Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Tazagul_apay_zhauaptary_33__33.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.65 Mб
Скачать

26.Қазақ тілінен білімді бағалау мен тексерудің тестілік жүйесі.

ҚАЗТЕСТ ЖҮЙЕСІ – Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын шетел азаматтарының мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың отандық жүйесі.

ҚАЗТЕСТ жүйесі 2006 жылы құрыла бастады және TOEFL, IELTS, DALF/DELF, СЕLI, DSH, TÖMER, ТРКИ сияқты басқа да тіл білімін бағалаудың халықаралық жүйелеріне негізделген. Жүйенің мақсаты тестіленушінің коммуникативтік компетенцияларын бағалауға бағытталған.

ҚАЗТЕСТ жүйесінің құрылымы:

Тыңдалым – Шағын және ұзақ диалог, қысқа монологтарда және есту арқылы түсінгенін анықтауға арналған тапсырмалар;

Лексика-грамматика – Грамматиканы, лексиканы пайдалана білетіндігін анықтауға арналған тапсырмалар;

Оқылым – Алуан мазмұнды, түрлі стильді мәтіндер мен соларды оқу барысында түсінгенін тексеруге арналған тапсырмалар;

Жазылым – Тіл меңгеру деңгейлеріне байланысты шығармашылық диктант, мазмұндама және ұсынылған тақырыптар бойынша эссе жазу.

ҚАЗТЕСТ төрт бөліктен тұрады: тыңдалым, лексика-грамматикалық бөлік, оқылым, жазылым.

Бірінші бөлік – тыңдалым. Оқылған мәтінді түсіну деңгейі төрт деңгей бойынша бағаланады:

1) фрагментарлық түсіну;

2) жалпы түсіну;

3) толық түсіну;

4) терең сыни түсіну.

Екінші бөлік – лексика-грамматикалық. Тілді түсіну, түсініп айту, қарым-қатынаста қолдана алу, жазуда пайдалана алу, лексика-грамматикалық материалды меңгеру деңгейі функционалдық және коммуникативтік тұрғыда бағаланады.

Бұл бағыттағы тест тапсырмалары белгілі бір коммуникативтік міндеттерді шешуі үшін қажетті тілдің құрылымы туралы түсінігі мен біліктілігінің деңгейін бағалауды көздейді.

Үшінші бөлік – оқылым. Оқылымның мақсаты – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әр түрлі деңгейде қабылдауы және түсіне білуі, тілдің айтылым заңдылықтарына сәйкес оқи алуы. Оқылым бойынша біліктілік деңгейін анықтау және бағалау мынадай төрт нысандар бойынша тапсырманы орындау нәтижесімен айқындалады:

1) танысып оқу;

2) зерттеу элементтерімен оқу;

3) жүгіртіп оқу;

4) зерттеп оқу.

Төртінші бөлік – жазылым. Жазба жұмыстары мынадай көрсеткіштер бойынша бағаланады және тексеріледі:

1) жазба жұмыстарының грамматикалық сауаттылығы;

2) жазба жұмысының мазмұны;

3) жазба жұмысындағы тілдік құралдарды пайдалану сапасы;

4) жазбаша тапсырманы орындау кезінде өз бетінше тілді қолдана алу дәрежесі.

Жүйе деңгейлері

ҚАЗТЕСТ жүйесінде тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі – қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары, жетік деңгейлері негізге алынды. Деңгейлік шкала бойынша белгілі бір көрсеткішке жеткен және өз көрсеткішін көтергісі келетін тестіленушілерде даярлық курсында оқуға және ниеттенген деңгейге жетуіне мүмкіндігі бар, өйткені ҚАЗТЕСТ сатылы бірізділікке бағынады.

27.Рольге бөліп баяндау әдісі

Әдебиетті оқыту көркем шығарманы оқудан басталады. Көркем шығарманы оқу үйде, сыныпта жүргізіледі. Көркем туындыны оқуда мәнерлеп оқу, әр сөзді айқын, түсінікті оқу, жинақы оқу, дауыс естілімінің де ашық болуы талап етіледі. Оқушыны көркем мәтіннің оқу түрлеріне дағдыландыру керек. Көркем мәтінді оқу түрлерін жіктеп ажыратамыз:

1) көркем мәтіндегі жазушы ойын мұғалім көмегімен аңғара оқу. Оның мән-мағынасын тұшына, түсіне оқу. Қиын, түсініксіз образды, айшықты сөздерді ұғына оқу, яғни лингвистикалық түсіндірмелі оқу;

2) таңдап оқу. Белгілі мақсатпен қойылған сұрақтарға жауап іздеп, тіл көркемдігін дәлелдеу, портрет, пейзаж, образды табу;

3) іштен оқу немесе өздік оқу. Іштен оқудың оқушыны жеке, өз бетімен жұмыс істеуге баулудағы маңызы ерекше зор. Ойлану, өз бетімен іздену, жауап табу, дербес белсенділігін арттырудағы іштен оқудың атқарар рөлінің ерекше екендігі;

4) рөлге бөліп оқу. Рөлге бөліп оқу таным белсенділігі, қызығушылығын арттыруда, қабілеттерін дамытуда, сабақтың эмоциялық, психологиялық мәнін нәрлендіруде пайдалы;

5) хормен оқу. Оқу техникасын жетілдіру, мәнерлі, айқын оқу, көркем мәтінмен жұмыс істеуге баулу бүкіл сынып оқушыларын көркем оқуға ұйымдастыруда тиімді;

6) ұжымдық оқу. Әсіресе, даралап оқытуда тиімді. Оқу техникасына, мәнерлеп оқуына қарай, оқушыларды топқа бөле отырып, мұғалім ұжымдық оқуды тиімді ұйымдастырса, көркем мәтінді тез меңгертуге ықпал жасайды, мәтінді оқуға деген оқушы ынтасын арттыруға әсер етеді;

7) жұптық оқу. Жұптық оқудың тиімділігі, біріншіден өз беттерімен оқу техникасын жетілдіру дағдыларын дамытады, екіншіден ұқыпты тыңдай білуге, бір-бірінің жұмысына талдау жасай білуге икемдейді;

8) мәнерлеп оқу. Мәнерлеп оқу-әдебиетті оқытудың басты әдістемелерінің бірі. Мәнерлеп оқудың мақсаты:

а) оқушыларға көркем туындының эмоциялық-эстетикалық әсерін сезіндіру;

ә) көркем мәтінге жан беру, әр сөздің мәні мен мағынасын, сөз бояуларының нақышын сезе білу;

в)көркем мәтіндегі айтар ой мен поэтикалық көркемдікті өздеріне болжату, түсіндіру, мәтінді талдау дағдыларын дамыту.

Әдебиет сабағының күре тамыры көркем мәтінмен жұмыс істеу деп санаймын. Оның ерекшелігі сол - ол оқушының жүрегіне, сезім қылына әсер етуі. Оқушылармен бірге көркем шығармамен жұмыс істей отырып, олардың ойлауына, толғауына, пікір айтуына ықпал жасаймын. Оқушылар көркем шығарманы оқып біткен мерзімде, ауызша, жазбаша сұрақтар арқылы мазмұнын айтқызамын, өзіне ұнаған бір эпизодты қысқаша баяндатамын, бір кейіпкердің іс-әрекетінен мысалдар келтірткіземін, ең негізгі деген жерлерден үзінді жазып, «Ол қай оқиғадан алынды, кімнің сөзі?» деген сұрақтарға жауап аламын, әр түрлі әдеби ойындарын жүргіземін.

Көркем мәтінді талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Көркем мәтінді оқыту мен талдауда оқушының мәтін мазмұнын меңгеруіне көңіл бөлу керек. Көркем шығарманы оқығанда, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушылардың зейіні, есте сақтау, қабылдау қасиеттеріне қарай мұғалім мәтінді тұтастай емес, ең негізгі басты мәселелерін ғана мазмұндатып, оны меңгеруді одан әрі жалғастырғаны тиімді болады. Үзіндіні мазмұндағанда, оқушыларды мүмкіндігінше жазушы тілімен мазмұндатуға икемдеу керек. Оқушыларды әңгімелеу, мазмұндау кезінде жиі мәтінге үңілдіріп, кейбір негізгі мәселелерді мәтінге жуық айтуды талап етемін. Көркем шығарманы үйге тапсырма ретінде бергенде, түсініксіз сөздерді, сөйлемдерді оқушылардың алдын ала белгілеп келуін талап еткен жөн. Сабақ барысында шығарманың мазмұнына талдау жұмысын жүргіземін. Күрделі, түсініксіз сөздерге түсінік беремін.

Көркем шығарманы талдаудың ғылыми жүйесін жасаған әдіскер ғалымдар: Ә. Қоңыратбаев, Ә.Көшімбаев, Ә. Дайырова, Т. Ақшолақов, т.б. Көрнекті әдіскер, ғалым Төлеутай Ақшолақов көркем шығарманы талдау мәселесіне таза әдеби - эстетикалық жолмен қарауды ұсынды ». Біз шәкірттерді сөз сырына бойлатуымыз керек. Бүкіл кілт - осында. Өйткені, көркем әдебиетте сөз -мазмұн да, форма да. Шәкірттерді сөздің алуан сырына үңіле білуге үйрету - әдебиет шығармасын танытудың басты жолы.Тегінде, баланы өздігінен жұмыс істеуге, өздігінен білім алуға үйрету -ең ұтымды жол»

Ахмет Байтұрсынұлы шығарма тілін ақын тілі және әншейін тіл деп жіктей келіп: «Бұл екі тілдің арасындағы айырмасы мынау: әншейін тіл көбінесе сөздің дұрыстығын, анықтылығын, тазалығын дәлдігін талғайды. Ақын тілі сөздің дұрыстығының, тазалығының, дәлдігінің үстіне көрнекті, әуезді болу жағын талғайды» деп жазады

28. оқу-әдістемелік кешен және оның құрылымы.

Қазақ тілін оқыту бойынша жасалатын оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу барысында қазақ тілін оқытуға арналған оқыту мазмұнын жүйелейтін және барлық мемлекеттік тілді оқыту орталықтары қолдана алатын типтік оқу-әдістемелік кешен қалыптастырылады.

Типтік оқу-әдістемелік кешен бірін-бірі толықтыра алатын құрылымдық бөліктерден тұратын біртұтас жүйе болуы қажет.

1. Мемлекеттік стандарт кез келген пәнді оқытудың алғашқы және ең маңызды құрылымдық бөлігі болып табылады.

Мемлекеттік стандарт – бұл нормалар мен талаптардан тұратын, оқыту жүйесіндегі білім беру бағдарламасының негізгі мазмұнын, тіл үйренушінің оқу жүктемесінің максимальды көлемін, оның дайындық деңгейін (аталған жағдайда курс тыңдаушылары) және білім беру үдерісін қамтамасыз ету талаптарын (соның ішінде материалдық-техникалық, оқу-зертханалық, ақпараттық-әдістемелік, кадрлық қамтамасыз ету) анықтайтын нормативтік құжат.

Мемлекеттік стандарт тіл үйренушілердің минимальды білім көлемін, икемділігі мен дағдыларын анықтайды. Аталған жағдайда қазақ тілін меңгерудегі сөйлеу әрекетінің репродуктивтік және продуктивтік түрлері бойынша коммуникативтік тілдік құзыреттілігінің минимальды көлемі.

2. Мемлекеттік тілді оқыту үдерісін жалпыға ортақ бірыңғай жүйеге келтіру мәселелерін шешетін екінші құрылымдық бөлік – типтік бағдарлама болып табылады.

Типтік бағдарлама – білім мазмұны мен көлемін, оқытылатын пәнді меңгеруге икемділік пен дағдыны (аталған жағдайда мемлекеттік тілді оқыту), тақырыптарға, бөлімдерге және оқыту кезеңдеріне бөлуге арналған, оқыту жүйесінде пайда болған құжат.

3. Оқу-әдістемелік кешеннің келесі маңызды құрылымдық бөлігі қазақ тілін меңгеру үшін әр деңгейге жеткілікті сөздер мен сөз тіркестерінің минимальды қоры. Қазақ тілін меңгерудің деңгейлеріне сәйкес сол деңгейде тіл меңгеруге жеткілікті сөздер мен сөз тіркестерінің минимальды сөздік қоры оқыту барысындағы негізгі құрылыс материалының ролін атқарады. Минимальды сөздік қор шет тілін үйренудің әлемдік және еуропалық стандарттарының принциптеріне, сонымен қатар еліміздің қоғамдық-әлеуметтік ерекшеліктеріне сәйкес құрастырылған. Қарапайым деңгейде лексикалық минимум 800 бірлікті, базалықта деңгейде – 1783 бірлікті, орта деңгейде – 2229 бірлікті, ортадан жоғары деңгейде – 3954 бірлікті, жоғары деңгейде – 5060 бірлікті құрайды.

4. Қазақ тілінің лексикасын нақты анықтаған соң, қазақ тілінің грамматикасын меңгермей, тілді толық білу мүмкін емес. Сондықтан оқу-әдістемелік кешеннің келесі құрамдас негізгі бөлігі бұл – грамматикалық анықтағыш. «Грамматика» сөзі грек тілінен аударғанда «grammatik» мағынасы «оқу мен жазудың икемділігі» дегенді білдіреді. Грамматика дегеніміз – сөйлеу бөліктерін дұрыс құрастырудың заңдылықтарын, тілдің грамматикалық құрылымын зерттейтін тіл білімінің тарауы. Грамматикалық дағдылардың қалыптасу барысында коммуникативтік құзыреттілік негіздері қаланады.

Тіл білімі ғылымында тілдік тұлғаны қалыптастыру үшін қазақ тілін меңгеру әрекетінің тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым, лексика-грамматика түрлері пайдаланылады. Грамматикалық анықтағыш тіл қолданушыларға әрбір деңгейдің жағдаяттарына сәйкес сөйлей білуге, жаза білуді үйретуге арналған тілдің грамматикалық құрылымын қамтитын минимальды қоры болып табылады.

Грамматикалық анықтағыш әр деңгей бойынша тілдік жағдаяттарға қатысты тіл қолданушылардың сөздер мен сөз үлгілерін сұрыптап, сөз тіркестерін дұрыс байланыстыра білу, лексикалық, грамматикалық минимумдарды дұрыс қолдана отырып, байланыстырып сөйлей білу дағдыларын қалыптастыруға арналады.

Тіл қолданушылардың тілді пайдалану кезінде, өз қорытынды-пайымдауларын, сөз тапқырлығын, ойын анық, толық жеткізу, сұхбаттасу, ойын жазбаша білдіру барысында тілді қолдану ерекшелігі грамматика арқылы жүзеге асатындығы белгілі. Сондықтан тіл меңгеруде лексикалық және грамматикалық минимумдардың маңызы зор. Лексикалық минимумдар негізінде грамматикалық минимумдар әзірленеді. Минимумдарды әзірлеуде жүйенің деңгейлер бойынша айырмашылығы мен ерекшеліктері сақталынады.

5. Қазақ тілін толық меңгеруге грамматикалық білімнің ғана болуы жеткіліксіз. Сөйлеу әрекетінің түрлері (тыңдалым, оқылым, жазылым) бойынша тіл үйренушінің икемділігі мен дағдыларын қалыптастыратын кешенді тәсіл қолдану қажет. Сөйлеу әрекетінің барлық түрлері бойынша тілдік құрылымды деңгейден деңгейге өтуде концентрлі жүйені сақтай отырып түсіндіріп, тілдік материалдарды жүйелі беретін, тікелей коммуникацияға бағытталған оқулықты пайдалану өзінің тиімді нәтижесін беретіні анық. Осы мақсатта ересек тұрғындарға арналған мемлекеттік тілді оқытудың бірыңғай оқулығы бола алатын оқулық керек. Аталған оқулық қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі бойынша қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарламаға тікелей байланысты болады, яғни әрбір тақырып, әрбір сабақ пен тілдік материал типтік бағдарламаның бөліктері мен сағат санына сәйкес келеді. Сонымен, типтік бағдарлама арқылы тақырыптар белгілі, лексикалық қор анық, онда оқулық арқылы тілдік дағыдыларды қалыптастыруға мүмкіндік туады.

6. Оқыту үдерісі әрқашан нәтижеге бағытталу қажет, сондықтан қазақ тілін оқытудың нәтижелігі мен тиімділігін тәуелсіз және объективті формада бақылау, бағалау – тестілеу арқылы жүзеге асырылады. ҚАЗТЕСТ жүйесінің тестілерін қолдану тілдік құзыреттіліктерді бағалау үшін Мемлекеттік стандарттарға, лексикалық минимумдарға және өзге де нормативті құжаттарға сәйкес келетіндіктен орынды әрі тиімді болып саналады. ҚАЗТЕСТ жүйесінің тест тапсырмаларының қорында 70 000 жуық тест тапсырмалары бар. Тест тапсырмалары тыңдалым, оқылым, жазылым мен тілдің лексика-грамматикалық құрылымы бойынша тіл меңгеруге қажетті барлық дағдылар мен икемділіктерін қалыптастыруға тікелей бағытталған.

7. Тест тапсырмаларының формасы емтиханға ұқсас, ал кез келген емтихан дайындықты қажет етеді. Мұнда емтиханға дайындалуға арналған тест тапсырмасының түрлеріне талдау жасалынған, қажетті теориялық материалды қамтитын, кілттерімен берілген оқу-әдістемелік құрал қарастырылған. «ТІЛ-ҚҰРАЛ» деп аталатын аталған қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау емтиханына дайындалудың оқу-әдістемелік құралдары бес деңгей бойынша тіл үйренушіге көмегін тигізеді. Әрбір құралда алдымен тестілеуден өтіп, өз деңгейіңді білуге мүмкіндік берсе, одан кейін, дәл сондай тест тапсырмаларын талдау арқылы тест тапсырмаларының дұрыс жауаптарын түсіндіреді, онымен бірге тіл меңгеру дағдыларын қалыптастырады. Осының бәрінен өткеннен кейін, қорытынды тестілеу бөлімі алған біліміңізді тағы да бір пысықтау үшін таптырмайтын машықтану құралы болады. Тағы да тестілеуден өту арқылы қаншалықты біліміңізді шыңдай түскеніңізді білуге болады. Оқулық соңында берілген қосымшалар мен компакт-дискідегі аудиоматериалдар қазақ тілінің ережелері мен орфоэпиялық нормаларына сай сөйлеудің, диалогтер мен мәтіндердің үнжазбалары беріледі. Алғашқы екі деңгейде (қарапайым, базалық) барлық ережелер мен тапсырмалардың тұжырымдары және негізгі түйіндеме ескертпелер орыс тілінде де беріліп отырады. Бұл да болса тіл үйренушіге өз тұрғысында ыңғайлылық мақсатында жасалған.

8. Тіл үйренуші өзіне қолайлы, кез келген уақытта өзінің қазақ тілін білу деңгейін тексеруге арналған интерактивті байқау тестілеуі де қарастырылған.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]