда табуға бұру қажет. Мәдениет пен нарық иерархияның орнын басады.
Қазіргі уақытта кадр бөлімі, еңбекті ұйымдастыру және еңбек ақысын есептеу бөлімі , еңбекті қорғау бөлімдерінің негізінде басқару қызметтері құрылуда. Осы қызметтің міндеттеріне ұйымдағы еңбек ресурстарының іс- әрекеттерін реттеу және кадрлық саясатты жүзеге асыру жатады. Осыған байланысты атқарылатын қызметтердің ауқымы да кеңейеді, яғни олар кадрлық жұмыстармен қатар еңбек қызметін ынталандыру жүйесін құру, кәсіби жоғарылауды басқару, шиеленістерді болдырмау және т.б айналысады.
Кадрлық қызметтің құрылымы ұйымның ерекшелігіне, көлеміне, өндірілетін өнімнің түріне байланысты жасалады.
Ұйым персоналын басқару жүйесі- персоналды басқару қызметтерін жүзеге асыратын жүйе. Ол сызықтық басқаур шағын жүйесінен және біркелкі қызметтерді орындауға негізделген шағын жүйелерден тұрады.
Сызықтық басқарудың шағын жүйесі- бүкіл ұйымды, өндірістік және жеке қызметтік бөлімшелерді басқарады. Сызықтық басқарудың қызметін ұйым басшысы, оның орынбасарлары және бөлімше басшылары орындайды.
Персоналды жоспарлау және персонал маркетингнің шағын жүйесінің атқаратын қызметтері: кадрлық саясат пен персоналды басқару стратегиясын құру, кадрлық потенциалын талдау, еңбек нарығын талдау, кадрлық жоспарлауды ұйымдастыру, персонал қажеттілігін болжау, жарнама жасау және кадрлармен қамтамасыз етілетін сыртқы ұйымдармен байланысты үзбеу.
Персоналды жалдау және есепке алуды басқарудың шағын жүйесінің атқаратын қызметтері : персоналмен әігімелесуді ұйымдастыру, персоналды жалдауды, бағалауды, іріктеуді және қабылдауды ұйымдастыру, сатылық жоғарылауды, мадақтауды және жұмыстан босатуды есепке алу, персоналды тиімді пайдалануды ұйымдастыру және персоналды басқару жүйесін құжаттармен қамтамасыз ету.
Еңбек қатынастарын басқарудың шағын жүйесінің атқаратын қызметтері: жеке және топтық қарым- қатынастарды талдау және реттеу, басшылардың қарым- қатынастарын талдау және реттеу, өндірістік шиеленістерді басқару, қарым- қатынастардың этикалық нормаларын сақтау және кәсіподақпен жұмыс істеуді басқару.
Еңбек жағдайын қамтамасыз етудің шағын жүйесінің атқаратын қызметері: еңбектің психофизикалық, эргономикалық (еңбек процестерін зерттейтін ғылым саласы), техникалық және эстетикалық талаптарын сақтау, сонымен қатар қоршаған ортаны және еңбекті қорғау.
Персоналды дамытуды басқарудың шағын жүйесінің атқаратын қызметтері: персоналды оқыту, қайта даярлау және оның біліктілігін көтеру, жаңа жұмысшыларды бейімдеу, бос лауазымдық орындарға үміткерлерді таңдау және оларды бағалау, өнерпаздылық пен өнертапқыштық қызметін ұйымдастыру, іскерлік мансапты басқару және кадрлық резервпен жұмыс істеуді ұйымдастыру.
Персонал еңбегін мотивациялауды басқарудың шағын жүйесінің атқаратын қызметтері: персонал еңбегін мотивациялауды басқару, еңбек процесін нормалау және тарифтеу, еңбек ақы жүйесін құру, персоналды моральді мадақтау формаларын құру және персоналды басқару жүйесін нормативті- әдістемеліктермен қамтамасыз етуді ұйымдастыру.
Әлеуметтік дамуды басқарудың шағын жүйесінің атқаратын қызметтері: қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру, жатақханамен, реті келсе тұрғын үймен қамтамасыз ету, мәдениет пен дене шынықтыруды дамыту, демалу мен денсаулықты сақтауды қамтамасыз ету және әлеуметтік сақтандыруды ұйымдастыру.
Басқаруды ұйымдастыру құрылымын дамытудың шағын жүйесінің атқаратын қызметтері: қалыптасқан басқарудың ұйымдастырушылық құрылымының жаңа жобасын жасау, штаттық кестені құру және басқарудың жаңа ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыру.
Персоналды басқару жүйесін құқықтық жағдаймен қамтамасыз етудің шағын жүйесінің атқаратын қызметтері: еңбек қатынастарының құқықтық мәселелерін шешу, персоналды басқару бойынша қаулы және басқа құжаттарды сәйкестендіру, шаруашылық қызмет бойынша құқықтық мәселелерді шешу және заң жүзінде пайда болған мәселелер бойынша кеңес беру.
Персоналды басқару жүйесін ақпараттық мәліметтермен қамтамасыз етудің шағын жүйесі келесідей қызметтерді орындайды: персоналдың санағын және есебін жүргізу, персоналды басқару жүйесін ақпараттық және техникалық қажеттіліктермен қамтамасыз ету және персоналды ғылыми- техникалық ақпараттармен қамтамасыз ету.
Ұйымның көлеміне қарай бөлімшелердің құрылымы әр түрлі болады, яғни кіші ұйымдарда бір бөлімше бірнеше шағын жүйелердің қызметін, ал ірі ұйымдарда әр бөлімше бір шағын жүйенің қызметін атқарады.
Персоналды басқару жүйесінің негізгі мақсаты- ұйымды кадрлармен қамтамасыз ету, оларды тиімді пайдалану, оларды кәсіби және әлеуметтік деңгейде дамыту.