Оралхан Бөкеев «Апамның астауы»
Ол кезде мен бала едім, Апам жастау еді. Әке-шешеміз қиыр жайлап, шет қонып мал соңында жүретін де, айында-жылында ғана болмаса, бет-жүзін үнемі көре бермейтінбіз. Соғыстан кейінгі жылдарда есін жиып, езілген еңсесі көтеріле бастаған елдің берекелі де бейбіт тірлігі жар жағасында отырған жалғыз үй - әрине, бізге де ортақ. Қос бөлмелі шатырланбаған тоқал ағаш тамның маңайы қысы-жазы жыбырлаған, айғайлап-шулаған балалардың базарына айналатын. Біздің үйден тас лақтырым жерден арқырап ағып жатар ағыны қатты Бұқтырма - жаз шыға суға шомылған, қыста сыр-ғанақ тепкен баланың жер-көкті шарқ ұрып шарласа таба алмас қызыққа толы мекені еді. Тоң боп қатқан пимасын, сүңгілесе су болған көйлек-дамбалын біздің үйге келіп кептіретін. Сонда Апам менің ғана емес, мұқым ауыл балаларының абзал анасы сықылданатын.
Он бес жасыма дейін Апамның қойнына жаттым; он бес жасыма дейін әкенің, шешенің кім екенін білмей, сол айналайын Апамның тәрбиесінде өстім; он бес жасыма дейін Апамның етегіне жабысып, соңынан қалмай бүлкектеп құлындай еріп ер жеттім. Сол кісімен жүрсем, мал сойған үйдің құлағы, тәттісі мен дәмдісі менің аузыма тиетін. Мен ол кезде Апамның өмір тарихын, тіпті кім екенін білмей, алаңсыз шуақты күндерге марқайып маңар едім. Бүгінде көз алдымда: арық ашаң кемпір, тарамысты мықты саусақтар, ерні мен иегін күйік шалып тыртықтанған әдемі ажар, кимешегінен дудырап шығыңқырап жүретін ақ шалмаған қара бұйра шаш қана... менің көз алдымда: қандауырын қайрап, басының қаны тасыған еркек-ұрғашының кеудесіне мініп, арам қанын ағызып тұрған; немесе тері илеп, көн тігіп отырған; жүн түтіп, арқан ескен, жіп иіріп, алаша тоқып, оюлап сырмақтігіп отырған Апам;... ертеректе қазақ әйелі не істеу керек болса, түгел қолынан келетін Апам; қазақ әйелінің ғана емес, ер-азамат атқарар істі қара нардай қасқая көтерер Апам.
Жаз шыға, бәріміз (әпкелерімді айтамын) Апам есіп берген жіпті алып, тоғайға отынға аттанатынбыз. Бір-бір арқа отын көтеріп ең алда Апам, содан кейін құндыздай шулаған біздер, күліп-ойнап келе жатар едік. Ол шақта қыстық шөпті де ала жаздай арқалап тасып, қораны маяға толтырып қоятын-быз. Қысқы соғым мен ұн ғана әке-шешеміздің мойнында. Огород, шұрқыраған қаз-тауық, екі сиыр мен ұсақ малымыз бар, ол кісілерге зиянымызды көп тигізбейтін едік. Шынымды айтсам, бізді, тіпті бізді ғана емес, ертеректе әкемізді, оның іні-қарындастарын асыраған Апамның теректен ойып жасаған келісі мен ескі астауы еді. Осы келі мен астау тіпті әкемнен де үлкен, Апам Алтайдың арғы беті - төркінінен ала келген аса қымбат заттары болатын. Апамның біздің атамыз Дос марқұмға ұзатылуы да қызық. Кейде, әсіресе, қазіргідей қараша туа, темір пешке отты маздатып жағып тастап, пештің жыртылғанан саулаған жарық түсіп, ала көлеңкеленген қоңыр үйде отырып Апамның әңгімесін тындайтынбыз. Тегінде, ол кісі әңгімеге сараң - көп сөйлемейтін, тек өз ісімен ғана жүретін, қақсоғы жоқ, инабатты жуас адам еді. Дүниеде өсек-аяң, қулық-сұмдықты білмейтін, не болмаса тірі пенденің бетіне "әй, сен сондай-сың" деп қарамаған, немесе тірі пендеге тілі тимеген, жарықтық ораза-намазы бұзылмаған, таза да тәкаппар әйел еді. Бала кезімізде байыбына барып бағамдадық па, бізді қойып бүкіл ауыл-аймақ, тіпті қазақ елі ең соңғы қасиетті әйел, тұрмыстық-салттық өмірдің этиқалық, этнографиялық, тіпті археологиялық байлығынан айрылғанын білді ме?
