
- •Курстық жұмыстың тақырыбы «Лексиканы аудару ерекшеліктері»
- •І бөлім. Лексиканы аудару ерекшеліктері
- •1.1. Аударма кезіндегі лексикалық трансформациялар
- •1.2. Лексикалық аударма түрлері Лексикалық трансформациялардың екі түрі бар: формалды және мазмұнды.
- •II бөлім. Эквивалентсіз лексиканы аудару ерекшеліктері
- •2.1. Эквивалентсіз лексиканы аударудағы қиындықтар
- •2.2. Эквивалентсіз лексиканың аударылу жолдары
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- •Лексикалық трансформациялардың
1.2. Лексикалық аударма түрлері Лексикалық трансформациялардың екі түрі бар: формалды және мазмұнды.
Формалды лексикалық трансформация кезінде түпнұсканың лексикалық бірлігінің мағынасы өзгермейді.
Транскрипция – түпнұсқаның лексикалық бірлігін аударма тілінің әріптерін пайдалану арқылы оның дыбыстық тұлғасын өзгерту жолымен аудару тәсілі.
Транслитерация– түпнұсқаның лексикалық бірлігін аударма тілінің әріптерін пайдалану арқылы оның графикалық формасын сақтау жолымен аудару.
Калькилендіру – түпнұсқаның лексикалық бірлігін оның морфемалық бөліктерін немесе сөздерін (тұрақты тіркестер болғанда) аударма тіліндегі лексикалық сәйкестікпен ауыстыру арқылы жүзеге асырылатын аударма тәсілі.
Калькилендірудің, тілші-ғалым Қалиев Ғ. көрсеткендей, бірнеше түрі бар:
- сөз жасамдық калькилендіру – шет тіл сөздерін морфемалық құрамы бойынша аудару,
- семантикалық калькилендіру – сөздің ауыс мағынасын аудару,
- жартылай калькилендіру – сөзді жарым-жартылай аудару.
Мазмұнды лексикалық трансформациялар кезінде түпнұсканың лексикалық бірлігінің мағынасы өзгереді:
- ұғымды нақтылау,
- ұғымды жалпылау
- модуляция.
Ұғымды нақтылау– біршама кең (тектік) мағынаға ие бастапқы тіл бірлігінің аударма тілінде тар (түрлік) мағыналы сөзімен алмастырылуы арқылы іске асатын лексикалық-грамматикалық трансформация (аударма тәсілі).
Нақтылау тәсілі аударма тілінде кейде тектік ұғым болмаған жағдайында қажет болады. Аударма ісінде мұндай ұғымдардың мәнін анықтап, нақтылауға тура келеді.
Аудару кезінде ұғымды нақтылау кейде қиынға түседі (контексте қандай түрлік ұғымы (жеке, нақты сөз) жайлы болып жатқаны түсініксіз жағдайда).
Ұғымды жалпылау (генерализация) – бастапқы тілдің біршама тар мағыналы бірлігі аударма тілінің біршама кең мағыналы бірлігімен алмастырылатын лексикалық-грамматикалық трансформация (аударма тәсілі).
Генерализация тәсілі аудармашыға қиын жағдайдан шығуға көмектеседі. Мысалы, аудармашы екінші тілдегі түрлік (нақтылы) ұғымды білдіретін сөзді білмесе немесе уақыты шектелген ауызша, ілеспе (синхронды) аударма кезінде не түпнұсқа қатаң талаптарға жауап бере алатын терминологиялық мәтіндерге жатпаса, ұғымды жалпылау тәсілін пайдалануға әбден болады.
Ұғымдардың логикалық дамуы (модуляция) – бір-бірімен себеп пен салдар, бөлшек пен бүтін, құрал мен өндіруші ретінде ажырамас байланыста болатын бір ұғымды басқа бір ұғыммен алмастыруға бағытталған аударма тәсілі.
Грамматикалық трансформация кезінде түпнұска бірлігінің грамматикалық мағынасы өзгеріледі:
- сөйлемдерді біріктіру,
- сөйлемдерді бөлу,
- грамматикалық алмастырулар.
Сөйлемдерді біріктіру – түпнұсқадағы екі не одан да көп жай сөйлемнен тұратын синтаксистік құрылымды біріктіру жолымен құрмалас сөйлемге айналдыру негізінде жасалатын синтаксистік трансформация, аударма тәсілі.
Сөйлемдерді бөлу -түпнұсқадағы құрмалас сөйлемді екі не одан да көп жай сөйлемге айналдыру негізінде жасалатын синтаксистік трансформация, аударма тәсілі.
Грамматикалық алмастырулар – түпнұсқадағы грамматикалық бірліктің аударма тілінде басқа грамматикалық мағынаға ие тіл бірлігімен алмастырылатын грамматикалық трансформация.
Лексикалық-грамматикалық трансформациялар кезінде түпнұсканың синтаксистік құрылымы да, лексикасы да өзгертіледі:
- антонимдік аударма,
- сипаттама аударма,
- компенсация,
- компрессия.
Антонимдік аударма – түпнұсқада берілген ұғымның адекватты (дұрыс) баламасын беру үшін, оның сол ұғымға қарама-қарсы сөзбен алмастырылуы арқылы жүзеге асырылатын лексикалық-грамматикалық трансформация (аударма тәсілі). Сонымен бірге мұндай аударма барысында түпнұсқадағы болымды мағынаға ие сөз аударма мәтінінде оған қарама-қарсы мағыналы сөзбен аударылады және керісінше де солай болады.
Сипаттама аударма (экспликация) – белгілі бір ұғымды басқа тілдің құралдарымен сипаттаудан (оның мағынасын экспликациялаудан) тұратын аударма тәсілі. Бұл тәсіл аударма тілінде сәйкес атаудың болмаған жағдайында немесе аудармашының оны білмеген жағдайында пайдаланылады.
Сипаттама аударма – аудармашыға ең қиын жағдайларда көмек көрсететін әмбебап тәсіл. Ол әлеуметтік, географиялық не ұлттық ерекшеліктерге байланысты аударма тілінде сай ұғымды белгілейтін сөз жоқ болғанда өте тиімді. Сипаттама аударма таныс емес реалий сөздерді (баламасыз лексиканы) оқырман мен тыңдаушыға түсіндіріп жеткізеді. Бұл тәсіл транслитерация немесе транскрипция арқылы жиі қолданылады. Бұл аудармашы үшін өте қиын, ал оқырман не тыңдаушы үшін өте жеңіл тәсіл. Сипаттау – сызықша, жақша, сілтеме, кітап соңындағы ескертпелер арқылы беріледі.
Тікелей контекстегі реалий сөздерді түсіндіру – көркем аударманың ерекшелігі.
Компенсация (өтем) – бастапқы тіл бірлігінің семантикалық немесе стилистикалық жағынан шарасыз кемуінің аударма кезінде екінші тілдің құралдары арқылы толықтырылуы болып табылатын аударма тәсілі. Өтемнің түпнұсқадағы орнына қойылуы міндетті емес.
Компрессия (мәтінді ықшамдау) –біршама жинақы пішінге келтіру үшін, бастапқы мәтінді өзгерту арқылы жүзеге асырылатын аударма тәсілі. Контекспен немесе тілден тыс жағдаятпен анықтала алатын сөйлемнің артық элементтерін түсіру, сондай-ақ біршама жинақы құрылымдарды қолдану арқылы жүзеге асады2.