Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМКС АН 1БД 2012 каз .docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
341.28 Кб
Скачать

Студент білімін бағалау кестесі.

Бағасы

Әріп эквиваленті

% бойынша рейтинг балы

Балл бойынша

Үздік

А

95-100

4

А-

90-94

3,67

Жақсы

В+

85-89

3,33

В

80-84

3

В-

75-79

2,67

Қанағат

С+

70-74

2,33

С

65-69

2

С-

60-64

1,67

D+

55-59

1,33

D

50-54

1,0

Нашар

F

0-49

0

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

КАСПИЙ УНИВЕРСИТЕТІ

ЖОҒАРҒЫ МЕКТЕП (ФАКУЛЬТЕТ) ГУМАНИТАРЛЫ ҒЫЛЫМ

КАФЕДРА «МЕЙІРБИКЕ ІСІ»

Дәрістер жинағы

Пән аты: «АНАТОМИЯ»

Пәннің коды: Ana 1214

Мамандғы: 5B 110100 – «Мейіргер ісі»

Оқыту сағаттардың көлемі (кредиттер): 90 (2)

Соның ішінде: дәрістер 7

Курс: 1

Семестр: 2

Кафедра мәжілісінде талқыланды

Хаттама №1

«__» ________________2014ж.

Каф. меңг.________________

2014 ж

1 Кредит

1 дәріс

Тақырыбы: Кіріспе. Организм тіндерінің жалпы сипаттамасы. Ағзалар, жүйелер және ағзалар аппараты. Тірек- қимыл жүйесінің жалпы анатомиясы. Синдесмология. Бұлшықет- қозғалыстың белсенді аппараты ретінде. Бұлшықет ағза ретінде. Бұлшықеттің классификациясы.

Мақсаты: Анатомияға ғылым ретінде анықтама беру. Анатомияның міндеттерімен танысу. Анатомияның адам ағзасын биологиялық заңдылықтарға байланысты оөытатын ғылым екенін дәлелдеу. Адамның бастапқы эмбриогенез кезеңімен танысу. Тірек- қимыл аппаратының негіздерімен танысу.

Дәрістің жоспары:

    1. Анатомия пәні.

    2. Анатомияның міндеттері

    3. Анатомияның түрлері.

    4. Анатомияның басқа биологиялық ғылымдар арасындағы алатын орны.

    5. Адам эмбриогенезінің бастапқы кезеңдері.

    6. Тіндерге, ағзалар жүйесіне жалпы сипаттама.

    7. Дене бітімінің типтері. Мөлшер түсінігі және мөлшердің түрлері.

    8. Остеология.

    9. Синдесмология.

    10. Миология.

Дәрістің тезисі.

Адам анатомиясы тұтас денені, оның жүйелері мен жеке мүшелерінің пішінін, құрылысын, өсуін және оның сыртқы ортамен арақатынасын зерттейтін ілім. Анатомия ілімі медицина ілімінің негізі болғандықтан, медициналық білім беру саласында адам анатомиясы пәнінің орны ерекше. Адамның тән құрылысын білместен медицина маманының кәсіби ойлау қабілеті қалыптасуы мүмкін емес.

Адамның тән құрылысын үйренгенде мүшелердің өзара арақатынасын, топографиялық орналасуын анықтаудың үлкен маңызы бар. Адам денесінің негізгі бөліктері: бас, мойын, тұлға, қол және аяқ. Тұлға кеуде және іш (құрсақ) қуыстарынан тұрады. Олардың арасын көкет (диафрагма) бөледі. Іш қуысының төменгі жағын, «жамбас қуысы» деп атайды. Бас екі бөлімнен тұрады: ми және бет бөліктері. Қолдың- иық, қар, білек және қол басы бөліктері бар. Аяқ: жамбас, сан, балтыр және аяқ басы бөліктерінен тұрады. Анатомиялық терминдедің ішінде дене мүшелерінің орнын, бағытын көрсететін атаулар бар. Оларға сагитальді, фронтальді, горизонтальді жазықтықтар жатады. Фронтальді жазықтық (frons- маңдай) маңдайға паралельді сызық. Ол денені алдыңғы және артқы бөліктерге бөледі. Сагитальді (латынша sagitta – садақ оғы) ол да тік жазықтыққа жатады. Яғни, денені оң және сол жақтағы екі бөліктерге болады. Жазықтықтың ортасына жақындауы- медиальді, алыстауы- латеральді, мүшенің бастапқы жағына жақын бөлігі- проксимальді, алыстау орналасқан бөлігі- дистальді деп аталады. Мысалы, саусақтар. Дененің алдыңғы бетіне жақын орналасқан бөлігі «вентральді», латынның, venter іш, арқаға жақындауы -«дорсальді» деп аталады. Дененің көптеген мүшелерінің құрылысы бірдей анатомиялық терминдермен белгіленеді. Мысалы, мүшелердің денесі латынша- corpus, басы- caput, мойны- collum, тесігі- foramen, сайы немесе жүлгесі – sulcus, шұңқыры- fossa деп аталады. Жілік сүйектерінің екі ұшы «эпифиз», ортасындағы дене бөлігі «диафиз», олардың аралығы «метафиз» деп аталады.

Сүйек туралы ілім (остеология)

Қаңқа (sсeleton) – адам денесіндегі барлық сүйектердің жиынтығы. Ересек адамның денесіндегі сүйектердің жалпы саны 206-208. Ер адамның дене салмағының 10 кг, әйел адамның 6-8 кг сүйектерден құралады. Қаңқаның арқасында адам тік жүреді, қозғалады. Адам қаңқасы негізгі төрт бөліктен тұрады:

  1. Бас

  2. Тұлға

  3. Қол

  4. Аяқ

Сүйек (os) –дененің негізгі тіреуіш мүшесі, құрылысы өте күрделі. Сүйек негізгі сыртқы- қатты, тығыз және кеуек, борпылдақ тіннен тұрады. Сүйектің негізгі құрылыс бірлігі- остеон деп аталады. Сүйектің қаттылығын оның құрамындағы органикалық және бейорганикалық заттар қамтамасыз етеді. Сүйектің қаттылығын шойын немесе қоламен теңестіруге болады. Сүйектің сыртқы қабығы- периост деп аталады. Оның екі қабаты болады: ішкі қабаты коллаген және серпімді талшықтары көп борпылдақ талшықты дәнекер ұлпадан тұрады. Бұл қабат сүйек пайәда болатын жасушалар- остеобласттар мен қан тамырлар және жүйке ұштары өте бай. Ал сыртқы қабаты- тығыз, қатты дәнекер ұлпадан тұрады.

Сүйектің дамуы және өсуі

Сүйектің дамуы 3 сатыдан өтеді:

  1. Қабыршақты

  2. Шеміршектену

  3. Сүйектену

Қабыршақтану сатысында ұрықтық (эмбриоалдық) дәнекер ұлпадан – мезенхимадан қабыршақты қаңқа пайда болады. Қабыршақты қаңқа шеміршекті қаңқаға айналады, соңында сүйек қаңқасы дамиды.

Бұлшық ет жүесі (миология)

Бұлшық ет – өзіне тән пішіні, атқаратын қызметі бар дененің мүшесі. Бұлшық ет – бұлшық ет ұлпасынан, борпылдақ және қатты дәнекер ұлпалардан, қан тамырлары мен жүйке ұлпаларынан тұрады. Оның негізі- бұлшық ет ұлпасы.

Бұлшық ет ұлпасының екі түрі бар:

  1. Көлденең жолақты

  2. Біріңғай салалы.

Барлық бұлшық ет жүйкелермен қамтамасыз етіледі. Жүйкелер қимылдатқыш, сезгіш және симпатикалық талшықтардан тұрады.Қимылдатқыш жүйке ұшының қозуынан бұлшық ет қимылға келеді, сезгіш жүйке талшығы қозуды орталық жүйке жүйесіе жеткізеді, ал симпатикалық жүйке талшығы бұлшық еттің қоректеуін қамтамасыз етіп, олардың қимылын түрлі жағдайға икемдейәді.

Бұлшық еттің екі ұшы сіңірге айналып, сүйекке бекиді, тек ымдау бұлшық етінің бір ұшы теріге жабысады. Сіңір (сухожилие, tendo) тығыз реттелген дәнекер ұлпадан тұрады. Жалпақ бұлшық етің жазық сіңір ұшы «апонавроз» деп аталады.

Бұлшық еттің қосымша аппараттары: шандыр, фиброзды, сүйек- фиброзды өзектер, синовиальды қынап, синовиальды қапшықтар, біліктер. Бұлшық ет топтары дәнекер ұлпа қапшығымен қапталған. Дәнекер ұлпалы қапшық – шандыр (фасция) деп аталады.

Әдебиеттер:

  1. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясы-I, II том, 2004.

  2. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясының атласы- I, II том,Алматы: Кітап; 2006.

  3. Жұмабаев У., Әубәкіров Ә.Б., Досаев Т.М. ж.т.б. Адам анатомиясы атлас. I, II, III, IV том Астана: Фолиант, 2005.

Бақылау сұрақтары:

    1. Адам анатомиясы дегеніміз не? Анықтама беріңіз?

    2. Анатомия нені оқытады?

    3. Анатомияның түрлерін атаңыз?

    4. Дене бітімінің типтерін атаңыз? Олар немен сипатталады?

    5. Ұлпаның түрлері. Оның әрқайсысы қандай қызмет атқарады?

    6. Ағза дегеніміз не, ағзалар жүйесі, ағзалар аппараты?

    7. Туындатқыш жапырақшаларды атаңыз?

    8. Қандай ағзаларды тірек- қимыл аппаратының ағзаларына жатқызады?

    9. Қандай түзілістерді қатты қаңқа және қайсысын жұмсақ қаңқаға жатқызады?

    10. Сүйектердің жіктелуі

    11. Сүйектің құрылымдық морфологиялық бірлігі

    12. Остеонның құрылысы

    13. Қаңқа сүйектері өзінің дамуында қандай кезеңдерден өтеді?

    14. Сүйектену типтері

    15. Бірінші және екінші висцеральді доға шандырларының қандай сүйектер дамиды?

    16. Қай» жаста жамбас астауының сүйектері дами бастайды?

    17. Бас қаңқасының дамуындағы өзгерістер?

    18. Бас қаңқасының формаларын атаңыз?

    19. Ер адамның бас қаңқасының ерекшеліктерін атаңыз?

    20. Вертикальді орналасуына байланысты адамның бас қаңқасының қандай белгілері қалыптасты?

2 Дәріс

Тақырыбы: Спланхнология. Ас қорыту жүйесі құрылысының жалпы жоспары.

Мақсаты: Ас қорыту жүйесінің жалпы құрылыс ерекшеліктерімен танысып, олардың орналасуын және жіктелуін оқып білу.

Дәрістің жоспары:

  1. Ас қорыту жүйесінің бөлімдері

  2. Ас қорыту түтігінің жалпы құрылысы

  3. Тістің құрылысы

  4. Сүт және тұрақты тістер

  5. Тілдің құрылысы мен қызметі

  6. Пирогов- Вальдейердің лимфоидты сақинасы

  7. Сілекей бездері: құлақ маңы, төменгі жақасты, тіл асты бездері.

  8. Жұтқыншақтың бөлімдері және құрылысы

  9. Өңештің бөлімдері, тарылған аймақтары және қабырғалары

  10. Асқазанның бөлімдері, құрылысы және қызметі.

  11. Жіңішке ішек, оның бөлімдері және құрылысы.

  12. Тоқ ішек, бөлімдері, құрылысы.

  13. Бауыр- орналасуы, құрылысы, пішіні, қызметі.

  14. Бауырдағы қанайналымның ерекшеліктері.

  15. Ұйқы безі: құрылысы және қызметі.

  16. Ұйқы безінің эндокринді бөлімі

  17. Үшастар

  18. Үшастар қуысы және аймағы

  19. Шажырқайлар және иілімдер

Дәрістің тезисі

Ішкі ағзалар дегеніміз – дене қуыстарында (кеуде, іш және жамбас астауында) орналасқан ағзалар. Оған асқорыту, тыныс алу және несеп-жыныс жүйелерінің ағзалары жатады. Көбею қызметін атқаратын жыныс ағзаларынан басқа ішкі ағзалар зат алмасу процессіне қатысады.

Ішкі ағзалар екі топқа бөлінеді:

  1. Түтікті немесе қуысты ағзалар. Олар үш қабықтан тұрады:

    • ішкі – шырышты қабық және шырышасты негізі;

    • ортаңғы – бұлшықетті қабығы;

    • сыртқы – дәнекер немесе сірлі қабық;

  2. Ұлпалық (паренхималық) немесе безді ағзалар – эпителилік жасушалардың шоғырлануынан түзіледі. Олар өз кезегінде екіге бөлінеді. Сыртқы секреция бездері – түтікшелері болады. Ішкі секреция бездері – түтікшелері болмайды. Олардың секреттері бірден қанға түседі.

Асқорыту түтігіне келесі мүшелер жатады:

Ауыз қуысында – тамақ ұсақталып, сілекейдің әсерінен жұмсарып, ферменттердің әсерінен ас қорытыла бастайды.

Жұтқыншақ – ас қорыту және тыныс алу жолдарының қиылысатын жері. Тамақты жұтқан кезде көмей қақпашығы көмейді жауып, тамақтың өңешке өтуін қамтамасыз етеді.

Өңеш – жұтқыншақ пен асқазанды жалғастырып тұратын түтікті ағза.

Асқазанға түскен тамақ әрі қарай ұсақталып, асқазан сөлі, ферменттер және химиялық қосылыстар әсерімен өңделеді. Бұл жерде қанға негізінен су сіңіріледі.

Жіңішке (он екі елі, аш және мықын ішектер) ішекте тамақ негіздік ферменттер әсерінен қорытылып, қанға сіңіріледі.

Тоқ (жуан) ішекте нәжіс түзіліп, тоқ ішектің соңғы бөлімі, тік ішек арқылы сыртқа шығарылады.

Бауыр және ұйқы бездері ас қорыту бездері болып табылады. Олардың сөлдері он екі елі ішекке құйылады. Сондай-ақ бауыр организмде қорғаныш және залалсыздандыру қызметін атқарады, ал ұйқы безі эндокриндік те қазмет атқарады (қанға инсулин гормонын бөліп шығарады)і.

Ішкі ағзалар бірінші реттік ішектен дамиды. Ол үш бөліктен: алдыңғы, ортаңғы, артқы ішектерден тұрады.

Жұтқыншақ 2-ші айдың басында алдыңғы ішектің бас жағынан дамиды. Өңеш – 4-ші аптада жұтқыншақтың төменгі бөлігінен, алдыңғы ішектен дамиды. 4-ші аптаның аяғында алдыңғы ішектің өңештен төменгі бөлігі кеңіп, І-лік асқазан қалыптасады. 5-ші аптада ішек ілмегінің «жоғарғы иінінен» жіңішке ішек дамыса, «төменгі иінінен» тоқ ішек дамиды.

Ішастар дегеніміз – париеталдық және висцералдық жапырақшалардан тұратын сірлі қап. Париеталдық жапырақша іш қуысының қабырғасын қаптаса, висцералдық жапырақша аталған қуыста орналасқан ағзаларды қаптайды.

Даму ақаулары: төменгі жақсүйек өсінділерінің бітіспеуінен төменгі жақсүйек жырығы пайда болады. Жоғарғы жақсүйек өсінділерінің бір-бірімен бітіспеуі ауыз саңылауының шамадан тыс үлкен (макростома) болуына алып келсе, керісінше қатты бітісіп өсуі ауыз саңылауының кішкентай болуына (микростома) алып келеді. Маңдай және жоғарғы жақсүйек өсінділерінің бітіспеуінен «қоян ерін»пайда болады. Жоғарғы жақсүйек өсінділерінің таңдайлық буылтықтарының бір-бірімен бітіспеуі салдарынан таңдайда ортаңғы сызық бойында саңылау түзіліп, «қасқыр ауыз» ақауы түзіледі. Сирек жағдайда мықын ішекте кіндік-ішек түтігінің қалдығы сақталып, мықын ішек бүйірқалтасы (дивертикулы) (меккел дивертикулы) түзілуі мүмкін. Артқы өтіс жарғағының сақталуы әсерінен артқы тесіктің болмауы (аналдық атрезия) да кездеседі.

Ас қорыту жүйесінің мүшелеріне: ауыз қуысы және онда орналасқан ағзалар, жұтқыншақ, өңеш, асқазан, бауыр, ұйқы безі, жіңішке ішек, тоқ ішек және тік ішек жатады.

Тіл (язык, linqua). Тіл шырышты қабықпен қапталған, бұлшықеті мүше. Тіл дәмді сезеді, тағамның ауыз қуысындар араласуына, жылжуына, сөздің пайда болукына қатынасады. Тілдің үш бөлігі болады: түбі, денесі, ұшы. Тілдің түбірі- тік орналасқан артқы бөлігі. Ол тіл асты сүйегімен төменгі жақ сүйекгіне бекіген. Тіл денесі- алдында тілдің ұшына, артында шкаралық жұоге арқылы түбірімен шекараласады.

Тістер (зубы, dentes). Тістер тағамды тістеп майдалайды, мсөздің анық болуына мүмкіндік жасайды. Тістер төменгі және жоғарғы жақтардың альвеоляр шұңқырларында орналасқан. Әрбір тітің сауыты, түбірі және мойыны болады. Тіс эмальдан, дентиннен және цементтен тұрады. Тістің негізгі заты- дентин, оның скауыт бһлігі эмальмен жабылған, ал түбірі цементпен қапталған. Тістің түбірі қантамырларға бай. Тістің эмалі оны бұзылудан сақтап тұрады. Сауыты пішініне байланысты күрек, сойдақ, үлкен және кіші азу тістер болып бөлінеді. Адамның жасына байланысты тістер сүт және тұрақты тстер болып бөлінеді. Баланың 5-6 айлығында бірінші төменгі күрек тісі шығады. Баланың тісінің шығуы оның денсаулығына байланысты болады. Сүт тістерде кіші азу тістер болмайды. Бала 5-6 жасқа келгенде сүт тістер түсіп, оның орнына тұрақты тістер шыға бастайды.

Жұтқыншақ (глотка, pharynx). Жұтқыншақ ауыз қуысы мен өңешті жалғайтын түтікше. Ас қорыту жолының бір бөлігі. Ұзындығы 12-15 см. Жұтқыншақ жоғарғы қабырғасындағы күмбезі арқылы бас сүйегінің негізіне бекіген. Төменінде VI-VII мойын омыртқаларының тұсында жіңішкеріп, өңешке өтеді. Жұтқыншақтың атқаратын қызметі:

  1. Ауаны мұрын қуысынан көмекейге өткізеді.

  2. Жұтыну уақытында тағамды ауыз қуысынан өңешке өткізеді.

Жұтқыншақта тынс алу жолы мен ас қорыту жолы айқасады. Жұтқыншақ ауыз, мұрын қуыстарының және көмекейдің артында орналасқан. Мойын омыртқаларынан жұтқыншақты омыртқа алды шандыры және борпылдақ май ұлпасы бөліп тұрады. Жұтқыншақтың бүйірдегі қабырғасы ірі қантамырлар және жүйкемен шектеседі.

Жұтқыншақ үш бөліктен тұрады:

  1. Мұрын бөлігі

  2. Ауыз бөлігі

  3. Көмекей бөлігі

Жұтқыншаққа 7 тесік ашылады: 2 тесік – есту түтігінің тесігі, 2 тесік – хаоналар, 1-ауыз қуысының тесігі, 1- өңеш, 1- көмекей кіреберісінің тесігі.

Өңеш (пищевод, esophagus). Ұзындығы 25-30 см, жұтқыншақ пен асқазанды жалғайтын бұлшық етті түтік.

Әдебиеттер:

  1. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясы-I, II том, 2004.

  2. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясының атласы- I, II том,Алматы: Кітап; 2006.

  3. Жұмабаев У., Әубәкіров Ә.Б., Досаев Т.М. ж.т.б. Адам анатомиясы атлас. I, II, III, IV том Астана: Фолиант, 2005.

Бақылау сұрақтары:

    1. Ас қорыту жүйесіне жалпы функциональдік- құрылымдық сипаттама беріңіз?

    2. Түтікті мүшелердің қабырғаларының құрлысының ерекшеліктері неде?

    3. Паренхиматозды ағзалардың құрылыс ерекшеліктерін атаңыз?

    4. Ауыз қуысының құрылысын айтыңыз?

    5. Тістің морфологиялық құрылыс ерекшеліктерін атаңыз?

    6. Тістердің пішіндері қандай және олардың қызметтерінің ерекшеліктері?

    7. Тістің формуласы дегеніміз не? Және олардың сүт тістер мен тұрақты тістерді санаудағы маңызы?

    8. Сүт тістердің шығу уақыттарын атаңыз?

    9. Тілдің құрылысын және олардың бөлімдерін атаңыз?

    10. Тілдің бүртіктерінің түрлері және олардың орналасуы?

    11. Сілекей бездерін атаңыз?

    12. Жұтқыншақтың орналасуын және оның бөлімдерін атаңыз?

    13. Жұтқыншақ қабырғаларының құрылысы?

    14. Пирогов- Вальдейердің лимфоэпителиальды сақинасы туралы айтыңыз?

    15. Өңештің қабырғасының құрылысын атаңыз?

    16. Асқазанның бөлімдері және олардың құрылыс ерекшеліктері

    17. Асқазанның айқындайшы аппараты туралы айтыңыз?

    18. Асқазанның қабырғасының құрылысын айтыңыз?

    19. Жіңішке ішекітің бөлімдері, оның құрылыс ерекшеліктері

    20. Он екі елі ішектің құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

    21. Он екі елі ішектің бөлімдері, оның құрылысы мен орналасу ерекшеліктері

    22. Он екі елі ішектің қабырғасының құрылысын айтыңыз?

    23. Жіңішке ішектің шажырқайлық бөлімдері туралы, олардың құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

    24. Ащы ішек пен мықын ішектің қабырғасының құрылысы туралы айтыңыз?

    25. Соқыр ішек пен қима ішектің құрылысы мен орналасу ерекшеліктері қандай?

    26. Тоқ ішектің бөлімдерін атаңыз?

    27. Тік ішектің құрылыс ерекшеліктерін айтыңыз?

    28. Бауырдың паренхиматозды қапшығының қызметі мен құрылыс ерекшеліктерін айтыңыз?

    29. Бауырдың байламдарын айтыңыз?

    30. Бауырдағы қанайналым ерекшеліктерін айтыңыз?

    31. Өт жолының құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

    32. Жалпы өт жолының пайда болуы туралы айтыңыз?

    33. Ұйқы безінің бөлімдері мен оның құрылыс ерекшеліктерін айтыңыз?

    34. Іш астары дегеніміз не?

    35. Интраперитонеальді жатқан мүшелерді айтыңыз?

    36. Мезоперитонеальді жатқан мүшелерді айтыңыз?

    37. Экстраперитонеальді жатқан мүшелерді айтыңыз?

Дәріс №3

Тақырыбы: Спланхнология. Тыныс алу жүйесінің құрылысы мен орналасуының жалпы жоспары. Иммуногенез және қан жасаушы ағзалар.

Мақсаты: тыныс алу жүйесінің ағзалары мен қан жасаушы және иммуногенез ағзаларының құрылысы мен орналасуының жалпы жоспарын оқыту.

Дәріс жоспары:

  1. Тыныс алу жүйесінің құрылысының жалпы жоспары

  2. Мұрын қуысы, көмей, кеңірдек, бронхтар- олардың құрылысы, орналасуы, қызметі

  3. Бронх ағашы

  4. Өкпе, құрылысы мен қызметі

  5. Ацинус- өкпенің морфологиялық құрылымдық бірлігі

  6. Плевраның құрылысы

  7. Плевра қуысы

  8. Плевралық синустар

  9. Аралық, оның бөлімдері және мүшелері

  10. Қан жасаушы және иммуногенез ағзалары

  11. Сүйек майы, айырша без, көкбауыр, олардың құрылысы мен қызметі

Дәрістің тезисі

Иммундық жүйеге, организмді сыртқы ортадан түсетін немесе организмде пайда болатын генетикалық бөгде жасушалардан немесе заттектерден қорғайтын тіндер мен ағзалар жатады. Иммундық жүйенің ағзалары иммунокомпетентті жасушаларды, бірінші кезеке лимфоциттерді онымен қатар плазмоциттерді өндіріп, оларды иммундық үрдіске қосады. Генетикалық бақылауды бірге қызмет атқаратын Т- және В- лимфоциттер, макрофагтардың қатысуымен іске асырады.

Иммундық жүйеге қазіргі көзқарас бойынша лимфоидты қатарға жататын жасушаларды өндіретін ағзалар жатады. Бұл ағзалардың ұлпасы лимфодты тіннен түзілген, олардың құрамына ретикулярлық тіннің ілмектерінде орналасқан лимфоциттердің, плазмоциттердің, макрофагтардың және басқа да жасушалардың морфологиялық-қызметтік кешені кіреді. Иммундық жүйенің орталық және шеткі ағзаларын ажыратады. Орталық ағзаларға жілік майы (жілік кемігі) мен тимус жатады. Жілік майында оның бастапқы жасушаларынан В-лимфоциттер (бурсатәуелді) түзіледі.

Айырша безде, жілік майынан келіп түскен бастапқы жасушалар Т-лимфоциттерге (тимустәуелді) айналады. Осы лимфоциттердің екі түрі қанға түсіп иммундық жүйенің шеткі ағзаларына: таңдай, тіл, жұтқыншақ, түтік бадамшаларына; ас қорыту, тыныс алу, несеп-жыныс жүйелері ағзаларының қабырғасында орналасқан жекеленген және шоғырланған лимфа түйіншелеріне; лимфа түйіндеріне және көкбауырға келіп, иммундық қызметін жүзеге асырады.

Лимфа жүйесі тамырлар жүйесінің бөлігі болып табылады және оның веналық бөлігінің қызметін толықтырады. Оның құрылысында венамен ұқсастығы бар: қақпақтары, лимфаның тіндерден жүрекке ағуы. Лимфа жүйесінің құрамына: тіндердегі лимфа капиллярлары, ағза ішіндегі және ағза сыртындағы лимфа тамырлары, лимфа түйіндері және веналық бұрышқа (ішкі мойындырық мен бұғанаасты веналарының өзара қосылатын жері) барып құятын ірі лимфа тамырлары (сабаулар мен түтіктер) кіреді. Лимфаның құрамы қанның плазмасына ұқсас болады. Лимфамен бірге ағзалар және тіндерден, су мен онда еріген заттар және қан капиллярларына сіңіріле алмайтын зат алмасуының қалдықтары, табиғи бөгде заттар, ісік жасушалары, бактериялар, шаң-тозаңдар ерітінділері шығарылады. Лимфа тамырларының ағзалардан шығып веналық бұрышқа баратын жолдарында лимфа түйіндері орналасқан, олар иммундық жүйеге жатады: барьерлік-фильтрациялық қызмет атқарады және лимфоциттер өндіреді.

Жануарлардың өсімдіктерден негізгі айырмашылығы олардың қоршаған ортаға қимылдау арқылы бейімделуі болып табылады. Дененің қимылы тірек-қимыл аппараты арқылы іске асады, ол өз алдына ағзалардың үш жүйесінен тұрады: 1) сүйектерден, 2) олардың қосылыстарынан, және 3) бұлшықеттерден және олардың қосалқы тетіктерінен. Филогенез үрдісі барысында сүйек қосылыстарының 2 түрі дамыды: алғашқысы – қимылдары шектелген тұтас қосылыстар және кейінгісі – үздікті қосылыстар (буындар), оларда қозғалыс көлемі ауқымды болып келеді. Бұл қосылыстардың аталған екі түрінің аралығында, қосылыстардың өтпелі түрі – үздіксіздерден үздіктілерге және керісінше – жартылай буын, симфиз дамиды.

Үздіксіз қосылыстар: 1) фиброздық қосылыстар, 2) синхондроздар және 3) синостоздар деп аталатын 3 топқа бөлінеді.

Әрбір буында: 1) буындық беттерді, 2) буындық қапшықты және 3) буындық қуысты ажыратады.

Буындарда қозғалыс негізгі үш біліктердің (фронталдық, сагиталдық және вертикалдық) айналасында іске асады. Буынның жіктелуі: 1) буын беттерінің санына байланысты; 2) буын беттерінің пішініне байланысты және 3) қызметтеріне байланысты жүргізіледі.

Көлденең жолақты бұлшықеттер тірек-қимыл аппаратының белсенді бөлігі болып табылады, олар сүйектерге бекіп, оларды қозғалысқа келтіреді, денедегі қуыстардың қабырғаларын құрастыруға қатынасады, кейбір ішкі ағзалардың құрамына кіреді (жұтқыншақ, өңештің жоғарғы бөлігі, көмей), көздің қосалқы ағзаларының құрамына кіреді (көз алмасының сыртқы бұлшықеттері), дабыл қуысындағы есту сүйекшелеріне әсер етеді.

Бұлшықетті талшықтар бұлшықеттің ортаңғы бөлігі – қарыншаны, venter, түзеді. Оның екі жағында сіңірлер орналасқан. Бұлшықеттердің біртұтас жіктеуі жоқ. Бұлшықеттерді адам денесінде орналасуына байланысты, пішіні бойынша бұлшықет талшықтарының бағытталуы бойынша, қызметтері бойынша, буындарға қатынасы бойынша, көлемі байланысты жіктейді.Бұлшықеттер жиырылған кезде өздерінің қызметін қосалқы аппараттың қатысуы арқылы іске асырады. Оларға шандырлар, сіңірлердің қынаптары, синовиалдық қаптар және бұлшықеттік шығыршықтар жатады.

Әдебиеттер:

  1. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясы-I, II том, 2004.

  2. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясының атласы- I, II том,Алматы: Кітап; 2006.

  3. Жұмабаев У., Әубәкіров Ә.Б., Досаев Т.М. ж.т.б. Адам анатомиясы атлас. I, II, III, IV том Астана: Фолиант, 2005.

Бақылау сұрақтары:

    1. Тыныс алук ағзаларының құрылысының негізгі жоспарын сипаттаңыз?

    2. Мұрынның құрылысы мен бөлімдерін сипаттаңыз?

    3. Көмейдің орналасуы мен құрылысын сипаттаңыз?

    4. Кеңірдектің орналасуы мен құрылысын сипаттаңыз?

    5. Ацинус дегеніміз не?

    6. Өкпенің құрылысын сипаттаңыз?

    7. Өкпенің шекараларын атаңыз?

    8. Аралық дегеніміз не?

    9. Плевралық синустарды атаңыз?

    10. Плевралық қуыс дегеніміз не?

    11. Иммундық жүйе ағзаларының жіктелуін айтыңыз?

    12. Сүйек майының құрылыс ерекшелігі қандай?

    13. Иммунитеттегі Т- және В- лимфициттердің қызметі?

    14. Айырша без, оның адам организміндегі маңызы мен құрылыс ерекшелігі туралы айтыңыз?

    15. Көкбауырдың адам организміндегі маңызы мен құрылыс ерекшелігі?

2 кредит

1 дәріс

Тақырыбы: Жүрек- қантамыр жүйесінің құрылысы мен орналасуы.

Мақсаты: Жүрек- қантамыр жүйесінің мүшелерінің құрылысы мен орналасуын, жүректің құрылысы мен орналасуын, қанайналым шеңберлерін оқыту

Дәрістің жоспары:

  1. Жүрек- қантамыр жүйесінің жалпы анатомиясы мен қызметі

  2. Артерия қантамырлары, түрлері, қабырғаларының құрылысы

  3. Вена қантамыры, артерия қантамырынан ерекшелігі, түрлері

  4. Микроциркулятор айналымының түсінігі

  5. Микроциркулятор айналымының қантамырлары

  6. Жүрек- құрылысы, орналасуы, қанайналымы

  7. Кіші қанайналым шеңберінің артерия және вена қантамырлары

  8. Үлкен қанайналым шеңберінің артерия және вена қантамырлары

  9. Жүректегі қанайналымының құрылыс ерекшелігі

  10. Жалпы ангиология

  11. Қантамырлардың құрылысы

  12. Қантамырлардың жіктелуі

  13. Артерияның тармақталу заңдылықтары

  14. Микроциркуляторлық айналым

  15. Коллатеральді қанайналым

Дәрістің тезисі

Тамырлар жүйесі арқылы сұйық тіндер – қан мен лимфа ағады. Олар организмдегі зат алмасуды қамтамасыз етеді, бір жағынан организм тіндері мен жасушаларына қажетті қоректік заттар жеткізіліп, екінші жағынан жасуша элементтерінің тіршілік әрекетінен пайда болған өнімдерді сыртқа шығаратын ағзаларға (бүйректерге) жеткізіледі.

Адам мен омыртқалылардың тамырлық жүйесі екіге: 1) жүрек-тамырлар немесе қан тамырлар (жүрек, артериялар, веналар, микроциркуляциялық ағын), яғни ішінде қан ағатын түтіктер жүйесіне және 2) ішінде түссіз сұйықтық лимфа ағатын түтіктер - лимфа жүйесіне бөлінеді.

Қанды жүректен ағзаларға әкететін тамырлар – артериялар, жүрекке әкелетін тамырлар – веналар деп аталады. Артериялар мен веналар арасыда жүрек-тамыр жүйесінің шеткі бөлігі - микроциркуляциялық ағын орналасқан. Бұл жерде қан мен тіндердің арасында заттар алмасуы іске асады. Микроциркуляциялық ағынның құрамына: артериолалар, капиллярлық бөлік (алдынғы капиллярлар, капиллярлар, артқы капиллярлар ) венулалар кіреді.

Жүрек веналық қанды қабылдап, артериялық қанды организмге тарататын қуысты, бұлшықетті мүше. 4 камерадан тұрады: сол жүрекше, сол қарынша – артериалдық немесе сол жүректі, оң жүрекше мен оң қарынша – веналық немесе оң жүректі құрайды. Жүрек камераларының қабырғасының жиырылуы – систола, босаңсуы – диастола деп аталады. Жүректің ырғақты жұмыс істеуі жүректің өткізгіш жүйесіне байланысты. Өткізгіш жүйеге қойнау-жүрекшелік (оң жүрекшеде жоғарғы қуыс вена мен оң жақ құлақша арасында орналасады), жүрекше-қарыншалық (оң жүрекше қабырғасында үшжармалы қақпаққа жақын орналасады) түйіндер жатады.

Қатты жұмыс істеген кезде жүректің минуттық соғуы бірнеше есе артады. Жүректің жұмысы қоршаған ортаға, стресске, күн тәртібінің өзгеруіне байланысты.

Жүректің дамуы. Жүрек мезодермадан дамып, алдыңғы ішектің төменгі жағында орналасады. Біріншілік жүрек екі жұқа эндотелилік түтіктерден тұрады. ІІІ-аптада эндотелилік түтіктер қосылып «қарапайым түтіктік жүрек» құрайды. ІІІ-ші аптада ұрықтың жүрегі соға бастайды. Әрі қарай «түтікті жүрек» иіліп «сигматәрізді» жүрекке ауысады. ІҮ-ші аптада жүрек екі бөліктен тұрады. Алғашқы жүрекше веналық қанды қабылдап, жүрекше-қарынша тесігі арқылы қанды қарыншаға өткізеді. Қарыншадан жүрек буылтығына өткен қан әрі қарай өкпелік (артериялық) сабауға барады. Ү, ҮІ-шы апталарда жүрек бөліктерінің орналасуында өзгерістер болады. Жүректің веналық шеті бас және арқа жаққа қарай жылжиды, ал артериялық шеті төмен, іш жаққа қарай жылжыйды. ҮІІ-ІХ апталарда веналық қойнау өзгерістерге ұшырайды. Веналық қойнау (синус) екі мүйізден тұрады. Сол мүйізден жүрекшенің қиғаш венасы дамиды, ал оң мүйіз жүрекшенің қуыс веналар арасындағы бетіне айналады.

Даму ақаулары. Сирек кездесетін аномалияларына акардия және диплокардия жатады. Орналасуына қарай жүректің эктопиясы және кеуде қуысының оң жағында орналасуы кездеседі. Сондай-ақ сопақ тесіктің бітпей қалуы, үш камералы жүрек, қолқаның, өкпе артериясының транспозициясы, артериялық (боталл) түтіктің жабылмауы мен жүрек веналарының ақаулары кездеседі.

Әдебиеттер:

  1. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясы-I, II том, 2004.

  2. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясының атласы- I, II том,Алматы: Кітап; 2006.

  3. Жұмабаев У., Әубәкіров Ә.Б., Досаев Т.М. ж.т.б. Адам анатомиясы атлас. I, II, III, IV том Астана: Фолиант, 2005.

Бақылау сұрақтары:

    1. Адам ағзасы үшін жүрек- қантамырлар жүйесінің маңызы?

    2. Қантамырлардың жіктелуі және олардың қызметтік маңызы?

    3. Жүректің қабаттарын атаңыз?

    4. Жүректің орналасуын айтыңыз?

    5. Кіші қанайналым шеңбері туралы айтыңыз?

    6. Үлкен қанайналым шеңбері туралы айтыңыз?

    7. Қанайналым шеңберлері, олардың маңызы

    8. Қантамырлардың қабырғаларының құрылыс ерекшеліктері (артерия, вена)

    9. Артерияның тармақталу типтері

    10. Қандай қантамырлар коллатеральді деп аталады?

    11. Олардың қанайналымдағы маңызы?

    12. Артерияның анатомиясының заңдылықтары қандай?

    13. Артерия және вена қантамырының типтерін атаңыз?

    14. Микроциркуляторлық айналымға қандай қантамырлар қатысады?

2 Дәріс

Тақырыбы: Несеп- зәр шығару жүйесігің құрылысы мен орналасуының жалпы жоспары.

Мақсаты: Несеп- зәр шығару жүйесінің құрылысы мен қызметімен танысу, себебі бұл жүйенің бұзылысы адам организмінің улануына әкеп соғады. Жыныс жүйесінің құрылысы мен қызметін білу уролог, акушер- гинеколог, венеролог, онколог мамандарына үлкен септігін тигізеді, себебі бұл жүйенің аурулары кең таралған болып табылады.

Дәрістің жоспары:

  1. Несеп- зәр шығару жүйесіне жалпы түсінік

  2. Бүйректің дамуы мен аномалиялары

  3. Бүйректің құрылысы мен қызметі

  4. Жыныс жүйесіне түсінік

  5. Әйел және еркек адамның жыныс ағзаларының дамуы

  6. Даму аномалиялары

Дәрістің тезисі

Несеп ағзалары жұп безді ағза – бүйректерден және несепті жинап, шығаратын ағзалар – несепағар, насепқуық, несеп шығаратын өзектен тұрады.

Бүйрек – несеп түзетін, іш қуысының артқы қабырғасында орналасқан, ұлпалық (паренхималық), экскреттік ағза.

Бүйрек келесі қабықтармен қапталған: талшықты (фиброзды) қапшық, майлы қапшық және бүйрек шандыры.

Бүйректі өз орнында ұстап тұратын бекіткіш аппаратына келесі құрылымдар жатады:

  • бүйрек орны (m.psoas major, m. guadratus lumborum, m. transversus abdominis және көкет);

  • іштің ішкі қысымы;

  • бүйрек қапшықтары;

  • бүйрек аяқшасы (тамырлары);

Бұл бекіткіш аппарат әлсіз болғанда бүйректің төмен түсуі («кезбе бүйрек») мүмкін.

Бүйректің морфологиялық-қызметтік бірлігі – нефрон болып табылады.

Несептің бүйрек паренхимасынан бүйрек тостағаншаларына өтуін реттейтін, несептің тостағаншалардан несеп өзекшелеріне кері өтуіне кедергі жасайтын – бүйректің форникалды аппараты. Форникалды аппарат дегеніміз - бүйрек бүртігінің негізін қоршап тұрған кіші тостағаншаның проксималді бөлігі (күмбез). Күмбез қабырғасында m.sphincter fornicis, m. levator fornicis, m. spiralis calycis, m. longitudinalis calycis, нервтер мен қан және лимфа тамырлары орналасқан. М. levator fornicis пен m. longitudinalis calycis күмбез қуысын кеңейтіп (диастола), несеп жиналуына жағдай тудырса, m.sphincter fornicis пен m. spiralis calycis тарылтып (систола), оны несептен босатады.

Бүйрек тостағаншалары, түбек, несепағар бүйректің экскреттік бөлігін құрайды.

Экскреттік тармақтардың үш түрі кездеседі (М.Г.Привес):

  1. Ұрықтық (эмбриондық) түрі– түбек тікелей кішкене тостағаншаларға құяды; үлкен тостағаншалар болмайды;

  2. Феталдық түрі – үлкен және кішкене тостағаншалар тікелей несепағарға ашылады; түбек болмайды;

  3. Жетілген түрі. Бұл түрінде экскреттік тармақтардың барлық 4 компоненті де болады; кішкене, үлкен тостағаншалар, түбек, несепағар.

Бүйректің сегменттік құрылысы. Бүйректе 4 түтікті жүйе бар: артерия, вена, лимфа тамырлары, бүйрек өзекшелері. Осыған байланысты хирургиялық мақсатта бүйректе 5 сегментті ажыратады: жоғарғы, алдыңғы жоғарғы, алдыңғы төменгі, төменгі, артқы сегменттер.

Несепағар – түбек пен несепқуықты жалғастырып тұратын түтікті ағза.

Несепқуық – сыйымдылығы 500-700 мл болатын несеп жиналатын қуысты ағза.

Әйелдің несеп шығаратын өзегі – несепқуықтан басталып, қасаға симфизінің төменгі жағынан сыртқа ашылатын түтікті ағза.

Еркектің несеп шығарғыш өзегі – несепқуықтан жыныс мүшесі басындағы сыртқы тесікке дейін созылатын несеп және шәует өтетін түтікті ағза.

Дамуы: несеп-жыныс ағзаларының дамуы бір-бірімен тығыз байланысты.

Несеп-жыныс ағзаларының дамуына қатысатын бірнеше морфологиялық құрылымдар бар: бүйрекалды, біріншілік бүйрек, парамезонефральдық түтік. Несеп ағзаларының ақырғы түзілуі: біріншілік бүйректердің орнына тұрақты бүйрек, метанефрос түзіледі.

Даму ақаулары: тамырлардың күмбез қабырғасына жақын орналасуынан, бұл жерде оңай қан кетіп, қан несепке араласады (пиеловеналық рефлюкс), бұл инфекцияның өтуіне жағдай жасайды.

Еркек жыныс ағзалары ішкі және сыртқы болып бөлінеді.

1. Сыртқы жыныс ағзаларына жыныс мүшесі, ұма жатады.

2. Ал ішкі жыныс ағзаларына атабез, атабез қосалқысы, шәует шығаратын түтік, шәует қуықшасы, шәует шылбыры, қуықасты безі жатады.

Әйел жыныс ағзалары да өз кезегінде екіге бөлінеді.

  1. Сыртқы жыныс ағзалары: әйелдің жыныстық аймағы, деліткі;

  2. Ішкі жыныс ағзалары: анабездер, жатыр, жатыр түтіктері, қынап, анабез қосалқылары;

Сыртқы жыныс ағзаларының дамуы. Жыныс ағзаларының ақырғы дамуы клоака тұсындағы өзгеріспен байланысты. Клоака жарғағы оны екіге бөледі: алдыңғы, несеп-тікішектік қойнау және артқы, тікішектік қойнау. Жыныс саңылауының алдыңғы жағында жыныс төмпешігі, жыныс қатпарлары, жыныс буылтығы орналасқан.

Әйел организмінде жыныс төмпешігінен деліткі дамиды, ал еркектерде жыныс төмпешігі өте қатты дамып еркектің жыныс мүшесіне айналады. Жыныс қатпарлары әйелдерде жыныс ернеуіне айналады. Еркектерде жыныс буылтықтарынан ұма дамыса, әйелдерде үлкен жыныс ернеулері дамиды.

Ішкі жыныс ағзаларының дамуы. Жыныс бездері ұрықта ІҮ аптада эпителии бастамасынан дамиды. Ү-ші аптада несеп-жыныс қатпарларын құрайтын Вольф және Мюллер түтіктері дамиды. ҮІІ-ші аптада аталық, аналық бездер және басқа да жыныс ағзалары дами бастайды.

Әдебиеттер:

  1. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясы-I, II том, 2004.

  2. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясының атласы- I, II том,Алматы: Кітап; 2006.

  3. Жұмабаев У., Әубәкіров Ә.Б., Досаев Т.М. ж.т.б. Адам анатомиясы атлас. I, II, III, IV том Астана: Фолиант, 2005.

Бақылау сұрақтары:

    1. Бүйрек даму барысында қандай кезеңдерден өтеді?

    2. Бүйректің морфологиялық- құрылымдық бірлігі не?

    3. Бүйректің даму барысындағы аномалиялар?

    4. Жыныс ағзалары қалай бөлінеді?

    5. Жыныс ағзаларында болатын аномалиялар?

    6. Жалған және шынайы гермофродитизмді қалай түсінесіз?

Дәріс №3

Тақырыбы: Жүйке жүйесінің құрылысы мен орналасуының жалпы жоспары.

Мақсаты: Жүйке жүйесіне анықтама беру. Жүйке жүйесінің құрылым принциптерін оқыту. Жүйке жүйесінің адам организміндегі ең маңызды қызмет атқаратын, барлық іс – әрекеттің жүйке жүйесі арқылы іске асатынын, қоршаған ортамен байланыс осы жүйе арқылы басқарылатынын түсіндіру. Жүйке жүйесінің құрылымдық бірлігімен, рефлекторлық доға және оның бөлімдерімен, анализаторларымен танысу.

Дәрістің жоспары:

  1. Жүйке жүйесіне мінездеме. Жүйке жүйесінің жіктелуі.

  2. Жүйке жүйесінің құрылымдық бірлігі.

  3. Қарапайым және күрделі рефлекторлы доға.

  4. Жұлынның құрылысындағы кейбір сұрақтарға тоқталу.

  5. Ми қыртысының құрылысы, олардың анализаторлары.

  6. Жұлынның өткізгіш жолдары.

  7. Бас мидың өткізгіш жолдары.

Дәрістің тезисі

Нерв жүйесі – бұл бір-бірімен анатомиялық және қызметтік жағынан байланысқан, организмнің біртұтас жұмыс істеуі мен реттелуін, оның сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз ететін құрылымдардың жиынтығы.

Нерв жүйесі эволюция барысында интегративтік жүйе ретінде пайда болды. Басқа интегративтік жүйелерден айырмашылығы, нерв жүйесі өз қызметін өте жылдам, қысқа уақыт ішінде дәл орындайды.

Топографиялық принцип бойынша нерв жүйесін орталық және шеткі деп бөледі. Қызметі бойынша – соматикалық және вегетативтік деп бөледі.

Нерв жүйесінің құрылымдық бірлігі нерв жасушасы – нейрон немесе нейроцит.

Нерв жүйесі қызметінің негізін рефлекстер құрайды. Көптеген рефлекстік актілерді шартсыз және шартты деп бөледі. Рефлекстің морфологиялық негізі - рефлекстік доға. Қарапайым рефлекстік доғада 3 нейрон (афферентті, ендірме және эфферентті) болады.

Рефлекстік доғаның күрделенуі ендірме бөлікке байланысты болады.

Ми орталық нерв жүйесінің жоғарғы бөлігі болып табылады.

Ми нерв түтігінің алдыңғы бөлігінен дамиды және дамудың үш және бес ми көпіршігі кезеңдерінен өтеді.

Мидың әр бөлігінің өзінің қызметтік морфологиялық және клиникалық ерекшеліктері болады.

Соңғы ми алдыңғы ми көпіршігінің туындысы болып табылады, оның құрамына: жамылғы, иіс сезу миы, базалдық ядролар, бүйір қарыншалар кіреді. Жамылғының сыртқы қабаты ми қыртысы, cortex cerebri болып табылады. Ол мидың ең маңызды бөлігін құрайды, яғни жоғарғы ми жұмысының материалды субстраты болып табылады және организмдегі өмірлік маңызы бар барлық қызмет түрлерін реттеп отырады.

Қыртыстың түзілуі – омыртқалылар эволюциясындағы ең прогрессивті туынды болып табылады. Адам ми сыңарының қыртысында филогенетикалық тұрғыдан қарағанда ескі және жаңа қыртысты ажыратуға болады. Ми қыртысының қабаттарының саны 5-тен 8-ге дейін болады. Ми қыртысының негізгі бөлігі алты қабаттан түзілген. Қыртыста проекциялық және ассоциативтік орталықтар орналасқан. И.П.Павлов бойынша анализаторлар рецепторлардан, афферентті жолдардан және морфологиялық-қызметтік орталықтардан тұрады.

Әдебиеттер:

  1. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясы-I, II том, 2004.

  2. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясының атласы- I, II том,Алматы: Кітап; 2006.

  3. Жұмабаев У., Әубәкіров Ә.Б., Досаев Т.М. ж.т.б. Адам анатомиясы атлас. I, II, III, IV том Астана: Фолиант, 2005.

Бақылау сұрақтары:

    1. Жүйке жүйесінің жіктелуі

    2. Жүйке жүйесінің құрылымдық бірлігі

    3. Қарапайым рефлекторлы доғаның құрылысы

    4. Үлкен ми сыңарлары қыртыстарының қабаттарын атаңыз?

Дәріс №4

Тақырыбы: Сезім ағзаларының құрылысы мен орналасуы. Эндокринді жүйенің құрылысы мен орналасуы.

Мақсаты: Сезім ағзаларының құрылысын, орналасуын және жіктелуін оқыту. Эндокринді жүйе ағзаларының құрылысын, орналасуын және гормондарын оқыту.

Дәрістің жоспары:

  1. Сезім ағзаларының анатомиялық- қызметтік мінездемесі

  2. Көздің құрылысы

  3. Көздің қосымша мүшелері

  4. Көз жас безінің құрылысы

  5. Көру анализаторының өткізгіш жолдары

  6. Сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақтың құрылысы

  7. Есту және тепе- теңдік ағзаларының өткізгіш жолдары

  8. Мұрынның сілемейлі қабатының сезгіш аймақтары

  9. Сезгіш аймақтарының өткізгіш жолдары

  10. Дәм сезу мүшесі

  11. Тілдің дәм сезу бүртіктері, олардың орналасуы

  12. Дәм сезу ағзаларының өткізгіш жолдары

  13. Тері- құрылысы, қызметі

  14. Терінің туындылары

  15. Сүт безі

  16. ІСБ-нің құрылыс ерекшеліктері

  17. Ішкі секреция бездеріне жалпы шолу

  18. Гормондардың жалпы құрылысы, олардың әсерлері

  19. Гипоталамо- гипофизарлы нейроэндокринді жүйе

  20. Гипофиз: орналасуы, бөліктері

  21. Эпифиз

  22. Қалқанша және қалқанша маңы бездері

  23. Айырша без, жас ерекшеліктеріне байланысты өзгерістері

  24. Бүйрекүсті безі

  25. Жыныс бездері

  26. Ұйқы безі

Дәрістің тезисі

Көру ағзасы:

Көру ағзасы көз ұясында орналасқан, оның қабырғалары қорғаныш ролін атқарады. Көру ағзасы көз алмасынан және көздің көмекші аппаратынан тұрады.

  1. Көз.

- көз алмасы – шартәрізді,екі шығыңқы полюстері болады. Алдыңғы полюс дөңестеу келеді, ал артқысы – көру жүйкесінің шығар жерінен латералды орналасқан. Осы екі нүктені қосушы сызықты көз алмасының сыртқы білігі деп атайды.Мөлдір қабықтың ішкі бетіндегі нүктемен көз алмасының ішкі қабаты – торлы қабық бетіндегі нүктені қосушы сызық,көз алмасының ішкі білігі деп аталады.

- көз алмасының фиброзды қабығы – бұл сыртқы тығыз қабық, қорғаныс және жарық өткізуші қызмет атқарады.

- мөлдір қабық – мөлдір және фиброзды қабықтың алдыңғы бөлігі болып табылады. Жарық өткізуші және жарық сындырушы қызмет атқарады Бұл дөңес-оиық пластинка, қантамырлары болмайды. Мөлдір қабық дәнекер тіннен құралып,сыртынан көп қабатты мүйізделмеген эпителимен қапталған. Мөлдір қабық жүйке ұштарына өте бай.

-ақ қабық– бұл фиброзды қабықтың артқы ,үлкен бөлімі бозғылт түсті болып,тығыз талшықты дәнекер тіннен тұрады.Ақ қабықтың мөлдір қабыққа өтетін жерінде венозды қоинау орналасқан(шлем өзегі). Ол алдыңғы және артқы камералардағы сұйықтық ағысын қамтамасыз етеді. Ақ қабыққа көзқозғалтқыш жүйкесі еніп тұрады.

- Тамырлы қабық – көптеген қантамыр шоғырынан құралып,торлы қабықты қанмен қоректендіреді және сұйықтық бөлінуіне ықпал жасайды.

- нұрлы қабық – тамырлы қабықтың ең алдыңғы бөлімі,диск пішінді болып, вертикалды орналасқан. Нұрлы қабықтың ортасындағы тесік – қарашық болады.Нұрлы қабық дәнекер тіннен,қантамырлардан, көздің түсін анықтайтын пигментті жасушалардан және циркулярлы және радиарлы орналасқан бұлшықет талшықтарынан тұрады.

- торлы қабық – көз алмасының ішкі сезімтал қабығы,және тамырлы қабықтың барлық бөлімдеріне,қарашыққа дейін тығыз жанасып тұрады.Торлы қабықтың ішкі құрамдас бөліктері болып өсінділерімен бірге таяқша және сауытша пішінді жүйке жасушалары.Олар көз алмасының жарық сезгіш элементі болып табылады.Торлы қабықтың артқы бөлімінде көру жүйкесінің шығар орны – бұл көру жүйкесінің дискісі және бұл жерде жарық қабылдаушы жасушалар болмайды.Дисктен латералды сарғыш түсті дақ орналасқан – бұл сауытшалардың ең жиі шоғырланған жері болғандықтан өте жақсы көру орны болып,бұл жерде таяқшалар болмайды.

- көздің ядросы – мөлдір сұйықтықпен толған алдыңғы және артқы камерадан, және көз бұршағынан және шыны тәрізді денеден құралған.

- көз бұршағы – бұл екі жақты дөңес диск, фронталды жазықтықта вертикалды және жарық сындырғыш қабілетке ие. Состоит из эпителиалды жасушалардан құралып,капсуламен қапталған.

- шынытәрізді дене – бұл мөлдір желімтәріздес зат, жарғақпен қапталған және көз бұршағының артында орналасып,және торлы қабыққа тығыз жанасып тұрады.Көздің жарық өткізгіш жүйесіне жатады.Қантамыр және жүйкелері болмайды.тірек және қорғаныс қызметін атқарады.

2. Көздің көмекші ағзалары – көз алмасының бұлшықеттері,көз ұясының шандырлары,қабақтар,қастар,көз - жас аппараты. Көз - жас аппараты – көз-жас безімен көз жасын шығарушы өзектер және әкетуші жолдардан тұрады. Көз- жас безі көз ұясының латералды бұрышындағы көз-жас шұңқырында орналасқан. Жұқа дәнекер тінді капсуламен қапталған. Көз жасын шығарушы өзектер жоғарғы конъюктивалық қапшыққа ашылады және көз-жасын бөледі.

Көру анализаторының өткізгіш жолдары. Жарық жарықөткізуші және жарық сындырушы жолдар арқылы өтеді. Пигменттік қабаттан шағылысады және содан соң торлы қабықтағы жарық сезгіш жүйкелік жасушалармен қабылданады. Көру жүйкесі көру өзегімен бассүйек қуысына еніп,толық емес көру қиылысын жасайды. көру қиылысынан әрі қарай үлкен мидың шүйде үлесіндегі көру ядроларына қарай бағытталатын көру жолы басталады.

Организмде өтетін үрдістерді басқаруға нерв жүйесі ғана емес, эндокринді бездер де қатысады. Эндокринді бездер дегеніміз – шығару түтіктері болмайтын, секреттерін қанға бөлетін бездер. Оның секреттері – гормондар деп аталады.

Эндокринді бездердің анатомиялық-физиологиялық қасиеттері:

  1. Секреттерін қанға бөлінетіндіктен эндокринді бездерде кең дамыған қантамырлар торы болады;

  2. Тамырлардың айналасында секретін қанға бөлетін без жасушалары орналасады;

  3. Капилляр торлары кеңейіп синусоидтар түзеді;

  4. Эндокриндік бездердің өнімдері инкреттер немесе гормондар белгілі бір мүшеге немесе тінге арнаулы әсер етеді.

Дамуы бойынша эндокриндік бездер 5 топқа бөлінеді:

1. Бронхиогендік топ – ұрықтың жұтқыншағының эпителиінен (желбезек қалталары) пайда болатын энтодермалдық бездер (қалқанша, қалқанша жанындағы және айырша бездер);

2. Ішек түтігінің энтодермалық бездері (ұйқы безі аралшықтары);

3. Мезодермалық бездер (бүйрекүсті безінің интерреналдық жүйесі мен жыныс бездері);

4. Аралық мидан пайда болатын эктодермалық бездер – неврогендік топ (эпифиз және гипофиз);

5. Нерв жүйесінің симпатикалық бөлігінен пайда болатын эктодермалық бездер (бүйрекүсті безінің милық заты және параганглиилер).

Қалқанша безі – тіндердің, сүйек жүйесі тіндерінің дұрыс дамуын, зат алмасуын, нерв жүйесінің қызметін реттеуге қатысады. Аталған безден бөлінетін тирокальцитонин организмдегі кальцийдің мөлшерін реттейді.

Қалқанша жанындағы бездер – организмдегі кальций мен фосфор алмасуын реттейді.

Гипофиз – алдыңғы үлесі, аденогипофиз дененің өсуі мен дамуына әсер етеді, сондай-ақ басқа да ішкі секреция бездерінің қызметін реттейді. Ал артқы үлесі, нейрогипофиз – тамырлардың бірыңғай салалы бұлшықетінің қызметін күшейту (вазопрессин) арқылы қан қысымын жоғарылатса, окситоцин жатырдың жиырылуын күшейтеді, сондай-ақ бүйректегі су реобсорбциясына әсер етеді (антидиуреттік гормон).

Томпақ дене – қызметі толық анықталмаған, жас жануарлардың безін алып тастағанда (экстирпациялағанда) қаңқа тез өсіп, жыныс бездері мен екіншілік жыныс белгілерінің шамадан тыс ерте дамуы аталған бездің жыныстық ағзалардың дамуына тежегіш әсер ететінін көрсетеді.

Бүйрекүсті безі – милық заты қанға симпатикалық жүйенің тонусын сақтап, тамырларды тарылтатын қасиеті бар адреналин мен норадреналин бөлсе, қыртыстық заты – липидтер (лецитин, холестерин) өндіреді.

Атабездің эндокриндік бөлігін ұрық өзекшелерінің арасында орналасқан интерстициальдық жасушалар (гормоны – андрогендер: тестостерон) түзеді.

Анабездің эндокриндік бөлігі - жыныс аппаратының трофикалық қызметін, менструалдық циклді реттейтін және екіншілік жыныс белгілерінің дамуын қамтамасыз ететін гормон – фолликулин түзеді.

Әдебиеттер:

  1. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясы-I, II том, 2004.

  2. А.Р.Рақышев. Адам анатомиясының атласы- I, II том,Алматы: Кітап; 2006.

  3. Жұмабаев У., Әубәкіров Ә.Б., Досаев Т.М. ж.т.б. Адам анатомиясы атлас. I, II, III, IV том Астана: Фолиант, 2005.

Бақылау сұрақтары:

    1. Адамның өмір сүру барысындағы организмдегі сезім ағзаларының маңызын түсіндіріңіз, сыртқы ортамен байланыс жүргізудегі негізгі принциптері

    2. Сезім анализаторларын және оның бөлімдерін атаңыз?

    3. Көру мүшесісінің құрылысы қандай?

    4. Көз алмасының фиброзды қапшығының құрылысын түсіндіріңіз?

    5. Көз алмасының тамырлы қабығының құрылысын түсіндіріңіз?

    6. Көздің ішкі қабығының құрылысын түсіндіріңіз?

    7. Көз ядросын және оның бөлімдерін атаңыз?

    8. Көру анализаторының өткізгіш жолын айтыңыз?

    9. Сыртқы құлақтың құрылысы қандай?

    10. Ортаңғы құлақтың құрылысы қандай?

    11. Ішкі құлақтың құрылысы қандай?

    12. Есту анализаторының өткізгіш жолы қандай?

    13. Өткізгіш анализаторының жолы қалай құралған?

    14. Терінің құрылысын түсіндіріңіз?

    15. Терінің туындыларын атаңыз?

    16. Терінің туындыларының құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

    17. Эндокринді бездердің жіктелуін және олардың адам организміндегі рөлі туралы айтыңыз?

    18. Эндокринді жүйенің жүйке жүйесімен байланысы туралы айтыңыз?

    19. Гипофиздің құрылысын және оның эндокринді жүйемен байланысы туралы айтыңыз?

    20. Эпифиздің құрылысы және адам организміндегі маңызы?

    21. Қалқанша безінің құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

    22. Қалқанша маңы безінің құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

    23. Бүйрек үсті безінің құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

    24. Ұйқы безінің эндокринді бөлігі туралы айтыңыз? Оның жасушаларын және қызметі туралы айтыңыз?

    25. Аналық бездің құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

    26. Аналық безінің эндокринді бөлігінің құрылысы мен орналасуы туралы айтыңыз?

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

КАСПИЙ УНИВЕРСИТЕТІ

ЖОҒАРҒЫ МЕКТЕП (ФАКУЛЬТЕТ) ГУМАНИТАРЛЫ ҒЫЛЫМ

КАФЕДРА «МЕЙІРБИКЕ ІСІ»