Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қ.Ә.О.Ә. жинақ.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
400.52 Кб
Скачать

1. Әдебиетті оқыту әдістемесі пәні

1 – лекция. Тақырыбы: Әдебиетті оқыту әдістемесі

Жоспары:

1. Әдістеме туралы түсінік

2. Әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылыми пән екені.

3. Әдебиетті оқыту әдістемесінің басқа ғылым салаларымен байланысы.

Лекция мақсаты: Әдістеме туралы түсінік беру. Әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылыми пән екендігін студенттерге түсіндіру. Әдебиетті оқыту әдістемесінің басқа ғылым салаларымен байланысы жөнінде жан-жақты мәліметтер беру.

Лекция мәтіні:

1. Методика - әдістеме (грекше метод – зерттеу жолы). Метод – әдіс жеткізу жүйесі. Әдебиет әдістемесі – қазақ әдебиетінің оқыту заңдылықтарын зерттейтін педагогикалық ғылым. Әдістеме әдістерден тұрады. Әдіс – «танымның одан әрі дами түсуіне қызмет ететін, танылған заңдылықтардың негізінде жасалған ережелер». Әдіс мақсатқа жетудің белгілі бір жүйеге түскен жолы. Әдіс – зерттеліп отырған нысанаға сай келетін таным құралы. Әдіс – әдебиетті талдау мен бағалау ісінде жинақталған ілімдер мен тәжірибелерге, қағидаларға, амалдарға, тәсілдерге негізделеді. Әдіссіз танып-білу мүмкін емес.

Тәсіл – оқушыларға тірек сигналдары арқылы жеткізу жүйесі. Олар: образды сөз өрнегі, көркем бейнелі сурет, графикалық көрнекіліктер.

Қазақ әдебиеті әдістемесі – жан-жақты дамыған, жетілген, теориялық, тәжірибелік негізі қалыптасқан. Оның зерттейтін нысанысы (обьектісі), мақсаты, зерттеу әдістері жүйеленген. Әдебиет әдістемесінің нысанасы – оқыту мәселесі. Әдебиеттегі көркем шығармаларды оқып үйрену негізінде оқушыларға әдеби білім мен халықтық даналық тәрбие беру жөніндегі туатын заңдылықтарды қарастырады. Бұл міндетті жүзеге асыруда педагогика ғылымының, оның теориясының жалпы қағидаларына, ережелеріне сүйенеді.

2. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі әдебиеттану ғылымымен, тіл білімімен, тарих ғылымымен, психологиямен, педагогиканың теориясымен, таным теориясымен, эстетикамен тығыз байланысты.

Мектепте өтілетін оқу пәндерінің ішінде қазақ әдебиеті тіл біліміне тікелей байланысты. Қазақ әдебиеті әдістерінің зерттейтіні – көркем әдебиет. Көркем әдебиет – сөз өнерінің туындысы, алтын қазынасы.

«Әдебиет сөзбен жасалады». Сөзді жасайтын халық.

Әдебиеттану ғылымынсыз әдебиетші мұғалімдер әдебиетті ғылымның әрі өнердің бір саласы ретінде оқыту мүмкін емес. Бұл пәнді оқытудың күрделілігі де қызықтығы да осында. Әдебиетші мұғалім ең алдымен көркемсөз табиғатын ашатын заңдылықтарды білуі керек, көркем туындыны талдаудың ғылыми әдістемелерін жетік меңгеруі қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында бірлескен еңбек, бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс.

Әдебиет ғылымының үнемі дамуының арқасында әдебиет әдістері жүйеленіп, молайып, қорланып, байып отырады. Мектепте оқылатын әдебиет пәні, қазақ әдебиеті әдебиет тану ғылымына енген теориялар мен әдістер арқылы дамиды. Қазақ әдебиетін оқыту – ғылым ретінде дамуын мына бағытта зерттейді:

– ғылыми-әдеби эксперимент;

– жаңартылған сабақтың түрлері;

– шығармашылықпен оқыту жүйесі;

– дидактикалық ұстанымдар.

3. Мектепте әдебиет сабағы оқытудың білім берудің жүйелі, жалғаспалы, бірізділік принциптерін басшылыққа ала отырып, жүргізілуі керек.

Ол төмендегідей кезеңдерден тұрады:

1 – кезең: 1-4 сыныптар

2 – кезең: 5-8 сыныптар

3 – кезең: 9-11 сыныптар

1 – кезеңнің негізгі мақсаты – оқуға, жаза білуге, мазмұндауға үйрету, көркем туындыға деген оқушы ынтасын қалыптастыру.

2 – кезеңде көркем сөздің көркем шығармадағы ролі, маңызын танып-білу жұмыстары жүргізіледі. Оқу бағдарламасында талдауға ұсынылатын шығармалар жанрлық жағынан қамтылады. Көркем туынды туралы өз пікірлерін, ойларын айта білуге дағдыландыру.

3 – кезеңге әдебиетті оқыту ауыз әдебиетін байытып, әдебиет тарихымен жалғастырылады. Оқушы өз беттерімен көркем туындыны оқытуға, талдауға баулу, әдебиет тарихы, сыны, әдебиеттік ғылымнан білім беру, ақын-жазушы стилі, тілі, әдеби әдістер туралы үйрету.

Бақылау сұрақтары:

1. Әдістеме туралы түсінік

2. Әдебиетті оқыту әдістемесінің ғылыми пән екені.

3. Әдебиетті оқыту әдістемесінің басқа ғылым салаларымен байланысы.

4. Әдістеменің зерттеу объектісі

5. Әдебиет әдістемесінің нысаны

2-дәріс. Қазақ әдебиетінің басқа ғылымдармен байланысы.

Сабақ жоспары:

1) Пәнаралық байланыс оқыту үдерісіндегі өзекті мәселе

2) Әдебиет пәнінің басқа ғылымдармен байланысы

3)Психология, педагогика ғылымдарымен байланысы

4) Әдістеменің эстетика, тіл білімі, тарих, әдебиеттану ғылымдарымен байланысы.

Сабақтың мақсаты: қазақ әдебиетінің басқа ғылымдармен байланысы жөнінде түсінік беру.

Еліміздің егемендік алуымен байланысты әлеуметтік–экономикалық салаларымыздың барлық жақтарында жаппай өзгерістер, жаңа бастамалар, серпінді қадамдар жасалып жатыр. Білімнің мазмұны ғылымдардың өзара байланысы, өндіріс пен қоғамдық дамудың жаңару барысына тікелей ықпал жасайды. Осы орайда мектептің оқу-тәрбие үдерісінің пәнаралық байланыс негізінде ұйымдастырылуы, ғылымдар жүйесінің бір арнаға тоғысуы, адамның интеллектуалдық өрісін байытумен бірге , бүкіл адамзаттық құндылықтар көзінің де бірлігін, жалпы ақиқат дүниенің біртұтас жүйе екендігі туралы ғылыми көзқарастың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Мектептерде әр сыныпта сабақты түрлі пәндермен байланысты оқытудың жаңа технологиялар арқылы ұйымдастыру баланың ойлау белсенділігін арттырады, оқушыларды құбылыс мәніне терең үңілуге, мүмкіндіктерін нақты жағдайда қолдануға үйретеді. Пәнаралық байланыстарды ұйымдастыру оқушылардың шығармашыық қабілеттерінің оянуына да септігін тигізеді.

Жалпы өскелең ұрпақты жетілдіруде мектептің білім мазмұнын одан әрі жаңарту, жоғары деңгейге көтеру үнемі ғылымдар жүйесінің бір –бірімен тығыз байланыста болуы пәнаралық байланыстың негізінде қарастырылуы керек.

Пәнаралық байланысты жан–жақты педагогикалық–психологиялық, әдістемелік жағынан зерттеуге бұрынғыдан да зор маңыз беріліп отыр.

Бұл мәселемен көптеген ғалымдар: М.А.Данилов, В.В.Давыдов, Р.Г.Лемберг, В.Н. Малахов, Я.А. Коменский, Н.Г. Чернышевский шұғылданып келді. Олар пәнаралық мәнін, құрылымын әдіснамалық деңгейде қалыптастырған. Пәнаралық байланысты жан-жақты қарастырғандар: Н.В.Малахов, И.А.Лошкарева, И.Д.Зверев, М.Р. Львов, Н.Я.Велинкиндер болды.

Республикамызда пәнарлық байланысты зерттеп, өзіндік пікір айтып жүрген ғалымдарымыз баршылық, мәселен: Қ.Мұханов, С.Мұсабаев, А.А.Бейсенбаева, Р.Абасова тағы басқалар болды.

Көптеген педагогтар мен психологтардың пікірлеріне қарағанда, оқушылардың түрлі пәндердегі білімдер мен біліктерді, бейімділіктердің жеке элементтері арасындағы байланыстарды байқап және қабылдауы олардың білімдерін бір жүйеге келтіреді, ақыл-ойына серпіліс тудырады, таным қызметіне шығармашылық сипат береді.

Пәнаралық байланыстың философиялық негізінде дүниедегі барлық заттардың , құбылыстардың бірімен –бірінің өзара байланыстылығы туралы тұжырымдалған дүние туралы білімдер де бірімен –бірі байланыста болады.

Негізінен оқу пәндері әр ғылымның логикасына сүйенетіндіктен, олар бір –бірінен өз алдына оңашаланып бөлектенбейді. Сондықтан ғылымның міндеті өзара байланыстылықты танып білу.

Пәнаралық байланыс кезінде материалдардың өзара байланысын, бір- біріне тигізетін ықпалын, ортақ, негізгі тенденцияларын, әлеуметтік, экономикалық, рухани ортақ белгілерін бір –бірімен сабақтастыру, ортақ белгілерін бір –бірімен салыстыру, ортақ заңдарын ашуды көздеуі тиіс. Оқушылардың білімдері сайып келгенде, әрбір жеке тұлғаның көзқарасына, сеніміне, өмірлік құндылық бағдарына, мінез –құлқының қағидасына айналуы керек.

Пәнаралық байланыстарды тәрбиелеу функциясы оқушыларды диалектикалық–материалистік дүниетанымды, дұрыс дүниеге көзқарасты қалыптастыруды көздейді. Осыған сәйкес мектеп оқушыларына білім және тәрбие берудің, дүниетанымын қалыптастырудың аса маңызды құрылымының бірі- пәнаралық байланыс болғандықтан, пәнаралық байланыстың негізгі міндеттеріне тоқталсақ.

1) Оқушылардың оқыту үдерісіндегі пәнаралық байланысты түсінуін, саналы қабылдауын, танымдық белсенділігін қалыптастыру жұмыстарын ұйымдастыру.

2) Оқу пәндерінің оқушыларға білім мен тәрбие беру , пәнаралық байланысты орнату мүмкігндіктерін айқындау мақсатында білім беретін орта мектептің оқу жоспары мен бағдарламаларына талдау жасау. Барлық мұғалімдердің пәнаралық байланысты практикалық қызметінде пайдалану.

3) Мектептен тыс және сыныптан тыс жұмыстардың пәнаралық байланыста жүргізілуі.

4) Пәнаралық байланыс оқу пәндерінің арасындағы өзара байланыстың дамуына және танымдық іс-әрекеттің белсенді, ауқымды болуына жол ашады.

5) Пәнаралық байланыс мектеп мұғалімінің жүргізетін педагогикалық әрекетін ғылыми негізде ұтымды ұйымдастыруына себепкер болады.

Қазіргі мектептердің жалпы білім беру мазмұны, оның ішіндегі оқу жоспарлары пәнаралық байланыс негізінде жетілдіріп келеді. Осыған орай , ғалым зерттеушілердің, шығармашылық еңбек етушімұғалімдердің ізденістері жүйеленген, қорытындыланған жаңа пәндердің оқу –тәрбие үрдісінде қажет екендігін дәлелдеп отыр.

Пәнаралық іскерлік оқушының бір пәннен меңгерген білім іскерлік дағдыларын, екінші жақын пәндерді меңгеруді пайдалана білу қабілетінен көрінеді.

Пәнаралық байланыстың ең негізгі дидактикалық міндеті- ол оқыту үдерісінің білім беру, тәрбие беру, дамытушылық сипатының арасындағы байланысты құру болып есептеледі.

Білім оқушының табиғи және әлеуметтік жаңа ортаға икемделуін, әр алуан әрекет түрлерін меңгеруін, айналадағы дүниемен жекебас тұлғалық қарым –қатынасын, этикалық, адамгершілік нормаларды бойына дарытуын және белгілі бір қажетті деңгейде болуын қамтамасыз ететін құрылымдық жағынан өзара тығыз байланысты мынандай компоненттерден тұрады.

1) Дүниенің біртұтас ғылыми бейнесі туралы білім.

2) Дүниені логикалық –танымдық және ғылыми тұрғыда зерделеп білудің әдіс –тәсілдері туралы білім.

3) Оқушыда қалыптасуы тиіс әрекет түрлері туралы білім.

Пәнаралық байланыстың қай түрін, қалай жүзеге асырудың жолдары алуан түрлі және оны талдау, көп жағдайда, мұғалімнің шығармашылық шеберлігіне ізденісіне де байланысты.

Пәнаралық байланыс білім, білік және дағдының тұтас жүйесінің дұрыс қалыптасуына жағдай жасайды, әрі оқушылардың әр түрлі пәндерден алған білімін орынды қолдана білуіне көмектеседі. Сауат ашу мен тіл дамыту, айналамен таныстыру пәндері о бастан –ақ бір–бірімен пәнаралық байланыста жүргізіледі.

Оқу бағдарламаларында жеке пәндердің оқу материалы басқа кейбір пәндердің тақырыптарымен өте тығыз байланыста болып келеді. Бұл жағдайда сабақтың өң бойында пәнаралық байланысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Әрбір сабақ оқушыларды қоршап тұрған дүниені тану жолының бір көрінісі.

Міне осы жолмен қазіргі кездегі ғылым, техника және мәдениет негіздерімен қаруландырып мұғалім өз оқушыларын өмірге дайындайды. Бір жерде тоқырап тұрып қалу немесе аршындап алға басу сабақ кезінде оқушыларға білімнің тиянақты жинақталуына байланысты екені даусыз нәрсе.

Әр сабақта оқушылар өздерінің жұмысы барысында жаңа дағды мен скерлікке ие болады. Сондықтан мұғалімдер мектепте оқу – тәрбие үдерісін ұйымдастыруда пәнаралық байланысты жүзеге асыру мүмкіндіктерін көрсетуі қажет.

Оқу пәндерінде қарастырылған табиғат, қоғам, адамдардың өзара әрекеті жөніндегі негіздер оларды білім беру мазмұнының біртұтас жүйесінде біріктіреді.Осы арада пәнаралық байланыстың дүниеге көзқарыс қызметі өте маңызды.

Адам баласының ерте заманнан бастап күні бүгінге дейін қолы жеткен ғылыми табыстарының қорытынды нәтижелерімен танысады.

Сөйтіп, оқушылардың білімі молаяды, дүние танушылық қабілеті артады, ақыл-ойы парасаты дамиды, тәрбиеленеді.

Осының негізінде оқушылардың өз дәрежесіне сай адам қоғамы мен табиғат дүниесінің әр алуан сырларын біліп шығуын қамтамасыз етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. А.Көшімбаев «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «Мектеп» баспасы Алматы – 1969 ж.

2. Бейсенбаева А.А. «Пәнаралық байланыс негізінде оқу процесін ұйымдастыру». Алматы, 1995ж.

3. Мұсабеков О. « Пәнаралық байланысты жүзеге асыру».// Қазақстан мектебі, 50 б.

2. Әдебиетті оқыту әдістемесінің қысқаша тарихы

1-дәріс. Әдебиет пәнін оқыту тарихы мен теориялық бастау көздері

Мақсаты: Білім беру әдістемесі ғылымының зерттеу нысаны мен пәні, методологиялық – теориялық негіздері туралы мағлұмат беру. Қазақ тілінің оқыту әдістемесінің тарихи қалыптасу, даму жолдары. Әдістемелік мұра және оны талдау әдістері туралы түсінік беру

Жоспар:

1.Қазақ әдебиеті пәні – ғылыми әдістемесі

2. Қазақ әдебиеті әдістемесінің даму кезеңдері

Әдебиетті оқыту әдістеменің ғылыми пән ретіндегі мазмұнының негіздерін анықтау аса қажетті емес. Басқа пәндерді оқыту әдістемелері сияқты қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі де белгілі бір жүйеге негізделіп дамиды. Осы орайда әдістемеліктің бай мазмұны мен оның сан түрлілігін ашатын пікірлердің де әр алуан екендігін айту қажеттігі туындайды.

«Әдебиет әдістемесі – педагогикалық ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Мұның: қамтитын: объектісі, қарастыратын мәселелері мектепте әдебиетті оқыту сабақтары кезінде мұғалім мен оқушылардың өзара қарым-қыатынасы болып табылады, ол педагогика ғылымы теориясының жалпы қағида ережелеріне сүйенеді.Бірақ әдебиет әдістемесі педагогика сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып қарастырмай, тек көркем әдебиетті оқып үйрену негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие мәселелерін ғана өз шеңберінде алып баяндайды», - деп жазды көрнекті әдіскер-ғалым А.Көшімбаев. Бұдан әдебиет әдістемесі ғылымы мен жалпы педагогика ғылымының өзара байланыста болатынын көреміз. Әдістемеліктің қолданбалы ғылым екендігін және ол жалпы дидактиканы негізге ала отырып, алуан түрге ене алатынын көрнекті педагог Ж.Аймауытұлы айқындап айтқан.

«Ж.Аймауытұлы жалпы дидактика барлық пәгдерге тиісті оқытудың жалпы заңдары, жолдары, оқытуға қатысты мәселелер туралы сөз ететіні, ал жеке әдістемелік дидактиканың жалпы ережелерін тек пәндердә оқытқанда, қалай жинастыру, қандай әдіс қолдану туралы баяндайтынын айтады. Ж.Аймауытұлы сабақ беру үйреншікті жай шеберлік еместігін, ол үнемі жетілдіруді қажет етенін үнемі жаңалық табатын өнер», - деп бағалайды.

Қазақ тілін, әдебиетін оқыту әдістемесі ғылымының тарихында Ахмет Байтұрсынұлының көшбасшы болғаны белгілі. А.Байтұрсынұлының оқудың негізі білімді өз бетінше алу екенін айтқан пікірлері әлі күнге дейін өзінің мәнін жойған жоқ. Ол педагогиканың өзекті мәслесі болып отырған оқушының өз әрекетіндегі субъектілік қызметін арттыру міндетіне сай келеді. Ғылым өзінің 1928 жылы Қызылорда қаласында басылып шыққан «Тіл жұмсар» атты әдістемелік еңбегінде: «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу керек. Мұғалімнің қызметі – өздігінен алатын ... білімнің ұзақ жолы үшін ... балаға жұмысты әліне шағындап беру мен бетін белгіленген мақсатқа қарай түзеп отыру», - деп жазған А.Байтұрсынұлының бұл ойы бүгінгі қазақ әдебиеті әдістемесінің де негізіне жатады деуге болады. Баланың білімді өздігінен алатын жолдарын анықтау – әдістеменің басты міндеті мен қызметі екені сөзсіз. Бұл мәселелер А.Байтұрсынұлының «Баяншы», «Әлиф-ба астары» сияқты жекеленген әдістемелік еңбектерінде де айтылған.

Әдіскер ғалым ретінде А.Байтұрсынұлы бастаған істі әрі қарай дамытушылардың бірі Мағжан Жұмабаев баланы әдебиетпен таныстыруға аса үлкен мән берген. Ол жұмыстың жүзеге асырылуын бастауыш мектептен бастап мұқият дайындау керек деп танып, өзінің «Бастауыш мектептегі ана тілі» атты белгілі әдістемелік еңбегін жазды. Онда М.Жұмабаев әдіскер-ғалым ретінде төрт жылдық бастауыш мектептің әр жылына сәйкес ана тілі бойынша бала тілін дамыту үшін жаттығулар жүйесін жасап ұсынған.

Аса көрнекті әдіскер-ғалым М.А.Рыбникова «Әдістеме дегеніміз – уақытты үнемдей білу.Оқушы үшін жігерін ақылмен жұмсау, оқу материалынан негізгі және басты мәселелерді таба білу, сыныптың еңбегін ұйымдастыру шеберлігі, оқушылардың әр түрлі жеке әрекеттеріне ықпал етуді алдын-ала ұйымдастыру»,-деп әдістеме ғылымына анықтама береді. Әдістеменің жалпы құрылымы жайында В.В.Голубков былай дейді: «Қай пән бойынша болмасын барлық әдістеме оқытушы жұмысының ұсынымдарын, материалдарын және әдістерін құрастырумен өзара ұқсас, сондай-ақ олар не үшін, нені және қалай деген үш негізгі сұрақтарға жауап береді.

Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің қамтитын аймағы мектептегі әдебиет пәні сабақтары мен әдебметке байланысты сыныптан тыс, мектептен тыс жұмыстар және базистік оқу жоспарының инвариантты бөлігінен берілетін таңдау курстарында жүргізілетін әдебиет сабақтарында мұғалім мен оқушының оқу-тәрбие ісінде өзара қарым-қатынасы болып табылады. Сөз өнерін, көркем әдебиеттің өзін әдебиет тарихы мен әдебиеттану ғылымында белгілі дәрежеде оқып үйрену негізінде оқушыларға әдеби білім, адамгершілік, ізгілік, имандылық, тәрбие беру, білім-білік дағдыларын қалыптастыру заңдылықтарын ашу-оның қарастыратын басты мәселесі. Әдебиет пәні жеке тұлғаның, адамның рухани әлемін, оның адамгершілігін, ойлауын, көңіл-күй сезімін, тілін, шығармашылық әрекет - бастауларын қалыптастыруда ерекше орын алады.

Әдістеменің даму тарихында, қалыптасу үрдісінде әдеби білім беру негізгі қағида болып табылатын оқу бағдарламалары мен оқулықтар жасау мәселелері, әдебиет сабағын оқытуды жетілдіру сияқты мәселелер әдебиет пәні құрылымын құрайды.

Әдебиет пәні оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытуды, өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы үйлесім мен әсемдікті танып ұға білуге, дұрыс бағалауға, әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді, сонымен бірге ол көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті, ынта-ықыласты оята отырып, оқырман мәдениетін қалыптастырады.

Әдебиет пәні оқушыны өнер туындысын тануда қажетті біліммен, біліктілік дағдылармен қаруландырып, онда көркем бейнені қабылдауға қажетті сезім сергектігін, шығарманы мазмұн мен түр бірлігінде, көркемдік тұтастыққа қабылдай білуді; шығармада кескінделген мінездер сырын, шығарма идеясын, жаазушы позициясын шығарма арқауына сүйене отырып ашуды; өзіндік ой толғамында дербестік, идеялық-көркемдік құндылығы жоғары туындыларды ғана қалайтын талғампаздықты, көркем туындыларды салыстыра отырып, қарастыра алу біліктерін қалыптастыруды көздейді. Осы негізде мектептегі қазақ әдебиеті пәні жеке тұлғаның үйлесімді дамуына қызмет атқаратын негізгі эстетикалық пән деген тұжырымға келеміз. Қоғамның және мәдениеттің даму өзгерістеріне сай әдебиет пәнінің бағдарламалары, оқулықтармен қатар оны оқыту әдістемелігі де жетілдіріліп отырады және ол қалыптасқан отандық әрі әлемдік тәжірибеге негізделеді.

Әдістеме ең алдымен мұғалімнің шығармашылық әрекетінің жүйелі болуына қызмет ететіндіктен, ол әдебиетші мұғалімге жоғары талаптар да қояды. «Әдебиетші мұғалім ең алдымен көркем сөз сипатын ашатын заңдылықтарды білуі керек. Сондай-ақ көркем туындыны талдаудың ғылыми әдістемелерін жетік меңгеруі қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында бірлескен еңбек, бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс», - дейді белгілі әдіскер мұғалім Қ.Бітібаева.

Сонымен оқытушы және оқушының оқу әрекетіндегі бірлестіктер мен дербестік сипаттарын, ұйымдастыру жолдарын қарастыруға әдістеме ғылымы қолда бар бай тәжірибеге сүйенеді және оның таяу болашақтағы даму бағыттарын айқындайды.

Ол бағыттар:

- әдеби білімді саралауды жүзеге асыру, бағдарламаларды қайта қарап, тұжырымдама негізінде батыл жаңарту; V-ІХ сыныптарды негізгі базалық біліммен қамтамасыз ететін базалық білім бағдарламаларын, оқушының жеке сұранысы мен мүддесіне, қызығушылығы мен бейімділігіне қарай екі жылдық бағдарламада сараланған толық орта білім деңгейлерін қамтамасыз ететін жарыспалы бағадарламалар жасау;

- әдебиетті оқытудың гуманистік, адамгершілік-эстетикалық сарынын күшейту, сабақ үрдісінде жазушы көтерген ізгілікті тағылымды, өнегені ашуды, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді танытуды, сол арқылы оқушының ұлттық рухани санасын қалыптастыруды нысана тұту;

- оқушының көркемдік-ассоциациялық, образдық ойлануына, әдебиетті өнер табиғатына сай оқи білуіне, шығарманың идеялық-эстетикалық мән-мағынасына терең бойлап, тебірене қабылдауына, кейіпкер тағдырына ортақтасуына жағдай жасап, стандартқа сай білім, біліктілікпен қаруландырып, оқырман ретіндегі мәдениетін көтеру;

- оқытудың шығармашылық сипатын көтеру, оқушылардың оқу еңбегіндегі ой дербестігін, оқу-танымдық қабілеттерін дамытуды қамтамасыз ету, сабақ тиімділігін арттыру нәтижелігіне қол жеткізу;

- оқытуды демократияландыру, сабақта мұғалім мен оқушы арасында бірлескен мақсатты қарым-қатынас, субъект-субъект дәрежесіндегі еркін диалог ахуалын туғызу, нақтылы сынып жағдайында әдеби білім нәтижелігін қамтамасыз ете алатын мұғалім ізденісін қолдау;

- әдебиет пәнінің гуманитарлық циелдегі басқа да пәндермен, білім салаларымен пәнаралық, пәнішілік байланысын тиімді пайдалану, тіл мәдениеті, шешендік өнер, тіл дамыту бойынша тіл мен әдебиетке ортақ бағдарлама жасау;

- әдебиет оқулықтарының, оқу кітаптарының мазмұны, ғылыми-дидактикалық негіздерін түбегейлі жақсарту, оқулықтарға білім берудің жаңа технологиясын ендіру.

Бұл бағыттар жалпы білім беретін қазақ мектебіндегі әдеби-білім тұжырымдамасының негізгі ұстанымдары. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің бұл тұжырымдамада көрсетілген негізгі бағыттары әлемдік тәжірибеге де сай келеді деуге болады.

1-дәріс.Қазақ әдебиеті әдістемесінің тарихы.

Сабақ жоспары: 1. Әдебиетті оқыту тарихының даму кезеңдерін саралау; 2. Әдебиетті оқыту әдістері, оның түрлері мен әдістерді негіздейтін принциптерді ажырату.

Сабақтың мақсаты:Қазақтың ағартушы-демократтарының әдістеменің даму тарихында, қалыптасу үрдісінде қосқан тарихи еңбектері мен қазақ мектептерінің ашылуы,әдеби білім беру негізгі  қағида болып табылатын  оқу бағдарламалары мен оқулықтар жасау мәселелері жөнінде пікір қалыптастыру.

Әдебиетті оқыту әдістемесі - көне ғылымдардың бірі. Әдебиет пен әдебиетті оқыту ғылымы және пәні уақыт идеясымен байып, өзгеріп, түлеп отырады. Әдебиетті ғылым ретінде оқыту әдістемесі оқытудың теориясы мен жалпы принциптерін негіздейтін дидактика, әдебиет тарихы, теориясы, методологиясын қарастыратын әдебиеттану, тарих, тіл, музыка, бейнелеу өнерімен тығыз байланысты. Психологиямен әдебиетті оқыту әдістемесі екі аспектіде тоғасады.

Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласында үш түрлі мектеп қатар өмір сүрді. Олар: Жадит мектебі, медресе, Ы.Алтынсарин мектебі. Ыбырай Алтынсарин мектебі демократиялық оқу-ағарту жүйесінен туған халық мектебі саналды. Ұлы ағартушының мектептері халық ағарту ісіндегі зор тарихи жаңалық болды. Оқу жүйесіне Ы.Алтынсарин енгізген жаңалықтың тарихи маңызы зор. Ыбырайдың педагогикалық көзқарасы орыс халқының прогресшіл педагогтары КД.Ушинский, Н.А.Корф, Л.Н.Толстой, В.В.Водовозов, В.Я.Стоюнин тәжірибелерімен тығыз байланысты.

XIX ғасырдың екінші жартысында (Шоқан, Абай), XX ғасырдың басында жасаған қазақтың демократ-ағартушыларының (Шәкәрім, С.Көбеев, Е.Өтетілеуов, С.Торайғыров, АБайтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов т.б.) ескілік қалдықтармен күресі, жастарды оқуға, өнерге, жаңа өмір орнатуға, мәдениетке үндеудегі еңбектері ерен.

Әдебиеттік оқу, тарихи курс бағдарламалары мен оқулықтарын жасауда С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, С.Қирабаев т.б. еңбектерін ерекше атауға болады. Сондай – ақ, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің негізін қалап, дамытуда Ә.Қоңыратбаев пен А Көшімбаевтың алатын орны да айрықша.

Мектеп реформасының талаптарына орай қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі алдында тұрған актуальды мәселелер көп.

1970 - жылдан мектепте әдебиет тарихы, әдебиет сыны мен теориясының оқытылуы жүйелі жүзеге асырылып келеді. Педагогикалық озат тәжірибе, оның халыққа таралуы, насихатталуы қолға алынып, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін жетілдіруге байланысты зерттеу жұмыстары қарқынды жүре бастады. Бұл істе "Қазақ мектебі", "Қазақтілі мен әдебиеті", "Білім" журналдары, "Қазақстан мұғалімі" газетінің ролі зор.

Қазіргі кезеңде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға арналған ғылыми-методологиялық республикалық конференциялар мен педагогикалық оқулар өткізіліп отырады. Жаңа оқу бағдарламасына көшуге сай өткізілетін курс, семинарлардың маңызы да зор. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін тереңдете оқытатын арнаулы мектептер, гимназия, лицей, атаулы мектептердің ашылып, нәтижелі жұмыс істеп келеді.

Оқыту – екi жақты процесс, сондықтан оның сапасы өткiзiлетiн сабаққа деген оқушылардың көзқарасына, олалдың таным белсендiлiктерiнiң деңгейiне, оқытушы еңбегiнiң дидиктикалық тұрғыдан жетiлдiрiлуiне тiкелей байланысты.Қазiргi жаңа технологияның басты мақсаты – баланы оқыта отырып, оның еркiндiгiн, белсендiлiгiн қалыптастыру, өз бетiнше шешiм қабылдауға дағдыландыру. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту оқушының танымдық белсендiлiгiн, сабаққа қызығушылығын аттыруға көмектеседi.

Әдебиетті оқытуда сөздік әдіс, көрнекілік әдіс, тәжірибелік әдіс, түсіндірмелі - иллюстративтік әдіс немесе репродуктивтік әдіс, эвристикалық әдіс, өзіндік жұмыс әдісі, проблемалық баяндау әдісі, мәтінді көркемдеу, мәнерлеп оқудың орны ерекше.

Инновациялық технологиядан іздену - қазіргі оқыту үрдісінің басты мақсаты. Инновациялық технология туралы В.Н.Кан – Калик, Ф.Н.Гоноболин, М.В.Кларин, Л.МлФридман, Л.С.Выготский, П.И.Пидкасистый,В.Монахов, Т.И.Шамова, С.Н.Данакин, В.Шепель, И.Г.Зайнышев, Қ.Қ.Қабдықайыров, Ш.Т.Таубаева, Б.Р.Айтмамбетова, Н.А.Әбішев, К.С.Құдайбергенова, Б.Әбдікәрімұлы, Ж.А.Қараев сынды ғалымдардың ізденістері баршылық. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. А.Көшімбаев «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «Мектеп» баспасы Алматы – 1969 ж.

  2. Бейсенбаева А.А. «Пәнаралық байланыс негізінде оқу процесін ұйымдастыру». Алматы, 1995ж.

  3. Мұсабеков О. « Пәнаралық байланысты жүзеге асыру».// Қазақстан мектебі, 50 б.

#1 Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің зерттелу тарихы

Әдебиетті оқыту әдістемесінің негізі неден тұрады, жалпы құрылымдық, мақсаттық бағыты қандай деген сұрақтар тек тіл-әдебиет оқытушыларының ғана емес, сонымен қатар әдебиеттанушылардың, психологтардың, жалпы педагогика ғылымының ортақ мәселесі екендігі ақиқат.

Әдебиет – сөз өнері. Сондықтан әдебиет пәні – өнер пәні. Ол жасөспірімдерге әдебиеттанудан, сөз маржандарының қыр-сырын игеруден жай білім ғана алып, беріп қана қоймайды, ең бастысы, өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы – жақсылық пен ізгіліктің ұрығын себеді. Әдебиет пәнінің әр сабағын адам бойындағы асқақ арман, әдемі сенім, әсемдік пен сұлулыққа құштарлық тәрізді ең мөлдір сезімдер мен кісілік қасиеттер туралы сырласу сабағы десек те болады. Әдебиет пәні арқылы оқушылардың рухани дүниесі байиды, туған тілін сүйеді, елін, адамзатты құрметтеуге деген сезімдерге тәрбиеленеді. Әдебиет арқылы жасөспірімдер алдында еліміздің тарихы, оның ғасырлар қойнауында қалған сөз маржандарының сандығы ашылады, солар арқылы халық арманы, қиялы, болашақтан күтер үміті, ақ сенімі көрінеді.

Әдебиет пәнінің жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу ісіне қосар үлесі үлкен. Ол жақсы мен жаманның ара жігін ажырата білуіне, адамгершілік сезімінің ұшталып, имандылық қасиеттерінің оянуына септігін тигізеді. Сондықтан әдебиет пәнін оқытуға ерекше назар аударылады. Әдебиетті оқытудың басты мақсаты – сөз өнерінің қыр – сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, кітапқа деген ынтасын ояту, халықтың рухани байлығы - әдебиетті жан – жақты игерту, сол арқылы имандылыққа, инабаттылыққа, парасаттылыққа, сұлулыққа тәрбиелеу.

Рухани байлығы мол қазақ халқының өрелі өскелең мәдениетінің түп- төркіні сонау Орхон-енисей ежелгі түрік жазбаларынан бастау алады. Табиғи дарынымен төрткүл дүниеге түгел танылған ғұлама Әл-Фарабиден бастап түркі тілдес халықтарға ересен мол ерекше мұра қалдырған ойшылдар Ж.Баласағұн, М.Қашқари, А.Яссауи трактаттары және Алтын Орда дәуірінің даналары Хорезми, Сараи, Дулати, Жалаири т.б. еңбектері қазіргі ұрпақ үшін таптырмас теңдесі жоқ асыл қазыналар. Қазақ әдебиетінің қайнар бұлағы, жыраулар поэзиясының Асан Қайғы, Жиембет, Ақтамберді, Қазтуған, Шалкиіз, Бұқар, Дулат, Мұрат, Үмбетей, Майлықожа, Мәделіқожа секілді ұтқыр ойлы, шешен тілді ақын-жыраулардың тіршілік туралы толғаныстарымен өнегелі өсиеттерінің бүгінгі ұрпаққа берілетін білім мен тәрбиеге қосар үлесінің өзі бір төбе.

Кемеңгер ойшыл Абай мұрасының өзі ғаламат қазына болса, жарық жұлдыздар Шоқан, Ыбырай ХХ ғасырдың басында қазақ даласын дүр сілкіндірген Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Міржақыптардың туындыларының қазіргі заман талабымен үйлесе үндесіп жатқаны да ұлттық әдебиетіміздің айқын айғағы. Қазақ әдебиетінің осындай асыл қазыналарын ұрпақ үніне жалғастыру да мектепте берілетін әдеби білім сапасына негізделеді, ал білім сапасы түпкі нәтижемен өлшенуді көздейді. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәні туралы әртүрлі тұжырымдар баршылық. Бірі бұны іс жүзіндегі яғни қолданбалы әдебиет десе, екінші біреулер үйрету өнері деп жүр, үшіншілер одан тек сабақ өткізу үшін қажетті кеңестерді ғана іздейді, төртіншілер әдістеменің оқыту үрдісінде ең алдымен оқушының жан дүниесіне, оның көркем шығарманы оқырман ретінде қабылдай білуіне басты мән беретін қағидаларын бағалайды.

Әдебиетті оқыту әдістемесі тіл-әдебиет оқытушыларының шығармашылық тұлғасын ашуға, болашақ оқытушылардың санасына мектеп оқушыларының әдеби дамуы туралы көзқарас қалыптастыруға, әдебиетті оқыту әдістерінің тарихи ауысымын қадағалап, негізге алуға мұғалімнің кәсіптік деңгейінің нәзік тұстарын меңгеруге көмек береді. Осыған қоса мұғалім мен оқушының арасындағы жаңаша қарым-қатынасқа, студенттің дербес шығармашылық ізденісіне де үлкен мән беріледі. Әдістеме пәні студенттердің мамандықты игеру кезеңіндегі өзін-өзі жетілдіруін, білімін арттыруын да қарастырады. Болашақ ұстазға қазіргі мектептердегі әдебиетті оқытудың өзгешеліктерін ұғындырады.

Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі пәнінде оқушылардың шығармашылық жолдарын елестету, оқу құралдары мен авторлық бағдарламалар жасау қағидалары жөнінде білу де аса маңызды іс. Жалпы білім беретін орта мектептегі жетекші пәндердің бірі – әдебиет пәнінің өзіндік ерекшеліктері, оқу жүйесіндегі алатын орны туралы толық түсіндіру қажет. Оның көркемөнер салаларының ішіндегі аса қуатты және пәрменді тәрбие құралы екендігіне көз жеткізу керек. Көркем әдебиет туындыларын орта мектепте оқытудың қажеттіліктерін терең ұғыну қажет.

Әдебиет пәнінің қалыптасуының әдепкі кезеңдеріне тоқталар болсақ, қазақ даласындағы ертеден қалыптасқан әдеби оқу түрі әпсана-аңыздар мен жыраулар шығармашылықтарынан аңғарылатын білім-білік адамдар санасына әсер-ықпал етті. XVII-XVIII ғасырлар аралығында хат танытып, сауат ашу ісінде молда-мұғалім тәлім-тәрбиесі басты орында болды.

Халық мектептерін жаңаша жетілдіру мен ондағы тіл, әдебиет пәндеріне айрықша назар аудару іс-шараларының қазақ даласындағы мектеп ашу қам-қарекеттеріне де жағымды ықпалын тигізді. 1861 жылдан бастап орыс-қазақ мектептері Тройцкіде, Торғайда, Ырғызда, Қазанда, Перовскіде ұйымдастырылды. Жаңа мектеп түрлері: ресейлік үлгідегі екі басқышты, төрт басқышты мектептер, лицей мен гимназиялар ашылды.

Қазақстандағы оқыту жүйесіне Ресейдің отаршылық саясаты тікелей ықпал етті. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Троицк, Торғай, Орда, Ырғыз, Қазанда, Перовскіде орыс-қазақ мектептері ашылды.

ХХ ғасырдың басында Қазақстанда мектеп қажетін өтеудегі оқу материалы ретінде орыс әдебиеті шығармаларынан аудармалар хрестоматиялық оқулықтар түрінде берілді. XX ғасыр басындағы қазақ баспасөзі мен қазақ тілінде кітап шығару ісінің өркендеуі ел өміріндегі әдеби-мәдени елеулі оқиға болды. Жұртшылық ой-санасын оятудағы «Серке» (1907), «Қазақ» (1917), «Қазақстан» (1911-1913), «Қазақ» (1913-1918) газеттері және «Айқап» (1915) журналының атқарған істері мен игілікті әсерінің орны ерекше.

Аталған жылдарда жарық көрген кітаптардың дені қазақ ауыз әдебиеті үлгілері болды. Сонымен қатар, қазақ көркем әдебиетінің ірі өкілдері А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, С.Дөнентаев тағы басқа ақын-жазушылардың кітаптары да басылып шықты.

Қазақ әдебиеті пәнінің әдеби-білім негіздері қазақ баспасөзі «Айқап» журналы «Қазақ газеттерінде» көрініс тапты. Бұл баспасөз беттерінде жарияланған мақалалардың қай-қайсысында болмасын қазақ тіліндегі оқулықтарға ерекше талаптар қойылып, балаларға түсінікті болумен бірге тәрбиелік мәніне баса назар аударылып, үнемі талқыланып отыруының өзі әдістемелік озық ой-пікірлерге бағыт-бағдар береді.

XX ғасырдың бас кезінде Қазақстанда мектептік білім жүйесінің түрлері:

1. Ерлер мен әйелдер гимназиялары, училищелер, мұғалімдер семинариялары.

2. Қалалық училищелер, приход училищелер, ауылдық-болыстық мектептер.

3. Кәсіби оқу мекемелері – мұғалімдер семинариялары мен мұғалімдер мектептері, ауыл шарушылығы мектебі, фельдшерлік және қолөнер мектептері дәріс берді.

Қазақ әдебиеті пәнінің мектепте дербес пән ретінде оқытылып, оқу жоспарына енуі 1930 жылдан есептелінеді.

Қазақ әдебиетінің мектепте оқытыла бастауында Орталық партия комитетінің “Бастауыш және орта мектеп” туралы (1931), “ Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы” (1932) қаулыларының ерекше маңызы болды. Осы кезден бастап қазақ мектебінде қазақ әдебиетін оқыту оның бағдарламасын түзу, оқулықтар жасау идеясы туды. 1934 жылы тұңғыш рет қазақ әдебиеті мен қазақ әдебиеті тарихының мектептік бағдарламалары (5-8 сыныптар үшін) жарық көрді.

Бағдарламаның жасалуы қазақ мектептерінде әдебиет пәнін оқытудың жаңа белесі болып табылады. Осы бағдарлама бойынша қазақ әдебиетінің тарихы жүйеге келтіріліп, мектепте ақын-жазушылар шығармашылығы оқытылатын болды. Қазақ ғалымдары М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев жасаған “ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті” оқу кітабының 1933 жылы шығуы осы саладағы маңызды қадам болып табылады. Мұнда қазақ әдебиеттану ғылымы тарихында тұңғыш рет әдебиет тарихының материалдары мектеп көлемінде жүйеге түсіп, Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиеттің көрнекті өкілдері мен олардың шығармалары мектеп оқушыларына ұсынылды. Мұнда әдебиеттік оқу белгілі бір шығарманы мазмұн мен түр бірлігі негізінде оқытуға бағытталды. Тарихи-әдебиеттік проблемалардан оқушы мен мұғалімнің назары шығарманың идеялық-көркемдік жақтарын ашуға, оның құрылысы мен тіліне аударылды. Әдебиеттік оқу орта мектептің 5-7 сыныптарында өткізілетін болды. Әдебиет тарихын мектепте осы кезден бастап 6-10 сыныптарға бөліп оқыту принциптері жүзеге асырыла бастады. 8 сыныпта ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихының алғашқы мәліметтерін қамту, 9 сыныпта ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы және ХХ ғасыр басындағы әдебиетті оқыту, 10 сыныпта кеңес әдебиетін оқыту қағидасы қабылданды. Әдебиет тарихын мектепте оқытудың жаңа үлгісі негізінде оқулықтар жасау ісіне бұл кезде Е.Ысмайылов. Қ.Жұмалиев сынды әдебиетші ғалымдар ат салысып, қазақ әдебиеті тарихының мектептік курсын жасауға, сол жобамен кейін үлкен әдебиет тарихын негіздеуге аса мол еңбектер сіңірді.

Қазақ әдебиетінің пән ретінде мектепте оқытыла бастау тәжірибесі әдебиетті оқытудың әдістемесін де туғызып, қалыптастырды. Бұл жөніндегі алғашқы тәжірибелер бізде 30 жылдардың аяқ кезінде жинақтала бастады. Бұған “Қазақ тілі мен әдебиеті”, “Орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті”, “Әдебиеттік оқу материалдары” (1940) атты мақалалар жинақтары дәлел. 1950 жылдардан бастап әдебиет сабағын оқытудың проблемалық әдістері кеңінен сөз бола бастады. Сабақты проблемалық тәсілмен оқытудың ғылыми-теориялық тәжірибелері жинақталып, мектеп өміріне ене бастады. Осы жылдары Ә.Қоңыратбаевтың “Әдебиетті оқыту методикасы”, А.Көшімбаевтың “Қазақ әдебиетін орта мектепте оқыту методикасының мәселелері” тәрізді кітаптары жарыққа шығып, пәнді оқыту ісінің жақсартылуына ықпалын тигізді. мектепте қазақ әдебиетін оқыту әдiстемесiнiң негiзiн қалаған ғалымдардың жоғарыда аталған еңбектерiнiң басты құндылығы – осы еңбектер арқылы қазақ әдебиетін қалай оқыту жөнiнде практикалық көмек бере отырып, оқыту әдiстемесiн теориялық және әдiстемелiк тұрғыдан зерттеп, оның жеке ғылым саласы болып қалыптасуына елеулi үлес қосты.

Әдебиет пәні халық тарихы, көркем әдебиет тарихы, әдебиеттану, тіл білімі, философия, психология мен педагогика, эстетика негіздері, жаратылыстану, тағы басқа да ғылым салаларымен байланыстылығының өзі әдебиет пәні мұғалімінің уақыт талабына сай жан-жақты және білім-білік қорының мейлінше мол болуын қажет етеді.

1917 жылғы Қазан төңкерісі, яғни Қазақ халқының тарихындағы кеңестік кезеңнің басталуы да өз ықпалын тигізді.

Жаппай сауатсыздықты жою науқаны оқу-ағарту жұмыстарына да уақыт талабына сай өзгерістер енгізді. 1919 жылы РКП (б) VII сьезі «Бірегей еңбек мектебі туралы тұжырымдама» қабылдады, соның негізінде әдебиет сабақтарындағы «еңбек әдістемесі» – оқиғалық шығармалардың макеті көрініс тапты. Бұл кезеңде жаңа қоғамдық құрылыс және оның идеологиясын түсіндіру сипаттары басым болғандықтан ол қоғамдық тәрбие құралына айналды. 1921 жылы жаңа кеңестік мектептерге арналған «Әдебиет бағдарламалары» жазылды. Осы бағдарлама негізінде «Әдебиеттік оқу» термині қалыптасты. Бағдарламада әдебиеттік оқуға қойылған талаптар жазылды. Бағдарламаларды жетілдіруде 1923, 1925, 1927 жылдары соны жұмыстар атқарылды. 1928-38 жылдар аралығында әдебиетті оқытудағы тарихи бағыт басым болды. Ол кезде тарихи-әдебиеттік курстар жетекшілік рөл атқарды. 1931 жылғы «БКП (Б) ОК-нің бастауыш және орта мектептер туралы қаулысы» қабылданды, онда жалпы білім берудегі кемшіліктер, оқыту барысында көңіл аударарлық мәселелер жазылған. 1923 жылы «Оқу бағдарламалары мен бастауыш және орта мектептер туралы» қаулы қабылданды. Солардың негізінде 1933 жылы бағдарлама қабылданды, ол 1939 жылға дейін пайдаға асты.

1939 жылы жаңа бағдарлама қабылданды. 1940 жылы алғаш рет шыққан әдебиеттік оқу бағдарламасының негізгі үш түрлі нысанасы болды: кеңестік әдебиет шығармалары, халық ауыз әдебиеті үлгілері, классик жазушылардың әдеби мұралары.

1940-1990 жылдар аралығында оқу-ағарту ісі өркендеді. Аталған жылдарда С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалисв, М.Ғабдуллии, С.Қирабаев, Ә.Қоңыратбаев, А.Көшімбаев, Т.Ақшолақов, Ш.Кәрібаев, секілді тағы басқа ғалым-әдіскерлердің әдебиет пәнін оқыту, жетілдіру жөнінде әдістемелік еңбектері мен оқу бағдарламалары құрастырылып, жарияланды.

Жоғары сыныптардағы (Х-ХІ) тарихи-әдебиеттік курстың базалық білім курсымен (Ү-ІХ) тығыз сабақтастығы әдебиеттің тарихи курсының аталған сыныптарда кезең-кезеңімен белгілі бір хронологиялық жүйеде оқытылады. Базалық білім курсынан тарихи-әдебиеттік курсқа өту процесінде әдеби білім көлемі бірте-бірте ұлғая, күрделене түседі.

1990-2002 жылдар аралығында білім беру жүйелерінде іргелі жұмыстар атқарылды. Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты жаңадан оқу бағдарламалары мен оқулықтар түзілді. Орта мектеп пен жоғары мектептерде түбірлі бетбұрыстар болды. Қазақтың ұлттық мектебінің тұжырымдамасы дүниеге келді. Ұлттық мектеп тұжырымдамасы ұсынған болашақ мектеп үлгісі мен білім берудегі жаңа жүйенің кеңестік білім жүйесінен айырмашылықтары айқындалды Әдебиет пәнін оқыту, жетілдіру жөнінде әдістемелік еңбектер мен оқу бағдарламалары жазылды. «Қазақ орта мектептеріндегі білім мазмұнының тұжырымдамасы» (1991ж.) оның мазмұн-мәні, ғылыми методикалық негіздері әдеби білім беру құрылымында түбегейлі өзгерістер болды.

Әдеби білім мазмұнын жаңарту бағытындағы жаңа ұстанымдар мен құндылықтар әдеби білім берудегі модульдік жүйе, оның өзіндік ерекшеліктері ғылыми-әдістемелік басылымдардың мұғалім біліктілігін арттырудағы рөлі әдебиетті оқытудағы жаңа технологиялар жүйесі соңғы жылдардағы ғылыми-әдістемелік ізденістер көрініс тапты.

Әдебиетті оқытудың шығармашылық сипатын күшейту үнемі жүйелі педагогикалық ықпал жасаудың жолдары, жаңа технологиялардың оқу үрдісіне енуін қамтамасыз етеді. Жаңа ғасыр өркениетпен қоса бәсекелестікті де бірге ала келіп отырған жағдайда білім сапасын жақсарту үшін, оқушыға беріліп отырған білім нәтижелі болуы үшін көркемдік әлеміндегі шындыққа бой ұруымыз керек. Біздің міндетіміз – жас ұрпақты мейірімділікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу болса, ол тәрбие алдымен көркем шығарма, әдебиет, яғни сөз өнері арқылы оқушы ойына ұялауы тиіс.