Шымкент қаласы
химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
Қазіргі әлемдегі Қазақстан
Курстық жұмыс
Бөлім: Қазіргі әлемдегі Қазақстан
Бөлімше: Қазақстанның әлеуметтік жағдайы
Тақырыбы: Шетел азаматтарының қазақ балаларын асырап алуынан қандай мәселелер туындап отыр?
Орындаған: Әбілдәбек Арайлым Бекенқызы
Жетекші: Ибраева Алтынай Мақатқызы
Тапсыру күні
Шымкент 2015
Бағыты: Қазігі әлемдегі Қазақстан
Тақырыпша: Қазақстанның әлеуметтік жағдайы
“Шетелдіктердің қазақ балаларын асырап алуынан қандай мәселелер туындап отыр?”
2662 сөз
Кіріспе
Қазіргі таңда, түрлі себептерге байланысты әкесінен я болмаса анасынан айырылып, немесе ол екеуінен де тірідей не өлідей айырылып, жетім болып қалған панасыз балалардың саны күн санап артып келе жатқандығын күнделікті ақпарат көздерінен байқауға болады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің 2014 жылы берген ресми мәліметі бойынша, елімізде 33 680 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тіркелген. Жетімдер үйіндегі балалар санының артуы салдарынан қаншама қазақтың қаракөздері шет ел асып, жаттың қолында тәрбиеленуде. Қаншама қарадомалақтар өзінің тілі мен дінін ұмытып, жатбауыр тартып барады. Мұның бәріне кім кінәлі? Қоғам ба, әлде қоғамды қолымен жасап отырған адамдар ма?
Eл бacына күн туғaн aлмaғaйып зaмaндa қaзaқ дaлacындa жeтiмдepдің саны көп болмапты. Сонау зұлмат соғыс жылдарында да баласын тастап кеткен ана туралы естігендер санаулы. Тіпті, бір уыс бидайға зар болған аштық кезінде де құндақтаулы немесе жетектеген сәбиінің амандығын ойлаған шарасыз ананың мейіріміне жететін ештеңе жоқ.
Ал, бүгінгі күні бейбіт заманда өмір сүрсек те, елімізде жетім балалардың саны азаймай отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде тастанды және жетім балаларды тәрбиелейтін мекемелер күн санап артуда. Соңғы 4-5 жыл ішінде Қазақстанан бала асырап алу мақсатында шетелдіктер де елімізге келгіштеп кетті. Шетелге бала беру көрсеткіші жағынан әлем бойынша үшінші орында тұрған да Қазақстан екен. Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше 8806 баланы шетелдік азаматтар асырап алған. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі күнге дейін қазақстандық балалардың 6 мың 609-і АҚШ азаматтарының үлесіне тиіп отырса, қалған бөлігі Еуропаның алпауыт елдерінде тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде, Испанияда - 736, Бельгияда - 163, Ұлыбританияда - 153, Ирландияда - 136, Германияда - 103, Францияда - 123 қазақстандық бала бар. Қазақ балалары тіпті Оңтүстік Африка Республикасына, Австралия, Мальтаға да өткен. Олардың көпшілігінің бүгінгі тағдыры не болып жатқаны белгісіз.
Сол себепті, балалар үйіндегі балдырғандардың шекара асып кетуі, шетелдік ата-ананың қамқорлығына өтуі – елімізде көптен бері дау тудырып келе жатқан мәселе. «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының әр хабары әрбір көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматының көкейінде алуан түрлі сұрақ туғызады. «Біз экраннан көрген бағдарламалар қаншалықты шынайы? «Шетелдік ата-аналар қазақ баласына өтірік еміреніп тұрған жоқ па?!» деген сауалдар менің де жобалық жұмысымның негізгі түрткісі болып табылады.
Шетелдік ата-аналар асырап алған қазақ балаларының бүгінгі ахуалін толығырақ зерттеп, әлеуметтік жетімдік проблемасына сарапшылардың көзқарасы туралы ақпараттарды жинақтап, саяси және әлеуметтік тұрғыдан бағалау бағытында шетелдіктердің қазақ балаларын асырап алуынан туындап отырған мәселелерді анықтау курстық жұмыстың негізгі мақсаты болып табылады.
Сонымен қатар, курстық жұмыс барысында төмендегі зерттеу сұрақтары қарастырылады:
Шетелдіктердің қазақ балаларын асырап алудағы негізгі себептері қандай?
Шетелдіктердің қазақ балаларын асырап алуынан қандай мәселелер туындап отыр?
шетелдегі қазақ балаларының мәселелеріне қатысты қарапайым халық не дейді?
Шетелдегі қазақ балаларының бүгінгі жағдайы
Қазақ деген халық - халық болып қалыптасқаннан бастап жетімін жылатпаған, жесірін тастамаған болатын. Ал қазіргі ахуал қалай деген сұраққа жауап берер болсақ, жағдай мүлдем басқа. Жетімді жылатпағаннан басқасын қоя тұрып, қазақ бүлдіршіндеріміздің мұхит асып кетуіне көз жұма қарап отырмыз. Шетел асқан қаракөздеріміздің көп бөлігі Америкаға тиесілі болса, қалғаны Белгия, Ирландия, Франция сияқты алпауыт елдерде шетелдік азаматтарға бала болып, сол елдің толыққанды азаматына айналуда. Бұл балаларды өз елі туған халқы бауырына баспағанда, өзге елдің ұлты бауырына басады дегенге кім кепіл береді?
Осы тұрғыдан, көрермендерге көгілдір экран арқылы жол тартқан «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы көкейіміздегі осындай сан сауалдың жауабын іздеді. Жобаны жүргізген және идея авторы – журналист Жанар Байсемізова екі ай Еуропа елінде қазақстандық балалардың тағдырына куә болып, аталған бағдарлама арқылы тағдыр тәлкегіне түскен талай жетімдеріміздің жай-күйімен бүкіл қазақстандықтарды таныстырды.
“Шетелдегі қазақ балалары” жобасының идея авторы Жанар Байсемізова өз зерттеуі барысында шетел азаматтарының қазақ балаларын асырап алуының бірнеше себептерін анықтады. Атап айтқанда:
Қазақстаннан бала асырап алудың еш қиындық тудырмауы;
көшпелі тұрмыс кешкен халықтардың интеллектуальдік деңгейінің жоғары болуы;
қазақ халқының қаны таза, гені мықты болуы;
балалар үйіндегі қазақ ұлты өкілдерінің бойында алкогольдің болмауы, денсаулықтары мықты, шымыр болып өсуі;
1994 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияға мүше болды. Алайда шетелге сатылған 8806 балаға конвенция қорған бола алмайы. Өйткені АҚШ-қа ол Конвенция жүрмейді. АҚШ-тың Сыртқы істер министрлігі конвенцияға қол қойғанмен, АҚШ Сенаты ратификациялау туралы заңды қабылдамаған. Тағы да басқа ірі-ірі мемлекеттер бұл құжатты мойындамай отыр. Сол себептен, Қазақстан бүгінге дейін кеткен балаларының өміріне араласа алмайды. Осының салдарынан жат елге сатылған жетімдерімізге байланысты көптеген көкейкесті мәселелер де туындауда.
Шетелдіктердің қазақ балаларынан туындап отырған бірнеше өзекті мәселелер
Саяси
Асырауға берілген балалар санының нақты болмауы. Шетелдердегі қазақ елшілігі мен Білім және ғылым министрлігінің берген мәліметтерінде қазақстандық балалардың саны әртүрлі көрсетілген. Бұл мәселеге жауапты мекемелер әртүрлі жауап айтып ақталады. Балалардың құқығын қорғау комитетінің жауабы – сол кезде қадағалау әлсіз, заң осал болды дегенге саяды. Бірақ қазірдің өзінде толыққанды бақылау жоқ, балалардың қалай тұрып жатқанын, олардың шетелдік ата-аналарынан қандай тәрбие бойына сіңіріп жатқандығы туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі де хабарсыз. Қазақстанның шетелдегі консулдары: «Барлық баланы бірдей бақылай алмаймыз, оларды түгел аралап шығатын болсақ, негізгі жұмысымыз жайына қалады, уақытымыз да жетпейді», – дейді. Бұған келісуге болады, өйткені бір ғана Бельгияның өзінде қазақстандық балғындардың барлығы бір жерге шоғырланбаған, елдің әр түкпіріне шашырап кеткен. Сонымен қатар, АҚШ-тағы заңгер, Қазақстан мен Америка арасындағы бала асырап алу істері жөніндегі сарапшы Айнұр Көкетаеваның айтуынша, кейбір агенттіктер аккредитациялаудан өтпей қалған, яғни, кезінде осы мекемелер арқылы асырап алынған балаларға қатысты ақпаратты біз енді олардан ала алмаймыз. Осы мәселелер әлі күнге шешімін таппай отыр.
Асырауға берілген балалардың қауіпсіздігінің қатаң бақыланбауы. «Неке және отбасы» туралы Заңға өзгертулер енгізіп, ол Заңның бала асырап алу туралы пункттерінде қатаң талап енгізгенімізбен, шетелдік азаматтардың асырауындағы балаларымыздың қауіпсіздігіне 100 пайыз кепілдік бере алмаймыз. Бұл мәселеге нақты мысал ретінде бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Қазақстаннан 2004 жылы бала асырап алған АҚШ-тағы бір отбасының азғын әрекетін айтуға болады. Америкалық өгей ата-ана Джозеф пен Линда Мэйоттар Солтүстік Қазақстан облысынан әкеткен екі жетім баланы ұзақ уақыт бойы сексуалдық қорлықта ұстаған. Осыншама жылдар ішінде педофиль Мэйоттар отбасының айуандық азғындауына ұшыраған екі жасөспірімнің тағдыры ешкімді қызықтырмапты. Не Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің консулдық қызметін де, не Білім және ғылым министрлігін де. Ешкімнен қайран болмаған соң, Петропавл қаласындағы балалар үйiнiң бұрынғы тәрбиеленушiлерi 2009 жылы АҚШ полициясына өздерiн асырап алған ата-аналары зорлағанын айтып, арызданып барғанымен ол кезде ерлi-зайыптылардың кiнәлары дәлелденбепті. Арада 4 жыл өткеннен кейін осы оқиға қайта қайталанып, бұл жолы Мэйоттардың қылмыстық әрекеті әшкереленді. Бүкіл әлем көз тіккен сот процесі аяқталып, 50 жастағы Джозеф Мэйоттың асыранды қызын 8 жасынан бастап зорлағаны 11 эпизод бойынша дәлелденіп, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Ал оның әйелі Линда 13 жастағы жасөспірімді зорлады деген айыппен 22 жылға темір торға тоғытылды. Алайда, Петропавлдан асыранып алынған 21 жасар ұл мен 17 жасар қыздың ендігі болашағы қандай болары белгісіз. Бұл - бір ғана тергеліп, дәлелденген оқиға. Мұндай деректерді қазбаласақ, зерттесек, бақылауды күшейтсек, көптеп келтіруге болар еді. Бір өкінетіні, бізде сол шетелге кеткен балалардың тағдырына мемлекеттік тұрғыдан алаңдаушылық, оны зерттеу, қадағалау тұсы әлсіз. 1999 жылдары шетелдік бала асырап алушылар баланы тікелей асырап алатын еді. Қазір бала асырап алу мәселелеріне тек заңды тұлғалар – агенттіктер, республика аумағындағы өздерінің филиалдары мен өкілдіктері арқылы жіберіледі. Десек те, сол агенттіктердің, өкілдіктердің бақылауды келістіре алып отырғандығына, шынымен де, заң жүзінде жұмыс істейтініне ешкім 100 пайыз сенімді емес.
