- •Болашаққа қадам атты мектепішілік Ғылым фестиалі Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
- •Алжир (отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері) және ондағы Атырау облысы әйелдерінің тағдыры
- •III Қорытынды
- •Аннотация
- •Алжир лагерінің қалыптасуы
- •Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды-мұражай кешені туралы
- •4. Алжирде азап шеккен аналар
- •Қорытынды
Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды-мұражай кешені туралы
Осылайша 1937 мен Сталин қайтыс болған 1953 жылға дейін осы бір азап лагеріне 18 мыңнан аса әйел қамалған екен. Қазақтың «біреу өлмей, біреуге күн жоқ» деген сөзі дәл осы жағдайға айтылғандай, себебі Сталиннің бақилық болуымен осы лагерьдегілер өздері қош айтыса бастаған жарық дүниеге қайта келген. Яғни сол 1953 жылы АЛЖИР жабылып, енді қайтып сол азапты түрмеге әйел баласын қамамау үшін темір торлар арнайы бұйрықпен қиратылыпты. Бірақ сол кездің тарихын ұрпақ жадында сақтап қалу үшін АЛЖИР түрмесінің орнына мұражай жасақталған болатын, биыл оған 5 жыл толыпты. «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені – Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндер барысын қазақ хандығының ыдырауынан бастап, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне дейінгі тарихты қамтып, көрсететін мемлекеттің мәдени саясатын жүзеге асыратын ерекше кешен.Мемориалды-мұражай кешенінің авторы – республикаға еңбегі сіңген сәулетші Сәкен Нарынов.
Жиырма үш жылда көптеген тарихи бұрмалаушылықтардың ақиқаты ашылса да, талайы жасырын жатыр. АЛЖИР де өзінің қабырғаларында сондай сұмдықты жасырып жатыр... АЛЖИР (Акмолинский лагер жен изменников родины) тарих ақтаңдақтары мен халық жанашырларының аналарын, әпкелерін, жан жарын, қыздарын қамауда ұстаған лагерь. Мысалға,Тұрар Рұсқұловтың әпкесі, Бейімбет пен Мағжандардың әйелдері бұл қамауда «халық жауларының әйелдері» атанып жатқан болатын. Сол музейге көз жүгіртіп көрсек. Музей елордадан жарты сағаттық уақытта Малиновка деген жерде орналасқан. Аумағы да көлемді емес. Біздер Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары,яғни, экспедиция мүшелері бұл мұражайға шілде айының 4-жұлдызында табан тіредік. Алғашқы экспонат – Сталиндік вагон деп аталады. Оның түсі қызыл болғандықтан, лагерьдегі әйелдер «қызылша» деп атап кеткен. Бұл вагон сонау 20-жылдардан бастап Кеңес Үкіметінің әр аймақтарынан жазықсыз жандардың жарларын әкелген вагон. Сыйымдылғы 30 орындық болса да, 70-80 аруды «күйеулеріңізбен кездестіреміз» деген сылтаумен Ақмола өлкесіне әкелген. Вагон екіге бөлінген, ортасында шағын пеші бар, дәретке отыратын тесігі бар. Ерлерін сағынған жарлар осындай қыспаққа шыдады. Сонау Ресей даласынан шыққан поездағы арулардың жартысы ғана лагерге аман-есен жететін болған. Есігін ашқанда өліктердің иісі «аңқып» тұрады екен.
Сталиндік вагоннан кейін орналасқан монумент «Қасірет қақпасы» деп аталады. Әйел жаулығы мен ер дулығасынының формасымен жасалған «Қасірет қақпасы» саналы адамға сәулелі де сырға толы ой салады. «Қасірет қақпасы» монументі – биіктігі 18 метр, ені 9 метр. Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балаларын қайғырған әйелдің қара жаулығын түбінде ақ жаулығы – үміті жеңетінін бейнелейді. Жаулығынан айырылған аналарға дулығалы ерлер қорған бола алмаған заманның куәгерлері болмаған біздер бақытты екенбіз, сірә...
Қақпадан ары өте алдымызда – АЛЖИР музейі, оң жағымызда – үмітпен аспанға қарап, болашағынан үміт күткен ару бейнесі , сол жағымызда – «айбыны мұз боп еріп кеткен» ер жігіттің бейнесінде берілген композицияларды көре аламыз.Бұл екі композиция «Түңілу мен әлсіздік» және «Күрес пен үміт» деп аталады. «Түңілу мен әлсіздік» және «Күрес пен үміт» мүсіндік екі композициясы: «Түңілу мен әлсіздік» композициясы шарасыздықты, бостандыққа шығуға сенімсіздікті, сондықтан да мойынұсынғандық пен әлсіздікті бейнелейді. «Күрес пен үміт» композициясы тұтқыннан құтылу үміті мен ниетінен поэзияға, еркіндікке бет бұрған әйел бейнесінде сомдалған. Әйелдердің ең үлкен қасиеті де осы шығар, олар өмірдің ең қиын сәттерінде де үміттене білді, болашағының бал тәтті күндерін көз алдарына елестетіп, бейне бір берік босағалы бақытты,баянды күннің туарына сенді...
Музейдің арты мен екі жағын айналы қара мрамор тақтасы орналасқан. Ұзындығы шамамен 300 метрдей тақтада 7300-ге жуық лагерьдің қиын күндерінде, ызғарлы суығы мен аптап ыстығында бір жұтым су мен бір үзім анның арқасында жандарын аман сақтап қалған аналардың, ана бола алмай қалған, ондай қызықты көрмеген, көре алмай кеткен әпкелеріміздің есімі қашап жазылған.
Репрессия тек қазақ даласына төнген жоқ. АЛЖИРдегі жазаланушылардың тек жүзден бірі ғана, тек 87 қазақ қызы болған дейді. Қалғаны, орыс, грузин, украин, корей, поляк, молдован, әзірбайжан, белорусь, татар ұлттарының өкілдері. Осыдан-ақ, бұл күн тек қазақты аза тұту күні емес, бұл күн барша әлемнің ұл-қыздарын аза тұту күні екенін көруге болады. Бұны біз «Қасірет қақпасы» және екі композициядан кейін орналасқан әр түрлі ұлт өкілдеріне арнап салынған арнайы плиталардан анық көре аламыз...
№26 барак. Дәл осындай жазуы бар барак тұр музей алаңында. Бұл барактарда «жапон тыншыларының әйелдерін» сұрақтың астына алған. Әрине, ол кезде қазіргідей адами сұрақ қою дегенді білмейтін. Еркектерді «хайуандық» сұраққа тартатын, әйелдерге әйел деп қарамады.
Алданған үміт немесе «Тастар қыспағындағы қайың» әйел менен ана атаулының көз жасымен жуылып, қарғысын естіген түрменің темір торлары мен тас қабырғалары бүгінде қиратылған. Әрине, адам атаулыға өлім мен өкініш, өзекті өртер өксік арқалатқан түрменің жермен-жексен болғаны дұрыс та шығар, алайда бүгінгі ұрпақтың сол бір тарихи сәтте аналарымыздың қандай азапты бастан өткергенін бір сәт те болса сезінуі үшін, бәлкім, ол түрмелер мұражай ретінде сақталғаны да дұрыс па еді. Осы жағын мұражай директорынан сұрағанымызда, ол кісі биыл не келесі жылдан бастап барактың кейбір кездерін көзбен көрсететін, мәселен, «Тартып алынған балалар» секілді композициялық макеттер жасалатындығын айтты. КАРЛАГ жүйесінде дүниеге келген 1500 баланың қасіретін көз алдымызға келтіріп, бүгінгі бейбіт күннің бағасын білу үшін ондай игі шараның маңызы зор. Өткен күннен қалған жәдігерлердің ең құндысы деп мұражай қызметкерлері сол тұста әлі балалар үйіне әкетпей тұрған балалардың қолымен иленген наннан жасалған ойыншықтарды айтты. Әр жерде манекенге кигізілген әйелдердің әдемі көйлектерін көріп, олар жайлы сұрағанымызда мынадай деректерге қанықтық: әлгі көйлектер әйелдердің лагерьге киіп келген киімдері екен, бірақ «өзі түрмеге келе жатып олар неге соншалық жасана киінген?» деген сұрақ тууы заңды ғой, сөйтсек, арыстай азаматтардың жарларын жендеттер үйден «күйеулеріңмен кездестіреміз» деп алдап әкеткен екен. Сондықтан олар барын киініп, әшекейлерін тағынып, жарқырай шықса керек. Ал нәтижесінде бірден қамауға алып, азап вагондарына тиеп, қиыр шетте жатқан аязы адам төзгісіз далаға, АЛЖИР-дің тұтқындарына айналдырған. Айтпақшы, дәл сол азапты шақтың құнды жәдігері – осы вагондардың бірі қазір мұражай ауласында тұр. Бүгінгідей купеге бөлініп, бар жағдайы қайдан жасалсын, «халық жауының» әйелдерін қазіргі тауар таситын вагондарға 100-200-ден тиеп, ашқұрсақ күйде жеткізген.
Сол сәттен қалған бір белгіні іздеген жан болса, лагерь маңында кезінде тұтқын әйелдердің өз қолымен отырғызған ағаштары қалыпты. Сондай-ақ мұражайынан кірген бетте екі жақ қабырғаны тұтас композициялар құрайды. Соның ішінде лагерьде отырғандардың бірі Борхман атты суретші әйелдің «Тастар қыспағындағы қайың» атты картинасы көзге ерекше түседі. Табиғатта ең сұлу ағаш саналатын қайыңның қыспаққа ұшырап, соның кесірінен қисық өсуінің өзі сол кезеңдегі сұлу да нәзік жаратылыс иесі – әйелдердің тағдырын тап басқанына дау жоқ.
