- •Болашаққа қадам атты мектепішілік Ғылым фестиалі Атырау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
- •Алжир (отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері) және ондағы Атырау облысы әйелдерінің тағдыры
- •III Қорытынды
- •Аннотация
- •Алжир лагерінің қалыптасуы
- •Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды-мұражай кешені туралы
- •4. Алжирде азап шеккен аналар
- •Қорытынды
Алжир лагерінің қалыптасуы
«Әкесі үшін баласы, баласы үшін әкесі жауапты емес» деген адамгершілік қағидасын 1937 жылдың нәубеті белден бір-ақ басты. Тіпті жау екеш жаудың өзі әйел менен бала көрсе, қылышын қынға салса, бұл нәубетте бір тамшы да аяушылық болған жоқ еді. «Халық жауы» деген ұғымды ғана білетін ол саясат, тіпті аяғы ауыр әйелдің де ішін жаруға дайын болды. Арыстарымызды атқан соң, артында қалған жарын азаптау үшін Арқаның сайын даласын азапты түрмеге айналдырып, АЛЖИР деп атағанын білеміз. Сол АЛЖИР-де Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза анамыз, Бейімбет Майлиннің жары Күнжамал апамыз, Санжар Асфендияровтың жары, Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш анамыз, жалпы, қаншама Алаш арыстарының үйіндегі айдай аналарымыз азапқа салынған еді.
Бұрынғы Одақта әйелдерге арналған барлығы 4 лагерь болды. Біріншісі – «Алжир», екіншісі – Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласынан 40 шақырым жердегі «Тепляков» лагері, үшіншісі – Фрунзеден (қазіргі Бішкек) 100 шақырым жердегі «Жангижер», төртіншісі – Тотьмадағы (Ресей) «Темников»лагері. «Алжир» – КАРЛАГ-тың Ақмола бөлімшесі. Ол Ақмола түбіндегі қазіргі Малиновка селосының орнында болған. Тікенек сыммен қоршалған, төрт бұрышына күзет мұнарасы орнатылған бұл жерде тек «Отанын сатқандардың» әйелдері тұрды. Сондықтан оны кекетіп: «Акмолинский лагерь жен изменников Родины» деген ұғымның бас әріптерінен құрастырып «Алжир» деп атады.
А.Л.Ж.И.Р. (орыс. Акмолинский Лагерь Жён Изменников Родины — Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) — cонау 1937-ші жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері, кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында 20 мыңға дейін нәзік жандар қамауда болған. 1938-дің қақаған қаңтар айында ол жерге Қазақстанның, қала берді Кеңес Одағына қарасты Белоруссия, Кавказ елдері, Орталық Азия елдерінің түкпір-түкпірінен вагондарға толтыра тиеп әкелінген әйелдер саны 1500-ден асып жығылған. Қарағанды лагерінің 17-ші бөлімшесінің артынан 26-шы нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті. Ең сұмдығы – мұнда бойына нәресте біткен аналарға да мейірімділік жасалмады. Нәтижесінде темір тордың ар жағында 1 мың 507 нәресте дүниеге келіп, олардың басым көпшілігі аштық пен суықтың құрбаны болды.
2007 жылы Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей атсалысуымен ашылған «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешені.
Бүгінде айтулы мемориалдық кешен «Қайғы қақпасы» монументі, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» секілді екі мүсіндік композициядан, сондай-ақ «Еске алу қабырғасынан» құралған. Мұражайдың экспозициялары өзінің материалдық құжаттарымен саяси қуғын тарихын, жазалау институттарының әрекет ету тетіктерін көрсетеді.
Қазіргі уақытта мұражайға келушілер назарына 1905-1916 жылдары қазақ зиялыларының саяси іс-әрекеттері, кеңес өкіметін орнату кезеңі, ұжымдастыру және шаруашылықтың қасіреті, қазақ жеріндегі аштық, 1937-1938 жылдардағы «үлкен террор», Қазақстан аумағындағы ГУЛАГ-тың бөлімшелері, халықтарды Қазақстанға қоныс аудару, 1940-1950 жылдары Қазақстандағы саяси және идеологиялық қуғындар, 1986-шы жылғы желтоқсан оқиғалары жеке-жеке бөлім болып ұсынылып отыр. Бүгінде осы бөлімдерде төрт мыңға тарта жәдігер топтастырылған. Жертөле қабатындағы экспозицияның ортасындағы «Еске алу» азапты күнде де мейірімділікті еске түсіргендей. Үш қабатты мұражайда барлық экспонаттар шеңберлік көрініс бойынша орналастырылып, келушілердің сол бір сұрапыл жылдар тарихынан мол мағлұмат алуына мүмкіндік береді.
Лагерьде КСРО мемлекет басшыларының, әскери қолбасшылардың әйелдері мен жақын туыстары, Қазақстан басшы қызметкерлерінің әйелдері мен балалары, жақын туыстары жапа шекті. Онда маршал М.Н. Тухачевскийдің қарындасы Е.Н. Тухачевская, А.С. Енукидзенің әйелі мен қызы, С.Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрам, Б.Майлиннің әйелі Күнжамал, Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза, С.Қожановтың әйелі Күләндам, С.Меңдешевтің әйелі Рәзия, Т.Жүргеновтың әйелі Дәмеш, Н.Нұрмақовтың әйелі Зүпнұн, С.Аспандияровтың әйелі Рабиға, Майнұр Сарымолдаева, Елизавета Садуақасова, Мария Есқараева, Мәриям Тоғжанова, Әйіш Құлымбетова, Бибіжамал Сырғабекова, Сағадат Таштитова, Шәкітай Тәтімова, Айша Қабылова, Кира Нұрмағамбетова (лагерьде атылды), Жанбике Шанина, Хадиша Мусина, Сақыпжамал Назарова (Зарап Темірбековтың әйелі), Уәзипа Күленова, Мағрипа Рүстемова, Әсма Шоманова, Зағипа Тінәлина, Баршын Қалменова,Мәдина Оразова, Мәрияш Есенгелдина т.б. көптеген қазақ азаматтарының әйелдері, аяулы аналар «жазасын» өтеді. Лагерьге анасымен бірге түскен сәбилер 2-3 жасқа жеткен соң аналарынан айырып алынып, балалар үйлерінің «тәрбиесіне» берілді.
1956-57 жылы саяси репрессия құрбандары ақтала бастаған кезге дейін олардың көпшілігі өздерінің бұрынғы тұрған жерлеріне қайтып оралуға құқы болмады. Алжир туралы тек ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында ғана ашық айтылып, жазыла бастады. Ол жөнінде деректі «АЛЖИР» фильмі түсіріп, «Кебенек киген арулар» пьесасы жазылған.
Экспозицияның жеке бір бөлігі «АЛЖИР» тұтқындарының балаларына арналып отырғаны тегіннен тегін емес. Сол жылдардағы тергеушінің кабинеті өзінің сұрқымен адам денесін тітіркендіреді. Шағын жертөлелердегі тұрмыс көрінісі, тұтқынға алынғандардың жеке нәрселері, қуғын-сүргін құрбандары балаларының хаттары көрнекі жерден орын алған.
Жалпы қуғын-сүргін жылдарының алғашқы ескерткіші осыдан жиырма жыл бұрын Малиновка, қазіргі Ақмол ауылындағы құс фабрикасының қарапайым қызметкері Любовь Егоровна Дроботаның тікелей араласуымен жасалған «Қақ айырылған жұлдыз» кешенінен бастау алады.
Ана-тіпті Алжирде де ана, немесе Алжирде азап шеккен аналарымыз лагерьде қандай істі серік етті?
Алғашқы жылы тұтқындардың ашық аяз бен аптап ыстықта паналайтын жері болмаған, сонда да мойымаған әйелдер қамыс орып, саз илеп, одан саман кірпіш құйып, өз түрмелерін өздері салып алған. Суықтан, аштықтан, ең бастысы, моральдық жағынан шыдамаған көп әйел көз жұмған, жаны қалса да, біршамасы ақылынан алжасса керек. Тегінде адам баласы аштыққа да, суыққа да шыдайды, ең қиыны – ертеңгі күннің көмескі, болашақтың бұлыңғыр тартуы, яғни бақыттың барлығы кешегі күнде қалып, бүгін отағасы бала-шағаның қайда жүргенін де білмеуден өткен бақытсыздық жоқ болса керек.
1939 жылдан бастап лагерьде фермалар ашылып, егін егу, мал шаруашылығы жүргізіле бастайды. Негізі, АЛЖИР тұтқындарының ішінде оқымағаны кемде-кем болған, тіпті барлығы дерлік интеллигенция өкілдері болды. Әрқайсысы сақа маман, қандай шаруашылықтың болсын ісін дөңгелетіп әкетуге білімі мен әлеуеті жететін. Сондай-ақ лагерьде тігін ісі жүргізілді, ондай идеяны ұсынған әйелдердің өзі болса керек. Себебі сол тұста, яғни ХХ ғасырдың басында қолынан іс тігу келмейтін әйел заты аз болған. Тіпті ұсынысты ауызша жасамай, әр әйел өз қолынан келетін бұйымын тігіп, түрменің қапасының өзін жәрмеңкеге ұластырып жіберген. Сондықтан әйелдер қауымының бұл ұсынысы лагерь басқармасынан қолдау тауып, тігін фабрикасына арнап үлкен ғимарат та салынады. Солайша Ғабеңнің сөзімен айтқанда, «өмір себетін» әйелдер қауымы темір тордың ар жағында отырып, өлі-тірісінің хабарын білмейтін күйеулерін ойлап күңіреніп жата бермей, белді буып, өздерін сол лагерьге жапты демей, жеңіл өнеркәсіп бар ма, ауыл шаруашылығы бар ма, қолынан келгеннің барлығын жасап, елге пайда әкелуді ойлады. Кейін соғыс басталған жылдары сол істерінің пайдасы тиіп, майданға азық-түлік, жылы киімге дейін жіберуге бірден-бір жәрдемші осы тұтқын әйелдер болғаны тарихтан мәлім.
